осы Кодекстің 576-бабының 8-тармағына сәйкес жергілікті өкілді органдардың оларды көтеруін ескере отырып, тұрғылықты жері бойынша жеке тұлғалар түзетін тұрмыстық қатты қалдықтар көлемі үшін осы Кодекстің 576-бабының 6-тармағы кестесінің 1.2.1-жолында белгіленген мөлшерлемелерге - 0,2 коэффициент терін қолданады.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген коэффициенттер І және ІІ санаттағы объектілер бойынша төлеушілердің тиісті экологиялық рұқсаттарында белгіленген нормативтер мен лимиттер шегінде қоршаған ортаға теріс әсер ететін көлемдерге немесе ІІІ санаттағы объектілер бойынша декларацияларда көрсетілген қоршаған ортаға теріс әсер ететін көлемдерге қатысты қолданылады.
2021.02.01. № 402-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Жиынтық жылдық көлемде 100 АЕК-ке дейінгі төлем көлемдерінде І және ІІ санаттағы объектілердің операторлары болып табылатын төлемақы төлеушілер рұқсат құжатын беретін орган белгілеген қоршаған ортаға теріс әсер ету нормативтерін немесе лимиттерін сатып алуға құқылы. Ағымдағы жыл үшін толық алдын ала төлем жасалып, рұқсат құжатын ресімдеу кезінде есепті салық кезеңінің 20 наурызынан кешіктірілмей нормативтерді немесе лимиттерді сатып алу жүргізіледі.
Рұқсат құжаты көрсетілген мерзімнен кейін алынған кезде нормативті сатып алу рұқсат құжаты алынған айдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
2021.02.01. № 402-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Ластаудың жылжымалы көздерін қоспағанда, төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген қоршаған ортаға теріс әсер ету көзінің (объектінің) тұрған жері бойынша бюджетке төленеді.
Ластаудың жылжымалы көздері бойынша төлемақы сомасы бюджетке:
1) мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымалы көздер бойынша - мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;
2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша - салық төлеушінің тұрған жері бойынша, оның ішінде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің (егер оған салық міндеттемесін орындау жүктелсе) тұрған жері бойынша енгізіледі.
2021.02.01. № 402-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген төлеушілерді қоспағанда, төлеушілер қоршаған ортаға теріс әсер етудің нақты көлемі үшін ағымдағы төлемақы сомасын есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірмей енгізеді.
2021.02.01. № 402-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. І санаттағы объектіге қатысты берілген кешенді экологиялық рұқсатқа экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасы шеңберінде (бұдан әрі осы тармақтың мақсатында - бағдарлама) қоршаған ортаға теріс әсерді кезең-кезеңмен төмендету көрсеткіштеріне қол жеткізу кестесінде белгіленген мерзімге, маркерлік ластаушы заттар бойынша қоршаған ортаға теріс әсерді кезең-кезеңімен төмендету көрсеткіші шамасының 30 пайызынан аз осындай көрсеткішке қол жеткізілмеген жағдайда, көрсетілген заттың эмиссиясына қатысты төлемақы сомасын есепке жазу мақсатында осы баптың 1-1-тармағында көзделген коэффициент теріс әсерді кезең-кезеңімен төмендетудің белгіленген көрсеткішіне қол жеткізілмеген жылдың алдындағы салық кезеңінен бастап және осындай көрсеткішке қол жеткізілген күнге дейін осы баптың 2-тармағында көзделген тиісті коэффициенттің мәніне ие болады.
I санаттағы объектіге қатысты берілген кешенді экологиялық рұқсатқа бағдарламаны орындау мерзімі аяқталған күнге маркерлік ластаушы заттардың жалпы санының 30 және одан аз пайызы бойынша белгіленген технологиялық нормативтерге қол жеткізілмеген жағдайда, төлемақы сомасын есептеу мақсатында осы баптың 1-1-тармағында көзделген коэффициенттер белгіленген технологиялық нормативтерге қол жеткізілмеген маркерлік ластаушы заттар эмиссияларына қатысты кешенді экологиялық рұқсат алынған күннен бастап тиісті жылдар үшін осы баптың 2-тармағында көзделген тиісті коэффициенттердің мәндеріне ие болады.
I санаттағы объектіге қатысты бағдарламаны орындау шартымен және кезеңінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша берілген кешенді экологиялық рұқсатты кері қайтарып алу, одан айыру немесе оның қолданысын тоқтату жағдайында, төлемақы сомасын есепке жазу мақсатында осы баптың 1-1-тармағында көзделген коэффициенттер осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, төлемақы алынатын I санаттағы осы объект бойынша қоршаған ортаға теріс әсердің барлық түрі бойынша кешенді экологиялық рұқсат алынған күннен бастап тиісті жылдар үшін осы баптың 2-тармағында көзделген тиісті коэффициенттердің мәндеріне ие болады.
Бұл ретте егер бағдарламаны орындау шеңберінде технологиялық нормативтерге маркерлік ластаушы заттардың жалпы санының 70 және одан көп пайызы бойынша қол жеткізілсе, осы тармақтың үшінші бөлігі бағдарламаны орындау шеңберінде технологиялық нормативтерге көрсетілген күнге дейін қол жеткізілген I санаттағы объектіге қатысты берілген кешенді экологиялық рұқсат кері қайтарып алынған, одан айырған немесе оның қолданысы тоқтатылған күнге дейін жүзеге асырылған маркерлік ластаушы заттардың эмиссияларына қатысты қолданылмайды.
Осы тармақтың бірінші, екінші және үшінші бөліктеріне сәйкес туындаған және есепке жазылған төлемақы сомасына осы баптың 2-тармағында көрсетілген коэффициенттер қолданылған күннен бастап осы Кодексте айқындалған мөлшерде өсімпұл есепке жазылады.
578-бап. Салықтық кезең
Салықтық кезең осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалады.
579-бап. Салықтық есептілік
1. Ластаудың жылжымалы көздерi бойынша декларацияны қоспағанда, төлемақы төлеушiлер ластау объектiсiнiң орналасқан жеріндегі салық органдарына декларация тапсырады.
Декларация салық органдарына:
1) мемлекеттік тіркеуге жататын ластаудың жылжымалы көздерi бойынша - мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;
2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша - салық төлеушінің тұрған жері бойынша тапсырылады.
2. Осы баптың 3-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, төлемақы төлеушiлер декларацияны тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екінші айдың 15-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
3. Жылдық жиынтық көлемдері 100 АЕК-ке дейiнгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер декларацияны есептi салықтық кезеңнiң 20 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.
Рұқсат құжаты көрсетілген мерзiмнен кейiн ресiмделген жағдайда, төлеушiлер декларацияны рұқсат құжаты алынған айдан кейiнгi айдың 20-күнінен кешiктiрмей тапсырады.
5-параграф. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы
580-бап. Жалпы ережелер
1. Жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн төлемақы (бұдан әрi осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) жануарлар дүниесiн арнайы пайдалану тәртібімен жануарлар дүниесiн пайдаланғаны үшiн алынады.
2. Жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн пайдаланғаны үшiн төлемақыны әрбiр жекелеген жағдайда осы жануарларды табиғи ортадан алып қоюға рұқсат беру кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
3. Төлемақы:
1) жануарларды табиғи ортадан ғылыми-зерттеу және шаруашылық мақсаттарында ен салу, сақина салу, қоныс аударту, қолдан өсіру және шағылыстыру мақсаттары үшiн алып, кейiннен табиғи ортаға жiберген кезде;
2) жеке және заңды тұлғалардың меншігі болып табылатын, қолдан өсірілген әрі еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұсталатын жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланған кезде;
3) жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган балық ресурстарын және су жануарларының басқа да түрлерін пайдалануға арналған биологиялық негіздеу мақсатында балықтар мен басқа да су жануарларын бақылау үшін аулауды жүзеге асырған кезде;
4) халық денсаулығын сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да үй жануарларын аурулардан қорғау, қоршаған ортаға зиянды болғызбау, ауыл шаруашылығы қызметіне айтарлықтай залал келтіру қаупінің алдын алу мақсатында саны реттелуге жататын жануарлар түрлерін алып қойған кезде алынбайды.
4. Жануарлар дүниесiн қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi айдың 15-күнінен кешiктiрілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер мен салық салу объектілері туралы мәлiметтерді ұсынады.
581-бап. Төлемақы төлеушiлер
Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен жануарлар дүниесiн арнайы пайдалануға құқық алған тұлғалар төлемақы төлеушiлер болып табылады.
582-бап. Жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және осындай төлемақыны төлеу күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде айқындалады.
2. Қазақстан Республикасында кәсіпшілік, әуесқойлық және спорттық аң аулауды жүргізу кезінде төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жабайы жануарлардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемесі, бір дара нұсқасы үшін (АЕК) |
| Кәсіпшілік аң аулау | Әуесқойлық және спорттық аң аулау |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Сүтқоректілер: | | |
| 1.1. | бұлан (еркегі) | - | 16 |
| 1.2. | бұлан (ұрғашысы) | - | 11 |
| 1.3. | бұлан (бір жасар төлі) | - | 6 |
| 1.4. | марал (еркегі) | - | 13 |
| 1.5. | марал (ұрғашысы) | - | 7 |
| 1.6. | марал (бір жасар төлі) | - | 4 |
| 1.7. | аскания бұғысы (еркегі) | - | 9 |
| 1.8. | аскания бұғысы (ұрғашысы) | - | 5 |
| 1.9. | аскания бұғысы (бір жасар төлі) | - | 3,5 |
| 1.10. | елiк (таралу аймағының солтүстiк бөлiгi, еркегі) | - | 4 |
| 1.11. | елiк (таралу аймағының солтүстiк бөлiгi, ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3 |
| 1.12. | елiк (таралу аймағының оңтүстiк бөлiгi, еркегі) | - | 3 |
| 1.13. | елiк (таралу аймағының оңтүстiк бөлiгi, ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 2 |
| 1.14. | сiбiр тау ешкiсi (еркегі) | - | 4 |
| 1.15. | сiбiр тау ешкiсi (ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3,5 |
| 1.16. | құдыр | - | 2 |
| 1.17. | қабан (еркегі) | - | 4 |
| 1.18. | қабан (ұрғашысы, бір жасар төлі) | - | 3 |
| 1.19. | киiк (еркегі) | 4 | 5 |
| 1.20. | киiк (ұрғашысы, бір жасар төлі) | 3 | 4 |
| 1.21. | қоңыр аю (Тянь-Шань аюынан басқа) | - | 14 |
| 1.22. | өзен құндызы, кәмшат (ортаазиялықтан басқа) | 1 | 2 |
| 1.23. | бұлғын | 2 | 4 |
| 1.24. | суырлар (Мензбир суырынан басқа) | 0,060 | 0,12 |
| 1.25. | ондатр | 0,045 | 0,9 |
| 1.26. | борсық, түлкi | 0,10 | 0,20 |
| 1.27. | қарсақ | 0,045 | 0,10 |
| 1.28. | америкалық су күзенi | 0,12 | 0,25 |
| 1.29. | сiлеусiн (Түркiстан сілеусінінен басқа) | - | 0,45 |
| 1.30. | қояндар (құмқоян, орқоян, ақ қоян) | 0,010 | 0,045 |
| 1.31. | жанат тектес ит, шайқағыш жанат, құну, сарғыш күзен, ақ қалақ, ақкiс, сары күзен, сасық күзен, кәдімгі тиiн | 0,020 | 0,35 |
| 1.32. | саршұнақ (құм саршұнағы) | 0,015 | 0,025 |
| 1.33. | қасқыр | 0 | 0 |
| 1.34. | шибөрі | 0 | 0 |
| 2. | Құстар | | |
| 2.1. | маймақ қаз (қызыл жемсаулы, қара жемсаулы) | 0,015 | 0,030 |
| 2.2. | саңырау құр | - | 0,15 |
| 2.3. | құр | - | 0,055 |
| 2.4. | Гималай ұлары | - | 0,20 |
| 2.5. | қырғауыл | 0,020 | 0,060 |
| 2.6. | қаздар* (сұр қаз, ақмаңдайлы қаз, қырманқаз), қарашақаз | 0,020 | 0,045 |
| 2.7. | үйректер* (сарыалақаз, италақаз, барылдауық, қырылдақ шүрегей, ысылдақ шүрегей, боз үйрек, сары айдар үйрек, қылқұйрық, даурықпа шүрегей, жалпақ тұмсық, қызылтұмсық сүңгуiр, бізқұйрық сүңгуiр, айдарлы сүңгуiр, теңіз сүңгуiрі, ұшқыр үйрек, сусылдақ, мамыққаз, қара тұрпан, кiшi бейнарық, секпiлтөс бейнарық, үлкен бейнарық) | 0,010 | 0,020 |
| 2.8. | қасқалдақ, қызғыш, шiлдер (аққұр, тундра шілі, дала шілі, сұр шiл, сақалды шіл), кекiлiк, сұр құр, кептерлер (дыркептер, түзкептер, көк кептер, құз кептер), түркептер (кәдiмгi, үлкен түркептер), шалшықшылар (күржікей, шаушалшық, тауқұдiрет, орман маңқысы, азиялық тауқұдiрет, тау маңқысы, маңқы, жылқышы, үлкен шалшықшы, қасқа шалшықшы, үлкен шырғалақ, кiшi шырғалақ) | 0,005 | 0,010 |
| 2.9. | бөдене | 0,005 | 0,010 |
Ескертпе.
* Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген түрлерінен басқа.
3. Балық аулау объектілері болып табылатын жануарлардың түрлерін пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Су жануарларының түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| бір дара нұсқасы үшін | бір килограмы үшін |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Кәсіпшілік және ғылыми мақсаттарда: | | |
| 1.1. | бекiре тұқымдас балықтар (қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік, пілмай) | | 0,064 |
| 1.2. | майшабақтар (қарынсау, бражников шабағы, қаражон), тікендi балық, камбала, шабақ | | 0 |
| 1.3. | албырт балықтар (құбылмалы бақтақ, майқан, хариус) | | 0,017 |
| 1.4. | ақсақа балықтар (көкшұбар, көкшарбы, пайдабалық, шыр, мұқсын), ұзын саусақты шаян | | 0,012 |
| 1.5. | қаракөз | | 0,004 |
| 1.6. | итбалық | 1,93 | |
| 1.7. | ірi балықтар: | | |
| 1.7.1. | ақ амур, сазан, тұқы, ақмарқа, берiш, жайын, нәлiм, дөңмаңдай, шортан, жыланбас балық, көксерке | | 0,013 |
| 1.8. | ұсақ балықтар: | | |
| 1.8.1. | табан, торта, тұрпа балық, майбалық, көкбас, қызылкөз, аққайран, мөңке, алабұға, оңғақ, кәдiмгi және талас тарғақ балығы, қызылқанат, балпан балық, бiлеу балық, айнакөз, көктыран, қылыш балық, буффало, шармай | | 0,004 |
| 2. | Спорттық-әуесқойлық (рекреациялық) балық аулауды жүргiзу кезiнде: | | |
| 2.1. | алып қоя отырып: | | |
| 2.1.1. | ірі балықтар | | 0,017 |
| 2.1.2. | қортпа | | 6,5 |
| 2.1.3. | бекіре тұқымдас балықтар | | 5,5 |
| 2.1.4. | ақсақа, албырт балықтар | | 0,042 |
| 2.1.5. | ұсақ балықтар | | 0,008 |
| 2.1.6. | шаян | 0,008 | |
| 2.2. | «ұстап алу-қоя беру» қағидаты негізiнде: | | |
| 2.2.1. | ірі балықтар | | 0,1 |
| 2.2.2. | бекiре тұқымдас балықтар (қортпа, бекіре, шоқыр, сүйрік, пілмай) | 4,97 | |
| 2.2.3. | ақсақа және албырт балықтар | | 0,27 |
| 2.2.4. | ұсақ балықтар | | 0,068 |
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Өзге де шаруашылық мақсаттарда (аң аулаудан және балық аулаудан басқа) пайдаланылатын жануарлар түрлеріндың пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері мыналарды құрайды:
| Р/с № | Жануарлардың түрлері | Төлемақы мөлшерлемелері (АЕК) |
| бір дара нұсқа-сы үшін | бір килог-рамы үшін |
| 1 | 2 | 3 | 4 |
| 1. | Сүтқоректілер: | | |
| 1.1. | шұбар мысық немесе дала мысығы | 0,030 | - |
| 1.2. | қарақас | 0,015 | - |
| 2. | Құстар: | | |
| 2.1. | кiшкене, қарамойын, қызылмойын, сұржақ, үлкен сұқсыр, үлкен суқұзғын, үлкен көлбұқа, бақылдақ құтан, көкқұтан және қошқыл құтан | 0,010 | - |
| 2.2. | үлкен аққұтан | 0,015 | - |
| 2.3. | маусымқұс, қошқылқанат және алтынжон татрең, шүрілдек, шаушүрiлдек, моңғол шүрiлдегi, сарысағақ шүрiлдек, шығыс шүрiлдегi, теңiз шүрілдегi, алқалы татрең, тасшарлаған, сутартар, тартар, кiшкене тартар, титтей тартар, қызылқасқа сутартар, дала қарақасы, қарала балшықшы, сауысқан, бұлыңғыр, бөрте балшықшы, үлкен балшықшы, шөпiлдек, тәкiлдек балшықшы, бұлақшы, мамырқұс, қайқытұмсық балшықшы, ақжағал қалытқы, ақтамақ қалытқы, құмғақша, қызылмойын құмдауық, ұзынсаусақ құмдауық, аққұйрық құмдауық, қызылтөс құмдауық, қаратөс құмдауық, бізқұйрық құмдауық, құмқұс, тұнбашы, шабындық және дала қарақасы, сақиналы түркептер, сарыжағал қараторғай, сарытұмсық шауқарға, қараторғай, пайызторғай, қызылтелпектi құнақ, көкқарға, бозторғайлар (айдарлы, теңбiлтөс, нәзіктұмсықты, сұр, сор, дала бозторғайы, қостеңбілді, аққанат, қара, құлақты, орман бозторғайы, шабындық бозторғайы, үнді бозторғайы), қызылтұмсық шауқарға, алабажақ сайрауық | 0,005 | |
| 2.4. | қаршыға | 0,010 | |
| 2.5. | қырғи, маубас жапалақ, байғыз, жүнбалақ байғыз, құлақты жапалақ, саз жапалағы, жамансары | 0,045 | |
| 3. | Бауырымен жорғалаушылар: | | |
| 3.1. | Орта Азия тасбақасы, саз тасбақасы | 0,020 | - |
| 3.2. | ешкіемер, бат-бат кесiртке, жұмырбас құм кесiртке, сығыркөз | 0,010 | - |
| 3.3. | бозша жылан | 0,045 | - |
| 3.4. | өрнектi қарашұбар жылан, шығыс және құм жыланы | 0,035 | - |
| 3.5. | көлбақа | 0,005 | - |
| 4. | Омыртқасыз су жануарлары: | | |
| 4.1. | артемия (цисталар) | - | 0,045 |
| 4.2. | гаммарус, шашақ мұрт шаяндар | - | 0,010 |
| 4.3. | сүлiктер | - | 0,030 |
| 4.4. | басқа да су омыртқасыздары мен цисталар | - | 0,005 |
| 4.5. | артемия | - | 0,0043 |
583-бап. Есептеу мен төлеу тәртібі
1. Төлеушілер төлемақы сомасын белгіленген мөлшерлемелерді және жануарлардың санын немесе салмағын (су жануарларының жекелеген түрлері үшін) негізге ала отырып есептейді.
Қазақстан Республикасында аң аулауды жүргізу кезінде шетелдіктер үшін төлемақы сомасын есептеу кезінде белгіленген мөлшерлемелерге 10-ға тең коэффициент қолданылады.
2020.10.12. № 382-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Төлемақы сомасы жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат алған жер бойынша бюджетке төленеді. Төлеу бюджетке төленуге жататын төлемақы сомасы ағымдағы жылғы кәсіпшілік балық аулау объектілерін алып қою квоталары бойынша АЕК-тің 350 еселенген мөлшерінен астам сомада асып кеткен кезде кәсіпшілік балық аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін пайдаланғаны үшін төлемақыны қоспағанда, рұқсат алынғанға дейін екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен жүргізіледі.
Кәсіпшілік балық аулау объектілері болып табылатын жануарлар түрлерін пайдаланғаны үшін төлемақы төлеу бюджетке төленуге жататын төлемақы сомасы ағымдағы жылғы кәсіпшілік балық аулау объектілерін алып қою квоталары бойынша АЕК-тің 350 еселенген мөлшерінен астам сомада асып кеткен кезде мынадай мерзімдерде үлестермен жүргізіледі:
ағымдағы жылдың 25 желтоқсанына дейін - ағымдағы жылы берілген жалпы квотаның 20 пайызы;
квота берілген жылдан кейінгі жылдың 25 наурызына дейін - ағымдағы жылы берілген жалпы квотаның 40 пайызы;
квота берілген жылдан кейінгі жылдың 25 маусымына дейін - ағымдағы жылы берілген жалпы квотаның 40 пайызы.
6-параграф. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы
584-бап. Жалпы ережелер
1. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы (бұдан әрі осы параграфтың мақсаттарында - төлемақы) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орманды пайдаланудың мынадай түрлері үшін алынады:
1) сүрек дайындау;
2) шайыр мен ағаш шырындарын дайындау;
3) қосалқы ағаш ресурстарын дайындау (ағаштар мен бұталардың қабықтарын, бұтақтарын, томарларын, тамырларын, жапырақтарын, бүршiктерiн);
4) орманды жанама пайдалану (шөп шабу, мал жаю, марал шаруашылығы, аң шаруашылығы, омарталар мен ара ұяларын орналастыру, бау шаруашылығы, бақша шаруашылығы, бақ шаруашылығы және өзге де ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, дәрілік өсімдіктер мен техникалық шикізат, жабайы өсетін жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер мен басқа да тағамдық өнімдер, мүктер, орман жамылғы мен түскен жапырақтар, қамыс дайындау және жинау);
5) мемлекеттік орман қоры учаскелерін:
мәдени-сауықтыру, рекреациялық, туристік және спорттық мақсаттар;
аңшылық шаруашылығының мұқтаждығы;
ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін пайдалану;
6) мемлекеттік орман қоры учаскелерін ағаш және бұта тұқымдас екпе материалдарын және арнаулы мақсаттағы плантациялық көшеттер өсіру үшін пайдалану.
2. Осы тараудың мақсаттары үшін орман пайдалануға Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою да жатқызылады.
Табиғи ортадан өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қою туралы шешім қабылданған кезде мұндай алып қоюдың көлемдерін, төлемақы мөлшерін және оны төлеу мерзімін Қазақстан Республикасының Үкіметі әрбір жекелеген жағдайда белгілейді.
3. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының орман заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде берілетін ағаш кесу билеті мен орман билеті (бұдан әрі - рұқсат құжаты) негізінде беріледі.
4. Мемлекеттік орман иеленушілер (жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері; орман шаруашылығы мемлекеттік мекемелері және орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік ұйымдары; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті органның табиғат қорғау мекемелері; көлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның және автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік ұйымдары ведомстволық бағыныстылығына сәйкес) тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша төлемақы төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
5. Орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган жыл сайын, есепті жылдан кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде өзінің тұрған жеріндегі салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мөлшері осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалатын төлемақыны төлеушілер және салық салу объектілері туралы мәліметтерді ұсынады.
585-бап. Төлемақы төлеушілер
1. Мыналар төлемақы төлеушілер болып табылады:
мемлекеттік орман иеленушілер және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде айқындалған тәртіппен орман пайдалану құқығын алған тұлғалар;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі негізінде өсімдіктердің сирек кездесетін және жойылып кету қаупi төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қоюға құқық алған тұлғалар.
2. Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес өз меншігіндегі немесе ұзақ мерзімді жер пайдаланудағы жеке орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыратын орман иеленушілер орман өсіру үшін нысаналы мақсатты орман пайдалану құқығын алған кезде төлемақы төлеушілер болып табылмайды.
586-бап. Салық салу объектісі
Мыналарды:
1) көшеттердің құрамы мен пішінін күтіп-баптау мақсатында кесуді жүзеге асыру, сондай-ақ оның жас талдары ішіндегі толықтығын (жарық түсіру, тазалау) және құндылығы аз ағаш көшеттерін реконструкциялауға және ландшафттарды қалыптастыруға байланысты кесуді реттеу кезінде түбірімен босатылатын сүрек көлемін;
2) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін алынған ағаш ресурстарының, шайырдың, қосалқы орман ресурстарының көлемін қоспағанда, орманды пайдалану көлемі және (немесе) пайдалануға берілетін мемлекеттік орман қоры учаскелерінің, оның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы алаңы төлемақы салу объектісі болып табылады.
587-бап. Орманды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері
1. Осы баптың 2-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, төлемақы мөлшерлемелерін орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес жергілікті атқарушы органдар жасаған есеп-қисаптар негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары белгілейді.
2. Түбірімен босатылатын сүрек үшін төлемақы мөлшерлемелері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және орман пайдалануға құқығы туындайтын тиісті қаржы жылының бірінші күніне қолданыста болатын еселенген АЕК мөлшерінде бір тығыз текше метр үшін айқындалады және мыналарды құрайды:
| Р/с № | Ағаш-бұта тұқымдастарының атауы | Жоғарғы бөлігіндегі дің кесіндісінің диаметріне қарай іске жарамды ағаш, қабықсыз (АЕК) | Қабықты отындық ағаш (АЕК) |
| ірі (25 см және одан жуан) | орташа (13-тен 24 см-ге дейін) | ұсақ (3-тен 12 см-ге дейін) |
| 1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 |
| 1. | Қарағай | 1,48 | 1,05 | 0,52 | 0,21 |
| 2. | Шренк шыршасы | 1,93 | 1,37 | 0,68 | 0,27 |
| 3. | Сібір шыршасы, майқарағай | 1,34 | 0,95 | 0,48 | 0,16 |
| 4. | Балқарағай | 1,19 | 0,85 | 0,41 | 0,15 |
| 5. | Самырсын | 2,67 | 1,91 | 0,93 | 0,23 |
| 6. | Ағаш тектес арша | 1,79 | 1,26 | 0,63 | 0,27 |
| 7. | Емен, шаған | 2,67 | 1,91 | 0,93 | 0,41 |
| 8. | Қара қандыағаш, үйеңкі, шегіршін, жөке | 0,60 | 0,42 | 0,21 | 0,14 |
| 9. | Сексеуіл | | | | 0,60 |
| 10. | Қайың | 0,69 | 0,48 | 0,23 | 0,16 |
| 11. | Көктерек, ағаш тектес тал, терек | 0,52 | 0,37 | 0,18 | 0,11 |
| 12. | Грек жаңғағы, пісте | 3,24 | 2,32 | 1,15 | 0,35 |
| 13. | Өрік, аққараған, алша, долана, шие, жиде, шетен, алхоры, мойыл, тұт ағашы, алма ағашы, өзге де ағаш тұқымдастар | 1,90 | 1,35 | 0,68 | 0,23 |
| 14. | Арша, самырсын өскіні | | | 0,34 | 0,18 |
| 15. | Жыңғыл | | | 0,3 | 0,25 |
| 16. | Сары қараған, бұта тектес талдар, шырғанақ, жүзгін, шеңгел және өзге де бұталар | | | 0,19 | 0,12 |