2. Осы баптың 1 және 4-тармақтарындағы ережелері осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелуге құқылы, жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты қолданылмайды.
Көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес расталатын, көрсетілген жеке тұлғаларға болу мемлекетінде артықшылықтарды ұсыну мерзіміне жол беріледі.
Көрсетілген мерзім ұзартылған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың өтініші бойынша кеден органы жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелу мерзімін осындай ұзарту кезеңіне ұзартады.
3. Осы баптың 1-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің консулдық мекемелерінің жұмыскерлері, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жеке тұлғалары уақытша әкелетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелуге осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуын қамтамасыз ету ұсынылған жағдайда жол беріледі.
4. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерде тіркелген шетелдік жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған екінші және келесі кезекті көлік құралдарын уақытша әкелуіне осындай тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген, бұрын уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болған кезде осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттердің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда жол беріледі.
Осы тармақтың қолдану мақсаттары үшін жеке пайдалануға арналған екінші және келесі кезекті көлік құралдары деп жеке пайдалануға арналған сол типтегі көлік құралдары (авто- және мотокөлік құралдары, авто- және мотокөлік құралдарының тіркемелері, су кемелері немесе әуе кемелері) сияқты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бұрын уақытша әкелінген және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілмеген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары түсініледі.
5. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында мұндай көлік құралдары уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін, көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары тәркіленген немесе сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған не осы Кодекстің 36-бабының 2-тармағына немесе 456-бабының 6-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақ тауарларының мәртебесін алған не көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты осы Кодекстің 34-бабы 7-тармағының 8) тармақшасында көзделген мән-жайлар басталған жағдайларды қоспағанда, осы бапқа сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету, еркін айналымға шығару мақсатында немесе өзге де мақсаттарда кедендік декларациялауға жатады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзім өткенге дейін декларант осы Кодексте белгіленген тәртіппен осындай көлік құралдарын кедендік рәсімдермен орналастыруға құқылы.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша болуы мүмкін мерзімі өткеннен кейін мұндай көлік құралдары осы Кодексте белгіленген тәртіппен кедендік рәсімдермен орналастырылады не мұндай көлік құралдарына қатысты әкету, еркін айналымға шығару мақсатында немесе осы бапқа сәйкес өзге де мақсаттарда кедендік декларациялау жүзеге асырылады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алып қойылған не оларға тыйым салынған жағдайда мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты уақытша әкелу мерзімінің өтуі тоқтатыла тұрады.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын алып қоюдың не оларға тыйым салудың күшін жою туралы шешім қабылданған жағдайда осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын алып қою не оларға тыйым салу осы баптың 9-тармағында көзделген уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын декларанттың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында беру шартын бұзумен байланысты болған жағдайларды қоспағанда, осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты уақытша әкелу мерзімінің өтуі мұндай шешім заңды күшіне енген күнінен бастап қайта басталады.
Оларға қатысты осы баптың 1 немесе 2-тармағында көзделген мерзім өткенге дейін осы тармақта көзделген әрекеттер жасалмаған уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын, мұндай кідіртуге дейін осы Кодекстің 351-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар басталған жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес қызмет аймағында осындай көлік құралдары болатын кеден органы кідіртеді.
6. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында декларанттың іс жүзінде иелігінде және пайдалануында болуға тиіс.
Декларант уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын өзге тұлғаға, соның ішінде осындай көлік құралы меншік құқығымен тиесілі тұлғаға осы бапта белгіленген жағдайларда және шарттармен беруі мүмкін.
7. Егер осы баптың 2-тармағында көрсетілген уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары:
1) осы Кодекстің 381 және 382-баптарына сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелуге құқылы жеке тұлғаларға - осындай беру жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелуі мақсатында кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін;
2) осы тармақтың 1-тармақшасында көрсетілмеген тұлғаларға - мұндай беру жүзеге асырылатын жеке тұлғалардың осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын еркін айналымға шығаруы мақсатында кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін берілсе, мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын беруге рұқсат етіледі.
8. Кеден органының рұқсатынсыз және кедендік декларациялаусыз декларанттың жеке пайдалануға арналған мынадай көлік құралдарын:
1) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын - техникалық қызмет көрсету, жөндеу (күрделі жөндеуді, жаңғыртуды қоспағанда) жүргізу және (немесе) сақтау үшін өзге тұлғаның иелік етуіне;
2) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасы уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - оның ата-анасына, балаларына, тіркелген некеде тұрған жұбайына (зайыбына);
3) шетелдік жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - өзге шетелдік жеке тұлғаларға;
4) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған су немесе әуе кемесін - кеменің техникалық құрылғысында көрсетілген тұлғалардың қатысуынсыз оны пайдалану болжанбайтын жағдайда осы көлік құралдарын пайдалану мақсатында басқару үшін су кемесінің капитанына, әуе кемесінің командиріне, экипаж мүшелеріне;
5) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің дипломатиялық өкілдігіне және (немесе) консулдық мекемесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігіне тіркелген, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің осындай дипломатиялық өкілдігінде және (немесе) консулдық мекемесінде, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінде жұмыс істейтін жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде орналасқанЕуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің осындай дипломатиялық өкілдігіне және (немесе) консулдық мекемесіне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің халықаралық ұйым жанындағы өкілдігінің өзге қызметкеріне беруіне рұқсат етіледі.
9. Кеден органының рұқсатымен және кедендік декларациялаусыз декларанттың мынадай көлік құралдарын:
1) шетелдік жеке тұлға уақытша әкелген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің жеке тұлғасына;
2) уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралын - егер осындай әкетуді декларанттың қайтыс болуы, ауыр науқастануы себебі бойынша немесе өзге де объективті себеп бойынша жүзеге асыру мүмкін болмаса, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған осындай көлік құралын әкету үшін өзге де тұлғаға беруіне рұқсат етіледі.
10. Осы баптың 9-тармағының бірінші абзацында көрсетілген кеден органы рұқсатының нысанын және оны кеден органының беруі тәртібін Комиссия айқындайды.
11. Осы баптың 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда, декларантты қоспағанда, уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралы берілген жеке тұлғалар осындай көлік құралын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы өзге тұлғаларға беруге құқылы емес.
12. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын декларанттың осы баптың 7, 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда еркін айналымға шығару мақсатында оларды кедендік декларациялау жүзеге асырылғаннан кейін беруіне рұқсат етіледі.
Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын осы баптың 7, 8 және 9-тармақтарында белгіленгендерден өзге жағдайларда беру фактілері анықталған жағдайда, еркін айналымға шығару мақсатында оларды кедендік декларациялау жүзеге асырылғанға дейін осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес мұндай көлік құралдарын кеден органдары кідіртеді.
13. Уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында декларанттың осы баптың 8 және 9-тармақтарында белгіленген жағдайларда өзге тұлғаға беруі декларантты осы бапта белгіленген талаптарды сақтау міндетінен босатпайды, сондай-ақ осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімін тоқтата тұрмайды және ұзартпайды.
348-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды жеке тұлғалардың уақытша әкетуі
1. Еуразиялық экономикалық одақтың тауарлары болып табылатын жеке пайдалануға арналған тауарларды жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан уақытша әкетуіне Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде өзінің уақытша болу кезеңінде рұқсат етіледі.
2. Егер уақытша әкетілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды сәйкестендіру оларды кедендік баждар, салықтар төленбей Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қайта әкелуге ықпал ететін болса, жеке тұлғаның өтініші бойынша кеден органы осындай тауарларды сәйкестендіруді жүргізеді. Жеке пайдалануға арналған тауарларды сәйкестендіру туралы жолаушыларға арналған кедендік декларацияда көрсетіледі, оның бір данасы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан осындай тауарларды уақытша әкетуді жүзеге асыратын жеке тұлғаға беріледі.
Мұндай сәйкестендірудің болмауы жеке тұлғалардың жеке пайдалануға арналған тауарларды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кедендік баждарды, салықтарды төлемей, кеден органына бұл тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан оларды әкеткеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелінетінін растаған жағдайда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына қайта әкелуіне кедергі болмайды.
3. Уақытша әкетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына техникалық қызмет көрсетуге немесе жөндеу бойынша операциялар жүргізуге осындай жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерде болған кезде қажет болғанда жол беріледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес жеке пайдалануға арналған көлік құралына Қазақстан Республикасының тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарда есепке алуға (тіркелуге) жататын оның бөлшектерін ауыстыруға байланысты жөндеу жүргізу кезінде ауыстырылған бөлшегі мұндай жеке пайдалануға арналған көлік құралын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелу кезінде еркін айналымға шығару мақсатында кедендік декларациялауға жатады.
349-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік төлемдерді қолдану
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты бірыңғай мөлшерлемелер бойынша өндіріп алынатын кедендік баждар, салықтар не жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждар, салықтар, осы бапта осындай жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар қолданудың өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, төлеуге жатады.
2. Жеке пайдалануға арналған тауарлардың санаттарына қарай кедендік баждардың, салықтардың бірыңғай мөлшерлемелерін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормалары мен тәсілін, сондай-ақ оларға қатысты жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды төлеуге жататын жеке пайдалануға арналған тауарлардың санаттарын Комиссия айқындайды.
3. Осы бапта Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды қолданудың өзгеше тәртібі белгіленген жағдайларды қоспағанда, кедендік баждар, салықтар төленбей, жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына Комиссия айқындайтын құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормалары шегінде әкелінеді.
Кедендік баждар, салықтар төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған осындай тауарларды әкелудің тәсілдеріне қарай Комиссия айқындайды. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына иесімен бірге жөнелтілетін және (немесе) иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің мұндай нормалары бұрын қолданыста болған және жүру жолы мен межелі орнында қажетті, жатқызу өлшемшарттарын Комиссия айқындайтын жеке пайдалануға арналған тауарлар есепке алынбай айқындалады.
Комиссия тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына оларды әкелудің тәсіліне қарай уәкілетті орган Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждар, салықтар төленбей жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелудің Комиссия айқындағаннан да анағұрлым қатаң құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларын белгілеуі мүмкін тауарлардың санаттарын айқындауға құқылы.
Комиссия олардың шегінде жеке пайдалануға арналған тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждар, салықтар төленбей әкелінетін құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларды айқындау кезінде осындай нормаларды қолдану тәртібін, оның ішінде көрсетілген нормалар әкелінетін осындай тауарларды есепке алу мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу күнін анықтау тәртібін айқындауға құқылы.
4. Жеке пайдалануға арналған тауарлар олардың құнына, салмағына және (немесе) санына қарамастан, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кедендік баждар, салықтар төленбей әкетіледі.
5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан жеке пайдалануға арналған тауарлар уақытша әкетілгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін, табиғи тозудың салдарынан болған өзгерістерден, сондай-ақ тасымалдаудың (тасудың) және (немесе) сақтаудың қалыпты жағдайларындағы табиғи кему салдарынан болған өзгерістерден басқа, олар өзгеріссіз күйінде сақталған және бұл тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан уақытша әкетілгеннен кейін олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелінуі осы Кодекстің 348-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген тәртіппен кеден органына расталған жағдайда олардың құнына, салмағына және (немесе) санына қарамастан, кедендік баждар, салықтар төленбей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінеді.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, жеке пайдалануға арналған тауарлардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан олар уақытша әкетілгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кері әкелінуі кеден органына расталмаған кезде, осындай тауарларға осы баптың 1, 3 және 8-тармақтарында белгіленген кедендік баждарды, салықтарды қолданудың тәртібі қолданылады.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан олар уақытша әкетілгеннен кейін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждар, салықтар төленбей әкелінеді.
6. Тізбесі мен санын Комиссия айқындайтын бұрын қолданыста болған жеке пайдалануға арналған тауарларды шетелдік жеке тұлғалар осындай тауарлардың құнына және (немесе) салмағына қарамастан өздері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болу кезеңінде кедендік баждар, салықтар төлемей әкеле алады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілмеген, шетелдік жеке тұлғалар өздері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болу кезеңіне әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарларға осы баптың 1 және 3-тармақтарында, 7-тармағының бірінші бөлігінде, сондай-ақ 8-тармағында белгіленген кедендік баждарды, салықтарды қолдану тәртібі қолданылады.
7. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекетте тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын шетелдік жеке тұлғалар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жеке тұлғалары кедендік баждарды, салықтарды төлемей, бір жылдан көп емес мерзімге әкеле алады.
Жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына қатысты осы Кодекстің 347-бабы 7-тармағының 2) тармақшасында және 12-тармағында белгіленген жағдайларда осы тарауға сәйкес кедендік баждар, салықтар төленеді.
8. Комиссия жеке пайдалануға арналған тауарлардың санаттарына, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауарларды әкелетін тұлғаларға және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу тәсілдеріне қарай Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу жағдайлары мен шарттарын, сондай-ақ осындай жеке пайдалануға арналған тауарларды пайдалану және (немесе) билік ету бойынша шектеулерді айқындауға құқылы.
Жеке пайдалануға арналған тауарларды, оның ішінде жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын осы Кодекстің 381 және 382-баптарында көрсетілген тұлғалардың - кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып әкелу жағдайлары мен шарттары осы Кодекстің аталған баптарында, ал осы Кодекстің 379-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлғалардың - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасындағы халықаралық шарттарда айқындалады.
9. Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды қолдану тәртібі, осындай тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің туындауы мен тоқтатылуы, сондай-ақ оларды төлеу мерзімі осы Кодекстің 24-тарауына сәйкес айқындалады.
10. Жеке пайдалануға арналған тауарлар бірыңғай мөлшерлемелер бойынша өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды не жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждар, салықтарды салу объектісі болып табылады.
11. Бірыңғай мөлшерлемелер бойынша өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаттары үшін жеке пайдалануға арналған тауарлардың санатына және қолданылатын мөлшерлемелер түрлеріне қарай оларды есептеуге арналған база жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны және (немесе) олардың заттай мәндегі физикалық сипаттамалары (саны, массасы, соның ішінде тауар тұтынылғанға дейін одан ажырамайтын және (немесе) бөлшектеп сату үшін тауар салынып ұсынылатын оның бастапқы қаптамасы ескерілгендегі массасы, көлемі немесе тауардың өзге де сипаттамалары) болып табылады.
Жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаттары үшін тауарлардың түріне және қолданылатын мөлшерлемелердің түрлеріне қарай жиынтық кедендік төлем құрамына кіретін кедендік баждарды есептеуге арналған база жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны және (немесе) олардың заттай мәндегі физикалық сипаттамалары (саны, массасы, оның ішінде тауар тұтынылғанға дейін одан ажырамайтын және (немесе) бөлшектеп сату үшін тауар салынып ұсынылатын оның бастапқы қаптамасы ескерілгендегі массасы, көлемі немесе тауардың өзге де сипаттамалары) болып табылады. Жиынтық кедендік төлемнің құрамына кіретін салықтарды есептеуге арналған база осы Кодекстің 82-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалады.
Кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаттары үшін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто- және мотокөлік құралдарының шығарылған кезі мен қозғалтқышының жұмыс көлемін айқындау тәртібін Комиссия айқындайды.
12. Бірыңғай мөлшерлемелер бойынша өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды не жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
13. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе бірыңғай мөлшерлемелер бойынша өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды не жиынтық кедендік төлем түрінде өндіріп алынатын кедендік баждарды, салықтарды есептеу мақсаттары үшін, жолаушыларға арналған кедендік декларация кеден органында тіркелген күнге қолданыста болатын мөлшерлемелер қолданылады.