8. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында орналасқан бажсыз сауда дүкендеріндегі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген жеке тұлғалар сатып алған тауарлар осы тарауды қолдану мақсаттары үшін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке тұлға өткен кезде өзімен бірге алып жүретін багажында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлар ретінде қаралады.
9. Комиссия тыйымдар мен шектеулерді белгілейтін Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін актілердің негізінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде оларға қатысты тыйымдар мен шектеулер сақтауға жататын жеке пайдалануға арналған тауарлардың жиынтық тізбесін қалыптастырады және оны Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастыруды қамтамасыз етеді.
340-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу кезінде қос дәліз жүйесін қолдану
1. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қос дәліз жүйесі қолданылуы мүмкін.
«Жасыл» дәліз Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында арнайы белгіленген, кедендік декларациялауға жатпайтын, иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған орын болып табылады.
«Қызыл» дәліз Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында арнайы белгіленген, кедендік декларациялауға жататын, иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарларды, сондай-ақ жеке тұлғаның қалауы бойынша оларға қатысты кедендік декларациялау жүзеге асырылатын тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуге арналған орын болып табылады.
2. Қос дәліз жүйесін қолдану Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау (жасамау) үшін тиісті дәлізді («қызыл» немесе «жасыл») өзі дербес таңдауын көздейді.
3. «Жасыл» дәлізге кіру (келу) сызығынан жеке тұлғаның өтуі кедендік декларациялауға жататын тауарлардың жоқтығы туралы жеке тұлғаның мәлімдеуі болып табылады.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарындағы қос дәліз жүйесін жайластыруға қойылатын талаптарды Комиссия айқындайды.
5. Қос дәліз жүйесі қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарының тізбесін, сондай-ақ осындай тізбені қалыптастыру тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
6. Қос дәліз жүйесі Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында ұйымдастырылған ресми тұлғалар мен делегациялар залдарында қолданылмауы мүмкін.
7. Кедендік бақылаудың жекелеген нысандарының «жасыл» дәлізде қолданылмауы жеке тұлғаның Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтау міндетінен босатылатынын білдірмейді.
8. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қалыптасқан жедел жағдайлар ескеріле отырып, кеден органының шешімі бойынша айрықша жағдайларда қос дәліз жүйесі уақытша қолданылмауы мүмкін.
9. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында қос дәліз жүйесінің қолданылмауы осы тарауға сәйкес жеке тұлғаны кедендік декларациялауға жатпайтын тауарларды кедендік декларациялауды жүзеге асыруға міндеттеуге алып келмейді, сондай-ақ жеке тұлғаны кедендік декларациялауға жататын тауарларды декларациялау қажеттілігінен босатпайды.
341-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жасалатын кедендік операциялар
1. Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы оларды өткізу тәсілдеріне қарай Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында не қызмет аймағында осындай тауарлардың декларанты болып әрекет ете алатын жеке тұлға тұрақты немесе уақытша тұратын не уақытша болатын аймақтағы кеден органында жасалады.
Жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар теміржол көлігімен оларды тасымалдау кезінде жолаушылар пойыздарының жол жүруі кезінде жасалуы мүмкін.
2. Жеке тұлғалар жеке пайдалануға арналған тауарларды, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы су және әуе кемелерін қоспағанда, көлік құралдарымен өткізуі кезінде кеден органдары, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын сақтау үшін қажет болатын жағдайларды қоспағанда, осы тұлғаларға осындай көлік құралдарынан шықпай, кедендік операцияларды жасауға мүмкіндік береді.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, осындай тауарлар кедендік рәсіммен орналастырылмай, осы тарауда көзделген тәртіппен және шарттармен осы Кодекстің 345-бабы 5-тармағында көзделген оқиғалар басталған кезде жеке пайдалануға арналған осындай тауарлар шығарылған деп есептелетін жағдайларды қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар, олардың Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында немесе одан тыс жерде болуы және пайдаланылуы үшін кеден органдары шығаруға тиіс.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін және иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда өткізілетін не тасымалдаушы жеткізетін кедендік декларациялауға жататын жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты, осы Кодекске сәйкес жеке пайдалануға арналған осындай тауарлардың декларант болып әрекет ете алатын жеке тұлғалар оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелгеннен кейін не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету үшін, егер осы Кодекстің 346-бабына сәйкес жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылуы мүмкін болса, еркін айналымға шығару, уақытша әкелу, әкету, уақытша әкету үшін не кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру үшін оларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операциялар жасалуға тиіс.
Кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты еркін айналымға шығару немесе уақытша әкелу үшін оларды кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды кедендік транзит кедендік рәсімінің қолданысы аяқталғаннан кейін, осы Кодекске сәйкес жеке пайдалануға арналған тауарларға декларант болып әрекет ете алатын жеке тұлғалар жасауға тиіс.
Кедендік декларациялауға байланысты кедендік операциялар жасалғанға дейін не жеке пайдалануға арналған тауарларды шығарудан кеден органдары бас тартқан кезде, көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарлар уақытша сақтауға қойылуы, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тауарларды өткізу орындарындағы жеке пайдалануға арналған тауарлар да - егер осындай тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелгеннен кейін келу орнынан әкетілмесе не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына кету орнынан кері әкелінсе, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілуі мүмкін.
Осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген кедендік операцияларды осы Кодекстің 343-бабының 11-тармағына сәйкес Комиссия айқындаған жағдайларда өзге тұлғалар да жасайды.
5. Осы баптың 4-тармағында көзделген жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару шарттарының сақталмауы және оларға қатысты кедендік операциялардың жасалмауы себебінен кеден органының жеке пайдалануға арналған тауарларды шығаруы мүмкін болмаған жағдайда, кеден органдары осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес осындай тауарларды кідіртеді.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінген (бұдан әрі осы тарауда - уақытша әкелу) жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау, осындай тауарларды шығару және оларды кедендік бақылаудағы емес деп тану фактілерін көрсету тәртібін Комиссия және Комиссия көздеген жағдайларда немесе Комиссия реттемеген бөлігінде уәкілетті орган айқындайды.
Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар - осы Кодекстің 42-тарауында айқындалған ерекшеліктер ескеріле отырып, ал осы Кодекстің 42-тарауында реттелмеген бөлігінде - ерекшеліктер ескеріле отырып және уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жасалады.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілуін кедендік декларациялаусыз жеке тұлға жүзеге асыратын тауарларға қатысты кедендік бақылауды жүргізу кезінде кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғадан осындай тауарларды көрсетуді, сондай-ақ жеке тұлға мәлімдеген мәліметтердің анықтығын растайтын, соның ішінде оның ауызша сауалнамасының нәтижелері бойынша онда бар құжаттарды беруді талап етуге құқылы.
8. Қос дәліз жүйесі қолданылмайтын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізу орындарында кедендік декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау орындары жүру жолақтарында кедендік операциялардың басталу және аяқталу сызықтарымен белгіленеді.
Жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынбай жеке тұлғаның кедендік операциялардың аяқталу сызығын кесіп өтуі жеке тұлғаның кедендік декларациялауға жататын тауарларының жоқтығы туралы мәлімдеуі болып табылады.
Егер жеке тұлға көлік құралымен жүрген және оған көлiк құралынан шықпай өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операциялар жасау мүмкіндіктері берілген жағдайда, кеден органының лауазымды адамына ауызша сауалнама нәтижелері бойынша жолаушыларға арналған кедендік декларация ұсынбауы жеке тұлғаның кедендік декларациялауға жататын тауарларының жоқтығы туралы мәлімдеуі болып табылады.
9. Комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы межелі орынға келу орнындағы аралық қонумен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жердегі жөнелту орнынан немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жердегі межелі орынға кету орнындағы аралық қонумен Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жердегі жөнелту орнынан әуе тасымалдаушылар алып жүретін багажда тасымалдауға қабылданған жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік бақылау жүргізу және кедендік операциялар жасау ерекшеліктерін, осындай тауарларға қатысты кедендік операциялар жасау үшін кету орындарын (келу орындарын) жабдықтауға және техникалық жарақтандыруға қойылатын талаптарды, сондай-ақ кеден органдарының, әуе тасымалдаушыларының және жеке тұлғалардың осындай ерекшеліктермен кедендік бақылау жүргізу және кедендік операциялар жасау үшін қажетті өзара іс-қимыл шарттарын айқындауға құқылы.
342-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша сақтау
1. Жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша сақтау осы бап ескеріле отырып, осы Кодекстің 17-тарауында белгіленген тәртіппен және шарттармен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аударуға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын, қандас мәртебесін алуға ниеті бар шетелдік жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларын уақытша сақтау осындай тұлғаның тұрақты немесе уақытша тұратын (келген) жерінде жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарларын уақытша сақтауға қою үшін мұндай тұлға кеден органына Комиссия айқындайтын мәліметтерді көрсете отырып, мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды қоса бере отырып, еркін нысанда өтінішті, сондай-ақ шетелдік жеке тұлғаның Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аудару, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын, қандас мәртебесін алу ниетін растайтын құжаттарды ұсынады.
Комиссия шетелдік жеке тұлғаның Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аудару Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын, қандас мәртебесін алу ниетін растайтын құжаттар тізбесін қалыптастырады және Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтына орналастыруды қамтамасыз етеді.
4. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген жеке тұлғаның жеке пайдалануға арналған тауарлары осындай тауарларды уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған өтінішті кеден органы тіркеген күннен кейінгі күннен бастап есептелетін мерзімге:
1) егер осы мерзім өткенге дейін шетелдік жеке тұлға осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген өтінішті тіркеген кеден органын осы тұлғаны Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аударушы деп тануды растайтын құжатты не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы тұлғаның босқын, қандас мәртебесін алғанын растайтын құжатты алуға бағытталған іс-қимылдар жасағаны туралы хабардар етпесе, осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім өткен күнге дейін;
2) шетелдік жеке тұлғаны Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аударушы деп тануды растайтын құжатты не осы тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес босқын, қандас мәртебесін алғанын растайтын құжатты алған күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні өткен күнге дейін;
3) осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген құжаттарды беруден бас тартуды алған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні өткен күнге дейін уақытша сақтауға орналастырылады.
5. Осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген өтінішті кеден органы тіркеген күннен кейінгі күннен бастап екі ай өткенге дейін осы баптың 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлға осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген өтінішті тіркеген кеден органын осындай тұлғаны Қазақстан Республикасына тұрақты тұруға қоныс аударушы деп тануды растайтын құжатты не халықтың көшi-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган, босқындар мәселелері жөніндегі қатынастарды реттеу саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган, ішкі істер органдары берген құжаттарды ұсыну арқылы осы тұлғаның босқын, қандас мәртебесін алғанын растайтын құжатты алуға бағытталған іс-қимылдар жасағаны туралы хабардар етуге міндетті.
6. Жеке пайдалануға арналған тауарларды уақытша сақтау мерзімі өткенге дейін осы баптың 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлға уақытша сақтауда тұрған жеке пайдалануға арналған тауарларды еркін айналымға шығару, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкету не осы Кодексте белгіленген кедендік рәсімдермен орналастыру үшін кедендік декларациялауды жүзеге асыруға міндетті. Оларға қатысты кедендік декларациялау жүзеге асырылмаған жеке пайдалануға арналған тауарлар уақытша сақтау мерзімі өткен соң осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кеден органдары кідіртеді.
7. Уақытша сақтауда тұрған, жеке пайдалануға арналған тауарларды еркін айналымға шығарғанға дейін жеке пайдалануға арналған осындай тауарлар осы баптың 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлғаның іс жүзінде иелігінде болуға тиіс және оларды осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес беруді қоспағанда, өзге тұлғаларға иеленуге, пайдалануға және (немесе) билік етуге берілмейді.
Уақытша сақтауда тұрған жеке пайдалануға арналған тауарларды кеден органының рұқсатынсыз жеке пайдалануға арналған тауарларды қалыпты күйде ұстау үшін қажетті жөндеуге, техникалық қызмет көрсетуге және басқа да операциялар жасауға беруге жол беріледі.
8. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген шетелдік жеке тұлға уақытша сақтаудағы жеке пайдалануға арналған тауарларды, соның ішінде осы тармақтың екінші бөлігін ескере отырып, оларды уақытша сақтау орнының шегінен тыс жердегі пайдалануға құқылы.
Уақытша сақтауда тұрған жеке пайдалануға арналған көлік құралдары болып табылатын авто және мотокөлік құралдарын және (немесе) авто және мотокөлік құралдарының тіркемелерін пайдалануға осы Кодекстің 354-бабына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндеттің орындалуы қамтамасыз етілген жағдайда кеден органының жазбаша рұқсатымен жол беріледі.
343-бап. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау
1. Мыналар:
1) жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін иесімен бірге жөнелтілмейтін багаждағы жеке пайдалануға арналған тауарлар немесе тасымалдаушы жеткізіп беретін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
2) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйымдар мен шектеулерді сақтауға жататын және оларға қатысты осындай тыйымдар мен шектеулердің сақталғанын растайтын құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну талап етілетін Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы кез келген тәсілмен өткізілетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, жеке пайдалануға арналған тауарлар;
3) оларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды төлеуге жататын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін иесімен бірге жөнелтілетін багаждағы жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, жеке пайдалануға арналған тауарлар;
4) кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып, иесімен бірге жөнелтілетін багажда әкелінетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, жеке пайдалануға арналған тауарлар;
5) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарын қоспағанда, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы кез келген тәсілмен өткізілетін жеке пайдалануға арналған көлік құралдары;
6) осы Кодекстің 347-бабы 5, 7 және 12-тармақтарында көзделген жағдайларда Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы уақытша әкелінген жеке пайдалануға арналған көлік құралдары;
7) егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына бір уақытта әкелу немесе Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан бір уақытта әкету кезінде мұндай қолма-қол ақша қаражатының және (немесе) жол чектерінің жалпы сомасы кеден органына жолаушыларға арналған кедендік декларацияны ұсынған күнге қолданыста болатын валюта бағамы бойынша он мың АҚШ долларына баламалы сомадан асып кетсе, қолма-қол ақша қаражаты және (немесе) жол чектері;
8) жол чектерін қоспағанда, ақша құралдары;
9) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес оларға қатысты тыйымдар мен шектеулерді сақталуға жататын мәдени құндылықтар;
10) халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар;
11) осы Кодекстің 348-бабы 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарының бөлшектері;
12) осы баптың 18-тармағында көрсетілген тауарлар кедендік декларациялауға жатады.
2. Егер жеке тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келгеннен кейін халықаралық әуежайдың транзиттік аймағынан кетпей, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан кететін болса, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы әуе көлігі транзитімен осындай тұлғамен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін, осы баптың 1-тармағында көрсетілген жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік декларациялауға жатпайды.
3. Жеке пайдалануға арналған, оның ішінде осы Кодекстің 346-бабына сәйкес кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын тауарларды кедендік декларациялау жолаушыларға арналған кедендік декларация пайдаланыла отырып жүргізіледі.
Жолаушыларға арналған кедендік декларацияда көрсетілуге жататын мәліметтерді Комиссия осы баптың 9-тармағын ескере отырып, осындай кедендік декларацияны толтыру тәртібін айқындау кезінде айқындайды.
Жолаушыларға арналған кедендік декларация - қазақ тілінде немесе орыс тілінде не ағылшын тілінде, ал кеден органының рұқсатымен осындай кедендік декларация берілетін кеден органының лауазымды адамдары меңгерген басқа да шет тілінде толтырылады.
Егер жолаушыларға арналған кедендік декларация ретінде Дүниежүзілік пошта одағының актілерінде көзделген, халықаралық пошта жөнелтілімдерімен бірге жіберілетін құжаттар пайдаланылған жағдайда мұндай құжаттар осындай актілерде айқындалған тілдерде толтырылады.
Жолаушыларға арналған кедендік декларация ретінде осы Кодексте, Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі халықаралық шарттарда белгіленген және (немесе) Комиссия айқындайтын жағдайларда және тәртіппен жеке пайдалануға арналған тауарларды шығару үшін қажетті мәліметтерді қамтитын құжаттар пайдаланылуы мүмкін.
4. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен бірге жіберілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау осы Кодекстің 369-бабы ескеріле отырып жүргізіледі.
5. Қолма-қол ақша қаражатын және (немесе) ақша құралдарын кедендік декларациялау осы баптың 16 және 17-тармақтары ескеріле отырып жүргізіледі.
6. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды жеке тұлғалар осы тауарларды кеден органына бір уақытта бере отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтуі кезінде жүргізеді.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы әуе көлігімен иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды осы тұлғаға иесімен бірге жөнелтілетін багаж берілген халықаралық әуежай орналасқан және тұлға осы халықаралық әуежайдың кедендік бақылау аймағынан кететін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекет аумағындағы жеке тұлғалар жүргізеді.
7. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілмейтін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды осындай жеке тұлғалар тұрақты немесе уақытша тұратын не уақытша келетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттегі жеке тұлғалар жүргізеді.
8. Тасымалдаушы жеткізетін не халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды жеке пайдалануға арналған осындай тауарларды жөнелтуші немесе алушы болып табылатын жеке тұлға тұрақты немесе уақытша тұратын не уақытша келетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетте жүзеге асырылады.
9. Халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін не кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылатын жеке пайдалануға арналған тауарларды қоспағанда, жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелудің және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында болудың не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетудің мынадай мақсаттарының бірі мәлімделеді:
1) еркін айналым;
2) уақытша әкелу. Уақытша әкелу осы Кодекстің 347-бабында көрсетілген жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына ғана қатысты мәлімделуі мүмкін;
3) әкету;
4) уақытша әкету.
10. Жеке тұлға кедендік декларациялауға жатпайтын жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды өз еркімен жүзеге асыруға құқылы.
Жеке тұлға Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы жеке пайдалануға арналған тауарларды иесімен бірге жөнелтілетін және иесімен бірге жөнелтілмейтін багаждарда өткізген жағдайда, оның шегінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік баждар, салықтар төленбей әкелінетін құндық, салмақтық және (немесе) сандық нормаларды есепке алу мақсаттары үшін мұндай тұлға өзімен бірге алып жүретін багажда кедендік декларациялауға жатпайтын жеке пайдалануға арналған тауарларға кедендік декларациялауды жүзеге асыруға құқылы.
11. Жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялауды - декларант не кеден өкілі, ал Комиссия айқындайтын жағдайларда декларанттың атынан және тапсырмасы бойынша әрекет ететін өзге де тұлға жүзеге асырады.
12. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты жолаушыларға арналған кедендік декларация Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізетін орында орналасқан кеден органына, соның ішінде жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыру үшін беріледі.
Егер Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы иесімен бірге жөнелтілетін багажда өткізілетін жеке пайдалануға арналған тауарлар кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырылған болса, осындай тауарларды еркін айналымға шығару үшін немесе уақытша әкелу үшін жолаушыларға арналған кедендік декларация осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеткізу орнындағы кеден органына беріледі.