3) жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушы деп танылған кезде - дәрежесі үшінші теріс мінез-құлық.
Сотталған адамды жазаны өтеудің белгіленген тәртібін бұзушы, үнемі бұзушы не қаскөйлікпен бұзушы деп тану осы Кодекстің 130-бабының үшінші бөлігіне және 154-бабының төртінші бөлігіне сәйкес жүзеге асырылады.
96-бап. Мекеме түрiн өзгерту
1. Дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталғандар сот алдында мекеменің түрін:
1) сотталғандар сот үкімі бойынша тағайындалған мерзiмнiң кемiнде жартысын толық қауіпсіз мекемеде өтегеннен кейін - толық қауіпсіз мекемеден төтенше қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары немесе орташа қауіпсіз мекемеге;
2) жазаны өтеудің жеңiлдетiлген және жеңілдікті жағдайларындағы сотталғандар онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн жаза мерзiмiнiң кемiнде төрттен бiрiн, ауыр қылмыстары үшiн - жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн, ал бұрын бас бостандығын айыруды өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатылғандар мен жазаның қалған өтелмеген бөлігі кезеңiнде жаңа қылмыстар жасағандар - жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтегеннен кейін - орташа қауіпсіз немесе қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерден қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге өзгерту туралы өтінішхат беруге құқылы.
2. Мыналар:
1) қылмыстардың қауіптi қайталануы кезінде;
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 15-тарауында көзделген қылмыстар жасағаны үшін, қылмыспен келтірілген залалды өтемегендер;
2) аса ауыр қылмыстар, сондай-ақ террористік немесе экстремистік қылмыстар жасағаны үшін;
3) өмiр бойына бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айырумен ауыстырылған сотталғандар;
4) өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған;
5) мiндеттi емделуден өтпеген, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелерiнде мамандандырылған емдеудi қажет ететiн;
6) дәрежесі теріс мінез-құлықты сотталғандар қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге ауыстырылуға жатпайды.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Дәрежесі үшінші теріс мінез-құлықты және жазаны өтеудің белгіленген тәртібін қаскөйлікпен бұзушылық жасаған сотталғандарға қатысты сотқа:
1) қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - түрі бұрын сот үкімімен айқындаған мекемеге;
2) олар сот үкімімен жіберілген қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден - орташа қауіпсіз мекемеге;
3) орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары және төтенше қауіпсіз мекемеден - олар толық қауіпсіз мекемеге қайдан жiберiлсе, сол қауіпсіздік түрiндегi мекемеде жазаның қалған мерзiмiн өтеумен, үш жылдан аспайтын мерзiмге толық қауіпсіз мекемеге ауыстыру туралы ұсыну енгізіледі.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сотталған адам жаза мерзімінің осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген бір бөлігін өтеген кезде мекеме әкімшілігі дәрежесі екінші немесе үшінші оң мінез-құлықты сотталған адамды мекеме түрін өзгерту туралы мәселені қарау үшін сотқа өтінішхат беру құқығының басталғаны туралы бес күн мерзімде жазбаша хабардар етуге міндетті.
5. Сотталған адам мекеме түрін өзгерту туралы өтінішхатпен жүгінген жағдайда, әкімшілік өтінішхатты сотталған адамның жеке басына, жазасын өтеу уақытындағы мінез-құлқына, еңбек пен оқуға деген көзқарасына мінездеме беретін материалдарды және сотталған адамның жеке ісін қоса бере отырып, он күн ішінде сотқа жіберуге, сондай-ақ көрсетілген өтінішхатты жібергені туралы прокурорды жазбаша нысанда хабардар етуге міндетті.
6. Сот мекеменің түрін өзгертуден бас тартқан жағдайда, өтінішхат енгізу сот қаулысы шығарылған күннен бастап кемінде алты ай өткеннен кейін қайтадан орын ала алады.
7. Өзіне қатысты сот қауіпсіздігі барынша төмен мекемеден түрі бұрын сот үкімімен айқындалған мекемеге немесе орташа қауіпсіз мекемеге қайтару туралы қаулы шығарған сотталған адам сот қаулысы заңды күшіне енгенге дейін қауіпсіздігі аралас мекемеде ұсталады.
17-тарау. МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ РЕЖИМІ ЖӘНЕ ОНЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ҚҰРАЛДАРЫ
97-бап. Жазаны өтеу режимінiң негiзгi талаптары
1. Сотталғандарды күзету мен оқшаулауды, оларды үнемі қадағалауды; оларға жүктелген міндеттердің орындалуын, олардың құқықтары мен заңды мүдделерінің іске асырылуын; сотталғандар мен персоналдың қауіпсіздігін; сотталғандардың белгілі бір санаттарын бөлек ұстауды, мекеме түріне қарай әртүрлі ұстау жағдайларын; жазаны өтеу жағдайларын өзгертуді қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасында белгіленген жазаны орындау және өтеу тәртібі мекемелерде жазаны өтеу режимі болып табылады.
2. Жазаны өтеу режимі жазаны орындау мақсаттарына қол жеткізуді қамтамасыз ететін жағдайлар жасайды.
3. Мекемелерде мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидалары қолданылады.
4. Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, барлық мекемелерде сотталғандар үлгісін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын белгіленген нысандағы киімді киеді.
5. Сотталғандардың өзімен бірге алып жүруіне рұқсат етілетін заттар мен нәрселердің тізбесі мен саны мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленеді.
6. Сотталғандарға мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген ақша мен бағалы қағаздарды, сондай-ақ өзге де нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Мұндайлар табылған жағдайда, оларды мекеме әкімшілігі алып қояды.
7. Сотталғандар заңда белгіленген тәртіппен иемденген ақшаны, бағалы қағаздарды, сондай-ақ нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектер мен тамақ өнімдерін сақтауды мекеме әкімшілігі қамтамасыз етеді.
8. Мекемеге іргелес жатқан аумақтың шекарасын, сондай-ақ оны пайдалану режимін оның әкімшілігімен келісу бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.
9. Байланыс операторлары мен желілерді иеленушілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) радиосигналды бұғаттау не абоненттік құрылғыларды санкциясыз пайдалануды анықтау және (немесе) оның жол кесу үшін арнаулы техникалық жабдықты мекеме аумағына орнату кезінде ішкі істер органдарына консультациялық-техникалық жәрдемдесуді;
2) мекемелер аумағында радиосигналдың таралуын азайту мақсатында уақтылы ден қоюды және шаралар қолдануды қоса алғанда, меншікті байланыс желілерін оңтайландыруды қамтамасыз етуге міндетті.
10. Жазаны өтеу режимін сақтауды және құқықтық тәртіпті ұстап тұруды қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мен олардың иелігіндегі күштер мен құралдар қамтамасыз етеді.
98-бап. Жете тексеру мен тінту жүргізу
1. Мекеме қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар мекеме аумағындағы және режимдік талаптар орнатылған, оған іргелес жатқан аумақтардағы адамдарға, олардың заттарына, көлік құралдарына жете тексеру жүргізеді және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін алып қояды.
2. Жедел қызметкерлердің баянаты бойынша мекемелердің қызметкерлері мен сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар мекемеге келген адамдарға тінту жүргізеді.
Сотталғандармен ұзақ мерзімді кездесуге келген адамдардың заттарына тінту жасалады.
3. Мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселерді, құжаттарды, заттарды, бұйымдарды, заттектерді, тамақ өнімдерін алып өтуге әрекет жасау фактісі расталған жағдайда, ұзақ мерзімді кездесу құқығы берілген адамдар дереу шығарылады, кездесу тоқтатылады және пайдаланылды деп есептеледі.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген, әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғатын құқық бұзушылықтарға жол берген адамдар сот қаулысы заңды күшіне енген күннен бастап бір жылға сотталғандармен кездесулерден айырылады.
Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген, қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатын құқық бұзушылықтарға жол берген адамдарға сот үкімі заңды күшіне енген күннен бастап сотталған адаммен кездесу берілмейді.
5. Сотталғандарға, олардың заттары мен киіміне, сондай-ақ мекеменің үй-жайына жете тексеру мен тінту жасалады.
Сотталғандардың жеке басын тінтуді сотталғандармен бір жыныстағы адамдар жүргізеді.
+10 °С-тан жоғары температура кезінде сотталғандарды жалпы тінту тексерулер жүргізу орындарында жүргізіледі, ал олар болмаған кезде - жергілікті учаскелерде арнаулы жиналмалы кабиналарда жүргізіледі. +10 °С-тан төмен температура кезінде жалпы тінту мекеменің үй-жайларында жүргізіледі.
Тұрғын үй-жайларды оларда сотталғандар болған кезде тінтуге мұны кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда жол беріледі.
6. Сотталғандардан, сондай-ақ мекеменің аумағынан табылған, кімге тиесілі екенін анықтау мүмкін болмаған ақшаны, бағалы қағаздарды және өзге де қүндылықтарды әкімшілік мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес алып қояды және олар сот қаулысы бойынша мемлекет кірісіне айналдыруға жатады.
Мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделмеген нәрселер, құжаттар, заттар, бұйымдар, заттектер, тамақ өнімдері, оның ішінде мекеменің аумағынан және режимдік талаптар орнатылған, оған іргелес жатқан аумақтан табылғандары, мекеме әкімшілігінің комиссиялық шешімі бойынша туыстарына немесе сақтауға беріледі не мекеме бастығының қаулысы бойынша жойылады, бұл жөнінде акт жасалады.
7. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген жағдайларда, жете тексеру мен тінту мекемелерде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
8. Жете тексеру мен тінту жүргізу нәтижесінде жасалатын немесе жасалған қылмыс не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері байқалған кезде, одан әрі жете тексеру мен тінту тиісінше Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде немесе Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жүргізіледі.
99-бап. Қадағалаудың, бақылаудың және күзеттің инженерлік-техникалық құралдары
1. Мекеме әкiмшiлiгi қашып шығудың, құқық бұзушылықтардың, жазаны өтеудің белгiленген тәртiбiн бұзудың алдын алу, сотталғандардың мiнез-құлқы туралы қажеттi ақпарат алу үшiн дыбыс-бейне (бейнебақылау жүйесі), электрондық және өзге де инженерлік-техникалық құралдарды пайдаланады.
2. Мекеме әкiмшiлiгi сотталғандарға қорғау функциясын бір мезгілде орындайтын қадағалаудың, бақылаудың және күзеттің инженерлік-техникалық құралдары қолданылатыны, оны бұзу сотталғандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні туралы жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 100-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2016.28.12. № 36-VI ҚР Заңымен 100-бап жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
100-бап. Мекемелердегi жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметi және жасырын тергеу іс-қимылдары
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мекемелерде жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметi және жасырын тергеу іс-қимылдары жүзеге асырылады, олардың мiндеттерi:
1) жазаларды орындау тәртiбi мен шарттарын, сотталғандардың, мекемелер персоналының және өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
2) мекемелерде дайындалып жатқан және жасалатын қылмыстық құқық бұзушылықтардың және жазаны өтеу тәртiбiн бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу;
3) мекемелерден қашып шыққан сотталғандарды, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүрген сотталғандарды iздестiру;
4) сотталғандардың мекемеге келгенге дейiн жасаған қылмыстарын анықтауға және ашуға жәрдемдесу;
5) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, ашу және жолын кесу болып табылады.
2. Жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметін және жасырын тергеу іс-қимылдарын мекемелердiң уәкілетті қызметтері, сондай-ақ басқа да уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
101-бап. Ерекше жағдайлар режимі
1. Дүлей зілзала болған, мекеме орналасқан ауданда төтенше, ерекше немесе соғыс жағдайы енгізілген кезде, жаппай тәртіпсіздіктер болған, сондай-ақ сотталғандар топтасып бағынбаған кезде мекемеде ерекше жағдайлар режимі енгізілуі мүмкін.
2. Ерекше жағдайлар режимі қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысының Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген шешімі бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге енгізіледі.
Көрсетілген мерзімдерде ерекше жағдайлар режимін енгізу мақсаттарына қол жеткізілмеген жағдайда, оның қолданылу уақытын аталған лауазымды адамдар қосымша отыз тәулікке ұзартады.
3. Сотталғандардың, персоналдың немесе өзге де адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төнген жағдайда, қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы аумақтық ішкі істер органының басшысымен және облыс прокурорымен немес оған теңестірілген прокурормен келісу бойынша, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысын дереу хабардар ете отырып, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген шараларды өз бетінше енгізуге құқылы.
Мұндай жағдайда, қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның бірінші басшысы хабарламаны алған күннен бастап бір тәулік ішінде ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы немесе енгізілген шаралардың күшін жою туралы шешім қабылдайды.
4. Ерекше жағдайлар режимі қолданылған кезеңде және осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда, мекемеде сотталғандардың осы Кодекстің 105 - 113-баптарында көзделген құқықтарының жүзеге асырылуы тоқтатыла тұруы, күзету мен қадағалаудың күшейтілген нұсқасы, объектілерге жіберудің ерекше тәртібі енгізілуі, күн тәртіптемесінің өзгеруі, өндірістік, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-ағарту, медициналық-санитариялық және өзге де қызметтердің жұмысы шектелуі мүмкін.
102-бап. Қауіпсіздік шаралары және оларды қолдану негіздері
1. Мекемелердiң персоналына және сотталғандардың мінез-құлқына бақылауды және қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдарға қарсылық көрсететін, олардың заңды талаптарына қаскөйлікпен бағынбайтын, жаппай тәртiпсiздiктерге, адамдарды кепілге алуға, өзге де адамдарға шабуыл жасауға қатысатын немесе қоғамға қауіпті басқа да әрекеттер жасайтын сотталғандарға, сондай-ақ мекемелерден қашып шыққан немесе қашып шыққандарды ұстап алу кезінде, көрсетілген құқыққа қайшы әрекеттердiң жолын кесу және адамдардың айналасындағыларға немесе өзiне өзi зиян келтiруін болғызбау мақсатында дене күші, арнаулы құралдар және қару қолданылады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген қауiпсiздiк шараларын қолдану тәртiбi заңмен айқындалады.
18-тарау. МЕКЕМЕЛЕРДЕ ЖАЗАНЫ ӨТЕУ ЖАҒДАЙЛАРЫ. СОТТАЛҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
103-бап. Жазаны өтеу жағдайлары
1. Бір орташа қауіпсіз, қауіпсіздігі барынша жоғары немесе төтенше қауіпсіз мекеменің шегінде, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемеде сотталғандар жазаны өтеудiң дағдылы, қатаң, жеңiлдетiлген және жеңiлдiктi жағдайларында болуы мүмкiн.
2. Толық қауіпсіз және қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандар дағдылы, қатаң және жеңілдетілген жазаны өтеу жағдайларында болуы мүмкін.
3. Сотталғандарды бір жағдайдан басқаларына ауыстыру мекеме комиссиясының шешімі бойынша жүргізіледі, оның жұмысына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жұртшылық өкілдері қатыса алады.
104-бап. Сотталғандардың құқықтары мен міндеттері
1. Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың осы Кодекстің 10-бабында белгіленген құқықтармен қатар, осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген тәртіппен:
1) тамақ өнімдерін, нәрселерді және заттарды алуға, сақтауға және пайдалануға;
2) күн тәртіптемесінде айқындалған уақытта кітапхананы, үстел ойындарын, музыкалық аспаптарды, ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен жаздырып алынған мерзімді басылымдар мен әдебиетті, сондай-ақ дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған діни әдебиетті пайдалануға;
3) сотталғандардың ерікті ұйымдарына кіруге;
4) жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен байланысып тұруға;
5) күн тәртіптемесінде көзделген жеке уақытына иелік етуге құқығы бар.
Сотталғандардың іске асырылуы жаза мақсаттарына, жазаны орындау және өтеу тәртібі мен шарттарына қайшы келмейтін өзге де құқықтары бар.
2. Бас бостандығынан айыруға сотталғандар осы Кодекстің 11-бабында белгіленген міндеттермен қатар, осы Кодексте және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында көзделген тәртіппен:
1) мекеме әкімшілігі айқындайтын орындар мен жұмыстарда еңбек етуге;
2) үлгісін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін киім нысанын сақтауға;
3) сыртқы түр-сипатына ұқыппен қарауға;
4) тәртіптік изоляторлардағы, жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, емдеу-профилактикалық мекемелердегі, мекеменің медициналық-санитариялық бөлімінің стационарларындағы, сондай-ақ жұмыс пен оқудағы адамдарды қоспағанда, мекемелерде өткізілетін іс-шараларға қатысуға;
5) мекемені абаттандыру және тұру жағдайларын жақсарту бойынша жұмыстарды орындауға;
6) өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе өлім жазасына сотталғандарды, камераларда ұсталатын, емдеу-профилактикалық мекемелердегі, сондай-ақ мекеменің медициналық-санитариялық бөлімінің стационарларындағы сотталғандарды қоспағанда, тамақ ішу үшін асханаға баруға;
7) камераларда, карантин бөлімшелерінде, тәртіптік изоляторларда, отрядтарда кезекшілік атқаруға;
8) санитариялық-гигиеналық нормаларды сақтауға;
9) өрт қауіпсіздігі және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауға міндетті.
3. Сотталғандардың осы Кодекске және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес:
1) мекемелер персоналының заңды әрекеттеріне қарсылық көрсетуге, оларға қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіруге;
2) мекемелердің, басқа жеке не заңды тұлғалардың, оның ішінде сотталғандардың мүлкіне зиян келтіруге, оларға зиян келтіру қатерін төндіруге;
3) жазаны өтеуден немесе белгіленген міндеттерді орындаудан жалтару мақсатында өзіне, оның ішінде басқа адамның көмегімен дене зақымын келтіруге, өз денсаулығына зиян келтіруге;
4) жазаны өтеуден немесе белгіленген міндеттерді орындаудан жалтару мақсатында тамақ ішуден бас тартуға;
5) мемлекеттік органдарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға;
6) мекеме аумағын өз бетінше тастап кетуге, объектілердің не мекеме аумағы шекарасының күзет сызығын бұзуға, мекеме әкімшілігінің рұқсатынсыз тұрғын және өндірістік аймақтардың оқшауланған учаскелерінің шегінен тыс жерлерге шығуға, ғимараттардың, цехтардың, құрылыстардың және мекеме аумағындағы басқа да құрылыстардың шатырына көтерілуге, ішкі тыйым салынған аймақ қоршауына жақындауға;
7) мекемелер аумағында жүріп-тұруға, өздері тұрмайтын және жұмыс істемейтін үй-жайлар мен өндірістік объектілерде болуға;
8) мекеме әкімшілігін хабардар етпестен, жұмыс орнын, сондай-ақ болуға арналған үй-жайды тастап кетуге;
9) жабдықты, оның ішінде егейтін жабдықты, құрал-саймандарды, электр энергиясын, механизмдер мен материалдарды өндірістік қажеттіліктен тыс пайдалануға;
10) әкімшіліктің бақылауымен өткізілетін білім беру және мәдени іс-шараларды қоспағанда, Интернет желісін пайдалануға;
11) жұбайын (зайыбын) және жақын туыстарын қоспағанда, мекемелерде ұсталатын сотталғандармен телефон арқылы сөйлесуге;
12) жеке пайдаланылатын нәрселерді, бұйымдарды және заттарды басқа сотталған адамға беруге;
13) алкогольді, есірткі заттарын, психотроптық немесе басқа да есеңгірететін заттарды пайдалануға;
14) материалдық не басқа да пайда табу мақсатында карта, сондай-ақ басқа да ойындар ойнауға;
15) қарым-қатынаста нормативтік емес, оның ішінде сотталғандардың бейформальды қауымына тән лексиканы пайдалануға, лақап ат қоюға, өзінің немесе басқа да адамдардың денесіне сурет салуға;
16) мекеме комиссиясының рұқсатынсыз жануарлар асырауға және бақша егумен айналысуға;
17) жатын орындарын өзгертуге, сондай-ақ өндірістік объектілерде, коммуналдық-тұрмыстық және басқа да қызметтік және қосалқы үй-жайларда жатын орындар жабдықтауға;
18) мекеменің өндірістік және өзге де объектілерінде құрылыстар салуға, шкафтар мен сейфтер орнатуға;
19) камера есігіндегі қарайтын көзшені жабуға;
20) камерадан тыс жердегі сотталғандармен заңсыз байланыс орнатуға;
21) жазаны өтеу шарттары мен тәртібін бұзуға басқа сотталғандарды айдап салуға құқығы жоқ.
4. Сотталғандардың осы баптың талаптарын орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
105-бап. Тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алу
1. Сотталғандар тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажетті заттарды жазасын өтеу кезеңiнде тапқан ақшасына не алатын зейнетақылары мен әлеуметтiк жәрдемақыларының есебiнен шектеусіз қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша сатып алуға құқылы.
Мұндайлар болмаған жағдайда, осы баптың үшінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, сотталғандардың тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті заттарды сатып алуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Рұқсат етiлген ақша сомасы ағымдағы айда жұмсалмаған жағдайда, сотталғандар тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды жұмсалмаған сомаға кейiнгi айларда сатып алуға құқылы.
3. Жүктi әйелдер, балалары бар әйелдер, сондай-ақ мүгедектер мен емдеу-профилактикалық мекемелерде ұсталатын сотталғандар тамақ өнімдері мен бiрiншi кезекте қажеттi заттарды ақшаны уақытша орналастырудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражаты есебінен шектеусiз сатып алуға құқылы.
4. Сотталғандарға сатуға рұқсат етілген тамақ өнімдерінің, сондай-ақ бірінші кезекте қажетті заттардың тізбесі мен саны мекеменің ішкі тәртіптеме қағидаларымен белгіленеді.
106-бап. Кездесулер
1. Сотталғандарға ұзақтығы екі сағат қысқа мерзiмдi, мекеме аумағында ұзақтығы екі тәулiк ұзақ мерзімді кездесулер берiледі.
Кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде мекемеден тыс жерде тұрумен ұзақтығы бес тәулiкке дейін ұзақ мерзімді кездесулер берiледі.
Сотталған адамның немесе кездесуге келген адамның жазбаша өтініш жасауы бойынша кездесу ұзақтығы қысқартылуы мүмкін.
2. Жұбайымен (зайыбымен), туыстарымен немесе өзге де адамдармен қысқа мерзiмдi кездесулер сәлемдеме алу құқығымен, мекеме әкiмшiлiгi өкiлiнiң қатысуымен берiледi.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратындарды қоспағанда, сотталғандарға ұзақ мерзімді кездесулер жұбайымен (зайыбымен), жақын туыстарымен, сотталған адаммен некеде тұрмайтын, онымен ортақ балалары бар адамдарға бірге тұру құқығымен және сәлемдеме алу құқығымен берiледi.
4. Мекемеге келген сотталғандарға бірінші кездесу карантин бөлімшесінен шыққаннан кейін беріледі.
Кейінгі кездесулер осы Кодекске және мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларына сәйкес беріледі.
5. Сотталғандарға олардың өтiнуi бойынша ұзақ мерзімді кездесудi - қысқа мерзiмдi кездесумен, ал кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған орташа қауіпсіз мекемелерде мекемеден тыс жерде тұрумен берілетін ұзақ мерзімді кездесудi - мекеменің шегінен тыс шыға отырып, қысқа мерзiмдi кездесумен ауыстыруға рұқсат етiледi. Кездесулерді біріктіруге не бөлуге рұқсат етілмейді.
6. Сотталғандардың білікті заң көмегін алуы үшін олардың жазбаша немесе ауызша өтініші бойынша адвокаттармен саны, ұзақтығы шектеусіз және олардың құпиялылығы қамтамасыз етілетін жағдайларда кездесулер беріледі.
107-бап. Сауқаттар, сәлемдемелер мен бандерольдер алу және жіберу
1. Сотталғандар осы Кодексте көзделген тәртіппен сауқаттар, сәлемдемелер және бандерольдер алуға құқылы.
2. Сотталған адам медициналық қорытындыға сәйкес дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алуға құқылы. Жете тексергеннен кейін бұлар сотталған адамды емдеуге пайдалану үшін мекеменің медициналық бөліміне жіберіледі.
3. Мекеме әкімшілігінің рұқсатымен сотталғандар сауқаттар мен бандерольдер жіберуге құқылы.