2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түрiндегi жазаны өтеуден жалтарып жүрген сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа қоғамдық жұмыстарды қамаққа алумен ауыстыру туралы ұсыну жібереді.
3. Мыналар:
1) қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны орындауға кірісуден бас тартқан не қоғамдық жұмыстарды орындауға кедергі келтіретін, құжаттамамен расталған ауыруы және басқа да себептер жататын дәлелді себептерсіз қоғамдық жұмыстарға бір ай ішінде екі реттен көп келмеген;
2) жазаны өтеу кезеңінде екі рет медициналық куәландырумен не мұндай мүмкіндік болмаған кезде - жұмыс берушінің комиссиялық актісімен расталған, алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйде келген;
3) жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынған;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен сотталған адам қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден жалтарып жүр деп танылады.
4. Пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жасырынып жүр деп танылады.
61-бап. Пробация қызметінің қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіктері
Пробация қызметі:
1) сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;
2) оларға жазаны өтеу, сондай-ақ жазаның өтелуін бақылау тәртiбi мен шарттарын түсiндiредi;
3) жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыратын қоғамдық жұмыстардың орындалуын бақылайды;
4) сотталған адаммен айына бір рет профилактикалық әңгімелесу жүргізеді;
5) жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталған адамға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіруді жариялау туралы ұсыну енгiзедi.
62-бап. Жергілікті атқарушы органдардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезіндегі өкілеттіктері
1. Жергілікті атқарушы органдар:
1) пробация қызметін сот үкімін алғаны және оны орындауға қабылдағаны туралы дереу хабардар етуге;
2) жұмыс істелген уақытты есепке алу табелін жүргізуге, орындалған жұмыстардың актісін жасауға және оларды ағымдағы айдың соңғы күнінен кешіктірмей пробация қызметіне жіберуге;
3) пробация қызметіне сотталған адамның мінез-құлқы туралы ақпарат беруге;
4) пробация қызметін сотталған адамның жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабардар етуге міндетті.
2. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдарының қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны орындау кезінде осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамауы заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
13-тарау. БАС БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕУ ТҮРIНДЕГI ЖАЗАНЫ ОРЫНДАУ
63-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны орындау тәртібі
1. Бас бостандығын шектеуге сотталғандар жазасын тұрғылықты жері бойынша оларға пробациялық бақылауды жүзеге асыру жағдайларында өтейді.
2. Бас бостандығын шектеуге сотталғандарды мәжбүрлі еңбекке тартуды жергілікті атқарушы органдар осы Кодекстің 57 - 59-баптарына сәйкес ұйымдастырады.
3. Бас бостандығын шектеуге сотталғандарға жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер және өзге де ұйымдар пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидалары негізінде, пробация қызметі әзірлеген жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеді.
64-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу мерзiмiн есептеу
Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу мерзiмi пробация қызметі заңды күшіне енген сот үкімін орындауға қабылдаған күннен бастап есептеледi.
65-бап. Бас бостандығын шектеуге сотталған адамды жазаны өтеу орнына жiберу
1. Бас бостандығынан айырудың өтелмеген бөлiгi бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаға ауыстырылған сотталған адам күзеттен босатылады және жазаны өтеу орнына бюджет қаражаты есебiнен өз бетінше барады.
Мекеме әкiмшiлiгi сотталған адамға оны есепке қою үшiн пробация қызметіне жету маршруты мен уақытын көрсете отырып, жазаны өтеу орнына баруы туралы нұсқаманы табыс етеді, сондай-ақ пробация қызметіне оған мінездеме беретін материалдар жібереді.
2. Сотталған адам жазаны өтеу орнына белгiленген мерзiмде келмеген кезде, пробация қызметі бастапқы iздестiру iс-шараларын жүргiзедi және, егер сотталған адамның жүрген жері анықталмаса, сотқа оған iздестiру жариялау туралы ұсыну енгізеді.
66-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу шарттары
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазасын өтеп жүрген сотталған адам:
1) сот жүктеген міндеттерді орындауға;
2) пробация қызметінің талаптарын орындауға;
3) пробация қызметінің ұсынуы бойынша сот айқындаған жерлерге бармауға;
4) пробация қызметін хабардар етпей тұрғылықты жерін, жұмыс, оқу орнын ауыстырмауға;
5) пробация қызметін хабардар етпей әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетпеуге;
6) пробация қызметіне белгіленген күндері тіркелу және өзімен тәрбие жұмысын жүргізу үшін келіп тұруға міндетті. Келмеуінің дәлелді жағдайлары осы Кодекстің 53-бабының екінші бөлігінде көрсетілген;
7) жеке басын куәландыратын құжатты өзімен бірге алып жүруге міндетті.
2. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталғандар жазасын өтеу орны бойынша әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орналасқан оқу орындарында білім алуға құқылы. Пробация қызметінің келісімімен сотталған адам оқу орны тұрған жердегі пробация қызметіне міндетті түрде есепке қойылып, әкімшілік-аумақтық бірлік шегінен тыс жерде орналасқан оқу орындарында білім алуға құқылы.
67-бап. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртiбi мен шарттарын бұзу
1. Мыналар:
1) осы Кодекстің 66-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттерді орындамау;
2) электрондық бақылау құралдарын қасақана бұзу (бүлдіру);
3) жеке басы құқығына, кәмелетке толмағандардың құқығына, отбасылық-тұрмыстық қатынастарға, қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қолсұғатын, сотталған адамға соларды жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу болып табылады.
2. Мыналар:
1) осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген бұзушылықтарды бір жыл ішінде қайталап жасау;
2) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кету;
3) сотталған адамның қылмыстық теріс қылық жасауы;
4) заңды талаптарды орындаудан бас тарту, сол сияқты пробация қызметінің қызметкерін қорлау не оған қатысты күш қолдану қатерін төндіру;
5) пробациялық бақылаудан жасырыну;
6) осы Кодекстің 60-бабы үшінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген дәлелді себептерсіз мәжбүрлі еңбекті орындаудан жалтару бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзушылықтар болып табылады.
3. Тіркелу үшін пробация қызметіне келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам пробациялық бақылаудан жасырынып жүр деп танылады.
68-бап. Сотталған адамның бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін жауаптылығы
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшін сотталған адамға бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түрінде жазалау қолданылады.
2. Жазаны өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзатын сотталған адамға қатысты пробация қызметі сотқа бас бостандығын шектеудi бас бостандығынан айырумен ауыстыру туралы мәселелердi шешу үшiн материалдар ұсынады.
69-бап. Бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталғандарды пробациялық бақылау
1. Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазасын өтеп жүрген сотталған адамға пробациялық бақылауды оның тұратын жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады. Сотталған адамды тиісінше бақылауды қамтамасыз ету және оның тұрған жерi туралы ақпарат алу үшiн пробация қызметі тізбесін Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын электрондық бақылау құралдарын пайдалануға құқылы.
2. Пробациялық бақылаудағы бас бостандығын шектеуге сотталған адамды есепке қою кезінде пробация қызметі:
1) сотталған адамның тұрғылықты жерін, оның денсаулық жағдайын, білім деңгейін және еңбекпен қамтылуын, сондай-ақ оған әлеуметтік-құқықтық көмекті беру көлемін айқындау үшін қажетті өзге де мәліметтерді анықтайды;
2) сотталған адамға әлеуметтiк-құқықтық көмек беру, оған қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру және тоқтату тәртiбiн түсiндiредi, сондай-ақ тiркелу үшiн оның пробация қызметiне келетін күндерiн белгiлейдi;
3) сотталған адамға сот жүктеген мiндеттер мен мәжбүрлі еңбекті орындау, оларды орындамағаны, сондай-ақ пробациялық бақылау шарттары мен тәртiбiн бұзғаны үшiн жауаптылыққа тарту тәртiбiн түсiндiредi.
3. Сотталған адам бірінші немесе екінші топтағы мүгедек деп танылған кезде, пробация қызметі сотқа оны мәжбүрлі еңбектен босату туралы ұсыну, ал сотталған адам жүкті болған жағдайда - жазасын өтеуін кейінге қалдыру туралы ұсыну жібереді.
2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Жазасын өтеуден жалтару мақсатында жасырынған сотталған адамға қатысты пробация қызметі бастапқы іздестіру іс-шараларын жүзеге асырады және оған іздестіру жариялау туралы сотқа ұсыну енгізеді.
14-тарау. ЖАЗАЛАРДЫҢ ҚОСЫМША ТҮРЛЕРІН ОРЫНДАУ
70-бап. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығарып жіберу түріндегі жазаны орындау тәртібі
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен шығарып жіберу жөніндегі заңды күшіне енген сот үкімін орындау мәжбүрлеу тәртібімен жүргізіледі.
Шығарып жіберу Қазақстан Республикасының аумағына кіруге бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, шығарып жіберілетін көшіп келушіні Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасына дейін шығарып салу арқылы жүзеге асырылады.
2. Сотталған адамды шығарып жіберу бойынша шығыстарды оның өзі не оны Қазақстан Республикасына шақырған жеке немесе заңды тұлғалар көтереді. Аталған тұлғалардың шығыстарды жабуға қаражаттары болмаған не жеткіліксіз болған жағдайларда, шығарып жіберу бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
71-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру түріндегі жазаны орындау тәртібі
1. Сотталған адамды арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан айыру түріндегі үкiм шығарған сот, үкiм заңды күшiне енгеннен кейін оның көшiрмесiн сотталған адамға атақты, сыныптық шендi, дипломатиялық дәреженi, бiлiктiлiк сыныбын берген лауазымды адамға жiбередi.
2. Лауазымды адам белгiленген тәртiппен тиiстi құжаттарға сотталған адамды арнаулы, әскери немесе құрметтi немесе өзге де атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы жазбаны енгізеді, сондай-ақ оны тиiстi атағы, шенi, дәрежесi, сыныбы бар адамдар үшiн көзделген құқықтар мен жеңiлдiктерден айыру жөнiнде шаралар қолданады.
3. Запастағы әскери қызметшiге қатысты сот үкiмiнiң көшiрмесi оның әскери есепке алынған орны бойынша жергiлiктi әскери басқару органына жiберiледi.
4. Лауазымды адам үкiмнiң көшiрмесiн алған күннен бастап бiр айдың iшiнде үкiмдi шығарған сотқа оның орындалғаны туралы хабарлайды.
5. Қазақстан Республикасының Президентi сотталған адамды Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтардан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградадан айыру туралы шешiм қабылдаған кезде, тиiстi мемлекеттiк орган осы баптың екінші бөлігінде көрсетiлген шараларды қолданады. Мемлекеттiк наградаларды оларға қоса берілген құжаттармен бiрге алып қоюды қылмыстық-атқару қызметi саласындағы уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен олар тұрған жердегі пробация қызметі жүргiзедi.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 71-1-баппен толықтырылды
71-1-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру түріндегі жазаны орындау тәртібі
1. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру туралы үкім шығарған сот үкім заңды күшіне енгеннен кейін оның көшірмесін уәкілетті органға «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жібереді.
2. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тіркеу Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыруды тіркеу кезінде Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат алып қойылады.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған адамға, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, азаматтығы жоқ адамның куәлігі беріледі.
72-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны орындау тәртібі
1. Педагог лауазымын және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, меншік нысандарына қарамастан, ұйымдар орындайды.
2. Белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу туралы сот үкімін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көрсетілген мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың әкімшіліктері орындайды.
3. Қамаққа алуға немесе бас бостандығынан айыруға қосымша ретінде тағайындалған, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаның орындалуын ұйымдастыруды - негізгі жазаны орындайтын мекеме немесе орган, ал негізгі жазаларды өтегеннен кейін сотталған адамның тұрғылықты жерiндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
4. Жазалардың басқа түрлеріне қосымша ретінде тағайындалған, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған кезде, осы жазаның орындалуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады.
5. Пробация қызметі:
1) сотталғандарды есепке алуды жүргiзедi;
2) сотталған адамның сот үкiмiнде көзделген белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуға салынған тыйымды сақтауын бақылайды;
3) сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталған адамға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтарып алуға құқығы бар органдардың сот үкiмін орындауын тексередi;
4) жазаны өтеуден жалтару мақсатында жасырынып жүрген сотталғандарға қатысты бастапқы iздестiру iс-шараларын жүзеге асырады және сотқа iздестіру жариялау туралы ұсыну енгiзедi.
6. Пробация қызметіне тіркелу үшін келмеген күннен бастап он бес күннен астам тұрған жері анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жасырынып жүр деп танылады.
7. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаға сотталған адамның негізгі жаза түрін өтеп жүрген, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әкімшілігі оны тыйым салынған жұмыстарды орындауға тартуға құқылы емес.
73-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны орындау мерзiмдерiн есептеу
1. Қамаққа алуға немесе бас бостандығынан айыруға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған кезде, бұл негізгі жаза түрлерін өтеудің барлық уақытына қолданылады, бірақ бұл ретте, оның мерзімі қамаққа алуды, бас бостандығынан айыруды өтеген және пробация қызметіне есепке қойылған күннен бастап есептеледі.
2. Жазаның осы түрі жазаның басқа да негізгі түрлеріне қосымша ретінде тағайындалған, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған жағдайларда, оның мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
74-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаны өтеу шарттары
1. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түрiндегi жазаға сотталған адам:
1) пробация қызметіне жұмыс орны мен тұрғылықты жері және олардың өзгергені, жұмыстан шығарылғаны туралы хабарлауға;
2) пробация қызметіне шақырту бойынша келіп тұруға мiндеттi.
2. Сотталған адам 53-баптың екінші бөлігінде көрсетілген дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда, оған күштеп әкелу қолданылуы мүмкін.
3. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталған, жазаны орындаудан жалтарып жүрген адам заңда белгіленген жауаптылықта болады.
75-бап. Ұйымдар әкімшілігінің белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі жаза туралы сот үкімін орындау жөніндегі міндеттері
1. Меншік нысандарына қарамастан, ұйымдар белгілі бір лауазымға кандидаттарды олардың педагог лауазымын және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты, сондай-ақ мемлекеттік қызметте және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудың бар-жоғы тұрғысынан тексереді.
2. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан айыру туралы сот үкiмi мемлекеттiк мекемелер әкiмшiлiгi мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары үшiн мiндеттi болып табылады.
Белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкiмi сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкiмшiлiгi үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкiмшiлiгi:
1) заңды күшіне енген сот үкiмiнiң көшiрмесiн не пробация қызметінің хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешiктiрмей, сотталғанды лауазымынан немесе айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға, пробация қызметіне сот үкiмiнің орындалғаны туралы хабар жіберуге;
2) пробация қызметінің талап етуi бойынша жазаны орындауға байланысты құжаттарды ұсынуға;
3) сотталған адаммен еңбек шарты өзгертілген немесе тоқтатылған жағдайларда, үш жұмыс күні ішінде пробация қызметіне хабарлауға мiндеттi.
4. Ұйымдардың белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру түріндегі жазаны орындау туралы сот үкімін орындау жөніндегі міндеттер жүктелген, оның орындалмағанына кінәлі лауазымды адамдары заңда белгіленген жауаптылықта болады.
76-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген рұқсатты кері қайтарып алуға құқығы бар органдардың мiндеттерi
1. Сотталған адамның белгiлi бiр қызметпен айналысуы құқығынан айыру туралы сот үкiмi қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты кері қайтарып алуға құқығы бар органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар заңды күшіне енген сот үкiмiнiң көшiрмесiн, пробация қызметінің хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешiктiрмей, сотталған адамға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты кері қайтарып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысу құқығын беретiн тиiстi құжатты алып қоюға және бұл туралы пробация қызметіне хабар жiберуге мiндеттi.
3. Белгілі бір қызметпен айналысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алуға құқығы бар органдардың белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің орындалмағанына кінәлі лауазымды адамдары заңда белгіленген жауаптылықта болады.
77-бап. Мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн орындау тәртiбi
1. Сотталған адамның мүлкiн тәркiлеу туралы үкiм шығарған сот ол заңды күшiне енгеннен кейін атқару парағын, мүлiк тiзiмдемесінің көшiрмесiн және үкiмнiң көшiрмесiн орындау үшiн сот орындаушысына жiбередi, бұл туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлайды. Iсте сотталған адамның мүлкiнiң тiзімдемесі болмаған жағдайда, мүлiк тiзімдемесі жүргiзiлмегенi туралы анықтама жiберiледi.
2. Мүлiктi тәркiлеу түрiндегi жазаны орындауды мүлiк тұрған жердегі сот орындаушысы жүргiзедi.
78-бап 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
78-бап. Тәркiлеуге жататын мүлiк
1. Сот үкімі бойынша мынадай:
1) заңды иеленушісіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен кірістерді қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге де мүлік және осы мүліктен түскен кез келген кірістер;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлік және осы мүліктен түскен кірістер ішінара немесе толығымен басқа нәрсеге айналдырылған немесе қайта өзгертілген;
3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыру және өзге де қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын және соған арналған;
4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын ақша мен өзге де мүлік тәркіленуге жатады.
2. Егер қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлік және (немесе) осы мүліктен түскен кірістер заңды жолмен сатып алынған мүлікке қосылған болса, қосылған мүліктің құнына және одан түскен кірістерге сәйкес келетін мүліктің бөлігі тәркіленуге жатады.
3. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген, сотталған адам басқа жеке немесе заңды тұлғаға берген мүлік, егер мүлікті сатып алған адам оның қылмыстық әрекеттер нәтижесінде алынғанын көрінеу білген болса, тәркіленуге жатады.
4. Егер осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу, сот осы затты тәркілеу туралы шешім қабылдаған күннен бастап оның пайдалануда болуына, сатылуына байланысты немесе өзге де себеп бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.
5. Сотталған адамның осы Кодекске қосымшада белгіленген тізбеге сәйкес келетін мүлкі тәркіленуге жатпайды.
6. Сот үкiмi бойынша тәркiленуге жататын мүлiктiң тиесілілігі туралы даулар азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен шешiледi.
79-бап. Сот орындаушысының мүлiктi тәркiлеу туралы сот үкiмiн орындау жөнiндегi әрекеттерi
1. Сот орындаушысы өзіне атқарушылық құжат келіп түскеннен кейін үш тәуліктен кешіктірмей атқарушылық іс жүргізуді қозғайды, бұл жөнінде қаулы шығарады, тiзiмдемеде көрсетiлген мүлiктiң бар-жоғын тексередi, тәркiлеуге жататын басқа да мүлiктi анықтайды және оны тiзiмдемеге кiргiзедi. Егер мүлiктiң тiзiмдемесi жүргiзiлмесе, сот орындаушысы сотталған адамның тәркiлеуге жататын мүлкiн анықтау үшін шаралар қолданады және оны тапқан жағдайда, осы мүліктің тiзiмдемесін жасайды.
2. Тiзiмдемеде әрбiр заттың толық және нақты атауы, оның айырым белгiлерi, оның iшiнде түсi, мөлшері, тозу дәрежесi мен жеке сипаттамалары көрсетiледi. Тiзiмделген заттарға пломба салынады, сүргі соғылады және сақтауға беріледі, бұл туралы тiзiмдемеге белгi жасалады.
3. Сот орындаушысы тәркiленуге жататын және тiзiмдемеге алынған мүлiктi сақтауға қажеттi шаралар қолданады.
4. Сотталған адамның ортақ және бiрлескен меншiктегi үлесiн сот орындаушысының ұсынуы бойынша сот азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен айқындайды.
80-бап. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру
1. Сотталған адамның тәркiленген мүлкiн уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған қойылатын барлық талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн жүргiзiледi. Тәркiленген мүлiк есебiнен қанағаттандыруға жататын наразылықтарға қатысты мемлекет оны өткізуден немесе одан әрi пайдаланудан алынған қаражат шегiнде жауап бередi.
2. Тәркiленген мүлiктi уәкiлеттi мемлекеттiк органға беру тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
81-бап. Үшiншi тұлғалардың тәркiлеуге жататын мүлiкке қатысты мiндеттерi
1. Өздерінде сот үкiмi бойынша тәркiленуге жататын мүліктің бар екендігі белгілі болған жеке және заңды тұлғалар бұл туралы сотқа немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға мiндеттi.
2. Көрсетілген мүлiктi жасырғаны, бүлдіргені немесе жымқырғаны үшін кiнәлiлер заңға сәйкес жауаптылыққа тартылады.
82-бап. Сот үкімі орындалғаннан кейiн анықталған мүлiктi тәркiлеу
Барлық мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде сот үкімі орындалғаннан кейін, бiрақ айыптау үкiмiн орындаудың заңмен белгiленген ескіру мерзiмдерi өткенге дейiн сотталған адамның сот үкiмі шығарылғанға дейiн немесе шығарылғаннан кейiн, тәркiленбеген, бірақ тәркiлеуге жататын қаражатқа сатып алған мүлкi табылған жағдайларда, үкiмді шығарған сот немесе үкiм орындалатын жердегі сот, егер мүлiкті заң бойынша тәркiлеу мүмкiн болса, сот орындаушысының ұсынуы бойынша табылған мүлiктi тәркiлеудi орындау туралы қаулы шығарады.