6. Мемлекеттік аудит нәтижелері танылған жағдайларда мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит материалдарын негізге ала отырып, мемлекеттік аудит көлемін қысқартады.
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бірыңғай дерекқорына тиісті ақпаратты енгізе отырып, мемлекеттік аудитті жүргізген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органын және мемлекеттік аудит объектісін басқа мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары жүргізген мемлекеттік аудит нәтижелерін танымау фактісі туралы хабардар етеді.
20-бап. Аудиторлық дәлелдемелер
1. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша анықталатын бұзушылық пен кемшілік фактілері аудиторлық дәлелдемелерге және (немесе) өзге құжаттар мен ақпаратқа негізделеді.
2. Аудиторлық дәлелдемелер мемлекеттік аудиторлардың жұмыстағы бұзушылықтардың және кемшіліктердің болуын немесе болмауын анықтауына негіз болатын, заңдылығы, анықтығы және қолжетімділігі ескерілген нақты деректер, сондай-ақ аудиторлық есепте жазылған фактілерді растайтын өзге материалдар болып табылады.
3. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қорытындылар, ұсынымдар мен тапсырмалар қалыптастыруға негіз болатын аудиторлық дәлелдемелер оның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес объективті, анық және жеткілікті болуға тиіс.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Аудиторлық дәлелдемелердің негізі тікелей мемлекеттік аудит объектісінде жиналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтай отырып, басқа да анық көздерден алынған құжаттар (материалдар мен ақпарат) болып табылады.
Мемлекеттік аудитор квазимемлекеттік сектор субъектілеріне аудит кезінде, оның ішінде іс-шаралар жоспарларының, даму жоспарларының орындалуы туралы есептен ақпаратты, сондай-ақ аудиттің халықаралық стандарттарының талаптарына және Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудиторлық ұйым жасаған аудиторлық есепті, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудит бойынша аудиторлық қорытындыны пайдалануға құқылы.
5. Құжаттарда жазбаша, сол сияқты өзге де нысанда тіркелген мәліметтер қамтылуы мүмкін. Құжаттарға, оның ішінде түсініктемелер, қаржылық және өзге де құжаттар, түгендеу актілері, анықтамалар, бақылап өлшеу актілері, сондай-ақ электрондық ақпаратты, фотосуреттерді қамтитын материалдар жатады.
6. Аудиторлық дәлелдемелерді жинау кезінде мемлекеттік аудиторлар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келмейтін аудиторлық дәлелдемелерді жинаудың барлық қолжетімді құралдарын пайдаланады. Аудиторлық дәлелдемелерді жинау жалпылама немесе іріктеу әдісімен жүзеге асырылады.
21-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының талаптары
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өз құзыреті шегінде берген талаптары мемлекеттік аудит объектілерінің орындауы үшін міндетті.
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының талабы бойынша мемлекеттік аудит объектілері, лауазымды адамдар, жеке және заңды тұлғалар:
1) ведомстволық ақпараттық жүйелер деректерінің құрамы мен форматтары туралы сұралатын мәліметтерді, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудитті жүзеге асыру, бюджеттің атқарылуы туралы есептерді дайындау үшін, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит саласында зерттеулер жүргізу үшін қажетті құжаттаманы және ақпаратты өтеусіз беруге;
2) қажетті материалдарды (дәлелдемелерді): мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыруға және оны мемлекеттік аудит объектісіне шықпай жүргізуге байланысты мәселелер бойынша анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде, мемлекеттік аудит объектісінде мемлекеттік аудит жүргізуге байланысты мәселелер бойынша - бір жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ұсынуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік және өзге де ақпараттық жүйелерге мемлекеттік аудит жүргізу үшін қажетті қолжетімділікті ұсынуға міндетті.
3. Талап етілетін ақпарат мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына сұратылатын нысандарда, тәртіпте, сондай-ақ осы Заңда белгіленген мерзімдерде беріледі.
2024.19.06. № 97-VIII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2024 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін жəне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау жəне қадағалау жөніндегі уəкілетті органды қоспағанда, бақылау жəне қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар мемлекеттік аудит жəне қаржылық бақылау органдарына міндеттерін орындауға жəрдем көрсетеді, Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтай отырып, олардың сұрау салулары бойынша өздері жүргізген тексерулердің нəтижелері туралы ақпарат береді.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
22-бап. Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттар
Мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары мынадай құжаттарды қабылдайды:
1) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есеп - мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, қаржылық есептіліктің анықтылығы, сондай-ақ бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы жазбаша нысанда білдірілген пікірді қамтитын құжат;
2) аудиторлық есеп - мемлекеттік аудитті тікелей жүргізген мемлекеттік аудиторлар жасаған, белгілі бір уақыт кезеңі үшін жүргізілген тиімділік аудитінің және (немесе) сәйкестік аудитінің нәтижелерін қамтитын құжат;
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) аудиторлық қорытынды - аудиторлық есептер және (немесе) қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептер негізінде жасалатын, тұжырымдар мен ұсынымдарды қамтитын және өз өкілеттіктері шегінде Жоғары аудиторлық палатаның, тексеру комиссиясының қаулысымен, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган басшысының бұйрығымен бекітілетін құжат;
4) ішкі аудит нәтижелері туралы есеп - ішкі аудит қызметі жасаған жұмыс тиімділігін арттыру, мемлекеттік аудит объектісі қызметінің тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ішкі рәсімдерді, қағидаларды, процестерді жақсарту жөніндегі ұсынымдарды қамтитын, орталық мемлекеттік органның бірінші басшысына немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкіміне және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын құжат.
Мемлекеттік аудитордың ассистенті мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша құжаттарға (аудиторлық есепке) қол қоймайды.
23-бап. Қаржылық есептілік жөніндегі аудиторлық есептің ерекшеліктері
1. Шоғырландырылған немесе жекелеген қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша:
1) елеулі қателер болмаған кезде - қаржылық есептілік жөніндегі оң аудиторлық есеп;
2) елеулі қателер анықталған кезде - қаржылық есептілік жөніндегі ескертпесі бар аудиторлық есеп қабылданады.
2. Мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есеп жүргізілмеген не бухгалтерлік құжаттар жоғалған жағдайларда, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының басшысы мемлекеттік аудит объектісінің басшысына және мемлекеттік аудит объектісіне басшылықты немесе оны басқаруды жүзеге асыратын жоғары тұрған органға осы жұмыстың аяқталу мерзімін анықтай отырып, мемлекеттік аудит объектісінде бухгалтерлік есепті қалпына келтіру туралы талаппен нұсқама жібереді және мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне тиісті өзгерістер енгізе отырып, мемлекеттік аудитті уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте жекелеген қаржылық есептілік аудитінің нәтижелері бойынша мемлекеттік аудитор пікірін білдіруден бас тарта отырып, аудиторлық есеп береді.
24-бап. Сапа бақылауы
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының басшылары өз қызметі барысында мемлекеттік аудиторлар және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзге де лауазымды адамдары жасайтын құжаттарға тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларында айқындалған тәртіппен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі тұрғысынан тұрақты тексеру және (немесе) талдау жүргізу арқылы сапаны бақылауды ұйымдастыруды қамтамасыз етеді.
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудиторлық қызметінің барлық кезеңі, мемлекеттік аудиторлардың бүкіл қызметі сапаны бақылауға жатады.
3. Сапа бақылауын жүргізу қажеттілігі мен мерзімділігі, оның ішінде мемлекеттік аудит нәтижелерін қайта тексеру қажеттілігі, сондай-ақ сапа бақылауының жеделдігі мен нәтижелігін қамтамасыз ету мақсатында оны жүргізу мерзімдері мен ұзақтығы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізудің тиісті қағидаларында айқындалған тәртіппен айқындалады.
25-бап. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттардың мониторингі
1. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары өздері аудиторлық қорытындыда берген ұсынымдардың және міндетті түрде орындалуға бағытталған нұсқамалардың мониторингін жүйелі негізде жүзеге асырады.
2. Ұсынымдардың қаралу нәтижелері туралы және нұсқамалардың орындалуы туралы ақпаратты мемлекеттік аудит объектісі және өзге де мүдделі тұлғалар растау құжаттарын қоса бере отырып, тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына тиісті құжаттарда көрсетілген мерзімдерде жіберуге міндетті.
3. Мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдары мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының нұсқамаларын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
4-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУ ОРГАНДАРЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨЗГЕ ДЕ БАҒЫТТАРЫ
26-бап. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органдарының сараптамалық-талдау қызметі
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органдарының сараптамалық-талдау қызметі сараптамалық-талдау іс-шараларын, сондай-ақ бюджетті алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалауларды жүргізу түрінде жүзеге асырылады.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жоғары аудиторлық палата республикалық бюджетке қатысты, сондай-ақ республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізу үшін сараптамалық-талдау қызметін жүзеге асырады, жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы ақпаратты жинақтап қорытады.
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте құрылған ревизиялық комиссиялар аумақтарында өздері жұмыс істейтін облыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттеріне, сондай-ақ аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджетке қатысты сараптамалық-талдау қызметін жүзеге асырады.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізу үшін Жоғары аудиторлық палата бюджеттен бөлінген қаражат шегінде зерттеулер жүргізу үшін үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді); 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Жоғары аудиторлық палата, ревизиялық комиссиялар тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген, бюджетті жоспарлау мен атқарудың, бюджет қаражатын, мемлекеттің (Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің активтерін қоспағанда) және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың, Қазақстан Республикасында Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырудың тиімділігін талдау, бағалау, сондай-ақ олардың экономиканың (немесе экономиканың жекелеген саласының), әлеуметтік саланың дамуына әсерін зерттеу нысанында сараптамалық-талдау іс-шараларын жүргізеді. Сараптамалық-талдау іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу тәртібі Жоғары аудиторлық палата бекіткен, сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартында айқындалады.
Жоғары аудиторлық палата, ревизиялық комиссиялар мемлекеттік аудит объектісін сараптамалық-талдау іс-шарасының жүргізілетіні туралы хабардар етеді және шешімі ұсынымдық сипатта болатын оның нәтижелерін мемлекеттік аудит объектісімен талқылайды.
Бұл тәртіп бюджетті ағымдағы және кейіннен бағалауларға қолданылмайды.
27-бап 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
27-бап. Алдын ала бағалау
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жоғары аудиторлық палата Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалауды оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша жүзеге асырады.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Республикалық бюджет жобасын оның шығыстарының негізгі бағыттары бойынша алдын ала бағалау республикалық бюджет жобасы шығыстарының елдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарына, республикалық бюджет шығыстарының басым бағыттарына, мемлекеттік бағдарламалар мен орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бағалау нәтижелеріне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің есепті қаржы жылындағы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне Жоғары аудиторлық палата берген тұжырымдар мен ұсынымдарға сәйкестігі нысанына жүзеге асырылады.
3. Алдын ала бағалау нәтижелері республикалық бюджет туралы заңның жобасы Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсынылады және ұсынымдық сипатта болады.
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды; 2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган Жоғары аудиторлық палатаға республикалық бюджет жобасын бағалау жөніндегі қорытындыда көрсетілген ұсынымдарды орындау бойынша қолданылған шаралар туралы ақпаратты тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң бекітілгеннен кейін үш ай ішінде жібереді.
28-бап. Ағымдағы бағалау
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Ағымдағы бағалау Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, мәслихаттар мен әкімдер үшін тиісті бюджеттің атқарылуы туралы жедел ақпаратты қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады.
Жоғары аудиторлық палата мен тексеру комиссиялары бюджеттердің атқарылу процесінде тиісті бюджет кірісіне салықтық және салықтық емес түсімдердің толықтығын және уақтылығын, тиісті бюджет туралы заңның (мәслихат шешімінің) бекітілген көрсеткіштерімен салыстыра отырып, бюджет қаражатының нақты жұмсалуын талдайды, ауытқу себептерін және олармен байланысты бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасы заңнамасының жетілмегендігін анықтайды, оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізеді.
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Ағымдағы бағалауды жүргізу кезінде жүргізілген мемлекеттік аудит материалдары, сондай-ақ жедел есептілікті және тиісті мемлекеттік органдар, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері және квазимемлекеттік сектор субъектілері электрондық нысанда Жоғары аудиторлық палата мен тексеру комиссияларына ұсынатын ақпаратты өңдеуге және талдауға негізделген талдамалық ақпарат, оның ішінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жөніндегі бірыңғай дерекқор арқылы:
1) нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдерді, бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген тікелей және түпкі нәтижелер туралы есептерді;
2) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын, түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарын;
3) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарларын;
4) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларын;
5) осындай өзгерістердің негіздемелерімен бірге осы тармақтың 1) - 4) тармақшаларында көрсетілген құжаттарға енгізілген өзгерістерді;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаржылық есептіліктің барлық нысандарын қоса алғанда, пайдаланылады.
3. Ағымдағы бағалау нәтижелері тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру кезінде ескеріледі.
29-бап. Кейіннен бағалау
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жоғары аудиторлық палата мен тексеру комиссиялары мемлекеттік аудит барысында бюджеттердің атқарылуының нақты көрсеткіштерінің бюджет туралы тиісті заңмен (мәслихаттардың шешімдерімен) бекітілген көрсеткіштерге сәйкестігін, бюджет көрсеткіштерінің орындалуының толықтығы мен уақтылығын айқындау үшін есепті қаржы жылындағы бюджет туралы заңның (мәслихаттар шешімдерінің) орындалуына, бюджеттердің атқарылу заңдылығын, есеп пен есептіліктің анықтығын, бюджет қаражатын, мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігін айқындау мақсатында бюджеттердің атқарылуы туралы жылдық есептерге, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік есептілігіне кейіннен бағалауды жүзеге асырады.
2. Кейіннен бағалау жүргізу қорытындылары бойынша тиісті бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің есебіне немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының тиісті есебіне қорытынды дайындалады, оларды ұсыну және қарау Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. Қорытынды құрылымына және мазмұнына қойылатын талаптар мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың тиісті рәсімдік стандарттарында айқындалады.
3. Қорытынды:
1) бюджеттің негізгі параметрлерін орындауды:
бюджет түсімдері мен шығыстарын;
салықтық және кедендік әкімшілендіру тиімділігін;
2) мемлекеттік органдардың өз стратегиялық жоспарларында, аумақтарды дамыту бағдарламаларында көзделген тікелей және түпкі нәтижелерге қол жеткізуді, мемлекеттік бағдарламаларды, оның ішінде алдыңғы кезеңдер үшін және бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды;
3) бюджет қаражатын, оның ішінде нысаналы трансферттерді және кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздарды, мемлекет кепілгерліктері мен активтерін пайдалануды, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындауды қаржыландыруды;
4) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өздеріне бөлінген бюджет қаражатын қаржы-экономикалық негіздемеге, бюджеттік инвестициялар тиімділігіне, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін тиімді басқаруға сәйкестігіне қарай пайдалануды;
5) мемлекеттік аудит объектілерінің есеп пен есептілікті жүргізу анықтығы мен дұрыстығын бағалауды қамтиды.
30-бап. Камералдық бақылау
2020.03.07. № 358-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 6 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Камералдық бақылауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік аудит объектілеріне бармастан, осы Заңда және камералдық бақылау жүргізу қағидаларында белгіленген тәртіппен мемлекеттік аудит объектілерінің қызметі бойынша әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүргізеді.
Камералдық бақылауды және шағымдарды аппеляциялық ретке келтіруді жүзеге асырған кезде камералдық бақылаудың сапасына бақылау және мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың шағымдарын қарау сапасына бақылау жүргізіледі.
2. Камералдық бақылаудың мақсаты бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, мемлекеттік аудит объектісіне камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
3. Камералдық бақылау тәуекелдерді басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады.
4. Камералдық бақылаудың ден қою шаралары:
1) барлық мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың орындауы үшін міндетті камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберу;
2) осы Заңның 32-бабында және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік аудит объектілерінің бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған кодтары мен шоттары, сондай-ақ банк шоттары бойынша (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) барлық шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген құзырет шегінде әкімшілік іс жүргізуді қозғау болып табылады.
5. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған қаржылық бұзушылықтардың сомасы бюджетке өтелуге, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету, тауарлар беру және (немесе) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама негізінде есепке алу бойынша көрсету жолымен қалпына келтірілуге жатады.
6. Камералдық бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркелместен жүзеге асырылады.
31-бап. Камералдық бақылау нәтижелері анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган камералдық бақылау жүргізу қағидаларында белгіленген нысан бойынша камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны ресімдейді және бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде анықталған бұзушылықтар сипатымен қоса мемлекеттік аудит объектілеріне жібереді.
2. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны ол тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік аудит объектісі орындауға тиіс.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаларға қарсылықтарды жіберу мен қарау тәртібі осы Заңда және камералдық бақылау жүргізу қағидаларында айқындалады.
4. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар тексерілетін тұлғаға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде дербес жойылған жағдайда, лауазымды адам әкімшілік жауаптылыққа тартылуға жатпайды.
32-бап. Мемлекеттік аудит объектілерінің бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған кодтары мен шоттары, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің банк шоттары (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
2018.11.01. № 135-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражатын басқаруға және қолдануға байланысты камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның белгіленген мерзімде орындалмауы мемлекеттік аудит объектілерінің бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда ашылған кодтары мен шоттары, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектісінің банк шоттары (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен тоқтата тұруға әкеп соғады.