8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және берешекті өндіріп алу туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
15-бап. Коллекторлық агенттіктің мiндеттерi
1. Коллекторлық агенттік:
1) екі жұмыс күні ішінде өзінің борышкермен үлестес екендігі, осындай үлестестіктің негіздері туралы, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің шарттық міндеттемелерді орындауына ықпал ететін немесе ықпал ете алатын және (немесе) коллекторлық агенттіктің жеке мүддесі мен кредитордың заңды мүдделері арасында қайшылықтың туындауына не кредитордың заңды мүдделеріне, оның ішінде борышкердің кредитор алдындағы өз міндеттемелерін орындамауына коллекторлық агенттіктің тікелей немесе жанама түрде мүдделі болуы салдарынан қысым жасалуына алып келуі мүмкін өзге де мән-жайлар туралы ақпаратты кредитордың назарына жеткізуге;
2) тұрған жерi не атауы өзгерген жағдайларда, осындай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге және өзінің интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде тиiстi ақпарат орналастыруға;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) коллекторлық агенттіктің борышкерлермен байланыс жасауға арналған телефон нөмірлері өзгерген жағдайларда, осындай өзгерістер болған күннен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмейтін мерзімде уәкілетті органды хабардар етуге;
3) коллекторлық қызмет құпиясын сақтауға;
4) айына бір реттен асырмай, борышкердің және (немесе) оның өкілінің жүгінуі бойынша, жүгіну алынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде, алынған құқықтар (талап етулер) бойынша негізгі борыштың, сыйақының, тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мерзімі өткен және ағымдағы сомаларының қалдығы туралы мәліметтерді жазбаша нысанда өтеусіз беруге;
5) кредитордан, борышкерден және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттар мен ақпараттың сақталуын, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына сәйкес борышкердің және (немесе) оның өкілінің және (немесе) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберінде кредиторға міндеттемелері арқылы байланысты болатын үшінші тұлғалардың дербес деректерінің қорғалуын қамтамасыз етуге;
6) өзінің интернет-ресурсына ие болуға;
7) кредитор банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етулерді) басқаға берген кезде борышкерден мұндай шартта көзделмеген өзге комиссиялар мен төлемдердің алынуына жол бермеуге;
8) кредитор банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықтарды (талап етулерді) басқаға бер- ген кезде, Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитор мен борышкердің банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына, сондай-ақ бастапқы кредитор мен борышкер арасында жасасылған осындай шартқа қойылатын талаптар мен шектеулерді сақтауға;
9) қызметті автоматтандыру және берешекті есепке алу, сондай- ақ борышкермен өзара іс-қимыл жасасу процесін коллекторлық агенттіктің (филиалдың, өкілдіктің) тұрған жеріндегі үй- жайларында аудио- немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеу үшін пайдаланылатын мамандандырылған бағдарламалық қамтылымға ие болуға;
10) мемлекеттік кредиттік бюромен ақпарат беру туралы шарт жасасуға;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімдерде және тәртіппен, сондай-ақ нысанда Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне есептілік ұсынуға;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
11-1) талап ету құқығын басқаға беру шарттары бойынша мәліметтерді өзінің тұрған жеріндегі мемлекеттік кіріс органдарына салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген нысан бойынша тоқсаннан кейiнгi айдың 25-күнінен кешiктiрмей ұсынуға;
12) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жоюға;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) уәкілетті органды осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көзделген құжаттарға, сондай-ақ коллекторлық агенттіктің құрылтайшылары (қатысушылары) туралы және басшы қызметкерлері туралы мәліметтерге енгізілген өзгерістер туралы он бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етуге;
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 14) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
14) борышкермен өзара іс-қимыл жасасу процесін аудио- немесе аудиотіркеуі бар бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге және аудио- және (немесе) бейнежазба материалдарын борышкермен және (немесе) оның өкілімен өзара іс-қимыл жасасқан күннен бастап алты ай бойы сақтауға;
15) уәкілетті органға оның сұрау салуы негізінде, оның ішінде борышкерлер мен кредиторлардың келіп түскен шағымдары бойынша мәліметтер, құжаттар мен аудио- және (немесе) бейнежазба (бар болған жағдайда) материалдарын беруге;
16) борышкермен жеке кездесулер арқылы өзара іс-қимыл жасасу кезінде борышкердің тұрғылықты жері бойынша не тұрған жері, не тіркелген жері бойынша, не борышкердің тұрғылықты жері не тұрған жері немесе тіркелген жері болып табылатын елді мекені жайласқан облыстардың әкімшілік орталықтарында филиалдың немесе өкілдіктің болуын қамтамасыз етуге;
17) осы Заңның 5-бабы 1-тармағының бірінші абзацында және 4-тармағы бірінші бөлігінің бірінші абзацында көрсетілген тұлғалармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде көрсетілген баптың талаптарын бұзған жұмыскердің өкілеттіктерін тоқтату бойынша, оның ішінде уәкілетті орган көрсетілген жұмыскерді шеттету туралы талап қойған жағдайда да шаралар қабылдауға, сондай-ақ босатылған жұмыскер туралы ақпаратты босату күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органға беруге;
18) ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей, уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, коллекторлық агенттіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің он немесе одан да көп пайызын өзі дербес немесе басқа тұлғамен (тұлғалармен) бірлесіп тікелей немесе жанама иеленетін және (немесе) пайдаланатын және (немесе) оларға билік ететін немесе бақылау жасайтын тұлғалар туралы мәліметтер ұсынуға;
19) осы Заңның 5-бабында көзделген коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын және осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Коллекторлық агенттіктер коллекторлық қызметке мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мақсатында өзінің қызметі туралы уәкілетті орган сұратқан ақпарат пен мәліметтерді береді.
Коллекторлық агенттіктің ақпаратты бермеуі, уақтылы бермеуі немесе Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес ұсынылуы талап етілетін мәліметтерді қамтымайтын ақпаратты беруі, анық емес ақпаратты беруі, есептілікті ұсыну мерзімін бұзуы, анық емес, сол сияқты толық емес есептілікті не көрінеу анық емес мәліметтерді ұсынуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа алып келеді.
16-бап. Борышкердің және (немесе) оның өкілінің құқықтары мен міндеттері
1. Борышкер және (немесе) оның өкілі:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, кредитордан берешекті сотқа дейін өндіріп алу мен реттеуді жүзеге асыратын коллекторлық агенттік, оның тұрған жері, онда өзінің дербес деректерінің бар-жоғы, берешектің мөлшері мен құрылымы туралы мәліметтер алуға;
2) коллекторлық агенттіктің талаптарына толығымен, сондай- ақ оның бір бөлігіне, оның ішінде сотта дау айтуға;
3) осы Заңның 6-бабына сәйкес берешегін сотқа дейін реттеу тәртібіне;
4) өзінің берешегі туралы ақпарат алу үшін коллекторлық агенттікпен осы Заңның 5-бабында көзделген кез келген тәсілмен өзара іс-қимыл жасасуға;
5) коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасап, уәкілетті органға жүгінуге;
6) берешегі толық өтелген кезде кредитор алдында берешегінің жоқтығы туралы анықтама алу үшін мемлекеттік кредит бюросына және (немесе) кредиторға жүгінуге;
7) коллекторлық агенттіктің жұмыскерлерімен өзара іс- қимыл жасасу процесін аудио- және (немесе) бейнетехника құралдарының көмегімен өзі дербес тіркеуге;
8) банктік қарыз шарты немесе микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерін орындауға байланысты, көрсетілген шарт талаптарын өзгерту туралы жүгіну себептерін негіздей отырып, осындай өтінішпен кредиторға жүгінуге;
9) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқылы.
2. Борышкер және (немесе) оның өкілі:
1) коллекторлық агенттікке өзінің тұрғылықты жерінің (заңды мекенжайының) өзгергені, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), тегінің ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарының алмастырылғаны (мерзімі өткен, жоғалған жағдайда) туралы, өздерімен (өзімен) байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының өзгергені және коллекторлық агенттіктің өздерімен (өзімен) байланысу және өзара іс-қимыл жасасу тәсілінің өзгергені туралы хабарлауға;
2) коллекторлық агенттіктің сұрау салуы бойынша кірістері мен шығыстарының деңгейі, тұрғылықты жері (заңды мекенжайы), Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берешекті өтеу үшін өндіріп алу қолданылуы мүмкін мүлкінің бар-жоғы туралы анық ақпаратты ашуға;
3) осы Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес коллекторлық агенттікпен берешекті реттеу бойынша өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
4) он бес жұмыс күні ішінде кредитор ұсынған берешекті өтеу талаптарын қарауға және коллекторлық агенттікке не кредиторға борышкер үшін қолайлы талаптарды хабарлауға міндетті.
4-тарау. КОЛЛЕКТОРЛЫҚ АГЕНТТІКТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ, ОЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН БАҚЫЛАУ
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 17-баптың тақырыбы өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17-бап. Уәкілетті органның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құзыреті
1. Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік реттеуді және бақылауды уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган:
1) коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеуге алады және олардың тізілімін жүргізеді;
2) 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) коллекторлық агенттіктің қызметіне мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
4) коллекторлық агенттіктің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) борышкердің шағымын қарайды;
5) осы Заңда көзделген жағдайларда, сотқа заңды тұлғаларды қайта ұйымдастыру не тарату туралы талап қою береді;
6) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша коллекторлық агенттік есептілігінің тiзбесiн, нысандарын, оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне ұсыну мерзiмдерi мен тәртiбiн айқындайды.
18-бап. Ықпал ету шаралары және оларды қолдану негіздері
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Коллекторлық агенттік Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасын не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасын бұзған, коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы және өзге де жұмыскерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі анықталған кезде уәкілетті орган осы бапта белгіленген ықпал ету шараларын қолданады. Ықпал ету шаралары деп шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар түсініледі.
Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасын бұзған кезде коллекторлық агенттікке «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ықпал ету шаралары қолданылады.
2. Уәкілетті орган коллекторлық агенттікке мынадай шектеулі ықпал ету шараларын қолдануға:
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1) коллекторлық агенттікке анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгiленген мерзiмде жоюға бағытталған орындалуы мiндеттi түзеу шараларын қабылдау және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) белгiленген мерзiмде ұсыну қажеттігі жөнінде орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама жіберуге құқылы.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс- шаралар жоспарында бұзушылықтардың сипаттамасы және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептер, сондай-ақ жағдайлар, жоспарланған іс-шаралар тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына шағым жасау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды;
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасы, Қазақстан Республикасының банктік заңнамасы не Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасы нормаларының жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас түрде қайталап бұзылғанын анықтаған жағдайда, коллекторлық агенттікке осы баптың 4-тармағында көзделген санкциялардың қолданылуы мүмкін екендігі туралы жазбаша ескерту шығаруға;
3) уәкілетті орган мен коллекторлық агенттік арасында анықталған бұзушылықтарды дереу жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) коллекторлық агенттік анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулер тізбесін бекіту қажеттігі туралы жазбаша келісім жасасуға құқылы. Жазбаша келісімге коллекторлық агенттік тарапынан міндетті түрде қол қойылуға тиіс;
4) коллекторлық агенттіктің борышкермен өзара іс-қимыл жасасатын басшы жұмыскерін не өзге де жұмыскерін шеттету туралы талап қоюға құқылы.
3. Коллекторлық агенттік уәкілетті органды жазбаша нұсқамада және жазбаша келісімде көзделген мерзімдерде осы құжаттарда көрсетілген шаралардың орындалуы туралы хабардар етуге міндетті. Егер бұзушылықты жою үшін белгіленген мерзім бір айдан асатын болса, коллекторлық агенттік ай сайын айдың жиырмасыншы күнінен дейін уәкілетті органды анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс- шаралардың орындалуы туралы хабардар етеді. Бір шектеулі ықпал ету шарасын қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда басқа шектеулі ықпал ету шараларының қолданылуын жоққа шығармайды, бұрын қабылданған шаралардың қолданылуын тоқтата тұрмайды және тоқтатпайды
4. Уәкілетті орган санкциялар ретінде:
1) осы Заңның 9-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен коллекторлық агенттікті коллекторлық агенттіктер тізілімінен шығаруды;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша коллекторлық агенттікке айыппұл салуды және одан айыппұлды өндіріп алуды қолдануға құқылы.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Уәкілетті органның коллекторлық агенттікке осы бапта көзделген ықпал ету шараларын қолдану туралы шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 19-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 19-бап өзгертілді (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
19-бап. Коллекторлық агенттіктің қызметін мемлекеттік бақылау
Коллекторлық агенттіктердің қызметін мемлекеттік бақылауды уәкілетті орган «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР
20-бап. Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының коллекторлық қызмет туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
21-бап. Өтпелі ережелер
1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін коллекторлық қызмет белгілеріне ие қызметті жүзеге асырған ұйымдар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде әділет органдарында коллекторлық агенттік ретінде қайта тіркелуге жатады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген талап сақталмаған кезде ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қайта ұйымдастырылуға не мәжбүрлеп таратылуға жатады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы мамырдың 6-ы.
№ 62-VI