4-тарау. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмi
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 24-бап өзгертілді
24-бап. Сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерi және оларды жасау тәртібі
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Президенттi, Парламент Мәжілісi мен мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Сенат депутаттарын сайлау кезiнде таңдаушылардың тiзiмдерi жасалады.
2. алынып тасталды
3. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгізу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сайлаушылар тізімі әліпби тәртібімен немесе өзге тәртіппен жасалады. Тізімде сайлаушының тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшін - қосымша күні мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетіледі. Таңдаушылар тізімі әліпби тәртібімен немесе өзге тәртіппен жасалады және тегін, атын, әкесінің атын, туған жылын, жеке сәйкестендіру нөмірін, таңдаушы депутаты болып табылатын мәслихаттың атауын және оның тұрғылықты мекенжайын қамтиды.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды.
Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер сайлаушыға сайлаудан кемінде отыз күн бұрын сайлау күні өзінің тіркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігінің болмайтыны белгілі болса, ол өзінің болатын жері бойынша жергілікті атқарушы органға өзін тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу жөнінде жазбаша өтініш беруге құқылы.
Азамат осы тармаққа сәйкес өтініш жасаған кезде жергілікті атқарушы орган азаматты тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен алып тастауды және оны сол азамат дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді ұйымдастырады.
Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізіміне өзінің шешімімен учаске құрылған әкім қол қояды және ол дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша ұсынылады.
Сайлаушылар және сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді жергілікті атқарушы орган әр жылдың 1 шілдесіне және 1 қаңтарына қарай электрондық түрде ақпаратты салыстырып тексеруді және жоғары тұрған сайлау комиссияларына беруді қамтамасыз ететін тиісті аумақтық сайлау комиссияларына ұсынады.
Мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары тиісті сайлау комиссиясы ұсынған сайлаушылар тізімдерінің, сондай-ақ сайлаушылар туралы деректердің анықтығы үшін жауапты болады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тізіміне жатақхананың орналасқан жері бойынша енгізіледі.
7. Әскер бөлiмдеріндегі сайлаушы әскери қызметшiлердiң, сондай-ақ әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын олардың отбасы мүшелерi мен басқа сайлаушылардың тiзiмi әскер бөлiмдерiнiң командирлерi берген мәлiметтер негiзiнде жасалады.
8. Демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанынан, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерi аталған мекемелердiң басшылары, тиiстi әкiмдер, өкiлдiктер басшылары мен кеме капитандары берген деректер негiзiнде жасалады.
Уақытша болу орындарында (демалыс үйлерінде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерінде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктерi жанынан, Қазақстан Республикасының
иелiгіндегi және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде) құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тізімдері дауыс берiлетiн күннің алдындағы күндегі жағдай бойынша мiндеттi түрде нақтылануға тиiс.
9. Парламент Сенаты депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тiзiмдерiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиялары тиiстi облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы) мәслихаты хатшысының ұсынуы бойынша жасайды.
10. Дауыстарды санау басталғаннан кейін сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне өзгерістер енгізуге тыйым салынады.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 25-бап өзгертілді
25-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiне енгізу
1. Сайлаушылар тiзiмдерiне:
1) Республиканың белсендi сайлау құқығы бар азаматтары;
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) азаматтар тиісті сайлау учаскелерінің аумағындағы тұрғылықты жері бойынша енгізіледі.
Уақытша тіркелген азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша тізімнен алып тастала отырып, сайлаушылар тізімдеріне өздерінің жергілікті атқарушы органға берген өтініші негізінде енгізіледі;
3) демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторы мен уақытша ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасына қарайтын және дауыс беретiн күнi жүзуде жүрген кемелерде құрылған сайлау учаскелерi бойынша дауыс берудi өткiзетiн күнi аталған мекемелер мен ұйымдарда немесе кеме бортында болған азаматтардың бәрi;
4) әскер бөлiмдерi бойынша әскер бөлiмдерiнде тұрған әскери қызметшiлердiң барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi;
5) шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасының өкiлдiктерi жанындағы сайлау учаскелерi бойынша тиiстi шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзiмдi шетелдiк iссапарда жүрген әрi Республиканың жарамды паспорты бар барлық азаматтар енгiзiледi. Шет мемлекетке жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарға келген Республика азаматтары учаскелiк сайлау комиссиясына өтініш жасаған жағдайда және олардың Қазақстан Республикасы азаматы деген жарамды паспорты болса, сайлаушылар тiзiмiне енгізіледi.
2. Таңдаушылар тiзiмiне:
1) облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың;
2) тиiсiнше республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасы мәслихатының барлық депутаттары енгiзiледi.
3. Азамат (таңдаушы) сайлаушылардың (таңдаушылардың) бiр ғана тiзiмiне ене алады.
14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңымен; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 26-бап өзгертілді
26-бап. Сайлаушылардың (таңдаушылардың) тiзiмiмен таныстыру
1. Азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тiзiмдерiн дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиiстi сайлау комиссиялары танысу үшiн сайлаушыларға бередi.
Әскери бөлiмдерде, Қазақстан Республикасына тиесiлі және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын жерлерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша, ұстау изоляторларында, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегi шетелдiк мекемелерінiң жанынан құрылған сайлау учаскелерi бойынша сайлаушылар тiзiмдерi сайлаушыларға танысу үшiн дауыс беруге бес күн қалғанда; өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау өткiзiлетiн кезде құрылған сайлау учаскелерi бойынша - дауыс беруге жетi күн қалғанда берiледi.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сенат депутаттарын сайлау бойынша таңдаушылар тізімдері танысу үшін сайлаудан кемінде жеті күн бұрын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен ұсынылады, сондай-ақ облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының интернет-ресурстарына орналастырылады.
3. Азаматтарға (таңдаушыларға) тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар (таңдаушылар) жөніндегі деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
Учаскелік сайлау комиссияларының жұмыс кестесін, дауыс беру күнін қоспағанда, тиісті аумақтық сайлау комиссиялары айқындайды.
2015.31.07. № 340-V ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Әрбiр азамат (таңдаушы) сайлаушылар тiзiмдеріндегі өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы (таңдаушы) туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Сайлаушылар тізіміне енгізу, одан шығару не тізімдерге түзетулер жасау қажеттiгi туралы арыздарды тиiстi сайлау комиссиясы сайлау комиссиясына арыз келiп түскен күнi қарайды. Арыз мақұлданбаған жағдайда сайлау комиссиясы арызданушыға оның арызының мақұлданбағаны туралы дәлелдi шешiмнiң көшiрмесiн кешiктiрмей бередi. Шешiмге сайлау комиссиясы орналасқан жердегі тиiстi сотқа шағым жасалуы мүмкін, сот шағымды келіп түскен күні қарайды. Арызданушы үшiн дұрыс шешiм қабылданған жағдайда сайлау комиссиясы сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмiне түзетудi немесе енгiзiлмеген сайлаушыны тiзiмге енгізудi дереу жүргiзедi.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 26-1-баппен толықтырылды
26-1-бап. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімін қалыптастыру
1. Әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылардың тізімдерін тиісті әкім дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын акт бойынша учаскелік сайлау комиссиясына - электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште, аумақтық комиссияға электрондық түрде ұсынады.
2. Сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда, учаскелік сайлау комиссиясы бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясына хабарлайды.
3. Төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиясы сайлау шылар тізімін Қазақстан Республикасының сайлаушы аза маттарының электрондық тізіліміне енгізу үшін жоғары тұрған комиссияға электрондық түрде ұсынады.
4. Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну тәртібін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
5-тарау. Сайлау алдындағы үгiт
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 27-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 27-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңымен; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 27-бап өзгертілді
27-бап. Сайлау алдындағы үгiт
1. Сайлау алдындағы үгiт - сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет.
Шетелдіктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың және халықаралық ұйымдардың кандидаттарды, партиялық тiзiмдерін ұсынған саяси партияларды ұсынуға және сайлауға, сайлауда белгiлi бір нәтижеге қол жеткізуге кедергі болатын және (немесе) демеп жіберетін қызметті жүзеге асыруына тыйым салынады.
2. Сайлау алдындағы үгiт кандидаттар тiркелген мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгi жергілiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады. Қайтадан дауыс берудi өткiзген кезде сайлау алдындағы үгiт қайтадан дауыс беру күнi тағайындалған күннен басталып, сайлау болатын күннiң алдындағы күнгi жергiлiктi уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
3. Сайлау алдындағы үгiт:
1) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы;
2) сайлау алдындағы жария iс-шараларды (сайлау алдындағы жиналыстарды және сайлаушылармен (таңдаушылармен) кездесулердi, сайлау алдындағы жария пікір таластар мен пiкiр алысуларды, митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және заңнамада белгiленген тәртiппен және осы Конституциялық заңда тыйым салынбаған өзге де сайлау алдындағы іс-шараларды), сондай-ақ кандидаттардың және олардың сенім бiлдiрген адамдарының сайлаушылармен (таңдаушылармен) жеке кездесулерін өткізу жолымен;
3) баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады.
4. Мыналарға:
1) мемлекеттік органдарға, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, сондай-ақ қызметтік мiндеттерiн орындау кезінде олардың лауазымды адамдарына;
2) Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшiлерiне, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьяларға;
3) сайлау комиссияларының мүшелерiне;
4) діни бiрлестiктерге сайлау алдындағы үгiттi жүргiзуге, кез келген сайлау алдындағы үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
5. Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары болып табылатын кандидаттарға өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынады.
Осы Конституциялық заңда мыналар:
1) бағынышты немесе басқа да қызмет жағынан тәуелдi адамдарды, аталған адамдар кандидаттың сенім бiлдiрген адамдары ретiнде үгіттi жүзеге асыратын жағдайларды қоспағанда, сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге тарту;
2) кандидаттың, партиялық тiзiм ұсынған саяси партияның сайлануына септiгiн тигiзетiн қызметтi жүзеге асыру үшiн мемлекеттік органдар орналасқан үй-жайларды пайдалану, егер өзге кандидаттарға, саяси партияларға аталған үй-жайларды осындай шарттармен пайдалануға кепiлдiк берілмесе, лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдалану деп ұғынылады;
Осы тармақта белгiленген шектеулердi сақтау лауазымды адамдарға өздерiнің қызметтiк мiндеттерiн орындауға кедергi келтiрмеуге тиiс.
6. Кандидаттар не олардың сенім бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын объективті жазып-көрсетуді жүзеге асыруға; кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан қалыс қалуға; аталған адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау үшін баспа басылымының ең таяудағы нөмірінде сол көлемде, сол қаріппен және теріске шығарылатын хабар немесе материал орналастырылған сол жерде теріске шығаруды тегін жариялауына мүмкіндік беруге міндетті. Радио және телевизия арқылы теріске шығару теріске шығарылатын хабар немесе материал сияқты тәуліктің сол уақытында және сол теле- және радиобағдарламада, ал аталған теле- және радиобағдарлама жабылып қалған жағдайларда - оған тақырыптық бағыты сәйкес келетін өзге теле- және радиобағдарламада берілуге тиіс.
Теріске шығару көлемі теріске шығарылатын хабардың немесе материалдың көлемінен екі есе және одан үлкен болмауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары барлық кандидаттарды және партиялық тізімдерді ұсыну, оларды сайлау комиссияларының тіркеуі жөніндегі іс-шаралар туралы ақпаратты баспасөз бетіндегі орны, эфир уақыты бойынша бірдей көлемде таратуға міндетті.
Бұқаралық ақпарат құралдары тиісті сайлау комиссияларына осы Конституциялық заңда белгіленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы ақпаратты және хабарларды жариялау мүмкіндігін дереу береді.
8. Бұқаралық ақпарат құралдарының лауазымды адамдары, осы Конституциялық заңның 29-бабының 1-тармағында көрсетiлген материалдарды жариялау жағдайларын қоспағанда, кандидаттар мен саяси партиялардың сайлау алдындағы науқан барысында айтқан пiкiрлерi үшін жауапты болмайды.
9. Сайлау науқаны үшiн арнайы әзiрленген баспа материалдарын, соның iшiнде безендiрiлген материалдарды, сондай-ақ омырауға тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегiн таратуды қоспағанда, сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсету, сондай-ақ лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткізу, ақша төлеу не осындайларға уәде беру арқылы сайлау алдындағы үгiттi жүргiзу сайлау алдындағы жөнсiз үгіт деп саналады. Сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Сайлау жарияланған (тағайындалған) кезден бастап, кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға, сондай-ақ олардың атынан немесе оларды қолдап кeз келген жеке және заңды тұлғаларға, ойын-сауық және спорттық iс-шараларын ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық iс-шараларын өткізуге тыйым салынады.
Кандидаттың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім бiлдiрген адамдарының осы тармақта белгiленген ережелердi бұзуы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешімнің күшiн жоюға әкеп соғады.
10. Қандай да бiр адамның бейнесiн - оның жазбаша келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда мұрагерлерінің жазбаша келiсімінсiз пайдалану арқылы сайлау алдындағы үгiт жүргiзуге тыйым салынады.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I Конституциялық Заңымен 28-бап өзгертілді; 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 28-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 28-бап өзгертілді
28-бап. Сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығы
1. Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бiрлестiктерге Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңына, өзге де заң актілеріне сәйкес белгілi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап не қарсы кедергiсiз сайлау алдындағы үгiт жүргiзу құқығына кепiлдiк бередi.
Осы Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.
2. Осы Конституциялық заңға сәйкес белгiленген тiркеу мерзiмi аяқталған кезден бастап, үгіт науқаны аяқталғанға дейiн кандидаттардың, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партиялардың өздерiнiң сайлау алдындағы бағдарламаларын баспасөзде және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарында үгiттеуге және насихаттауға құқығы бар.
Кандидаттардың, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгiт жүргiзуi үшiн бұқаралық ақпарат құралдарына қол жеткізуiнiң тең жағдайына кепiлдiк беріледi.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік береді. Бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін кандидаттарға қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Президенттікке кандидаттар, Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыстарға қатысуға құқылы.
Мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар телевизиядағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады, оларды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыруға құқылы.
Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне кандидаттар телевизиядағы сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатыса алады, оларды тиісті аумақтық сайлау комиссиялары ұйымдастыруға құқылы.
Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу тәртібі мен шарттары бірдей болуға және белгілі бір кандидатқа немесе саяси партияға артықшылық жасамауға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген кандидаттарға және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға шарттық негізде эфир уақытын, баспасөз бетінен орын береді. Кандидаттарға және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарында эфир уақытын, баспасөз бетінен орын беру туралы шарттың талаптары белгілі бір кандидатқа, саяси партияға артықшылық жасамауға тиіс. Эфир және баспасөз бетінен орын бергені үшін төлемнің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралы сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталардан кемінде бес күн бұрын хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ олар Президентті және Парламент депутаттарын сайлау кезінде - Орталық сайлау комиссиясына, мәслихаттар депутаттарын, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде өзге де аумақтық сайлау комиссияларына ұсынылуға тиіс.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының интернет-ресурстарына бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер орналастырылады. Бұқаралық ақпарат құралдары эфир және баспасөз бетінен орын беру төлемінің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бере алмайды.
Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде кандидаттардың, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітіне байланысты мерзімді баспасөз басылымының таралымы барлық кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар үшін бірдей болуға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралы кандидаттардың, партиялық тізімін ұсынған саяси партияның біріне эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге берген келісімі басқа кандидаттарға, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партияларға эфир уақытын, баспасөз бетінен орын бөлуге келісім беруі болып табылады.
Кандидаттардың және партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығу кезектілігі жазбаша өтініштердің келіп түсу ретімен не егер өтініштер бір мезгілде келіп түссе, жеребе бойынша белгіленеді.
Кандидаттардың телевизия мен радиода сөйлеп жатқан сөздерін бөлуге және сөйлеген сөздерінен кейін іле-шала, сондай-ақ баспасөз басылымдарындағы сөздерінен кейін сол нөмірде түсініктеме жасауға тыйым салынады.
4. Жергілікті атқарушы органдар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай береді. Үй-жай беру шарты барлық кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс.
Сайлау комиссиялары жергілікті атқарушы органдармен және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, бөлінген үй-жайда кандидаттардың сайлаушылармен кездесулер кестесін жасайды және оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Тиісті сайлау комиссиялары партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа кандидаттарға плакаттар, листовкалар, ұрандар мен өзге де үгіттiк баспа материалдарын басып шығару үшiн бiрдей мөлшерде ақша бөледi. Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға тыйым салынады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдар тиiстi сайлау комиссияларымен бiрлесiп барлық кандидаттар үшiн үгіттiк баспа материалдарын орналастыру үшiн орын белгiлейдi және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандырады. Үгiттiк баспа материалдары барлық кандидаттар үшiн тең құқықтар қамтамасыз ететiн жағдайда орналастырылады.
Кандидаттар үгiттiк баспа материалдарын тиiстi объект иесiнiң рұқсатымен өзге де орындарда iлiп қоюға құқылы.
Үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда кандидаттың фотосуретiмен және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мәліметтердің стандартты жиынтығымен, бiр нысанда кандидаттар туралы ақпарат орналастырылады.
Сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мәліметтердің стандартты жиынтығынан тұратын бірыңғай форматтағы ақпарат орналастырылады.