7) өзiне жүктелген мiндеттердi, сайлау комиссиясының және оның төрағасының, жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешiмдерi мен нұсқауларын орындауға мiндеттi;
8) азаматтардың сайлау құқықтары мен заңды мүдделерiнің сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, шешiмдер қабылдау кезiнде әдiл және тәуелсiз болуға, сондай-ақ кандидаттар мен партиялық тiзiм ұсынған саяси партиялардың қызметiне жария баға беруден аулақ болуға мiндеттi;
9) өзi өкiлi болып табылатын саяси партияның не өзге де қоғамдық бiрлестiктiң шешiмдерiмен байланысты болмайды және олардың мүдделерiн қорғауға құқығы жоқ.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Сайлау комиссиясының мүшесі:
1) сайлау комиссиясының белгіленген өкілеттік мерзімі өткенде;
2) сайлау комиссиясының қызметі тоқтатылған кезде өз міндеттерінен босатылады.
Жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімі бойынша төмен тұрған сайлау комиссиясының мүшесі:
1) міндеттерін атқарудан босату туралы өз еркімен өтініш берген;
2) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
3) тиісті сайлау комиссиясының құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен;
4) соттың оған қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
5) соттың оны іс-әрекетке қабілетсіз, іс-әрекетке қабілеті шектеулі, хабар-ошарсыз кеткен деп тануы немесе оны қайтыс болған деп жариялағаны туралы шешімі заңды күшіне енген;
6) ол қайтыс болған;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен саяси партия өзін ұсынған саяси партияны тарату туралы шешімді не сот өзін ұсынған саяси партияны тарату туралы заңды күшіне енген шешімді қабылдаған жағдайларда, өз міндеттерінен босатылады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Сайлау комиссиясының мүшесі лауазымдық өкілеттіктерін немесе осы Конституциялық заңның талаптарын бірнеше мәрте бұзған жағдайда, осы сайлау комиссиясының құрамын құрған мәслихат оны лауазымынан босатады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Жоғары тұрған сайлау комиссиясы шығып қалған комиссия мүшесінің орнына сайлау комиссиясының құрамын қалыптастыратын орган осы Конституциялық заңның 10-бабында белгіленген тәртіппен сайлау комиссиясының мүшесін сайлағанға дейін сайлау комиссиясының мүшесін тағайындайды.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Осы Конституциялық заңның 23-бабының 3-тармағында көзделген сайлау учаскелерін құру жағдайларын қоспағанда, сайлау комиссиясы құрамының жартысынан көбі бір ұйымның жұмыскерлері болмауға тиіс.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Сайлау комиссиясының мүшесі осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат орналасқан әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында тұруға тиіс.
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2005.15.04. №44-III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 20-бап өзгертілді; 2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен 20 -бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 20-бап өзгертілді
20-бап. Сайлау комиссияларының қызмeтін ұйымдастыру және олардың әрекеттеріне шағым жасау. Сайлау комиссияларының қызметіндегі жариялылық
1. Сайлау комиссияларының қызмeті алқалылық, жариялылық және ашықтық негізінде жүзeгe асырылады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Алғашқы отырыстарды:
1) Орталық сайлау комиссиясының отырысын - комиссияның Төрағасы комиссия сайланғаннан кейін он төрт күн ішінде;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының отырыстарын - осы комиссияның құрамын қалыптастырған мәслихат айқындаған адам жаңа құрам қалыптастырылғаннан кейін жеті күн мерзімнен кешіктірмей;
3) төмен тұрған сайлау комиссияларының отырыстарын тиісті жоғары тұрған комиссиялардың төрағалары олардың құрамы қалыптастырылғаннан кейін жеті күн мерзімнен кешіктірмей шақырады.
3. Сайлау науқанын әзірлeу мен өткізу кeзeңіндe комиссиялардың отырыстары кeміндe eкі аптада бір рeт өткізіледі. Өзгe уақытта комиссиялар өздeрінің отырыстарын қажeтіне қарай комиссия төрағасының немесе мүшелерінің кeміндe үштeн бірінің бастамашылығымен өткізеді.
4. Егер сайлау комиссияларының отырыстарына комиссия мүшелері жалпы санының кeміндe үштeн eкісі қатысса, олар заңды бoлады.
5. Кoмиссиялардың шeшімдeрі, осы Конституциялық заңда бeлгілeнгeннен өзге жағдайларды қоспағанда, олардың мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Сайлау комиссиясының оның шешімімен келіспейтін мүшелері ерекше пікірін айтуға құқылы, ол дереу жоғары тұрған сайлау комиссиясының назарына жеткізіледі және комиссия отырысының хаттамасына жазбаша нысанда тіркеледі.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Сайлау комиссиялары жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде орналастырылатын, ал осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда өзгедей жариялауға жататын өз шешімдерімен бүкіл адамның еркін танысуы үшін жағдай жасайды.
Сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын даярлау және өткізу кезеңіне тиісті сайлау комиссиясына сайлау тағайындалған немесе жарияланған күннен бастап он күннен кешіктірмей өз өкілін кеңесші дауыс құқығымен жіберуге құқылы.
Партия жарғысына сәйкес уәкілетті адамдар қолдарын қойған және мөрмен расталған, саяси партия өкілін жіберу туралы акт тиісті сайлау комиссиясына жіберіледі. Актіге азаматтың комиссияға кеңесші дауыс құқығымен кіруге келісімі туралы өтініші қоса беріледі.
Сайлау комиссиясы кеңесші дауыс құқығымен сайлау комиссиясының мүшесін тағайындау туралы шешім қабылдайды.
Саяси партиялардың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдеріне ақы төленбейді.
Саяси партияның кеңесші дауыс құқығы бар өкілі сайлау комиссиясының отырысында сөз сөйлеуге, сайлау комиссиясының құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге, сайлау комиссиясының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасауға құқылы.
Саяси партиялардың кеңесші дауыс құқығы бар өкілдері комиссия шешім қабылдаған кезде дауыс бермейді және комиссияның құжаттарына қол қоймайды.
7. Сайлау комиссиясының отырыстарына кандидаттар, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алады.
Депутаттыққа кандидаттар, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар өздеріне қатысты мәселелер қаралатын кезде тиісті сайлау комиссияларының отырыстары мен күн тәртібі туралы алдын ала хабардар етіледі.
Сайлау комиссиясының үй-жайында сайлау процесіне қатысы жоқ бөгде адамдардың болуына тыйым салынады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылған кезден бастап және сайлаушылардың дауыстарын санау кезінде дауыс беру нәтижелері анықталғанға дейін сайлау учаскесінде бір мезгілде әрбір кандидаттан немесе партиялық тізімін ұсынған саяси партиядан сенім білдірілген бір-бір адамнан, қызметтік куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден және Қазақстан Республикасының әрбір саяси партиясынан, өзге де қоғамдық бірлестігінен, басқа да коммерциялық емес ұйымдарынан бір-бір байқаушыдан және аудармашы бірге жүруге құқылы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысуға құқылы.
9. Егер осы Конституциялық заңда шағым жасаудың өзге мерзімдері белгіленбесе, сайлау комиссиясының шешімдеріне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күннің ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер өткеннен соң сайлау комиссиясының шешіміне және іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қарауға жатпайды.
Өтініштер сайлау комиссиясы мен сотта бір мезгілде қаралған кезде сайлау комиссиясы сот шешімі күшіне енгенге дейін өтінішті қарауды тоқтата тұрады. Сот түскен өтініш туралы және оны қарау нәтижелері бойынша сот шешімінің заңды күшіне енгені жөнінде сайлау комиссиясын хабардар етеді.
10. Мeмлeкeттік органдар, ұйымдар, жeргілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ олардың лауазымды адамдары сайлау комиссияларына өздерінің өкілeттіктeрін жүзeгe асыруға көмeк көрсeтугe, оларға қажeтті мәлімeттeр мен материалдар беругe, сайлау комиссияларының өтініштеріне — үш күн мерзім ішіндe, ал сайлау күні және оның қарсаңындағы күні дeрeу жауап қайтаруға міндeтті.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Аумақтық, учаскeлік сайлау комиссияларының мүшелері сайлауды әзірлeу мен өткізу кeзeңіне өздерінің қалауымен комиссияның шeшімі бойынша сайлауды өткізуге бөлінген қаражаттың есебінен ақы төлене отырып, өндірістік немесе қызмeттік міндeттeрін орындаудан бoсатылуы мүмкін.
Сайлау комиссияларының мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде өздерінің негізгі жұмыс орны бойынша орташа айлық жалақысы сақталады. Сайлау комиссияларының өзге мүшелеріне осы кезеңде сайлау өткізуге бөлінген қаражат есебінен кемінде ең төменгі үш жалақы мөлшерінде жалақы белгіленеді.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер болып табылатын мүшелерінің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына, түнгі уақыттағы еңбегіне ақы төлеу сайлау өткізугe бөлінгeн қаражаттың есебінен жүзеге асырылады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Мыналар:
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Парламент, мәслихаттар депутаттары, аудандар (облыстық маңызы бар қалалар), аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері;
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) Президенттікке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкіміне, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне кандидаттар, сондай-ақ кандидаттардың сенім білдірілген адамдары;
3) мемлекеттік саяси қызметші лауазымындағы адамдар;
4) Қазақстан Республикасы соттарының судьялары сайлау комиссияларының мүшелері бола алмайды.
Кандидаттардың жұбайы (зайыбы) мен жақын туыстары, сондай-ақ кандидаттарға тікелей бағынышты адамдар осы кандидат қатысатын сайлауды сайлау округінде тікелей ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ететін сайлау комиссияларының құрамында бола алмайды.
Сайлау комиссиясының мүшесі ретінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасында және екінші бөлігінде көрсетілген адамдардың міндеттерін орындау сайлау комиссиясының шешімімен сайлау науқаны кезеңіне тиісті кандидат тіркелген күннен бастап тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген сайлау комиссиясы мүшесінің орнына тиісті сайлау науқаны кезеңіне жоғары тұрған сайлау комиссиясының шешімі бойынша сайлау комиссиясының мүшесі тағайындалуы мүмкін.
Сайлау комиссияларының құрамына жақын туыстары (ата-аналары, балалары, бала асырап алушылары, асырап алынған балалары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) кіре алмайды.
ҚР 14.04.04 ж. № 545-II Конституциялық Заңымен 20-1-баппен толықтырылды; 2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен 20 -1 - бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20-1-бап. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары
1. Қазақстан Республикасының саяси партиялары, өзге де қоғамдық бірлестіктері, коммерциялық емес ұйымдары байқаушысының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетіліп, жазбаша нысанда куәландырылуға тиіс. Бұл құжат байқаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және ол байқаушының жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына не оны алмастыратын адамға байқаушы туралы деректерді есепке алу журналына енгізу арқылы оны тіркеу үшін көрсетіледі.
2. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары:
1) сайлау комиссиясының отырысына қатысуға;
2) дауыс беруге, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы ақпарат алуға;
3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде тиісті сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында болуға;
4) тасымалданатын сайлау жәшігін бақылап жүруге, соның ішінде оларды тасымалдау кезінде көлік құралында болуға;
5) сайлау учаскесінде, дауыс беруге арналған пунктте дауыс беру барысын, дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелерін ресімдеу рәсімін барлық аталған рәсімдерді анық көру мүмкіндігін қамтамасыз ететін жағдайларда байқауға;
6) тиісті сайлау комиссиясының және (немесе) оның мүшелерінің шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағымдануға;
7) сайлаушылардың дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігі болмаған жағдайда олардың дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруін өткізу кезінде қатысуға;
8) учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін санауы және жоюы кезінде қатысуға;
9) дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фотожазба, дыбысжазба және бейнежазба жасауға;
10) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға;
11) дауыс беру өткізілгеннен кейін дауыс беру қорытындылары туралы сайлау комиссиясының хаттамаларымен танысуға, олардың куәландырылған көшірмелерін алуға;
12) сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын осы Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға бұзушылықтар туралы тиісті жазбаша мәлімдемелерді, актілерді табыс етуге және табыс еткені туралы белгі соқтыруға құқылы. Сайлау комиссиясының төрағасы, оны алмастыратын адам сенім білдірілген адамдардың, байқаушылардың өтініштері бойынша дауыстарды санау хаттамасына олардың жасаған актілерін қоса беруге міндетті.
3. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары:
1) олардың жеке басы мен өкілеттігін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге;
2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдерді қабылдау рәсіміне араласпауға;
3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;
4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;
5) өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге;
6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға;
7) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге міндетті.
4. Қазақстан Республикасы саяси партияларының, өзге де қоғамдық бірлестіктерінің, коммерциялық емес ұйымдарының байқаушылары Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы байқаушыны тіркеудің күшін жоюға құқылы.
2007.19.06 № 268 -III ҚР Конституциялық Заңымен 20-2- баппен толықтырылды; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 20-2-бап өзгертілді
20-2-бап. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері
1. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысуға шақыруды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Сыртқы істер министрі жібере алады.
Шақыру Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі арқылы жіберіледі.
Шақыруда миссия саны мен құрамына, сондай-ақ миссияда гендерлік балансты, елдік өкілдікті қамтамасыз етуге қатысты тілектер қамтылуы мүмкін.
2. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Орталық сайлау комиссиясының жанында аккредиттеледі.
Аккредиттеу үшін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне өз байқаушыларының, өкілдерінің тізімін ұсынады.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары болып табылмайтын жеке тұлғалар аккредиттеуге жатпайды.
Қазақстан Республикасында саяси, экономикалық немесе басқа мүдделері бар не Қазақстан Республикасының, шет мемлекеттің заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған нормаларын бұзғаны үшін олардың аккредиттелуі кері қайтарып алынған (күші жойылған) не аккредиттеуге өтінім бергенге дейінгі бес жыл ішінде қылмыстық іс, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық немесе сайлау кезеңінде заңсыз қызмет жасауда кінәлі деп танылған адамдар ак-кредиттелмейді.
3. Шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болып табылатын, Орталық сайлау комиссиясы белгілеген үлгідегі куәлік беріледі. Аккредиттеуді жүргізу дауыс беру күнінен бес күн бұрын жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
5. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өз мәртебесін Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысы жоқ қызметті жүзеге асыру үшін пайдалануға құқығы жоқ.
6. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің:
1) сайлау процесінің барлық кезеңдеріне қатысуға;
2) сайлау комиссияларында сайлау науқанының барысы туралы ақпарат алуға;
3) дауыс беруді өткізу және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскелеріне кіруге;
4) сайлау процесіне қатысушылармен кездесуге;
5) өздерінің байқағандары, анықталған заң бұзушылықтар туралы сайлау комиссияларының мүшелерін хабардар етуге, ұсынымдар енгізуге;
6) жария мәлімдемелер жасауға;
7) дауыс беру нәтижелері туралы хаттамаларды жоғары тұрған сайлау комиссияларына беру рәсімін байқауға құқығы бар.
7. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері:
1) жеке басын және аккредиттелгенін куәландыратын құжаттарын өздерімен бірге алып жүруге;
2) сайлау процесіне, сайлау комиссиясының дауыстарды санау және шешімдер қабылдау рәсіміне араласпауға;
3) сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттер жасамауға;
4) сайлау учаскесінде сайлау комиссиясы төрағасының тиісті сайлау комиссиясы белгілеген тәртіп ережелерін сақтау жөніндегі талаптарын орындауға;
5) алаламауға, нақты кандидатқа, саяси партияға артықшылық бермеуге;
6) Қазақстан Республикасының осы Конституциялық заңының және өзге де заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті.
8. Осы Конституциялық заңда көзделген жағдайларда Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алуға құқылы.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы Орталық сайлау комиссиясына шет мемлекет, халықаралық ұйым байқаушысының аккредиттелуін кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізуге құқылы.
Шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде Орталық сайлау комиссиясы кері қайтарып алуы мүмкін.
3-тарау. Сайлау округтерi мен учаскелерi
ҚР 06.05.99 ж. № 375-I; 14.04.04 ж. № 545-II (бұр. ред. қара); 2007.19.06 № 268 -III (бұр. ред. қара) Конституциялық Заңдарымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Сайлау округтерi мен олардың жүйесi
2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасында мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін, өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде аумақтық сайлау округтерiнiң жүйесi құрылып, пайдаланады.
2. 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Республика Президентi және бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланатын Мәжіліс депутаттарының сайлауы кезiнде Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бiртұтас жалпыұлттық сайлау округi болып табылады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 41-VІІ ҚР Конституциялық Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында мәслихаттардың депутаттарын, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін сайлау кезінде аумақтық сайлау округі құрылады.
5. Өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының мүшелерiн сайлау кезiнде қалалық және селолық қауымдастықтардың аумақтарын қамтитын көп мандатты аумақтық сайлау округтерi құрылады.
2007.19.06 № 268 -III Конституциялық Заңымен 22-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
22-бап. Сайлау округтерiн құру және олардың шекараларын қайта қарау
1. Сайлау округтерiн аумақтық сайлау комиссиялары құрады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сайлау округтерінің тізімін олардың шекараларын және аумақтық сайлау комиссияларының орналасқан жерлерін көрсетіп, тиісті сайлау комиссиялары сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін он күннен кешіктірмей тиісті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
3. 2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
06.05.99 ж. № 375-I ҚР Конституциялық Заңымен; 14.04.04 ж. № 545-II ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара); 2005.15.04. № 44-III (бұр. ред. қара) ҚР Конституциялық Заңымен; 2009.09.02 № 124-IV ҚР Конституциялық Заңымен (бұр. ред. қара) 23-бап өзгертілді
23-бап. Сайлау учаскелерiн құру
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Аудандар мен қалаларда дауыс берудi өткізу және дауыс санау үшiн тиiстi әкiмдердiң аумақтық сайлау комиссияларымен келісілген шешiмдерiмен сайлау учаскелерi құрылады. Сайлау учаскелерi сайлаушыларға барынша қолайлық туғызу мақсатында, жергiлiктi және өзге жағдаяттар ескерiле отырып, құрылады.
2. Сайлау учаскелерi мынадай жағдаяттар:
1) әрбiр сайлау учаскесiнде үш мыңнан аспайтын сайлаушы болуы;
2) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi әкiмшiлiк-аумақтық құрылым шекарасының сақталуы ескерiле отырып құрылады.
3) алынып тасталды
3. Қазақстан Республикасына қарайтын әскери бөлiмдерде және сайлау күнi жүзуде жүрген кемелерде, демалыс үйлерiнде, санаторийлерде, тұрақты емдеу-профилактикалық мекемелерiнде, шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда орналасқан азаматтар тұратын мекендерде, алыс мал шаруашылығы учаскелерiнде, тергеу изоляторлары мен уақытша ұстау изоляторларында олардың орналасқан жерi, кеменiң тiркелген порты немесе тұрған жерi бойынша тиiстi сайлау округтерiне кiретiн сайлау учаскелерi құрылады.
Шет мемлекеттердегi Қазақстан Республикасы өкiлдiктерiнiң жанынан Республика Сыртқы iстер министрлігі орналасқан аумақтағы сайлау округiне қарайтын сайлау учаскелерi құрылады.
4. Сайлау учаскелерiн құру кеме капитандарының, бөлiмдер немесе әскери құрамалар командирлерiнiң, осы баптың 3-тармағында аталған мекемелер басшыларының тиiстi әкiмдер мен Республиканың Сыртқы iстер министрлігінiң ұсыныстарына сәйкес жүзеге асырылады.
2018.29.06. № 162-VІ ҚР Конституциялық Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Тиісті әкімдер сайлау тағайындалғаннан немесе жарияланғаннан кейін - он бес күн мерзімде, ал өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды өткізген кезде жеті күн мерзімде сайлаушыларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау учаскелерінің шекаралары туралы құлақтандырады.