160-бап. Медициналық оңалту (абилитациялау)
1. Медициналық оңалтуды (абилитациялауды) медициналық жұмыскерлер клиникалық хаттамаларға, медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
Медициналық абилитация туа біткен функционалдық шектеулері бар балалар үш жасқа толғанға дейін жүргізіледі.
2. Медициналық ұйым медициналық көрсетілетін қызметтердің көлемін, оңалтуды (абилитациялауды) жүргізу түрлері мен мерзімін көрсете отырып, мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың (абилитациялаудың) жеке бағдарламасының медициналық бөлігін әзірлейді, оны орындауды жүзеге асырады.
3. Мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балаларды санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету осы Кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.
4. Осы баптың 5 және 6-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емделуге шығыстарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс беруші өтейді.
5. Жұмыс берушіге қатысты оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі.
6. Жұмыс беруші-дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған жағдайда, жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға санаторийлік-курорттық емдеу осы баптың 3-тармағына сәйкес беріледі.
161-бап. Әлеуметтік абилитациялау және оңалту
1. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік абилитациялау және оңалту мыналарды:
1) техникалық көмекші (компенсаторлық) және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етуді және оларды пайдалануға үйретуді;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынуды;
3) жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін жеке көмекшінің қызметін ұсынуды;
4) есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамға ымдау тілі маманының қызметтерін ұсынуды;
5) уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік абилитациялау мен оңалтудың өзге де түрлерін қамтиды.
2. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік абилитациялау мен оңалтуды психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияларды, оңалту орталықтарын, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерін қоса алғанда, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру саласында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдар, сондай-ақ басқа да мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
162-бап. Мүгедектігі бар адамдарға протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын беру
1. Мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің сыныптаушысына сәйкес есту протезі көмегімен, протездік-ортопедиялық көмек пен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
2. Есту протезі көмегімен, протездік-ортопедиялық көмек пен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда қамтамасыз ету осы Кодекстің 169-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.
3. Протездік-ортопедиялық көмек протездеу, мүгедектігі бар адамдарды жеке тапсырыстар бойынша дайындалатын протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз ету бойынша медициналық қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады.
Протездік-ортопедиялық көмекті көрсетуші дайындалатын протездік-ортопедиялық құралдың сипаттамасына байланысты стационарлық протездеу қажеттілігін айқындайды.
Есту протезі көмегі протездеу бойынша медициналық қызметтер көрсетуден, кохлеарлық импланттың сөйлеу процессорын ауыстыру және теңшеу бойынша қызметтер көрсетуден, сондай-ақ оларды пайдалануды үйретуден тұрады.
Стационарлық протездеуге және (немесе) протездеуге баруға байланысты шығыстарды төлеу уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен жеке бағдарламаға сәйкес протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етіледі.
5. Жұмыс беруші-дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылған немесе заңды тұлға таратылған, сондай-ақ оны банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамға протездік-ортопедиялық көмек, техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар және арнаулы жүріп-тұру құралдары осы баптың 1-тармағына сәйкес беріледі.
6. Техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сертификаттау жүйесінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан міндетті түрде сертификаттауға жатады.
163-бап. Мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну
1. Мүгедектігі бар адамдарға жеке бағдарламаға сәйкес уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жеке көмекшінің және (немесе) ымдау тілі маманының қызметтері ұсынылады.
2. Жеке көмекшінің қызметтері жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен күніне сегіз сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
Жүріп-тұруы қиын, бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекшінің қызметтері оған күтім жасайтын адамға осы Кодекстің 187-бабында көзделген тәртіппен мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған және төленген кезде ұсынылмайды.
Жеке көмекші қызметін Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған шарт негізінде жүзеге асырады.
Мыналар:
1) психикалық саулық саласында медициналық көмек көрсететін мамандандырылған ұйымдарда есепте тұрған;
2) медициналық қорытынды негізінде денсаулық жағдайы бойынша қызмет көрсетуге қарсы көрсетілімдері бар;
3) он сегіз жасқа толмаған;
4) жұмыспен қамтудың белсенді шаралары шеңберінде кәсіптік оқытудан өтпеген адам;
5) бірінші топтағы мүгедектігі бар адам үшін жеке көмекші оның жақын туысы болып табылатын жағдайды қоспағанда, осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
6) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
7) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адам жеке көмекші бола алмайды.
3. Есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының қызметтері уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жылына алпыс сағаттан аспайтын есеппен ұсынылады.
4. Мүгедектігі бар адамдар жеке бағдарламаға сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жеке көмекшіні және (немесе) ымдау тілі маманын таңдауды жүзеге асырады.
Жеке көмекшінің және ымдау тілі маманының қызметтеріне ақы төлеуді жергілікті атқарушы органдар кепілдік берілген сома шегінде жүргізеді.
164-бап. Мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну
1. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен стационар, жартылай стационар жағдайларында және үйде көрсетіледі.
2. Мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуды осы Кодекстің 135-бабына сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілер жүзеге асырады.
165-бап. Мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту
1. Мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оңалту кәсіптік бағдарлауды, кәсіптік оқытуды (қайта оқытуды), жұмысқа орналастыруды қамтиды және осы Кодекстің 10-тарауына сәйкес іске асырылады.
2. Жұмыс берушінің кінәсінан жұмыста мертіккен және (немесе) кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды кәсіптік оқытуды немесе қайта оқытуды, оларды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруды жұмыс беруші осы Кодекске сәйкес меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.
3-параграф. Мүгедектігі бар адамдарды тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету тәртібі
166-бап. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы
1. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы - осы Кодекске сәйкес мүгедектігі бар адамдар үшін өнім берушілер ұсынатын тауарлар мен көрсетілетін қызмет тердің құнын жергілікті атқарушы органдардың кепілдік берілген сома шегінде өтеуі шарттарымен оларға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін білдіретін ақпараттандыру объектісі.
2. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталын сүйемелдеуді және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы жүзеге асырады.
3. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты мүгедектігі бар адамдар мен тауарларды және көрсетілетін қызметтерді берушілер арасындағы қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен, Қазақстан Республикасының тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңнамасымен, сондай-ақ нысанын уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында жасалатын шартпен реттеледі.
167-бап. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тауарларды және көрсетілетін қызметтерді берушілер
1. Заңды тұлғалар және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілер болып табылады.
2. Тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді берушілерді әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеу немесе тіркеуден шығару, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына рұқсат беру әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссияның қорытындысын алғаннан кейін уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - комиссия) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімі бойынша құрылады және өз қызметін уәкілетті мемлекеттік орган бекіткен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталының мәселелері жөніндегі комиссия туралы үлгілік ережеге сәйкес тұрақты негізде жүзеге асырады.
4. Жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы ұсынылатын тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің өнім беруші мәлімдеген сипаттамаларының мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкестігін мониторингтеуді жүзеге асырады.
5. Комиссия жергілікті атқарушы органның, мүгедектігі бар адамдардың және әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркелген тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің жолданымдарын қарайды, бұзушылықтар анықталған кезде жою қажеттілігі туралы хабарлама жібереді. Хабарламада көрсетілген мерзім ішінде жойылмаған жағдайда комиссия өнім берушіні әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталынан шығару туралы шешім қабылдайды.
6. Әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында мынадай:
1) сәйкестігі міндетті растауға жататын берілетін тауарларға сәйкестік сертификаты немесе сәйкестік туралы декларациясы бар;
2) мемлекеттік тіркелуге және қайта тіркелуге тиісті медициналық бұйымдарға жататын техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарын беру кезінде тіркеу куәлігі бар;
3) берілетін тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар, арнаулы жүріп-тұру құралдары және көрсетілетін қызметтер сыныптауышының талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынған;
4) салық берешегі және әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
5) банкроттық не тарату рәсіміне жатпайтын;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілмеген;
7) Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының сенімсіз әлеуетті өнім берушілері (өнім берушілері) тізбесіне енгізілмеген;
8) тауарларды өткізу және (немесе) қызметтер көрсету үшін олардың шыққан жерін, сипаттамасын және бағасын растайтын құжаттарды ұсынған;
9) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айналысу үшін лицензия алу талап етілетін қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар;
10) ымдау тілі маманы қызметін көрсету кезінде біліктілігін растайтын құжаты бар өнім берушілер тіркеледі.
Осы баптың бірінші бөлігінің талаптары жеке көмекші көрсететін қызметтерге қолданылмайды.
7. Өнім беруші әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталынан тіркеуден:
1) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығару туралы өтініш берген;
2) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға қайтыс болған немесе қызметі тоқтатылған, заңды тұлғаның қызметі тоқтатылған;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген;
4) Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңнамасында көзделген сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне және (немесе) Ұлттық әл-ауқат қорының сенімсіз әлеуетті өнім берушілері (өнім берушілері) тізбесіне енгізілген;
5) комиссия осы баптың 2-тармағына сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталынан тіркеуден шығару туралы қорытынды шығарған жағдайларда шығарылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 3), 4) және 5) тармақшаларына сәйкес әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталынан тіркеуден шығару өнім берушіні тіркеуден шығару күніне әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы өзіне алған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көрсетілген жағдайда мүгедектігі бар адам өнім берушінің алған міндеттемелерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны туралы өзіне белгілі болған күннен бастап күнтізбелік он төрт күннен кешіктірмей әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тиісті ақпаратты орналастырады.
Комиссия осы ақпаратты орналастырылған күнінен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды, өнім беруші тарапынан бұзушылықтардың болғанын немесе болмағанын айқындайды.
Өнім беруші осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тіркеуден шығарылған жағдайда әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында кейіннен тіркеу ол туралы мәліметтер тиісті тізілімнен және (немесе) тізбеден алып тасталғаннан кейін мүмкін болады.
Өнім беруші осы тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасында көзделген негіздер бойынша әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталынан тіркеуден шығарылған жағдайда оны әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында кейіннен тіркеу тіркеуден шығарылған күнінен бастап кемінде бір жыл өткен соң мүмкін болады.
8. Өнім беруші әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында мүгедектігі бар адамдарға берілетін техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар, арнаулы жүріп-тұру құралдары және көрсетілетін қызметтер сыныптауышының талаптарына сәйкес келетін тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді өткізеді.
Өнім берушілер әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сапасы тиісті емес және (немесе) ұсынылған сипаттамаларға сәйкес келмейтін тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді өткізу фактісі анықталған, сондай-ақ әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында жасалатын шарттың талаптарын орындамаған жағдайда олардың құны өнім берушілердің қаражаты есебінен өтеледі.
168-бап. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету
1. Мүгедектігі бар адамдар тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тапсырыстарды жеке бағдарламадағы ұсынымдарға сәйкес жүзеге асырады.
2. Мүгедектігі бар адам тауарларды және (немесе) көрсетілетін қызметтерді сатып алуға тапсырыс беруді оған әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталына жеке бағдарлама іс-шараларының жіберілгені туралы хабарланған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырады.
3. Мүгедектігі бар адамның тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға, бірақ уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен белгіленетін кепілдік берілген сомадан аспайтын сомаға өтетіп алуға құқығы бар.
Мүгедектігі бар адам кепілдік берілген сома мен сатып алынған тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің нақты құны арасындағы айырмашылықты меншікті қаражаты есебінен өзі дербес төлейді.
4. Мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің бірінің санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар.
5. Тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген сома уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен және мөлшерде төленеді.
169-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету
Мүгедектігі бар адамдар Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес мынадай:
1) комиссияның қорытындысы негізінде әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді берушілер болмаған;
2) протездік-ортопедиялық көмекпен, есту аппараттарымен қамтамасыз ете отырып, есту протезі көмегімен, кохлеарлық импланттың сөйлеу процессорын ауыстыру және теңшеу жөніндегі қызметпен, мүгедектігі бар адамдардың жеке тапсырыстары бойынша дайындалатын арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілетін жағдайларда тауарлармен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз етіледі.
4-параграф. Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау
170-бап. Мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуға құқығы
1. Мүгедектігі бар адамдардың:
1) мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
2) еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем;
3) мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы);
4) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы (бұдан әрі - күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы) түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
2. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
3. Жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілердің және өзге де ұйымдардың шешімі бойынша мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шаралары берілуі мүмкін.
171-бап. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындау мен төлеу тәртібі
1. Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны, күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақыны (бұдан әрі - мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар) тағайындауға мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші негіз болып табылады.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде болған кезде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі оған өтініш беруге жәрдемдеседі.
Бұл ретте бірінші топтағы мүгедектігі бар сотталған адам өзіне күтім жасайтын адамның кандидатурасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің басшысымен келіседі.
2. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем тағайындауға еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының немесе оның заңды өкілінің өтініші негіз болып табылады.
3. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде оларды тағайындау үшін өтініш беру талап етілмейді.
4. Уәкілетті мемлекеттік орган:
мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, төлеу, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;
еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу (айқындау), оны тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау;
мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақыны, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.
5. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі белгілеген мүгедектіктің бүкіл кезеңіне тағайындалады.
Бірінші топтағы мүгедектігі бар адам қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде болған кезде оған күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның қылмыстық жазалау мерзімі аяқталғанға дейін тағайындалады.
6. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі белгілеген еңбекке қабілеттіліктен айырылудың бүкіл кезеңіне әлеуметтік төлемге құқық туындаған күннен бастап, бірақ міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған мерзімнен асырылмай тағайындалады.
7. Еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем әлеуметтік төлем тағайындауға жүгінген уақытта жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан тағайындалады.
172-бап. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдем ақыларды, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындауға өтінішті қабылдаудан және тағайындаудан бас тарту
1. Мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындауға өтінішті қабылдаудан бас тартуға:
1) мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыларды, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау, жүзеге асыру, оларды тағайындау үшін проактивті көрсетілетін қызмет арқылы өтініш беру немесе келісу фактілерін растайтын мәліметтерді уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен алу;
2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды және (немесе) мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыларды, еңбекке қабілеттіліктен айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдау күніне қолданылу мерзімі өтетін құжаттарды ұсынуы;
3) жеке басты куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын, оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауыстырудан басқа) оларды тағайындау үшін қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;