4) көпбалалы отбасыларды және мүгедектігі бар балаларды, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды қамтитын отбасыларды қоспағанда, өзінің (өздерінің) меншігінде бір бірліктен көп техникалық жағынан жарамды жеңіл автомобильдің болуы;
5) өзінің (өздерінің) меншігінде және (немесе) уақытша иелігінде, пайдалануында техникалық жағынан жарамды жағдайда ауыл шаруашылығы техникасының және (немесе) жолаушыларды, багажды, жүкті тасымалдауды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын автобустың және (немесе) шағын автобустың және (немесе) жүк көлігінің және (немесе) мамандандырылған және (немесе) арнаулы көлік құралының не теңіз және (немесе) ішкі су және (немесе) әуе көлігінің болуы негіз болып табылады.
Атаулы әлеуметтік көмек беру қажеттілігінің болмауы туралы қорытынды шығару үшін қосымша негіздерді жергілікті атқарушы орган жергілікті өкілді органның келісімі бойынша белгілейді.
2. Учаскелік комиссиялардың тексеру жүргізу үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратуға құқығы бар.
126-бап. Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін айқындау
1. Адамға (отбасына) атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін уәкілетті орган жан басына шаққандағы орташа кіріс пен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада отбасының әрбір мүшесіне есептегенде белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырма түрінде есептейді.
2. Осы Кодекске сәйкес балаларға қосымша төлем бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға қоса алғанда, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезеңіне жүргізіледі.
3. Атаулы әлеуметтік көмекті алушы атаулы әлеуметтік көмек мөлшерінің өзгеруі немесе оны алу құқығы үшін негіз бола алатын мән-жайлар туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде - мансап орталығын, ал ауылдық жерде кент, ауыл, ауылдық округ әкімін хабардар етуге міндетті.
4. Өтініш жасаудан алдыңғы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа кіріс және тағайындалған атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері мынадай жағдайларда:
отбасының құрамы өзгерген жағдайда - отбасы құрамы өзгерген күннен бастап;
өтініш берушінің атаулы әлеуметтік көмекті алу мақсатында жалған мәліметтерді және (немесе) анық емес құжаттарды беруін қоспағанда, отбасының жиынтық кірісін айқындау кезінде ескерілмеген фактілер немесе мәліметтер анықталған жағдайда өтініш жасалған айдан бастап қайта есептеледі.
Атаулы әлеуметтік көмектің артық төленген және (немесе) заңсыз алынған сомалары ерікті түрде, ал одан бас тартылған жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға жатады.
Атаулы әлеуметтік көмектің артық төленген және (немесе) заңсыз алынған сомалары одан әрі алу кезінде келесі төлемдерден ұсталады.
5. Атаулы әлеуметтік көмек саласындағы есепті құжаттаманың нысандарын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
127-бап. Жан басына шаққандағы орташа кірісті есептеу
1. Атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін айқындау атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасалған кезде ұсынылған өтініштің және (немесе) Отбасының цифрлық картасының және (немесе) ұйымдардың деректері негізінде алынған мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, үй малын, құсты және жер учаскесін (жер үлесін) кіріс бермейді деп айқындауға құқылы.
Атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық кірісін есептеу қағидаларын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
2. Жан басына шаққандағы кіріс атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда алынған жиынтық кірісті отбасы мүшелерінің санына және үш айға бөлу жолымен есептеледі.
128-бап. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тарту
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартуға:
1) отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісінің облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен асуы;
2) учаскелік комиссияның материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш берушінің бас тартуы;
3) адамның (отбасының) материалдық жағдайын тексеру нәтижелері бойынша дайындалған, учаскелік комиссияның мұқтаждықтың жоқтығы туралы қорытындысы;
4) осы Кодекстің 122-бабының 4-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, отбасының еңбекке қабілетті мүшесінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысудан бас тартқан күннен бастап алты ай ішінде бас тартуы;
5) алушының кінәсінан бұрын жасалған әлеуметтік келісімшартты бұзу және (немесе) әлеуметтік келісімшартта көзделген міндеттемелерді орындамау - атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға қайталап өтініш бергеннің алдындағы алты ай ішінде;
6) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін көрінеу жалған мәліметтер және (немесе) анық емес құжаттарды олар ұсынылған күннен бастап алты ай ішінде ұсыну негіз болып табылады.
129-бап. Атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату
Атаулы әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату үшін:
1) атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушінің қайтыс болуы;
2) атаулы әлеуметтік көмекке өтініш берушінің республикалық не облыстық маңызы бар басқа қалаға, ауданға немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуі;
3) әлеуметтік келісімшарттың талаптарын және жеке жоспардың іс-шараларын, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу және жұмысқа орналастыру жөніндегі іс-шараларды толық көлемде орындамауға байланысты әлеуметтік келісімшартты бұзу;
4) атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз тағайындауға және (немесе) төлеуге әкеп соққан жалған мәліметтерді және (немесе) анық емес құжаттарды ұсыну негіз болып табылады.
130-бап. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың және төлеудің дұрыстығын мониторингтеу
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың және төлеудің дұрыстығын мониторингтеуді уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар тиісті бюджеттің атқарылуын бақылау шеңберінде жүзеге асырады.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауды және төлеуді әдіснамалық тұрғыдан басқаруды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
12-тарау. АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕР
1-параграф. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жүйесі
131-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алу құқығы
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдар (отбасылар) осы Кодексте көзделген тәртіппен және жағдайларда арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер алуға құқылы.
132-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің түрлері
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемін қамтиды.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің бірыңғай тізбесі болып табылады және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдарға (отбасыларға) бюджет қаражаты есебінен беріледі.
3. Осы Кодекстің 133-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемі облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) жергілікті өкілді органдары бекіткен тізбе мен тәртіпке сәйкес арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметті алушының қаражаты есебінен беріледі.
4. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы тиісті уәкілетті органдар мен өзге де тиісті орталық атқарушы органдар бекітетін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету стандарттарына сәйкес болуға тиіс.
5. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандарға арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынудың тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
133-бап. Адамды (отбасын) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танудың негіздері
1. Адам (отбасы) мынадай негіздер:
1) жетімдік;
2) ата-ана қамқорлығының болмауы;
3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық;
4) кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;
5) туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерінің шектелуі;
6) мүгедектік және (немесе) дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;
7) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;
8) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы;
9) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;
10) баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);
11) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;
12) пробация қызметінің есебінде болу бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылады.
2. Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездіктің болуын бағалау өлшемшарттарын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органмен және білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп айқындайды.
Жасалған әрекеттер бойынша қылмыстық іс қозғау фактісінің болуына қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, адам, оның ішінде кәмелетке толмаған балалар саудасына, оларды қанаудың басқа да түрлеріне, сондай-ақ адам ұрлауға байланысты іс-әрекеттер әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездіктің нысандары болып табылады.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж емес адамға (отбасына) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен көрсетілетін қызметтерді алушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
134-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамның (отбасының) құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адамның (отбасының):
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің көрсетілуіне жүгінуге;
2) өзінің құқықтары, міндеттері мен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің ұсынылу шарттары туралы ақпарат алуға;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер қажеттілігіне бағалау жүргізуге және оны айқындауға қатысуға;
4) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандарды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген және кепілдік берілгеннен тыс көлемін көрсететін субъектілерді таңдауға;
5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алуға немесе олардан бас тартуға;
6) лауазымды адамдардың, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілердің әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасы заңдарында белгіленген тәртіппен жоғарғы тұрған органға, сотқа шағым жасауға;
7) лауазымды адамдарға немесе арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілерге мәлім болған жеке сипаттағы ақпараттың құпиялылығына құқығы бар.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адам (отбасы):
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер қажеттілігін айқындау және оны көрсету туралы шешім қабылдау үшін толық және анық ақпарат беруге;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау процесіне кедергі жасамауға;
3) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға қамқорлық жасауға және бірлесіп жауапты болуға;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету субъектілерін оларды көрсетуге әсер ететін мән-жайлардың өзгергені туралы уақтылы хабардар етуге;
5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйым мамандарының ұсынымдарын орындауға;
6) әлеуметтік жұмыскерлердің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
7) Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
135-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілердің құқықтары мен міндеттері
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілер:
1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасындағы үкіметтік емес ұйымдар үшін стратегиялық әріптестіктерді, гранттар мен сыйлықтарды іске асыру бойынша бюджет қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша конкурстарға қатысуға;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген және кепілдік берілгеннен тыс көлемін көрсетуге;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің көлемі мен түрлеріне бағалау жүргізу және оны айқындау үшін қажетті ақпаратты жергілікті атқарушы органдардан сұратуға және алуға құқылы.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілер:
1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету стандарттарын сақтауға;
2) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылардың және олардың отбасы мүшелерінің қадір-қасиетін құрметтеуге;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушыларға және олардың отбасы мүшелеріне қатысты адамгершілікпен қарауға және кемсітушілік әрекеттерге жол бермеуге;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету кезінде құпиялылықты қамтамасыз етуге;
6) әлеуметтік жұмыскерлерді даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді көрсететін ұйымдар қызметінің тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
136-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі - жергілікті атқарушы органдармен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету туралы шарт жасасқан ұйымдардың электрондық тізбесі.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын ұйымдардың тіркелімі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталында электрондық түрде қалыптастырылады.
3. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер тіркелімінде қамтылатын мәліметтер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін ұйымдардың келісімімен жалпыға бірдей қолжетімді болып табылады.
2-параграф. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу
137-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу адамды (отбасын) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп тану негіздерін анықтауға және олардың алдын алуға бағытталған.
138-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жергілікті атқарушы органдар белгіленген құзыреттері шегінде:
1) адамды (отбасын) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге ықтимал мұқтаж деп тануға болатын негіздерді анықтау;
2) адамның (отбасының) тыныс-тіршілігі жағдайларын тексеру, осы жағдайлардың нашарлауына әсер ететін себептерді айқындау;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауын болдырмауға ықпал ететін жеке іс-шаралар жоспарын жасау;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу нәтижелерін талдау;
5) тармақша 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5) Отбасының цифрлық картасының деректері негізінде адамның (отбасының) әлеуметтік әл-ауқатын мониторингтеу және болжамдау арқылы жүзеге асырады.
3-параграф. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру және көрсету
139-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге жүгіну
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) тұрғылықты жері бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге өтініш беру арқылы жүгінеді.
2. Баспанасыздық (тұрғылықты жері анықталмаған адамға), әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау салдарынан арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамға (отбасына) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер тұрғылықты жеріне қарамастан ұсынылады.
3. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамның (отбасының) мүддесі үшін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсету туралы өтінішті адамның (отбасының) өз бетінше бере алмау себебін көрсете отырып:
1) отбасының ересек мүшелерінің біреуі;
2) қамқоршысы (қорғаншысы);
3) кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі;
4) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес сенімхаты бар адам;
5) мынадай:
әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау;
баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамға) салдарынан арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамға (отбасына) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъект;
6) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықтың туындауының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырған ұйым жүгіне алады.
140-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаждықты бағалау және айқындау жөніндегі әлеуметтік жұмыскер айқындайтын арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамның (отбасының) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілігін бағалау және айқындау негізінде жүзеге асырылады.
2. Мыналар:
1) тыныс-тіршіліктің шектелуі;
2) әлеуметтік бейімсіздік;
3) әлеуметтік депривация;
4) қолайсыз әлеуметтік орта арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікке бағалау жүргізу және оны айқындау кезіндегі өлшемшарттар болып табылады.
141-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну
1. Адам саудасына және баспанасыздыққа байланысты әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қарау салдарынан арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарды қоспағанда, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсыну аудандардың, облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімі негізінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарға (отбасыларға) мынадай:
1) әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жеке бағдарламаға сәйкес осы Кодекстің 133-бабы 1-тармағының 6) тармақшасында;
2) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікпен қараудың болуын бағалау өлшемшарттарына сәйкес осы Кодекстің 133-бабы 1-тармағының 9) тармақшасында;
3) өтініш негізінде осы Кодекстің 133-бабы 1-тармағының 10), 11) және 12) тармақшаларында;
4) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша осы Кодекстің 133-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша бюджет қаражаты есебінен ұсынылады.
2. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушының қаражаты есебінен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) мен арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер жасасатын шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Кодекстің 133-бабы 1-тармағының 6) және 8) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдар (отбасылар) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар тіркеліміне енгізілген ұйымдардың ішінен субъектілерді таңдау әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады.
4. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынудан бас тартуға мыналар:
1) осы Кодекстің 133-бабында көрсетілген негіздерге сәйкес келмеуі;
2) ұсынылған мәліметтер мен құжаттардың анық болмауы;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынуға медициналық қарсы көрсетілімдердің болуы негіз болып табылады.
142-бап. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілерді қаржыландыру
1. Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер көрсететін субъектілерді қаржыландыру:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты;
2) кепілдік берілген көлемнен тыс арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынудан алынған қаражат;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
2-тармақ 2025 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қорғау саласындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсынатын субъектілерді қаржыландыру уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге тарифтер белгілеу қағидалары мен әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер ұсыну тарифтерін жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
4-параграф. Ұлттық алдын алу тетігі
143-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
1. Ұлттық алдын алу тетігі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптау және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарым-қатынастар мен жазалау түрлерінің алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар өз қызметі шеңберінде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерге және осы қатысушылардың баруы (бұдан әрі - алдын ала бару) үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарға барады.
3. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін қоғамдық байқау комиссияларының және азаматтардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар болып табылады.
4. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметін үйлестіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.
5. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
144-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл құратын комиссия Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан сайлайды.
2. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
1) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
2) ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларды іріктеу тәртібін;
3) алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардан топтар құру тәртібін;
4) алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;
5) алдын ала бару қорытындысы бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау тәртібін бекітеді.