2. Жұмыс іздеуші адамның немесе жұмыссыз адамның келісуімен ғана тұрғылықты жерін өзгертуге байланысты лайықты жұмыс ұсынылуы мүмкін.
Тұрғылықты жерден лайықты жұмысқа көлікпен жетудің қолжетімділігін мансап орталықтары қоғамдық көлік қозғалысы маршруттарының болуын және лайықты жұмыстың тұрғылықты жерден қашықтығын ескере отырып айқындайды.
3. Бірінші рет жұмыс іздеп жүрген, бірақ кәсібі (мамандығы) жоқ, сондай-ақ екі жылдан артық жұмысы болмаған адамдар үшін алдын ала кәсіптік даярлауды талап ететін жұмысты, ал оны ұсыну мүмкін болмаған жағдайда - адамдардың жас шамасы мен өзге де ерекшеліктері және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптары ескеріле отырып, ақы төленетін басқа жұмысты (уақытша сипаттағы жұмысты қоса алғанда) лайықты жұмыс деп есептеуге болады.
4. Мүгедектігі бар адам үшін оның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі ескеріле отырып, оған қолжетімді болуы қамтамасыз етілген жағдайдағы жұмыс, ал үш жасқа дейінгі балаларды күтумен айналысатын адамдар үшін икемді және толық емес жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс лайықты жұмыс деп есептеледі.
5. Алдын ала даярлықты талап ететін немесе талап етпейтін (азаматтардың жас шамасы мен өзге де ерекшеліктерін ескере отырып) уақытша сипаттағы жұмыс:
1) бірінші рет жұмыс іздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар;
4) ұзақ (екі жылдан астам) үзілістен кейін еңбек қызметін қайта жалғастыруға талпынғандар, сондай-ақ мансап орталықтары оқуға жібергендер және дәлелсіз себеппен оқуын тоқтатқандар;
5) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлем тоқтатылғаннан кейін кәсіптік оқытудан немесе қосымша білім алудан бас тартқан адамдар қатарындағы жұмыс іздеуші адамдарға және жұмыссыздарға лайық деп есептеледі.
102-бап. Платформалық жұмыспен қамту
1. Платформалық жұмыспен қамту интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрін білдіреді.
2. Платформалық жұмыспен қамтудың тараптары:
1) интернет-платформаның операторы (бұдан әрі - Оператор) - интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау бойынша байланыстар орнату және мәмілелер жасасу үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөніндегі қызметтерді интернет-платформаны пайдалана отырып көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
2) тапсырыс беруші - интернет-платформада тіркелген, онда қызметтер көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға тапсырыс орналастыратын жеке немесе заңды тұлға;
3) орындаушы - интернет-платформада тіркелген, жария шарт негізінде интернет-платформаларды пайдалана отырып, тапсырыс берушілерге қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын жеке тұлға, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға.
3. Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру үшін тапсырыс беруші мен орындаушы интернет-платформада және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасында тіркеледі.
Оператор мен тапсырыс беруші, сондай-ақ орындаушы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес реттеледі.
4. Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшаларын пайдалана отырып қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау үшін орындаушы-заңды тұлға жұмыскерлерді тартқан жағдайда, олармен еңбек қатынас тары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ресімделеді.
103-бап. Жұмыс берушілердің халықты жұмыспен қамтуға қатысуы
1. Жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
2) персоналды кәсіптік оқыту жүйесін дамыту;
3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы кадрлар даярлау;
4) құрылымдық өзгерістер барысында білікті жұмыскерлердің кадрлық әлеуетін сақтау және ұтымды пайдалану;
5) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын ұсыну;
6) жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген, оның ішінде мансап орталықтары, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жіберген адамдарды бар бос орындарға ұйымдарда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес қабылдау;
7) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құру;
8) мансап орталықтарына (еңбек мобильділігі орталығына) және (немесе) Электрондық еңбек биржасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындарды және жұмыс орындарының болжамды құрылуы туралы деректерді беру;
9) жұмыс орындарын құру жолымен қатысады.
2. Жұмыс беруші:
1) мемлекеттік қызметшілердің, сайланбалы мемлекеттік лауазымдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті және мәслихаттары депутаттарының, судьяларының, әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің бос лауазымдарын қоспағанда, бос орындар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бос орындардың бар-жоғы туралы мәліметтерді Электрондық еңбек биржасына еңбек жағдайлары мен төлемін көрсете отырып орналастыруға;
2) мансап орталығына (еңбек мобильділігі орталығына) жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметінің тоқтатылуына не жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты алдағы уақытта жұмыскерлердің жұмыстан босатылатыны туралы, босатылу қатысты болуы ықтимал жұмыскерлердің саны мен санаттары туралы ақпаратты жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің лауазымдары мен кәсіптерін, мамандықтарын, біліктілігі мен еңбегіне төленетін ақының мөлшерін және олар босатылатын мерзімдерді көрсете отырып, босату басталғанға дейін бір айдан аз уақыт бұрын жазбаша немесе Электрондық еңбек биржасы арқылы толық көлемде беруге;
3) жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, жұмыссыз адам оқуын аяқтағаннан кейін оны өз өтінімі бойынша мәлімделген жұмыс орнына орналастыруға немесе мансап орталығының (еңбек мобильділігі орталығының) оқытуға жұмсаған шығыстарын өтеуге;
4) жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін белгіленген квотаны орындауға;
5) жұмысқа қабылдау үшін бос орындар туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
6) осы Кодекске сәйкес зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік аударымдарды жүргізуге;
7) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуге (ұстап қалуға) және аударуға (төлеуге) міндетті.
3. Жұмыс берушінің:
1) өзіне тікелей жүгінген адамдарды мансап орталықтары, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жіберген адамдармен теңдей жағдайда жұмысқа қабылдауға;
2) еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпаратты өтеусіз негізде алуға;
3) мансап орталықтарынан жұмыссыздарды іріктеу және жұмысқа орналасуға жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
4) уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға;
5) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға құқығы бар.
2-параграф. Консультация және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
104-бап. Мансап орталықтары жұмыскерлерінің консультациясы
Мансап орталықтарының жұмыскерлері жүгінген адамдарға:
1) бос тұрған (бос) жұмыс орындарының болуы және сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде жұмыс орындарының болжамды құрылатыны туралы;
2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері мен шарттары;
3) жұмыс іздеуші адамдар мен жұмыссыздардың кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат береді.
105-бап. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
1. Жұмыс іздеуші адамдардың, жұмыссыздардың, қандастардың, сондай-ақ студенттердің, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының әлеуметтік кәсіптік бағдар алуға құқығы бар.
2. Әлеуметтік кәсіптік бағдар:
1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша жұмысқа орналасу немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби ақпарат беруді;
2) адамның кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктердің негізінде жұмыс орны мен кәсіп таңдауда кәсіби консультацияны;
3) адамдардың нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтау арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.
3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Мансап орталықтары әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінде және (немесе) Электрондық еңбек биржасында орналастырады.
3-параграф. Еңбек делдалдығы
106-бап. Еңбек делдалдығын көрсету
1. Мансап орталықтарына және (немесе) жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне жүгінген жұмыс іздеуші адамдардың, жұмыссыздардың немесе жұмыс берушілердің еңбек делдалдығына құқығы бар.
2. Мансап орталықтары:
жұмыс берушілер үшін:
1) персоналды іріктеуді жүзеге асырады;
2) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру және кәсіптік оқыту мәселелері бойынша консультация береді;
3) олардың өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуды ұйымдастырады және әлеуметтік келісімшарт жасасады;
4) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыруға шарт жасасады;
5) субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын толық немесе ішінара субсидиялайды;
ізденушілер үшін:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мәселелері бойынша консультация береді;
2) жұмыссыздарды еңбек нарығына орнықты интеграциялау мақсатында оларды жұмысқа орналастырудың жеке жоспарын қалыптастырады;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдамалар береді.
3. Мансап орталықтары уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен еңбек делдалдығын көрсетеді.
4. Еңбек мобильділігі орталығы жұмыспен қамтудың жекеше агенттігімен халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт жасасуға құқылы.
Еңбек мобильділігі орталығы халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Электрондық еңбек биржасында оның жасалғаны туралы ақпаратты орналастырады.
Халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға үміткер жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті тиісті тәжірибесі, материалдық және еңбек ресурстары болуға тиіс.
Көрсетілетін қызметтердің аутсорсингін ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын, көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға үміткер жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне қойылатын біліктілік талаптарын, аутсорсинг шеңберінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтердің тізбесін, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың үлгілік нысанын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
5. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігінің:
1) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жүгінген адамдарға консультация беруге;
2) жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы ақпарат беруге және еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынуға;
3) бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілер мен жұмысқа орналасқысы келетін адамдар туралы мәліметтерді қалыптастыруға;
4) жұмыскерлерді жұмыс берушінің біліктілік талаптарына сәйкес келуін ескере отырып, іріктеуді жүзеге асыруға;
5) жүгінген адамдарды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыруға;
6) еңбек мобильділігі орталығынан еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпаратты өтеусіз негізде алуға;
7) жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, еңбек мобильділігі орталықтарымен, мансап орталықтарымен, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасауға;
8) осы Кодекске сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға құқығы бар.
6. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі:
1) кемсітушіліктің кез келген нысанына жол бермеуге;
2) жүгінген адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
3) бала еңбегін пайдалануға, адамдарды сексуалдық тұрғыдан және (немесе) өзгеше түрде пайдалану үшін азғырып-көндіруге жол бермеуге;
4) жүгінген адамдармен еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттар жасасуға;
5) кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде еңбек делдалдығы үшін жүгінген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы, сондай-ақ мансап орталықтарында тіркелген және жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамтудың жекеше орталықтарына жіберілген адамдар туралы ақпаратты Электрондық еңбек биржасы арқылы еңбек мобильділігі орталығына тоқсан сайын беруге міндетті.
4-параграф. Жұмыс орындарының квоталары және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын ұйымдастыру
107-бап. Жұмыс орындарының квоталары
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейтін жұмыс орындары квотасының шеңберінде жұмысқа орналасуға:
1) мүгедектігі бар адамдардың;
2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың;
4) он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтардың құқығы бар.
2. Жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыскерлердің тізімдік саны 50 адамнан асатын және одан жоғары жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде квота белгілейді.
3. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың саны жұмыскерлердің жылдық орташа санының жиырма пайызынан астамын құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген квоталарды белгілеу кезінде жіберуші тарап жұмыскерлерінің тізімдік санында персоналды ұсыну жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шартқа сәйкес жұмысқа тартылатын жұмыскерлер есепке алынбайды.
108-бап. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Арнаулы жұмыс орны мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын сақтау үшін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен ол құрылған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге құрылады.
2. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші мансап орталықтарымен (еңбек мобильділігі орталығымен) жасалған шарт негізінде жүзеге асырады. Мүгедектігі бар адамдардың жұмыс орнының стандартын уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
5-параграф. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары
109-бап. Кәсіптік оқыту
1. Жұмыссыздар қатарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының және қандастардың екі жыл ішінде бір рет кәсіптік оқуға құқығы бар.
2. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды және:
1) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру қызметіне құқығы бар жұмыс берушілердің жанындағы оқу орталықтарында (бұдан әрі - оқу ұйымдары) немесе жұмыс берушінің өтінімі бойынша жұмыс берушінің жұмыс орнында;
2) сұранысқа ие кәсіптер тізбесі бойынша Электрондық еңбек биржасында жүзеге асырылады.
Кәсіптік оқытуды ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Кәсіптік оқытуға жолдаманы, егер:
1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауы салдарынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмаса;
2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстың болмауына байланысты кәсіпті (мамандықты), кәсіп түрін өзгерту қажет болса;
3) бұрынғы кәсібі бойынша жұмысты орындау қабілеті жоғалса, мансап орталығы береді.
4. Оқуды өз бетінше, дәлелді себепсіз тоқтатқан адамдар жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап күнтізбелік бір жыл өткен соң, бірақ бір реттен асырмай, оқуға қайта жіберілуі мүмкін.
110-бап. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу
1. Уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді алуға құқығы бар.
2. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу:
1) кәсіпкерлік негіздеріне оқыту;
2) жаңа бизнес идеяларды іске асыруға өтеусіз гранттар беру;
3) қайтарымды негізде микрокредит беру арқылы көрсетіледі.
3. Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
111-бап. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыссыздардың, денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға қатысатын студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының оқудан бос уақытта жұмысқа орналасуға құқығы бар.
2. Жұмыс беруші мансап орталығымен шарттық негізде субсидияланатын жұмыс орындарын құрады, оларды құру кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
Субсидияланатын жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда құрылмайды.
3. Жұмыс беруші мен еңбек мобильділігі орталығы арасындағы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы шарт Электрондық еңбек биржасы арқылы жасалады.
4. Субсидияланатын жұмыс орындары алған кәсібі (мамандығы) бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға жәрдемдесу немесе қолда бар еңбек дағдыларын сақтау үшін ұйымдастырылады.
5. Еңбек мобильділігі орталығы:
1) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты айқындайды;
2) субсидияланатын жұмыс орындарын құруға өтінім берген ұйымдардың тізбесін және ұйымдастырылатын жұмыс орындарының санын бекітеді.
6. Субсидияланатын жұмыс орындарына жіберуге осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамның келісуімен ғана жол беріледі, бұл ретте олардың денсаулық жағдайы, жасы, кәсіби және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген адам он сегіз жасқа толмаған болса, оны субсидияланатын жұмыс орындарына жіберуге оның заңды өкілдерінің келісімімен жол беріледі.
7. Субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек қызметін дәлелді себептерсіз өз бетінше тоқтатқан адамдар жұмыссыз ретіндегі есептен шығарылады және жұмыссыз ретінде қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткен соң ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайтадан қатыса алады.
8. Субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
9. Субсидияланатын жұмыс орындарының тізбесін, субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылатын адамдарға қойылатын талаптарды, олардың жалақысын субсидиялау мөлшері мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
10. Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
112-бап. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу
1. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу жөніндегі шараларға қатысуға жұмыс іздеуші адамдардың және (немесе) жұмыссыздардың, қандастардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің құқығы бар.
2. Жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:
1) он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен түлектері;
2) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
3) жұмыс беруші-заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші-жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.
3. Еңбек мобильділігі орталықтары жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін адамдардың жаңа тұрғылықты жерге:
1) бір облыс шегінде экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан экономикалық даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендерге, моноқалаларға, аудандық (облыстық) маңызы бар қалаларға;
2) ерікті түрде қоныс аударуды көздейтін Қазақстан Республикасының көші-қон саласындағы заңнамасына сәйкес қоныс аударушыларды және қандастарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
4. Ерікті түрде қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:
1) жұмыскердің көшуі жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне материалдық көмек беруді;
2) жұмыс беруші жұмыскерге тұрғын үй ұсынған жағдайларды қоспағанда, қызметтік тұрғынжай немесе жатақханалардан бөлме беруді;
3) жұмыс берушінің қажеттілігі болған кезде кәсіптік оқытуды;
4) жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесуді;
5) жұмысқа орналасуға субсидиялар бере отырып, жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аудару шараларына қатысатын жұмыс берушілерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтиды.
5. Еңбек мобильділігі орталығы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін нысан бойынша ерікті түрде қоныс аударуға қатысушы тараптармен әлеуметтік келісімшарт жасасады.
6. Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
6-параграф. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем
113-бап. Жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы
1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы осы Кодекстің 99-бабына сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алу құқығы туындайды.
1-тармақтың екінші бөлігі 2024 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
Осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға қолданылмайды.