3) терiс қылық жасаған қызметкердің терiс қылықтың зиянды салдарын болдырмауы, келтiрiлген зиянды өз еркiмен өтеуi немесе келтiрiлген зиянды жоюы;
4) ауыр жеке немесе отбасы жағдайларының қалыптасуы кезiнде терiс қылық жасау;
5) мәжбүрлеу нәтижесiнде терiс қылық жасау;
6) қажеттi қорғаныстың заңдылық шарттарын бұзған, қажетті қорғану жағдайында, құқыққа қарсы озбырлық жасаған адамды ұстау, бұйрықты немесе команданы орындау кезiнде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты жеңiлдететiн мән-жайлар болып табылады.
Қызметкерге жаза қолданатын басшы өзге де мән-жайларды жеңiл деп тануы мүмкiн.
16. Мыналар:
1) басшының оны тоқтату туралы талабына қарамастан, құқыққа қарсы әрекеттi (әрекетсiздiктi) жалғастыру;
2) егер бiрiншi терiс қылық үшiн қызметкерге жаза қолданылған болса және ол белгiленген тәртiппен алынбаса, осындай терiс қылықты қайтадан жасау;
3) терiс қылықты топ болып жасау;
4) бағынысындағы қызметкерді терiс қылық жасауға тарту;
5) ұлттық, нәсiлдiк және дiни өшпендiлiк немесе қастандық себебі бойынша терiс қылық жасау;
6) басқа тұлғалардың заңды әрекеттерi үшiн кек алу, сондай-ақ басқа терiс қылықты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатында терiс қылық жасау;
7) олардың өзiне жүктеген мiндеттердi орындауға байланысты лауазымды тұлғаларға немесе оның жақындарына ықпал ету жолымен терiс қылық жасау;
8) кезекшiлiкте, тәуліктік нарядтағы қызметте, арнаулы мiндеттердi орындау кезiнде, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде терiс қылық жасау;
9) алкогольден, есiрткiден немесе уытқұмарлықтан (оларға ұқсас) мас күйінде терiс қылық жасау тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
Осы Заңда аталмаған басқа мән-жайлар тәртiптiк жауаптылықты ауырлататын болып танылмайды.
17. Қызметтiк тексеру барысында оны жүргiзу тапсырылған уәкілетті лауазымды адамның:
1) тәртіптік жазаға тартылған қызметкерден, сондай-ақ басқа да адамдардан жазбаша түсініктеме алуға;
2) қызметкердің теріс қылық жасағандығын растайтын материалдарды жинақтауға;
3) тиісті құжаттармен танысу, қажет болған жағдайда олардың көшірмесін қызметтік тексеру материалдарына қосуға;
4) арнайы білімді қажет ететін мәселелер бойынша мамандардан қорытынды, түсіндірме және консультациялар алуға;
5) теріс қылық жасалған жерге баруға құқығы бар.
18. Қызметкерлер қызметтік тексеруді жүргізуге тағайындалған уәкілетті лауазымды тұлғаға көмек көрсетуге міндетті және берілген мәліметтердің растығына дербес жауапты болады.
19. Қызметкердің теріс қылық жасағандығы туралы фактіні растайтын немесе теріске шығаратын мәліметтер кез келген нысанда болуы мүмкін.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 20-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20. Егер қызметтік тексеру барысында қызметкердің теріс қылықтарында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар екендігі анықталса, басшы дереу жоғары тұрған басшыға баяндайды.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 21-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
21. Уәкілетті лауазымды тұлға қызметтік тексеру нәтижелерін тексеруді белгілеген басшыға жазбаша түрде баяндайды.
Баяндаудан кейін уəкілетті лауазымды адам өзіне қатысты тергеп-тексеру жүргізілген қызметкерді қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен таныстырып, қызметтік тергеп-тексеру тұжырымдарымен жəне ұсыныстарымен оның келісетінін немесе келіспейтінін міндетті түрде көрсете отырып, қолын қойғызып алуға міндетті.
Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкер осы тармаққа сəйкес қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен танысудан бас тартқан жағдайда, уəкілетті лауазымды адам акт жасайды.
22. Өзiне қатысты қызметтiк тексеру жүргiзiлген қызметкер:
1) жүргiзiлетiн қызметтiк тексерудiң мәнi бойынша жазбаша түсiнiктеме беруге;
2) өтiнiш айтуға, айғақтар және өзге де құжаттар ұсынуға;
3) қызметтiк тексеру жүргiзу туралы шешiм қабылдаған арнаулы мемлекеттік орган басшысына немесе уәкiлеттi басшыға қызметтiк тексеру жүргiзетiн қызметкерлердiң шешiмдерiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) шағымдануға;
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) қызметтiк тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн қызметтік тергеп-тексеру материалдарымен, егер бұл мемлекеттiк құпияларды жəне заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мəлiметтердi жария етпеу талаптарына қайшы келмесе, танысуға құқылы.
23. Осы Заңның негізінде теріс себептер бойынша жұмыстан шығаруға жататын, арнаулы атақты бір саты төмендету түріндегі тәртіптік жаза қолданылатын қызметкерлерге, сондай-ақ қызметтік тексеру тұжырымдары мен ұсыныстарына келіспейтін тұлғаларға қатысты қызметтік тексеру материалдары тәртіптік комиссияда қаралуға жатады.
24. Қызметтік тексеру жүргізілетін қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде тиісті акт жасалады. Оның бас тартуы қызметтік тексеруді жүргізуді тоқтатпайды. Бұл жағдайда қызметкер тәртіптік комиссияда тыңдалады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 66-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
66-бап. Тəртіптік комиссияны қалыптастыру жəне оның жұмыс тəртібі
1. Тəртіптік комиссия теріс қылық жасаудың мəн-жайларын жан-жақты, толық жəне объективті түрде анықтау жəне оны жасаған адамды жазалау шарасы туралы ұсынымдар шығару мақсатында, қызметкердің теріс қылығына қатысты қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарау жəне фактілерді зерттеу үшін арнаулы мемлекеттік органдарда құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін алқалы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
2. Тəртіптік комиссияның мүшелері бөлімшенің жеке құрамының жиналыстарында неғұрлым тəжірибелі жəне беделге ие офицерлер арасынан ашық дауыс беру арқылы сайланады. Тəртіптік комиссия мүшелерінің саны тақ болуға жəне кемінде үш адам болуға тиіс, олардың біреуі төраға болып табылады.
3. Тəртіптік комиссияның құрамы уəкілетті басшының бұйрығымен бекітіледі. Тəртіптік комиссияның төрағасы болып уəкілетті басшы орынбасарларының біреуі тағайындалады. Бөлімшенің кадр аппаратының өкілі хатшы болып тағайындалады. Тəртіптік комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
4. Уəкілетті басшылар мен олардың орынбасарларының теріс қылықтары арнаулы мемлекеттік органның тəртіптік комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердің теріс қылықтары - жоғары офицерлер қатарынан ғана тұратын тəртіптік комиссияда, аға офицерлердің теріс қылықтары аға офицерлер қатарынан тұратын тəртіптік комиссияда қаралады.
5. Тəртіптік комиссияның отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.
Тəртіптік комиссияның отырыстары тəртіптік комиссия мүшелерінің жалпы санының үштен екісі, бірақ кемінде үш адам болған кезде құқықты болады. Тəртіптік комиссияның мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады.
6. Тəртiптiк комиссияның мүшелерi отырыстың өткiзiлетiн күнi, орны, оның күн тəртiбi туралы отырысқа дейiн хабардар етiлуге жəне отырыс материалдарымен таныстырылуға тиiс.
7. Тəртiптiк комиссияның мүшесi өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының терiс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тəртiптiк комиссия мүшесiнiң тиiстi шешiм қабылдауға тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi бар деп пайымдауға негіздер болса, қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарауға жəне фактілердi зерттеуге қатысуға құқылы емес.
8. Тəртiптiк комиссияның мүшелерiне қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарау барысында өздеріне белгiлi болған мəлiметтердi жария етуге тыйым салынады.
9. Тəртiптiк комиссияның отырысына өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген қызметкердің қатысуы мiндеттi.
Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкер тəртіптік комиссияның отырысына дəлелсіз себеппен келмеген жағдайда, бұл факт тəртіптік комиссия отырысының хаттамасында көрсетіледі.
Өзіне қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген қызметкердің тəртіптік комиссияның отырысына дəлелсіз себеппен келмеуі жаза қолдану туралы шешім қабылдау үшін кедергі болмайды.
10. Тəртiптiк комиссия терiс қылыққа қатысты қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарайды жəне фактілердi зерттейдi. Тəртiптiк комиссия өзіне қатысты қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзiлген қызметкердiң жəне қызметтiк тергеп-тексеруді жүргiзген уəкілетті лауазымды адамдардың түсiнiктемелерiн тыңдауы мүмкiн.
Қажет болған кезде, тəртiптiк комиссияның куəлар мен мамандарды тыңдауға, терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты материалдарды сұратуға жəне кез келген фактіні зерттеуге құқығы бар.
11. Тəртiптiк комиссияның ұсыныстары тəртіптік комиссия мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Тəртiптiк комиссияның мүшелерi өз пiкiрiн айқын айтуға жəне дауыс беру кезiнде қалыс қалмауға мiндеттi.
Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешушi болып табылады.
12. Тəртiптiк комиссия қызметтiк тергеп-тексеру материалдары келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде басшыға қызметкердің тəртiптiк жауаптылығы туралы тиiстi ұсыныстар енгiзедi.
Тəртіптік комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді, оған тəртіптік комиссияның төрағасы, мүшелері мен хатшы қол қояды.
67-бап. Тәртiптiк комиссияның функциялары мен өкiлеттiктерi
1. Тәртiптiк комиссия мынадай функцияларды:
1) қызметкердің терiс қылықтары туралы қызметтiк тексеру материалдарын қарауды;
2) жазалар түрлерiн қолдану мәселелерi бойынша ұсыныстар әзірлеуді және уәкілетті басшыға енгiзудi жүзеге асырады.
2. Тәртiптiк комиссия өз құзыретi шегiнде функцияларды iске асыру мақсатында мыналарға:
1) терiс қылық жасаған қызметкердің, куәгерлердің және қызметтiк тексеру жүргiзген лауазымды тұлғалардың түсiнiктерiн тыңдауға;
2) материалдар, ақпарат сұратуға және терiс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактiлердi зерттеуге құқылы.
3. Тәртiптiк комиссияның төрағасы:
1) тәртiптiк комиссияны басқарады, оның жұмысына басшылық жасауды ұйымдастырады және жүзеге асырады;
2) тәртiптiк комиссия отырыстарының күн тәртiбiн айқындайды;
3) қызметтiк тексеру материалдары келiп түскен кезде тәртiптiк комиссия отырысының уақытын айқындайды. Тәртiптiк комиссияның төрағасы болмағанда оның уәкiлеттiк етуi бойынша отырыстарда тәртiптiк комиссия мүшелерiнiң бiреуi төрағалық етедi;
4) тәртiптiк комиссияның отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндамашыны айқындайды.
4. Тәртiптiк комиссияның хатшысы:
1) тәртiптiк комиссия мүшелерiн тәртiптiк комиссия отырысының уақыты мен орны туралы хабардар етедi;
2) тәртiптiк комиссия отырыстарына материалдар дайындауды ұйымдастырады;
3) тәртiптiк комиссия отырыстарының хаттамаларын жүргiзедi;
4) тәртiптiк комиссияның ұсыныстарын басшыға жiбередi;
5) тәртiптiк комиссия төрағасының тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асырады.
5 - 9. 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
68-бап. Жаза қолдану туралы шешiм қабылдау тәртiбi
1. Уәкілетті басшы қызметтiк тексеру материалдары және тәртiптiк комиссияның ұсыныстары негiзiнде жаза қолдану туралы тиiстi шешiм қабылдайды.
2. Қызметтiк тексерудiң нәтижелерi бойынша уәкілетті басшы қызметтік тексеру жүргізуге тағайындалған лауазымды уәкілетті тұлға дайындауға жауапты болып саналатын бұйрық шығару жолымен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша iс-шараларды әзiрлеуге және iске асыруға мiндеттi.
3. Терiс қылық жасаған қызметкерге тәртiптiк жаза қолдану (кейiнге қалдыруды күтпейтiн жағдайларды қоспағанда) қызметтік тәртiптi бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшiн терiс қылық анықталған сәттен бастап, кемiнде үш тәулiк өткеннен кейiн жүргiзiледi.
2014.04.07. № 233-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.18.11. № 411-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4. Жаза терiс қылық анықталған күннен бастап бiр айдан кешіктірілмей және оны жасаған күннен бастап алты айдан кешiктiрiлмей қолданылады.
Қылмыстық iс тоқтатылған жағдайларда, бiрақ қызметкердің әрекеттерiнде тәртiптiк терiс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде, жаза қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Қызметтегi, кəсіби-қызметтік даярлықты жəне тəрбие процесін ұйымдастырудағы олқылықтары үшiн арнаулы (əскери) оқу орнын немесе шет мемлекеттің білім беру ұйымын бітіргеннен кейiн қызмет өткеру үшiн келген қызметкерлерге тəртiптiк жауаптылық шараларын лауазымға кiрiскеннен кейiн кемiнде алты ай өткен соң қолдануға рұқсат етіледі.
6. Бiр-бiрiне бағынысты емес қызметкерлер жеке мiндеттердi бiрлесiп атқарған кезде, олардың қызметтiк өзара қарым-қатынастары уәкілетті басшымен айқындалмаған жағдайда олардың лауазымы бойынша үлкенi, ал тең лауазымдар кезiнде әскери атағы бойынша үлкенi бастық болып табылады және оған атқарып отырған лауазымы бойынша берiлген тәртiптiк құқықтарды пайдаланады.
69-бап. Жазаларды жариялау тәртiбi
1. Қызметкерлерге жазалар қызметтік тексеруді жүргізуді тағайындаған уәкілетті басшының бұйрығымен жарияланады.
2. Тәртіптік жаза қолданғаны туралы бұйрық шыққаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қол қоюы арқылы тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге жарияланады.
3. Тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тарту арнаулы мемлекеттік органның кадр бөлімшелері дайындайтын және қызметтік тексеру материалдарына тігілетін актімен ресімделеді.
4. Қолданылған жазалар туралы аға офицерлерге - тек аға және жоғары офицерлердің қатысуымен, жоғары офицерлерге - тек жоғары офицерлердің қатысуымен ғана жарияланады.
5. Уәкілетті басшыларға және олардың орынбасарларына бағынысындағы адамдардың қатысуымен тәртiптiк жаза жариялауға тыйым салынады.
6. Жазаны жариялаған кезде қызметкерге жазаға әкеп соқтырған себеп және құқық бұзушылықтың мәнi көрсетiледi.
70-бап. Жазаны алу
1. Қызметкердің:
1) оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткенге дейiн тиiстi уәкілетті басшы көтермелеу тәртiбiмен жазаны алып тастағаннан кейiн;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Заңның 28-бабы 2-тармағының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, оған соңғы жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін жазасы жоқ болып саналады.
2. Жазаны көтермелеу тәртібімен алу осы жазаны қолданған уәкілетті басшының немесе жоғары тұрған басшының жазбаша бұйрық шығаруы арқылы жүргiзіледi.
3. Бұрын жоғары тұрған басшы қолданған жазаны бағынысты адамнан көтермелеу тәртiбiмен алу үшiн қызметкердің тiкелей басшысы тиісті өтiнiш енгізеді.
Осы жазаны қолданған уәкілетті басшы аталған өтiнiштi оны алған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмейтiн мерзiмде қарауға мiндеттi.
4. Қызметкер қызметтен босатылған күнi алынбаған жаза оған соңғы жаза қолданылған сәттен бастап алты ай өткен соң алынған болып саналады.
5. Жазаларды алу қызметкердің жеке ісінде тиісті жазбамен ресімделеді.
6. Егер қызметкерге қолданылған жаза көтермелеу тәртiбiмен алынбаса, алты ай өткен соң «Жазалар» бөлiмiнiң тиiстi бағанында мерзiмiнiң өтуi бойынша жазаның алынғаны туралы белгi жасалады.
71-бап. Қызметкерлердi тәртiптiк жауаптылыққа тарту кезiндегi олардың құқықтарының кепiлдiктерi
1. Қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тартуға:
1) терiс қылық фактiсi болмаған жағдайда;
2) егер оның iс-әрекеті (әрекетсiздiгi) құқыққа қарсы болып табылмаса;
3) дәл сондай тәртіптік терiс қылық үшiн қайтара;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiптiк жауаптылыққа тартудың ескіру мерзiмi кезінде;
5) қызметтен шығаруға байланысты оны жеке құрам тiзiмiнен шығарған жағдайда жол берiлмейдi.
2. Қызметкер тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықпен келiспеген жағдайда ол жазбаша нысанда арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесіне немесе сотқа осы бұйрық бойынша шағымдануға құқылы.
3. Қызметкерді тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрыққа Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
4. Арнаулы мемлекеттік органның жоғары тұрған бөлімшесінің басшысы шағымды қараудың нәтижелерi бойынша бiр ай мерзiмде мынадай:
1) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы бұйрықты өзгерiссiз қалдыру туралы;
2) қызметкерді тәртiптiк жауаптылыққа тарту туралы осы Заңның талаптары бұзыла отырып шығарылған бұйрықты жою және заңсыз жазаны қолданған уәкілетті басшыны жауаптылыққа тарту туралы;
3) егер жаза осы Заңның талаптары сақтала отырып шығарылса, бiрақ жасалған терiс қылықтың ауырлығына сәйкес келмесе, неғұрлым қатаң жаза қолдану туралы жаңа бұйрық шығару туралы шешiмдердiң бiреуiн шығаруға мiндеттi.
5. Жаза қолдану туралы шешiмге шағымдану оның орындалуын тоқтата алмайды.
9-тарау. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ АҚШАЛАЙ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
72-бап. Ақшалай қамтамасыз ету
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қызметкерлер Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес белгіленетін ақшалай ризықпен қамтамасыз етіледі.
2. Ақшалай үлес Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген ақшалай қамтудан (лауазымдық айлықақы және арнаулы атағы бойынша айлықақы), қызмет өткерудің ерекше жағдайлары үшін үстемеақылардан және басқа да үстемеақылардан тұрады.
3. Қызметкер осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген уәкілетті басшының қарамағында болған жағдайларда ол соңғы қарамағына шыққанға дейін атқарған лауазымы бойынша ақшалай үлеспен қамтамасыз етіледі.
Осы Заңның 33-бабы 4-тармағының 3) және 4) тармақшаларында және 64-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда қызметкерге атағы бойынша айлықақы төленеді.
4. Қызметкерлерге жыл сайынғы демалыс беріле отырып, демалысының ұзақтығына қарамастан, екі лауазымдық айлықақы көлемінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төленеді.
Қызметкерге жыл сайынғы демалыс бөлініп берілген жағдайда сауықтыруға арналған жәрдемақы демалысының бірінші бөлігінде төленеді.
5. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақысы мен сауықтыру жәрдемақысын есептеу үшін ақшалай қамтамасыз етудің және қызмет (жұмыс) өтілін айқындаудың тәртібін арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.
73-бап. Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте республикалық бюджет туралы заңмен айқындалған мөлшерде тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызмет көрсетулерге төлем жасау үшін қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) ақшалай өтемақы төленеді.
2. Қызметкерлерді зейнетақымен қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру, жәрдемақылардың өзге де түрлерін төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қызметкерлерге бюджеттік қаражат есебінен зейнетақы тағайындауды, қызметкерлер қатарынан қайтыс болған зейнетақы алушылардың отбасына жерлеу үшін біржолғы төлемдер мен біржолғы жәрдемақылар беруді қызметкерлер жұмыстан шыққан күнге қызмет өткерген тиісті арнаулы мемлекеттік органдардың уәкілетті бөлімшелері жүзеге асырады.
Зейнетақы төлемдерін алушының мәртебесі тиісті арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілеген нысан байынша зейнетақы куәлігімен расталады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Қызметкерлер қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып жəне арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тəртіппен, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекітетін нормалар бойынша мемлекет есебінен арнаулы киім нысанымен жəне басқа да заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі.
Қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) алынбай қалған заттай мүліктердің орнына арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары айқындайтын тәртіппен ақшалай өтемақы төленеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жекелеген санаттағы қызметкерлер қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Жекелеген қызметкерлер санатын азық-түлікпен қамтамасыз ету тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Қызметкерлердің (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) Қазақстан Республикасы аумағы бойынша көлікте жүргені үшін:
медициналық көсетулер бойынша стационарда емделуге жол жүру және кері қайту;
Үкімет белгілеген тәртіппен берілген жолдама негізінде медициналық тексеруге (куәландыруға) жол жүру және кері қайту;
қызмет бойынша ауыстыру;
осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, қызметтен шығарылу кезінде жолақы шығындарын өтетуге құқығы бар.
Шығындарды өтеу бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша арнаулы мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша жүргiзiледi. Шығындарды өтеу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Бір елді мекеннен қашықтығы елу километрден астам жердегі екіншісіне көшумен байланысты қызметін ауыстырған кезде қызметкерлерге (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) қызметкердің өзіне екі айлық ақшалай қаражат көлемінде және онымен бірге көшкен отбасының әрбір мүшесіне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде арнаулы мемлекеттік органның бірінші басшысы белгілейтін көтерме жәрдемақы төленеді.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7. Қызметкерлерлердің (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) қызмет бойынша ауысқан кезде және қызметтен шығарылғанда, осы Заңның 49-бабы 1-тармағының 4), 6), 7), 11) - 13) тармақшаларында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жеке мүліктерінің 10 тоннаға дейінгі көлемін тасымалдауға кеткен шығындарын өтетуге құқығы бар.
2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен 74-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
74-бап. Қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету
Қызметкерлер (курсанттардан, тыңдаушылардан басқа) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңында көзделген тәртіппен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.
75-бап. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету
2015.10.01. № 275-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету мемлекет есебінен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери-медициналық бөлімшелері мен мекемелерінде (бұдан әрі - әскери-медициналық бөлімшелер), сондай-ақ өзге де мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.
Қызметкерлердің қызмет өткеру орнында немесе тұратын жерінде әскери-медициналық бөлімшелер болмағанда немесе оларда тиісті бөлімдер, мамандар не арнаулы құрал-жабдықтар болмағанда медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетiледi.
Қызметкерлерге медициналық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдардың шығынын өтеу Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеріп жүрген қызметкерлерге емделу үшін жұмсалған қаражат Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен өтеледі.
3. Арнаулы мемлекеттік органдарда қызметін өткеру барысында зақым, контузия, жарақаттар алған немесе ауырған қызметкерлер өздері қызметін өткерген арнаулы мемлекеттік органдар қаражаты есебінен санаториялық-курорттық емделуге жіберіледі.
4. Қызметкер қызметке келе алмайтын жағдайда ауырғандығын кез келген мүмкін тәсілмен өзінің тікелей бастығына хабарлауға міндетті.