Қазақстан Республикасындағы әскери-көлік мiндеттілігі туралы ереженi бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі № 747 Қаулысы
(2016.27.10. берілген өзгерістермен)
Осы редакция 2016 жылғы 21 қарашада енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштерi туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттілігi туралы ереже бекiтілсiн.
2. Орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар бұрын қабылданған нормативтік құқықтық кесiмдердi осы қаулыға сәйкес келтiрсiн.
3. «Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiктiк мiндет туралы ереженi бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 1996 жылғы 3 қыркүйектегі № 1083 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮКЖ-ы, 1996 ж., № 36, 343-құжат) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы алғаш жарияланған күннен кейiн он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметiнің
2005 жылғы 19 шілдедегі
№ 747 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасындағы әскери-көлiк мiндеттілiгі туралы
ереже
1. Әскери-көлiк мiндеттілігі Қазақстан Республикасының аумағында «Қазақстан Республикасындағы жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 маусымдағы Заңына сәйкес Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды көлiкпен, мотоциклдермен, тракторлармен, жол-құрылыс және көтергiш-көлiк машиналарымен және тетiктермен, көлік-арбамен және арту құралдарымен (бұдан әрі - көлiк құралдары) қамтамасыз ету мақсатында: соғыс жағдайы немесе жұмылдыру жарияланған, әскерлердi жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесiне көшiрген кезде белгіленедi.
2. Әскери-көлiк міндеттілігі Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарына ұйымдарға және көлік құралдары бар азаматтарға, сондай-ақ көлiк құралдарының жұмысын қамтамасыз ететiн өзге де ұйымдарға қолданылады.
3. Көлік құралдары иеліктен алынады немесе жеке және заңды тұлғалар олардың меншiк иелерiне кейіннен тең бағамен өтей отырып қорғаныс мұқтажы үшін бередi және Қазақстан Республикасының жергілiктi әскери басқару органдары мен жергілiкті атқарушы органдарының өкiлдерi Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына береді.
4. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының құрамына көлiк құралдарын беру жөнiндегі жұмылдыру тапсырмасы Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарына сәйкес Қазақстан Республикасының жергіліктi әскери басқару органдарының өтінімі бойынша жергiліктi атқарушы органдардың шешімiмен белгіленеді және жергiлiкті әскери басқару органдары олардың меншiк иелерiне жеткiзеді.
5. Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының негiзiнде жұмылдыру тапсырмасына сәйкес Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге олардың техникалық жай-күйі мен әзірлігін тексеру үшiн оқу-жаттығуға, арнайы және тексеру жиындарына арналған жеке көлiк құралдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Iшкі iстер министрлігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі бейбiт уақытта жеке және заңды тұлғалардың Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге арналған көлiк құралдарын тартады.
6. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлiгінiң органдары жүзеге асыратын жеке жеңiл көлiк құралдарын, мотоциклдер мен мотороллерлердi қоспағанда, көлiк құралдарын мемлекеттік тiркеу және есептен шығару қалалардың (аудандардың) қорғаныс iстерi жөнiндегі тиiсті басқармаларына (бөлiмдерiне) жазбаша хабарлағаннан кейiн ғана жүргізіледi.
ҚР Үкіметінің 2012.11.09. № 1177 Қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті әскери басқару органдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге арналған көлік құралдарының міндетті техникалық тексеруден өту фактісін растау үшін аумақтық көліктік бақылау органдарына тиісті сұрау салуды жолдайды.
Аумақтық көліктік бақылау органдары 5 жұмыс күні ішінде тиісті сұрау салу бойынша ақпарат береді.
8. Соғыс жағдайы немесе жұмылдыру жарияланған кезде беруге жоспарланатын көлiк құралдарын толық жинақтауға арналған қосалқы бөлшектер мен құрылғыларды, арнайы жабдықтарды жинауды, ұстауды осы көлiк құралдарының келiп түсуi жоспарланған министрлiктер мен ведомстволар жүзеге асырады.
9. Көлiк құралдарын Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрамына беруге дайындауды бейбiт уақытта олардың меншiк иелерi жүзеге асырады.
Соғыс жағдайы немесе жұмылдыру жарияланған жағдайда Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мұқтажы үшiн көлiк құралдарын пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес техникалық ақаусыз, моторесурстарды барынша аз жұмсайтын, жүргізушi саймандарымен, шанецтiк аспаптармен қамтамасыз етілген көлiк құралдарын жеткiзу жүзеге асырылады.
10. Әскери-көлiк мiндеттілігінен осы ережеге 1-қосымшаға сәйкес мемлекеттік органдар босатылады және осы ережеге 2-қосымшаға сәйкес көлiк құралдары Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлердiң, әскери құралымдардың құрамына беруге жатпайды.
11. Осы ереже талаптарының бұзылуына кiнәлi адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен жауапты болады.
ҚР Үкіметінің 2014.16.10. № 1098 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2016.27.10. № 628 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 1-қосымша өзгертілді
Қазақстан Республикасындағы
әскери-көлiк мiндеттiлігі
туралы ережеге
1-қосымша
Әскери-көлiк мiндеттілігінен босатылатын мемлекеттік органдардың
тiзбесi
1. Қазақстан Республикасының Парламентi.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Әкiмшiлiгi.
3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi.
4. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы.
5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауiпсiздiк комитетi.
6. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі.
7. Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігі.
8. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі.
9. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
10. Облыстар, Астана және Алматы қалалары әкiмдерiнiң аппараттары.
Қазақстан Республикасындағы
әскери-көлiк мiндеттiлігі
туралы ережеге
2-қосымша
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери
құралымдарының құрамына беруге жатпайтын көлiк құралдарының
тiзбесi
1. Жедел медициналық жәрдем, қан құю станцияларының көлiк құралдары, арнайы жабдықталған жедел жәрдем машиналары.
2. Почталық көлiк құралдары.
3. Инкассаторлық көлiк құралдары.
4. Ветеринариялық көмек көлiк құралдары.
5. Сүт тасымалдауға арналған мамандандырылған көлiк құралдары.
6. Техникалық көмек трамвай-троллейбус шаруашылықтарының көлiк құралдары.
7. Зауытiшілік көлiк құралдары.