4) мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілер жатады.
2. Әкімшілік актілерді қабылдау тәртібі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі саласындағы құқықтық актілердің түрлері және оларды әзірлеу тәртібі заңдарда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және уәкілетті органдардың актілерінде белгіленеді.
56-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау шарттары
1. Нормативтік емес құқықтық актілер нормативтік құқықтық актілердің негізінде және оларды іске асыру мақсатында қабылданады.
2. Нормативтік емес құқықтық актілерді осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген уәкілетті органдар қабылдайды.
3. Нормативтік емес құқықтық актілерді қабылдау ерекшеліктері басқа нормативтік құқықтық актілерде белгіленуі мүмкін.
57-бап. Нормативтік емес құқықтық актілерге шағым жасау және наразылық білдіру
Нормативтік емес құқықтық актілерге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және негіздер бойынша шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
13-тарау. НОРМАТИВТІК ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕРГЕ РЕСМИ ТҮСІНДІРМЕ БЕРУ АКТІЛЕРІ
58-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері туралы жалпы ережелер
1. Нормативтiк құқықтық актiлердің анық болмауы мен әртүрлi түсiнілуі, оларды қолдану практикасында қайшылықтар анықталған жағдайларда, нормативтiк құқық актiде қамтылған нормаларға ресми түсiндiрме берiлуi мүмкiн.
2. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беру актілері құқық нормаларын белгілемейді және Қазақстан Республикасының заңнамасындағы олқылықтардың орнын толтырмайды.
3. Нормативтiк құқықтық актiге ресми түсiндiрме беру құқық нормаларының мазмұнын түсінікті ету, нақтылау мақсатында ғана беріледі, ол құқық нормаларының мәнін өзгерте алмайды және түсіндірме берілетін норманың шегінен шыға алмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ жаңа редакцияда
4. Нормативтiк құқықтық актiлерде қамтылатын нормаларға ресми түсіндірме беру уәкілетті органдардың не жеке және заңды тұлғалардың бастамасы бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Осы Заңның 60-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, ресми түсіндірме беру актілері өздерінде қамтылған нормаларды iске асыру, оның iшiнде оларды қолдану кезінде және сот төрелігін жүзеге асыру кезінде мiндеттi сипатқа ие болады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Осы тарауда белгіленген, нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру тәртібі мен шарттары «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын заңға түсіндірме беруге қолданылмайды.
59-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме берудің шарттары
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің мәні оларды түсіндіру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарға және заңнамалық реттеу қағидаттарына толық сәйкестікте ашылуға тиіс.
2. Заңнамалық актiлердiң нормаларына Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерімен толық сәйкестікте түсіндірме берілуге тиіс.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Заң нормаларын түсіндіру оларда баянды етілген заңнамалық реттеу қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
60-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерге ресми түсiндiрме беруді жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар, лауазымды адамдар
1. 2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсіндірме беруді Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүзеге асырады.
3. Осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірмені соларды қабылдаған (шығарған) уәкілетті органдар немесе лауазымды адамдар береді.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеуді және басқаруды жүзеге асыратын немесе құзыретіне тиісті мәселелерді шешу жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес жеке немесе заңды тұлғалардың жүгінуі бойынша нақты субъектілерге қатысты немесе нақты жағдайға қолданылатын нормативтік құқықтық актілерге өз құзыреті шегінде түсіндірмелер беруге міндетті.
Мұндай түсіндірмелер:
1) жолданымда қойылған мәселелер шегінде түпкілікті сипатта болуға;
2) дербес деректерді қамтитын және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тиісті мемлекеттік органның интернет-ресурсында ұқсас жолданымдарды қорыту арқылы жалпыға қолжетімді режимде жариялануға тиіс.
Мұндай түсіндірмелердің міндетті заңдық күші болмайды және ұсынымдық сипатта болады.
Жолданымды жіберген және мемлекеттік органнан өзіне қатысты немесе нақты жағдайға қолдануға қатысты түсіндірме алған нақты субъектінің алынған түсіндірмеге сәйкес жүзеге асырылатын қызметі, егер мұндай түсіндірме кейіннен кері қайтарып алынса, қате деп танылса немесе мазмұны өзгермеген сол нормативтік құқықтық актіге қатысты мағынасы өзгеше, жаңа түсіндірме берілсе де тиісті міндетті талаптарды бұзу ретінде саралана алмайды.
61-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерінің құрылымы
1. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісі кіріспе, сипаттау және қарар бөліктерінен тұрады.
2. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің кіріспе бөлігінде:
1) нормативтік құқықтық актінің нормасына түсіндірме беруші уәкілетті органның атауы;
2) түсіндірме берілетін норма қамтылған нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементін, түсіндірме берілетін норманы қамтитын нормативтік құқықтық актінің қабылданған күні мен нөмірін көрсете отырып, ресми түсіндірме беру актісінің атауы;
3) нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қабылданған жері мен күні;
4) нормативтік құқықтық актінің нормасына соның бастамасы бойынша түсіндірме беріліп отырған органның не жеке немесе заңды тұлғаның атауы көрсетіледі.
3. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің сипаттау бөлігі түсіндірме берілетін норманың сипаттамасы мен мазмұнын талдауды қамтуға тиіс.
4. Нормативтік құқықтық актіге ресми түсіндірме беру актісінің қарар бөлігі нормативтік құқықтық акт нормасының мәні мен мазмұнын түсінікті ететін уәкілетті органның қорытындысын қамтуға тиіс.
62-бап. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау
1. Нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілерін жариялау нормативтік құқықтық актіде қамтылған нормаларға түсіндірме берген уәкілетті органның (лауазымды адамның) интернет-ресурсында жүзеге асырылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың талаптары осы Заңның 60-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайларда қолданылмайды.
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 62-1-баппен толықтырылды
62-1-бап. Міндетті талаптарды сақтау рәсімдері туралы хабар беру
1. Мемлекеттік саясатты жүргізетін, белгілі бір салада (қызмет аясында) реттеуді және басқаруды жүзеге асыратын немесе құзыретіне тиісті мәселелерді шешу жатқызылған мемлекеттік органдар не өзге де мемлекеттік органдар өздеріне берілген өкілеттіктерге сәйкес міндетті талаптарды сақтауға міндетті тұлғалардың кең ауқымына міндетті талаптарды сақтау рәсімі, бақылау мен қадағалау субъектілерінің құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының өкілеттіктері, міндетті талаптарды тиісінше сақтаудың өзге де мәселелері туралы хабар беруді қамтамасыз етеді.
2. Бақылау мен қадағалау субъектілеріне хабар беру міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылықтарды шығару арқылы да жүзеге асырылады.
Міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылыққа міндетті талаптарды сақтау тәсілдеріне қатысты түсінік беру, міндетті талаптарды сақтау үлгілері, бақылау мен қадағалау субъектілерінің міндетті талаптарды сақтауды қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылдауы жөніндегі ұсынымдар енгізіледі.
Көрсетілген басшылықта жаңа міндетті талаптар қамтылмайды.
3. Міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылықты тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітеді және ол мемлекеттік органның интернет-ресурсында, сондай-ақ құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде жалпыға қолжетімді режимде жарияланады.
4. Бақылау мен қадағалау субъектілері міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылықты ерікті негізде қолданады және ол ұсынымдық сипатта болады.
5. Бақылау мен қадағалау субъектілерінің және (немесе) олардың жұмыскерлерінің міндетті талаптарды сақтау жөніндегі басшылыққа сәйкес жүзеге асырылатын қызметі міндетті талаптарды бұзу ретінде саралана алмайды.
14-тарау. ЖЕКЕ-ДАРА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ҚҰҚЫҚТЫҚ АКТІЛЕР
63-бап. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
64-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерге және оларды ресімдеуге қойылатын талаптар
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт мынадай талаптарға сай болуға:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңнамаға және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың құқықтық актілеріне қайшы келмеуге;
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) оның құрылымы реттеу нысанасының толық ашылуын қамтамасыз етуге тиіс, ал мазмұны біркелкі түсіну мен қолдануды қамтамасыз етуге, белгіленетін шаралардың мазмұнын нақты баяндауға, оларды белгіленген мерзімдерде іске асыру үшін жауапты болатын тұлғалар тобын тиянақты айқындауға тиіс.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына қайшы келетін жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және Қазақстан Республикасының аумағында қолданылмауға тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Әртүрлі деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде, егер мұндай актіні қабылдау өз құзыретіне кірген болса, жоғары тұрған уәкілетті органның құқықтық актісі қолданылады.
4. Бір деңгейдегі уәкілетті органдар қабылдаған жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер бір-біріне қайшы келген кезде осы шешімді қабылдау өз құзыретіне кіретін органның құқықтық актісі қолданылады. Мүдделі тұлғаның өтініші бойынша бір құқықтық актінің басқалардан басымдығы туралы шешімді жоғары тұрған уәкілетті орган немесе сот қабылдайды.
5. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт осы баптың 1-тармағында көзделген талаптармен бірге мынадай деректемелерді де:
1) құқықтық актінің атауын;
2) осы актінің қарау нысанасын білдіретін тақырыпты;
3) актінің қабылданған жері мен күнін;
4) тиісті актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның (адамдардың) қолтаңбасын (қолтаңбаларын);
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, органның мөрін қамтуға тиіс.
Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілерді қабылдау рәсімдері, оларды ресімдеуді, орындауды және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.
65-бап. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актілердің күшіне енуі және қолданылуын тоқтатуы
1. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт, егер онда неғұрлым кешірек мерзім белгіленбеген болса, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
2. Жеке-дара қолданылатын құқықтық акт оның талаптарын немесе онда қамтылған тапсырмаларды осы құқықтық акт өздеріне арналған тұлғалар орындаған кезден бастап қолданылуын тоқтатады.
3. Жеке-дара қолданылатын құқықтық актінің қолданылуы тоқтатылғанға дейін осы құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, одан жоғары тұрған мемлекеттік орган не сот оны тоқтата тұра алады, өзгерте алады және (немесе) толықтыра алады не оның күшін жоя алады.
4. 2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
15-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
66-бап. Өтпелі ережелер
Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорын:
1) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыруды электрондық-цифрлық нысанда Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын интернет-ресурстан қамтамасыз етеді;
2) 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қабылданған қалыптастырылған нормативтік құқықтық актілерді баспа нысанындағы нормативтік құқықтық актілермен электрондық-цифрлық нысанда сәйкес келтіруді 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін қамтамасыз етеді.
67-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. 37-баптың 2-тармағының үшінші бөлігі, 38-баптың 3-тармағы және 39-баптың 3-тармағы 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.
3. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 2-3, 25-құжат; 2001 ж., № 20, 258-құжат; 2002 ж., № 5, 50-құжат; 2004 ж., № 5, 29-құжат; № 13, 74-құжат; 2005 ж., № 17-18, 73-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 24, 148-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 12, 86-құжат; № 13, 100-құжат; № 19, 147-құжат; 2008 ж., № 13-14, 55-құжат; № 21, 97-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 18, 84-құжат; № 22, 94-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 29-құжат; № 24, 146-құжат; 2011 ж., № 1, 7-құжат; № 7, 54-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; № 15, 97-құжат; 2013 ж., № 5-6, 30-құжат; № 14, 72-құжат; № 15, 81-құжат; 2014 ж., № 10, 52-құжат; № 19-I, 19-II, 94, 96-құжаттар; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 21-I, 121-құжат; № 22-І, 141-құжат; № 22-ІІ, 145-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы сәуірдің 6-ы.
№ 480-V