7) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізу талаптары, нысаны, көлемі және тәсілі;
8) бір көзден алу тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомалар туралы мәліметтер;
9) осы Заңның 9-бабында көзделген бiлiктiлiк талаптарының тiзбесi, сондай-ақ бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, қойылатын бiлiктiлiк талаптарына өзінің сәйкестігін растау үшiн әлеуетті өнім беруші ұсынуға тиiс құжаттардың тiзбесi;
10) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, қойылатын бiлiктiлiк талаптарына өзінің сәйкестігін растайтын құжаттарды, сондай-ақ осы баптың 2-тармағында көзделген ақпаратты әлеуетті өнім беруші ұсынатын орны мен мерзiмi қамтылуға тиiс.
2. Бір көзден алу тәсілімен өткізілетін мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып табылатын тауар беруді, жұмыстар орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асыруға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға белгіленген мерзімде мынадай ақпаратты:
1) әлеуетті өнім беруші жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердің қосалқы мердігерлері (бірлесіп орындаушылары) ретінде тартуды көздейтін тұлғаларды көрсете отырып, әлеуетті өнім беруші ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын;
2) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, әлеуетті өнім берушінiң және ол жұмыстардың не көрсетілетін қызметтердiң қосалқы мердiгерлерi (бiрлесіп орындаушылары) ретiнде тартуды көздейтiн тұлғалардың бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгiн растайтын құжаттарды;
3) ұсынылатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға негіздемесін ұсынуға тиіс.
3. Осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайда, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы шақырған, өткізілмеді деп танылған конкурсқа (аукционға) қатысушы осы конкурсқа (аукционға) қатысушының біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды сол мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушыға қайтадан ұсынбауға құқылы.
4. Бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 39-бабы 2-тармағының 2) тармақшасы негізінде жүзеге асырылатын жағдайды қоспағанда, мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші ұсынған құжаттарды олардың бiлiктiлiк талаптарына, сондай-ақ мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында белгiленген талаптарға сәйкестiгi тұрғысынан қарайды.
5. Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім беруші сұратылған ақпаратты берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы жинақтайды және мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырады.
Әлеуетті өнім берушіге шақырту жіберу, оның қажетті ақпаратты мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы беруі және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттаманы мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастыруы туралы талаптар Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес олар туралы мәліметтер мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 41-бап жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
41-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
1. Осы Заңның 39-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу мұндай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді осы Заңның 13-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген өзге де тәсілдермен сатып алу мүмкін болмаған айрықша жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылданған жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушіні айқындайды және онымен мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасады.
3. Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалған нысан бойынша, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті орналастыруға міндетті.
Есепте мыналар қамтылуға тиіс:
1) мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу туралы шешім қабылдаған лауазымды адам туралы мәліметтер;
2) осы Заңның 13-бабы 1-тармағының 1), 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген өзге де тәсілдермен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың мүмкін болмауы себептерінің негіздемесі;
3) өнім берушіні таңдау негіздемесі;
4) мемлекеттік сатып алу туралы жасалған шарт бағасының негіздемесі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу туралы шарттың өзге де талаптары.
4. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімді тапсырыс берушінің бірінші басшысы не оның міндетін атқаратын адам не орталық мемлекеттік органның аппарат басшысы немесе аппарат басшысының өкілеттіктерін жүзеге асыратын өзге лауазымды адам қабылдайды.
5. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу осы Заңның 4-бабының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаты сақтала отырып жүзеге асырылады.
Мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған адам осы Заңның 4-бабының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алу қағидаттарының сақталуына дербес жауапты болады.
6. Осы баптың 1-тармағының талабы өзі туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға, сондай-ақ осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшалары негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
7. Осы баптың 2 және 3-тармақтарының талаптары өзі туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға, сондай-ақ осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 18), 23), 31), 32) және 35) тармақшалары негізінде жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуға қолданылмайды.
42-бап. Тауар биржалары арқылы тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру
1. Тауар биржалары арқылы тауарларды мемлекеттік сатып алу Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес биржалық тауарлар тізбесі бойынша қосарлы қарсы аукцион режимінде жүзеге асырылады.
2. Егер биржалық тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларды мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемі биржалық тауарлар тізбесінде көзделген партияның ең төмен мөлшерінен аспаған жағдайда, тапсырыс беруші тауарларды мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың өзге тәсілін таңдауға құқылы.
8-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ШАРТ
43-бап. Мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасу
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың жобалары уәкілетті орган бекітетін тауарларды мемлекеттік сатып алу, жұмыстарды мемлекеттік сатып алу және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттарға сәйкес жасалады.
Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жекелеген түрлері бойынша уәкілетті орган мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттарды бекітуі мүмкін.
Осы Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып, өзге де нысанда жасалуы мүмкін.
Тапсырыс берушілер нәтижеге бағдарланған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар (сервистік модель бойынша шарттар) жасасуға құқылы.
Нәтижеге бағдарланған шарттар (сервистік модель бойынша шарттар) бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәртібі мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында айқындалады.
2. Тапсырыс беруші жеңімпазға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын:
1) конкурс (аукцион) тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы туралы хаттамаға шағымдану мерзімі өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде;
2) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы айқындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жібереді;
Өнім берушіні таңдау рәсімі, оның ішінде мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспары шеңберінде өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындысына шағым жасау рәсімі тиісті бюджет (даму жоспары) бекітілгенге дейін аяқталған жағдайларда, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы жеңімпазға тиісті бюджет (даму жоспары) бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберіледі.
3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын конкурс, аукцион, баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен мемлекеттік сатып алудың жеңімпазы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы қоса берілген хабарлама мемлекеттік сатып алу веб-порталына келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландыруға тиіс.
4. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жөніндегі талаптар осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40), 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларға қолданылмайды.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жасасу мерзімі әлеуетті өнім берушіге мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы жіберілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспауы керек.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Егер мемлекеттік сатып алу туралы шартта осы шарт бойынша туындаған немесе туындауы мүмкін дауларды төреліктің қарауына беру көзделсе, оған төрелік келісімнің қорытындысына тиісті саладағы уәкілетті органның (республикалық меншікке қатысты) немесе жергілікті атқарушы органның (коммуналдық мүлікке қатысты) жазбаша келісімі қоса берілуге тиіс.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасының бейрезидентімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасу жағдайларында, мемлекеттік сатып алу туралы шартты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, ол ұсынатын нысанда, қағаз жеткізгіште ресімдеуге жол беріледі.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 7-тармақ жаңа редакцияда
7. Егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімдерде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына қол қоймаса не мемлекеттік сатып алу туралы шартты жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізбесе, тапсырыс беруші үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына қол қою қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
Егер әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге қол қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шартты ұсынбаса, тапсырыс беруші жеңімпаздың мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жібереді.
Екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өзіне мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасы ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасын электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруға тиіс.
8. Егер екінші орын алған әлеуетті өнім беруші осы баптың 7-тармағында белгіленген мерзімде тапсырыс беруші қол қойған мемлекеттік сатып алу туралы шартқа қол қоймаса, тапсырыс беруші қайта мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
9. Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген күннен бастап он жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізуге міндетті.
Бұл ретте тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) енгізу мерзімі өткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өнім берушіге мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы осы шартты бұзу ниеті туралы хабарлама жібереді. Егер өнім беруші мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізбесе, тапсырыс беруші осы шартты бұзу туралы хабарлама жібереді.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мөлшерін мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жалпы сомасының үш пайызы мөлшерінде белгілейді.
Егер мемлекеттік сатып алу туралы шартта аванс төлеу көзделген болса, өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуге қосымша, авансқа тең мөлшерде авансты қамтамасыз етуді енгізеді.
Өнім беруші аванстың толық сомасынан не аванстың бір бөлігінен бас тартуға құқылы. Өнім беруші аванстан ішінара бас тартқан жағдайда, аванстың бөлігіне тең мөлшерде авансты қамтамасыз етуді енгізуге міндетті.
Тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына қарай өнім берушінің жазбаша хабарлауы бойынша аванстың орындалуын қамтамасыз ету мөлшерін мемлекеттік сатып алу туралы шартта көзделген орындалған міндеттемелерге пропорционалды түрде азайтады.
Осы Заңның 39-бабының 2-тармағы 2) тармақшасының және 3-тармағының негізінде жүзеге асырылған, баға ұсыныстарын сұрату қорытындылары бойынша, тауар биржалары арқылы, бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған жағдайда, тапсырыс беруші авансты қамтамасыз етуді енгізу туралы талап белгілеуге құқылы.
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 11-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
11. Қолданылу мерзімі бір қаржы жылынан асатын мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған жағдайда, ағымдағы қаржы жылына мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мөлшері тиісті қаржы жылында көзделген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жылдық сомасы негізге алына отырып есептеледі.
Өнім беруші мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етудiң және авансты қамтамасыз етудің (егер мемлекеттік сатып алу туралы шартта аванс көзделген жағдайда) мынадай түрлерiнiң бiрiн:
1) өнім берушінің электрондық әмиянындағы ақшаны;
2) электрондық құжат нысанында берілетін банк кепілдігін таңдауға құқылы. Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 4), 9), 17), 18), 20), 21), 23), 26), 31), 32), 35), 40) және 41) тармақшаларында және 50-бабында көзделген жағдайларда банк кепілдігін қағаз жеткізгіште беруге жол беріледі;
3) уәкілетті орган қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітетін, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету және авансты қамтамасыз ету мақсаттары үшін үлгілік сақтандыру шартына сәйкес жасалатын өнім берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартын таңдауға құқылы.
Өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін орындамауы немесе тиісінше орындамауы салдарынан тапсырыс берушіге келтірілген мүліктік зиянды өтеу міндетіне байланысты мүліктік мүддесі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету және авансты қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартының объектісі болып табылады.
Тапсырыс берушінің мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша өнім берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу фактісі мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету және авансты қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы болып танылады.
Сақтандыру сомасы мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету мақсаттары үшін сақтандыру шартында айқындалады және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жалпы сомасының үш пайызынан кем болмайды.
Әлеуетті өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша мiндеттемелер толық орындалғанға дейiн электрондық әмияндағы ақшаны тұтастай не оның бір бөлiгiн талап ету құқығы үшiншi тұлғаларда туындауына алып келетін әрекеттер жасауына жол берiлмейдi.
Өнім беруші енгiзген электрондық әмияндағы ақшаны мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператордың осы Заңда көзделмеген мақсаттарға пайдалануына жол берiлмейдi.
Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және авансты қамтамасыз етуді (егер мемлекеттік сатып алу туралы шартта аванс көзделген жағдайда) енгізу туралы талап тауар биржалары арқылы тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша айқындалған өнім берушілерге, сондай-ақ осы Заңның 51-бабының 6-тармағында көзделген жағдайда кәсіпкерлік қызмет субъектілері болып табылмайтын өнім берушілерге қолданылмайды.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 12-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12. Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша өз міндеттемелерін толық және тиісінше орындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, сондай-ақ өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың қолданылу кезеңінде мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету тәсілін ауыстыруды ұсынған жағдайда, тапсырыс беруші енгізілген мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда қамтамасыз ету сомасын (болған кезде) өнім берушіге қайтарады.
Өнім берушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты мемлекеттік сатып алу туралы шарт бұзылған жағдайда, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес өнім беруші енгізген сома (болған кезде) өнім берушіге қайтарылмайды.
Мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету және осы Заңның 26-бабына сәйкес өнім беруші енгізген сома (болған кезде) тиiстi бюджет, мемлекеттiк кәсiпорын, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлға немесе олармен үлестес заңды тұлғалар кірісінің есебіне жатқызылады.
Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) электрондық әмиян арқылы енгізген кезде мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді толық және тиісінше орындағанына дейін тиісті соманы автоматты түрде бұғаттайды.
Өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді толық және тиісінше орындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор өнім берушінің электрондық әмиянына мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін енгізілген ақшалай соманы, сондай-ақ осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (болған кезде) қайтаруды автоматты түрде жүзеге асырады.
13. Мемлекеттік сатып алу туралы шартта мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны не тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) көзделуге тиіс. Тұрақсыздық айыбының мөлшері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалады.
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 14-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
14. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт бір қаржы жылы мерзіміне жасалады.
Мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау мақсатында мемлекеттік сатып алу туралы шартты бір қаржы жылынан асатын мерзімге жасасуға жол беріледі.
Мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды үш жылдан асатын мерзімге жасасу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
15. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорындар, сондай-ақ дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалар және олармен үлестес заңды тұлғалар iс-шараларды орындау үшiн қажеттi тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы ұзақ мерзiмдi шартты басқару органы немесе аталған тұлғалардың жоғары органы бекiткен даму жоспарында белгiленген келесi (кейiнгi) қаржы жылында (жылдарында) аяқтау мерзiмiмен жасай алады.
16. 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
17. 2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
18. Тапсырыс берушінiң үздіксіз қызметiн қамтамасыз ету мақсатында тапсырыс беруші уәкілетті орган бекiткен тiзбе бойынша күн сайынғы немесе апта сайынғы қажеттіліктегі тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу туралы шарттың қолданысын конкурс не аукцион тәсілімен мемлекеттiк сатып алу қорытындысы шығарылғанға және мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейінгі кезеңге ұзартуға құқылы.
Бұл ретте мұндай мемлекеттік сатып алу мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі, бірақ екі айдан аспайтын мерзім ішінде тапсырыс берушінің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті осындай тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алу көлемінен аспайтын көлемде жүзеге асырылады.
19. Мемлекеттiк сатып алу туралы шарт мынадай фактілердің бірі анықталған:
1) осы Заңның 6-бабында көзделген шектеулер бұзылған;
2) мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы әлеуетті өнім берушіге осы Заңда көзделмеген жәрдем көрсеткен;
3) 2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы енгізбеу жолымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған жағдайда, оны кез келген кезеңде бұзу туралы талапты қамтуға тиiс.
20. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт осы шарт бойынша міндеттемелер орындалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тауарларды бергені, жұмыстарды орындағаны не қызметтер көрсеткені үшін толық төлем жасау туралы талаптарды қамтуға тиіс.
2017.26.12. № 124-VІ ҚР Заңымен 21-тармақ жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21. Мемлекеттік сатып алу туралы шартта Қазақстан Республикасы салық заңнамасының, Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасы кеден заңнамасының талаптарына сәйкес қосылған құн салығын және акциздерді төлеу талаптары қамтылуға тиіс.
22. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша тауарларды берудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің ең аз мерзімі тауарды беруге, оның ішінде оны дайындауға (өндіруге), жеткізуге, жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге кеткен мерзімнен кем болмауға, бірақ кемінде күнтізбелік он бес күн болуға тиіс.
23. Тапсырыс беруші мен өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша қабылданған міндеттемелерді толық орындаған жағдайда көрсетілген шарт орындалды деп есептеледі.
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 23-1-тармақпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 23-1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23-1. Жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету үшін қосалқы мердігерлерге (бірлесіп орындаушыларға) берілуі мүмкін жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің шекті көлемдері жиынтығында орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің екіден бірінен аспауға тиіс.