4. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту дара кәсіпкердің және заңды тұлғаның қызметкерін осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауаптылықтан босатады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен ескертпемен толықтырылды
Ескертпе. Осы Кодекстің мақсаттары үшін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар кәсіпкерлік субъектілері ретінде әкімшілік жауаптылықта болады.
34-бап. Шетелдiктердiң, шетелдiк заңды тұлғалардың және азаматтығы жоқ адамдардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Қазақстан Республикасының аумағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының континенттік қайраңында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасаған шетелдiктер, шетелдiк заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері және азаматтығы жоқ адамдар жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылыққа жатады.
2. Шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес үкiметтiк емес бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерi (филиалдары мен өкiлдiктерi) Қазақстан Республикасының қоғамдық бiрлестiктер туралы заңнамасын бұзғаны үшiн заңды тұлғалар ретiнде әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
3. Шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдерi және иммунитетті пайдаланатын өзге де шетелдiктер Қазақстан Республикасының аумағында жасаған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе халықаралық құқық нормаларына сәйкес шешiледi.
5-тарау. Әкiмшiлiк жауаптылықты болғызбайтын мән-жайлар
35-бап. Қажеттi қорғану
1. Қажеттi қорғану жағдайында, яғни жеке басын, тұрғын үйiн, меншiгiн, жер учаскесiн және қорғанушының немесе өзге де адамдардың басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғушыға зиян келтiру арқылы құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғау кезiнде, егер бұл ретте қажеттi қорғанудың шегiнен шығып кетуге жол берiлмеген болса, осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Кәсiби немесе өзге де арнайы дайындығына және қызмет жағдайына қарамастан, барлық адамдардың бiрдей дәрежеде қажеттi қорғаныс құқығы бар. Құқыққа қарсы қолсұғушылықтан аулақ болу не басқа адамдарға немесе мемлекеттiк органдарға көмек сұрап жүгiну мүмкiндiгiне қарамастан, адамға бұл құқық тиесiлi болады.
3. Қолсұғушылықтың сипатына және қауіптілік дәрежесiне қорғанудың айқын сәйкес келмеуi, соның салдарынан қол сұғушыға жағдайдан туындамаған анық шектен тыс зиян келтiру қажеттi қорғанудың шегiнен шығып кету деп танылады. Мұндай шектен шығып кету тек қасақана зиян келтiрiлген жағдайларда ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
4. Құқыққа қарсы қолсұғушылықтан туындаған үрейдiң, қорқудың немесе сасқалақтап қалудың салдарынан қажеттi қорғану шегiнен шығып кеткен адам әкiмшiлiк жауаптылыққа жатпайды.
36-бап. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу
1. Құқыққа қарсы қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу кезiнде, осы адамды мемлекеттiк органдарға жеткiзу және оның жаңа қолсұғушылықтар жасау мүмкіндігінің жолын кесу үшiн, егер мұндай адамды өзге құралдармен ұстап алу мүмкiн болмаса және бұл ретте осы үшiн қажеттi шараларды асыра қолдануға жол берiлмесе, осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi шараларды асыра қолдану деп адамға қажеттiлiктен асып, жағдайдан туындамаған, анық шектен тыс зиян келтiрген кезде, олардың ұстап алынған адам жасаған қолсұғушылықтың сипаты мен қауiп дәрежесiне және ұстап алудың мән-жайларына анық сәйкес келмеуi танылады. Мұндай асыра қолдану тек қасақана зиян келтiру жағдайларында ғана әкiмшiлiк жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қолсұғушылық жасаған адамды ұстап алу құқығына оған арнаулы уәкiлеттiк берілген тұлғалармен қатар жәбiрленушiлер мен басқа жеке тұлғалар да ие болады.
37-бап. Аса қажеттiлiк
1. Аса қажеттiлiк жағдайында, яғни аталған адамның немесе өзге де адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқықтары мен заңды мүдделерiне, қоғамның немесе мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру, егер бұл қауiптi өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса және бұл ретте аса қажеттiлiктің шегiнен шығып кетуге жол берiлмесе, әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Аса қажеттiлiктің шегiнен шығып кету деп қатер төндiрген қауiптiң сипаты мен дәрежесiне және қауiп жойылған, құқық қорғау мүдделерiне тең немесе зиянды болғызбаудан айтарлықтай көбiрек зиян келтiрген жағдайға анық сәйкес келмейтiн зиян келтiру танылады. Мұндай шектен шығып кету тек қасақана зиян келтiру жағдайларында ғана жауаптылыққа әкеп соғады.
38-бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу
1. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде, егер мұндай мәжбүрлеу салдарынан адам өз әрекеттерiн (әрекетсiздiгiн) басқара алмаса, осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасау әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды.
2. Психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде, сондай-ақ күштеп мәжбүрлеу нәтижесiнде, адам соның салдарынан өз әрекеттерiн басқару мүмкiндiгiн сақтаса, осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлгендiгi үшiн әкiмшiлiк жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 37-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.
39-бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау
1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн әрекет еткен адамның осы Кодексте көзделген іс-әрекеттi жасауы әкiмшiлiк құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай іс-әрекеттiң жасалуына заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам әкiмшiлiк жауаптылықта болады.
2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындауы үшін қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлға жалпы негiздерде әкiмшiлiк жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау әкiмшiлiк жауаптылықты болғызбайды.
6-тарау. Әкiмшiлiк жаза және әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары
40-бап. Әкiмшiлiк жаза ұғымы және мақсаттары
1. Әкiмшiлiк жаза, осыған заңмен уәкiлеттiк берiлген судья, органдар (лауазымды адамдар) әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн қолданатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болып табылады және мұндай құқық бұзушылық жасаған тұлғаны құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделгендей айыруды немесе олардың шектелуін қамтиды.
2. Әкiмшiлiк жаза құқық бұзушылықты жасаған тұлғаны заңнама талаптарын сақтау және құқық тәртiбiн құрметтеу рухында тәрбиелеу, сондай-ақ құқық бұзушының өзiнiң де, басқа тұлғалардың да жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады.
3. Әкiмшiлiк жаза әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға дене азабын келтіруді немесе адами қадiр-қасиетiн қорлауды, сондай-ақ заңды тұлғаның iскерлiк беделiне зиян келтіруді мақсат тұтпайды.
4. Әкiмшiлiк жаза мүлiктiк залалдың орнын толтыру құралы болып табылмайды. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтан келтiрiлген зиянның орны осы Кодекстiң 59-бабында көзделген тәртiппен толтырылады.
41-бап. Әкiмшiлiк жаза түрлерi
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн мынадай әкiмшiлiк жазалар қолданылуы мүмкін:
1) ескерту жасау;
2) әкiмшiлiк айыппұл;
3) әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасау құралы не нысанасы болған затты, сол сияқты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу;
4) арнайы құқықтан айыру;
5) рұқсаттан айыру немесе оның қолданылуын тоқтата тұру,
сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау;
6) қызметті тоқтата тұру немесе оған тыйым салу;
7) заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу;
8) әкімшілік қамаққа алу;
9) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар жасағаны үшiн заңды тұлғаларға осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) - 5) және 7) тармақшаларында санамаланған әкiмшiлiк жазалар, сондай-ақ заңды тұлғаның қызметiн немесе қызметiнiң жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу қолданылуы мүмкiн.
42-бап. Әкiмшiлiк жазалардың негiзгi және қосымша шаралары
1. Ескерту жасау, әкiмшiлiк айыппұл, әкімшілік қамаққа алу негiзгi әкiмшiлiк жазалар ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
2. Арнайы құқықтан айыру, рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тізілімнен алып тастау, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, сондай-ақ шетелдіктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу негiзгi, сол сияқты қосымша әкiмшiлiк жазалар ретiнде қолданылуы мүмкiн.
3. Тәркілеу, заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу қосымша әкімшілік жаза ретінде ғана қолданылуы мүмкін.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 43-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
43-бап. Ескерту жасау
1. Ескерту жасау әкiмшiлiк жаза қолдануға уәкiлеттiк берілген соттың, органның (лауазымды адамның) жасалған құқық бұзушылыққа ресми түрде терiс баға беруiнен және жеке немесе заңды тұлғаны құқыққа қарсы мiнез-құлыққа жол беруге болмайтындығы туралы сақтандырудан тұрады. Ескерту жасау жазбаша нысанда шығарылады.
2. Осы Кодекстің 57-бабында және 366-бапқа ескертпеде көзделген мән-жайлар болмаған кезде әкімшілік жаза қолданатын сот (судья), орган (лауазымды адам) осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген ескерту жасауды қолдануға міндетті.
44-бап. Әкiмшiлiк айыппұл
2014.29.12. № 271-V ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Әкiмшiлiк айыппұл (бұдан әрi - айыппұл) - осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгінiң баптарында көзделген жағдайларда және шекте әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн салынатын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған кезде қолданыста болған заңға сәйкес белгiленетiн айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр мөлшерiне сәйкес келетiн мөлшерде ақша өндiрiп алу.
Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген жағдайларда айыппұл мөлшерi:
1) қоршаған ортаға келтiрiлген зиян сомасының;
2) орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған салық мiндеттемесi сомасының;
3) төленбеген (аударылмаған), уақтылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) әлеуметтiк аударымдар сомасының;
4) аударылмаған, уақтылы және (немесе) толық есептелмеген, ұсталмаған (есепке жазылмаған) және (немесе) төленбеген (аударылмаған) мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасының;
5) заңсыз кәсiпкерлiк нәтижесiнде алынған акцизделетiн тауарлар құны сомасының;
6) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алынбаған не тиiсінше есепке алынбаған соманың;
7) Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасын бұза отырып жасалған (жүргiзiлген) мәмiле (операция) сомасының;
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) монополистiк қызметтi жүзеге асыру немесе Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы, табиғи монополиялар туралы заңнамасын, қаржы нарығының және қаржы ұйымдарының қызметiн реттейтiн Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу нәтижесiнде алынған кіріс (түсiм) сомасының;
9) құқық бұзушылық жасалған, бiрақ бiр жылдан аспайтын кезеңде бекiтiлген нормативтерден тыс пайдаланылған энергетикалық ресурстар құнының;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 10) тармақша өзгертілді (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10) есепке жатқызылмаған ұлттық және шетел валютасы сомасының;
2015.16.11. № 406-V ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды (2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
11) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдардың және (немесе) жарналардың төленбеген (аударылмаған), уақтылы және (немесе) толық төленбеген (аударылмаған) сомасының пайызымен көрсетiледi.
Егер осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген айыппұл мөлшерi Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасының нормаларын бұза отырып жүргiзiлген операция сомасының пайызымен көрсетiлсе және мұндай операция шетел валютасымен жүргiзiлсе, айыппұл сомасын теңгемен қайта есептеу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген ресми бағам бойынша жүзеге асырылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жеке тұлғаға салынатын айыппұлдың мөлшерін екі жүз айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Лауазымды адамға, жекеше нотариусқа, жеке сот орындаушысына, адвокатқа, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн жеті жүз елу айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн бір мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
Iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне салынатын айыппұлдың мөлшерiн екi мың айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң екiншi абзацына сәйкес есептелген айыппұл осы бапта көрсетiлген айыппұлдардың белгiленген мөлшерлерiнен асатын немесе одан кем мөлшерде белгiленуi мүмкiн.
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
Халық саны екі мың адам және одан аз аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылатын 4-бөліктің редакциясын қараңыз
4. Айыппұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк бюджет кiрiсiне өндiрiп алынады.
45-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған затты, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау салдарынан алынған мүлiктi тәркiлеу оларды заңнамада белгiленген тәртiппен мемлекет меншiгiне мәжбүрлеп өтеусiз айналдырудан тұрады.
Меншiк иесiне қайтарып беруге жататын не айналымнан алынған затты әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаның заңсыз иелiгiнен алып қою тәркiлеу болып табылмайды. Айналымнан алынған зат мемлекет меншiгiне айналдыруға немесе жойылуға жатады.
2. Егер осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде өзгеше көзделмесе, құқық бұзушының меншiгi болып табылатын зат қана тәркiлеуге жатады.
3. Аңшылық қаруды, оның оқ-дәрiлерiн және басқа да рұқсат етiлген аң аулау және балық аулау құралдарын тәркiлеудi аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
4. Тәркiлеудi судья қолданады және бұл осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында әкiмшiлiк жаза ретiнде көзделген жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
46-бап. Арнайы құқықтан айыру
1. Нақты адамға берілген арнайы құқықтан айыруды судья қолданады.
2. Арнайы құқықтан айыру мерзiмi бiр айдан кем болмауға және екi жылдан аспауға тиiс.
3. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру мерзiмi алты айдан кем болмауға және он жылдан аспауға тиіс.
2017.03.07. № 83-VI ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруды, көлік құралын масаң күйде басқару не масаң күйдi куәландырудан белгiленген тәртiппен өтуден жалтару, сондай-ақ аталған адамдардың белгiленген қағидаларды бұзып, өздерi қатысушысы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу жағдайларын қоспағанда, бұл құралдарды мүгедектiгiне байланысты пайдаланатын адамдарға қолдануға болмайды.
5. Аң аулау, балық аулау құқығынан, аң аулау қаруын, оның оқ-дәрiлерiн және балық аулау құралдарын сақтау мен алып жүру құқығынан айыруды, осы құқықты пайдалану тәртiбiн үнемi бұзуды қоспағанда, аң аулау (балық аулау) өмiр сүруiнiң негiзгi заңды көзi болып табылатын адамдарға қолдануға болмайды.
47-бап. Рұқсаттан айыру не оның қолданылуын тоқтата тұру, сондай-ақ тiзiлiмнен алып тастау
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Рұқсаттан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру рұқсатта көзделген қызметті жүзеге асыру не белгілі бір әрекеттердi (операцияларды) жасау кезiнде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн қолданылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Рұқсаттан айыруды осы баптың үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінің ережелерін ескере отырып, судья қолданады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру мерзімі бір айдан кем болмауға және алты айдан аспауға тиіс.
3. Кредиттiк бюроның рұқсатынан айыруды қоспағанда, қаржы саласындағы қызметтi және қаржы ресурстарын шоғырландырумен байланысты қызметтi жүзеге асыруға рұқсатты тоқтата тұруды не одан айыруды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Тiзiлiмнен алып тастауды Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган және Қазақстан Республикасының жол жүрiсi туралы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен көлiк және коммуникация саласындағы уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
5. Микроқаржы ұйымдарының тiзiлiмiнен алып тастауды Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында белгiленген негiздер бойынша және тәртiппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Коллекторлық агенттіктердің тізілімінен шығаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен жүзеге асырады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 7-бөлікпен толықтырылды
7. Егер жүзеге асырылуы кезінде әкімшілік құқық бұзушылық жасалған қызмет лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі болып табылса, рұқсаттан айыру не рұқсатты тоқтата тұру түріндегі әкімшілік жаза лицензияланатын қызмет түрінің нақты кіші түріне ғана қолданылады.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен ескертпе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Ескертпе. Осы Кодекстің мақсаттары үшін рұқсаттан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру деп лицензияланатын қызмет түрін немесе оның кіші түрін жүзеге асыруға арналған лицензиядан, арнайы рұқсаттан, бiлiктiлiк аттестатынан (куәлiгінен) не қызметтің белгілі бір түріне немесе кіші түріне не белгілі бір әрекетті жасауға, сондай-ақ «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де рұқсат беру құжатынан айыру не оның қолданысын тоқтата тұру түсініледі.
48-бап. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу
1. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру немесе оған тыйым салу жеке және (немесе) заңды тұлғалардың, оның ішінде заңды тұлғалардың филиалдарының, өкілдіктерінің, құрылымдық бөлімшелерінің, өндірістік учаскелердің қызметін уақытша тоқтатуды немесе қызметіне немесе оның жекелеген түрлеріне тыйым салуды, сондай-ақ агрегаттарды, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға, қызметтің (жұмыстардың), қызметтер көрсетудің жекелеген түрлерін жүзеге асыруды уақытша тоқтатуды немесе тыйым салуды қамтиды.
2. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу, егер әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін қызметті тоқтата тұру не оған тыйым салу түрінде санкция тағайындау мүмкін болса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) материалдарының негізінде сот тәртiбiмен ғана жүргiзiледi. Мұндай істерді қарауды сот он тәулік ішінде жүзеге асырады.
3. Қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұруды сот үш айға дейінгі мерзімге белгілейді.
4. Сотта іс қаралғанға дейін жеке немесе заңды тұлғаға осы Кодекстің 801-бабында көзделген тәртіппен қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу түрінде қамтамасыз ету шарасы қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу мерзімі, егер әкімшілік жазалаудың бұл шарасын сот қолданса, қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру немесе оған тыйым салу мерзіміне қосылады.
49-бап. Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзу
Заңсыз тұрғызылып жатқан немесе тұрғызылған құрылысты мәжбүрлеп бұзуды судья осы бөлiмнiң Ерекше бөлiгiнiң баптарында көзделген жағдайларда тағайындайды.
50-бап. Әкiмшiлiк қамаққа алу
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Әкімшілік қамаққа алу — отыз тәулікке дейінгі, ал төтенше жағдайлар режимі талаптарын бұзғаны үшін қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Әкімшілік қамаққа алуды судья айрықша жағдайларда осы бөлімнің Ерекше бөлігінде көзделген шектерде тағайындайды.
2017.28.12. № 127-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жүктi әйелдерге және он төрт жасқа дейiнгi балалары бар әйелдерге, он сегiз жасқа толмаған адамдарға, 1 және 2-топтағы мүгедектерге, сондай-ақ елу сегiз жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастан асқан еркектерге және он төрт жасқа толмаған балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге әкiмшiлiк қамаққа алуды қолдануға болмайды.
3. Әкiмшiлiк ұстап алу мерзiмi әкiмшiлiк қамаққа алу мерзiмiне қосылады.
51-бап. Шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу
1. Шетелдiктерді немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберуді судья осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнде көзделген тәртiппен және негiздер бойынша әкiмшiлiк жазалау шарасы ретiнде қолданады.
Осы бөліктің ережелерi шетелдiктердi немесе азаматтығы жоқ адамдарды Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен жүзеге асырылатын шығарып жiберу жағдайында қолданылмайды.
2. Егер әкiмшiлiк iс жүргiзу барысында өзіне қатысты Қазақстан Республикасының шегiнен әкiмшiлiк жолмен шығарып жіберу түрiнде әкiмшiлiк жазалау шарасы қолданылуы мүмкiн адам, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес ауыр немесе аса ауыр қылмыс болып танылатын іс-әрекеттің өзiне қатысты жасалғаны туралы хабарланған жағдайда, онда осы адамға қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексiнiң 179-бабында белгiленген тәртiппен хабарлама немесе арыз бойынша шешiм қабылданғанға дейiн кейiнге қалдырылады.
52-бап. Әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған тұлғаға осы тұлғаның жаңа құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында мынадай әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкiн:
1) жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеру;
2) құқық бұзушының мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу;
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 3) тармақшамен толықтырылды