Қазақстан Республикасының
Заңы
Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы
(2019.03.07. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
Осы редакция 2020 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылған редакция
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңын қараңыз (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасы
3-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы
4-бап. Инвестициялық қорлардың түрлерi
4-1-бап. Ислам инвестициялық қорлары
5-бап. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атаулары
6-бап. Инвестициялық қордың активтерін басқару
7-бап. Аудитке қойылатын талаптар
2-тарау. Акционерлік инвестициялық қор
8-бап. Акционерлік инвестициялық қордың құрылтайшылары мен акционерлерiне қойылатын талаптар
9-бап. Акционерлік инвестициялық қорларға қойылатын талаптар
10-бап. Акционерлік инвестициялық қордың жарғысы
11-бап. Акционерлік инвестициялық қор акцияларының шығарылымын мемлекеттік тiркеу
12-бап. Акционерлік инвестициялық қордың акциялары
13-бап. Акционерлік инвестициялық қор органдарының жұмыс iстеу ерекшелiктерi
14-бап. Акционерлік инвестициялық қордың акцияларын сатып алу
15-бап. Акционерлiк инвестициялық қорды қайта ұйымдастыру және тарату
3-тарау. Иивестициялық пай қоры
16-бап. Инвестициялық пай қорының құқықтық жағдайы
17-бап. Инвестициялық пай қорын құру
18-бап. Инвестициялық пай қорларын бiрiктiру немесе олардың нысанын өзгерту
19-бап. Инвестициялық пай қорының активтерiн сенiмгерлiк басқару шарты
20-бап. Инвестициялық пай қоры пайларының шығарылымын мемлекеттік тiркеу
21-бап. Инвестициялық пай қорының пайы
22-бап. Инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың құқықтары
23-бап. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру
24-бап. Ашық немесе аралық инвестициялық пай қорының пайларын сатып алу
25-бап. Инвестициялық пай қорының пайларын кейiннен орналастыру немесе сатып алу кезіндегі үстеме ақылар мен жеңiлдiктер
26-бап. Инвестициялық пай қорының пайларын орналастыру мен сатып алуды тоқтата тұру
27-бап. Инвестициялық пай қорының ережесi
28-бап. Инвестициялық пай қорының ережесіне енгiзiлетiн өзгерістер мен толықтырулар
29-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге байланысты сыйақы мен шығыстар
30-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысы
31-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың жалпы жиналысын шақыру
32-бап. Жабық инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылардың қайтадан өткiзiлетiн жалпы жиналысы
33-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуға негiздемелер
34-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтатуды жүзеге асыратын тұлғалар
35-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуiн тоқтату
36-бап. Инвестициялық пай қорының жұмыс iстеуi тоқтатылған кезде мiндеттемелердi орындау
4-тарау. Иивестициялық қор активтерінің құрамы мен құны
37-бап. Инвестициялық қор активтерiнiң құрамы
38-бап. Бухгалтерлік есеп және инвестициялық қор активтерiнің құнын айқындау
5-тарау. Инвестициялық қордың активтерін басқару
39-бап. Инвестициялық қордың инвестициялық декларациясы
40-бап. Инвестициялық қордың басқарушы компаниясының қызметi
41-бап. Инвестициялық қордың активтерiн басқару жөніндегі қызметтi жүзеге асыруға байланысты тыйымдар
42-бап. Инвестициялық қордың басқарушы компаниясының мiндеттерi
6-тарау. Инвестициялық қордың активтерін есепке алу және сақтау
43-бап. Инвестициялық қор активтерiнiң сақталуын қамтамасыз ету
44-бап. Инвестициялық қор кастодианының мiндеттерi
7-тарау. Инвестициялық қор туралы ақпаратты ашу
45-бап. Инвестициялық қор туралы ақпаратқа қойылатын талаптар
46-бап. Акционерлік инвестициялық қордың немесе басқарушы компанияның ақпарат беруi
7-1-тарау. Венчурлік қор
46-1-бап. Венчурлік қордың құқықтық жағдайы
46-2-бап. Венчурлік қордың жарғысы
46-3-бап. Венчурлік қор шарты
46-4-бап. Венчурлік басқарушының қызметі
46-5-бап. Венчурлік қорлар қызметін жарнамалау
46-6-бап. Шаруашылық серіктестікке қатысушылардың құқықтарын жүзеге асыру туралы шарт
46-7-бап. Акционерлік келісім
46-8-бап. Опциондық шарт
46-9-бап. Шарт жасасуға арналған опцион
46-10-бап. Венчурлік қаржыландыру мақсатында жасалатын шарттардың ерекшеліктері
8-тарау. Қорытынды ережелер
47-бап. Осы Заңды бұзғаны үшiн жауаптылық
48-бап. «Қазақстан Республикасындағы инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күшi жойылды деп тану туралы
2007.12.01 № 222-III ҚР Заңымен бүкіл мәтін бойынша «қайтарып алған», «қайтарып алынғаны», «лицензиясы қайтарып алынса», «лицензияны қайтарып алған», «қайтарып алынған», «(қайтарып алынуына)», «лицензиясы қайтарып алынған» деген сөздер тиісінше «одан айырған», «одан айырылғаны», «лицензиясынан айырылса», «лицензиядан айырған», «одан айырылған», «(одан айырылуына)», «лицензиясынан айырылған» деген сөздермен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Осы Заң Қазақстан Республикасындағы акционерлік инвестициялық қордың құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет ету, қайта ұйымдастырылу және таратылу ерекшелiктерiн, инвестициялық пай қорының құрылу, жұмыс iстеу және жұмыс iстеуiн тоқтату шарттары мен тәртібін, венчурлік қорлардың құқықтық жағдайы мен қызмет ету ерекшеліктерін айқындайды, бағалы қағаздар нарығына кәсiпқой қатысушылардың инвестициялық қорлардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне байланысты қатынастарды реттейдi, сондай-ақ инвестициялық қорларды мемлекеттік реттеу тәртібін айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) акционерлік инвестициялық қор - қызметінің айрықша түрі осы Заңда белгіленген талаптарға және өзінің инвестициялық декларациясына сәйкес осы қоғамның акционерлері оның акцияларын, заңды тұлғаның акционерлік инвестициялық қор етіп қайта құрылуы нәтижесінде қабылданған өзге де активтерді төлеу үшін қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесінде алынған активтерді жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлік қоғам;
2) әртараптандыру - инвестициялық қор активтері құнының төмендеу қаупін азайту мақсатында оларды түрлі қаржы құралдарына және өзге мүлікке орналастыру;
3) басқарушы компания - уәкілетті орган берген лицензия негiзiнде инвестициялық портфельдi басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушы;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды
3-1) венчурлік қор - венчурлік қаржыландыру мақсаттарында ғана ақша мен өзге де мүлікті тартуды және жинақтауды жүзеге асыратын жай серіктестік немесе акционерлік қоғам немесе шаруашылық серіктестік нысанындағы заңды тұлға;
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) жылжымайтын мүлік қоры - қызметінің айрықша түрі осы Заңда белгіленген талаптарға және өзінің инвестициялық декларациясына сәйкес, осы қоғамның акционерлері оның акцияларын, заңды тұлғаның жылжымайтын мүлік қоры етіп қайта құрылуы нәтижесінде қабылданған өзге де активтерді төлеу үшін қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесінде алынған активтерді жылжымайтын мүлікке және осы Заңда рұқсат етілген өзге де мүлікке жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлік инвестициялық қор;
5) инвестициялық декларация - инвестициялау объектілерінің тізбесін, инвестициялық қор активтеріне қатысты инвестициялық қызмет мақсатын, стратегиясын, шарттарын және оны шектеуді, қор активтерін хеджирлеу және әртараптандыру шарттарын айқындайтын құжат;
6) инвестициялық кіріс - инвестициялық қор активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған олардың ақшалай көрінісіндегі өсімі;
7) инвестициялық қор - осы Заңға сәйкес құрылған акционерлік инвестициялық немесе инвестициялық пай қоры;
8) инвестициялық қордың активтері - акционерлік инвестициялық қорға тиесілі немесе инвестициялық пай қорын құрайтын активтер жиынтығы;
9) инвестициялық қордың таза активтерінің құны - инвестициялық қордың барлық активтерінің құны мен оның инвестициялық қор активтері есебінен төленуге жататын міндеттемелері не есептелген шығыстары арасындағы айырма ретінде айқындалатын инвестициялық қор активтері құнының ақшалай көрінісі;
10) инвестициялық пай қоры - пайға, сондай-ақ оларды инвестициялау нәтижесінде сатып алынған өзге де активтерге ақы төлеуден алынған, пайларды ұстаушыларға ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі және басқарушы компанияның басқаруындағы ақша жиынтығы;
11) инвестициялық пай қорының ережелері - инвестициялық пай қорының мақсаттарын, жұмыс істеу және жұмыс істеуін тоқтату шарттары мен тәртібін айқындайтын құжат;
12) инвестициялық шешім - инвестициялық қордың активтерін басқару процесінде қабылданатын оның активтерімен мәміле жасасу туралы шешім;
13) пай - инвестициялық пай қорындағы оның иесінің үлесін, инвестициялық пай қоры жұмыс істеуін тоқтатқан кезде оның активтерін және (немесе) осы Заңда белгіленген жағдайда өзге де мүлікті өткізуден алынған ақшаны алу құқығын, сондай-ақ осы Заңда айқындалған инвестициялық пай қоры қызметінің ерекшеліктеріне байланысты өзге де құқықтарды растайтын, шығарылымы құжатталмаған нысандағы атаулы эмиссиялық бағалы қағаз;
14) пай ұстаушы - инвестициялық пай қорының пайларын ұстаушылар тізілімі жүйесінде немесе номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде жеке шоты бар және инвестициялық пай қорының пайлары бойынша құқықтарға ие тұлға;
15) пайды сатып алу - осы Заңға және инвестициялық пай қорының қағидаларына сәйкес айқындалатын оның құнын пай ұстаушысына басқарушы компанияның төлеуі арқылы пайды айналымнан шығару;
16) пайдың есептелу құны - инвестициялық пай қорының таза активтерінің құнын оның айналыстағы пайларының санына бөлу арқылы айқындалатын пай құнының ақшалай көрінісі;
17) пайдың номиналды құны - инвестициялық пай қорының пайларын бастапқы орналастыру кезіндегі пай құнының ақшалай көрінісі;
18) пайларды бастапқы орналастыру - инвестициялық пай қоры активтерінің ең төменгі мөлшерін қалыптастыру мақсатында пайларды номиналды құны бойынша орналастыру кезеңі;
19) сенімгерлік басқару шарты - осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес ақшаны сенімгерлік басқаруға беру туралы басқарушы компания акционерлік инвестициялық қормен немесе инвестициялық пай қорының инвесторымен жасалатын, инвестициялық қор активтерін құрайтын инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шарт;
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 20) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 2-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2-бап. Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңнамасы
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзге ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Егер осы Заңда өзгеше белгiленбеген болса, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы және акционерлік қоғамдар туралы заңдары инвестициялық қорларға қолданылады.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы, шаруашылық серіктестіктер, жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер және акционерлік қоғамдар туралы заңнамасы венчурлік қорларға қолданылады.
2009.13.02. № 135-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бап өзгертілді
3-бап. Осы Заңның реттеу нысанасы
1. Осы Заң:
1) акционерлік инвестициялық қорлардың құқықтық жағдайының және қызмет етуiнiң ерекшелiктерiне байланысты;
2) инвестициялық пай қорларын құру, олардың жұмыс iстеуi және жұмыс iстеуiн тоқтату процесiнде туындайтын;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) бағалы қағаздар рыногына кәсiби қатысушылардың инвестициялық қорлардың активтерiн инвестициялық басқару, оларды есепке алу мен сақтау, сондай-ақ инвестициялық қорлардың бағалы қағаздарын шығаруды, орналастыруды, айналысқа жiберудi, сатып алуды және өтеудi қамтамасыз ету жөніндегі қызметiне байланысты;
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) венчурлік қорлардың құқықтық жағдайы мен қызмет ету ерекшеліктеріне байланысты құқықтық қатынастарды реттейді.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы Заң, басқарушы компанияларды және венчурлік басқарушыларды қоспағанда, қызметi Қазақстан Республикасының басқа заң актілерімен реттелетiн өзге тұлғалар жүзеге асыратын мүлiктi сенiмгерлiк басқару жөніндегі қатынастарға қолданылмайды.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Осы Заң дауыс беретін акцияларының елу проценттен астамы меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығымен ұлттық басқарушы холдингке тиесілі, тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін ұйымдарға, олардың венчурлік қорлар құру жағдайларын қоспағанда, қолданылмайды.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-бап. Инвестициялық қорлардың түрлерi
1. Қазақстан Республикасында инвестициялық қорлардың мынадай түрлерi:
1) акционерлік инвестициялық қор;
2) ашық, аралық немесе жабық нысандарда құрылуы мүмкiн инвестициялық пай қоры жұмыс iстейдi.
1-1. 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Ашық инвестициялық пай қоры оның пай ұстаушысына басқарушы компаниядан осы Заңда және осы инвестициялық қордың ережелерiнде белгiленген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен пайды сатып алуын талап етуге құқық бередi, бiрақ ол екi аптада бiр реттен кем болмауға тиiс.
3. Инвестициялық аралық пай қоры оның пай ұстаушысына басқарушы компаниядан осы Заңда және осы инвестициялық қордың ережелерiнде белгiленген жағдайларда, шарттарда және тәртiппен пайды сатып алуын талап етуге құқық бередi, бiрақ ол жылына бiр реттен кем болмауға тиiс.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен 4- тармақ өзгертілді (бұр.ред. қара)
4. Жабық инвестициялық пай қоры оның пай ұстаушысына осы қордың пай ұстаушыларының жалпы жиналысына қатысуға, сондай-ақ қор ережелерiнде көзделген жағдайларда және тәртiппен пай бойынша дивидендтер алуға құқық бередi.
Шығарған (берген) қаржы құралдары және (немесе) өзге де активтері жабық инвестициялық пай қоры активтерiнiң құрамына кiретiн және оның активтері мөлшерінің бес және одан көп пайызын құрайтын заңды тұлға осы инвестициялық қордың пай ұстаушысы болуға құқылы емес.
Егер осы Заңда және қордың ережелерінде өзгеше көзделмесе, жабық инвестициялық пай қорының пай ұстаушысы басқарушы компаниядан өзiне тиесiлi пайларды сатып алуды талап етуге құқылы емес.
2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Инвестициялық декларациясында немесе ережелерiнде осы Заңның 41-бабы 1-тармағының 6) және 9) тармақшаларында белгiленген инвестициялау шарттарын сақтамай, қордың активтерiн инвестициялау мүмкiндiгi көзделген инвестициялық қор тәуекелмен инвестициялау қоры болып табылады.
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Акционерлік немесе жабық инвестициялық пай қорлары ғана тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қорлар бола алады. Жылжымайтын мүлік қоры тәуекелмен инвестицияланатын қорлар бола алмайды.
7. 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен 4-1-баппен толықтырылды
4-1-бап. Ислам инвестициялық қорлары
1. Акционерлік инвестициялық қор не исламдық қаржыландыру принциптерін сақтай отырып, қор активтерін инвестициялауды жүзеге асыратын жабық пайлық инвестициялық қор ислам инвестициялық қоры болып табылады.
2. Ислам инвестициялық қорларының ислам бағалы қағаздарын ұстаушылары өкілінің міндеттерін кастодиан жүзеге асырады.
3. Ислам инвестициялық қорының инвестициялық декларациясы исламдық қаржыландыру принциптеріне сай болуға және исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңеспен келісілуге тиіс.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 5-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5-бап. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атаулары
1. Акционерлік инвестициялық қордың атауында «акционерлік инвестициялық қор» деген сөздер болуға тиiс.
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Жылжымайтын мүлік қоры болып әрекет ететін акционерлік инвестициялық қордың атауында «жылжымайтын мүлік қоры» деген сөздер болуға тиіс.
2. Тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қордың атауында осы қордың тәуекелмен инвестициялау қоры болып табылатыны көрсетiлуге тиiс.
3. Инвестициялық пай қорының атауында «инвестициялық пай қоры» деген сөздердiң болуы, оның ашық, аралық немесе жабық болып табылатыны көрсетiлуге тиiс.
2009.12.02. № 133-IV ҚР Заңымен бап 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Ислам инвестициялық қорының атауында осы қордың ислам қоры болып табылатыны көрсетілуге тиіс.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды
3-2. Венчурлік қордың атауында «венчурлік қор» деген сөздер қамтылуға тиіс.
2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атауларында «ұлттық», «орталық», «үкіметтік», «кепілдік берілген» немесе «сақтандырылған» деген сөздерді кез келген тілде көрсетілген немесе өзгертілген түрде пайдалануға тыйым салынады. Инвестициялық және венчурлік қорлардың атаулары инвестициялардан түсетін кірістің сақтандырылуын немесе оған кепілдік берілуін бекітпеуге немесе ұғындырмауға тиіс.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында (бұдан әрі - Корпорация) акционерлiк инвестициялық қор ретiнде тiркелмеген және уәкiлеттi органда инвестициялық қордың акциялар шығарылымын тiркемеген, сондай-ақ басқарушы компаниямен сенімгерлік басқару шартын жасаспаған заңды тұлға өзiн инвестициялық қор деп атауға, инвестициялық қор ретiнде қызметтi жүзеге асыруға және өз атауларында кез келген тiркесте «инвестициялық қор» деген сөздердi пайдалануға құқылы емес.
Егер акционерлік инвестициялық қор мен оның басқарушы компаниясы арасында жасалған сенімгерлік басқару шарты тоқтатылған, бұзылған немесе оның қолданылу мерзімі өткен күннен бастап екі ай ішінде акционерлік инвестициялық қор жаңа басқарушы компаниямен сенімгерлік басқару шартын жасаспаған жағдайда, акционерлік инвестициялық қор атауының өзгеруіне байланысты Корпорацияда қайта тіркелуге тиіс.
Акционерлік инвестициялық қордың осы Заңда белгіленген мерзімде Корпорацияда қайта тіркеуді жүзеге асырмауы мүдделі тараптардың кез келгенінің талап қоюы бойынша, осы Заңның 15-бабында белгіленген тәртіппен оны мәжбүрлеп тарату үшін негіз болып табылады.
2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-бап. Инвестициялық қордың активтерін басқару
1. Басқарушы компания инвестициялық қордың активтерін инвестициялық басқаруды инвестициялық қор акционерлерінің немесе пай ұстаушыларының табыс алуы және осындай инвестициялау кезінде тәуекелдерді азайтуды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады.
Акционерлік инвестициялық қор инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыруға құқылы емес.
2. Акционерлік инвестициялық қордың мүлкі акционерлік инвестициялық қордың жарғысында айқындалған арақатынасында инвестициялауға арналған мүлікке және акционерлік инвестициялық қор мен оның органдарының қызметін қамтамасыз етуге арналған мүлікке бөлінеді.
Акционерлік инвестициялық қордың инвестициялауға арналған мүлкі басқарушы компанияның инвестициялық басқаруына берілуге тиіс.
3. Акционерлік инвестициялық қордың инвестициялауға арналған мүлкіне сенімгерлік басқару шарты қолданылатын кезеңде акционерлік инвестициялық қор сенімгерлік басқарудағы мүлікке қатысты қандай да бір іс-әрекеттерді жүзеге асыруға құқылы емес.
2008.23.10. № 72-IV ҚР Заңымен 7-баптың тақырыбы өзгертiлдi (бұр. ред. қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 7-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7-бап. Аудитке қойылатын талаптар
2018.02.07. № 168-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертiлдi (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Акционерлік инвестициялық қорға және (немесе) инвестициялық қордың басқару компаниясына аудитті Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы және «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 55-1-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келетін аудиторлық ұйым жүргізеді.
Акционерлік инвестициялық қордың және осы инвестициялық қордың басқарушы компаниясының аудитін сол бір аудиторлық ұйым жүргізеді.
2. Аудиторлық есеп коммерциялық құпия болып табылмайды.
2018.02.07. № 168-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертiлдi (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Акционерлік инвестициялық қордың және (немесе) инвестициялық қордың басқарушы компаниясының жыл сайынғы аудиторлық есептерінде акционерлік инвестициялық қордың және (немесе) инвестициялық қордың басқару компаниясының қаржылық есептілігі туралы аудиторлық ұйымның тәуелсіз пікірі және инвестициялық қордың инвестициялық басқаруға берілген (қабылданған) активтеріне қатысты есеп жүргізу және есептілікті жасау тәртібінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін тексеру нәтижелері туралы ақпарат қамтылуға тиіс.
2-тарау. Акционерлік инвестициялық қор
8-бап. Акционерлік инвестициялық қордың құрылтайшылары мен акционерлерiне қойылатын талаптар
1. Тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейтiн оффшорлық аймақтарда тiркелген заңды тұлғалар акционерлік инвестициялық қордың құрылтайшылары немесе акционерлерi бола алмайды.
2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред. қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы инвестициялық қормен тиiстi шарттар жасаған басқарушы компания, кастодиан, орталық депозитарий, аудиторлық ұйым және бағалаушы акционерлік инвестициялық қордың акционерлерi бола алмайды.
Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде белгiленген тыйым салу тәуекелмен инвестициялайтын акционерлік инвестициялық қордың акционерлерiне қолданылмайды.
9-бап. Акционерлік инвестициялық қорларға қойылатын талаптар
2006.07.07. № 182-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2008.20.11. № 88-IV ҚР Заңымен (бұр.ред. қара); 2018.02.07. № 166-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Акционерлік инвестициялық қордың:
1) осы Заңда көрсетiлген қызметтен басқа қызметтiң өзге түрлерiн жүзеге асыруға;
2) «алтын акция» енгізуге;
3) еншiлес ұйымдар құруға;
4) жай акцияларды қоспағанда, өзге қаржы құралдарын шығаруға және орналастыруға құқығы жоқ.
Осы баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында белгіленген тыйым салу тәуекелмен инвестициялайтын акционерлік инвестициялық қорларға және жылжымайтын мүлік қорларына қолданылмайды.
Негізгі қызмет түрі жылжымайтын мүлік қорларының активтері есебінен сатып алынған жылжымайтын мүлікке қызмет көрсету болып табылатын жылжымайтын мүлік қорлары еншілес ұйымдар құруға құқылы.