318-бап. Кепiлге салынған нәрседен ақы өндiрiп алу тәртібі
1. Кепiл ұстаушының талаптарын кепiлге салынған мүлiктiң құнынан қанағаттандыру, егер осы Кодексте және басқа заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүзеге асырылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ осы Кодексте және өзге де заң құжаттарында көзделген реттерде кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс тәртіппен сауда өткізу (аукцион) арқылы өз бетiмен сатуға құқылы. Ақшалай қарызды қамтамасыз ететiн кепiлге салынған нәрсенi сату жөнiнде кепiл ұстаушы банктiң де осындай құқығы болады. Қазақстан Республикасының жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда, кепілге қойылған жылжымайтын мүлікті соттан тыс өткізуге жол берілмейді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен екінші бөлікпен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыру шеңберінде қарыз бойынша қамтамасыз ету болып табылатын кепіл нысанасына өндіріп алуды қолдану ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
08.11.00 ж. № 96-II; 2007.12.01. № 225-III ҚР Заңдарымен; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 319-бап өзгертілді
319-бап. Кепiлге салынған мүлiктi сату
1. Кепiлге салынған мүлiктi өткізу (сату), егер заң құжаттарында өзгеше тәртiп белгiленбесе, iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп бойынша жария саудаға салып сату арқылы жүргiзiледi.
1-1. Ақшаны және ақшалай міндеттеме бойынша құқықтарды (талаптарды) кепілге беру кезінде - кепілге қойылған осы мүлікті өткізу кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақшаны кепіл ұстаушыға беру жолымен, ал кепіл нысанасына өндіріп алу қолданылған кезде ақшаны беру мүмкін болмаған жағдайда кепіл берушінің кепіл нысанасына құқықтарын кепіл ұстаушыға ауыстыру жолымен жүргізіледі.
Егер кепіл нысанасы болып табылатын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақша сомасы кепіл ұстаушының кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерінен асып кетсе, айырма кепіл берушіге қайтарылады. Кепіл ұстаушының талаптарын өтеу үшін ақша сомасы жетпеген жағдайда, заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше нұсқау болмаған ретте, ол кепілде негізделген артықшылықтарды пайдаланбай, жетпеген соманы борышкердің басқадай мүлкінен алуға құқылы.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс тәртіппен сату ерекшелiктерi осы Кодекспен және қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленедi. Ипотеканы iске асыру үшiн қозғалмайтын мүлiк ипотекасы туралы Заңмен белгiленген ережелер мен рәсiмдер, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кепiлдiң басқа түрлерiн орындау кезiнде мүлiктi сату үшiн қолданылады.
3. Кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша сот кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу туралы шешiмiнде жеке тұлғалардың кепілге салынған мүлкінің жария саудаға салынып сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге және заңды тұлғалардың кепілге салынған мүлкін бір айға дейінгі мерзімге кейiнге қалдыруға құқылы. Кейiнге қалдыру осы мүлiктi кепiлге салу арқылы қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша тараптардың құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды және борышкерді кейiнге қалдырылған уақыт iшiнде кредитордың өскен залалдары мен тұрақсыздық айыбы сомасын өтеуден босатпайды.
4. Кепiл берушi мен кепiл ұстаушыны қоса алғанда, кез келген заңды тұлғалар мен азаматтар саудаға қатысуға құқылы.
Сауда басталардың алдында сот немесе сенім бiлдiрiлген жақ (осы Кодекстiң 320-бабы) саудаға қатысушының әрқайсысынан кепiлдiк жарна төлеудi талап етуге құқылы. Кепiлдiк жарналар сауда аяқталғаннан кейiн қайтарылып берiлуге тиiс. Саудада ұтып шыққан қатысушының кепiлдiк жарнасы түпкiлiктi бағаның есебiне есептеледi. Саудада ұтып шыққан, бiрақ түпкiлiктi бағаны төлемеген қатысушының кепiлдiк жарнасы қайтарылмайды және соттың немесе сенім бiлдiрiлген жақтың билiгiнде қалады.
2018.10.01. № 134-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2018 ж. 13 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Қатысқан сатып алушы екеуден аз болуы себептi сауда жасалмайтыны жарияланған жағдайда кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi бағалаушы жасаған бағалау туралы есеп негiзiнде сот шешімімен белгіленген немесе сенiм бiлдiрiлген тұлға белгілеген ағымдағы бағалау құны бойынша өз меншiгiне аударуға, не жаңадан сауда белгiлеудi талап етуге құқылы.
6. Егер кепiлге салынған мүлiктi өткізу кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткiлiксiз болса, ол заң құжаттарында немесе шартта өзгеше нұсқаулар болмаған жағдайда жеткiлiксiз соманы борышқордың басқа мүлкiнен кепiлге негiзделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.
Егер кепiлге салынған мүлiктi сату кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының кепiлмен қамтамасыз етiлген талабы мөлшерiнен асып кетсе, айырмасы кепiл берушiге қайтарылады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Борышкер мен үшiншi тұлға болып табылатын кепiл берушi (заттай кепілгер) кепiл нысанасы сатылғанға дейiнгi кез келген уақытта оған өндiрiп алуды қолдануды және оны сатуды кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi немесе оның орындалу мерзiмi өтiп кеткен бөлiгiн орындап, тоқтатуға құқылы. Бұл құқықты шектейтiн келiсiм маңызсыз болады.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 320-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
320-бап. Кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сату
1. Кепiлге салынған мүлiк соттан тыс мәжбүр ету тәртібімен сатылған жағдайда сауданы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бұзылған ретте кепiл ұстаушының кепiлге салынған мүлiктi өткізуге сенімхаты бар сенім бiлдiрiлген заңды тұлға мен азамат жүргiзедi.
2. Сенім бiлдiрiлген адам мынадай рәсiмдердi орындайды:
1) кепiл берушiге мiндеттеменiң орындалмағаны туралы хабарлама жазады және оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркейдi;
2) хабарламадан туындайтын талаптар қанағаттандырылмаған жағдайда, бiрақ мұны кепiл берушiге жiберер кезден бастап отыз күннен кейiн, кепiлге салынған мүлiктiң саудасы туралы хабарлама жазады, оны кепiл туралы шарт тiркелген органда тiркеп кепiл берушiге тапсырады немесе тапсырыс хатпен кепiл шартында көрсетiлген мекенжай бойынша кепiл берушiге жiбередi;
3) сауда туралы хабарландыруды жергiлiктi баспасөзде ресми түрде жариялайды.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.17.07. № 333-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 321-бап өзгертiлдi
321-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындау және кепiлге салынған мүлiктен ақы өндiрiп алу
1. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен тыс бұрын орындауды мына жағдайларда:
1) егер кепiл туралы шарттың ережелерiне сәйкестендiрiлмей кепiлге салынған нәрсе қалдырылған кепiл берушiнiң иелiгiнен шығып кетсе;
2) кепiл берушi кепiлге салынған нәрсенi ауыстыру туралы ережелердi бұзған (осы Кодекстiң 314-бабы);
3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабындағы 2-тармақта көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiл ұстаушы жауап бермейтiн (осы Кодекстiң 313-бабының 2-тармағы) мән-жайлар бойынша кепiлге берiлген нәрсе жоғалған жағдайда;
4) кепіл берушіде өзге мүлік болмаған кезде кепіл ұстаушы талабының алдында басымдыққа ие болмайтын үшінші бір тұлғалар алдындағы атқарушылық құжаттар бойынша кепіл берушінің міндеттемелерін орындау мақсатында кепілге салынған нәрседен ақы өндіріп алуды талап етуге құқылы.
2. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқылы, ал егер оның талабы қанағаттандырылмаса:
1) кепiл берушi кейiнгi кепiл туралы ережелердi бұзған;
2) кепiл берушi осы Кодекстiң 312-бабындағы 1-тармақтың 1 және 2-тармақшасында және 2-тармақта көзделген мiндеттемелердi орындамаған;
3) кепiл берушi кепiлге салынған мүлiкке билiк ету туралы қағидаларды (осы Кодекстiң 315-бабының 2-тармағы) бұзған;
4) кепіл беруші кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемені бұзған (осы Кодекстің 317, 720 және 722-баптары, «Жылжымайтын мүлiк ипотекасы туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы) жағдайда кепiл нысанасына өндiрiп алуды қолдануға құқылы.
322-бап. Кепiлдi тоқтату
1. Кепiл:
1) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелер тоқтатылғанда;
2) осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағында көзделген негiздер болған кезде кепiл берушiнiң талабы бойынша;
3) егер кепiл берушi осы Кодекстiң 314-бабының 2-тармағында көзделген құқықты пайдаланбаса, кепiлге салынған зат құрыған немесе кепiлге салынған құқық тоқтатылған ретте;
4) кепiлге салынған мүлiктi жария саудаға салып сатқан ретте, сондай-ақ оны сату мүмкiн болмаған ретте (осы Кодекстiң 319-бабы) тоқтатылады.
2. Кепiлдiң тоқтатылғаны туралы кепiл туралы шарт тiркелген реестрде белгi соғылуға тиiс.
3. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердiң орындалуы салдарынан не кепiл берушiнiң талабы бойынша кепiл тоқтатылған кезде (осы Кодекстiң 312-бабының 3-тармағы) кепiл ұстаушы өзiнде кепiлде болған мүлiктi кепiл берушiге дереу қайтаруға мiндеттi.
323-бап. Кепiлге салынған мүлiкке құқық басқа тұлғаға құқықты мирасқорлық тәртібімен көшуi кезiнде кепiлдiң сақталуы
1. Кепiлге салынған мүлiктi ақылы немесе тегiн иелiктен айыру нәтижесiнде не әмбебап құқықты мирасқорлық тәртiп бойынша мүлiкке меншiк құқығы немесе шаруашылық жүргiзу құқығы кепiл берушiден басқа адамға көшкен ретте кепiл құқығы сақталып қалады.
Кепiл берушiнiң құқықты мирасқоры кепiл берушiнiң орнын басады және, егер кепiл ұстаушымен келісімде өзгеше белгiленбесе, кепiл берушiнiң барлық мiндеттерiн атқарады.
2. Егер кепiл берушiге кепiлге салынған нәрсе болып табылатын мүлкi құқықты мирасқорлық тәртібімен бiрнеше адамға көшсе, құқықты мирасқорлардың әрқайсысы (мүлiктi иеленушiлер) аталған мүлiктiң өзiне көшкен бөлiгiне кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамағандығы жөніндегі кепiлден туындайтын зардаптарын көтередi. Алайда кепiлге салынған нәрсе бөлiнбейтiн болса немесе өзге негiздер бойынша құқықты мирасқорлардың бiрлескен ортақ меншiгiнде қалса, олар ортақ кепiл берушiлерге айналады.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 324-бап өзгертілді (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
324-бап. Кепiлге салынған мүлiктi күштеп алу салдары
1. Егер кепiл берушiнiң кепiлге салынатын мүлiкке меншiк құқығы заң құжаттарында белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша мемлекеттік қажеттер үшiн алып қою (сатып алу), реквизициялау немесе ұлт меншiгiне айналдыру салдарынан тоқтатылып, кепiл берушiге басқа мүлiк немесе тиiсiнше өтем берiлсе, кепiл құқығы оның орнына берiлген мүлiкке қолданылады, не тиiсiнше кепiл ұстаушы кепiл берушiге тиесiлi өтем сомасынан өз талаптарын артықшылықпен қанағаттандыру құқығына ие болады. Кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын орындауды талап ете алады (осы Кодекстiң 321-бабының 1-тармағы).
2. Кепiлге салынатын нәрсе болып табылатын мүлiк заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша осы мүлiктiң шын мәніндегі меншiк иесi басқа тұлға болып табылатындығына сүйенiп, не әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн санкция түрiнде кепiл берушiден алынған реттерде бұл мүлiктiң кепiлге салынғаны тоқтатылады. Бұл ретте кепiл ұстаушы кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң мерзiмiнен бұрын орындалуын талап етуге құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 325-бап өзгертілді
325-бап. Кепiл туралы шарт бойынша құқықтарды беру
1. Кепiл ұстаушы кепiл туралы шарт бойынша несие берушiнiң құқықтарын беру туралы ережелердi сақтай отырып талапқа көну арқылы өз құқықтарын басқа жаққа беруге (осы Кодекстiң 339-347-баптары) құқылы.
2. Кепiл туралы шарт бойынша кепiл ұстаушының өз құқықтарын басқа адамға беруi, егер кепiлмен қамтамасыз етiлген негiзгi мiндеттеме бойынша борышқорға талап ету құқықтары нақ сол адамға берiлсе, заңды болады.
3. алынып тасталды
326-бап. Кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша борышты аудару
Егер кепiл берушi жаңа борышқор үшiн жауап беруге несие берушiге келісім бермесе, кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме бойынша кепiл борышты басқа адамға аудару арқылы тоқтатылады.
327-бап. Айналымдағы тауарларды кепiлге салу
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Тауарларды кепiл берушiде қалдыра отырып және кепiл берушiге кепiлге берілген мүлiктiң (тауар қорларының, шикiзаттың, материалдардың, жартылай фабрикаттардың, дайын өнiмнің және тағы басқалардың) құрамы мен нақты нысанын өзгерту құқығын бере отырып, оларды кепілге салу айналымдағы тауарларды кепiлге салу деп танылады.
2. Кепiл берушi иелiктен айырған айналымдағы тауарлар оларды алушының меншiгiне, шаруашылық жүргiзуiне немесе оралымды басқаруына көшкен кезден бастап кепiлге салынған нәрсе болудан қалады, ал кепiл берушi сатып алған, кепiл туралы шартта аталған тауарлар оларға кепiл берушiнiң меншiк немесе шаруашылық жүргiзу құқығы пайда болған кезден бастап кепiлге салынған нәрсеге айналады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Тараптардың келісімі бойынша кепіл туралы шартта айналымдағы тауарлардың жалпы құны кепіл туралы шартта көрсетiлген құннан кем болмауға тиіс деген талап көзделуі мүмкін.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, айналымдағы кепiлге салынған тауарлар құнын кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң орындалған бөлiгiне мөлшерлес кемітуге жол берiледi.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Кепiл берушi айналымдағы тауарларды кепiлге салу шарттарын бұзған кезде кепiл ұстаушы өзiнiң белгiлерiн кепiлге салынған тауарларға қою арқылы шарттың бұзылуы жойылғанға дейiн олармен операцияларды тоқтата тұруға құқылы.
ҚР 02.03.98 ж. № 211; 02.03.01 ж. № 162 Заңымен 328-бап өзгертiлдi; 2005.23.12. № 107-III ҚР Заңымен 328-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
328-бап. Ломбардта заттарды кепілге салу
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Қысқа мерзімді микрокредиттерді қамтамасыз ету үшін азаматтардан жеке пайдалануға арналған жылжымалы мүлікті кепілге қабылдауды қызметі Қазақстан Республикасының микроқаржылық қызмет туралы заңнамасымен реттелетін, ломбардтар ретінде тіркелген заңды тұлғалар кәсіпкерлік қызмет ретінде жүзеге асыра алады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт ломбардтың кепілге салу билетін беруімен ресімделеді және онда кепілге қойылған мүлікті сақтандыру туралы талап, сондай-ақ кепіл нысанасының соттан тыс өткізілуіне кепіл берушінің келісімі болуы мүмкін. Кепілге қойылған мүлікті сақтандыру ломбардтың есебінен жүзеге асырылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертiлдi (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-1. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт кепіл нысанасының өткізілуіне немесе мұндай мүліктің кепіл ұстаушының меншігіне өтуіне байланысты тоқтатылады.
Кепілге салынған мүлікті өткізу кезінде, сондай-ақ мұндай мүлік кепіл ұстаушының меншігіне өткен кезде ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың тоқтатылуымен бірге бір мезгілде кепіл беруші болып табылатын қарыз алушының міндеттемесі және микрокредит беру туралы шарт тоқтатылады.
Кепілі міндетті тіркеуге жататын мүлікті қоспағанда, микрокредит беру туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету үшін жасалған ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарт бойынша кепіл нысанасын өткізу, сондай-ақ мұндай мүліктің кепіл ұстаушының меншігіне өтуі ломбардта заттарды кепілге салу туралы шартта осындай талап болған кезде микрокредитті өтеу мерзімі өткеннен кейін бір айдан соң сауда-саттық өткізілместен жүзеге асырылуы мүмкін.
Міндетті тіркеуге жататын кепіл нысанасын өткізу микрокредитті өтеу мерзімі өткеннен кейін бір айдан соң жария сауда-саттық өткізу жолымен жүзеге асырылады. Міндетті тіркеуге жататын кепіл нысанасы сауда-саттық басталған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде жария сауда-саттықта өткізілмеген жағдайда, кепіл нысанасы ломбард меншігіне өтеді.
3. Ломбардтың кепілге қойылған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге құқығы жоқ.
4. Ломбард, егер кепілге қойылған заттардың жоғалуы және бүлінуі еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, заттардың жоғалғаны және бүлінгені үшін жауапты болады.
5. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Ломбардта заттарды кепілге салу туралы шарттың, осы Кодексте кепіл берушіге берілетін құқықтармен салыстырғанда, кепіл берушінің құқықтарын шектейтін талаптары шарт жасалған кезден бастап жарамсыз болады. Мұндай талаптардың орнына осы Кодекстің тиісті ережелері қолданылады.
7. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
§ 4. Кепілдік және кепіл болушылық
ҚР 11.07.97 ж. № 154 Заңына сәйкес 329-336 баптары жаңа редакцияда
329-бап. Кепiлдiк
1. Кепiлдiк бойынша кепiлдiк берушi, заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе борышқормен ортақтасып iшiнара жауап беруге мiндеттенедi.
2. Бiрлесiп кепiлдiк берген адамдар, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, несие берушi алдында ортақтасып жауап бередi.
3. Кепiлдiк шарты болашақта туындайтын мiндеттеменi қамтамасыз ету үшiн де жасалуы мүмкiн.
330-бап. Кепiл болушылық
Кепiл болушылық бойынша кепiл болушы басқа жақтың (борышқордың) несие берушiсi алдында осы жақтың мiндеттемесiнiң орындалуына толық немесе iшiнара қосалқы жауап беруге мiндеттенедi.
02.03.01 ж. № 162-II; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара); 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 331-бап өзгертілді
331-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың негiзi мен нысаны
1. Кепiл болушылық немесе кепiлдiк шарттарының негiзiнде кепiлдiк және кепiл болушылық пайда болады. Кепiлдiктi қолдану заңмен белгiленуi мүмкiн.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Кепiлдiк немесе кепiлгерлік шарттары жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Жазбаша нысанды сақтамау кепiлдiк немесе кепiлгерлік шартының маңызсыздығына алып келеді.
3. Егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы борышқордың мiндеттеменi орындауын өз жауапкершiлiгiне алатынын несие берушiге жазбаша түрде хабарласа, ал несие берушi кепiлдiк берушiнiң немесе кепiл болушының ұсыныстарынан бұл үшiн жеткiлiктi болатын қажеттi уақыт iшiнде бас тартпаса, кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарттарының жазбаша нысаны сақталған деп есептеледi.
4. Екінші деңгейдегі банктер банк кепілдіктері мен кепілгерлігін беруді уәкілетті органның лицензиясы негізінде осы Кодекске сәйкес және уәкілетті органның аталған операцияларды жүргізу тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерін ескере отырып жүзеге асыра алады.
Екінші деңгейдегі банктердің осы Кодекстің нормаларын сақтамай және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын ескермей берген банк кепілдіктері мен кепілгерліктері олардың жарамсыз болуына әкеп соғады.
332-бап. Кепiлдiк берушiнiң және кепiл болушының жауапкершiлiгi
1. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер шартта өзгеше белгiленбесе, тек заңды талапты ғана қамтамасыз етедi. Кепiлдiк берушi мен кепiл болушы, егер олар әрекет қабiлетсiздiгi туралы өздерiне күнi бұрын белгiлi болған борышқорға кепiл болса, ал несие берушi бұл мән-жайды бiлмесе, жауапкершiлiктен босатылмайды.
2. Кепiлдiк берушi несие берушi алдында, егер кепiлдiк шартында өзгеше белгiленбесе, борышқор сияқты айыпақы, сыйақы (мүдде) төлеудi қоса алғанда, борышты өндiрiп алу жөніндегі сот шығындарын және борышқордың мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы салдарынан туындаған несие берушiнiң басқа да зияндарын төлеуде тап сондай көлемде жауап бередi.
3. Кепiл болушы несие берушi алдында, егер кепiл болушылық шарттарында өзгеше көзделмесе, кепiл болушылықта көрсетiлген сома шегiнде жауапты болады. Қосалқы жауапкершiлiктi мойнына алған кепiл болушыға талаптар қойылғанға дейiн несие берушi бұл талапты борышқор қанағаттандыратындай, атап айтқанда, қарсы талапты есепке алу және белгiленген тәртiп бойынша борышқордың мүлкiнен ақы өндiрiп алу арқылы ақылға қонымды шаралар қолдануға тиiс.
333-бап. Кепiлдiк берушiнiң өзiне несие берушi талаптар қойған жағдайдағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Кепiлдiк берушi, несие берушiнiң талаптарын қанағаттандырғанға дейiн бұл туралы борышқорға ескертуге, ал егер кепiлдiк берушiге қуыным жасалса, борышқорды iске қатыстыруға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда борышқор өзiнiң несие берушiге қоймақшы болған қарсылықтарын кепiлдiк берушiнiң қайтарып қойған талабына қарсы қоюға құқылы.
2. Кепiлдiк берушi, егер кепiлдiк шартынан өзгеше туындамаса, несие берушiнiң талабына қарсы борышқор қоя алатын қарсылықтарды қоюға қақылы. Кепiлдiк берушi бұл қарсылықтарға құқығын тiптi егер борышқор олардан бас тартқан немесе өзiнiң қарызын мойындаған жағдайда да жоғалтпайды.
334-бап. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi мен кепiл болушының құқықтары
1. Мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушiге несие берушiнiң осы мiндеттеме жөніндегі барлық құқықтары және кепiл ұстаушы ретiнде несие берушiге тиесiлi құқықтар кепiлдiк берушi несие берушiнiң талабын қанағаттандырған көлемде көшедi. Кепiлдiк берушi, сондай-ақ, борышқордан несие берушiге төленген соманың айыпақысын және сыйақысын (мүддесiн) төлеудi және борышқор үшiн жауапкершiлiкке байланысты шеккен өзге де залалдардың орнын толтыруды талап етуге қақылы.
2. Кепiлдiк берушi мiндеттеменi орындағаннан кейiн несие берушi борышқорға қойылған талапты куәландыратын құжаттарды кепiлдiк берушiге тапсыруға және осы талапты қамтамасыз ететiн құқықтарды беруге мiндеттi.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелер, егер заңдарда немесе кепiлдiк берушiнiң борышқорымен шартында өзгеше көзделмесе және олардың арасындағы қатынастарда өзгеше туындамайтын болса, қолданылады.
4. Кепiл болушы дәл осындай құқықтарға борышқордың несие берушi алдындағы мiндеттемесiн өзi орындаған бөлiгiнде ие болады.
335-бап. Борышқордың мiндеттеменi орындағаны туралы кепiлдiк берушi мен кепiл болушыға хабарлауы
Кепiлдiктен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындаған борышқор кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға бұл туралы дереу хабарлауға мiндеттi. Олай болмаған жағдайда өз кезегiнде мiндеттеменi орындаған кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiден негiзсiз алынғанды өндiрiп алуға, не борышқорға керi талап қоюға қақылы. Соңғы жағдайда борышқор несие берушiден тек негiзсiз алынғанды ғана өндiрiп алуға қақылы.
336-бап. Кепiлдiктiң және кепiл болушылықтың тоқтатылуы
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Кепiлдiк және кепiлгерлік өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменiң тоқтатылуымен бiрге, егер шартта кепiлдiкті тоқтатудың өзге де жағдайлары көзделмесе, сондай-ақ осы мiндеттеме кепiл мен кепiлгердің жауапкершiлiгiн соңғылардың келiсiмiнсiз арттыруға немесе өзге де теріс салдарларға алып келмейтіндей болып өзгерген жағдайда тоқтатылады.
2. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер кепiлдiк берушi немесе кепiл болушы несие берушiге жаңа борышқор үшiн жауап беруге келісім бермесе, кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеме жөніндегі борышты басқа жаққа ауыстырумен тоқтатылады.
3. Кепiлдiк және кепiл болушылық, егер олар өздерi қамтамасыз еткен мiндеттеменi орындау мерзiмiнiң басталуына қарай борышқор немесе кепiлдiк берушi мен кепiл болушы ұсынған тиiстi дәрежедегi орындауды қабылдаудан несие берушi бас тартса тоқтатылады.
4. Кепiлдiк және кепiл болушылық оларға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шартында көрсетiлген мерзiм бiткен кезде тоқтатылады. Егер мұндай мерзiм белгiленбесе, егер несие берушi кепiлдiкпен немесе кепiл болушылықпен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындау мерзiмi басталған күннен бастап бiр жылдың iшiнде кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға қуыным жасамаса, ол тоқталады. Негiзгi мiндеттеменiң орындалу мерзiмi көрсетiлмеген және белгiлеуге болмайтын немесе талап етуiмен белгiленген кезде, кепiлдiк және кепiл болушылық егер несие берушi кепiлдiк берушiге немесе кепiл болушыға кепiлдiк немесе кепiл болушылық шарты жасалған күннен бастап екi жылдың iшiнде қуыным жасамаса, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, кепiлдiк пен кепiл болушылық тоқтатылады.
§ 5. Кепілпұл
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 337-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
337-бап. Кепiлпұл ұғымы. Кепiлпұл туралы келісім нысаны
1. Уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге міндеттемені орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады.