ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Кәсіптік біліктілік туралы
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2023 жылғы 16 тамыздағы № 128-ө өкімін қараңыз
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы
3-бап. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қағидаттары
4-бап. Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар
5-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары
6-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы
2-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті
8-бап. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органның құзыреті
9-бап. Салалық мемлекеттік органдардың кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті
10-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес
11-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті
12-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер
13-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган
14-бап. Жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) салалық мемлекеттік органдармен Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша өзара іс-әрекеті
3-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ
15-бап. Кәсіптік біліктілікті тану тәртібі мен шарттары
16-бап. Кандидаттардың құқықтары
17-бап. Тану орталығы
18-бап. Кәсіптік біліктілікті тану емтиханынан немесе емтихандарынан өту үшін кандидатқа қойылатын талаптар
19-бап. Кәсіптік біліктілікті тану шеңберінде формалды емес және (немесе) информалды білім беруді тану
20-бап. Дағдыны немесе дағдыларды тану
21-бап. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алу тәртібі
22-бап. Кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияларды қарау ерекшеліктері
4-тарау. ТАНУ ОРТАЛЫҚТАРЫН АККРЕДИТТЕУ
23-бап. Тану орталықтарын аккредиттеу
24-бап. Аккредиттеу өлшемшарттары
25-бап. Аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдау
26-бап. Аккредиттеу аттестатын қайта ресімдеу, кері қайтарып алу және оның қолданысын тоқтату
5-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ЫНТАЛАНДЫРУ ШАРАЛАРЫ
27-бап. Жұмыс берушілер кәсіптік біліктілігін тануға жіберетін кандидаттарға берілетін өтемақылар, кепілдіктер мен жеңілдіктер
28-бап. Жұмыс берушінің қызметін декларациялау кезінде кәсіптік біліктілікті тануды есепке алу
29-бап. Кәсіптік біліктілікті танудың ваучерлік жүйесі
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң Ұлттық біліктілік жүйесі шеңберінде кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік бағдарламасы - кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде белгілі бір жабдықты, әдіснаманы және (немесе) құралдарды пайдалана отырып, белгілі бір жұмыс жағдайларында білімді, машық пен дағдыны қолдануға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау үшін пайдаланылатын шаралар кешені;
2) білім - кәсіптік міндет шеңберінде іс-әрекеттерді орындау үшін қажетті зерделенген және меңгерілген ақпарат;
3) дағды - кәсіптік міндетті толығымен орындауға мүмкіндік беретін білім мен машықты қолдану қабілеті;
4) информалды білім - білім беру ұйымдарынан және білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардан тыс күнделікті қызмет барысында алынатын және оқыту нәтижелерін растаушы құжат берілмей жүргізілетін білім беру түрі;
5) кәсіп - жеке адам жүзеге асыратын және орындалуы үшін белгілі бір біліктілікті талап ететін қызмет түрі;
6) кәсіптер тізілімі - кәсіптік біліктілікті тану жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша электрондық нысанда жүйеленген ақпарат жиынтығы;
7) кәсіптік біліктілігін тануға үміткер кандидат (бұдан әрі - кандидат) - өзінің кәсіптік біліктілігін тану үшін ерікті түрде, өз бетінше немесе жұмыс берушінің жолдамасы бойынша жүгінген жеке тұлға;
8) кәсіптік біліктілік - кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындау үшін талап етілетін құзыреттерді меңгеруді сипаттайтын кәсіптік даярлық дәрежесі;
9) кәсіптік біліктілікті тану - кандидаттың кәсіптік стандарттардың талаптарына, ал олар болмаған кезде біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау және ол туралы шешім қабылдау рәсімі;
10) кәсіптік біліктілікті тану орталығы (бұдан әрі - тану орталығы) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген, кәсіптік біліктілікті тануды жүзеге асыратын заңды тұлға;
11) кәсіптік біліктілікті тануға арналған біржолғы ваучер (бұдан әрі - біржолғы ваучер) - тіркелген жұмыссыз адамдарға берілетін және олардың кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіп бойынша кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен ақысыз негізде өту құқығын куәландыратын электрондық құжат;
12) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде кәсіптік біліктілікті тану бойынша басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
13) кәсіптік біліктілікті тану туралы құжат - кандидаттың кәсіптік біліктілігінің белгілі бір кәсіп бойынша еңбек функцияларын орындауға қойылатын талаптарға сәйкестігін куәландыратын құжат;
14) кәсіптік стандарт - формалды және (немесе) формалды емес, және (немесе) информалды білім беру ескеріле отырып, білімге, машыққа, дағдыға, жұмыс тәжірибесіне, біліктілік деңгейі мен құзыреттілікке, кәсіптік қызметтің нақты бір саласындағы еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін жазбаша ресми құжат;
15) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышы - Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын кәсіптердің атауларын көрсететін және оларды орындалатын жұмыстардың түріне сәйкес дағды деңгейі мен оған мамандану бойынша сыныптайтын стандарттау жөніндегі құжат;
16) құзырет - еңбек функциясын құрайтын бір немесе бірнеше кәсіптік міндетті орындауға мүмкіндік беретін дағдыны қолдану қабілеті;
17) машық - кәсіптік міндет шеңберінде жекелеген бірлі-жарым іс-әрекетті физикалық тұрғыдан және (немесе) ақыл-оймен орындау қабілеті;
18) өтініш беруші - кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттеуге өтінім берген заңды тұлға;
19) салалық мемлекеттік органдар - мемлекеттік басқарудың тиісті саласында (аясында) басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
20) Ұлттық біліктілік жүйесі - біліктілікке еңбек нарығы тарапынан сұранысты және біліктілікке білім беру, оның ішінде информалды білім беру жүйесі тарапынан ұсынысты реттеу мен келісудің құқықтық және институционалдық құралдары мен тетіктерінің кешені;
21) формалды емес білім беру - оқыту орны, мерзімдері мен нысаны ескерілмей, білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар жоспарлаған, ұйымдастырған және жүзеге асыратын және оқыту нәтижелерін растаушы құжат беріле отырып жүргізілетін білім беру түрі.
2-бап. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Осы Заңның күші:
1) мемлекеттік қызметшілерге, оның ішінде құқық қорғау қызметін, арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге;
2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның қызметшілеріне;
3) судьяларға;
4) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына, мәслихат депутаттарына қолданылмайды.
4. Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар осы Заңға сәйкес кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге құқылы.
3-бап. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу қағидаттары
Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) ақпараттың қолжетімділігі - кәсіптік біліктілікті танудан өту рәсімі туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу;
2) ашықтық пен объективтілік - кәсіптік біліктілікті тану кезінде кандидаттар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету;
3) тәуелсіздік - тану орталықтарының білім беру ұйымдарынан дербес болуы.
4-бап. Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) уәкілетті орган;
3) салалық мемлекеттік органдар;
4) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес;
5) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;
6) аккредиттеу жөніндегі орган;
7) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган;
8) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер;
9) жұмыс берушілер;
10) кандидаттар;
11) тану орталықтары Ұлттық біліктілік жүйесіне қатысушылар болып табылады.
5-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары
1. Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары кәсіптік біліктілікті қалыптастырудың негізін айқындайды.
2. Мыналар:
1) ұлттық біліктілік шеңбері;
2) салалық біліктілік шеңберлері;
3) кәсіптік стандарттар мен біліктілік талаптары;
4) кәсіптер тізілімі Ұлттық біліктілік жүйесінің базалық құралдары болып табылады.
3. Ұлттық біліктілік шеңбері әрбір біліктілік деңгейі үшін кәсіптік қызметтің жалпы сипаттамаларын және білім беру деңгейін сипаттаудан тұрады.
Уәкілетті орган білім, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады.
4. Салалық біліктілік шеңбері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышының, ұлттық біліктілік шеңберінің негізінде әзірленеді және салада орындалатын жұмыстардың күрделілігіне және пайдаланылатын білімнің, машықтың және құзыреттің сипатына қарай деңгейлер бойынша маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды сыныптайды.
Салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер салалық біліктілік шеңберлерін бекітеді.
5. Салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышының, салалық біліктілік шеңберлерінің негізінде кәсіптік стандарттарды әзірлеуді және (немесе) жаңартуды жүзеге асырады.
Салалық мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсынымдық сипаттағы қорытындысын ескере отырып, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік стандарттарды бекітуді жүзеге асырады.
Уәкілетті орган бекітілген кәсіптік стандарттардың тізбесін жүргізуді Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асырады.
Кәсіптік біліктілікті тану осы Заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша кәсіптік стандарттар әзірлеуді қаржыландыру Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің ұсынымдары негізінде бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) салалық мемлекеттік органдармен келісу бойынша меншікті қаражаты есебінен кәсіптік стандарттың жобасын дайындап, салалық мемлекеттік органның қарауына жібере алады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің, қайта даярлау мен біліктілікті арттырудың білім беру бағдарламалары оқыту нәтижелеріне бағдарлануға және Ұлттық біліктілік жүйесін кешенді дамыту шеңберінде тиісті кәсіптік стандарттардың талаптарын ескеруге тиіс.
6. Кәсіптік біліктілікті тану жүзеге асырылатын кәсіптер уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің ұсынымдары негізінде кәсіптер тізіліміне енгізіледі.
Уәкілетті орган Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында өзі айқындаған тәртіппен кәсіптер тізілімін қалыптастыруды, жаңартуды және жүргізуді жүзеге асырады.
6-бап. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы
1. Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасы - мыналарды:
1) ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерін;
2) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышын;
3) бекітілген кәсіптік стандарттарды;
4) кәсіптер тізілімін;
5) тану орталықтарының тізбесін;
6) «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалыптастырылған, кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өткен жеке тұлғалар туралы дерекқорды;
7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін;
8) кәсіптік біліктілікті тану туралы берілген және күші жойылған құжаттардың тізілімін;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйе.
2. Уәкілетті орган өзі айқындаған тәртіппен Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын қалыптастыруды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді, өзге де ақпараттық жүйелермен интеграциялауды, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесінің мәселелері бойынша деректерді талдауды және өңдеуді жүзеге асырады.
2-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАСҚАРУ
7-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі кәсіптік біліктілікті тану саласында:
1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді;
2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
8-бап. Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган:
1) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етеді;
2) Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның қызметін үйлестіреді;
3) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Салалық мемлекеттік органдардың кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті
Салалық мемлекеттік органдар кәсіптік біліктілікті тану саласында:
1) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша жыл сайынғы негізде уәкілетті органға кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша жыл сайынғы негізде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды уәкілетті органға жібереді;
3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жыл сайынғы негізде ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті танудағы қажеттілігін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастырады;
4) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестермен келісу бойынша уәкілетті органға Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қарау үшін кәсіптік біліктілікті тану шарттары бойынша ұсыныстар енгізеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
10-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес
1. Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды тұжырымдау, үйлестіру мақсатымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан консультациялық-кеңесші орган - Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес құрылады.
Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктерінің, республикалық жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның өкілдері, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің төрағалары және кәсіпкерлік субъектілері кіре алады.
2. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту басымдықтарын айқындау жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдайды;
2) ұлттық біліктілік шеңберін бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің қызметі туралы ақпарат Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады және жарты жылда кемінде бір рет жаңартылып отырады.
11-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының кәсіптік біліктілікті тану саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіптік біліктілікті тану саласында:
1) кәсіптік біліктілікті тану ерікті негізде жүзеге асырылатын кәсіптер бойынша кәсіптік стандарттардың жобаларына қорытынды береді;
2) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында өзі аккредиттеген тану орталықтарының тізілімін жүргізеді;
3) өзі аккредиттеген тану орталықтарының қызметіне мониторинг жүргізеді;
4) уәкілетті органға Ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер
Тиісті салаларда (аяларда) кәсіптік біліктілікті дамыту жөніндегі мәселелерді үйлестіру мақсатымен салалық мемлекеттік органдар жанынан уәкілетті орган айқындаған тәртіппен консультативтік-кеңесші органдар - кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер құрылады.
Салалық мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы үлгілік ереженің негізінде кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер туралы ережелерді әзірлейді және бекітеді.
Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестің төрағасы оның мүшелері арасынан сайланады.
13-бап. Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган
Осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Ұлттық біліктілік жүйесінің мәселелері бойынша консультациялық және әдіснамалық қызметті жүзеге асыратын Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғам нысанында құрылады.
14-бап. Жұмыс берушілер бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) салалық мемлекеттік органдармен Ұлттық біліктілік жүйесі мәселелері бойынша өзара іс-әрекеті
Жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) салалық мемлекеттік органдармен осы Заңда және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіппен, оның ішінде:
1) салалық біліктілік шеңберлерін, кәсіптік стандарттарды, кәсіптер тізілімін әзірлеуге және (немесе) жаңартуға;
2) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестердің, Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің жұмысына;
3) Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау жұмысына қатысу арқылы өзара іс-әрекет жасайды.
3-тарау. КӘСІПТІК БІЛІКТІЛІКТІ ТАНУ
15-бап. Кәсіптік біліктілікті тану тәртібі мен шарттары
1. Кәсіптік біліктілікті тану кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша міндетті немесе ерікті негізде жүзеге асырылады.
2. Кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.
3. Кандидаттар уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тану орталықтарында кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтеді.
Кәсіптік біліктілікті ерікті негізде тану кандидаттың қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қаражат есебінен не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Тану орталықтары кәсіптік біліктілікті тануды өткізу рәсіміне қойылатын бірыңғай талаптарды қамтамасыз ету үшін біліктілік бағдарламаларын бекітеді.
Біліктілік бағдарламалары тиісті кәсіптік стандарттардың талаптары негізінде әзірленеді, ал олар болмаған кезде Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген біліктілік талаптары пайдаланылады.
5. Егер белгілі бір кәсіп түрін жүзеге асыруға үміткер адамдарға қатысты кәсіптік қызметті жүзеге асырудың міндетті шарты болып табылатын реттеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленсе, кәсіптік біліктілікті міндетті негізде тану көрсетілген заңдарға сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. Кәсіптік біліктілікті міндетті негізде тану лицензиялау, аттестаттау, сертификаттау, жеке тұлғалар қызметінің басталғаны туралы хабардар ету, тестілеу, біліктілік емтихандарын өткізу арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де тәсілдермен жүргізіледі.
6. Кәсіптер тізіліміне енгізілген кәсіптер бойынша кәсіптік біліктілікті тану тәртібі туралы ақпарат тану орталықтарының интернет-ресурстарында, Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.
16-бап. Кандидаттардың құқықтары
Кандидаттардың:
1) салалық мемлекеттік органдардан, тану орталықтарынан кәсіптік біліктілікті тану тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
2) біліктілік бағдарламасына сәйкес кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өтуге;
3) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы бұзылған құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқығы бар.
17-бап. Тану орталығы
1. Осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттеуден өткен заңды тұлғалар тану орталықтарына жатады.
Аккредиттеу жөніндегі орган Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасына сәйкес тану орталықтарын аккредиттеуді жүзеге асырады.
2. Тану орталығы:
1) Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында тіркелуге және өзінің құрылымы мен қызметі, кәсіптік біліктілікті тану жөніндегі көрсетілетін қызметтің құны туралы ақпаратты жариялауға;
2) емтиханды немесе емтихандарды өткізу және (немесе) қайта тапсыру мерзімдері мен шарттарын қоса алғанда, кандидаттарға кәсіптік біліктілікті тануды өткізу тәртібі туралы ақпаратты, кәсіптік біліктілікті тану үшін қажетті құжаттар тізбесін, оның ішінде оларды өзінің интернет-ресурстарында орналастыру арқылы беруді қамтамасыз етуге;
3) кәсіптік біліктілікті тану процесінде Қазақстан Республикасының еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік және санитариялық-гигиеналық нормалар саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды сақтауға және осы талаптар бұзылған кезде дереу ден қоюға;
4) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен біліктілік бағдарламаларын әзірлеуге және бекітуге;
5) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасына, сондай-ақ Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасын қалыптастыру және қолдап отыру қағидаларына сәйкес Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасына кандидаттардың кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту қорытындылары туралы мәліметтерді енгізуге;
6) кәсіптік біліктілікті тану мәселелері бойынша апелляцияға берілген өтініштерді қарау тәртібін сақтауға;
7) кәсіптік біліктілікті тану бойынша көрсетілетін қызметтің құнын белгілеуге;
8) мүгедектігі бар адамдар үшін кәсіптік біліктілікті тану рәсімінен өту кезінде қажетті жағдайлар жасауға;
9) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болуға міндетті.