Жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу жөніндегі шешім бақылау жəне қадағалау органының бірінші басшысының не оны алмастыратын адамның бұйрығымен ресімделеді.
Жұмыстан тыс уақытта тексеруді жүргізу туралы бұйрықтың нысанын уəкілетті орган бекітеді.
24. Егер тексеруді жүргізу нəтижесінде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы жəне (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактісі анықталатын болса, əкімшілік құқық бұзушылық құрамының белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болған кезде бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдары өкілеттіктері шегінде бұзушылықтарға жол берген адамдарды Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тарту жөнінде шаралар қабылдайды.
7-8-бап. Бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізуі кезінде:
1) бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағы мен үй-жайларына кедергісіз кіруге;
2) мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына сəйкес құжаттарды (мəліметтерді) не олардың көшірмелерін қағаз жəне электрондық жеткізгіштерде алуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік алуға;
3) аудио-, фото- жəне бейнетүсірілімді жүзеге асыруға;
4) регистрограмманы, осциллограмманы, техникалық бақылау құралдарының, байқау жəне тіркеп-белгілеу аспаптарының жазбаларын, жедел журналдардан үзінді-көшірмелерді, түсініктеме жазбаларды, схемаларды, сызбаларды, фото-, аудио- жəне бейнематериалдарды, сауалнама парақтарын жəне мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жататын басқа да материалдарды пайдалануға;
5) түсініктеме алу үшін бақылау мен қадағалау субъектісін шақыртуға;
6) ведомстволық бағынысты жəне өзге де ұйымдардың мамандарын, консультанттары мен сарапшыларын, сондай-ақ лауазымды адамдарын тартуға;
7) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы жəне (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша, оның ішінде мемлекеттік бақылау мен қадағалау қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінуге жəне олар туралы істерді сот қараған кезде қатысуға құқығы бар.
2. Ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін төмендетуге алып келетін, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы жəне (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайларды қоспағанда, бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жатпайтын талаптарды қоюына жəне өтініштермен жүгінуіне тыйым салынады.
3. Бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;
2) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды осы Заңда белгіленген тəртіп негізінде жəне соған қатаң сəйкестікте жүргізуге;
3) егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу кезеңінде бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) жұмысының белгіленген режиміне кедергі келтірмеуге;
4) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың алдын алу, оларды анықтау жəне жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы жəне толық көлемде жүзеге асыруға;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу кезінде бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) не оның уəкілетті өкілінің қатысуына, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына қатысты мəселелер бойынша түсіндірмелер беруіне кедергі келтірмеуге;
6) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына жататын қажетті ақпаратты беруге;
7) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) қашықтан бақылау нəтижелері туралы қорытындыны, тексеру нəтижелері туралы актіні, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманы табыс етуге;
8) мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізу нəтижесінде алынған құжаттар мен мəліметтердің сақталуын жəне құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
7-9-бап. Бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) не оның уəкілетті адамының мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
1. Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) не олардың уəкілетті адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүзеге асырылған кезде:
1) бақылау жəне қадағалау органының тексеру жүргізу үшін келген лауазымды адамдарын:
тексеруді жүргізу жиілігі сақталмаған;
тексеруді тағайындау туралы актіде (олар болған кезде мерзімді ұзарту, тоқтата тұру туралы қосымша актілерде) көрсетілген тексеру мерзімдері асып кеткен не өтіп кеткен;
жасалған не дайындалып жатқан қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызда немесе хабарда, жеке жəне заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзу туралы өзге де жолданымдарда көрсетілген уақыт аралығының шегінен шығатын кезеңде тексеру тағайындалған;
тексеруді жəне (немесе) тергеп-тексеруді жүргізу тиісті өкілеттіктері жоқ лауазымды адамдарға тапсырылған;
тексеруді тағайындау туралы бір актіде бірнеше бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) көрсетілген;
тексеру мерзімдері осы Заңда белгіленген мерзімнен асырып ұзартылған;
осы Заңда белгіленген талаптар өрескел бұзылған;
бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдары осы Заңның 7-7-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбаған жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін төмендетуге алып келетін, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы жəне (немесе) радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайларды қоспағанда, құжаттар мен мəліметтерді, егер олар тексеру нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, ұсынбауға;
3) тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нəтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ бақылау жəне қадағалау органы лауазымды адамдарының əрекетіне (əрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тəртіппен шағым жасауға;
4) бақылау жəне қадағалау органының немесе лауазымды адамдардың бақылау мен қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйым салуларын орындамауға;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ бақылау жəне қадағалау органы лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау мен қадағалау шеңберінде жасайтын жекелеген əрекеттерін бақылау жəне қадағалау органы лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтірмей, аудио-, фото- жəне бейнетүсірілім арқылы тіркеп-белгілеуге;
6) үшінші тұлғаларды өз мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген əрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қатысуға тартуға құқылы.
2. Бақылау мен қадағалау субъектілері (объектілері) не олардың уəкілетті адамдары мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүргізілген кезде:
1) бақылау жəне қадағалау органы лауазымды адамдарының бақылау мен қадағалау субъектісінің (объектісінің) аумағына жəне үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) объектінің қызметтік үй-жайын (жұмыс орнын), байланыс құралдарын жəне цифрлық жүйелеріне қолжетімділік беруді қоса алғанда, бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдарын олардың өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге;
3) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, бақылау жəне қадағалау органының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысанасына сəйкес құжаттардың (мəліметтердің) көшірмелерін қағаз жəне электрондық жеткізгіштерде ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (цифрлық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
4) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
5) мемлекеттік бақылау мен қадағалау аяқталған күні тексеру нəтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
6) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
7) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерілетін құжаттарға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу кезеңінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;
8) мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу үшін бақылау мен қадағалау объектісіне келген адамдардың осы объект үшін белгіленген нормативтерге сəйкес зиянды жəне қауіпті өндірістік əсер ету факторларынан қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
9) тағайындау туралы актіні алған жағдайда бақылау мен қадағалау субъектісі (объектісі) басшысының не оның уəкілетті адамының тексеруді тексеру тағайындалған мерзімдерде бақылау мен қадағалау объектісі тұрған жерде болуын қамтамасыз етуге міндетті.
7-10-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзып жүргізілген тексерулердің жарамсыздығы
1. Егер бақылау жəне қадағалау органы тексеруді осы Заңда белгіленген, тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзып жүргізсе, тексерулер жарамсыз деп танылады.
2. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру мерзімдерінің сақталмауы;
4) тексеруді жүргізу кезеңділігінің бұзылуы;
5) бақылау мен қадағалау субъектісіне (объектісіне) тексеруді тағайындау туралы актінің ұсынылмауы;
6) бақылау жəне қадағалау органының өз құзыретіне кірмейтін мəселелер бойынша тексеру тағайындауы.»;
6) 12-бап мынадай мазмұндағы 8-тармақпен толықтырылсын:
«8. АЭС жобалауды, салуды, пайдалануды жəне пайдаланудан шығаруды АЭС ұлттық операторы жəне дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалар ғана жүзеге асырады.»;
7) мынадай мазмұндағы 12-1 жəне 12-2-баптармен толықтырылсын:
«12-1-бап. АЭС ұлттық операторы
1. АЭС ұлттық операторы:
1) АЭС жобаларын іске асырады;
2) АЭС объектілерінде ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді;
3) АЭС ұлттық операторының жəне дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде АЭС ұлттық операторына тиесілі заңды тұлғалардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына сəйкес атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы жобаларды іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүргізуді ұйымдастырады жəне қамтамасыз етеді;
4) АЭС персоналын даярлауды, қайта даярлауды жəне олардың біліктілігін жетілдіріп отыруды ұйымдастыруға қатысады;
5) АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізілімін қалыптастыруға қатысады;
6) АЭС жобаларын іске асыру шеңберінде тапсырыс беруші ретінде əрекет етеді;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.
12-2-бап. АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит берудің ерекшеліктері
1. АЭС ұлттық операторына бюджеттік кредит желісі нысанында бюджеттік кредит беру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сəйкес ақылылық, мерзімділік жəне қайтарымдылық қағидаттарында мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылатын АЭС жобаларын қаржыландыру үшін бюджеттік кредит желісі нысанындағы бюджеттік кредит беру бюджеттік кредитті беру, пайдалану, оған қызмет көрсету жəне өтеу туралы шешім қабылдау рəсімін қамтитын процесті білдіреді;
2) бюджеттік кредит желісі АЭС жобаларын іске асыру мерзімі кезеңінде қаражаттың траншпен (бөліктермен) бөлінуін білдіреді;
3) бюджеттік кредит желісі мынадай нысандарда беріледі:
ақшалай нысанда - АЭС ұлттық операторына қолма-қол ақшаны бақылау шотына ақша қаражатын аудара отырып, республикалық бюджет қаражатынан бөлінеді;
аккредитивтік нысанда - бюджеттік кредит желісі бойынша берешекті ұлғайту есебіне уəкілетті органмен, мемлекеттік қазынашылықпен келісілген АЭС ұлттық операторының тапсырмасы бойынша, қаражат көзі экспорттық кредит қаражаты болып табылатын кредиттік қаражатты пайдалану шеңберінде төлем міндеттемелерін орындай отырып;
аралас нысанда - қарыз қаражатының бір бөлігі АЭС ұлттық операторының қолма-қол ақшаны бақылау шотына аударылады, ал қалған бөлігі - мемлекеттік қазынашылықтың аккредитивті орындауы арқылы бюджеттік кредит желісі бойынша берешекті ұлғайту есебіне аударылады;
4) бюджеттік кредит желісі осы бапта белгіленген, Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының мынадай:
қарыз алушының міндеттемелерін орындауды бюджеттік кредит желісі бойынша қамтамасыз етудің болуы;
бюджеттік кредит берудің орындылығын айқындау;
қарыз алушының кредит алуға қабілеттілігін бюджеттік кредит желісі бойынша растау;
инвестициялық ұсынысты, техникалық-экономикалық негіздемені жəне қаржылық-экономикалық негіздемені əзірлеу сияқты жекелеген талаптарын қолданбауға жол беретін ерекшеліктер ескеріле отырып беріледі;
5) жобаны мемлекеттік инвестициялық жобалар портфеліне енгізу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жүзеге асырылады.»;
8) 17-бапта:
6-тармақ «атом энергиясын пайдалану» деген сөздерден кейін «, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу» деген сөздермен толықтырылсын;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Радиоактивті қалдықтармен жəне пайдаланылып болған ядролық отынмен жұмыс істеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптар сақталуға тиіс.»;
9) 18-бап мынадай мазмұндағы 3-тармақпен толықтырылсын:
«3. Осы бапта көрсетілген аумақтарда орналасқан радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу, ядролық мұра объектілерін оңалту ерекшеліктері Қазақстан Республикасының радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнамасында жəне Қазақстан Республикасының Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы заңнамасында айқындалады.»;
10) 21-баптың 5-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) бақылау жəне қадағалау органының тексерулері, тергеп-тексерулері жəне қашықтан бақылауы нəтижесінде анықталған ядролық жəне (немесе) радиациялық жəне (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік, ядролық материалдарды, иондандырушы сəулелену көздерін есепке алу талаптары бұзылғанда - бұзушылыққа жол берген адамдарға қатысты;»;
11) 22-баптың 7-тармағының 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«3) көму пунктінің заттарын, материалдарын, конструкциясын, көму пункті орналасқан алаңның геотектоникалық, геологиялық жəне геофизикалық сипаттамаларын толық сипаттай отырып, құжаттама топтамасын архивке беру үшін ресімдеуді қамтитын, пайдаланушы ұйым орындаған көму пунктін жабу жөніндегі іс-шараларға негізделеді.»;
12) мынадай мазмұндағы 25-1-баппен толықтырылсын:
«25-1-бап. Атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымдары
1. Атом саласын дамытуды ғылыми-техникалық қолдауды жəне атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстан Республикасында ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ғылыми-техникалық қолдау жүйесі қалыптастырылады.
2. Ғылыми-техникалық қолдау жүйесі:
атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау;
атом саласын дамыту үшін ғылыми-техникалық қолдау бағыттары бойынша қалыптастырылады.
3. Атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымын (бұдан əрі - ғылыми-техникалық қолдау ұйымы):
атом саласын дамыту мақсаттары үшін - уəкілетті орган;
атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін - бақылау жəне қадағалау органы айқындайды.
Ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарын айқындау тəртібін уəкілетті орган белгілейді.
4. Ғылыми-техникалық қолдау ұйымы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін:
мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі қызметті ғылыми-техникалық қолдауды жүзеге асырады;
қауіпсіздікті негіздеу жөніндегі есептерді, жобалау жəне пайдалану құжаттамасын, есептеулер мен талдаулардың нəтижелерін, сондай-ақ рұқсат беру рəсімдері мен бақылау іс-шаралары шеңберінде ұсынылатын өзге де материалдарды қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану объектілерінің қауіпсіздігін негіздейтін құжаттарды талдауды жəне бағалауды (бұдан əрі - қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалау) жүргізеді;
бақылау жəне қадағалау органының бақылау іс-шараларына консультанттар мен сарапшылар ретінде қатысуға тартылады;
ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындайды;
халықаралық ұйымдармен жəне ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарымен өзара ic-қимыл жасауды жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес ядролық, радиациялық жəне ядролық физикалық қауіпсіздік бөлігінде нормативтік құқықтық жəне нормативтік-техникалық базаны əзірлеуге қатысады;
атом энергиясын пайдалану объектілеріне қатысты ядролық қауіпсіздік жəне (немесе) радиациялық қауіпсіздік жəне (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асырады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды орындайды.
5. Бақылау жəне қадағалау органы:
қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалауды жүргізуге арналған тапсырмаларды қалыптастырады жəне береді;
қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалау нəтижелерін қабылдау туралы не оны пысықтау қажеттігі туралы шешімдер қабылдайды.
6. Рұқсат беру рəсімдері шеңберінде жүргізілетін қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалау өтініш берушінің қаражаты есебінен қаржыландырылады.
7. Ғылыми-техникалық қолдау ұйымы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін мүдделер қақтығыстарын болғызбау, анықтау жəне реттеу жөнінде шаралар қабылдауға, сондай-ақ олардың туындау фактілері туралы бақылау жəне қадағалау органын хабардар етуге міндетті.
8. Ғылыми-техникалық қолдау ұйымы атом саласын дамыту мақсаттары үшін:
мемлекеттік саясатты сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
АЭС салуды қоса алғанда, атом энергиясын пайдалану саласындағы жобаларды сүйемелдеуге қатысады;
технологияларды, жобалық шешімдерді талдауды жүргізеді жəне қорытындылар дайындайды;
халықаралық сарапшылармен өзара іс-қимыл жасауды қоса алғанда, жобаларды ғылыми-техникалық сүйемелдеуді жүзеге асырады;
ұлттық құзыреттерді дамытуға, өндірісті оқшаулауға жəне отандық ұйымдарды тартуға жəрдемдеседі;
АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізу үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді əлеуетті берушілердің өтінімдерін қарау қорытындылары бойынша өтеулі негізде ұсынымдар береді;
қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жататын, мемлекеттік реттеу шеңберінде белгіленетін талаптарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес нормативтік құқықтық жəне нормативтік-техникалық базаны əзірлеуге қатысады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сəйкес өзге де функцияларды орындайды.
9. Атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарының қызметін қаржыландыру:
қауіпсіздік жөніндегі құжаттарды бағалауды жүргізуден алынатын қаражат;
атом энергиясын пайдалану саласында жұмыстар орындағаны жəне қызметтер көрсеткені үшін алынатын қаражат;
ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындау;
халықаралық бағдарламалар мен жобалар;
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
10. Атом саласын дамыту мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау ұйымдарының қызметін қаржыландыру:
атом энергиясын пайдалану саласында жұмыстар орындағаны жəне қызметтер көрсеткені жəне олармен байланысты ғылыми, техникалық жəне өндірістік қызметтің өзге де бағыттары үшін алынатын қаражат;
АЭС жобаларын іске асыру үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді берушілердің тізіліміне енгізу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді əлеуетті берушілердің өтінімдерін қарау қорытындылары бойынша ұсынымдар дайындау шеңберінде алынатын қаражат;
қарыз жəне нысаналы қаржыландыру;
Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.
11. Мүдделер қақтығысын болғызбау мақсатында бір ұйым шеңберінде атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу жəне атом саласын дамыту мақсаттары үшін ғылыми-техникалық қолдау функцияларын қоса атқаруға жол берілмейді.
12. Уəкілетті орган мен бақылау жəне қадағалау органы, құзыреттерді дамытуды жəне халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауды қоса алғанда, ғылыми-техникалық қолдау жүйесін дамытуды жəне оның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.».
7. «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» 2023 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
9-баптың 5-тармағының бірінші бөлігіндегі «атом энергиясын пайдалану» деген сөздер «радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу» деген сөздермен ауыстырылсын.
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 7 шілде
№ 336-VIII ҚРЗ