«6. Осы баптың талаптары осы Заңның 29-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына қойылатын талаптарға қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасы бейрезидент банктерінің филиалдарына қолданылады.»;
21) 45-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Уәкілетті орган банктердің депозиторлары мен кредиторларының заңды мүдделерін қорғау, банктің қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және банк қызметіне байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу мақсатында банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау үшін банктердің қызметін талдауды жүзеге асырады. Банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторлар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленеді.
2. Уәкілетті орган банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және банк конгломератының қызметіне байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу мақсатында, банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау үшін банк конгломератының қызметін талдауды жүзеге асырады.
Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторлар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленеді.»;
22) 46-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«46-бап. Шектеулi ықпал ету шаралары
1. Уәкілетті орган банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді бұзуын, Қазақстан Республикасы заңнамасын бұзушылықтарды байқаған, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның лауазымды адамдары мен қызметкерлерiнiң өздерінің қаржылық қауiпсiздiгi мен тұрақтылығына, сондай-ақ өздерінің депозиторларының, клиенттерi мен корреспонденттерiнiң мүдделерiне қауiп төндiруі мүмкін құқыққа сыйымсыз әрекеттерiн немесе әрекетсiздiгiн анықтаған, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда көзделген өзге де талаптарын орындамаған жағдайларда, уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға мынадай шектеулi ықпал ету шараларының бірiн қолдануға:
1) орындалуы мiндеттi жазбаша нұсқама беруге;
2) жазбаша ескерту шығаруға;
3) жазбаша келісім жасасуға құқылы.
2. Банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) белгіленген мерзімде ұсыну қажеттілігіне қатысты берілетін нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
3. Уәкілетті орган жазбаша ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде осы ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары қайтадан бұзылғанын анықтаған жағдайда, уәкілетті органның банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға не банктің басшы қызметкеріне (қызметкерлеріне) осы Заңның 47-бабында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы хабарламасы жазбаша ескерту болып табылады.
4. Анықталған бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы және оларды жою мерзімдерін көрсете отырып, осы бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым өзіне алған шектеулердің тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім уәкілетті орган мен банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған жазбаша келісім болып табылады.
Жазбаша келісімге банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым тарапы міндетті түрде қол қоюға тиіс.
5. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым уәкілетті органды жазбаша нұсқамада және жазбаша келісімде көрсетілген шаралардың осы құжаттарда көзделген мерзімдерде орындалғаны туралы хабардар етуге міндетті.
6. Шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
7. Уәкілетті орган банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға бұрын оған қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан, осы бапта айқындалған шектеулі ықпал ету шараларының кез келген шарасын қолдануға құқылы.
8. Осы бапта келтірілген шаралар банк холдингіне, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға, банктің ірі қатысушыларына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға қатысты, олар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзған, оның ішінде банк холдингі, банктің ірі қатысушысы мәртебесін алғаннан кейін орнықсыз қаржылық жай-күйінің белгілері туындаған, сондай-ақ егер уәкілетті орган осы тұлғалардың, олардың лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің бұзушылықтары, құқыққа сыйымсыз әрекеттері немесе әрекетсіздігі банктің немесе банк конгломератының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қаржылық жай-күйін нашарлатқанын анықтаған жағдайларда қолданылуы мүмкін.
9. Банкке, банк холдингіне, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымға, банктің ірі қатысушысына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға байланысты емес себептер бойынша іс-шаралар жоспарында, жазбаша келісімде не жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімдерде бұзушылықтарды жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, іс-шаралар жоспарын, жазбаша келісімді не жазбаша нұсқаманы орындау жөніндегі мерзімді уәкілетті орган уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ұзартуы мүмкін.»;
23) 47-бапта:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Уәкiлеттi орган банкке, банк холдингіне, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдарға, банктің ірі қатысушыларына, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, бұрын қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан, оларға санкциялар қолдануға құқылы.»;
2-тармақтың е) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«е) басшы қызметкер лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін бір мезгілде кері қайтарып ала отырып, осы Заңның 20-бабында көрсетiлген адамдарды аталған басшы қызметкердің (қызметкерлердің) әрекеттерін (әрекетсіздігін) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сай келмейді деп тануға жеткiлiктi деректер негiзiнде лауазымдық мiндеттерiн атқарудан шеттетуге құқылы. Осы Заңның 20-бабында көрсетілген адамдарды уәкілетті орган қызметтік міндеттерін орындаудан шеттеткенге дейін банк немесе банк холдингі осы адамдарды қызметтік міндеттерін орындаудан шеттеткен немесе жұмыстан босатқан жағдайда, уәкілетті орган осы адамды банктің немесе банк холдингінің басшы қызметкері тиісті лауазымына тағайындауға (сайлауға) келісімін кері қайтарып алуды жүргізеді.»;
24) 48-баптың 1-тармағында:
«а) тармақшасындағы «және 6» деген сөздер «және 7» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы а-2) тармақшамен толықтырылсын:
«a-2) депозиттерді қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға және жүргізуге лицензиясы бар банкте (орналастырылған акцияларының елу пайыздан астамы мемлекетке және (немесе) ұлттық басқарушы холдингке тікелей немесе жанама тиесілі банктерді қоспағанда) тізбесі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленетін рейтингтік агенттіктердің бірінің талап етілетін ең төмен рейтингі бар бас банкінің не банк холдингінің не ірі қатысушы - жеке тұлғаның болмауы;»;
м-1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«м-1) банк холдингінің, банктің ірі қатысушысының банктің меншікті капиталын ұлғайту жөніндегі уәкілетті органның талаптарын, сондай-ақ осы Заңның 47-1-бабының 2-тармағына сәйкес қойылатын талаптарды орындамауы;»;
25) 48-1-баптың 2 және 3-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Банктiң жұмыс тәртібі, оның уақытша әкiмшiлiгін (уақытша әкiмшісін) тағайындау тәртібі, уақытша әкiмшiлiктің (уақытша әкiмшінің) өкілеттігі, сондай-ақ уақытша әкiмшiлiктiң (уақытша әкiмшінiң) есептілікті және өзге де ақпаратты уәкілетті органға ұсыну тәртібі, нысандары мен мерзімдері уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде айқындалады.
3. Банктiң уақытша әкiмшiлiгi (уақытша әкiмшісі) өз қызметiн уәкiлеттi орган банктiң тарату комиссиясын тағайындағанға дейiнгi кезеңде жүзеге асырады.
Банктiң тарату комиссиясы тағайындалғанға дейiн банктiң уақытша әкiмшiлiгiнiң (уақытша әкiмшісінiң) қызметiн бақылауды уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
Уәкiлеттi орган уақытша әкiмшiлiктің (уақытша әкiмшінің) қызметiне бақылауды жүзеге асыру мақсатында уақытша әкiмшiлiктің (уақытша әкiмшінің) қызметiнде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын, кредиторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды анықтаған кезде уақытша әкiмшiлiктердің (уақытша әкiмшілердің) орындауы міндетті, анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жою туралы және (немесе) белгіленген мерзімде іс-шаралар жоспарын беру туралы жазбаша нұсқамалар шығаруға құқылы.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.»;
26) 50-бапта:
4-тармақтың екінші бөлігінде:
мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
«2-2) бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау шарттарының біріне сәйкес келетін, бағалы қағаздардың ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған нарығында жасалған бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен операциялар туралы мәліметтерді уәкілетті органның ашуы;»;
5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«5) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымға, сондай-ақ активтерді тәуелсіз бағалауды, техникалық және (немесе) қаржылық және (немесе) заң аудитін, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым өзінің жарғылық қызметін жүзеге асыру үшін қажетті басқа да қызметтерді жүзеге асыратын заңды тұлғаға екінші деңгейдегі банктердің мәліметтер ұсынуы;»;
мынадай мазмұндағы 5-1) тармақшамен толықтырылсын:
«5-1) екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданатын ұйымға басқарма төрағасы немесе оның орынбасарлары қол қойған, ұйымның жазбаша сұрау салуы негізінде ұйымның қарыз алушысы, кепілі, кепілгері, лизинг алушысы немесе кепіл берушісі болып табылатын адамға қатысты берілетін, банк шоттарының бар-жоғы және нөмірлері, осы шоттардағы ақшаның қалдығы және қозғалысы, банк операциялары (банк операцияларын жүргізудің жалпы талаптарын қоспағанда) туралы анықтамаларды, сондай-ақ банктің сейф жәшiктерiнде, шкафтары мен үй-жайларында орналасқан мүліктің бар-жоғы, сипаты мен құны туралы мәлiметтерді ұйымның «Көшірмесі дұрыс» деген белгісі бар осы кредит бойынша ұйымның талап ету құқығын иеленуін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынған жағдайларда беруі - банк құпиясын ашу болып табылады.
«Көшірмесі дұрыс» деген жазу тырнақшасыз көрсетіледі, құжаттардың көшірмелерін куәландыру жөнінде тиісті өкілеттіктер берілген ұйымның уәкілетті адамының қолымен, оның лауазымы, тегі, аты-жөні және куәландыру күні көрсетіле отырып, куәландырылады және ұйым мөрінің бедерімен (болған кезде) бекемделеді.»;
8) тармақшада:
«екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйымға,» және «, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің кредиттік портфельдерінің сапасын жақсартуға маманданған ұйым иеленетін активтерді тәуелсіз бағалауды жүзеге асыратын заңды тұлғаға» деген сөздер алып тасталсын;
10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
10. Уәкілетті орган «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-бабының 4-тармағында көрсетілген ұйымдарға банктік құпияны қамтитын ақпаратты аталған бапта көзделген шарттармен береді.
Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына, құпия ақпарат алмасуды көздейтін шарттарға сәйкес алынған ақпаратты Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттік органдарына өзіне осындай ақпаратты ұсынған тараптың келісімімен ғана береді.»;
27) 52-5-баптың 1-тармағының 3) тармақшасындағы «банктік заем операциялары: ислам банкінің мерзімділік, қайтарымдылық талаптары бойынша» деген сөздер «банктік қарыз операциялары: ислам банкінің мерзімділік, қайтарымдылық шарттарымен» деген сөздермен ауыстырылсын;
28) мынадай мазмұндағы 4-2-тараумен толықтырылсын:
«4-2-тарау. Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру
52-13-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру ұғымы
Банкті ислам банкіне айналдыру нысанында (бұдан әрі - банкті ислам банкіне айналдыру) ерікті түрде қайта ұйымдастыру деп ислам банкінің мәртебесін алу және қызметті осы Заңның 52-1-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес жүзеге асыру мақсатында банктің қызметін қайта ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығы түсініледі.
52-14-бап. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсаты
1. Банкті ислам банкіне айналдыру банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша уәкілетті органның рұқсатымен жүзеге асырылады.
Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсат беру және рұқсат беруден бас тарту тәртібі осы Заңда және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде айқындалады.
2. Уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсатын беру туралы өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) банкті ислам банкіне айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған банк акционерлерінің жалпы жиналысының шешімі;
2) осы Заңның 52-15-бабының талаптарына сәйкес келетін, банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспары;
3) банкті ислам банкіне айналдыру салдарларының қаржылық болжамы (болжамдық бухгалтерлік баланс және банктің пайдасы мен залалдары туралы есеп, банкті ислам банкіне айналдыру аяқталғаннан кейін банктің пруденциялық нормативтерін, оның ішінде шоғырландырылғаннан негізде есептеу);
4) банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіне және ислам банкінің банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алған соң кейінгі үш жылға бизнес-жоспары, онда мынадай ақпарат қамтылуға тиіс:
банктің мақсаты мен міндеттерінің сипаттамасы және ислам банкінің банктік және өзге де операцияларының түрлері;
банктің қызметін талдау (сыртқы және ішкі ортаны талдау);
банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіне және банкті ислам банкіне айналдырғаннан кейін кейінгі үш қаржы (операциялық) жылына банк қызметін дамыту стратегиясы мен оның ауқымы;
банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіне және банкті ислам банкіне айналдырғаннан кейін кейінгі үш қаржы (операциялық) жылына банктің тәптіштелген жылдық қаржылық жоспары;
тәуекелдерді басқару жоспары (ислам банкінің қызметін жүзеге асыруға байланысты тәуекелдердің сипаттамасы және банкті ислам банкіне айналдыру кезеңінде және банкті айналдырғаннан кейін кейінгі үш қаржы (операциялық) жылында оларды басқару тәсілдері).
3. Уәкілетті орган өтінішті осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттарды өтініш беруші ұсынған күннен бастап екі ай ішінде қарайды.
Банк осы баптың 2-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын ұсынған жағдайда, уәкілетті орган құжаттарды алған кезден бастап күнтізбелік он бес күн ішінде өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту береді.
4. Банк уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсат беру не рұқсат беруден бас тарту туралы шешімі қабылдағанға дейін уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсат беруі туралы өтінішті еркін нысанда жазбаша өтініш беру арқылы кері қайтарып алуға құқылы.
5. Банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсат беруден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) уәкілетті органның ұсынылған құжаттар бойынша ескертулерін өзі белгілеген мерзімде жоймауы;
2) банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының осы Заңның 52-15-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) бизнес-жоспардың осы баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген талаптарға сәйкес келмеуі;
4) банкті ислам банкіне айналдыру салдарларының қаржылық болжамы банкті ислам банкіне айналдыру салдарынан банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауын болжауы;
5) банктің және (немесе) банк конгломератының пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа да сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзуы және банкке қатысты банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсат беру туралы өтініш берілген айдың алдындағы қатарынан күнтізбелік үш ай ішінде санкциялардың болуы;
6) банкті ислам банкіне болжамды айналдыру нәтижесінде банк депозиторлары мүдделерінің бұзылуы.
6. Уәкілетті орган осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсат беруге немесе осы рұқсатты беруден дәлелді бас тарту беруге міндетті.
7. Уәкілетті орган банкті ислам банкіне айналдыруға берілген рұқсатты мынадай жағдайларда кері қайтарып алады:
1) рұқсат беруге негіз болған мәліметтердің анық еместігі анықталуы;
2) банктің өз қызметін өзге нысандарда қайта ұйымдастыру немесе тарату арқылы ерікті түрде тоқтату туралы шешім қабылдауы не банктің қызметін тоқтату туралы сот шешімінің қабылдануы;
3) банктің осы Заңның 52-17-бабында көзделген талаптарды орындамауы не талаптарды орындау мерзімін бұзуы;
4) банкке ислам банкінің банк және өзге де операцияларын жүргізуге лицензия беруден бас тарту.
Банк уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға берілген рұқсатында көрсетілген айналдыру мерзімі аяқталғанға дейін банкті ислам банкіне айналдыруға берілген рұқсатты ерікті түрде қайтаруға құқылы.
Банкті ислам банкіне айналдыруға арналған рұқсат кері қайтарып алынған кезде немесе банк осы рұқсатты ерікті түрде қайтарған кезде, уәкілетті орган рұқсатты кері қайтарып алуға негіз болған факті анықталған немесе банк рұқсатты ерікті түрде қайтару туралы өтініш берген күннен бастап екі айдың ішінде бұрын берілген рұқсаттың күшін жою туралы шешім қабылдайды.
52-15-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын банктің директорлар кеңесі бекітеді.
2. Банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында төмендегі іс-шараларды іске асыру мерзімдерін қоса алғанда, олардың егжей-тегжейлі сипаттамасы қамтылуға тиіс:
1) исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңесті құру;
2) осы Заңның 52-5-бабының 1-тармағында көзделген ислам банкінің банк операцияларын жүргізу туралы шарттардың үлгі талаптарын әзірлеу;
3) мынадай:
осы Заңның 52-5-бабының 1-тармағында көзделген ислам банкінің банк операцияларына айырбастауға жататын;
осы Заңның 52-5-бабының 3-тармағына сәйкес ислам банкіне жүзеге асыру рұқсат етілген айырбастауды талап етпейтін;
банкті ислам банкіне айырбастау жөніндегі іс-шаралар жоспарында көрсетілген айырбастау мерзімі аяқталғанға дейін шарттардың қолданылу мерзімінің өтуі негіздері бойынша айырбастауды талап етпейтін;
осы Заңның 52-1-бабының талаптарына сәйкес келмеу негіздері бойынша айырбастауға жатпайтын банктік және өзге де операцияларды айқындау;
4) банктің осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген банктік және өзге де операциялар бойынша активтері мен міндеттемелерінің әлеуетті көлемін айқындау;
5) Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында айналдыру туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде жариялау және банктің интернет-ресурсында орналастыру;
6) банк клиенттерін осы тармақтың 3) тармақшасында көзделген банктік және өзге де операциялардың тізбесін, осы Заңның 52-16-бабының 4-тармағында көзделген жазбаша бас тартуды не келісуді ұсыну мерзімін және олар қабылданатын мекенжайды көрсете отырып, банкті ислам банкіне айналдыруды жүргізу туралы жазбаша хабардар ету;
7) жаңа қызмет түрлерін ескере отырып, банктің корпоративтік басқару және ішкі саясаты мен рәсімдерін, өзге де ішкі құжаттарын қайта қарау және өзгерту;
8) банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты банктің басшы қызметкерлерін айқындау;
9) клиенттермен банктік және өзге де операцияларды жүргізу туралы шарттар бойынша жұмыс жүргізу;
10) ислам банкінің банктік және өзге де операцияларын жүргізу үшін бағдарламалық қамтылымды пысықтау;
11) уәкілетті органға банкті ислам банкіне айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы есепті ұсыну;
12) әділет органдарына банкті ислам банкі ретінде мемлекеттік қайта тіркеу үшін өтініш жасау;
13) уәкілетті органға ислам банкінің банктік және өзге де операцияларын жүргізуге лицензия беру туралы өтініш жасау;
14) осы Заңның 52-16-бабының 7-тармағында көрсетілген мерзімнен аспауға тиіс банк жоспарлаған банкті ислам банкіне айналдыру мерзімі;
15) банкті ислам банкіне айналдыру үшін қажетті өзге де іс-шаралар.
52-16-бап. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңіндегі оның қызметі
1. Банкті ислам банкіне айналдыру кезеңінде банк айналдыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген іс-шараларды жүзеге асыруға міндетті.
2. Банкті ислам банкіне айналдыруға уәкілетті органның рұқсатын алғаннан кейін банк акционерлерінің жалпы жиналысында директорлар кеңесінің ұсынымы бойынша исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңес тағайындалады.
3. Банкті ислам банкіне айналдыруға уәкілетті органның рұқсатын алғаннан кейін банк он жұмыс күні ішінде:
1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында айналдыру туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде жариялайды және банктің интернет-ресурсында орналастырады;
2) банк клиенттеріне осы Заңның 52-15-бабының 2-тармағының 3) тармақшасында көзделген банктік және өзге де операциялардың тізбесін, осы баптың 4-тармағында көзделген жазбаша бас тартуды не келісуді ұсыну мерзімін және олар қабылданатын мекенжайды көрсете отырып, банкті ислам банкіне айналдыруды жүргізу туралы жазбаша хабарламаны жібереді.
4. Банк клиенттері осы баптың 3-тармағында көрсетілген жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде банкке:
1) осы Заңның 52-5-бабының 1-тармағында көзделген ислам банкінің банк операцияларына айырбастауға жататын банктік және өзге де операциялар бойынша шарт талаптарын өзгертуге;
2) банкті ислам банкіне айналдыруға байланысты банктің атауын өзгерту бөлігінде ислам банкіне осы Заңның 52-5-бабының 3-тармағына сәйкес жүзеге асыру рұқсат етілген айырбастауды талап етпейтін банктік және өзге де операциялар бойынша шарт талаптарын өзгертуге;
3) уәкілетті органның банкті ислам банкіне айналдыруға рұқсатында көрсетілген айырбастау мерзімі аяқталғанға дейін шарттардың қолданылу мерзімінің өту негіздері бойынша айырбастауды талап етпейтін немесе осы Заңның 52-1-бабының талаптарына сәйкес келмеу негіздері бойынша айырбастауға жатпайтын банктік және өзге де операциялар жөніндегі шарттар бойынша құқықты (талапты) басқаға беруге немесе борышты аударуға жазбаша бас тартуды не келісуді беруге міндетті.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес көрсетілген мерзімде жауапты ұсынбау клиенттің бас тартуы ретінде қаралады, осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес клиенттің келісімі ретінде қаралады.
Клиент осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген шарттар бойынша жазбаша бас тартуды ұсынған кезде, осы шарттардың қолданылуы осы Заңның 52-17-бабының 1-тармағында көрсетілген есепті банк уәкілетті органға ұсынғанға дейін тоқтатылуға жатады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүзеге асыру ислам банкінің банк операцияларын жүргізу талаптары қамтылған не банкті ислам банкіне айналдыруға байланысты банктің атауын өзгертуді көздейтін, банк ислам банкінің банктік және өзге де операцияларын жүргізуге лицензияны алғаннан кейін оның күшіне енуі талаптарымен шартқа қосымша келісімді жасау арқылы жүргізіледі.
Банк клиенттерінің банк шоттарына орындалмаған талаптар (банк шоты бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, сондай-ақ клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды адамдардың шешімдерін (қаулыларын) қоса алғанда) болған және ақша жеткіліксіз болған немесе болмаған (оның ішінде бір жылдан аз уақыт ақша қозғалысы болмаған) кезде, банк мұндай талаптарды кері қайтаруды жүзеге асыруға және банк шоттарын жабуға құқылы.