3. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберуге тыйым салынған және (немесе) шектеулер қойылған тауарларға билік ету Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес жүргізіледі.
314-бап. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды жасау ерекшеліктері
1. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік операцияларды кеден органдары халықаралық почта алмасу орындарында (мекемелерінде) не кеден органы айқындаған өзге орындарда жүргізеді.
Халықаралық почта алмасу орындары (мекемелері) кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамаларымен айқындалады.
2. Халықаралық почта женелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік декларациялау халықаралық почта жөнелтілімдерін алып жүретін Дүниежүзілік почта одағының актілерімен көзделген құжаттарды не тауарларға арналған декларацияны пайдалана отырып жүргізіледі.
3. Жеке тұлғаның жеке пайдалануына арналған тауарларды қоспағанда, халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарлар, егер:
1) кедендік баждарды, салықтарды төлеуге жатқан;
2) тауарларға қатысты арнайы қорғаулар, антидемпингтік және өтемдік шаралар қолданылған және тыйымдар мен шектеулер сақталған;
3) тауарларды кеден одағының кедендік аумағынан іс жүзінде әкетуді тауарларды жөнелтуші кеден және (немесе) салық органдарына растауы тиіс болған;
4) тауарлар ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімінен өзге кедендік рәсіммен орналастырылған жағдайда, тауарларға арналған декларацияны пайдалана отырып, кедендік декларациялауға жатады.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілмеген жағдайларда кедендік декларациялау халықаралық почта жөнелтілімдерін алып жүретін және мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарларды шығару үшін қажетті мәліметтер бар Дүниежүзілік почта одағының актілерімен көзделген құжаттарды пайдалана отырып жүргізіледі.
5. Кеден одағының кедендік аумағынан шығарылатын, халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларды кедендік декларациялау оларды жөнелту үшін почта байланысының операторына бергенге дейін жүзеге асырылады.
6. Дүниежүзілік почта одағының актілерімен көзделген жағдайларда жөнелтушіге қайтаруға жататын тауарларды кедендік декларациялауды почта байланысының операторы кеден органына жазбаша өтінішті және халықаралық почта жөнелтілімдерін алып жүретін, Дүниежүзілік почта одағының актілерімен көзделген құжаттарды беру жолымен жүзеге асырады.
315-бап. Халықаралық почта жөнелтілімдерін кедендік бақылау
1. Почта байланысының операторы кеден органының талабы бойынша кедендік қарауды және кедендік тексеріп қарауды жүргізу үшін халықаралық почта жөнелтілімдерін көрсетеді. Мұндай ұсынулардың тәсілдерін кеден органдары айқындайды.
2. Кеден органдары оларға әкелінетін почта жөнелтілімдерінің мынадай түрлерін ұсынуды талап етпейді:
аэрограммалар;
почталық карточкалар және хаттар;
секограммалар.
Көрсетілген почта жөнелтілімдерімен кеден одағының кедендік аумағына әкелуге тыйым салынған немесе шектелген тауарлар бар деп болжауға жеткілікті негіздер бар болған кезде, сондай-ақ іріктеу немесе кездейсоқ негізде кедендік қарауды және кедендік тексеріп қарауды жүргізу кезінде кеден органы көрсетілген почта жөнелтілімдерін көрсетуді талап етуге құқылы.
3. Кеден органы почта байланысының операторынан оларға қатысты кеден органдары іріктеу немесе кездейсоқ негізде кедендік қарауды және кедендік тексеріп қарауды жүргізетін әкетілетін халықаралық почта жөнелтілімдерін талап етуге құқылы.
4. Халықаралық почта алмасу орындарына (мекемелеріне) бүлінген түрде, салмағы сәйкес келмей, бүлініп салынған немесе қажетті ілеспе құжаттарсыз түскен халықаралық почта жөнелтілімдері почта байланысының операторы ресімдеген актімен қоса кеден органына көрсетіледі.
5. Халықаралық почта жөнелтілімдерін кедендік тексеріп қарау кезінде мөлшерінде айырмашылықтар болған кезде және салынымдар сәйкес келмеген кезде почта байланысы операторының жұмыскері кеден органының лауазымды тұлғасымен бірлесіп кедендік тексеріп қарау актісіне қол қояды.
6. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға кедендік қарау немесе кедендік тексеріп қарау жүргізу кезінде кеден органдары кедендік бақылаудың техникалық құралдарын пайдаланады.
316-бап. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік баждарды, салықтарды қолдану
1. Егер халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияны беру талап етілмесе, кедендік баждарды, салықтар, олардың нысаны мен толтыру тәртібін Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалатын кедендік кіріс ордерін пайдалана отырып, халықаралық почта алмасу орындарында (мекемелерінде) кедендік операцияларды жүзеге асыратын кеден органдары есептейді және қоса есептейді.
Кедендік баждардың, салықтардың сомасын есептеу Дүниежүзілік почта одағының актілерімен көзделген және кедендік мақсат үшін пайдаланылатын құжаттарда көрсетілген тауарлардың құны туралы мәліметтердің негізінде жүргізіледі.
Жарияланған құндылығы бар халықаралық почта жөнелтілімдеріне қатысты кедендік баждардың, салықтардың сомасы, егер ол кедендік мақсат үшін пайдаланылатын құжаттарда көрсетілген құннан асқан жағдайда ғана осы жарияланған құндылық негізінде есептеледі.
2. Почта байланысының операторы халықаралық почта жөнелтілімдерін оларды алушыларға осы халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік төлемдердің төленуі шартымен береді.
3. Халықаралық почта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты кедендік баждар, салықтар осы Кодекспен және кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарымен белгіленген мөлшерде төленуге жатады.
4. Халықаралық почта жөнелтілімдерін жоғалтқан, оларды алушыға кеден органының рұқсатынсыз берген кезде көрсетілген почта жөнелтілімдерін жоғалтқан немесе берген почта байланысының операторы кедендік баждарды, салықтарды төлеу бойынша міндетті болады.
45-тарау. Шетелдік тұлғалардың жекелеген санаттарының тауарларды өткізу ерекшеліктері
317-бап. Осы тарауды пайдалану саласы
1. Осы тараудың ережелері дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, шетел мемлекеттерінің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың жеке құрамы кедендік шекара арқылы өткізетін тауарларға қатысты, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес артықшылықтарды, басымдылықтарды және (немесе) иммунитеттерді пайдаланатын шетелдік тұлғалардың жекелеген санаттарының дербес пайдалануына арналған тауарларға қатысты қолданылады.
2. Кеден одағы комиссиясының шешімімен ресми және жеке пайдалану үшін дипломатиялық өкілдіктер, консулдық мекемелер, шетел мемлекеттерінің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың жеке құрамы өткізетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері, тауарлардың жекелеген санаттарын өткізу нормалары айқындалуы мүмкін.
318-бап. Шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің тауарларды өткізуі
Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері дипломатиялық өкілдіктердің жеке пайдалануына арналған тауарларды кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан кеден одағының кедендік аумағына әкелуі және осы аумақтан әкетуі мүмкін.
319-бап. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысының және шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамы мүшелерінің тауарларды өткізуі
1. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысы және шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамының мүшелері, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қосқанда, олардың жеке пайдалануына арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелуі және кеден одағының кедендік аумағынан тысқары жерлерге олардың жеке пайдалануына арналған тауарларды әкетуі мүмкін.
2. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігі басшысының, шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамы мүшелерінің, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелерінің жеке багажы, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, онда жеке пайдалануға арналмаған тауарлар немесе оларға қатысты кеден одағына мүше мемлекеттерге әкелуге немесе кеден одағына мүше мемлекеттерден әкетуге тыйым салынған не карантиндік ереже реттелетін тауарлар бар деп болжауға маңызды негіздемелер болмаған кезде кедендік тексеріп қараудан босатылады. Мұндай тауарларды кедендік тексеріп қарау көрсетілген тұлғалардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен жүргізілуі тиіс.
320-бап. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің әкімшілік-техникалық жеке құрамы мүшелерінің тауарларды өткізуі
Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің әкімшілік -техникалық жеке құрамы мүшелері және олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелері, егер олар келген мемлекетте тұрақты тұрмаса және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмаса, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, бастапқы жайғасуға арналған тауарларды қосқанда, олардың жеке пайдалануына арналған тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелуі мүмкін.
321-бап. Шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамының мүшелеріне берілетін кедендік жеңілдіктердің әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін жеке құрамының мүшелеріне тарауы
Кеден одағына мүше мемлекеттің шетел мемлекетімен халықаралық шарты негізінде шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамы мүшелеріне берілетін кедендік жеңілдіктер келген мемлекетте тұрақты тұрмайтын және келген мемлекеттің азаматтары болып табылмайтын осы өкілдіктің әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін жеке құрамының мүшелеріне, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелеріне әрбір жеке шетел мемлекетіне қатысты өзаралық принципі негізінде тарауы мүмкін.
322-бап. Шетел мемлекеттерінің консулдық мекемелерінің және олардың қызметкерлерінің тауарларды өткізуі
1. Шетел мемлекетінің консулдық мекемесінің басшысын қосқанда, шетел мемлекеттерінің консулдық мекемелеріне және шетел мемлекеттерінің консулдық қызметшілеріне, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері немесе шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерінің тиісті персоналы үшін осы Кодекспен көзделген жеңілдіктер беріледі.
2. Кеден одағына мүше мемлекеттің шетел мемлекетімен халықаралық шарты негізінде келген мемлекетте тұрақты тұрмайтын шетел мемлекетінің консулдық мекемесінің қызмет көрсететін қызметкерлеріне, сондай-ақ олармен бірге тұратын олардың отбасы мүшелеріне әрбір жеке шетел мемлекетіне қатысты өзаралық принципі негізінде шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің тиісті әкімшілік-техникалық және қызмет көрсететін жеке құрамының мүшелеріне осы Кодекспен берілетін кедендік жеңілдіктер тарауы мүмкін.
323-бап. Шетел мемлекеттерінің дипломатиялық почтасын және консулдық вализаларын кедендік шекара арқылы өткізу
1. Кедендік шекара арқылы өткізілетін шетел мемлекеттерінің дипломатиялық почтасы және консулдық вализалары не ашуға, не ұстауға жатпайды.
Консулдық вализарда ресми пайдалануға ғана арналмаған құжаттар және (немесе) тауарлар бар деп болжауға маңызды негіздемелер болған кезде кеден органы өкілдік ететін шетел мемлекетінің уәкілетті тұлғаларының консулдық вализаны кеден органы лауазымды тұлғасының қатысуымен ашуын талап етуге құқылы. Ашудан бас тартылған жағдайда, консулдық вализа жіберген жеріне қайтарылады.
2. Дипломатиялық почтаны және консулдық вализаны құрайтын барлық орындарында осы орындардың сипатын көрсететін көрінетін сыртқы белгісі болуға тиіс.
3. Дипломатиялық почта ресми пайдалануға ғана арналған дипломатиялық құжаттар мен тауарларды, ал консулдық вализа - ресми пайдалануға ғана арналған ресми хат-хабарлар мен құжаттарды немесе тауарларды қамтуы мүмкін.
324-бап. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курерьлерге арналған кедендік жеңілдіктер
1. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курьерлер олардың жеке пайдалануына арналған тауарларды кедендік тексеріп қараудан, кедендік баждарды, салықтарды төлеуден босатыла отырып және тарифтік емес реттеу шараларын қолданбастан, әрбір жеке шетел мемлекетіне қатысты өзаралық принципінің негізінде кеден одағының кедендік аумағына әкелуі және осы аумақтан әкетуі мүмкін.
2. Шетелдік дипломатиялық және консулдық курьерлер онда олардың мәртебесі және дипломатиялық почтаны және консулдық вализаны құрайтын орындарының саны көрсетілетін ресми курьерлік парақпен қамсыздандырылған болуға тиіс. Курьерлік параққа қол қойылады және дипломатиялық почтаны және консулдық вализаны жөнелтетін мекеменің мөрімен бекітіледі.
3. Дипломатиялық почта және консулдық вализа, сондай-ақ осы дипломатиялық почтаны немесе консулдық вализаны ғана тасымалдау үшін тағайындалған және курьерлік ресми парақпен қамсыздандырылған уақытша дипломатиялық немесе консулдық курьерге сеніп тапсырылуы мүмкін.
325-бап. Шетел мемлекеттері делегацияларының өкілдері мен мүшелеріне арналған кедендік жеңілдіктер
Шетел мемлекеттерінің өкілдеріне, парламент және үкімет делегацияларының мүшелеріне, сондай-ақ өзаралық негізде кеден одағына мүше мемлекеттерге халықаралық келіссөздерге, халықаралық конференцияларға және кеңестерге қатысу үшін немесе басқа да ресми тапсырмалармен келетін шетел мемлекеттерінің делегациялары мүшелеріне шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамы мүшелеріне осы Кодекспен көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі. Мұндай жеңілдіктер, сондай-ақ көрсетілген тұлғалармен бірге жүретін отбасы мүшелеріне де беріледі.
326-бап. Кеден одағының кедендік аумағы арқылы транзитпен өтетін шетел мемлекеттері дипломатиялық жеке құрамы мүшелерінің, консулдық лауазымды тұлғалардың, делегациялардың өкілдері мен мүшелерінің тауарларды өткізуі
Кеден одағының кедендік аумағы арқылы өтетін шетел мемлекетінің дипломатиялық өкілдігінің дипломатиялық жеке құрамы мүшелеріне және шетел мемлекетінің консулдық мекемелерінің консулдық лауазымдық тұлғаларына, олардың отбасы мүшелеріне, осы Кодекстің 325-бабында көрсетілген тұлғаларға дипломатиялық өкілдіктің дипломатиялық жеке құрамы мүшелері үшін осы Кодекспен көзделген кедендік жеңілдіктер беріледі.
327-бап. Халықаралық, мемлекетаралық және үкіметаралық ұйымдарға, олардың жанындағы шетел мемлекеттері өкілдіктеріне, сондай-ақ осы ұйымдар мен өкілдіктердің жеке құрамына арналған кедендік жеңілдіктер
Халықаралық мемлекетаралық және үкіметаралық ұйымдарға, олардың жанындағы шетел мемлекеттерінің өкілдіктеріне, сондай-ақ осы ұйымдар мен өкілдіктердің жеке құрамына және олардың отбасы мүшелеріне арналған кедендік жеңілдіктер тиісті халықаралық шарттармен айқындалады.
46-тарау. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларға қатысты кедендік операциялар жасау ерекшеліктері
328-бап. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқық қорғау бойынша қолданатын шаралар
1. Кеден органдары өз құзыреті шегінде осы тараумен белгіленген тәртіпте зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқығын қорғау бойынша шаралар қолданады.
2. Кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқық қорғау бойынша шараларды кедендік шекара арқылы:
1) жеке тұлғалар жеке пайдалану үшін, соның ішінде олардың атына халықаралық почта жөнелтімдерінде жіберілетін;
2) кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес;
3) шетел мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, шетел мемлекеттерінің өзге де ресми өкілдіктері, халықаралық ұйымдар, осы өкілдіктердің, мекемелер мен ұйымдардың жеке құрамы ресми және жеке пайдалану үшін өткізетін тауарларға қатысты қолданбайды.
3. Кеден органдары қабылдайтын зияткерлік меншік объектілеріне құқық қорғау бойынша шаралар құқық иеленушінің кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өз құқығын қорғаудың кез келген амалын қолдануына кедергі болмайды.
4. Кеден органдары кедендік тізілімі кеден одағына мүше мемлекетте кеден органдарының деректерімен жүргізілетін зияткерлік меншік объектілеріне және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілеріне, ал кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мұндай кедендік тізілімдерге енгізілмеген зияткерлік меншік объектілеріне қатысты да құқық қорғау бойынша шараларды қолданады.
329-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқық қорғау мерзімі
Зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқығын қорғау мерзімі зияткерлік меншік объектілерін кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары жүргізетін кедендік тізілімдерге және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізген кезде, құқық иеленушінің өтініште көрсеткен мерзімін ескере отырып, бірақ мұндай тізілімдерге енгізілген күннен бастап екі жылдан аспайтын мерзімде белгіленеді.
Көрсетілген мерзім құқық иеленушінің өтініші негізінде шектеусіз сан рет, бірақ әрбір ретте осы тараумен көзделген талаптардың сақталуы шартымен, екі жылдан аспай ұзартылуы мүмкін.
Құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілеріне құқығын қорғау мерзімі құқық иеленушінің тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқық мерзімінен аспауға тиіс.
330-бап. Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімі
1. Кеден органдары құқық иеленушілердің өтініштері негізінде зияткерлік меншік объектілерін кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамалармен белгіленген тәртіпте және шарттарда кеден одағына мүше мемлекеттерінің кеден органында жүргізілетін зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізеді.
2. Кеден органдары кеден одағына мүше мемлекеттер аумағында қорғауға жататын зияткерлік меншік объектілерін осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органында жүргізілетін зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізеді.
3. Зияткерлік меншік объектілерін кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізу шарттары және оны енгізу тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің халықаралық шартымен айқындалады.
331-бап. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру
1. Егер кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы жүргізетін кедендік тізілімге немесе кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырумен байланысты кедендік операцияларды жасау кезінде кеден органдары зияткерлік меншік құқығын бұзушылық белгілерін тапса, мұндай тауарларды шығару он жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтатыла тұрады
Кеден органы құқық иеленушінің немесе оның мүддесін білдіретін тұлғаның сұрау салуы бойынша көрсетілген мерзімді ұзартуы мүмкін, бірақ көрсетілген тұлғалар уәкілетті органға кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құқық иеленушінің құқығын қорғау үшін жүгінсе, ол он жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы және тауарларды шығаруды тоқтата тұру мерзімін ұзарту туралы шешімдерді кеден органының басшысы немесе ол өкілдік берген тұлға жазбаша нысанда қабылдайды.
2. Кеден органы зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, декларантты және құқық иеленушіні немесе оның мүддесін білдіретін тұлғаны мұндай тоқтата тұру, себептері және тоқтата тұру мерзімі туралы хабардар етеді, сондай-ақ декларантқа құқық иеленушінің немесе оның мүддесін білдіретін тұлғаның атын (аты-жөні, тегі) және орналасқан жерін (мекенжайын), құқық. иеленушіге немесе оның мүддесін білдіретін тұлғаға декларанттың атын (аты-жөні, тегі) және орналасқан жерін (мекенжайын) хабарлайды.
3. Кеден органына тауарларды алуды, оларға тыйым салуды не оларды тәркілеуді растайтын құжаттарды не кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өзге де құжаттарды ұсынған жағдайларды қоспағанда, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығару мерзімі өткеннен кейін мұндай тауарларды шығару осы Кодекспен белгіленген тәртіпте жаңғыртылады және жүргізіледі.
4. Кеден органдары құқық иеленушінің өтінішісіз кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген тәртіпте кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы жүргізетін кедендік тізілімге және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізілмеген зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұруға құқылы.
5. Егер құқық иеленушінің құқығын бұзушылық анықталмаған болса, осы тарауға сәйкес тауарларды шығаруды тоқтата тұру нәтижесінде декларантқа, меншік иесіне, зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды алушыға, мүліктік зиян (шығын) келтіргені үшін құқық иеленуші кеден одағына мүше мемлекеттердің азаматтық заңнамасына сәйкес жауаптылықта болады.
332-бап. Зияткерлік меншік объектілері бар тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жою
1. Егер:
1) кеден органына мұндай шешімді жою туралы құқық иеленушіден немесе оның мүддесін білдіретін адамнан өтініш түссе;
2) зияткерлік меншік объектісі кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы жүргізетін зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімінен кедендік тізілімдерінен және кеден одағына мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізілімінен алынып тасталса;
3) өзге жағдайлар кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен белгіленсе, тауарларды шығаруды тоқтата тұту мерзімі өткенге дейін тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешім күшін жоюға жатады.
2. Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің күшін жоюды кеден органының басшысы немесе ол өкілдік берген тұлға жазбаша нысанда ресімдейді.
3. Тауарларды шығаруды тоқтата тұру туралы шешімнің -күшін жойғаннан кейін мұндай тауарларды шығару, егер өзгесі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен көзделмесе, осы Кодекске сәйкес жаңғыртылады және жүргізіледі.
333-бап. Ақпаратты ұсыну, тауарлардың сынамалары мен үлгілерін алу
1. Кеден органы декларантқа, құқық иеленушіге немесе оның мүдделерін білдіретін тұлғаға шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарлар туралы ақпаратты ұсынады.
2. Осы бапқа сәйкес декларант, құқық иеленуші немесе оның мүдделерін білдіретін тұлға алған ақпарат құпия болып табылады және кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен көзделген жағдайларды қоспағанда, олар мұны жария етпеуге, үшінші тұлғаға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға бермеуге тиіс.
3. Кеден органының жазбаша рұқсатымен құқық. иеленушінің, декларанттың немесе олардың өкілдерінің оларға қатысты шығаруды тоқтата тұру туралы шешім қабылданған тауарлардың сынамалары мен үлгілерін кедендік бақылаумен алуға, оларға зерттеу жүргізуге, сондай-ақ мұндай тауарларды қарауға, суретке түсіруге немесе өзге де тәсілмен белгілеп қоюға құқығы бар.
47-тарау. Тауарларды құбыржол көлігі және электр беру желілерімен өткізу
334-бап. Осы тарауды қолдану саласы
Осы тараумен тауарларды кедендік шекара арқылы құбыржол көлігі мен электр беру желілері бойынша өткізудің осы Кодекстің өзге ережесімен айқындалмаған ерекшеліктері айқындалады.
Осы Кодекспен реттелмеген бөлігіндегі тауарларды кедендік шекара арқылы құбыржол көлігі мен электр беру желілері бойынша өткізудің тәртібі кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасымен және (немесе) халықаралық шарттармен айқындалады.
335-бап. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды әкелу, әкету және кедендік декларациялау ерекшеліктері
1. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелуге және осы аумақтан әкетуге мәлімделген кедендік рәсімге сәйкес тауарларды шығарғаннан кейін жол беріледі.
2. Кедендік декларацияны берген кезде кеден органына құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды нақты көрсету талап етілмейді.
3. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кеден одағының кедендік аумағына әкелу және осы аумақтан әкелу кезінде тасымалдаудың технологиялық салдарынан тауарларды араластыруға, сондай-ақ тауарлардың мөлшерін және күйін (сапасын) және кеден одағына мүше мемлекеттердегі қолданысындағы техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сәйкес тауарлардың ерекше сипаттамасын өзгертуге жол беріледі.
4. Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері осы Кодекстің 194-бабына сәйкес айқындалады.