2-1. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар беру және солар бойынша құқықтарды растау ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заң актілерімен айқындалады.
3. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқықтар бұл қағазға берiлген жазу - индоссамент арқылы берiледi. Ордерлiк бағалы қағаз бойынша құқық берушi адам (индоссант), жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, құқықтың болуы үшiн ғана емес, оның жүзеге асырылуы үшiн де жауапты болады.
Бағалы қағазда жасалған индоссамент бағалы қағазбен куәландырылған барлық құқықтарды бағалы қағаз бойынша құқықтар берiлетiн адамға - (индоссантқа) немесе соның бұйрығына ауыстырады. Индоссамент бланкiлiк болуы мүмкiн (орындауға тиiс адам көрсетiлмейдi).
Бағалы қағазбен куәландырылған құқықтарды жүзеге асыру, бұл құқықтарды индоссантқа бермей-ақ (сену индоссаментi) индоссаментке тапсырумен ғана шектелуi мүмкiн. Бұл жағдайда индоссант өкiл ретiнде әрекет жасайды.
ҚР 03.06.03 ж. № 426-II Заңымен 133-бап толықтырылды
133-бап. Бағалы қағаз бойынша орындау
1. Бағалы қағазды берген адам және оны индоссиялаған барлық адамдар, жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, оның заңды иесiнiң алдында бiрге жауап бередi. Бағалы қағаздың заңды иесiнiң сондай қағазбен куәландырылған мiндеттемесiн бағалы қағаз бойынша мiндеттенгендердiң арасынан бiр немесе бiрнеше адамның орындауы туралы талабын қанағаттандырған ретте олар бағалы қағаз бойынша өздерiнен бұрын мiндеттенген өзге адамдарға керi талап қою (регресс) құқығына ие болады.
2. Мiндеттеменiң негiзi болмауын не оның жарамсыздығын сылтауратып бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi орындаудан бас тартуға жол берiлмейдi.
3. Бағалы қағаздың жалғандығын немесе жасандылығын байқаған бағалы қағаз иесi өзiне қағазды берген адамға, бағалы қағазбен куәландырылған мiндеттеменi лайықты орындау туралы және залалдардың орнын толтыру туралы талап қоюға құқылы.
4. Заңсыз иеленушiнiң қолындағы бағалы қағаз бойынша құқықтар жүзеге асырылмауға тиiс.
134-бап. Бағалы қағазды қалпына келтiру
Жоғалған бағалы қағаз бойынша және ордерлiк бағалы қағаз бойынша ұсынушы құқығын қалпына келтiрудi iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiппен сот жүргiзедi.
ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 135-бап алынып тасталды (бұр. ред. қара)
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 10.07.98 ж. № 282-1 Заңдарымен 136-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 136-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) 136-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
136-бап. Облигация
1. Облигация - шығару кезiнде айналыс мерзiмi алдын ала белгiленген, оны шығару шарттарына сәйкес облигацияны шығарған тұлғадан ол бойынша сыйақы алу және оның айналыс мерзiмiнiң аяқталуы бойынша облигацияның ақшалай немесе өзге де мүлiктiк балама түрдегi нақты құнын алу құқығын куәландыратын бағалы қағаз.
2. Облигациялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi, коммерциялық ұйымдар облигациялар шығаруға құқылы.
4. Облигациялардың түрлерi және оларды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
137-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды
138-бап ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен алып тасталды
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1; 02.03.98 ж. № 211-1; 10.07.98 ж. № 282-1; 21.05.02 ж. № 323 Заңдарымен 139-бап өзгертiлдi; ҚР 16.05.03 ж. № 416-II Заңымен 139-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 2005.08.07. № 72-III (бұр. ред. қара) Заңымен 139-бап өзгертiлдi
139-бап. Акция
1. Акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысуға, ол бойынша дивиденд және акционерлік қоғам таратылған жағдайда оның мүлкiнiң бiр бөлiгiн алуға құқықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз.
2. Акциялар тек атаулы эмиссиялық бағалы қағаздар ретiнде шығарылады.
3. Акциялардың түрлерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
Акцияларды шығару тәртібі Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарымен белгiленедi.
4. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтер төлеудi жүзеге асырмайды.
5. Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен акционерлік қоғамның мүддесiн бұзған акционерден акцияларды сот шешiмi бойынша сатып алу мүмкiндiгi көзделуі мүмкiн.
Банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарда, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарында Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленген тәртiппен есептелетiн меншiктi капиталдың тepic мөлшерi болған жағдайда, олардың акцияларын мәжбүрлеп сатып алудың мүмкiндiгi мен негiздемесi көзделуi мүмкiн.
2007.12.01. № 225-III ҚР Заңымен 139-1-баппен толықтырылды
139-1-бап. Банктік депозит сертификаты
Банктік депозит сертификаты - өз ұстаушысының шығару шарттарында белгіленген айналыс мерзімі аяқталғаннан кейін не ол аяқталғанға дейін номиналды құнын, сондай-ақ шығару шарттарында белгіленген мөлшерде сыйақы алу құқығын растайтын атаулы эмиссиялық емес бағалы қағаз.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 140-бап алынып тасталды
§ 3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 141-бап өзгертiлдi
141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау
1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған жеке тұлғаның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.
2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.
4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.
142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар
Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.
2009.06.02. № 123-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 143-бап өзгертiлдi
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртібін сот белгiлейдi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.
5. Егер соттың шешiмi орындалмаса, сот тәртiп бұзушыға бюджеттiң кiрiсiне өндiрiлiп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.
6. Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды терiске шығарумен бiрге олардың таратылуынан өзiне келтiрiлген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, осы баптың азаматтың iскерлiк беделiн қорғау туралы қағидалары тиiсiнше заңды тұлғаның iскерлiк беделiн қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның iскерлiк беделiн қорғауға осы Кодексте белгiленген тәртiппен залалдың орнын толтыру туралы қағидалар қолданылады.
7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейдi деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 144-бап өзгертiлдi
144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы
2022.14.07. № 141-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Азаматтың жеке өмір құпиясын, оның ішінде хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, естеліктер, жазбалар, интимдік өмір, бала асырап алу, туу құпиясын, адвокаттық құпияны, медицина қызметкерінің, банк салымдарының құпиясын және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны қорғауға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының заңдарында тікелей белгіленген жағдайларда ғана жеке өмір құпиясын ашуға болады.
2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келісімiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келісімiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімiмен жариялануы мүмкiн.
145-бап. Өз бейнесiне құқық
1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келісімiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келісімiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келісімiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келісім талап етiлмейдi.
146-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы
Заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйiне өзiнiң еркiнен тыс баса-көктеп кiрудiң кез келген әрекетiн тыюға құқығы бар.
4-тарау. Мәмілелер
147-бап. Мәмiле ұғымы
Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар
1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.
2. Заңдарға немесе тараптардың келісімiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.
3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келісілген ерiк бiлдiруi қажет.
149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу
1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келісім болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.
2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi.
150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер
1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.
Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.
151-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2. Заңдармен немесе тараптардың келісімiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келісімi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 152-бап өзгертiлдi; ҚР 07.01.03 ж. № 372-II Заңымен 152-бап толықтырылды
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi
1. Мынадай мәмiлелер:
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, бір жүз айлық есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;
3) заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
1-1. Мәміленің жазбаша нысаны қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда жасалады.
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертiлдi
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар, электрондық хабарлар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келісімiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда белгiлі бір нысандағы бланкiде жасау, егер заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мөрі болуға тиіс болса, аталған тұлғаның мөрімен бекемдеу сәйкес келуге тиіс.
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 153-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
153-бап. Мәмiленiң жазбаша нысанын сақтамау салдары
1. Мәмiленiң жай жазбаша нысанын сақтамау дау болған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда, тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге де, куәгерлiк айғақтардан басқа, дәлелдермен растауға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде тiкелей көрсетiлген жағдайларда мәмiленiң жай жазбаша нысаны сақталмаған кезде мәміле маңызсыз болып саналады.
3. Жай жазбаша нысан сақталмаған кезде сыртқы экономикалық мәмiле маңызсыз болып саналады.
154-бап. Мәмiленi нотариаттың куәландыруы
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келiсiмiнде белгiленген жағдайларда жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп есептеледі.
Осы баптың 2-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, нотариаттық куәландыру туралы талаптарды сақтамау осы Кодекстiң 157-1-бабының 3-тармағында көзделген салдарлармен мәмiленiң маңызсыздығына алып келеді.
2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 155-бап өзгертiлдi; 2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 155-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 155-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
155-бап. Мәмілелерді тіркеу
1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес мiндеттi мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тiркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.
Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады.
2. Егер тараптардың бірі мәмiленi мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәмiленi тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәмiле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 156-бап өзгертілді; 2009.28.08 № 192-ІV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.кара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 156-бап өзгертілді
156-бап. Биржалық мәмiлелер
1. Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер.
2. Биржалық мәмiлелер осы мәмiлелердiң жасалғандығын растау үшiн биржа беретiн құжаттармен ресiмделедi.
3. Егер заңдардан, тараптардың келісімiнен немесе мәмiленiң мәнiнен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмiлелерге олардың мазмұнына қарай тиiстi шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады.
4. Заңнамада немесе биржалық сауда ережелерiнде, «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтерден басқа, тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келісімiнсiз жария етуге жатпайтын биржалық мәмiлелердiң талаптары көзделуi мүмкiн.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты даулар тиiстi биржа жанындағы биржа төрелiгiнде қаралады, Қазақстан Республикасының заңында көзделген жағдайларда сот оның шешiмiнің күшін жоюы мүмкiн.
6. Алынып тасталды
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 157-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
157-бап. Дауланатын және маңызсыз мәмілелер
1. Мәміле сот оны осындай деп (дауланатын мәміле) тануына байланысты осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша не осылай тануына (маңызсыз мәміле) қарамастан, заңнамалық актілерде тікелей көзделген негіздер бойынша жарамсыз болады.
Егер мәміленің маңызсыздығы заңнамалық актілерде көзделмесе, ол даулы мәмілеге жатады.
Мәміленің маңызсыздығы туралы дау туындаған жағдайда, оның жарамсыздығын сот белгілейді.
2. Мәміленің нысанына, мазмұнына және мәмілеге қатысушыларға, сондай-ақ олардың осы Кодексте немесе өзге де заңнамалық актілерде белгіленген негіздер бойынша ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған кезде мәміле жарамсыз деп танылады.
3. Мүдделі тұлғалар, тиісті мемлекеттік орган не прокурор мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап қоюы мүмкін.
Көрсетілген мәмілені жасау нәтижесінде құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе бұзылуы мүмкін тұлға мүдделі тұлға болып табылады.
Мәмілені жарамсыз деп тануға талап қою құқығы бар тұлғалардың тізбесі осы Кодексте және (немесе) өзге де заңнамалық актілерде белгіленеді.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 157-1-баппен толықтырылды
157-1-бап. Мәміленің жарамсыздығының салдарлары туралы жалпы ережелер
1. Маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарларын қолдану туралы талапты мәміле тарапы не осы Кодекстің 157-бабының 3-тармағында белгіленген тұлғалар қоюға құқылы.
2. Жарамсыздығына байланысты және жасалған кезінен бастап жарамсыз болған мәмiлелерді қоспағанда, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерінде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарларға алып келмейді.
3. Егер мәміле жарамсыздығының өзге де салдарлары осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделмесе, мәміле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы - екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмағанда (оның ішінде, алынғандар мүлікті пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетілген қызмет түрінде болғанда) қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшалай өтеуге міндетті.
4. Сот мәмiленiң жарамсыздығын тудырған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан екiншi тараптың пайдасына мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты оған келтірілген залалды өндiрiп алуы мүмкiн.
5. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталса, оның құқыққа қайшылығы сот үкімімен (қаулысымен) белгіленсе, онда екi тараптың да теріс пиғылы болған кезде олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға арналғандардың барлығы соттың шешiмi немесе үкiмi бойынша тәркiленуге жатады. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған жағдайда оның екiншi тараптан алғандарының барлығы және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң барлығы тәркiленуге жатады. Егер тараптардың бір де біреуі орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң барлығы тәркiленуге жатады.