3. Оператор мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы қатынастар қарапайым жазбаша нысанда, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия мерзімінен аспайтын мерзімге жасалатын олардың арасындағы келісіммен реттеледі.
Көрсетілген келісімнің қарапайым жазбаша нысанын сақтамау оның маңызсыздығына алып келеді.
4. Осы тараудың күші осы Кодекстің 150-бабының ережелерінде көзделген кен орындарын бірлесіп игеру шеңберінде басқарушы компанияның қызметіне қолданылмайды.
50-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы операторды тағайындау тәртібі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын пайдалану саласындағы операторды тағайындағаны туралы құзыретті органды жазбаша хабардар етеді. Мұндай хабарламаға оператор мен жер қойнауын пайдаланушы арасындағы келісімнің нотариат куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
2. Құзыретті органды хабардар еткен кезге дейін оператор тағайындалған деп есептелмейді.
3. Бір келісімшарт немесе лицензия бойынша бір ғана оператор тағайындалуы мүмкін.
4. Оператордың өкілеттіліктері тоқтатылған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы ол жөнінде құзыретті органды тез арада хабардар етуге міндетті.
51-бап. Жер қойнауын пайдалану саласындағы оператордың жауаптылығы
1. Оператордың әрекеттері нәтижесінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт немесе лицензия талаптарын бұзғаны үшін жер қойнауын пайдаланушы жауаптылықта болады.
2. Жер қойнауын пайдаланушының мүдделерін білдіруге байланысты туындаған оператор міндеттемелері бойынша жер қойнауын пайдаланушы ортақ жауаптылықта болады. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде оператор үшінші тұлғаларға зиян келтірген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы оператордың өз өкілеттіктерін асырып әрекет жасағанын сылтау етуге құқылы емес.
ІІІ БӨЛІМ. Жер қойнауын қауіпсіз пайдалану
7-тарау. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік бойынша талаптар
52-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі экологиялық қауіпсіздік
1. Өндірістік және өзге де объектілерді болжауды, жоспарлауды және жобалауды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жер қойнауының экологиялық жай-күйі шекті жол берілетін эмиссияларды нормалаумен, жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті немесе оның жекелеген түрлерін шектеумен немесе оларға тыйым салумен қамтамасыз етіледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының экология заңнамасында көзделген жағдайларда, тиісті экологиялық рұқсатсыз немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысынсыз жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салынады.
53-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздік
1. Өндірістік және өзге де объектілерді жобалауды қоса алғанда, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидалар мен нормалардың сақталуын, сондай-ақ авариялардың, жазатайым оқиғалардың алдын алу мен оларды жою және кәсіптік аурулардың профилактикасы бойынша іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
3. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін, жеке және заңды тұлғаларға материалдық шығын келтіру қатерін төндіретін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларға тыйым салынады.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сараптаманың оң қорытындысынсыз жер қойнауын пайдалануға тыйым салынады.
5. Жер қойнауын пайдалануға байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде:
1) жұмыскерлердің жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидалар мен нормаларды зерделеуі және орындауы, сондай-ақ авариялардың алдын алу мен оларды жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау және өткізу;
2) жұмыскерлердің өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтата тұру, адамдарды қауіпсіз жерге шығару және қауіпті анықтау үшін қажетті іс-шараларды өткізу;
3) қауіпсіздік қағидалары мен нормаларының және санитариялық нормалардың талаптарына сай келетін күйде машиналарды, жабдықтар мен материалдарды пайдалану, ғимараттар мен құрылысжайларды күтіп ұстау;
4) жарылғыш материалдар мен қауіпті химиялық заттарды есепке алу, тиісті түрде сақтау және тасымалдау, сондай-ақ оларды дұрыс және қауіпсіз пайдалану;
5) кеніштік атмосфераның құрамын жақсартуды, тау-кен жұмыстарын жүргізу және кәсіптік аурулар мен өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдалану технологиясын жетілдіруді көздейтін арнайы кешенді ұйымдастырушылық-техникалық іс-шараларды озық практиканы ескере отырып әзірлеу және жүзеге асыру;
6) судың кенеттен бұзып өтуін, газдың ауаға шығуын, пайдалы қазбалар мен жыныстардың атқылауын, сондай-ақ тау-кен соққысын болжау жәнеолардың алдын алу жөніндегі арнайы іс-шараларды жүзеге асыру;
7) техникалық құжаттаманы және авариялар салдарын жою жоспарларын жұмыстарды қауіпсіз жүргізу аймақтарының шекараларын нақтылайтын деректермен уақтылы толықтыру;
8) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында көзделген өзге де талаптарды орындау қамтамасыз етілуге тиіс.
8-тарау. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою
54-бап. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою туралы жалпы ережелер
1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, жер қойнауын пайдаланушы өзіне берілген жер қойнауы учаскесінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жоюға міндетті.
2. Өндірістік объектілерді және жер учаскелерін халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жай-күйге келтіру, қоршаған ортаны қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүргізілетін іс-шаралар кешені жер қойнауын пайдалану салдарын жою болып табылады.
3. Жою осы Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, жер қойнауын пайдалану құқықтары тоқтатылған жер қойнауы учаскелерінде жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою жер қойнауы учаскесінің бір бөлігін пайдалану құқығын тоқтату, сондай-ақ жою жөніндегі жұмыстар көлемін азайту (прогрессивті жою) мақсатында жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін жүргізілуі мүмкін.
4. Жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияның немесе келісімшарттың қолданылуын тоқтату жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді тоқтатуға алып келмейді.
5. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар салдарын жою ерекшеліктері олардың түрлері ескеріле отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінде айқындалады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша зерттеп-қарау нәтижелері мен жұмыстарды қабылдап алу тәртібін құзыретті орган қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп айқындайды.
55-бап. Жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды қаржыландыру
1. Жою жер қойнауын пайдаланушының немесе жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті лицензия немесе келісімшарт тоқтатылғанға дейін тікелей жер қойнауын пайдаланушы болған тұлғаның есебінен жүргізіледі.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдаланушы жою бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынуға міндетті. Жер қойнауын пайдаланушының мұндай қамтамасыз етуді ұсынуы жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындаудан босатпайды.
3. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының пайдасына жүзеге асырылады.
Жою жөніндегі міндеттеме осы Кодекске сәйкес белгіленген мерзімде орындалмаған (тиісінше орындалмаған) жағдайда, ұсынылған қамтамасыз ету сомасын келісімшарттың тарапы болып табылатын және (немесе) жер қойнауын пайдалануға арналған лицензияны берген мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының пайдасына өндіруге тиіс.
Егер тиісті қамтамасыз ету сомасы жоюдың тиісті жобасы бойынша шығыстарды жабу үшін жеткіліксіз болса, мемлекет жеткіліксіз соманы жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды жүзеге асыруға міндетті болған тұлғаның мүлкінен алуға құқылы.
4. Жер қойнауын пайдаланушының жою жөніндегі міндеттемелерді орындауы кепілдікпен, банктік салым кепілімен және (немесе) сақтандырумен қамтамасыз етілуі мүмкін.
5. Қамтамасыз ету әрбір жер қойнауы учаскесі бойынша жеке-жеке беріледі.
Жер қойнауын пайдалану салдарын жоюды талап ететін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды осы Кодекске сәйкес ұсынылатын қамтамасыз етусіз жүргізуге тыйым салынады.
6. Жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесін) үшінші тұлғаға иеліктен шығаруы оны жер қойнауын пайдалану құқығын (жер қойнауын пайдалану құқығындағы үлесті) алушы осы Кодекске сәйкес айқындалған мөлшерде қамтамасыз етуді ұсынғанға дейін жою жөніндегі міндеттемелерден босатпайды.
7. Егер жер қойнауын пайдаланушы ұсынған қамтамасыз ету онымен байланысты болмайтын себептермен осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмейтін болып қалса немесе тоқтатылса, жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік алпыс күн ішінде мұндай қамтамасыз етуді айырбастауға міндетті. Егер көрсетілген мерзім ішінде жер қойнауын пайдаланушы осындай айырбастауды жүргізбеген болса, ол жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тез арада тоқтата тұруға міндетті. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды қайта бастауға қамтамасыз етуді қалпына келтіргеннен немесе айырбастағаннан кейін ғана жол беріледі.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
8. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындаудың ұсынылатын қамтамасыз етуі (тиісінше қамтамасыз ету) осы Кодекстің және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес келуге тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
9. Мемлекеттік орган қабылдаған жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етулерді ұсыну және есепке алу тәртібін құзыретті орган айқындайды.
56-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі кепілдік
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекске сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені орындамаған жағдайда, кепілдікке орай кепілгер Қазақстан Республикасының алдында осы Кодекске сәйкес айқындалатын толық ақшалай соманы төлеу бойынша жауапты болады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Екінші деңгейдегі банк, шетелдік банк не акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын ұйым кепілгер бола алады. Егер шетелдік банк немесе акциялары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналымда болатын ұйым кепілгер болса, мұндай кепілгерлер, егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, шетелдік валютадағы ең төмен жеке кредиттік рейтинг бойынша құзыретті орган айқындайтын шарттарға сәйкес келуге тиіс.
3. Банктің осы бапқа сәйкес өзі берген кепілдік бойынша міндеттемесі жою аяқталғаннан кейін тоқтатылады.
4. Кепілдік құзыретті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Шетелдік тұлға берген кепілдік міндетті түрде қазақ және орыс тілдеріне аударылып, шет тілде жасалуы мүмкін, оның дұрыстығын нотариус куәландыруға тиіс.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 10 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде берілетін кепілдіктердің ерекшеліктері осы Кодекстің Ерекше бөлігінде белгіленеді.
57-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі банктік салым кепілі
1. Жер қойнауын пайдаланушы жою жөніндегі міндеттемесін орындамаған жағдайда, банктік салым кепіліне орай Қазақстан Республикасының кепілге салынған банктік салым сомасынан, жер қойнауын пайдаланушының басқа кредиторлары алдында басымдықпен қанағаттандырылуға құқығы бар.
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы бапқа сәйкес Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкінде немесе Ұлттық пошта операторында орналастырылған банктік салым ғана кепіл нысанасы бола алады.
3. Салым теңгемен немесе шетел валютасымен енгізілуі мүмкін.
4. Қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымның мөлшеріне қойылатын талаптар осы Кодексте белгіленеді.
5. Қамтамасыз ету болып табылатын банктік салымды қайта кепілге қоюға тыйым салынады.
6. Заңды тұлға болып табылатын жер қойнауын пайдаланушының банкроттығын қоса алғанда, оны таратқан жағдайда кепіл нысанасы конкурстық массаға қосылмайды, ал кепіл ұстаушы жер қойнауын пайдаланушының өзге мүлкінің есебінен өз талаптарын қанағаттандыруға қатысатын кредитор болып табылмайды.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
7. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету тәсілі ретінде банктік салымның кепіл шарты үлгілік нысанға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде жасалады.
Банктік салымның кепіл шартын жасасу тәртібін және оның үлгілік нысанын құзыретті орган бекітеді.
58-бап. Жоюды қамтамасыз ету ретіндегі сақтандыру
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі өз міндеттемелерін қамтамасыз ету үшін жер қойнауын пайдаланушы сақтандыру ұйымымен сақтандыру шартын жасасуға құқылы, соған орай жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерін осы Кодексте көзделген тәртіппен орындамауы (сақтандыру жағдайы) сақтандыру сомасын Қазақстан Республикасының пайдасына (пайда алушы) төлеуге алып келеді.
Жер қойнауын пайдаланушының осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша өзінің міндеттемелерін орындауға байланысты мүліктік мүддесі сақтандыру объектісі болып табылады.
Сақтандыру ұйымына сақтандыру сомасын төлеу туралы қойылатын талап сақтандыру ұйымы осындай талапты алған күннен бастап бір ай ішінде бұлжытпай және міндетті түрде орындалуға жатады. Сақтандыру ұйымы көрсетілген талапты орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған не орындау мерзімдерін бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
1-1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын жою бойынша міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру шарты қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша құзыретті орган бекітетін үлгілік нысанға сәйкес жасалады. Бұл ретте сақтандыру шартының мерзімі:
1) пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия үшін кемінде сегіз жылды (ол берілген кезде) немесе кемінде лицензияның қалған мерзімін және барлауға арналған лицензияның мерзімі аяқталған күннен бастап есептелетін қосымша екі жылды;
2) пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған лицензия үшін кемінде үш жылды;
3) кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензия үшін кемінде үш жылды;
4) тау-кен өндіру және (немесе) тау-кен байыту өндірістерінің техногендік минералдық түзілімдері орналастырылатын объектілерді орналастыру және (немесе) пайдалану мақсатында жер қойнауы кеңістігін пайдалануға арналған лицензия үшін кемінде үш жылды;
5) кен іздеушілікке арналған лицензия үшін кемінде төрт жылды құрауға тиіс.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Осы бапта көзделген сақтандыру қатынастары осы Кодексте реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
IV БӨЛІМ. ЖЕР ҚОЙНАУЫН ПАЙДАЛАНУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАСҚАРУ
9-тарау. Жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік органдар жүйесі
59-бап. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Үкіметі жер қойнауын пайдалану саласында:
1) жер қойнауын мемлекеттік меншік объектісі ретінде басқаруды ұйымдастырады, жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзірлейді;
2) ұлттық қауіпсіздікті, халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жер қойнауын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілейді;
3) стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін бекітеді;
4) Конституцияда, осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
60-бап. Құзыретті орган
Мемлекеттік саясатты іске асыру және Қазақстан Республикасының жер қойнауын пайдалану саласындағы мүдделерін білдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі орталық атқарушы орган болып табылатын құзыретті органды айқындайды.
Құзыретті орган Қазақстан Республикасының мүдделерін білдіреді және пайдалы қатты қазбалар мен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын әзірлеу және бекіту;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;
2023.28.12. № 52-VIII ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 28 ақпаннан бастап қолданысқа енгізілді)
2-2) жер қойнауын пайдаланушылардың жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт (лицензия) бойынша міндеттемелерді орындауын мониторингтеуді, ақпараттық жүйелер арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру рәсімін, жер қойнауын пайдалану құқығының және (немесе) жер қойнауын пайдалану құқығымен байланысты объектілердің ауысуын немесе кепілін тіркеуді автоматтандыру жөніндегі пилоттық жобаларды ерікті түрде қатысу шарттарымен құзыретті орган айқындайтын тәртіппен іске асыру;
3) көмірсутектерді барлау мен өндіру, уран өндіру, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығын беру және тоқтату;
4) жер қойнауын пайдаланушылардың көмірсутектер және уран өндіру саласындағы келісімшарттардың, сондай-ақ пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіруге арналған лицензиялардың шарттарын сақтауын бақылау;
5) өзі берген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар және жасалған келісімшарттар туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жасалған келісімшарттар және өзі берген жер қойнауын пайдалануға арналған лицензиялар шарттарының орындалу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсыну;
7) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың немесе лицензияның шарттарын орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын өндіру;
8) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
61-бап. Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган
Пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган, уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды реттеу бойынша мемлекеттік саясатты:
1) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда, уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды реттеу саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
1-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді)
1-2) техникалық регламенттерді әзірлеу және бекіту;
2) уранды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуы тәртібін сақтауына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
3) 2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) барлау учаскесінде бір мың текше метрден асатын көлемде тау-кен массасын алуға және (немесе) топырақты ауыстыруға рұқсат беру;
5) уран өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операцияларды реттеу;
6) уранды және кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды қоспағанда, пайдалы қатты қазбаларды барлау мен өндіру жөніндегі операциялардың жүргізуіне мемлекеттік бақылау жасау;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1) Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жер қойнауын пайдаланушылармен кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімдер жасасу;
2021.15.11. № 72-VII ҚР Заңымен 6-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-2) көмірсутектер және уран өндіру саласындағы уәкілетті органдармен бірлесіп, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімді жасасу, оған өзгерістер, толықтырулар енгізу және оны бұзу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларын, кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісімнің үлгілік нысанын әзірлеу және бекіту;
7) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы іске асырады.
62-бап. Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган
Көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган көмірсутектер саласындағы мемлекеттік саясатты:
1) осы Кодексте көзделген жағдайларда көмірсутектер саласындағы құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту;
2) көмірсутектер саласындағы нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлеу және бекіту;
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарау, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын және стандарттау жөніндегі ұсынымдарды әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар дайындау;
3) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды реттеу;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 3-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1) жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық өндірушілерден тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу, қазақстандық кадрларды тарту, қазақстандық кадрларды оқыту, ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыру, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің көмірсутектерді барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуы бойынша міндеттемелерді орындауын мониторингтеу;
2022.03.01. № 101-VII ҚР Заңымен 3-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 7 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3-2) көмірсутектер саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің және оларды өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін, оларды бағалау өлшемшарттарын қоса алғанда, аталған тізілімді қалыптастыру және жүргізу;
4) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
5) жобалау құжаттары ережелерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;