10) құзыреті шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және оған жауапты болады;
11) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
101-бап. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және оның жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыреті
1. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын тұжырымдау мен қалыптастыру саласындағы, сондай-ақ өңірлік даму саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
2. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган:
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметіне экономиканың басым секторларын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) өнеркәсіптік-инновациялық қызмет саласында білікті кадр ресурстарымен қамтамасыз етуді және жұмыспен қамтуды реттеуді үйлестіруді жүзеге асырады;
4) индустриялық-инновациялық жүйенің тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің және ұлттық компаниялардың даму жоспарларын, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың, олармен үлестес заңды тұлғалардың, ұлттық басқарушы холдингтердің (Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда), ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың (Ұлттық әл-ауқат қорының тобына кіретін ұлттық компанияларды қоспағанда) және олармен үлестес заңды тұлғалардың даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларын келіседі;
6) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
102-бап. Сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган және оның жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыреті
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган шикізаттық емес тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің экспортын дамыту және ілгерілету саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде сыртқы сауда қызметін реттеу саласында салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган:
1) тергеп-тексеру жүргізетін органмен арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
2) тергеп-тексеру жүргізетін органға арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексерулерге бастама жасау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
3) Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары мәселелері бойынша жұмысын үйлестіреді;
4) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары мәселелері бойынша ұсыныстарды қалыптастырады және Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келіседі;
5) арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді;
6) басқа елдердің ресми органдарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
7) - 11) 2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12) Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, экспортты ілгерілету жөніндегі шараларды өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
13) Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 103-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
103-бап. Мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдар инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы өз құзыреті шегінде:
1) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) мемлекеттік технологиялық саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
3) Технологиялық саясат жөніндегі кеңесте қарау үшін жетекшілік ететін бағыттарда технологиялық құзыреттердің салалық орталықтарын, нысаналы технологиялық бағдарламаларды айқындау және технологиялық тұғырнамаларды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру, сондай-ақ инновацияларды дамыту жөніндегі индикаторларға қол жеткізу туралы ақпаратты береді;
5) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
6) Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын орындауды қамтамасыз етеді;
7) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
104-бап. Өзге де мемлекеттік органдардың жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы құзыреті
Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласында:
1) жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;
2) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
105-бап. Жергілікті атқарушы органдардың жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және дамыту саласындағы құзыреті
1. Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары:
1) жеке кәсiпкерлiктi қолдау мен дамытудың мемлекеттiк саясатының iске асырылуын жүзеге асырады;
2) жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн жағдайлар жасайды;
3) өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы мен орындалуын қамтамасыз етеді және соған жауапты болады;
4) өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiк пен инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымы объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;
5) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен, Ұлттық палатамен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
6) сараптама кеңестерінiң қызметiн ұйымдастырады;
7) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;
8) шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты ілгерілетуді жүзеге асырады;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 8-2) тармақшамен толықтырылды
8-2) құзыреті шегінде шикізаттық емес экспортты дамыту үшін жағдайлар жасайды;
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 8-3) тармақшамен толықтырылды
8-3) ұлттық және аумақтық кластерлерді дамытуды жүзеге асырады;
9) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. 2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІКТІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУДІҢ НЫСАНДАРЫ МЕН ҚҰРАЛДАРЫ
9-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР
106-бап. Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу
Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді жүзеге асыруының рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу болып табылады.
107-бап. Реттелетін қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі алда жүзеге асырылатын қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейіне қарай енгізіледі және мынадай деңгейлерге бөлінеді:
1) бірінші санаттағы рұқсаттар - қауіптіліктің жоғары деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін лицензиялар;
2) екінші санаттағы рұқсаттар - лицензиялар болып табылмайтын, қауіптіліктің орташа деңгейіне байланысты қызмет түрлеріне (кіші түрлеріне) немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты енгізілетін барлық рұқсаттар;
3) хабарламалар қауіптіліктің төмен деңгейіне байланысты, бірақ мемлекеттік органдардың осындай қызметтің немесе осындай әрекеттердің басталғандығы немесе тоқтатылғандығы туралы ақпарат алуын талап ететін қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге қатысты енгізіледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қызметтің немесе әрекеттердің (операциялардың) қауіптілік деңгейлері осы Кодекстің 83-бабына сәйкес жүргізілетін реттеушілік әсерді талдау негізінде белгіленеді.
108-бап. Рұқсат беру және хабарлама жасау тәртібі
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруды бастау және кейіннен жүзеге асыру үшін жарамды рұқсаты болуға немесе «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға хабарлама жіберуге міндетті.
Лицензиясы бар кәсіпкерлік субъектісі лицензиат деп танылады.
Екінші санаттағы жарамды рұқсаты бар кәсіпкерлік субъектісі екінші санаттағы рұқсатты иеленуші болып табылады.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) тиісті рұқсатты алмай немесе тиісті хабарламаны жібермей жүзеге асыруына жол берілмейді.
«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі белгіленген қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру басталғанға дейін кәсіпкерлік субъектілері рұқсатты алуға және ол жарамды болуға тиіс, ал хабарламаны кәсіпкерлік субъектісі жіберуге тиіс.
3. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай жүргізіледі.
4. Рұқсаттардың және хабарламалардың түпкілікті тізбесі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделеді.
5. Рұқсаттарға, сондай-ақ оларға қосымшаларға қатысты беру, ұзарту, қайта ресімдеу, жаңарту және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да әрекеттерді жүзеге асыру мемлекеттік көрсетілетін қызметтер болып табылады және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қайшы келмейтін бөлігінде «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
109-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және оның күшін жою тәртібі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі тиісті рұқсатты немесе хабарламаны «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар немесе хабарламалар тізбелеріне енгізу арқылы ғана енгізіледі.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу үшін реттеуші мемлекеттік органдар осы Кодекстің 83-бабына сәйкес реттеушілік әсерді талдау рәсімін алдын ала жүргізуге тиіс.
3. Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекетке (операцияға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген кезде рұқсат алу міндеті қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісінде рұқсат алу тәртібін регламенттейтін және (немесе) рұқсат алу үшін міндетті талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап туындайды.
2021.12.03. № 15-VІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткенге дейін қолданысқа енгізілмейді.
Бұрын рұқсат беру тәртібіне жатқызылмаған қызметке немесе әрекеттерге (операцияларға) қатысты рұқсат беру тәртібі енгізілген жағдайда, өтініш берушілер рұқсат алу тәртібін регламенттейтін, рұқсат беру немесе біліктілік талаптарын және (немесе) өтініш берушілердің осындай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар тізбесін бекітетін нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгенге дейін, бірақ көрсетілген актілер қолданысқа енгізілгенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат алуға өтініш беруге құқылы.
Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес берілген өтініштер бойынша рұқсаттар беруді немесе оларды беруден уәжді бас тартуды рұқсат беру органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін оларды беру үшін белгіленген мерзімдерде және тәртіппен жүзеге асыруға тиіс.
5. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы баптың 4-тармағына сәйкес рұқсат алуға өтініш берген өтініш берушілер рұқсат берілгенге дейін немесе оны беруден уәжді түрде бас тартылғанға дейін рұқсат беру тәртібі енгізілген қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай-ақ жүзеге асыруға құқылы.
6. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің күшін жою «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1, 2 және 3-қосымшаларда көзделген рұқсаттар және хабарламалар тізбелерінен рұқсатты немесе хабарламаны алып тастау арқылы жүзеге асырылады және кәсіпкерлік субъектісінің қызметті немесе әрекетті (операцияны) рұқсаты болмай немесе хабарлама жібермей жүзеге асыру құқығына әкеп соғады.
110-бап. Өтініш берушілер. Өтініш берушілердің құқықтары
1. Лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген мынадай кәсіпкерлік субъектілері өтініш берушілер бола алады:
дара кәсіпкер;
заңды тұлға;
заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
лицензиат;
екінші санаттағы рұқсатты иеленуші.
2. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар және хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
101-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының қолданылуы 2016 ж. 1 наурызға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 6-тармағында қолданылады
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының ережелерін ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу немесе хабарлама жіберу үшін өтініштің электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға, сондай-ақ берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қандастар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
111-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілеттік берілген лиензиарлар мен органдар рұқсат беру органдары болып табылады.
2. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұрау салумен жүгінуге құқығы бар.
3. Рұқсат беру органдары:
1) осы Кодекске және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
111-баптың 3-тармағының 4) тармақшасының қолданылуы 2016 ж. 1 наурызға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 7-тармағында қолданылады
4) мемлекеттік органдарға және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толықтырылып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
7) Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға міндетті.
112-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламаларды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламалар жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
2. Өтініш беру, рұқсаттар және (немесе) рұқсатқа қосымшалар беру тәртібі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды (2018 ж. 29 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
9-1-тарау. Ақпараттық құралдар
2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен 112-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
112-1-бап. Ақпараттық құралдар
1. Ақпараттық құралдар деп мемлекеттік органдарға немесе өзге де тұлғаларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, бір мезгілде төмендегі өлшемшарттардың барлығына сәйкес келетін ақпаратты беру талаптары түсініледі:
1) ақпаратты беру міндетті болып табылады;
2) ақпаратты бермеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді;
3) ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектілері береді.
2. Ақпараттық құралдар енгізу көзделетін Қазақстан Республикасының заңдары қолданысқа енгізілгеннен кейін реттеуші мемлекеттік орган ақпараттық құралдардың тізбесіне, сондай-ақ талаптар тізіліміне толықтырулар енгізуге бастама жасауға тиіс.
3-тармақ 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
3. Ақпараттық құралдарды беру ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып, электрондық нысанда немесе қағаз жеткізгіште жүргізіледі. Ақпараттық құралды беру тәсілін жеке кәсіпкерлік субъектісі айқындайды.
Бұл ретте, ақпараттың берілуін автоматтандыру енгізілмейтін және қамтамасыз етілмейтін ақпараттық құралдарды беруді талап етуге тыйым салынады.
4. Осы тараудың ережелері салық, кеден, қаржы саясаты, статистикалық қызмет саласында бар, сондай-ақ бір реттеу субъектісіне қолданылатын ақпараттық құралдарға қолданылмайды.
Осы тараудың мақсаттары үшін қаржы саясаты деп қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент - банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент - сақтандыру брокерлері филиалдарының, қаржы ұйымдары болып табылмайтын сақтандыру нарығына қатысушылардың, коллекторлық агенттіктердің, қаржы ұйымдарына ірі қатысушылардың, эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, сақтандыру топтарының және банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың, төлем қызметтерін көрсететін нарық субъектілерінің қызметіне, валюталық құқық қатынастарын реттеуге, қаржылық қызметтер көрсетуге, сондай-ақ қаржы құралдарын шығаруға, олардың айналысына, оларды өтеуге және күшін жоюға байланысты қатынастар жиынтығы түсініледі.
112-2-бап, 112-3-бап. 2021.30.12. № 95-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 113-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
113-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу
Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес өнімге, оның ішінде ғимараттар мен құрылысжайларға, өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілеуді және орындауды, өнімге, процестерге және қызметтер көрсетуге, сәйкестікті бағалауға және мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қойылатын талаптарды ерікті негізде қолдануды білдіреді.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 114-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
114-бап. Техникалық реттеу объектілері
Техникалық реттеу объектілері мыналар болып табылады:
азаматтық авиация өнімін, мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын немесе заңға сәйкес қорғалатын қолжетімділігі шектеулі өзге де ақпаратқа жататын мәліметтерді қорғау мақсатында пайдаланылатын өнімді, мәліметтері мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын өнімді, атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты талаптар белгіленетін өнімді, бұрын пайдалануда болған өнімді, ветеринариялық препараттарды, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы) қоспағанда, өнім;
өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестері;