17-тарау. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алу және пайдалану ерекшеліктері
210-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алу ерекшеліктері
211-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алуды, сақтауды және одан әрі пайдалануды жүзеге асыратын органдар
212-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті есепке алу және сақтау қағидалары
213-бап. Мемлекеттік мүліктің құрамына жекелеген негіздер бойынша түскен мүлікті өткізу
214-бап. Тарихи, ғылыми, көркемдік немесе өзге де мәдени құндылығы бар мүлікке құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
215-бап. Ақшаға, бағалы металдарға, асыл тастарға және олардан жасалған бұйымдарға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
216-бап. Сыйлықтарға құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
217-бап. Сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін азық-түлiк шикізатына, тамақ өнімдеріне және өзге де мүлікке құқықтарды тоқтату ерекшеліктері
218-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған (түскен) тұрғын үйлерге құқықтарды жүзеге асыру ерекшеліктері
18-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
219-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
220-бап. Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар
Осы Заң мемлекеттік мүліктің құқықтық режимін, мемлекеттік мүлікті, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлікті және заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі акциялар мен қатысу үлестерін басқарудың құқықтық негіздерін, мемлекеттік мүлікке құқықтарға ие болудың және оларды тоқтатудың құқықтық негіздерін айқындайды және мемлекеттің мемлекеттік мүлікке меншік иесінің құқықтарын және өзге де құқықтарды иеленушінің тиімді жүзеге асыруын қамтамасыз етуге бағытталған.
1-бөлім. Мемлекеттік мүлік туралы негізгі ережелер
1-тарау. Мемлекеттік мүлікті басқару туралы жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аудандық коммуналдық заңды тұлғалар - аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған аудандық мемлекеттік кәсіпорындар мен аудандық мемлекеттік мекемелер;
2) аудандық коммуналдық мүлік - ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мүлкі, оның ішінде ауданның, облыстық маңызы бар қаланың бюджеті және аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-1) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкі (бұдан әрі - жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мүлкі) - аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мүлкі, оның ішінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің қаражаты, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітіп берілген және (немесе) бекітіп берілмеген мүлік;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 2-2) тармақшамен толықтырылды; 2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 2-2) тармақша жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-2) әлеуетті өнім беруші - сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 2-3) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
2-3) әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімімен құрылған, акцияларының бақылау топтамасы мемлекетке тиесілі, өңірдің экономикасын дамытуға жәрдемдесуді жүзеге асыратын, акционерлік қоғам нысанындағы өңірлік даму институты;
2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен 2-4) тармақшамен толықтырылды
2-4) байқау кеңесінің тәуелсіз мүшесі - осы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғасы болып табылмайтын және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай тұлға болмаған, осы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғаларына қатысты үлестес тұлға болып табылмайтын; осы шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның немесе осы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғаларының - ұйымдарының лауазымды адамдарына бағынышты болумен байланысты емес және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде сол тұлғаларға бағынышты болумен байланысты болмаған; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде осы мемлекеттік кәсіпорынның аудитіне қатыспайтын және өзі байқау кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған байқау кеңесінің мүшесі;
3) даму жоспары - акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталындағы қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам және жауапкершілігі шектеулі серіктестік, оның ішінде ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг және ұлттық компания қызметінің бесжылдық кезеңге арналған негізгі бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;
4) даму стратегиясы - ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның онжылдық кезеңге арналған миссиясын, пайымын, стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын және негіздейтін құжат;
5) есепке алу объектісі - мемлекеттік мүлік тізілімінде есепке алынатын мемлекеттік мүлік;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) жекешелендіру - мемлекеттік мүлікті мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатуды қоспағанда, мемлекеттің осы Заңда белгіленген арнайы рәсімдер шеңберінде мемлекеттік мүлікті жеке тұлғаларға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға сатуы;
2017.11.07. № 90-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалары - мүлкі аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;
7) коммуналдық заңды тұлғалар - мүлкі коммуналдық меншікте тұрған коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;
8) коммуналдық мүлік - әкімшілік-аумақтық бөліністердің мүлкі;
2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен 8-1) тармақшамен толықтырылды
8-1) корпоративтік басқару - мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметін басқаруды қамтамасыз ететін және меншік иесі (акционер), байқау кеңесі (директорлар кеңесі), атқарушы орган (басқарма), мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың өзге де органдары мен меншік иесінің (акционердің) мүддесі үшін мүдделі тұлғалар арасындағы қатынастарды қамтитын процестердің жиынтығы;
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) Қазақстан Республикасының стратегиялық объектiге ие болуының басым құқығы - стратегиялық объект тиесiлi жеке тұлғадан немесе мемлекеттiк емес заңды тұлғадан, осындай тұлға стратегиялық объектiнi иелiктен шығару жөнiнде мәмiле жасасуды ниет етiп отырған жағдайда, сондай-ақ стратегиялық объектiге өндiрiп алу қолданылған не оңалтуды немесе банкроттықты басқарушы мүліктік (тарату) массасының құрамында стратегиялық объектiнi иелiктен шығарған не кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi (стратегиялық объектiнi) соттың қарауынан тыс тәртiппен өткiзген не стратегиялық объектiге сот актiсiнiң негiзiнде өндiрiп алу қолданылған жағдайда, Қазақстан Республикасының стратегиялық объектiлердi нарықтық құны бойынша сатып алуға үшiншi тұлғалар алдындағы басым құқығы;
10) қазыналық кәсіпорын - мемлекет жедел басқару құқығында бөліп берген мүлкі бар коммерциялық ұйым;
11) мемлекет мұқтажы - мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық маңызы бар мақсаттарды көздейтін мемлекет мүддесін қанағаттандыру үшін жеке меншіктегі мүліктің мемлекеттік меншікке өту қажеттігінің болуы;
12) мемлекет меншігіне алу - Қазақстан Республикасының мемлекет меншігіне алу туралы заңының негізінде жүзеге асырылатын, жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі мүлікті Қазақстан Республикасы мүлкінің құрамына мәжбүрлеп өтеулі түрде иеліктен шығару;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакция (бұр.ред.қара)
13) мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - тиісті саланың уәкілетті органы) - мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқаруды жүзеге асыратын және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген шарттарда республикалық мүлікке қатысты құқықтарды иеленетін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған орталық атқарушы орган немесе орталық атқарушы органның ведомствосы. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық мүлікке қатысты құқықтарды өзге мемлекеттік органдарға берген жағдайларда, осы Заңның тиісті саланың уәкілетті органы туралы қағидалары осындай мемлекеттік органға қолданылады;
14) мемлекеттік заңды тұлғалар - мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер;
15) мемлекеттік мекеме -басқарушылық, әлеуметтік-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекет құрған және қаржыландырудың қосымша көздері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленбесе, тек қана бюджет немесе Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджеті (шығыстар сметасы) есебінен қамтылатын коммерциялық емес ұйым;
16) мемлекеттік мекемені немесе қазыналық кәсіпорынды жедел басқару құқығы (бұдан әрі - жедел басқару құқығы) - мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және өз қызметінің жарғылық мақсаттарына, уәкілетті мемлекеттік органдардың тапсырмаларына және мүліктің мақсатына сәйкес осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік мекеменің немесе қазыналық кәсіпорынның заттық құқығы;
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
16-1) мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру мәселелері жөніндегі комиссия - мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган осы Заңда көзделген жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу үшін құратын алқалы орган;
17) мемлекеттік мүлік - республикалық және коммуналдық мүлік;
18) мемлекеттік мүлікті басқару - мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мемлекеттік меншік құқығын және өзге де мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы;
19) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқығын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларында меншікті және стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
20) мемлекеттік мүлікті есепке алу - осы Заңның 15-тарауында көзделген қағидаларға сәйкес мемлекеттік мүлік тізілімін қалыптастыру үшін есепке алу объектілері туралы ақпаратты жинау мен қорытудың ретке келтірілген жүйесі;
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 21) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
21) мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша айқындалған, өзіне мемлекеттік мүлікті ұйымдастыру және есепке алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыру жөніндегі міндеттер, сондай-ақ мемлекеттiк мүлік жөніндегі уәкiлеттi орган бекiткен тiзбеге сәйкес мемлекеттiк мүлік жөніндегі уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшелерiнiң активтерін басқару мен пайдалану жөніндегі функциялар жүктелген, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлға;
2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.13.06. № 69-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 22) тармақша жаңа редакцияда
22) мемлекеттік мүлік тізілімі - Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті жəне мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;
23) мемлекеттің мүліктік құқықтары - мемлекеттің мыналарды:
мемлекеттік меншік құқығын;
мемлекеттің өзге де заттық құқықтарын (сервитутты, жалға алуды, мүлікті өтеусіз пайдалануды және басқаларын);
мемлекеттің міндетті құқықтарын (талап ету құқықтарын);
мемлекетке тиесілі зияткерлік меншік объектілеріне ерекше құқықтарды;
мұрагерлік құқықтарды;
мемлекеттің Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мүліктік құқықтарын қамтитын мүлікке құқықтары;
24) мүдделер қайшылығы - байқау кеңесі мүшесінің жеке мүдделілігі мен оның өз лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындауы немесе жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері арасындағы осы заңды мүдделерге зиян келтіре алатын қарама-қайшылық туындайтын кездегі жағдай;
25) мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару - жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу;
26) облыстық коммуналдық заңды тұлғалар - облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған облыстық мемлекеттік кәсіпорындар мен облыстық мемлекеттік мекемелер;
27) облыстық коммуналдық мүлік - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мүлкі, оның ішінде облыстық бюджет және облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мүлік, сондай-ақ аудандық коммуналдық мүлікті қоспағанда, облыстық коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік;
28) реквизициялау - дүлей зілзала, авариялар, эпидемия, эпизоотия жағдайында, соғыс жағдайындағы іс-қимыл кезеңінде немесе соғыс уақытында және төтенше сипаттағы өзге де мән-жайлар кезінде мүліктің құнын меншік иесіне төлей отырып, мүлікті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша меншік иесінен қоғам мүддесі үшін алып қою;
29) республикалық заңды тұлғалар - мүлкі республикалық меншікте тұрған республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен республикалық мемлекеттік мекемелер;
30) республикалық мүлік - коммуналдық мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасының мүлкі;
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 30-1), 30-2), 30-3), 30-4), 30-5), 30-6) тармақшалармен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
30-1) сатып алу - тапсырыс берушілердің осы Заңда белгіленген тәртіппен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ақылы негізде сатып алуы;
30-2) сатып алуды бақылау жөніндегі орталықтандырылған қызмет - акционері ұлттық басқарушы холдинг немесе ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны қоспағанда, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның Директорлар кеңесі құратын, ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдарда сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының сақталуына осы Заңда айқындалған тәртіппен ішкі бақылауды жүзеге асыратын қызмет;
30-3) сатып алуды жүзеге асыру қағидалары - ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру тәртібі;
30-4) сатып алу жөніндегі сараптама комиссиясы - сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сарапшыларды тарта отырып құратын алқалы орган;
30-5) сатып алу жөніндегі сарапшы - өткізілетін сатып алу саласында тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі мен біліктілігі бар, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық өзіндік ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытындыны дайындауға қатысу үшін сатып алуды ұйымдастырушы не тапсырыс беруші тартатын жеке тұлға;
30-6) сатып алу саласындағы уәкілетті орган - ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы саласында басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
31) стратегиялық объект - қазақстандық қоғамның орнықты дамуы үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы бар мүлік, оны иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оған билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер етеді;
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 31-1), 31-2), 31-3) тармақшалармен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
31-1) тапсырыс берушілер - ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдар;
31-2) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің анықтамалығы (бұдан әрі - анықтамалық) - сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, сатып алуды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер кодтарының жүйеленген тізбесі;
31-3) тендерлік комиссия (аукциондық комиссия) - сатып алуды ұйымдастырушы тендер (аукцион) тәсілімен сатып алуды өткізу рәсімін орындау үшін құратын алқалы орган;
32) ұлттық басқарушы холдинг - ұлттық даму институттарының, ұлттық компаниялардың және басқа да заңды тұлғалардың акцияларын (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 32-1) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
32-1) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуын ұйымдастырушы (бұдан әрі - сатып алуды ұйымдастырушы) - сатып алуды ұйымдастыру мен өткізу рәсімдерін орындауға жауапты болып айқындалған тапсырыс берушінің лауазымды адамы не құрылымдық бөлімшесі немесе заңды тұлға;
33) ұлттық даму институттары - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен акционерлік қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметiнiң басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму және кәсiпкерлiктi қолдау саласындағы жобаларды iске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтiк, инновациялық, сервистiк ұйымдар;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 34) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
34) ұлттық компания - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған, акцияларының бақылау пакеті мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық холдингке тиесілі және ұлттық экономиканың негізін құрайтын салаларда қызметті жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
35) ұлттық холдинг - егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, ұлттық компаниялардың және өзге де акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін тиімді басқару үшін құрылған, құрылтайшысы және жалғыз акционері Қазақстан Республикасының Үкіметі арқылы Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам;
36) шаруашылық жүргізу құқығы - мемлекеттен меншік иесі ретінде мүлік алған және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шекте осы мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы;
37) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын - мемлекет шаруашылық жүргізу құқығында бөліп берген мүлкі бар және өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлкімен жауап беретін коммерциялық ұйым;
2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен 37-1) тармақшамен толықтырылды
37-1) шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорынның үлестес тұлғалары - тікелей және (немесе) жанама түрде шешім қабылдауға және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың біреуінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасалған мәмілеге байланысты шешімдерге ықпал етуге мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда);
2018.26.12. № 202-VІ ҚР Заңымен 38) тармақшамен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
38) электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінің операторы - сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған заңды тұлға.
2-бап. Мемлекеттік мүліктің түрлері
1. Мемлекеттік мүлік республикалық және коммуналдық мүлік болып бөлінеді.
2. Республикалық мүліктің құрамына:
1) мемлекеттік қазынаның мүлкі:
республикалық бюджеттің қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік;
2) республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік кіреді.