дара кәсіпкер;
заңды тұлға;
заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі;
лицензиат;
екінші санаттағы рұқсатты иеленуші.
2. Өтініш берушілердің:
1) рұқсаттар және хабарламалар туралы толық және анық ақпарат алуға;
101-баптың 2-тармағының 2) тармақшасының қолданылуы 2016 ж. 1 наурызға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 6-тармағында қолданылады
2) рұқсат беру органдарының және хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және (немесе) олардың лауазымды адамдарының, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының және (немесе) олардың жұмыскерлерінің лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін немесе хабарламалар қабылдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
3) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының ережелерін ескере отырып, рұқсатты және (немесе) оған қосымшаны алу немесе хабарлама жіберу үшін өтініштің электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға, сондай-ақ берілетін рұқсаттың және (немесе) оған қосымшаның электрондық немесе қағаз нысанын таңдауға құқығы бар.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, қандастар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең дәрежеде рұқсаттар алады және хабарламалар жібереді.
111-бап. Рұқсат беру органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілеттік берілген лиензиарлар мен органдар рұқсат беру органдары болып табылады.
2. Рұқсат беру органдарының өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдарға лицензиялауды немесе рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратқа, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы сұрау салумен жүгінуге құқығы бар.
3. Рұқсат беру органдары:
1) осы Кодекске және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыруға;
2) мүмкіндігі шектеулі адамдардың рұқсаттар алуы кезінде олар үшін қажетті жағдайлар жасауға;
3) лицензиялау, рұқсат беру рәсімдері, бұл үшін талап етілетін құжаттар тізбесі және осындай құжаттарды алу және ресімдеу тәртібі туралы толық және анық ақпаратты қолжетімді нысанда беруге;
111-баптың 3-тармағының 4) тармақшасының қолданылуы 2016 ж. 1 наурызға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақша осы Кодекстің 324-бабының 7-тармағында қолданылады
4) мемлекеттік органдарға және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына лицензиялауды және рұқсат беру рәсімдерін, оның ішінде ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды және (немесе) ақпаратты беруге;
5) өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге бағытталған шаралар қолдануға;
6) рұқсаттар беру үшін қажетті мәліметтерді қамтитын ақпараттық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін және толықтырылып отыруын өз құзыреті шегінде қамтамасыз етуге;
7) Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, өтініш берушілердің, лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілердің рұқсаттар беру кезінде ақпараттық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, қолжетімділігі шектеулі дербес деректерді пайдалануға жазбаша келісімін алуға, оның ішінде электрондық құжат нысанында алуға міндетті.
112-бап. Лицензиялауды, рұқсат беру рәсімдерін және хабарламаларды электрондық нысанда жүзеге асыру
1. Лицензиялау және хабарламалар жіберу рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
Рұқсат беру рәсімдері рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі және рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі пайдаланыла отырып, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, электрондық нысанда жүзеге асырылады.
2. Өтініш беру, рұқсаттар және (немесе) рұқсатқа қосымшалар беру тәртібі «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
3. Рұқсат беру органдары рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін тұрақты негізде жүргізеді.
Хабарламалар бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, хабарламалар қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жүргізеді.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды (2018 ж. 29 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді)
9-1-тарау. Ақпараттық құралдар
112-1-бап. Ақпараттық құралдар
1. Ақпараттық құралдар деп мемлекеттік органдарға немесе өзге де тұлғаларға нормативтік құқықтық актілерде белгіленген, бір мезгілде төмендегі барлық өлшемшарттарға сәйкес келетін ақпаратты беру талаптары түсініледі:
1) ақпарат беру міндетті болып табылады және оны бермеу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді;
2) ақпаратты жеке кәсіпкерлік субъектілері береді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен (2020 ж. 16 желтоқсаннан, 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы тараудың ережелері салық, кеден, қаржы саясаты, статистикалық қызмет саласында бар, сондай-ақ бір реттеу субъектісіне қолданылатын ақпараттық құралдарға қолданылмайды.
Осы тараудың мақсаттары үшін қаржылық саясат деп қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлері филиалдарының, қаржы ұйымдары болып табылмайтын сақтандыру нарығына қатысушылардың, коллекторлық агенттіктердің, қаржы ұйымдарына ірі қатысушылардың, эмиссиялық бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, сақтандыру топтарының және банк конгломераттарының құрамына кіретін тұлғалардың, төлем қызметтерін көрсететін нарық субъектілерінің қызметімен, валюталық құқық қатынастарын реттеумен, қаржылық қызметтер көрсетумен, сондай-ақ қаржы құралдарын шығарумен, олардың айналысымен, өтеумен және күшін жоюмен байланысты қатынастар жиынтығы түсініледі.
112-2-бап. Ақпараттық құралдардың түрлері
Ақпараттық құралдардың мынадай түрлері болады:
1) мемлекеттік органдарға тұрақты негізде ұсынылатын мерзімді есептілік;
2) мемлекеттік органдардың мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруы кезінде ғана берілетін ақпаратты қоспағанда, мемлекеттік органның бастамасы бойынша ақпаратты біржолғы беру;
3) рұқсат беру рәсімдерінің немесе өзге де бастамашылық өтініштердің шеңберінде жеке кәсіпкерлік субъектісінің бастамасы бойынша берілетін ақпаратты қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға ақпаратты біржолғы беру;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тікелей көзделген жағдайларда, үшінші тұлғаларға берілетін ақпарат.
112-3-бап. Ақпараттық құралдарды енгізу ерекшеліктері
1. Ақпараттық құралдар нормативтік құқықтық актілерде тікелей көзделген жағдайларда ғана енгізіледі.
2. Ақпараттық құралдарды енгізуді көздейтін нормативтік-құқықтық актілер қолданысқа енгізілгеннен кейін реттеуші мемлекеттік орган ақпараттық құралдардың тізбесіне толықтырулар енгізуге бастамашылық жасауға тиіс.
10-тарау. ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 113-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
113-бап. Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу
Техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеу осы Кодекске және Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес өнімге, оның ішінде ғимараттар мен құрылысжайларға, өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестеріне қойылатын міндетті талаптарды белгілеуді және орындауды, өнімге, процестерге және қызметтер көрсетуге, сәйкестікті бағалауға және мемлекеттік бақылау мен қадағалауға қойылатын талаптарды ерікті негізде қолдануды білдіреді.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 114-бап жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
114-бап. Техникалық реттеу объектілері
Техникалық реттеу объектілері мыналар болып табылады:
азаматтық авиация өнімін, мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын немесе заңға сәйкес қорғалатын қолжетімділігі шектеулі өзге де ақпаратқа жататын мәліметтерді қорғау мақсатында пайдаланылатын өнімді, мәліметтері мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын өнімді, атом энергиясын пайдалану саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты талаптар белгіленетін өнімді, бұрын пайдалануда болған өнімді, ветеринариялық препараттарды, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды (медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы) қоспағанда, өнім;
өнімге қойылатын талаптарға байланысты жобалау (іздестіруді қоса алғанда), өндіру, салу, монтаждау, баптау, пайдалану, сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату процестері;
ветеринария, өсімдіктерді қорғау және олардың карантині саласындағы көрсетілетін қызметтерді, мемлекеттік, медициналық, білім беру, қаржылық, банктік және реттелуі Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде белгіленген басқа да көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, ерікті сертификаттау бөлігіндегі көрсетілетін қызметтер.
2020.30.12. № 397-VI ҚР Заңымен 115-бап өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
115-бап. Техникалық реттеу субъектілері
Мемлекеттік органдар, сондай-ақ мемлекеттік техникалық реттеу жүйесінің құрылымына кіретін жеке және заңды тұлғалар және техникалық реттеу объектілеріне қатысты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес пайдалану құқығын иеленетін жеке және заңды тұлғалар техникалық реттеу субъектілері болып табылады.
11-тарау. БАҒАЛАР МЕН ТАРИФТЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
116-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің бағалары мен тарифтерін мемлекеттік реттеу
1. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалар мен тарифтерді кәсіпкерлік субъектілері дербес айқындайды.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасында ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында бағалар мен тарифтерді реттеуді белгілейді.
3. Мемлекет кәсіпкерлік субъектілерінің мынадай тауарларына, жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне:
1) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына;
2) табиғи монополия саласындағы тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
3) мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) мемлекеттік бағалық реттеу енгізілген тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге);
5) трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын, халықаралық іскерлік операциялардағы және халықаралық іскерлік операцияларға байланысты мәмілелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге;
6) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге;
2018.28.12. № 211-VІ ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 9 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)
6-1) дәрілік заттарға арналған шекті бағаларды бекітуге;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7) арақтарға және айрықша арақтарға, күштілігі жоғары ликер-арақ бұйымдарына ең төмен бағаларды белгілеуге;
2017.25.12. № 122-VI ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8) фильтрлі, фильтрсіз сигареттерге және папиростарға ең төмен бөлшек сауда бағаларын белгілеуге;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) туындаған проблемаларды бәсекелестік жай-күйі үшін теріс салдары аз тәсілмен шешу мүмкін болмаған жағдайда, табиғи монополия жағдайындағы емес тауар нарықтарында белгілі бір жағдайларда, оның ішінде төтенше жағдайлар, дүлей зілзалалар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды; 2018.04.07. № 173-VI ҚР Заңымен 10) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10) Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспары шеңберінде электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын бекітуге;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 11) тармақшамен толықтырылды; 2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 11) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11) мемлекеттің артықшылықты құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың шекті бағасын бекітуге;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 12) тармақшамен толықтырылды; 2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен 12) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
12) энергия өндіруші ұйымдардың тарифтерін бекітуге;
2016.09.04. № 499-V ҚР Заңымен 13) тармақшамен толықтырылды; 2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
13) субсидияланатын көрсетілетін қызметтерге;
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 14) тармақшамен толықтырылды
14) қоғамдық маңызы бар нарықтарда бағалар мен тарифтерді реттейді.
117-бап. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекітеді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәндерін, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етiлетін шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін жергілікті атқарушы органдар бекітеді.
Бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу, инфляцияны рұқсат етiлген шектерде ұстау және елде макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгiленетiн, бөлшек сауда бағаларының рұқсат етiлген деңгейi сауда қызметiнiң субъектiсi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларын осы деңгейге дейін айқындауға құқылы әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi болып табылады.
Әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, жергілікті атқарушы органдар белгiлейтiн бөлшек сауда бағаларының деңгейi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағалары деп танылады.
2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын беруге шарттар жасасу кезінде шекті сауда үстемесінің мөлшері міндетті түрде белгіленуге тиіс. Осы талапты бұза отырып жасалған мәміле жарамсыз болады.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерi артқан жағдайда, жергілікті атқарушы орган сауда қызметі субъектілерімен консультациялар өткізгеннен кейін күнтiзбелiк тоқсан күннен аспайтын мерзiмге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында оларға рұқсат етiлген шектi бөлшек сауда бағаларының мөлшерiн белгiлеуге құқылы.
2019.03.04. № 243-VI ҚР Заңымен 118-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
118-бап. Табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру
1. Табиғи монополия субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне тарифтерді қалыптастыру Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің белгілі бір түрін өндіру мен ұсынудың технологиялық ерекшеліктеріне байланысты тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің осы түріне сұранысты қанағаттандыру үшін бәсекелестік жағдайлар жасау мүмкін болмайтын немесе экономикалық жағынан тиімсіз болатын тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер нарығының жай-күйі табиғи монополия болып табылады.
119-баптың қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл бап осы Кодекстің 324-бабының 9-тармағында қолданылады
119-бап. Мемлекеттік баға реттеу
Уақытша шара ретінде Қазақстан Республикасының аумағында белгілі бір мерзімге жекелеген тауар нарықтарында және (немесе) жекелеген нарық субъектілерінің тауарларына (жұмыстарына, көрсетілетін қызметтеріне) монополияға қарсы орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік баға реттеу енгізілуі мүмкін.
Осы бапта көзделген мемлекеттік баға реттеуді қолданудың жалпы мерзімі бір жыл ішінде күнтізбелік бір жүз сексен күннен аспайды.
120-бап. Мемлекеттік монополия субъектілері өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттiк монополия субъектiсi өндiретiн және өткiзетiн тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгiлеу қағидаларын монополияға қарсы орган бекiтедi.
Уәкілетті мемлекеттік органдар мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларына сәйкес мемлекеттік монополия субъектілерінің өтінімдерін қарау кезінде жария тыңдаулар өткізеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағаларына сараптаманы мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және өткізетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға белгілеу қағидаларына сәйкес жүргізеді.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-2-тармақпен толықтырылды
1-2. Мемлекеттік монополия субъектілері бағаларға сараптама жүргізу үшін жазбаша нысанда мыналарды:
1) тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мемлекеттік монополия енгізілген күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей баға деңгейін растайтын негіздеуші материалдарды қоса бере отырып, босату бағалары туралы ақпаратты;
2) өзгеру (көтерілу және (немесе) төмендеу) себептерін растайтын негіздеуші материалдарды бере отырып, кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағалардың алдағы өзгеруі (көтерілуі және (немесе) төмендеуі) және олардың өзгеру (көтерілу және (немесе) төмендеу) себептері туралы хабарламаны ұсынуға міндетті.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-3-тармақпен толықтырылды
1-3. Сараптама жүргізу мерзімі хабарлама немесе ақпарат қарауға келіп түскен кезден бастап күнтізбелік тоқсан күннен аспайды. Сараптама жүргізудің жалпы мерзімі күнтізбелік бір жүз жиырма күннен аспауға тиіс.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-4-тармақпен толықтырылды
1-4. Монополияға қарсы орган хабарламаны немесе ақпаратты қарау барысында осы Кодексте белгіленген мерзімдерде мемлекеттік монополия субъектісінен шешім қабылдау үшін қажетті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды сұратуға құқылы.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-5-тармақпен толықтырылды
1-5. Қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсыну кезеңінде мемлекеттік монополия субъектісі тиісті қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынғанға дейін қарау мерзімі тоқтатыла тұрады.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-6-тармақпен толықтырылды
1-6. Монополияға қарсы орган мемлекеттік монополия субъектісі қосымша мәліметтерді және (немесе) құжаттарды ұсынғаннан кейін хабарламаны немесе ақпаратты қарауды қайта бастайды.
2017.28.12. 128-VI ҚР Заңымен 1-7-тармақпен толықтырылды
1-7. Сараптама жүргізу мерзімін есептеу ол қайта басталған күннен бастап жалғасады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді
2. Осы Кодексте көзделген тәртiппен енгiзiлетiн, бәсекелестiк нарықта мемлекеттiң қандай да бiр тауарды өндiруге, өткiзуге немесе сатып алуға арналған айрықша құқығы мемлекеттік монополия болып табылады.
Айрықша құқықты iске асыру мемлекеттiк монополия субъектiсiн құру арқылы жүзеге асырылады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын, мемлекеттік техникалық қызметті қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкiметi не Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары құрған мемлекеттiк кәсiпорын ғана мемлекеттiк монополия субъектiсi бола алады.
2016.28.12. № 34-VI ҚР Заңымен 120-1-баппен толықтырылды
120-1-бап. Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу
Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу табиғи монополиялар салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган бекітетін қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
121-бап. Халықаралық іскерлiк операциялардағы және халықаралық iскерлiк операцияларға байланысты мәмiлелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу
1. Қазақстан Республикасында трансферттік баға белгілеу кезінде туындайтын халықаралық іскерлiк операциялардағы және халықаралық iскерлiк операцияларға байланысты мәмiлелердегі тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаларды реттеу «Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өзара байланысты тараптар арасында қалыптасатын және (немесе) тәуелсiз тараптар арасында мәмiлелер жасасу кезiнде бағалар ауқымы ескерiле отырып, объективтi түрде қалыптасатын нарықтық бағадан ерекшеленетін және «Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бақылауға жататын баға трансферттiк баға (трансферттiк баға белгiлеу) болып табылады.
3. Тауарларды сатып алу-сату жөнiндегi экспорттық және (немесе) импорттық мәмiлелер; тараптарының бiрi Қазақстан Республикасында қызметiн тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын резидент емес болып табылатын, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнiндегi мәмiлелер; Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң Қазақстан Республикасы аумағының шегiнен тыс жерде тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету жөнiнде жасаған мәмiлелерi халықаралық iскерлiк операциялар болып табылады.
122-бап. Бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге баға белгілеу
1. Мемлекет Қазақстан Республикасының мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттiк реттеу туралы заңнамасына сәйкес мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге бағаларды реттейді.
119-баптың 2-тармағының қолданылуы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұрған кезеңде бұл тармақ осы Кодекстің 324-бабының 10-тармағында қолданылады
2. Мұнай өнiмдерiн өндiру саласындағы уәкiлеттi орган табиғи монополиялар салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекiткен тәртiппен бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткізуге шектi бағаларды белгiлейдi.
3. Мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзушiлер мұнай өнiмдерiн өткiзу кезiнде бағаларды мемлекеттiк реттеу белгiленген мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге белгiленген шектi бағалардан асырмауға мiндеттi.
4. Мұнай өнiмдерiн бөлшек сауда арқылы өткiзуге бағаларды мемлекеттiк реттеу жағдайларында шектi бағалар айына бiр реттен артық белгiленбейдi.
2018.28.12. № 211-VІ ҚР Заңымен 122-1-баппен толықтырылды (2019 ж. 9 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді)