2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды сенімгерлік басқарушы туралы мәліметтер бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ашқан сенімгерлік басқару құрылтайшысының (мүлік меншік иесінің немесе мүлікті сенімгерлік басқаруға беруге уәкілеттік берілген құзыретті органның) шоты бойынша көрсетілуге жатады.
3. Егер мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде өзгеше көзделмесе, сенімдер басқарушы өзiне сенiп тапсырылған акцияларды (акцияны) басқару кезiнде:
1) акционерлік қоғамды басқаруға қатысады;
2) акцияларға тиесілі дивидендтер алады және оларды пайда алушыға бередi;
3) акционерлік қоғам таратылған жағдайда акцияға тиесiлi мүлiктi алады және оны шартқа сәйкес пайда алушыға немесе құрылтайшыға бередi;
4) акцияларды иелiктен айыруды және кепiлдiктi қоса алғанда, олармен өзге де операцияларды жүзеге асырады.
2022.12.07. № 138-VІІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Сенімгерлік басқаруға берілген акцияларға және өзге де бағалы қағаздарға меншік құқығының ауысуы, егер акцияларды және өзге де бағалы қағаздарды сенімгерлік басқару шартында және (немесе) иеліктен шығару шартында өзгеше көзделмесе, осы бағалы қағаздарды сенімгерлік басқаруды тоқтатады.
Акциялар мен бағалы қағаздарға меншік құқығы ауысқан жағдайда, акцияларды және өзге де бағалы қағаздарды сенімгерлік басқару құрылтайшысына қатысты белгіленген осы тараудың талаптары сенімгерлік басқарудағы акциялардың және өзге де бағалы қағаздардың жаңа меншік иесіне қолданылады.
4. Бағалы қағаздарды сенімгерлiкпен басқарудың ерекшелiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
ҚР 07.07.04 ж. № 577-II Заңымен 893-бап жаңа редакцияда (бұр.ред. қара); 2018.04.07. № 174-VI ҚР Заңымен 893-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
893-бап. Инвестициялық қорлардың активтерiн сенімгерлiкпен басқару
Инвестициялық қорлардың активтерiн сенімгерлiкпен басқару ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының инвестициялық және венчурлік қорлар туралы заң актiсiмен белгiленген шарттарда және тәртiппен жүзеге асырылады.
894-бап. Кәсіпорынды мүлiктiк кешен ретiнде сенімгерлiкпен басқару
Кәсіпорынды мүліктік кешен ретінде сенімгерлікпен басқару, егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мүлiктi сенімгерлiкпен басқаруды құру туралы актiде көзделген шарттар мен тәртiпте жүзеге асырылады.
895-бап. Мемлекеттік қызметшiнiң мүлкін сенімгерлiкпен басқару
Мемлекеттік қызметшiнiң кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланылатын мүлкi заң актілерінде көзделген жағдайлар мен тәртiп бойынша сенімгерлiкпен басқаруға берiлуге тиiс.
45-тарау. Кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг)
896-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының ұғымы
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша бiр тарап (кешендi лицензиар) екiншi тарапқа (кешендi лицензиатқа) сыйақыға айрықша құқықтар кешенiн (лицензиялық кешен), соның iшiнде лицензиардың фирмалық атауын және қорғалатын коммерциялық ақпаратты пайдалану құқығын, сондай-ақ лицензиаттың кәсiпкерлiк қызметiнде пайдалану үшiн шартта көзделген айрықша құқықтардың басқа да объектiлерiн (тауар белгiсiн, қызмет көрсету белгiсiн, патент және т.б.) беруге мiндеттенедi.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты белгiлi бір көлемде лицензиялық кешендi, лицензиардың iскерлiк беделi мен коммерциялық тәжiрибесiн (атап айтқанда, пайдаланудың мейлiнше аз және (немесе) мейлiнше кең көлемiн белгiлей отырып), белгiлi бiр қызмет аясына (лицензиардан алынған немесе пайдаланушы өндiрген тауарларды сату, өзге де коммерциялық қызметтердi жүзеге асыру, жұмыстар орындау, қызметтер көрсету) қолданатын аумақты көрсетiп немесе көрсетпей пайдалануды көздейдi.
3. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартын кәсiпкерлiк қызметтiң жекелеген салаларында қолдану жөніндегі шектеу заң актілерімен белгiленедi.
897-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының нысаны
Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты жазбаша нысанда жасалуы тиiс.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 897-1-баппен толықтырылды; 2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 897-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
897-1-бап. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша зияткерлік меншік объектісін пайдалануға құқықты табыстауды тіркеу
Кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген немесе халықаралық шарттарға орай тіркеусіз қорғалатын өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді, селекциялық жетістіктерді, интегралдық микросхемалар топологияларын, тауар белгілерін (қызмет көрсету белгілерін) пайдалануға құқықты табыстау сараптама ұйымында тіркелуге жатады.
898-бап. Лицензиардың мiндеттерi
Лицензиар шартта көзделген мерзiмдер мен көлемде лицензиатқа техникалық және коммерциялық құжаттаманы беруге және лицензиатқа шарт бойынша берiлген құқықтарды iске асыру үшiн оған қажеттi өзге де ақпаратты ұсынуға, сондай-ақ лицензиатты мұндай құқықтарды жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша оқытуға және оған консультация беруге мiндеттi.
Шартта лицензиардың басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
899-бап. Лицензиаттың мiндеттерi
Егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат:
1) шартта көзделген қызметтi iске асыру кезiнде шартта көрсетiлген лицензиардың лицензиялық кешенiн шартта көрсетiлген түрде пайдалануға;
2) лицензиарды өзiнiң өндiрiстiк аумағына жiберуге, оған қажеттi құжаттаманы беруге және оған берiлген айрықша құқықтардың дұрыс пайдаланылуына бақылау жасауды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты алуға көмек көрсетуге;
3) лицензиардың пайдалануға берiлген айрықша құқықтардың сипатына, пайдалану әдiсi мен шарттарына қатысты барлық нұсқаулықтары мен нұсқауларын сақтауға;
4) лицензиардың өндiрiс құпиясын және одан алынған коммерциялық жасырын ақпаратты жария етпеуге;
5) сатып алушыларды (тапсырыс берушiлердi) олар үшiн мейлiнше айқын әдiспен фирмалық атауын, тауар белгiсiн, қызмет белгiсiн немесе даралаудың өзгедей құралын кешенді кәсіпкерлік лицензиясы шарты негiзiнде пайдаланатындығы туралы хабардар етуге мiндеттi.
900-бап. Шектеу шарттары
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында шектеу (эксклюзивтiк) талаптары, атап айтқанда:
1) лицензиардың лицензиатқа бекітілген аумақта қолдану үшiн басқа ұқсас кешендi кәсiпкерлiк лицензияларды бермеуi не осы аумақта тiкелей дербес қызметтi жүргiзуден тартыну мiндеттемесi;
2) лицензиаттың кешендi кәсiпкерлiк лицензияны пайдалану аумағында лицензиат лицензиарға тиесiлi айрықша құқықтарды пайдалана отырып жүзеге асыратын кәсiпкерлiк қызметке қатысты лицензиармен бәсекеге түспеу мiндеттемесi;
3) лицензиардың бәсекелестерiнен (әлеуеттi бәсекелестерiнен) басқа да кешенді кәсiпкерлiк лицензияларды алудан лицензиаттың бас тартуы;
4) шарт бойынша берiлген айрықша құқықтарды жүзеге асыру кезiнде пайдаланылатын үй-жайдың орналасқан жерiн, сондай-ақ оның сырты мен iшiн безендiрудi лицензиаттың лицензиармен келiсу мiндеттемесi көзделуi мүмкiн.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының шектеу талаптары мынадай жағдайда:
1) лицензиардың лицензиат сататын тауардың бағасын немесе лицензиат орындайтын (көрсететiн) жұмыстардың (қызметтердiң) бағасын анықтауға, не аталған бағаның жоғарғы немесе төменгi шегiн белгiлеуге құқығы болғанда;
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лицензиаттың белгiлi бiр санаттағы сатып алушыларға (тапсырыс берушiлерге) ғана не шартта белгiленген аумақта ғана орналасқан жерi (тұратын орны) бар ерекше сатып алушыларға (тапсырыс берушiлерге) тауарлар сатуға, жұмыстар орындауға немесе қызметтер көрсетуге құқығы болғанда маңызсыз болып табылады.
901-бап. Лицензиардың лицензиатқа қойылатын талаптар бойынша жауапкершiлiгi
Лицензиар кешендi кәсiпкерлiк лицензиялар шарты бойынша сататын (орындайтын, көрсететiн) тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) сапасының сәйкессіздігіне байланысты лицензиатқа қойылған талаптар бойынша субсидиарлы жауапты болады.
902-бап. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия
1. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында лицензиатқа берiлген барлық немесе жекелеген айрықша құқықтарды басқа тұлғаларға пайдалануға рұқсат ету құқығы лицензиармен келісілген немесе шартта белгiленген жағдайларда көзделуі мүмкiн.
2. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде пайдалану аумағы көрсетіліп немесе көрсетiлмей, лицензиаттың белгiлi бiр мөлшерде қосалқы лицензия беру мiндетi қамтылуы мүмкiн.
3. Егер кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шартының ерекшелiктерiнен өзгеше туындамаса, кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шарттарына лицензиардың лицензиатпен негiзгi шартының ережелерi қолданылады.
903-бап. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензияның лицензиардың лицензиатпен негiзгi шартына тәуелдiлiгi
1. Кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шартын, лицензиардың лицензиатпен негiзгi шартынан неғұрлым ұзақ мерзiмге жасауға болмайды.
2. Кешенді кәсіпкерлік лицензия шартының тоқтатылуы осыған сәйкес жасалған барлық кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шартын тоқтатады.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер заңнамалық актiлерде көзделген негiздер бойынша лицензиардың лицензиатпен негiзгi шарты жарамсыз деп танылса, онда соған сәйкес жасалған кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шарттары маңызсыз деп саналады.
904-бап. Лицензиар, лицензиат және қосалқы лицензиат қатынастарының ерекшелiктерi
1. Егер кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында өзгеше көзделмесе, ол мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде, кешендi кәсiпкерлiк қосалқы лицензия шарты бойынша лицензиаттың құқықтары мен мiндеттерi лицензиарға ауысады.
2. Егер кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартында өзгеше көзделмесе қосалқы лицензиаттардың iс-әрекетiмен лицензиарға келтiрiлген зиян үшiн лицензиат субсидиарлық жауапты болады.
905-бап. Фирмалық атау өзгерген кезде шарттың күшін сақтауы
Лицензиар өзiнiң фирмалық атауын өзгерткен жағдайда кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты сақталады, егер лицензиат шартты бұзуды және залалды өтеудi талап етпесе, лицензиардың жаңа фирмалық атауына қатысты қолданыла бередi. Шарттың қолданылуы сақталған жағдайда лицензиат лицензиарға тиесiлi сыйақыны мөлшерiне қарай азайтуды талап етуге құқылы.
906-бап. Пайдалануға берiлген бiр немесе бiрнеше айрықша құқықтардың өзгеруi кезiнде шарт күшiнiң сақталуы
Пайдалануға берiлген бiр немесе бiрнеше айрықша құқықтарды лицензиар өзгерткен жағдайда, егер лицензиат шартты бұзуды және залалдарды өтеудi талап етпесе, кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты сақталады және лицензиардың жаңа айрықша құқықтарына қатысты қолданылады. Лицензиат шарттың күшi сақталған жағдайда лицензиарға тиесiлi сыйақы мөлшерiне қарай азайтуды талап етуге құқылы.
907-бап. Пайдалануға берiлген айрықша құқықтың тоқтатылу салдары
Егер кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының қолданылу мерзiмiнде шарт бойынша пайдалануға берiлген кешенге кiретiн қандай да болсын айрықша құқықтардың қолданылу мерзiмi өтсе не мұндай құқық өзгеше негiз бойынша тоқтатылса, тоқтатылған құқыққа қатысты ережелердi қоспағанда, шарт сақталады, ал егер шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат лицензиарға тиiстi сыйақыны мөлшерiне қарай азайтуды талап етуге құқылы.
908-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартының тоқтатылуы
1. Мерзiмi көрсетіліп жасалған кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес бұзылуы мүмкiн.
2. Шартта тараптар мерзiмсiз кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартынан, егер шартта хабарлаудың неғұрлым ұзақ мерзiмi көзделмесе, ол туралы басқа тарапты алты ай бұрын хабардар ете отырып, бас тартуға құқылы.
909-бап. Кешендi кәсiпкерлiк лицензия шартындағы құқықтық мирасқорлық
1. Лицензия кешенiне кiретiн қандай да болсын жекелеген айрықша құқықтың басқа тұлғаға ауысуы шартты өзгертуге немесе бұзуға негiз болып табылмайды. Жаңа құқық иеленушi басқаға ауысқан айрықша құқыққа қатысты құқықтар мен міндеттер бөлiгiнде шартқа кiредi.
2. Лицензиар-азамат қайтыс болған жағдайда кешендi кәсiпкерлiк лицензия шарты бойынша оның құқықтары мен мiндеттерi соңғысы тiркелген немесе мұрагерлiк ашылған күннен бастап алты айдың iшiнде кәсiпкер ретiнде тiркелетiн жағдайда мұрагерге ауысады. Өзге жағдайда шарт тоқтатылады.
Мұрагер тиiстi құқықтар мен мiндеттердi қабылдағанға дейiнгi немесе мұрагердi кәсiпкер ретiнде тiркегенге дейiнгi кезеңде лицензия кешенiн басқаруды белгiлi тәртiппен нотариус тағайындаған сенімгер басқарушы жүзеге асырады.
46-тарау. Конкурстық міндеттемелер
ҚР 21.05.02 ж. № 323-II Заңына сәйкес 910-бап өзгертілді
910-бап. Конкурстық мiндеттеменiң мазмұны
1. Осы тарау сыйақы беруге көпшiлiк алдында уәде беруден туындайтын конкурстық мiндеттемелердi және тендер, аукцион әрі саудаластықтың Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленген өзге де нысандары негізінде туындайтын мiндеттемелердi реттейдi.
Конкурстық мiндеттемелер Қазақстан Республикасының өзге заң актілерімен де регламенттелуi мүмкiн.
2. Конкурстық мiндеттемеде оның бастамашысы конкурстың өзi айқындаған нысанасы мен бастапқы шарттарының негiзiнде тұлғалардың белгiсiз немесе белгiлi бiр адамдар тобына оған қатысуға ұсыныс жасайды және конкурстың жеңiмпазына белгiленген сыйақы төлеуге және (немесе) онымен конкурстық мiндеттемелердiң мазмұнына сәйкес шарт жасасуға мiндеттенедi.
3. Конкурсқа қатысуға ұсынысты конкурстың бастамашысы тiкелей немесе конкурстың делдал-ұйымдастырушысы арқылы жасауы мүмкiн.
Делдалдың құқықтары мен мiндеттерi оның конкурстың бастамашысымен жасасқан шартымен айқындалады.
4. Конкурс бастамашысының конкурсқа қатысуға шақырған ұсынысы баспасөзде және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарында барлық тiлек бiлдiрушiлерге хабарлау жолымен жолданғанда - ашық немесе конкурсқа қатысуға шақырған ұсыныс конкурс бастамашысының таңдауы бойынша тұлғалардың белгiлi бiр тобына жолданғанда - жабық болуы мүмкiн.
5. Конкурстың бастамашысы конкурсқа қатысуға тiлек бiлдiрушi тұлғаларға алдын ала iрiктеу жүргiзгенде ашық конкурс оған қатысушылардың біліктілігiмен байланыстырылуы мүмкiн.
911-бап. Сыйақыға жария уәде беру
1. Жұмысты жақсы орындағаны немесе өзге де нәтижелерге жеткенi үшiн ақшалай немесе өзгеше нысанда сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған кез келген тұлға конкурс шарттарына сәйкес оның жеңiмпазы болып танылған кез келген тұлғаның алдында өз мiндеттемесiн орындауы тиiс.
2. Сыйақыға жария уәде беру тапсырманың мәнiн, нәтижелердi ұсынудың өлшемдерi мен тәртібін, сыйақының мөлшерi мен нысанын, сондай-ақ нәтижелердi жариялаудың тәртібі мен мерзiмдерiн көздейтiн шарттарды мiндеттi түрде қамтуға тиiс.
3. Сыйақы төлеу туралы шешiм мен оны төлеудiң өзi уәдеде белгiленген мерзiмдерде қабылдануға және iске асырылуға тиiс.
4. Егер конкурс ғылым, әдебиет немесе өнер туындысын жасауға арналып хабарланса, сыйақыға жария уәде беруде өзгеше белгiленбесе, жария уәде берген тұлға туындыны жасаушымен оған қаламақы төлей отырып, оны пайдалануға шарт жасасуға басым құқық алады.
5. Сыйақы туралы жария уәде берген тұлға, егер конкурс шарттарында өзгеше көзделмесе, сыйақы тағайындалмаған жұмыстарды олардың жасаушыларына қайтарып беруге міндетті.
912-бап. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою
1. Сыйақы төлеу туралы жария хабарлаған тұлға, бас тартуға жол берiлмейтiндiгi хабарландырудың өзiнде көзделген немесе содан туындайтын немесе сыйақыға уәде берiлген iс-әрекеттердi жасау үшiн белгiлi бiр мерзiм берiлген немесе бас тарту туралы хабарланған кезде соған үн қосқан адамдардың ең болмағанда бiреуі мiндеттемеде көрсетiлген iс-әрекеттердi орындап қойған жағдайлардан басқасында, берiлген уәдеден сол нысанда бас тартуға құқылы.
2. Сыйақыға жария уәде берудiң күшiн жою сыйақы туралы хабарлаған тұлғаны үн қосқан адамның хабарландыруда көзделген iс-әрекеттердi жасауға байланысты шеккен шығындарын өтеуден босатпайды. Барлық жағдайларда өтеудiң мөлшерi хабарландыруда аталған сыйақыдан аспауға тиiс.
2016.09.04. № 496-V ҚР Заңымен 913-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
913-бап. Лотереялар, тотализаторлар және өзге де ойындар өткiзу ерекшелiктерi
1. Мемлекеттiң немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органнан тотализаторлар мен тәуекелге негiзделген басқа да ойындар өткiзуге лицензия алған адамның, ал лотереялар үшін лотерея операторының және осындай ойындарға қатысушылардың арасындағы қатынастар шартқа негiзделген.
Лотерея операторы мен лотереяға қатысушы арасындағы шарт лотереяға қатысушы лотерея билетінiң, түбiртектің немесе өзге құжаттың құнын төлеген және лотерея билетін, түбiртекті немесе өзге құжатты берген кезден бастап жасалған болып танылады.
2. Лотерея, тотализатор немесе өзге де ойындарды өткiзу шарттарына сәйкес ұтқан адам болып танылатын адамдарға ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы), ал лотереялар үшін лотерея операторы ұтыс төлеуге тиiс.
Ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы) мерзiмінде, мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) ұтыс төлеуді ойындарды өткiзу талаптарына сәйкес, ал егер бұл талаптарда мерзiм көрсетiлмесе ойындардың нәтижелерi шығарылған кезден бастап он күннен кешiктiрмей жүзеге асырады.
Лотерея операторының ұтысты төлеуі заңда белгіленген мерзiмдерде, лотерея өткiзу талаптарында айқындалатын мөлшерде, нысанда (ақшалай немесе заттай) жүзеге асырылады.
3. Ойындардың бастамашысы (ұйымдастырушысы), лотерея операторы осы баптың 2-тармағында аталған мiндеттерiн орындамаған жағдайда, лотереяда, тотализаторда немесе өзге ойындарда ұтып алған қатысушы өзіне ұтысты төлеудi, сондай-ақ келтiрiлген залалдарды өтеудi талап етуге құқылы.
2009.04.05 № 157-IV ҚР Заңымен 914-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
914-бап. Ойындар мен бәс тiгудi өткізуге және оларға қатысуға байланысты талаптар
Азаматтар мен заңды тұлғалардың тәуекелге негiзделген ойындар немесе бәс тiгу (құмар ойындар мен бәстер) ұйымдастыруға, өткізуге немесе оларға қатысуға байланысты талаптары, ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде, осы Кодекстiң 913-бабында аталған қатынастардан туындайтын талаптарды қоспағанда, сот қорғауына жатпайды.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 915-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
915-бап. Тендер
1. Тендер нысанындағы саудаластық кезiнде оның бастамашысы (ұйымдастырушы) өзi ұсынған бастапқы шарттардың негізiнде тендер бастамашысы үшiн шарттың ең жақсы талаптарын ұсынған тендер қатысушысымен шарт жасасуға (сатушы, сатып алушы, тапсырысшы, мердiгер, жалға берушi, жалға алушы және т.б. ретiнде) мiндеттенедi.
2. Тендерге қатысушылар, тендер шарттарында белгiленген мерзiмнiң шегiнде, тендер бастамашысына немесе оның ұйымдастырушысына тендермен ұйғарылған барлық құжаттаманы қоса бере отырып, өз ұсыныстарын жазбаша түрде жiбередi. Тендердiң шарттарында ұсыныстарды желiмделген конверттермен және девиздермен жiберу көзделуi мүмкiн.
Ұсыныстарды беру мерзiмдерiн бұзу, егер оның бастамашысы мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаның тендерге қатысуға жiберiлгенi туралы жазбаша түрде хабарламасы, мерзiмiн өткiзiп алған тұлғаны тендерге қатысушылардың қатарынан шығаруға әкеп соғады.
3. Тендерге қатысушылардың арасынан оның жеңiмпазын таңдауды тендер бастамашысы немесе ол құрған тендер комиссиясы жабық немесе тендердiң шарттары бойынша ашық тәртiппен жүргiзедi.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, егер тендерге қатысушылар екеуден аз болса немесе тендерге қатысушылардың ұсыныстарын оның бастамашысы тендердiң талаптарын қанағаттандырмайды деп таныса, оның бастамашысы тендердi өткiзiлмеген деп тануы мүмкiн.
5. Тендердiң жеңiмпазы мен оның бастамашысы тиiстi шарт жасасады. Тендердiң бастамашысы жеңiмпазбен тиiстi шарт жасасудан бас тартқан жағдайда тендердiң жеңiмпазы оған келтiрiлген залалдарды өтетiп алуға құқылы.
6. Тендердiң шарттарында тендерге әрбiр қатысушының тендер қорытындылары шығарылғаннан кейiн қатысушыларға қайтарылатын кепiлдiк жарна енгiзiлуi көзделуi мүмкiн. Егер тендерге қатысушы тендердiң мерзiмi өткенге дейiн өз ұсынысынан бас тартса немесе оны өзгертсе, кепiлдiк жарна қайтарылмайды.
Жеңiмпаз тендер жеңiмпазының ұсыныстарына жауап беретiн жағдайларда тендер бастамашысымен тиісті шарт жасасудан бас тартса, кепiлдiк жарна жеңімпазға қайтарылмайды.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 916-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
916-бап. Аукцион
1. Аукцион нысанындағы саудаластық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi.
2. Аукцион сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту талаптарымен өткiзiлуi мүмкiн.
3. Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукцион шарттарында заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төмен баға көзделуi мүмкiн.
4. Азаматтық айналымнан шығарылмаған кез келген қозғалатын немесе қозғалмайтын мүлiк, оның iшiнде интеллектуалдық меншiк объектiлерi, импорттық, экспорттық және өзге де квоталар мен лицензияларды қоса алғанда, шарттар мен мүлiктiк құқықтар аукционның нысанасы болуы мүмкiн.
5. Аукционға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оның өтетiн орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтуға тиiс.
6. Аукционға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар, егер оны өткізудiң шарттарында өзгеше белгiленбесе, аукцион басталғанға дейiн аукционға қатысуға өтiнiш беруге және кепiлдiк жарнаның белгiленген сомасын енгізуге тиiс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, егер аукционға кемiнде екi қатысушы (сатып алушы) қатысса, ол өтуі мүмкін.
8. Егер аукционның затын оған қатысушылардың бiрде-бiрiнiң сатып алғысы келмесе, бастапқы баға төмендетiлуi немесе аукционның заты осы аукционнан алып тасталуы мүмкiн.
9. Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.
10. Егер сатып алушы осы баптың 9-тармағында көзделген шартты жасасудан бас тартса, ол аукционға қатысушылардың қатарынан шығарылады, оған кепiлдiк жарна қайтарылмайды, ал сатып алушы сатып алудан бас тартқан аукционның заты қайтадан саудаластыққа қойылуы мүмкiн.
11. Аукционға қатысқан, бiрақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы қайтарылады.
Аукционның қандай да болсын затын сатып алған тұлғаға кепiлдiк жарнасының сомасы төленген сатып алу бағасының есебiне есептеледi.
47-тарау. Зиян келтірудің салдарынан туындайтын міндеттемелер
1. Жалпы ережелер
917-бап. Зиян келтiргенi үшiн жауаптылықтың жалпы негiздерi
1. Азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.
Заң актілерінде зиянды өтеу мiндетi зиян келтiрушi болып табылмайтын тұлғаға жүктелуi, сондай-ақ өтеудiң неғұрлым жоғары мөлшерi белгiленуi мүмкiн.
2. Зиян келтiрушi, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, егер зиян өзiнiң кiнәсiнен келтiрiлмегендiгiн дәлелдесе, оны өтеуден босатылады.
3. Заңды iс-әрекеттермен келтiрiлген зиян осы Кодексте және өзге де заң актілерінде көзделген жағдайларда өтелуге тиiс.
918-бап. Зиян келтiрудің алдын алу
1. Болашақта зиян келтiру қаупi мұндай қауiптi тудыратын iс-әрекеттерге тыйым салу туралы талап қоюға негiз бола алады.
2. Егер келтiрiлген зиян оны келтiрудi жалғастыратын немесе жаңадан зиян келтiру қаупiн туғызатын кәсiпорынды, ғимаратты пайдаланудың не өзге де өндiрiстiк қызметтiң салдарынан болса, сот зиянды өтеуден басқа, жауапкерге тиiстi қызметiн тоқтатуды мiндеттеуге құқылы.
Егер тиiстi қызметтiң тоқтатылуы қоғамдық мүдделерге қайшы келсе, сот оны тоқтату туралы талаптан бас тарта алады. Мұндай қызметтi тоқтатудан бас тарту жәбiрленушiлердi осы қызметтен келтiрiлген зиянды өтеттiру құқығынан айырмайды.
919-бап. Қажеттi қорғану жағдайында зиян келтiру
Қажеттi қорғану жағдайында келтiрiлген зиян, егер бұл ретте оның шегiнен асып кетпесе, өтеуге жатпайды.
920-бап. Аса қажеттi жағдайда зиян келтiру
Аса қажеттi жағдайда, яғни зиян келтiрушiнiң өзiне немесе басқа тұлғаларға қатер туғызатын қауiптi жою үшiн келтiрiлген зиян, егер бұл қауiптi осы жағдайларда өзге құралдармен жою мүмкiн болмаса, оны зиян келтiрген тұлға өтеуге тиiс.
Мұндай зиян келтiрiлген мән-жайларды ескере отырып, сот оны өтеу мiндетiн зиян келтiрушi мүддесiне iс-әрекет жасаған үшiншi бiр тұлғаға немесе үлестiк тәртiппен осы үшiншi тұлға мен зиян келтiрушiге жүктеуi, сондай-ақ осы үшiншi тұлғаны да, зиян келтiрушiнi де зиянды өтеуден толық немесе iшiнара босатуы мүмкiн.
2007.15.05. № 253-III ҚР Заңымен 921-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
921-бап. Заңды тұлғаның немесе азаматтың өз қызметкерi келтiрген зиян үшiн жауапкершiлiгi
1. Заңды тұлға немесе азамат өзiнiң қызметкерi еңбек (қызметтiк, лауазымдық) мiндеттерiн атқару кезiнде келтiрген зиянды өтейдi.