Жалпы бөлім
1-Бөлім. Жалпы ережелер
1-тарау. Негізгі ережелер
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) авторландырылған генерик - бірегей препаратқа ұқсас, сол бір өндірушінің өзі шығаратын, бірақ саудалық атауымен және бағасымен ерекшеленетін дәрілік препарат;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) адамның мекендеу ортасы (бұдан әрi - мекендеу ортасы) - адамның тыныс-тiршiлiгi жағдайын айқындайтын табиғи, антропогендiк және әлеуметтiк факторлардың, ортаның (табиғи және жасанды) жиынтығы;
2) АИТВ - адамның иммун тапшылығы вирусы;
3) анонимдік қарап-тексеру- адамды жеке басын сәйкестендірмей ерікті түрде медициналық қарап-тексеру;
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) апаттар медицинасы - әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың (бұдан әрі - төтенше жағдайлар) медициналық-санитариялық салдарларының алдын алуға және оларды жоюға бағытталған, халық ауруларының алдын алуды және оларды емдеуді, санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды, төтенше жағдайларды жоюға қатысушылардың денсаулығын сақтауды және қалпына келтіруді, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің қызметкерлеріне медициналық көмек көрсетуді қамтитын медицина және денсаулық сақтау саласы;
5) әлеуетті қауіпті химиялық және биологиялық заттар - белгілі бір жағдайларда және белгілі бір шоғырлануы кезінде адамның немесе болашақ ұрпақтың денсаулығына зиянды әсер етуі мүмкін, қолданылуы мен пайдаланылуы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілермен және гигиеналық нормативтермен регламенттелетін заттар;
6) әскери медицина - ғылыми білімдердің жүйесін (ғылыми-практикалық пәндер кешені) және әскери-медициналық қызметтің әскерлерді бейбіт уақытта және соғыс уақытында жан-жақты медициналық қамтамасыз етуді өзіне мақсат тұтатын практикалық қызметінің жүйесін білдіретін медицина және денсаулық сақтау саласы;
7) әскери-медициналық көмек - әскери қызметшілерге және әскери қаруды қолдану салдарынан зардап шеккен адамдарға әскери-медицина қызметінің мамандары көрсететін медициналық көмек;
8) әскери-медициналық қызмет - Қазақстан Республикасының заңдарында осы органдардың қызметін медициналық қамтамасыз етуге арналған әскери немесе арнаулы қызметтің болуы көзделген әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелердің жиынтығы;
9) әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелер:
орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың әскери-медициналық (медициналық) мекемелер (ұйымдар) қызметін ұйымдастыруды және үйлестіруді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері;
әскери-медициналық (медициналық) мекемелер (ұйымдар) және орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдардың тиісті контингентке әскери-медициналық және медициналық көмек көрсетілуін қамтамасыз ететін өзге де бөлімшелері;
10) әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету - материалдық-техникалық жабдықтау жөніндегі іс-шаралар кешені, сондай-ақ жеке құрамның жауынгерлік қабілеттілігі мен еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында әскерлерде, бөлімшелерде және ведомстволық ұйымдарда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру;
11) бала - он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
12) бас миының біржола семуі - бас миының бүкіл қатпарының семуімен қатар жүретін, бас миы жасушаларының интегралдық функцияларын толық жоғалтуы;
13) бейінді маман - жоғары медициналық білімді, белгілі бір мамандық бойынша сертификаты бар медицина қызметкері;
14) биологиялық активті заттар - жануарлар мен адам организмінің патологиялық өзгерген функцияларын қалыпқа түсіретін, дәрілік заттар алудың ықтимал көздері болып табылатын, әртүрлі жолмен алынатын заттар;
15) биологиялық активті қоспалар - тұрақты тұтынған кезде денсаулықтың жай-күйін жақсартуға арналған және адамның тамақтану рационын табиғи немесе табиғимен бірдей биологиялық активті заттармен байыту мақсатында олардың компоненттерін қамтитын өнімдерге қоспалар;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 15-1), 15-2), 15-3) және 15-4) тармақшалармен толықтырылды
15-1) биологиялық жолмен алынған дәрілік препараттар - биологиялық заттарды (гормондар, цитокиндер, қанның ұю факторлары, инсулиндер, моноклондық антиденелер, ферменттер, колония ынталандырушы факторлар, тіндер жасушаларының базасында жасалған препараттар және биотехнологиялық әдістердің көмегімен алынған басқалары) қамтитын препараттар;
15-2) биосимиляр - сапасы, қауіпсіздігі, тиімділігі бойынша алғаш өндірілген және бірегей дәрілік препарат патентінің қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін тіркеуге ұсынылған (бірегей) дәрілік препаратқа ұқсайтын биотехнологиялық дәрілік препарат;
15-3) биотехнологиялық дәрілік препарат - рекомбинанттық дезоксирибонуклеин қышқылы технологиясын, биологиялық активті ақуыздарды өндіруді кодтайтын гендердің бақыланатын экспрессиясы әдісін, гибридтің және моноклондық антиденелер әдісін қолдана отырып, биотехнологиялық процестер арқылы өндірілген биологиялық дәрілік препарат, сондай-ақ гендік-инженерлік түрлендірілген гендік-терапиялық және соматотерапиялық дәрілік заттар;
15-4) біліктілік санатын беру туралы куәлік - тиісті біліктілік санатының берілгенін растайтын белгіленген үлгідегі құжат;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) бірегей дәрілік зат - жаңа активті заттарды білдіретін немесе қамтитын, тиімділігі мен қауіпсіздігі клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің нәтижелерімен расталған және толық дерекнама негізінде тіркелген дәрілік зат;
2013.21.06. № 107-V ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды; 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 16-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16-1) бірыңғай дистрибьютор - тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтердің сатып алынуын және шарттар, ұзақ мерзімді шарттар жасасуды, сондай-ақ медициналық техниканың сатып алынуын ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 16-2) және 16-3) тармақшалармен толықтырылды
16-2) гемопоэздік дің жасушалары - организмнің ішкі ортасы тінінің бір бөлігі, адамның өмір сүру процесінде сүйек кемігінде, перифериялық қанда (стимуляциядан кейін) және кіндік қанында болатын, полипотенттілігі бар сүйек кемігінің жасушалары;
16-3) гомеопатиялық препараттар - шағын мөлшерде табиғаттан алынатын заттарды қамтитын және арнайы технологиямен дайындалған дәрілік заттар;
17) генетикалық түрлендірілген объектілер - гендік инженерия әдістері пайдаланылып алынған, өсімдіктен және (немесе) жануардан алынатын шикізат пен өнімдер, оның ішінде генетикалық түрлендірілген көздер, организмдер;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) дәрілік зат - фармакологиялық активті заттарды білдіретін немесе қамтитын, адам организмімен байланысқа түсетін немесе оның ағзалары мен тіндеріне өтетін, аурулардың профилактикасына, диагностикасына және оларды емдеуге, сондай-ақ организмнің жай-күйі мен функцияларын өзгертуге арналған заттар: дәрілік субстанция, дәрілік шикізат, дәрілік заттардың балк-өнімдері, дәрілік препараттар;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 18-1) және 18-2) тармақшалармен толықтырылды
18-1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарты - дәрілік заттарға арналған тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына және медициналық мақсаттағы бұйымдарға арналған халықаралық стандарт талаптарына сәйкес өндірілген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауардың ішкі айналыс үшін шығарылуы туралы сертификаты бар дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды беруге Қазақстан Республикасының резиденті - заңды тұлғамен не дәрілік заттарға арналған тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына және медициналық мақсаттағы бұйымдарға арналған халықаралық стандарт талаптарына сәйкес дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар өндірісін құруға ниеті бар заңды тұлғамен бірыңғай дистрибьютор жасасатын азаматтық-құқықтық шарт;
18-2) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді шарт - тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті - заңды тұлғамен бірыңғай дистрибьютор жасасатын, қызметтер көрсетудің азаматтық-құқықтық шарты;
19) 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 20) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
20) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы бөлшек саудада өткізу - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылатын, сатып алумен (әкелуден басқа), сақтаумен, бөлумен, түпкі тұтынушыға өткізумен (әкетуден басқа), жойып жіберумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 20-1) тармақшамен толықтырылды
20-1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы келісімшарттық өндіру - дәрілік заттарға арналған тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарының және медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға арналған халықаралық стандарт талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ететін өндірушінің өндірістік қуаттарында дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың тапсырыспен өндірілуі;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 21) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
21) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы көтерме саудада өткізу - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылатын, көлемін шектемей сатып алумен, сақтаумен, әкелумен, әкетумен, өткізумен (халыққа дәрілік заттарды өткізуді қоспағанда), жойып жіберумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 21-1) 21-2) және 21-3) тармақшалармен толықтырылды
21-1) дәрілік заттардың айналысы саласындағы тиісті фармацевтикалық практикалар (бұдан әрі - тиісті фармацевтикалық практикалар) - дәрілік заттардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде қолданылатын денсаулық сақтау саласындағы стандарттар: тиісті зертханалық практика (GLP), тиісті клиникалық практика (GCP), тиісті өндірістік практика (GMP), тиісті дистрибьюторлық практика (GDP), тиісті дәріханалық практика (GPP), тиісті фармакологиялық қадағалау практикасы (GVP) және басқа да тиісті фармацевтикалық практикалар;
21-2) дәрілік заттардың айналысы саласындағы фармацевтикалық инспекторат - уәкілетті органның фармацевтикалық инспекцияны жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;
21-3) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жөніндегі нормативтік құжат - дәрілік заттың сапасына, медициналық мақсаттағы бұйымдарға, сондай-ақ олардың қауіпсіздігі мен сапасының бірдей параметрлерін қамтамасыз ететін оны анықтау әдістемелеріне қойылатын талаптар кешенін белгілейтін құжат;
22) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы - қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы әзірлеушіден және (немесе) өндірушіден тұтынушының қолдануына дейін жеткізу процесінде жүзеге асырылатын қызмет;
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 23) тармақша өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 23) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
23) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы объектілер - денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен үлгілік ережелерге сәйкес жұмыс істейтін дәріхана, алғашқы медициналық-санитариялық және (немесе) консультациялық-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункті, шалғайдағы ауылдық жерлерге арналған, дәріханадан ұйымдастырылған жылжымалы дәріхана пункті, дәріхана қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы уақытша сақтау қоймасы, оптика дүкені, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар дүкені, медициналық техника мен медициналық мақсаттағы бұйымдар қоймасы, дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы өндіру жөніндегі ұйымдар;
24) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы саласындағы субъектілер - фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 24-1) және 24-2) тармақшалармен толықтырылды
24-1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жанама әсерлерінің мониторингі - дәрілік препараттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың жанама әсерлері туралы хабарламаларды анықтауға, жинауға, бағалауға және талдауға бағытталған іс-шаралар кешені;
24-2) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың қауіпсіздігі - адамның өміріне, денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіру ықтималдығына байланысты жол беруге болмайтын тәуекелдің болмауы;
25) Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың мемлекеттік тізілімі - Қазақстан Республикасында тіркелген және медициналық қолдануға рұқсат етілген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы есепке алу құжаты;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 25-1) және 25-2) тармақшалармен толықтырылды
25-1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың тиімділігі - профилактикалық, диагностикалық әсерге, емдеу және (немесе) оңалту әсеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін сипаттамалардың жиынтығы;
25-2) дәрілік заттарды фармакологиялық қадағалау - тіркелген дәрілік заттардың қауіпсіздігі туралы ақпаратты байқау, талдау және бағалау жүйесі;
26) 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27) дәрілік заттың жарамдылық мерзімі - уақыты біткеннен кейін дәрілік затты қолдануға болмайтын күні;
28) дәрілік заттың қаптамасы - дәрілік заттарды бүлінуден және ысырап болудан қорғау жолымен олардың айналысы процесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ қоршаған ортаны ластанудан сақтайтын құрал немесе құралдар кешені;
29) дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың сапасы - дәрілік заттың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың белгіленуі бойынша әсер ету қабілетіне ықпал ететін қасиеттері мен сипаттамаларының жиынтығы;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 29-1) тармақшамен толықтырылды
29-1) дәрілік заттың немесе медициналық мақсаттағы бұйымның балк-өнімі - соңғы қаптамамен орауды қоспағанда, технологиялық процестің барлық сатысынан өткен, мөлшерленген дайын дәрілік препарат немесе медициналық мақсаттағы дайын бұйым;
30) дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауы - дәрілік заттың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған атауы;
31) дәрілік препарат - белгілі бір дәрілік нысандағы дәрілік зат;
32) дәрілік препараттарды дайындау - дәріханаларда дәрілік нысандарды дайындаумен, сондай-ақ дәрілік субстанцияларды сатып алумен, дайындалған дәрілік препараттарды сақтаумен, сапасын бақылаумен, ресімдеумен және өткізумен байланысты фармацевтикалық қызмет;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 32-1) және 32-2) тармақшалармен толықтырылды
32-1) дәрілік субстанция - шығарылу табиғатына қарамастан, белгілі бір фармакологиялық активтілігі бар, дәрілік препараттарды өндіруге және дайындауға арналған зат немесе заттар қоспасы;
32-2) дәрілік субстанциялардың және олардың қоспаларының стандартты үлгілері - сыналатын дәрілік заттардың сараптамасын жүргізу кезінде пайдаланылатын салыстыру заттары;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 33) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
33) дәрiлiк формуляр - уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен денсаулық сақтау ұйымының басшысы бекіткен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету үшін жеткілікті мөлшерде болуға міндетті, денсаулық сақтау ұйымдарының бейіні ескеріле отырып қалыптастырған дәрілік заттар тізбесі;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 33-1) тармақшамен толықтырылды
33-1) дәрілік шикізат - дәрілік заттарды өндіру және дайындау үшін пайдаланылатын, өсімдіктен, минералдан, жануардан алынатын заттар немесе химия өнеркәсібі өнімдері;
34) дәстүрлі медицина - аурулардың алдын алу мен оларды емдеудің қоғамда жинақталған әдістері мен құралдарына негізделген, медициналық практиканың көпғасырлық дәстүрлерімен орныққан медицина саласы және медицина қызметкерлерінің қызметі;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 34-1) және 34-2) тармақшалармен толықтырылды
34-1) дезинсекция - адамды, жануарларды, үй-жайлар мен аумақты жәндіктер мен бунақ аяқтылардан қорғау мақсатында оларды жою жөніндегі профилактикалық және қырып-жою іс-шаралар кешені;
34-2) дезинфекция - сыртқы ортада инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар кешені;
35) денсаулық - аурулар мен дене кемістіктерінің болмауы ғана емес, тұтастай тәни, рухани (психикалық) және әлеуметтік саламаттылық жағдайы;
36) денсаулық сақтау - аурулардың алдын алуға және оларды емдеуге, қоғамдық гигиена мен санитарияны қолдауға, әрбір адамның тәни және психикалық саулығын сақтап, нығайтуға, оның ұзақ жыл белсенді өмір сүруін қолдауға, денсаулығынан айырылған жағдайда оған медициналық көмек ұсынуға бағытталған саяси, экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, мәдени, медициналық сипаттағы шаралар жүйесі;
37) денсаулық сақтау жүйесі - қызметі азаматтардың денсаулық сақтау құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау субъектілерінің жиынтығы;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 37-1), 37-2), 37-3) және 37-4) тармақшалармен толықтырылды
37-1) денсаулық сақтау саласындағы біліктілік санаты (бұдан әрі - біліктілік санаты) - маманның тиісті медициналық және фармацевтикалық мамандық шеңберіндегі жұмысты орындау үшін қажетті кәсіптік білімінің, шеберлігі мен дағдыларының көлемімен сипатталатын біліктілік деңгейі;
37-2) денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарт - денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігі деңгейіне, еңбегінің мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;
37-3) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау -медицина қызметкерлерінің клиникалық мамандыққа сәйкес келуін айқындауға және оларға тиісті маманның сертификатын бере отырып, оларды клиникалық практикаға (пациенттермен жұмыс істеуге) жіберуге арналған міндетті рәсім;
37-4) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты - денсаулық сақтау саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ денсаулық сақтау саласында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер процесінің сипаттамасын, нысандарын, мазмұны мен нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 38) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
38) денсаулық сақтау саласындағы сараптама - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау қызметінің әртүрлі салаларындағы құралдардың, әдістердің, технологиялардың, білім беру бағдарламаларының, көрсетілетін қызметтердің деңгейі мен сапасын белгілеуге бағытталған ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы;
39) денсаулық сақтау саласындағы стандарт (бұдан әрі - стандарт) - медициналық, фармацевтикалық қызмет, медициналық және фармацевтикалық білім беру саласындағы қағидаларды, жалпы қағидаттар мен сипаттамаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт;
40) денсаулық сақтау саласындағы стандарттау (бұдан әрі - стандарттау) - стандарттарды, талаптарды, нормаларды, нұсқаулықтарды, қағидаларды әзірлеу, енгізу және олардың сақталуын қамтамасыз ету арқылы процестердің, медициналық технологиялар мен көрсетілетін қызметтердің сипаттамаларын ретке келтірудің оңтайлы дәрежесіне қол жеткізуге бағытталған қызмет;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 41) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
41) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - азаматтардың денсаулығын сақтау, медициналық және фармацевтикалық ғылым, медициналық және фармацевтикалық білім беру, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың айналысы, медициналық қызметтер көрсету сапасын бақылау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
2011.19.01. № 395-IV ҚР Заңымен 42) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
42) Денсаулық сақтау саласындағы ұлттық холдинг - Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi бойынша құрылған, денсаулық сақтау саласындағы, оның ішінде ядролық медицина саласындағы қызметтi жүзеге асыратын акционерлік қоғам;
43) денсаулық сақтау ұйымы - денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 43-1) тармақшамен толықтырылды; 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 43-1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
43-1) дератизация - кеміргіштерді жоюға немесе олардың санын азайтуға бағытталған профилактикалық және қырып-жою іс-шараларының кешені;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 43-2) тармақшамен толықтырылды
43-2) детоксикация - адам организмiнен эндоген немесе экзоген текті уытты заттарды шығаруға бағытталған медициналық iс-шаралар кешенi;
44) диагностика - аурудың болу немесе болмау фактісін белгілеуге бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 45) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
45) диагностикалық реагенттер - медициналық мақсаттағы бұйымдарға жататын, организмнен тыс зерттеуге арналған және диагноз қою немесе пациенттің физиологиялық жай-күйін бағалау мақсатында организмнің параметрлері туралы мәліметтер алуға қызмет ететін реагенттер, реагенттердің жиынтықтары;
46) динамикалық байқау - халық денсаулығының жай-күйін жүйелі түрде байқау, сондай-ақ осы байқаудың нәтижелері бойынша қажетті медициналық көмек көрсету;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 47) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
47) донор - донорлық қан, оның компоненттері, өзге де донорлық материал (оның ішінде шәует, аналық жасушалар, ұрпақты болу ағзаларының тіндері, жыныс жасушалары, эмбриондар) алу жүргізілетін, сондай-ақ реципиентке транспланттау үшін тінді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алу жүргізілетін адам, адамның мәйіті, жануар;
48) емдеу - ауыруды жоюға, оның бетін қайтаруға және (немесе) барысын жеңілдетуге, сондай-ақ оның асқынуының алдын алуға бағытталған медициналық қызметтер көрсету кешені;
49) ерікті емделу - науқастың немесе оның заңды өкілінің келісімімен жүзеге асырылатын емдеу;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 50) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
50) жалған дәрілік зат, медициналық мақсаттағы бұйым және медициналық техника - құрамы немесе жинақталуы және (немесе) өндіруші туралы анық емес ақпаратпен және қолдан жасалған заттаңбамен құқыққа қайшы және әдейі жабдықталған, сондай-ақ жасырын шығарылған дәрілік зат, медициналық мақсаттағы бұйым және медициналық техника;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 51) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
51) жеке медициналық кітапша - жұмысқа жіберілу туралы белгі қойылып, міндетті медициналық қарап-тексерудің нәтижелері енгізілетін жеке құжат;
52) жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы (ЖИТС) - адамның иммун жүйесінің АИТВ-дан қатты зақымдануынан болған патологиялық белгілер байқалатын АИТВ-инфекциясының соңғы сатысы;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 52-1) және 52-2) тармақшалармен толықтырылды
52-1) иммундық-биологиялық препараттар - басқа да аурулар мен физиологиялық жай-күйлердің иммунологиялық әдістерінің көмегімен инфекциялық және иммундық (аллергиялық ауруларды қоса алғанда) аурулардың өзіндік ерекшелігі бар профилактикасына, оларды диагностикалау мен емдеуге арналған препараттар, сыртқы орта объектілерінде инфекциялық агенттер мен олардың антигендерін индикациялауға арналған заттар, қан (алу тәсіліне қарамастан) препараттары, сондай-ақ иммундық жүйе арқылы емдік және профилактикалық әсерін тигізетін препараттар;