2. Қорғаншы және қамқоршы органдар психоневрологиялық ұйымға орналастырылатын адамдардың мүліктік мүдделерін қорғау үшін шаралар қолдануға міндетті.
3. Кәмелетке толмаған адамды арнайы оқыту мақсатымен психоневрологиялық ұйымға жіберу үшін адамның психикасының бұзылуы (ауруы) негіз болып табылады. Ол ата-анасының не оның заңды өкілінің өтініші және республикалық, облыстық немесе қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар қорытындысының негізінде жіберіледі. Қорытындыда кәмелетке толмаған адамды интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп жағдайында оқыту қажеттігі туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
4. Психиатр-дәрігер, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қатысқан дәрігерлік комиссияның мамандандырылған психоневрологиялық ұйымда тұруға не оқуға медициналық көрсетілімдердің жоқтығы туралы қорытындысы психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамды психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы оқытатын мектептен жалпы үлгідегі осындай ұйымға ауыстыру үшін негіз болып табылады.
5. Психоневрологиялық ұйымнан немесе арнайы оқытатын мектептен шығару:
1) психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші адамның жеке өтініші бойынша, психиатр-дәрігер қатысқан дәрігерлік комиссияның денсаулық жағдайы бойынша бұл адамның жеке тұра алатыны туралы қорытындысы болған кезде;
2) шығарылатын кәмелетке толмаған адамға не сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға күтім-жасауды жүзеге асыруға міндеттенетін ата-анасының, өзге де туыстарының немесе заңды өкілінің өтініші бойынша жүргізіледі.
21-тарау. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарға
медициналық-әлеуметтік көмек көрсету
130-бап. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру
1. Мемлекет алкоголизмнің, нашақорлықтың және уытқұмарлықтың алдын алу және оларды емдеу жөніндегі шаралар жүйесін қамтамасыз етеді.
2014.03.07. № 227-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2015 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған, алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж деп танылған адамдарға, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасаған және созылмалы алкоголизммен немесе нашақорлықпен не уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және ерікті түрде емделуден жалтаратын адамдарға қатысты сот шешімі бойынша қолданылады.
131-бап. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын және медициналық-әлеуметтік оңалтуға мұқтаж адамдардың медициналық ұйымдарға өтініш жасауы
1. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдар наркологиялық көмек көрсететін медициналық ұйымдарға медициналық көмек сұрап өтініш жасаған жағдайда, оларды медициналық-әлеуметтік оңалту ерікті түрде жүргізіледі және пациенттің қалауы бойынша - жасырын түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын кәмелетке толмаған адамды, сондай-ақ нашақорлықпен ауыратын, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамды медициналық-әлеуметтік оңалту олардың заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.
132-бап. Адамды алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп тану тәртібі
1. Адамды алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп тануды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті медициналық куәландырудан кейін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.
2. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған адам мұнымен келіспеген жағдайда, оның мұндай шешімге жоғары тұрған денсаулық сақтауды басқару органына және (немесе) сотқа шағым жасауына болады.
133-бап. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардың құқықтары
1. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдардың:
1) білікті медициналық көмек алуға;
2) наркологиялық ұйымды таңдауға;
3) өз құқықтары, өздерінің наркологиялық сырқатқа шалдығуының сипаты, емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтудың қолданылатын әдістері туралы ақпарат алуға;
4) медициналық-әлеуметтік оңалтуды тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда - жүрген жері бойынша өткізуге құқығы бар.
2. Нашақорлықпен ауыратын науқастың немесе оның заңды өкілінің ұсынылатын медициналық-әлеуметтік оңалтудың кез келген сатысында одан бас тартуға құқығы бар.
3. Медициналық-әлеуметтік оңалтудан бас тартқан адамға не оның заңды өкіліне медициналық-әлеуметтік оңалтудан бас тартудың ықтимал зардаптары түсіндірілуге тиіс. Медициналық-әлеуметтік оңалтудан бас тарту, оның ықтимал зардаптары туралы мәліметтер көрсетіле отырып, медициналық құжаттамаға жазбамен ресімделеді, оған нашақорлықпен ауыратын адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-нарколог дәрігердің қолы қойылады.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, нашақорлықпен ауыратын адамдардың құқықтары мен бостандықтарын нашақорлық диагнозының болуы, наркологиялық ұйымда динамикалық байқауда тұру фактісі негізінде ғана шектеуге жол берілмейді.
134-бап. Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратын адамдарды есепке алу және байқау
Алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауырады деп танылған адамдар тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепке тұруға және байқауға алынуға жатады және оларда уәкілетті орган белгілейтін тәртіппен демеп емдеуден өтеді.
22-тарау. Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету
2011.06.01. № 379-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.06.01. № 529-ІV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.13.02. № 553-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 135-бап өзгертілді
135-бап. Әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен осы органдардың зейнеткерлеріне медициналық көмек көрсету
1. Әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелері мен осы органдардың зейнеткерлеріне медициналық көмек Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ұйымдастырылады.
2. Қызметін өткеріп жатқан жерде немесе тұрғылықты жерінде олар болмаған жағдайда немесе ведомстволық медициналық ұйымдарда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнайы жабдықтар болмаған жағдайда, медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық ұйымдарда көрсетіледі.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 135-1-баппен толықтырылды
135-1-бап. Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету
Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы бекіткен тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
136-бап. Иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтарға медициналық көмек көрсету
1. Иондаушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтар медициналық көмекті Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Иондандырушы сәулеленудің әсеріне ұшыраған азаматтардың қаны мен тіндерін алу, сақтау және пайдалану тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 136-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
136-1-бап. Мүгедектерге медициналық көмек көрсету
Денсаулық сақтау ұйымдары денсаулық сақтау объектілерінің мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін қолжетімділігі бойынша оларды бейімдеуге жағдайлар қалыптастырады.
137-бап. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек көрсету
1. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген адамдар санаты жатады.
2. Экологиялық зілзала салдарынан зардап шеккен азаматтар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес медициналық көмек алады.
138-бап. Бас бостандығы шектеулі азаматтарға медициналық көмек көрсету
Бас бостандығы шектеулі, сондай-ақ сот үкімі бойынша жазасын бас бостандығынан айыру орындарында өтеп жүрген, арнайы мекемелерге орналастырылған азаматтарға медициналық көмек уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен көрсетіледі.
2014.03.07. № 229-V ҚР Заңымен 138-1-баппен толықтырылды
138-1-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларға медициналық көмек көрсету
1. Спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
2. Уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру мен спорт саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіпке сәйкес медициналық тексеруден өтпеген спортшылар спорттық жарыстарға жіберілмейді.
23-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы жекелеген қатынастарды реттеу
139-бап. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану тәртібі
1. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану науқастардың жазбаша келісімімен қолданылады.
Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, психикасының бұзылуынан (ауруынан) зардап шегуші науқастарға және кәмелетке толмаған адамдарға хирургиялық араласу, қан мен оның компоненттерін құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен жасалады.
2. Медицина қызметкерлері тіршілік көрсеткіштері бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және оны тоқтату пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне байланысты мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.
3. Хирургиялық араласуды, қан мен оның компоненттерін құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдануды кідірту науқастың өміріне қауіп төндіретін, ал науқастың немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайларда, дәрігер немесе консилиум науқасты немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.
140-бап. Биологиялық өлімді анықтау. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шараларды тоқтату жағдайлары
1. Биологиялық өлім өмірлік маңызды функциялар біржола тынатын, организм тіршілігінің тоқтауын білдіреді.
2. Биологиялық өлімді медицина қызметкері мынадай белгілердің жиынтығы негізінде растайды:
1) жүрек қызметінің тоқтауы;
2) тыныс алудың тоқтауы;
3) орталық жүйке жүйесі жұмысының тоқтауы.
3. Өмірге дем беру жөніндегі жасанды шаралар тек қана:
1) биологиялық өлім расталған;
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) консилиум бас миының біржола семуін тіркеген кезде, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жақын туыстарының және (немесе) заңды өкілдерінің бірауызды жазбаша келісімі болған кезде тоқтатылуы мүмкін.
141-бап. Эвтаназия
Эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.
142-бап. Анатомиялық сый
1. Анатомиялық сый - әрекетке қабілетті адамның өз тіндерін және (немесе) ағзаларын (ағзаларының бөліктерін) тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, оны тиісінше ресімдеген шарты немесе өсиеті арқылы адам жүзеге асырады.
2. Анатомиялық сый туралы деректер жария етуге жатпайды.
3. Өсиет етілген тіндерден және (немесе) ағзалардан (ағзалардың бөліктерінен) басқа, табылған күннен бастап қырық бес күн ішінде танылмаған және сұрауы болмаған адамдардың мәйіттері де анатомиялық сый ретінде танылады.
4. Анатомиялық сый биологиялық-медициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Анатомиялық сыйды жасау және оны денсаулық сақтау ұйымдарына берудің тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.
6-Бөлім. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет және қоғамдық денсаулықты сақтау
24-тарау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызмет
143-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесі
Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай жүйесіне:
1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдар кіреді.
144-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау
1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы болып табылады және ол:
1) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негіздемесі бойынша бірыңғай талаптарды әзірлеуді және олардың әзірленуін бақылауды;
2) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын әзірлеуді (қайта әзірлеуді), сараптауды, бекіту мен жариялауды;
3) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын зерделеуді, қолданылу практикасын қорытуды, олардың қолданылуын бақылауды;
4) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының бірыңғай деректер банкін қалыптастыру мен жүргізуді;
5) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын жалпыға бірдей қабылданған халықаралық талаптармен үйлесімді етуді қамтиды.
2. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттары санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқамалар, әдістемелер, бұйрықтар, техникалық регламенттер, қағидалар мен стандарттар болып табылады.
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.
4. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды (оның ішінде мекендеу факторларының, кәсіпкерлік және өзге де қызметтің, өнімдердің, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің адам үшін қауіпсіздігінің және (немесе) зиянсыздығының критерийлерін) белгілейтін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік-құқықтық актілер санитариялық қағидалар болып табылады, оларды сақтамау адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіреді, сондай-ақ аурулардың пайда болуы мен таралуына қауіп төндіреді.
5. Гигиеналық норматив - зерттеулерде белгіленген, мекендеу ортасының белгілі бір факторын сипаттайтын көрсеткіштің адам үшін оның қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы тұрғысынан алғанда, жол берілетін ең жоғарғы немесе ең төменгі сандық және (немесе) сапалық мәні.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, гигиеналық нормативтерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді және Қазақстан Республикасының аумағындағы барлық жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін міндетті.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мәселелерге қатысты нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту кезінде оларды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісуге міндетті.
2011.03.12. № 505-ІV ҚР Заңымен 145-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 145-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
145-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар
1. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың негізін мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілер мен өнімдерге белгіленетін санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтер құрайды.
2. Санитариялық қағидалар мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді және мыналарға:
1) объект салынатын жер учаскесін таңдауға;
2) объектілерді жобалауға, салуға, реконструкциялауға, жөндеуге және пайдалануға беруге;
3) өндірістік, қоғамдық, тұрғын үй және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жабдықтарды, көлік құралдарын күтіп-ұстау мен пайдалануға;
4) объектілерді сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, кондиционерлеуге;
5) шикізатты қабылдауға, сақтауға, қайта өңдеуге (өңдеуге);
6) тамақ өнімін өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою шарттарына;
7) тағамдық ас тұзын йодтауға және тамақ өнімдерін байытуға (фортификациялауға);
8) медициналық иммундық-биологиялық препараттарды өндіру, өлшеп-орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою шарттарына;
9) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды (оның ішінде уытты, радиоактивті, биологиялық және химиялық заттарды, улар мен улы заттарды, биологиялық және микробиологиялық организмдер мен олардың уыттарын, биологиялық заттар мен материалдарды) қолдану мен пайдалануға, кәдеге жаратуға, тасымалдауға, сақтауға, көмуге және олармен жұмыс істеу шарттарына;
10) адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу шарттарына;
11) дәрілік заттарды өнеркәсіптік өндіру шарттарына;
12) өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімдерге;
13) шаруашылық-тұрмыстық және гигиеналық мақсаттағы тауарларға және оларды өндіру технологияларына;
14) халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу, оқыту, олардың өмір сүруі және өндірістік практикасы, дене бітімінің дамуы, еңбек етуі, демалуы, тамақтануы, сумен жабдықталуы мен медициналық қызмет көрсетілуі шарттарына;
15) білім беру ұйымдарындағы оқу-еңбек жүктемесіне және сабақ режиміне;
16) медициналық мақсаттағы бұйымдарды стерилизациялау мен дезинфекциялауды жүргізу шарттарына;
17) халықтың бейімделген (балалар тағамы, диеталық емдік және диеталық профилактикалық), емдеу-профилактикалық, қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;
18) су көздеріне (шаруашылық-ауызсу мақсаттары үшін су жинау орындарына), шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне;
19) өндіріс пен тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;
20) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдарын, жабдықтарды, материалдарды әзірлеуді, сынауды, дайындауды, өндіруді, сақтауды, тасымалдауды, өткізуді, қолдануды, дезинфекция қызметі объектілерін күтіп-ұстау мен пайдалануды, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігін және қауіпсіздігін бақылауды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
21) жолаушыларды тасымалдау шарттарына;
22) объектілерді жоюға, консервациялауға, қайта бейіндеуге;
23) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
24) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету, бейімделген диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтану шарттарына;
25) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;
26) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыруға, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуге, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты халықты медициналық қарап-тексеруді, профилактикалық егулерді жүргізуге;
27) санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтарына қойылатын талаптардан тұрады.
3. Гигиеналық нормативтер зиянды (химиялық, биологиялық) заттардың рұқсат етілетін шекті концентрацияларының, физикалық әсер етулердің; радиациялық әсер етудің рұқсат етілетін деңгейлерінің нормативтерін белгілейді, оларды сақтау адамға өмірі үшін қолайлы және денсаулығы үшін қауіпсіз тыныс-тіршілігі жағдайларын қамтамасыз етеді.
Гигиеналық нормативтер:
1) жұмыс аймағының микроклиматына, ауа алмасуына, ауасына, өндірістік, тұрғын үй және басқа да үй-жайлардың физикалық факторларына, тұрғын үй құрылысын салу аумағына;
2) өнімнің (тауарлардың) және қоршаған ортаның радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздігіне;
3) қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіп ұйымдары аумақтарындағы атмосфералық ауаға;
4) қоршаған ортаға зиянды заттардың физикалық факторларына рұқсат етілетін шекті шығарындылары мен рұқсат етілетін шекті төгінділеріне;
5) өнімнің, технологиялық жабдықтың, процестің жаңа түрлеріне белгіленеді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 146-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 146-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
146-бап. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімді мемлекеттік тіркеу
1. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнім тізбеге сәйкес және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органда мемлекеттік тіркелуге жатады.
2. Өнімді мемлекеттік тіркеу:
1) халық пен мекендеу ортасына ықпалын сараптамалық бағалау;
2) заттар, өнімнің жекелеген компоненттері құрамының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге және гигиеналық нормативтерге сәйкестігі нысанасына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама;
3) арнаулы шараларды, оның ішінде заттарды және өнімдердің жекелеген түрлерін кәдеге жарату мен жою шарттарын, олардың халық пен мекендеу ортасына зиянды әсерін болдырмау жөніндегі арнаулы шараларды әзірлеу негізінде жүргізіледі.
3. Мемлекеттік тіркелуге жататын өнімге санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және ғылыми негіздеме жүргізумен байланысты шығыстарды өтініш берушілер көтереді.
4. Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның интернет-ресурсына орналастырылуға жатады.
5. Адам денсаулығына зиянды әсер ететін өнімді мемлекеттік тіркеу және мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
147-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг
1. Санитариялық-эпидемиологиялық мони торинг халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасының жай-күйіне, оларды талдауға, бағалау мен болжауға, сондай-ақ халықтың денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасы факторларының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды айқындауға байқау жүргізудің мемлекеттік жүйесі болып табылады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары мен ұйымдары жүзеге асырады.
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
148-бап. Санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар
2015.06.04. № 299-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының және таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсаттарында санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарында көзделген санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу жөніндегі, өндірістік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты, халықтың декреттелген тобындағы адамдарды және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда, жерасты жұмыстарында істейтін адамдарды медициналық қарап-тексеруді, профилактикалық егуді, гигиеналық оқытуды жүргізу жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.