Салық салу деңгейі мен тетіктері экономиканың жаңа құрылымына бейімделеді. Бұл ретте таргеттелетін ішкі өңдеу үшін тартымды жағдайлар жасауға, еңбекақы төлеу қорының өсуін ынталандыруға және халықаралық салық салуды жетілдіруге баса назар аударылатын болады.
Орта мерзімді перспективада фискалдық саясат бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 3%-нан аспайтын деңгейде ұстап тұратын болады және мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 50%-нан аспайтын болады.
Жеңілдіктер бойынша толық деректерді көрсету, мемлекеттік органдардың жауапкершілігін белгілеу, жеңілдіктердің қолданылу мерзімін шектеу, салық төлеушілердің қарсы міндеттемелерін айқындау үшін салық есептілігі нысандарына өзгерістер енгізе отырып, салық жеңілдіктерін беру саясаты жетілдірілетін болады.
Бюджет тәртібін күшейту және Ұлттық қордың жинақтаушы функциясын қолдау үшін кепілдік берілген трансферттің мөлшерін айқындау 2023 жылдан бастап инфляция бойынша ұзақ мерзімді мақсатқа ұлғайтылған нысаналы ұзақ мерзімді экономикалық өсу деңгейінде шекті деңгейге де, сол сияқты мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынына да тікелей шектеу белгілейтін контрциклдік бюджет қағидасына негізделетін болады.
Мемлекеттік шығыстардың көлемі бюджеттің мұнайға қатысты емес кірістерімен және кесімді баға кезінде болжанатын кепілдік берілген трансфертпен, нысаналы трансфертпен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасында көрсетілген мұнайға қатысты емес тапшылық бойынша шектеулер ескеріле отырып жоспарланатын тапшылықпен шектелетін болады.
2023 жылдан бастап бюджет қағидасы фискалдық саясатты мемлекеттік шығыстардың өсуін шектеуге және мұнайлық емес тапшылықты біртіндеп төмендетуге бағдарлайтын болады.
Бюджеттік қағидалар республикалық және жергілікті бюджеттер деңгейінде ғана емес, сондай-ақ шоғырландырылған бюджет деңгейінде іске асырылатын болады. Шоғырландырылған бюджеттің периметрі барлық мемлекеттік операцияларды қамтиды.
Бюджет шығыстары ұзақ мерзімді және орнықты өсуге қол жеткізуге ықпал ететін болады. Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға (зейнетақы, жәрдемақы және т.б.), адам капиталын (білім беру және денсаулық сақтау) және елдің байланыстылығы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамытуға арналған шығыстар, сондай-ақ елдің бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізудің түйінді факторы болып табылатын ҒЗТКЖ мен инновацияларға арналған шығыстар басымдыққа ие болады.
Өнімділіктің өсуіне және экономиканың мұнайға қатысты емес секторларын кеңейтуге бағытталған жеке капитал жетіспейтін бағыттарда мемлекеттік инвестициялар тарту қамтамасыз етілетін болады. Мұндай инвестициялар кемсітушіліксіз, деңгейлес сипатта болады.
15-міндет. Монетарлық саясатты тиімді басқару
Ақша-кредит саясатының мақсаты инфляцияның тұрақты және төмен деңгейін ұстап тұру болады.
Ақша-кредит саясаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі мақсатқа қайшы келмейтін бөлігінде әртүрлі макроэкономикалық күйзелістердің әсерінен туындайтын ұзақ мерзімді үрдістерден болған ауытқуларды тегістей отырып, тұрақтылық пен орнықты экономикалық өсуге қол жеткізу жөніндегі жалпы макроэкономикалық саясатқа ықпал ететін болады.
Инфляция бойынша орта мерзімді мақсат 3-4% деңгейінде белгіленген. Бұл ретте алдағы жылдары инфляцияның ағымдағы мәндерден орта мерзімді таргет деңгейіне дейін төмендеуі экономиканы қалпына келтіруге теріс әсер етуі мүмкін.
Бұл мақсатқа қол жеткізу екі кезеңде жүзеге асырылады:
2020-2022 жылдарға инфляция бойынша нысаналы дәліз 4-6% деңгейінде болады;
2023 жылдан бастап жылдық мәндегі 4-5% аралық нысаналы бағдар белгіленеді, бұл инфляцияның неғұрлым бірқалыпты төмендеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2025 жылдан бастап 3-4% мақсатына қол жеткізілетін болады.
Экономика мен қаржы секторындағы ақша-кредит саясатының трансмиссиясына кедергі келтіретін қазіргі шектеулерді еңсеру жөніндегі шараларды бір мезгілде қабылдау кезінде инфляциялық таргеттеу режимінің негіздерін нығайту жалғасады.
Валюталық саясат еркін құбылмалы айырбас бағамының режиміне сәйкес қалыптастырылатын болады, бұл сыртқы күйзелістердің теріс әсерін бәсеңдетуге, сондай-ақ ел экономикасында теңгерімсіздіктердің қалыптасуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Экспортты әртараптандыру және импортқа тәуелділікті азайту жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуіне қарай Ұлттық Банк 2023 жылдан бастап Қазақстан экономикасының 2025 жылға қарай кредиттеудің нарықтық қағидаттарына толық көшуді аяқтай отырып, экономиканы қолдайтын мемлекеттік бағдарламаларға қатысуын біртіндеп тоқтата бастайды.
Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға және көлеңкедегі экономиканы азайту үшін цифрлық төлем жүйесін дамытуға назар аударады.
16-міндет. Бәсекеге қабілетті және тиімді қаржы нарығы
Қаржы секторын дамыту қаржылық көрсетілетін қызметтерді дамыту мен қолжетімділігін арттыру үшін жағдайлар жасай отырып, жүйелік және кредиттік тәуекелдерді азайту үшін қаржы ұйымдарын пруденциалдық реттеу арасындағы оңтайлы теңгерімді қамтамасыз етумен қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы қаржыландырудың өсуін ынталандыруға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағдарланатын болады.
Экономиканы қаржыландыруда банк секторының рөлін арттыру
Экономиканы кредиттік ресурстармен қамтамасыз етуде қаржы секторы маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың халық пен бизнес үшін қолжетімділігі қамтамасыз етіледі, сондай-ақ кредиттік ұйымдарды қорландырудың ұзақ мерзімді сипаты қарастырылады.
Қаржы ұйымдарының қызметін реттеу, оның ішінде меншікті капиталдың жеткіліктілігін, өтімділікті және жүйелік тәуекелдерді пруденциалдық реттеу қаржылық тұрақтылыққа нұқсан келтірмей кәсіпкерлерге кредит беруді ынталандыруға бағытталатын болады.
Банктік кредит беруді сапалы жандандыру бизнес пен халықтың кредиттік тәуекелдерін төмендету есебінен қамтамасыз етілетін болады. Кәсіпкерлерді кепілдікпен қамтамасыз ету тапшылығын жою үшін ықтимал шығындарды нарықтық қағидаттарда сақтандыруға, сол арқылы бизнесті қолдау үшін мемлекеттік шығыстарсыз басқа қатысушылармен кредиторлардың шығыстарын бөлуге мүмкіндік беретін кредиттік тәуекелді хеджирлеу тетіктері мен құралдары белсенді пайдаланылатын болады.
Оңалту және банкроттық жүйесі тиімсіз меншік иелерін ауыстыра отырып, дәрменсіз кәсіпорындардың нарықтан жедел шығуын қамтамасыз ететін болады.
Оңалту және банкроттық рәсімдері шеңберінде кепіл кредиторының басымдығын сақтау қамтамасыз етіледі. Кепіл мүлікке қатысты кез келген шешім кепіл кредиторының келісімімен ғана қабылданатын болады.
Шағын және орта бизнестің тұрақты өсуі қаржы нарығында қарыз капиталы балама көздерінің болуымен қамтамасыз етіледі. Факторингті, лизингті және аккредитивтерді дамыту үшін қарыз операциялары үшін қолданылатын сияқты фискалдық ынталандырулар мен реттеуші талаптар белгіленеді. Өз қызметін қаржыландыру баламаларындағы таңдаудың көптігі кәсіпкерлерге өзінің ресурстық базасын әртараптандыруға, ағымдағы шығындарды азайтуға және қаржылық жүктемені неғұрлым ұзақ мерзімге бөлуге мүмкіндік береді.
Банктерді орта мерзімді және ұзақ мерзімді қорландыруды қамтамасыз ету үшін банктердің ұзақ мерзімді облигацияларына сұраныс пен ұсынысты фискалдық және реттеушілік ынталандыру, жеке басқарушы компаниялар мен өмірді сақтандыру компанияларын қоса алғанда, институционалдық инвесторлар тарапынан ашық және нарықтық инвестициялау бойынша мүмкіндіктер жасалады.
Стресті активтер нарығын дамыту
Өткен дағдарыстар нәтижесінде екінші деңгейдегі банктердің, олардың стресс активтермен жұмыс жөніндегі еншілес компанияларының және Проблемалық кредиттер қорының балансында экономикалық айналымға тартуды қажет ететін жұмыс істемейтін активтердің елеулі көлемі жинақталған.
Мұндай жағдайларда банк секторын дамытудың негізгі бағыттарының бірі стресті активтерді нарықтық қағидаттарда басқаруға жеке басқарушы компаниялардың қаражатын тарту үшін қолайлы заңнамалық жағдайларды қалыптастыра отырып, стресті активтердің өтімді нарығын құру болып табылады.
Ол үшін банктер мен стресті активтерді басқаратын басқа да ұйымдар тарапынан стресті активтерді тиімді басқару мақсатында заңнамалық және реттеушілік жағдайлар жасалатын болады.
Жұмыс істемейтін активтердің құнын сақтау және оларды экономикалық айналымға қайтару мақсатында үздік халықаралық практикаға сәйкес, оның ішінде АХҚО алаңын пайдалау жолымен стресті активтерді қайта құрылымдау, банкроттық және өткізу процестері оңайлатылатын болады.
Стресті активтер нарығын жандандыру, активтердің сапасын жақсарту және оларды экономикалық айналымға тарту мақсатында үздік халықаралық практиканы ескере отырып, жұмыс істемейтін активтердің өркениетті нарығын құру тәсілдері әзірленеді.
Сұранысты, өтімділік пен әділ нарықтық бағаларды қалыптастыру арқылы жеке инвесторлар мен басқарушы компаниялардың қаражаты стресті активтер нарығын дамытудың драйвері болмақ, бұл олардың өтімділігін арттыру есебінен қайталама нарықты нығайтуға ықпал етеді.
Осы мақсаттарда стресті активтер нарығының барлық ойыншылары үшін тең қолайлы заңнамалық жағдайлар жасалатын болады. Атап айтқанда, стресті активтерді басқару жөніндегі инфрақұрылым, оның ішінде стресті активтерді экономикалық айналымға тиімді тарту үшін нормативтік құқықтық база құрылады.
Қаржы ұйымдарының балансын жедел тазартуды ынталандыру үшін банктерге және олардың еншілес үйымдарына SREР (Supervisory Review and Evaluation Process, Қадағалау мен бақылау процесі) қадағалау жүйесі шеңберінде банктің несие портфеліндегі жұмыс істемейтін активтердің үлесіне қарай капиталға сараланған қадағалау үстемелерін қолдану бөлігінде реттеушілік талаптар күшейтілетін болады.
Жұмыс істемейтін активтер балансында өте көп шоғырланған банктердің стресті активтерін өткізу жөніндегі жеке жоспарларын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі келісетін болады. Мұндай іс-шаралар жоспарларының тиімділігіне және банктер қабылдаған міндеттемелердің орындалуына банктердің басшы жұмыскерлерінің дербес жауапкершілігі арқылы қол жеткізілетін болады.
Жеке бизнеске бағдарланған сақтандыру секторын дамыту және халықтың жинақтарын ұлғайту
Сақтандыру секторын дамыту жеке инвестициялар көлемін ұлғайтуға және орта мерзімді перспективада мемлекеттік бюджетке әлеуметтік жүктемені азайтуға ықпал етеді.
Ел экономикасының әлеуетті институционалдық инвесторы ретінде сақтандыру индустриясының одан әрі өсуі үшін қысқа мерзімді және орта мерзімді бастамалар халық пен бизнес үшін бәсекеге қабілетті және тартымды сақтандыру қызметтерін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталатын болады.
Сақтандыру өнімдерінің желісін кеңейту, сақтандыру қызметтерінің сапасын арттыру, цифрландыруды дамыту арқылы сақтандырудың инклюзивтілігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады.
Кәсіпкерлік субъектілері көрсететін түрлі қызметтерге кәсіби жауапкершілікті уақытша сақтандыруды біртіндеп кеңейту және тарату кәсіби қателер болған жағдайда, халық пен кәсіпорындарды мүліктік қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын арттыру шеңберінде тәуекелдерді басқару және сақтандыру ұйымдары ішкі бақылау жүйесінің халықаралық тәсілдерін енгізе отырып, сақтандыру секторын «барабар» реттеуді жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Қор нарығын және оның инфрақұрылымын дамыту, капитал тарту және инвесторларды қорғау үшін жағдайлар жасау
Қаржы нарығының тиімділігін арттыруға және экономиканы кредиттеуді қалпына келтіруге бағалы қағаздар нарығының құралдары есебінен:
1) банктерді, сақтандыру ұйымдарын, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі - БЖЗҚ) мен басқа да қорларды қоса алғанда, стратегиялық және жеке инвесторлардың қаражатын тарту;
2) қазақстандық қор нарығын халықаралық капитал нарықтарына интеграциялау мен ілгерілету және сыртқы портфельдік инвестицияларды тарту арқылы банктік кредит беруге балама қаржыландыру көздерін дамыту ықпал ететін болады.
Инвестициялар, инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, корпоративтік басқарудың жоғары стандарттарын енгізу, мемлекеттік қолдау құралдарын іске асыру үшін қолайлы және сенімгерлік орта құру қор нарығын реттеу алдында тұрған түйінді міндеттер болмақ.
Коммерциялық банктердің өз клиенттеріне брокерлік қызметтердің толық спектрін көрсету (қаржылық консультацияны, андеррайтингті, маркет- мейкингті қоса алғанда) есебінен қаржылық реттеуші реттейтін инвестициялық банкинг дамиды, тиісті талаптар айқындалатын болады.
Стратегиялық инвесторлардың рөлін арттыру және халықты қор нарығына тарту
Қор нарығында стратегиялық инвесторлардың жаңа топтарының пайда болуы мен дамуы нарықтың терендігі мен орнықтылығын арттыруға, сондай-ақ экономика субъектілерінің қор нарығының құралдары арқылы ұзақ мерзімді инвестициялар тартуына ықпал етеді.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқаруға беру және зейнетақы активтерін басқарушылардың пайда болуы бизнестің биржалық құралдар арқылы борыштық және үлестік қаржыландыруды тарту мүмкіндігін кеңейтеді.
Бағалы қағаздар нарығының өтімділігін арттыру үшін халықты қор нарығына белсенді тарту қамтамасыз етілетін болады.
Бағалы қағаздардың нарықтағы ұсынысын арттыру, құралдардың жаңа түрлерін дамыту
Қазіргі уақытта қор нарығында қарыздық қаржыландыру сегментінде мемлекеттік және квазимемлекеттік бағалы қағаздар мен банктердің бағалы қағаздары кеңінен көрініс тапқан. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікті мөлшерлемелермен бизнесті қаржыландыратын нарықтық емес тетіктер қор нарығының құралдары арқылы қор жинауға тарту үшін нарықтық баға белгілеуді бұрмалайды.
Бағалы қағаздар ұсынысын кеңейтуге әкелетін, жеке бизнес компанияларының қор нарығына шығуын ынталандыру мақсатында бағалы қағаздар бойынша салық салудың қолданыстағы режимін сақтау және жаңа салықтық ынталандыруларды жасау қажет.
Бұл қазақстандық қор нарығында инвесторлардың кең ауқымы арасында жария орналастыруды жүзеге асырған компанияларға сараланған салық салуды енгізуді, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алатын компанияларға қор нарығына міндетті шығуына қойылатын шарттарды белгілеуді талап етеді.
Орта бизнес субъектілері бағалы қағаздар бойынша кепілдіктер беру нысанында мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдарын пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Инвесторларға кепілдіксіз тәуекелді болып көрінетін жобаларға арнап жеке капитал тартуға кепілдіктер мүмкіндік береді. Кепілдіктерді даму институттары купондық сыйақының және облигациялар бойынша негізгі борыштың бүкіл сомасына немесе оның белгілі бір бөлігіне бере алады.
Компаниялардың қор нарығына шығуға жұмсайтын шығыстарын өтеу, инвесторлар үшін сапалы сараптаманы сүйемелдеу және ұсыну бағалы қағаздарды шығару және эмитенттер арасында орналастыру жөніндегі шығасыларды азайтады.
Жеке орналастыруға арналған облигациялар, борышты өтеудің икемді шарттары бар инвестициялық облигациялар, «жасыл» қаржыландыру құралдары және клирингтік қатысу сертификаттары сияқты жаңа құралдар түрлерін енгізу жеке сектор компанияларының қор нарығы арқылы қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ұлттық компаниялардың Initial Public Offering (акцияларды бастапқы орналастыру, бүдан әрі - ІРО) өткізу қор нарығындағы бағалы қағаздар ұсыныстарын кеңейтеді. Қазақстанның қалалары мен өңірлеріндегі кең ауқымды роуд-шоулар мен өтінімдерді жинау үшін жеткілікті уақыт кезеңін ұсыну бөлшек және институционалдық инвесторлардың ІРО-ға кеңінен қатысуын қамтамасыз етеді.
Жеке және квазимемлекеттік компаниялардың жаңа ІРО-лары қазақстандық қор нарығын жаһандық капитал нарықтарында ілгерілетуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Нәтижесінде Қазақстанның МSСІ (Morgan Stanley Capital International, Морган Стенли Капитал Интернешнл) және FTSE (Financial Times Stock, Файненшнл Таймс қор биржасы индексі) халықаралық индекстеріндегі сыныптамасы «Emerging Markets»-ке («Дамушы нарықтар») дейін қайта қаралатын болады, халықаралық индекстердің құрылымын ұштастыратын пассивті инвестициялар қорларының қазақстандық компаниялардың акцияларына сұранысы мен инвестициялары ұлғаяды.
Банктік емес секторды дамыту
Қаржылық инклюзияны және халық, микро және шағын бизнес үшін базалық қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін дамыту үшін банктік емес кредит беру мен шағын қаржыландыру секторы жандандырылатын болады.
Халық үшін қаржылық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін ұлғайту, заңсыз қаржылық және алаяқтық операцияларды жүргізуге қарсы іс- қимыл жасау және көлеңкелі экономиканы одан әрі қысқарту мақсатында секторды, банктік емес микроқаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жүйесі жақсартылады.
Мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың тиімділігін арттыру және олармен микро- және шағын бизнес субъектілерінің басым бөлігін барынша қамту үшін банктік емес сектор экономиканың басым салаларын, ең алдымен, агроөнеркәсіптік кешенді қолдаудың дағдарысқа қарсы бағдарламаларын іске асыруға тартылатын болады.
Қаржылық технологияларды дамыту және инновацияларды енгізу
Қаржы нарығындағы бақылау мен қадағалау сапасын арттыру, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау шеңберінде өзара іс-қимылдың қарапайым және түсінікті форматтарын дамыту, тиімді деректер орталығының қадағалауын қалыптастырудың негізінде қаржы ұйымдарының реттеушілік талаптарды сақтауына мониторинг жүргізу үшін жаңа технологиялар енгізілетін болады.
Қаржы технологиялары мен инновацияларды одан әрі дамыту мақсатында қаржы нарығы субъектілерінің қаржылық көрсетілетін қызметтерін тұтынушылармен өзара іс-қимылының жаңа цифрлық арналарын енгізу, қаржы нарығының цифрлық инфрақұрылымын дамыту және қаржылық технологиялар нарығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады.
Тұтынушыларды қорғауды жақсарту мақсатында қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылармен жұмыс істеу, халықтың қаржылық сауаттылығы мен хабардарлығын арттыру мақсатында цифрлық технологияларды пайдалану үшін ыңғайлы мультиарналы орта қалыптастырылатын болады.
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді жаппай пайдалану және цифрлық қаржы сервистерін дамыту үшін өзара тиімді негізде қаржы нарығына қатысушыларды, банктік емес төлем ұйымдарын тарта отырып, қашықтан сәйкестендіру жүйесін, ұлттық төлем жүйесін пайдалануды қоса алғанда, қаржы инфрақұрылымын құру және дамыту жөніндегі жүйелі шаралар іске асырылуда.
Бұл нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге, саланың жалпы шығасыларын азайтуға және ел ауқымында қолма-қол ақшасыз төлем қызметтерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Инновациялық сервистерді енгізу және пайдалану үшін, оның ішінде QR кодтары мен биометрия бойынша төлемдер жасауға құқықтық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалатын болады.
Нарыққа қатысушылардың өзара іс-қимыл жасасуы үшін ашық алаңдар технологияларын (Open API және Open Ваnking - ашық банкинг) енгізуге нарықты ынталандыру ашықтықты арттырудың, бәсекелестікті және қаржы нарығындағы коллаборацияны ынталандырудың, инновациялық қаржылық-технологиялық өнімдер мен сервистерді құрудың маңызды элементтеріне айналады.
Қаржылық көрсетілетін қызметтер мен қаржылық инклюзияны тұтынушылардың құқықтарын қорғауды арттыру
Тұтынушыларды банктік емес қаржы ұйымдарының жосықсыз әрекеттерінен және алаяқтықтан қорғауды қамтамасыз ету, тұтынушылардың қаржы қызметтеріне сенімін арттыру, тұтынушылардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіретін жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік органдардың алаяқтық схемалар мен қаржы пирамидаларын анықтау жөніндегі реттеуші және үйлестіру жүмысы күшейтілетін болады.
Азаматтардың түрлі санаттарының, оның ішінде мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың қаржылық көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуін жеңілдету үшін қаржылық қызметтер көрсетудің арнайы талаптары мен стандарттары белгіленетін болады. Бүл үшін қаржылық инклюзияның халықаралық стандарттарын бейімдеу жөніндегі шаралар қолданылады, оларды ескере отырып кедергілер жойылады, қашықтан сәйкестендіру мен түпнұсқалаудың биометриялық әдістері арқылы құжатсыз және қашықтан халыққа қызмет көрсетуге кезең-кезеңмен көшу, сондай-ақ қаржылық көрсетілетін қызметтер алуды оңайлататын жағдайлары енгізіледі.
Қаржы нарығының барлық секторында - банктік, микроқаржы, сақтандыру және басқаларында азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету ескерілетін қызмет көрсету стандарттары әзірленетін болады.
Қаржы ұйымдарының әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында қаржылық инклюзияны кеңейту шеңберінде қаржы ұйымдарының мүмкіндігі шектеулі адамдар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыруға, олардың әлеуметтік өмірден оқшаулануына жол бермеуге бағытталған реттеу шаралары енгізіледі.
Қаржы нарығындағы киберқауіптерге жедел ден қою тетігі іске қосылады, ол қаржы нарығының субъектілері және қауіпсіздік орталығы атынан қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган арасында салалық ақпараттық ақпараттық қауіпсіздік мәселелері бойынша автоматтандырылған өзара іс-қимылды көздейді.
17-міндет. Инвестициялар тартудың жаңа тәсілдерін енгізу
Инвестициялардың ағынын ынталандыру үшін жаңа жүйелі тәсіл қолданылатын болады. Саясат инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту, сондай-ақ инвестициялық қызметті реттеудің ашықтығын арттыру арқылы инвестицияларды тарту және тұрақтату үшін одан әрі қарай қолайлы жағдайлар жасауға бағытталатын болады.
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2025 жылға қарай 30 млрд АҚШ долларына дейін, негізгі капиталға инвестициялар - ЖІӨ-ге шаққанда 30%-ға дейін ұлғаяды.
Көліктік қолжетімділікті дамыту үшін визалық режимді одан әрі жеңілдету бойынша кешенді шаралар қабылданады.
Экономика үшін маңызды инвестициялық жобаларды іске асыратын стратегиялық инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялар берудің ерекше шарттары мен тәртібін көздейтін инвестициялар туралы келісім жасасуға мүмкіндік беріледі, олар оның ішінде АХҚО құқығымен (оның ішінде даулардың АХҚО соты және төрелігі юрисдикциясы) реттелетін болады.
Салық салудың қолайлы режимін реттеу және қамтамасыз ету үшін (трасттар, жеке қорлар, холдингтік компаниялар, арнайы мақсаттағы компаниялар) ағымдағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Ең үздік әлемдік практикаларға сәйкес нормативтік базаны жетілдіру және инвестициялық салықтық резиденттік бағдарламасы процестерін автоматтандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Инвесторлармен өзара іс-қимыл жасасу кезінде әділдік және тең құқылық қағидаттарын орындау, экспроприациядан қорғауды қамтамасыз ету, барынша қолайлы режимге кепілдік беру қамтамасыз етілетін болады.
АХҚО юрисдикциясын ілгерілету және оған деген сенімді нығайту, оның ішінде келісімшарттарға үлгілік ескертпелерді енгізу, прецеденттерді қалыптастыру, сондай-ақ жетекші халықаралық төрелік орталықтарымен, жергілікті және шетелдік соттармен ынтымақтастық және іскерлік қатынастар орнату жөніндегі жұмыс жалғасады.
Елдік инвестициялық бағдарламаларды ескере отырып, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша тиісті ұсынымдар әзірленетін болады. Стратегиялық инвесторларды таргеттеу және экономика салаларында жаңа экожүйелерді қалыптастыру бойынша шаралар қабылданатын болады.
Қазақстанның елшіліктері мен шетелдегі өкілдіктерінен бастап инвесторлармен тікелей нақты өңірлердегі жұмысқа дейінгі тізбекті қамтитын инвестицияларды тартудың пәрменді «өтпелі» жүйесі құрылатын болады. Бұл үшін инвесторларды тарту мен қолдаудың, инвестициялық жобаларды іске асырудың бүкіл институционалдық жүйесі толығымен қайта іске қосылатын болады.
9-жалпыұлттық басымдық. Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту
Басымдықтың мәні: ішкі және сыртқы міндеттерді үйлесімді ұштастыру, Қазақстанның нақты бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру және оның әлемдік экономикалық қоғамдастықтың жауапты қатысушысы ретіндегі мәртебесін нығайту.