Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде қатысу өтілі мен төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтіледі:кірістерді ауыстыру
коэффициенттері (жұмысынан айырылу, асыраушысынан айырылу, еңбекке қабілеттілігінен айырылу) ұлғайтылады, төлемдердің ұзақтығы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі - ЭЫДҰ) елдерінің деңгейіне (жұмысынан айырылу) дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылады.
Әлеуметтік төлемдерді цифрландыру шеңберінде азаматтың цифрлық «әлеуметтік эмияны» енгізіледі.
Қызметтер көрсетуде өтінім беру тәсілінен проактивті тәсілге көшу арқылы атаулылықты күшейтуге қол жеткізілетін болады. Мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелер арқылы аз қамтылған азаматтарды айқындай отырып, ауылдық жерлерге баса назар аудару арқылы халықтың мұқтаж санаттарын дербес анықтайтын болады.
Аутсорсинг шеңберінде жеке және азаматтық сектор ұйымдары мұқтаж адамдардың әлеуметтік тіркелімін қалыптастыра отырып, нысаналы контингентті айқындайтын болады, оның негізінде көрсетілетін қызметтерге және қаржыландыру көлеміне қажеттілік айқындалады.
Әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мұқтаж адамның жұмыспен қамтылмаған отбасы мүшелерін тарту және қонақ ететін отбасылардағы патронаттық күтім; әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, қалалар мен ауылдарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі —МЖӘ) қағидаттары негізінде құрылатын шағын көпбейінді үйлер, сондай-ақ шалғай ауылдардағы «мобильді қызметтер» негізінде жеке сектор; мемлекеттік мамандандырылған интернат-үйлер есебінен күшейтілетін болады.
Жеке сектордың сапасын және тартылуын күшейтуге көрсетілетін қызметтердің жаңартылған стандарттары мен экономикалық тұрғыдан ақталған тартымды тарифтер қызмет ететін болады. Стандарттарға көрсетілетін қызметтерді ұсынудың көлемі, мерзімдері мен шарттары, олардың жан басына шаққандағы норматив негізіндегі құны, сапа индикаторлары мен ұсынылатын қызметтер нәтижелерін бағалау кіреді.
Көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру әлеуметтік қызметтердің мүмкіндіктеріне емес, мұқтаж адамдардың жеке қажеттіліктеріне қарай жүзеге асырылатын болады.
2-жалпыұлттық басымдық. Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі
Басымдықтың мәні: адамдардың денсаулығын жақсартуға, қолдауға және қалпына келтіруге, сондай-ақ қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына ықпал ететін орнықты денсаулық сақтау жүйесінің тұжырымдамасын дамыту.
2025 жылға қарай Қазақстандағы түбегейлі өзгерістер:
дәстүрлі денсаулық сақтау жүйесінен - азаматтар денсаулығының көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған пациент-бағдарлы медицинаға;
қалалық және ауылдық елді мекендер арасындағы медициналық қызмет көрсету сапасындағы теңсіздіктен - барлық жерде сапалы медициналық қызмет көрсетуге көшу.
1-міндет. Салауатты өмір салтын қалыптастыру
Халықтың денсаулық мәселелері бойынша сауатын арттыру және салауатты әдеттерді қалыптастыру мемлекеттің орнықты дамуының маңызды шарттарының бірі болады.
Жастардың репродуктивті денсаулығын сақтау мен нығайтуға ерекше назар аударылатын болады.
Үздік халықаралық практиканы ескере отырып, аурулардың алдын алуды, көмек көрсетуді және толыққанды оңалтуды қоса алғанда, балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын нығайту жөнінде шаралар қабылданады.
Барлық мектепке дейінгі, мектеп мекемелерінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында спортпен айналысу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалады.
Халықтың салауатты өмір салтын ұстануын қалыптастыру үшін әлеуметтік маңызы бар негізгі инфекциялық емес аурулардың алдын алу және оларға мониторинг жүргізу жөніндегі іс-шаралар іске асырылады.
Салауатты өмір салтын ұстану қағидаттары (дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану мүмкіндіктері және басқалары) әлеуметтік желілерде, мобильді қосымшаларда және басқа платформаларда кеңінен таратылып, ілгерілетілетін болады.
Халықты дене шынықтыру-спорттық тәрбиелеудің жалпыұлттық жүйесі жасалады, оның шеңберінде азаматтардың жеке ерекшеліктеріне қарай өндірістік гимнастиканы қоса алғанда, қозғалыс белсенділігінің көлемі бойынша ұсынымдар әзірленеді және енгізіледі.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің қолжетімділігі артады, олар халықтың тығыздығы, көлікке қолжетімділігі және спорттың дамып келе жатқан түрлері ескеріліп орналастырылады.
Барлық жастағы азаматтарды тарта отырып, түрлі спорт секциялары, бұқаралық жарыстар белсенді дамиды.
2-міндет. Медициналық көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру
Халықты сапалы медициналық көрсетілетін қызметтермен кеңінен қамту денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру көлемін барлық көздерден ЖІӨ-нің 5 %-ына дейін ұлғайту есебінен қамтамасыз етіледі.
Денсаулық сақтау қаржыландыру көздерін әртараптандыру мен ұлғайту тарифтік және келісімшарттық саясатты жетілдіру, жеке инвестициялар мен МЖӘ тартуды ынталандыру, жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін дамыту арқылы жүзеге асырылатын болады.
Медицина қызметкерлерінің барабар жалақысын, құрал-жабдықтың тозуын, дамуға аударымдарды және басқаларды қамтитын, медициналық қызметтерді жұмсалатын өтеуге арналған тарифтер қайта қаралатын болады.
Денсаулық сақтауды қаржыландырудың басым бағыттарының қатарына педиатриялық көмекті нығайту, ғылым мен медициналық білім беруді дамыту, инновациялық технологияларды енгізу және медициналық ұйымдарды салуға, оның ішінде МЖӘ тетіктері бойынша салуға жұмсалатын инвестициялық шығындарды өтеу кіреді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі - МСАК) едәуір мобильді және халықтың қалың көпшілігіне, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болады.
Шалғай өңірлер үшін көлік медицинасы жұмыс істейтін болады. Тірек және серіктес ауылдық елді мекендер фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз етіледі. Ауылдық медициналық ұйымдар заманауи жабдықтармен 100% жарақтандырылады.
«Негізгі ауруханалар-2025» жобасы шеңберінде облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада МЖӘ схемасы бойынша заманауи 20 медициналық орталық және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 2 ғылыми-инновациялық көпбейінді клиника салынады.
Тозған, ескірген шағын және аясы тар стационарларды жаңа объектілер мемлекеттік сектордың саладағы үлесін арттырмай алмастырады. Бұл бүкіл ел бойынша денсаулық сақтаудың басты инфрақұрылымын жаңартады, өңірлерде жаңа медициналық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, пациенттердің шетелге кетуін азайтады және шетелдік азаматтарды тартады. Құрылатын желі ғылымның, білімнің және клиникалық қызметтің үштұғырлылығы үшін медициналық жоғары оқу орындарының клиникалық базасы болады.
Мемлекеттік медициналық ұйымдарды қажетті жабдықпен толық жарақтандыру, облыс орталықтарының ірі көпбейінді ауруханаларының негізгі төсек қорын 50 %-ға жаңарту және ескірген инфрақұрылымды ауыстыру пациентке, оның ішінде инфекциялық және инфекциялық емес аурулары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетуге жоғары әзірлікті қамтамасыз етеді.
Ауруларды басқару бағдарламасымен (бұдан әрі - АББ) халықты қамтуды және аурулар тізбесін кеңейту пациенттерді тартуға және олардың өз аурулары, денсаулықты сақтау тәсілдері туралы білімін арттыруға мүмкіндік береді. Оны іске асыру инфекциялық емес аурулары бар адамдардың өмір сүру сапасын арттырады және жоғары шығынды шұғыл және стационарлық медициналық көмек көрсетуді бақылауға мүмкіндік береді.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде жаңа вакциналарды енгізе отырып, халықты қауіпсіз және тиімді вакцинациялаумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жалғастырылатын болады.
Озық халықаралық тәжірибе негізінде онкологиялық ауруларды тиімділігі жоғары ерте диагностикалау және емдеу қамтамасыз етіледі.
Динамикалық байқауға байланысты тиімділікті арттыру және шығындарды азайту үшін созылмалы ауруларды басқару қашықтықтан диагностикалау және амбулаториялық емдеуге көшу арқылы жүзеге асырылады.
Медициналық көмекті сыртқы және ішкі клиникалық алқалық бағалау жүргізілетін болады, ал бейінді клиникалық қызметтердің үйлестіру кеңестерінің жүмысы дэлелді медицинаға негізделетін болады.
Нәресте өлімін және мүгедектікті азайту мақсатында жүктіліктің ерте мерзімдерінде де, неонаталдық кезеңде де генетикалық патологияларды анықтау бойынша диагностикалық рәсімдер кешені кеңейтіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі - МӘМС) жүйесі азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, халықтың денсаулығын қорғау үшін ортақ жауапкершілікті қамтамасыз ету және әлеуметтік тәуекелдерді барынша азайту қағидаттарын сақтай отырып іске асырылатын болады.
3-міндет. Кадрлық әлеуетті және ғылыми медицинаны дамыту
Медицина кадрларын жоспарлау және болжау үшін өңірлер, ұйымдар мен мамандықтар бөлінісінде денсаулық сақтаудың кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесі құрылады.
Медициналық ұйымдар мен медициналық білім беру ұйымдары жұмыскерлерінің мәртебесін арттыруға әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту және ынталандыру тетіктерін жетілдіру, төтенше жағдайлар кезеңінде және одан кейін денсаулық сақтау жұмыскерлерін қалпына келтіру бағдарламасын іске асыру есебінен қол жеткізілетін болады.
Тұтас алғанда, медицина қызметкерлерін заңдық және қаржылық қорғау жүйесі жасалатын болады.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемінің ұлғаюы мен МӘМС жүйесінің дамуы есебінен дәрігерлердің жалақысы 2,5 есе көбейеді.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемін ұлғайту және МӘМС жүйесін дамыту есебінен дәрігерлердің жалақысы кемінде 561 мың теңгені, ал орта медицина персоналының жалақысы 210 мың теңгені құрай отырып, 2,5 есеге ұлғаяды.
Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми-зерттеу әзірлемелерін іске асыру үшін әкімшілік кедергілерді азайту ғылыми әлеуетті, оның ішінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласында әлеуетті дамытуды ынталандырады.
Сұранысқа ие медициналық мамандықтар мамандарын кәсіби даярлау, сондай-ақ үздіксіз кәсіби дамудың тиімді жүйесін енгізу негізінде салада жұмыс істейтін мамандардың құзыреттерін дамыту жетілдірілетін болады.
Практикалық денсаулық сақтау кадрларына қажеттілік жойылады және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, сондай-ақ өңірлер деңгейінде сұранысқа ие медициналық мамандықтар мамандарын даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғая.
Цифрлық медицина мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу елде дербестендірілген медицинаны (4Д-медицина) іске асыру үшін жағдай жасайды.
Дербестендірілген медицина клиникаға дейінгі кезеңде аурудың ағымын анықтауға және болжауға, алдын алу іс-шараларын орындауға мүмкіндік береді, сол арқылы алдын алуға болатын ауруларды емдеуге және оңалтуға жұмсалатын шығындарды азайтады.
4Д-медицинаны іске асыруда негізгі рөлді генетикалық зертханалар мен биобанктер, медициналық ақпараттық жүйелер мен жасанды интеллект атқарады. Үлкен деректер базасы бар дербестендірілген медицина саласында клиникалық зерттеулер жүргізу үшін биобанк құрылады.
Медицина ғылымы ұлттық денсаулық сақтау жүйесін халықтың барлық осал топтары үшін аурулардың алдын алуға, жинақтаушы технологиялармен денсаулықты сақтауға арналған тиімді әзірлемелермен және шешімдермен қамтамасыз етуге бағытталады.
Отандық фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жүйесі қалыптастырылады, оның шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың отандық нарыққа қолжетімділігін жақсарту үшін ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде мемлекеттік тіркеу, сатып алу, қауіпсіздік пен сапаны бағалау (сертификаттау), патенттік қорғау, тізімдерді қалыптастыру және ұзақ мерзімді шарттар жасасу бойынша қолданыстағы рәсімдер жеңілдетіледі. Бұл 2025 жылға қарай отандық фармацевтикалық өндіріс үлесін құндық көлемнен 50 %-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Медициналық туризмді дамыту шеңберінде елдің медициналық және санаторий-курорттық ұйымдарында медициналық қызметтер алу үшін шетелдік азаматтарды тарту инвестициялардың ағынына, Қазақстанның әлемдік нарықта танылуына, денсаулық сақтау жүйесінде жеке сектордың дамуына ықпал ететін болады.
4-міндет. Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық кеңістігін құру
Денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігін, сапасы мен тиімділігін арттыру, аурулардың алдын алу, қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту Деректер мен процестерді цифрландырудың кешенді жүйесіне негізделетін болады.
Кешенді цифрлық деректер клиникалық және басқарушылық шешімдерді интеграцияланған қолдаудың, медициналық көмектің, ғылыми зерттеулердің сапасы мен тиімділігін бағалаудың негізгі көзіне айналады. Қолданыстағы деректерді жинау инфрақұрылымы оларды алмасу және өңдеу құралдарымен толықтырылады.
Медицина жұмыскерлері мен пациенттер медициналық көмек көрсету орнына қарамастан, денсаулық туралы қажетті деректерге қорғалған және қауіпсіз қолжетімділік ала алады.
Қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді, денсаулық сақтауда роботтандырылған әдістер мен жасанды интеллектті енгізу, мобильдік цифрлық қосымшаларды пайдалану бойынша жобаларға қолдау көрсетіледі.
Қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер денсаулық сақтау жүйесінің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруды қамтамасыз ете отырып, медициналық көмек көрсетудің дағдылы процестеріне интеграцияланатын болады.
Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың ақпараттық жүйесін және кәсіпорынның электрондық санитариялық паспортын әзірлеу мен енгізу санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмысының негізгі бағыттарын цифрландыруға, жосықсыз кәсіпорындарды айқындай отырып, субъектілердің санитариялық талаптарды орындауына мониторинг жүргізуге, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүмысының ашықтығын қамтамасыз етуге және басқарушылық шешімдер жедел қабылдауды жылдамдатуға мүмкіндік береді.
Ұлттық электрондық денсаулық паспорттары және «медициналық мекемелердің электрондық паспорттары» жасалады, рецептілерді электрондық форматқа ауыстыру, қашықтықтан медициналық қызметтерді енгізу жөніндегі кешенді шаралар, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың деректер базасы іске асырылады. Халықтың деректерін қорғау дербес медициналық деректерге қолжетімділікті шектеу арқылы жүзеге асырылады
Тұтас алғанда, саланы цифрландыру анық медициналық статистиканы қалыптастыруға ықпал ететін болады.
3-жалпыұлттық басымдық. Сапалы білім
Басымдықтың мәні: ел дамуының жаңа бағытын іске асыру үшін адам капиталын дамыту.
2025 жылға қарай Қазақстандағы түбегейлі өзгерістер:
тұрғылықты жеріне және әлеуметтік мәртебесіне байланысты білім беру сапасындағы алшақтықтан - сапалы білім алуға қолжетімділікті теңестіруге;
сапалы білім беру инфрақұрылымының тапшылығынан - қазіргі заманғы санитариялық нормаларға, қауіпсіздікке, жарақтандыру стандарттарына сәйкес келетін объектілермен толық қамтамасыз етуге;
педагог кадрлардың тапшылығынан - педагогтің орнына бәсекелестікке;
дәстүрлі оқыту бағдарламаларынан - білім алушыларды болашаққа дайындау, өмір бойы дағдылар мен құзыреттерді тұрақты жетілдіру ынтасына;
ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың жеткіліксіздігінен әлемдік ғылыми кеңістікке шыға отырып, отандық ғылымның прогрессивті технологиялық шешімдерін өндірістік және өнеркәсіптік секторға енгізуге;
сапалы ғылыми инфрақұрылымның тапшылығынан үздік әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жабдықтармен жарақтандырылған объектілермен толық қамтамасыз етуге;
ғылымды толық мемлекеттік қаржыландырудан ғылымға жеке инвестициялардың үлесін ұлғайтуға көшу.
1-міндет. Білім беру саласындағы қолжетімділік пен теңдікті қамтамасыз ету
Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу үлкен маңызға ие болады. Мектепке дейінгі білім беру жүйесі көп жағдайда оқушылардың кейінгі нәтижелерін айқындайды. Сондықтан мектепке дейінгі мекемелерде балаларды әлеуетті 100 % қамту есебінен орындардың нақты қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды дербес мектепке дейінгі тәрбиелеу қызметтеріне қол жеткізу, үйдегі тәрбиешілер институтының тәжірибесін қолдану («әлеуметтік бала күтуші») қамтамасыз етіледі.
Барлық білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалады.
Оқытудың дәстүрлі нысаны негізгі нысан болып табылады, бұл ретте жеке тәртіп бойынша қашықтықтан оқытуға рұқсат етіледі.
Білім берудің барлық деңгейлерін дамытудың міндеттері қолжетімді «Өмір бойы оқыту» моделін сапалы іске асыру болады.
ТжКБ жүйесі кепілдендірілген бірінші кәсіп дағдыларын алу, ішкі көшіп-қонушыларды қала экономикасына бейімдеу, сондай-ақ сектораралық ағындар кезінде жаңа талаптарға жұмыс күшін бейімдеу жөніндегі міндеттерді шешуге бағытталатын болады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде тегін кәсіби білім алуға тілек білдірушілердің барлығы толық қамтылатын болады.
Білім беру бағдарламалары жұмыс берушілерде сұранысқа ие сапалы кәсіби және әлеуметтік дағдыларды ұсынуға бағытталатын болады.
Кірісі төмен отбасылардан шыққан азаматтар мен жастардың әлеуметтік осал санаттарын қолдау үшін жоғары білімге ақы төлеуге жеңілдікпен кредит беру қолданылады.
Бейресми білім берудің баламалы нұсқалары, дербес оқыту нәтижелерін тану, кәсіби дағдыларды сертификаттау енгізіледі.
«Күміс университеттер» және «Stackable degree» (үлгайтылатын дәрежелер) кеңінен дамытылады, бүл халыққа сертификатталган курстардан ыңғайлы қарқынмен өтуге мүмкіндік береді.
2-міндет. Оқыту үшін қолайлы жағдайлар мен орта жасау
2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салынады. Бұл апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер проблемасын, контингенттің өсуі ескеріліп оқушы орындарының тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Мектептерді салу, реконструкциялау және реновациялау қазіргі заманғы санитариялық нормаларды, қауіпсіздік стандарттарын, жарақтандыруды және эргономиканы ескере отырып жүзеге асырылады.
Таңдау бойынша мектепке дейінгі және мектеп ұйымдарының қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржыландырудың ваучерлік тетігін енгізуді қоса алғанда, балабақшалар құрылысына жеке бизнесті тарту үшін қолдаудың жаңа нысандары әзірленеді.
Қала құрылысы қағидаларына, бас жоспарлар мен елді мекендерді егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарларына білім беру объектілерін орналастыруға басымдық беретін өзгерістер енгізіледі.
Негізгі нысаналы көрсеткіш 2030 жылға қарай бір ауысымдық оқытуға көшу болады.
Әрбір өңірдегі білім беру мекемелері желісінің кеңістіктегі ұтымдылығы мен тиімділігі арттырылатын болады.
Демографиялық толқынның одан әрі төмендеуін ескере отырып, мектептер тірек ауылдық елді мекендер мен аудан орталықтарындагы негізгі қоғамдық аймақтар ретінде жобаланатын болады.
Тірек ауылдар мен аудан орталықтарында шағын ауылдардың балаларын интернаттарда немесе патронат отбасыларда тұру үшін орындармен 100 % қамту қамтамасыз етіледі.
Барлық мектеп ғимараттары санитарлық тораптармен, компьютерлермен (1:5 есебінен) жабдықталады, Интернетке қол жеткізу жылдамдығы 50 МГб/сек төмен емес және лимиттелмеген трафикпен қосылады. Барлық мектептерде қазақстандық өндіріс жабдықтарын қолдана отырып, оқу сымсыз желілері өрістетілетін болады.
Бірыңғай интеграцияланған білім беру онлайн-платформасы жобасы іске қосылады.
Цифрлық білім беру ортасы дәстүрлі баламасына қарамастан, қажет болған жағдайда оны толықтыра отырып, мұғалім мен оқушылар арасындағы коммуникацияның және қайтымды байланыстың жаңа арналарына қолжетімділікті аша отырып, жұмыс істейтін болады.
Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім берудің интеграцияланған бағдарламаларын іске асыратын цифрлық үздіксіз білім беру институттары құрылатын болады.
Цифрлық құзыреттер барлық кәсіби стандарттардың міндетті элементі болады. Өз кезегінде цифрлық құзыреттер қазақстандық цифрлық сауаттылық сертификатымен расталатын болады. Ол үшін барлық облыс орталықтарында халықаралық білім беру стандартына сәйкес келетін аккредиттелген тест орталықтары жұмыс істейтін болады.
Білім берудің барлық деңгейлерінде ұлттық стандарттар мен сертификаттауға, жұмсақ дағдыларды («soft skills») дамыту5а байланысты мемлекеттік және орыс тілдерінде халықтың барлық санаттары үшін оқыту ресурстары мен бағдарламаларының барынша көп санына стационарлық және мобильді құрылғылардан қол жеткізу қамтамасыз етілетін болады.
Жоғары оқу орындарының экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында елде шетелдік кампустарды ашу үшін жағдайлар жасалатын болады.
Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық өңірлік жоғары оқу орны ашылатын болады.
20 университеттің базасында тиісті қаржыландыруды бөле отырып, Академиялық артықшылық орталықтары құрылады және жұмыс істеп тұрған ғылыми-зерттеу институттары қайта жүктелетін болады. Бұл жоғары оқу орындарының зертханалық базасын жаңартуға, шетелдік топ-менеджерлерді, ғалымдарды және т. б. тартуға мүмкіндік береді.
3-міндет. Білім беру сапасын арттыру
Оқытудың инновациялық бағдарламалары мен ойын нысандарының болуы мектепке дейінгі мекемелердің жұмыс істеуінің міндетті шарты болады. Жаңа бағдарламалар баланың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып жасалады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңарту кезінде бастауыш біліммен бірдей тәсілдер мен ұғымдар (құндылықтар, дағдылар, білім беру салалары, меңгеру дәрежесі) пайдаланылатын болады. Білім беру мазмұнына барлық жас топтары мен сыныптарда мазмұнды біріктіру тәсілі ретінде «өтпелі тақырыптар» енгізіледі.
Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу сапасына мониторинг енгізілетін болады. Жұмыс істеу құқығы мектепке дейінгі қызметтердің сапасын жетілдіретін және жақсартатын мектепке дейінгі ұйымдарға беріледі.
Сапаны арттыру, сондай-ақ толыққанды дамытушы және қауіпсіз орта құру, білім беру процесін жүзеге асыру жағдайларын қамтамасыз ету, нормалар мен қағидаларды сақтау, тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау, педагог жұмыскерлердің білім беру цензі және штаттарды жасақтау үшін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын кезең-кезеңімен лицензиялау енгізілетін болады.
Бұл ретте барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттауды қайта бастауды ескере отырып, білім беру қызметін
лицензиялау тәсілдері қайта қаралуға тиіс.
Мектептегі білім беру бағдарламаларына оқушылардың эмоционалды, физикалық және психикалық әл-ауқатының негізі болатын тұрақты даму, шығармашылық сана, салауатты психоэмоционалды даму компоненттері енгізіледі.
Оқушылардың ойлау дағдыларын қарапайым деңгейден (білу, түсіну, қолдану) жоғары деңгейге дейін (талдау, синтездеу, бағалау) қалыптастыру, пәнаралық байланыстарды барынша тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін «өтпелі тақырыптардың» болуы маңызды болады.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында экологиялық тәрбие, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі білім деңгейі және экологиялық құндылықтарды сіңіру артады.
Оқушылар мен студенттерді экологиялық тәрбиелеу, олардың қоршаған ортаны қорғау туралы білім-білігі деңгейін көтеру және экологиялық құндылықтарды бойына сіңіру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
ТжКБ жүйесінде ТжКБ ұйымдарының тиімді басшыларын анықтауға және олардың көшбасшылық қабілетін дамытуға бағытталған «ТжКБ көшбасшылары» («Corpus of TVET leaders») жобасы іске қосылады.
Жұмыс берушілердің қызметкерлерге қоятын талаптары көрсетілген кәсіптік стандарттарды әзірлеу бойынша жұмыс жалғастырылады. Берілген кәсіптік стандарттарды негізге ала отырып, ТжКБ жүйесінде, сол сияқты жоғары білім беру жүйесінде білім беру бағдарламалары қайта қаралатын, әзірленетін және бейімделетін болады.
ЖОО мен колледждердің барлық бағдарламалары кәсіби стандарттарды ескере отырып жаңартылатын болады.
ТжКБ ұйымдарына еңбек нарығы мен жұмыс берушілердің сұраныстарына икемді ден қою үшін ұстауда академиялық еркіндік берілетін болады. Колледждерде кәсіптік білім беру мен оқыту үшін еуропалық кредиттік технология бейімделетін болады.
Білім беру бағдарламаларының мазмұны білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз етеді және ұқсас біліктіліктер бойынша білім берудің келесі деңгейінде оқыту нәтижелері мен кредиттерді қайта сынақтан өткізеді.
«Жас маман» жобасы шеңберінде жарақтандырылған колледждер базасында кадрларды озық даярлау үшін құзырет орталықтары құрылады.
«Студентке ақша» қағидаты бойынша колледждерге қабылдаудың жаңа форматы енгізіледі. Нәтижесінде колледждердің арасында ашықтық және бәсекеге қабілеттілік қамтамасыз етіледі.