ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ
ЖАРЛЫҒЫ
«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы
ҚР Президентінің 2024 жылғы 30 шілдедегі № 611 Жарлығымен күші жойылды
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2018 ж., № 5-6-7, 20-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы»;
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын басшылыққа алсын және оны іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын.»;
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті | Қ. ТОҚАЕВ |
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 26 ақпан
№ 521
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2021 жылғы 26 ақпандағы
№ 521 Жарлығына
ҚОСЫМША
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2018 жылғы 15 ақпандағы
№ 636 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2025 ЖЫЛҒА ДЕЙІНГІ
ҰЛТТЫҚ ДАМУ ЖОСПАРЫ
1. Кіріспе
2. Жаһандық үрдістерді талдау
3. Іске асырудың негізгі қағидаттары
4. Іске асыру тәсілдері және күтілетін нәтижелер
1-жалпыұлттық басымдық. Әділ әлеуметтік саясат
2-жалпыұлттық басымдық. Қолжетімді және тиімді денсаулық сақтау жүйесі
3-жалпыұлттық басымдық. Сапалы білім
4-жалпыұлттық басымдық. Азаматтардың мүдделерін қорғайтын әділ және тиімді мемлекет
5-жалпыұлттық басымдық. Мемлекеттік басқарудың жаңа моделі
6-жалпыұлттық басымдық. Патриотизм құндылықтарын дәріптеу
7-жалпыұлттық басымдық. Ұлттық қауіпсіздікті нығайту
8-жалпыұлттық басымдық. Әртараптандырылған және инновациялық экономика құру
9-жалпыұлттық басымдық. Экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту
10-жалпыұлттық басымдық. Теңгерімді аумақтық даму
1. Кіріспе
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары (бұдан әрі - Елдің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары) мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі бірінші деңгейдегі құжат болып табылады және Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.
2018 жылы қабылданған 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары елдің үшінші жаңғыру процестерін іске қосты, сол арқылы экономиканың сапалы өсуі мен өмір сүру деңгейінің жоғарылауы бойынша міндеттерді айқындады.
Алайда коронавирус инфекциясы пандемиясының таралуы және оны ауыздықтау шаралары соңғы жүз жылдағы ең ауыр ауқымды дағдарысқа алып келді. Осылайша пандемия мен жаһандық рецессияның ажырамас әсері Қазақстан дамуының негізгі сценарийін түбегейлі өзгертіп, «жаңа болмысты» қалыптастырды.
Сын-қатерлер ушыға түсіп, мынадай үрдістер күшейді: шикізаттық үлгінің бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуі; қоғам өмірі мен экономиканың барлық салаларын цифрландырудың жеделдеуі, технологиялық парадигма мен тұтыну құрылымының өзгеруі.
Қазіргі кездегі пандемия мен оның қайталану ықтималдығымен байланысты капитал мен шикізат нарықтарында белгісіздіктің жоғары деңгейі байқалып отыр.
Коронавирусты таралуын болдырмауға бағытталған шектеулердің сақталуына және соның салдарынан әлемдік сұраныс көлемінің төмендеуіне және протекционистік риториканың өсуіне байланысты сауда мен тікелей шетелдік инвестициялар көлемінің бұрын-соңды болмаған қысқаруы байқалып отыр.
Коронадағдарыстың салдары әлемдегі ең ірі экономикалар арасындағы сауда қақтығысының бастауына айналуы мүмкін.
Жаңа әлемдік тәртіпті қалыптастыру жағдайында жүйелік реформаларға Ұлт жоспары мен Бес институционалдық реформаға негізделген қуатты серпін қажет.
Мемлекет азаматтардың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру үшін кәсіпкерлік, зияткерлік және шығармашылық әлеуетін толық іске асыру мақсатында барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасауға ұмтылады. Осындай тиімді құралдардың бірі халықпен үнемі қайтымды байланысты қамтамасыз ететін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы болады.
Елдің 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының жаңа редакциясы коронадағдарыстың салдарын жоюға және анағұрлым орнықты және инклюзивті экономика үшін экономикалық өсуді жеделдету факторларын дамытуға бағытталған, елдің орта мерзімді кезеңдегі жаңа экономикалық бағдарының негізгі өлшемдерін қалыптастырады.
2. Жаһандық үрдістерді талдау
Әлемде СОVID-19 таралуы және оған қарсы күресте үшін қабылданған шектеулер, барлық дерлік салаларда іскерлік белсенділіктің төмендеуімен қатар әлемдік экономикаға елеулі әсер етіп отыр.
Дамудың одан арғы траекториясында және экономикаға әсер ету деңгейінде белгісіздіктің жоғары дәрежесі байқалады.
Бұл ретте жаһандық деңгейде қалыптасқан трендтердің жеделдеуі және жаңа үрдістердің пайда болуы атап отіледі, олар шешімдер қабылдау кезінде және 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірлеу кезінде ескерілуі қажет.
Қазақстан үшін өзекті әлемдік трендтер
Экономикалық трендтер
Орта мерзімді жаһандық өсу төмендеу жағына қайта қаралды. СОVID-19 пандемиясының салдарынан әлемдік экономиканың Ұлы күйзелістен кейінгі рекордтық құлдырауы болжанады, кейін баяу қалпына келудің ұзақ кезеңі тұр.
Әлемдік ЖІӨ өсуінің орта мерзімді кезеңде төмендеуі бейбіт уақытта бұрын-соңды болып көрмеген мемлекеттік қарыздың едәуір ұлғайтады.
Әлемдік мұнай нарығы пандемиядан айтарлықтай зардап шекті. Сұранысты қалпына келтіру перспективалары қайта қаралды, өйткені қозғалыстағы шектеулер сұраныстың үштен бір бөлікке төмендеуіне алып келді.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамдарына сәйкес Жаһандық сұраныстың ең жоғарғы шегіне ертерек қол жеткізумен мұнай нарығының біртіндеп қалпына келуі 2021-2023 жылдары күтілуде және ал 2030 жылы биікке шығады.
Бұл ілгерілеуге халық тарапынан көліктік және туризмнің көрсетілетін қызметтеріне қажеттіліктің төмендеуі, сол сияқты энергетика саласының трансформациялануы ықпал етеді.
Саланың өнімділігі төмендейді, бұл жобаларға ұзақ мерзімді инвестициялардың тәуекелін арттырады. Мұнай экспорттаушы елдердің айырбас бағамы мен бюджеттері елеулі қысымды бастан кешіреді.
Өзге биржалық тауарларға бағалар серпіні мұнайдікіне ұқсас болады. 2024-2025 жылдарға қарай алюминий мен мыстың дағдарысқа дейінгі бағасының, ал мырыш пен темір кені бағасының аталған мерзімнен кейін ғана қалпына келуі күтілуде. Бағалы металдардың бағасы оң серпінді көрсетеді.
Жаңа әлемдік сауда тәртібі қалыптасуда.
СОVID-19 пандемиясынан туындаған уақытша бұғаттау жаһандану процесін үзіп, өзін-өзі оқшаулау мен протекционизм трендтерін күшейтті.
Ғаламдық қосылған құн тізбегінің табиғаты өзгеруде - сенімділік пен орнықтылыққа көшу жүріп жатыр. Тізбектер анағұрлым қысқарып, әртараптандырылады, ішкі жеткізу арналары нығайып, жақын орналасқан аумақтарда («reshoring» және «nearshoring») өндірістердің қайтымдылығы және аутсорсинг бизнес-процестер үдейді.
СОVID-19 пандемиясы ғаламдық көліктік көрсетілетін қызметтер нарығының құрылымына да айтарлықтай өзгерістер енгізді.
Осылайша, авиакомпаниялар банкроттықтың шегіне жетті әрі олар перспективада өте баяу қалпына келеді. Қиындықтар теңіз және автомобиль көлігімен тасымалдауда пайда болды. Теміржол бағыттары өздерінің ең орнықты және тиімді екенін көрсетті: Еуропа мен ҚХР арасындағы жүк тасымалдары ұлғайды.
Оқшаулауға баса назар аудару дамушы нарықтардан капиталдың бүрынғыдан да көп кетуінің себебі болуы мүмкін.
Мұндай жағдай инвестициялық режимдерді қатаңдатуға, сондай-ақ шетелдік тікелей инвестициялар мен технологияларға қол жеткізу үшін жаһандық бәсекелестіктің айтарлықтай өсуіне алып келеді. Нәтижесінде тікелей шетелдік инвестициялар қысқарғанымен, «сауда қақтығыстарынан» тыс кішігірім елдерге әсері елеусіз болады.
Технологиялық трендтер
СОVID-19 пандемиясы қоғам мен экономиканы цифрландыру процесін қайтымсыз етті.
Виртуалды өзара іс-қимыл форматы күнделікті болып келеді. Цифрлық технологиялар бизнестің бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторына айналуда, электронды коммерция мен қаржылық технологияларға сүраныс өсуде, ал бірқатар салалар үшін цифрландырудан басқа балама да жоқ.
Тұғырнамалық шешімдерді дамыту формалды өзін-өзі жұмыспен қамтуды үлғайту үшін ынталандыру болып табылады.
Цифрлық көрсетілетін қызметтер цифрлық қоғамдастықтар шеңберінде ыңғайлы және шығыны аз шешімдерге негізделген бірлесіп пайдалану экономикасының өсуіне ықпал ететіні белгілі.
Жаңа вирустардың пайда болуымен байланысты белгісіздік денсаулық сақтау жүйелерінің даму деңгейіне жаңа талаптар қойып отыр.
Медициналық қызметтерді цифрлық технологиялар арқылы тиімді көрсетуге ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, бүл HealthTech (Денсаулық сақтау технологиясы) жобасына қатысты, осыған орай денсаулық сақтау ІТ-ға, телемедицина мен денсаулыққа арналған бағдарламалық қамтылымға сұраныс артады.
Автоматтандыруды, робототехника мен төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін енгізу жергілікті инфрақұрылым құруға арналған шығындар салдарынан баяулаған болатын, бірақ СОVID-19 пандемиясы бұл процесті жеделдетуде. Қазіргі заманғы қоғамның әл-ауқатының бүгінгі күнгі аса маңызды негізі кең таралған, қауіпсіз, жоғары сапалы және қолжетімді кең жолақты желі болып табылады.
Бизнес «жасыл» технологияларды іздестіруді, әзірлеуді және енгізуді жалғастыруда.
Ең алдымен денсаулық сақтау мен фармацияға байланысты ғылыми зерттеулерге сұраныс артты. Елдер, қаржы институттары мен әлемдік қаржы элитасы ғылыми орталықтарға қаржыландыру ұсыну құқығына бәсекелесуде.
Интернет-трафик көлемінің өсуіне және пайдаланушылардың онлайн форматқа жаппай көшуіне байланысты киберқауіпсіздіктің маңызы артып келеді. Барлық салаларда киберқылмыскерлер мен кибершабуылдар белсенділігі күрт артуда.
Әлеуметтік трендтер
Коронадағдарыс әлемдегі теңсіздіктің өсу трендін үдетті. Бұл, ең алдымен, нақты өзара іс-қимылға тәуелді салалардағы жұмыс күшіне сұраныс күрт төмендегендіктен, жұмыссыздықтың айтарлықтай өсуіне байланысты.
Әлеуметтік қорғау жүйесінде жүктеме артуда, әлеуметтік наразылық күшейіп, қылмыс өсуде.
Әсіресе «карантин ұрпағы» - тәжірибесі аз жас жұмыскерлер, түлектер мен студенттер зардап шегіп отыр.
«Білім экономикасының» қалыптасуынан туындаған еңбек нарығындағы құрылымдық өзгерістер жеделдей түсуде.
Процестерді автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізудің арқасында «икемді» дағдыларға - технологиялық, әлеуметтік-эмоционалды және жоғары когнитивтік қабілеттерге деген сұраныс күрт өсуде. Бұл адамдардың негізінен жұмыспен қамтылуы шығармашылық тәсілді, көбіне қашықтықтан іс-қимыл мен үйлестіруді қажет ететін күрделі автоматтандырылмаған міндеттерді орындауымен байланысты болатындығын көрсетеді.
Бизнес еңбекті аз қажет етіп, біліктілігі орташа және төмен жұмыскерлерге сұраныс бұрынғыдан да азаяды.
Қазіргі заманның жаңа қатері жеткізу тізбегінің үзілуіне байланысты азық-түлік дағдарысының қаупі болып отыр.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар елдер азық-түлік қорларын жинауға және 2008-2009 жылдардағы қаржылық дағдарыс кезеңіне қарағанда анағұрлым ауқымды көлемде экспорттық шектеулер енгізуге тырысуда.
Пандемия жануарларды қорғауға, оның ішінде олардың шығу тегін қадағалауда жүйесіне және ветеринарияға инвестиция салудың маңыздылығы туралы еске салды. Тренд өндіру мен ішкі өндіріс жағына қарай өсуде.
Көптеген елдердің үкіметтері денсаулық сақтау саласы мен оларды қаржыландыруды қайта қарауға мәжбүр болды. Бірде-бір елдің, оның ішінде дамыған елдердің де жүйесі пандемияға дайын болған жоқ.
Білім беру модельдерінің өзгеруі жалғасуды - өзін-өзі оқытудың, онлайн- платформалардың, ерте балалық шақта және өмір бойы оқудың рөлі артып келеді. Алайда бұл білім беру жүйесінде одан әрі теңсіздік тудырады: балалардың бір бөлігі, әсіресе, аз қамтылған отбасыларда немесе ауылдық жерлерде компьютерлер мен жоғары жылдамдықты интернеттің жетіспеуіне байланысты толыққанды қашықтықтан оқытуға қол жеткізе алмайды.
СОVID-19 пандемиясы табиғи өзара іс-қимылды едәуір шектеді және әлемдегі жаппай көші-қон процестерін тоқтатты: елдер шегінде тұрғындар мегаполистер мен ірі қалаларға көшуде.
Саяси трендтер
Әлемде шиеленістер державалар арасындағы қақтығыстардың өршу қаупіне байланысты күшейіп келеді. Қорғаныс пен қауіпсіздікке шығыстар артты.
Барлық форматтағы деструктивті идеологиялардың енуі күшейіп келеді, бұл қоғамның радикалдануы мен бөлінуіне, әлеуметтік капиталдың кемуіне алып келеді.
Мемлекет саяси жүйелерге тәуелсіз әлеуметтік қауіпсіздіктің кепілі болуға мәжбүр, өйткені азаматтардың едәуір бөлігі кедейшілік жағдайына оралды.
Көптеген елдердің саясаты кері реттеу арқылы араласуды азайтуға, институционалдық теңгерімді нарықтық қатынастар жағына ығыстыруға және дәстүрлі мемлекеттік үстемдік салаларында өзін-өзі реттеу тетіктерін кең ауқымда қолдануға бағытталатын болады.
Осылайша, негұрлым икемді, орнықты, азаматтарға қатысты ашық және қайырымды мемлекеттік секторға сұраныс артып келеді.
СОVID-19 пандемиясы халықтың барлық топтары үшін тең дәрежеде сапалы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қамтамасыз ету үшін жаңа процестер мен технологияларды енгізу қажеттігін анықтап берді.
Көптеген елдердің үкіметтері азаматтармен және бизнеспен байланыссыз өзара іс-қимылмен цифрлық трансформацияға бағыт алды.
Дағдарыстан кейін ынталандыру бағдарламалары мақсатқа жетудің тиімділігі түрғысынан қайта қаралатын болады, өйткені әлемде орын алған жағдай мемлекетке деген қоғамдық сенімнің маңыздылығын атап өтті.
Оны қолдау үшін тиімді коммуникациялардың, азаматтарды тартудың және ашықтықтың маңызы зор.
Осыған байланысты интернет-қоғамдастықтардың өзін-өзі басқару институттарын дамытудың және азаматтық белсенділікті арттырудың тиімді құралы ретіндегі маңыздылығы атап өтіледі.
3. Іске асырудың негізгі қағидаттары
Қазақстанның дамыған ел ретінде қалыптасуы мемлекеттің, халықтың және бизнестің тыныс-тіршілігінің ағымдағы моделінің барлық құрауыштарын трансформациялауды белсенді жалғастыруды талап етеді.
Ел дамуының жаңа моделінде мемлекеттік мүдделер азаматтың айналасында тоғысатын болады.
Қалыптасқан «жаңа болмысты» ескере отырып, Елдің 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспарының мәні - жүйелі реформалар топтамасын қайта іске қосу және оларды 2025 жылға дейін іске асыру қажеттілігі, мемлекеттің рөлін қайта ой елегінен өткізу және негізгі мемлекеттік саясатты қайта құрылымдау.
Реформалар жүргізудің халықаралық және ішкі тәжірибесін назарға ала отырып, 2025 жылға дейін дамудың жаңа моделіне көшуде «қайта оралмайтын нүктеден» өту қажет.
Дамудың жаңа моделін қалыптастыру 7 негізгі қағидатқа негізделеді:
игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу;
жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі;
әділ бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтар ашу;
өнімділіктің өсуі, экономиканың күрделілігі мен технологиялығын арттыру;
адами капиталды дамыту, жаңа типтегі білім беруге инвестиңиялар салу;
экономиканы «жасылдандыру», қоршаған ортаны қорғау;
мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілік.
Қағидатты өзгерістер:
халықтың қамқорлық күтуінен - жеке жауапкершілікке;
сандық өсудің басымдығынан - сапалы және түрақты өсу үшін жағдай жасауға;
мемлекеттің экономикалық қызметті реттеуінен - жеке бастаманы ынталандыруға және ең төменгі қажетті реттеуге.
Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының мақсаты барлық мүдделі тараптарды, оның ішінде халықты тарта отырып, бірлесіп іске асыруды көздейді.
Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыру, мониторинг және бағалау процестерінің маңызды құрамдас бөлігі азаматтық қоғамның қатысуы болып табылады. Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының белгілі бір міндеттерін іске асыруда қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы халықтың хабардар болуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруды қамтамасыз ету үшін негіз болып табылады.
Бизнес қажетті консультациялар беруге белсенді түрде қатысады, сондай-ақ операциялық тиімділікті арттыру, технологиялық жаңарту, қызметкерлердің құзыреттерін дамыту жөніндегі іс-шараларды жүргізу арқылы өз тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің өнімділігі мен сапасын арттыру үшін нақты істерді қолға алатын болады.
Азаматтық қоғам өкілдері халықтың қоғамдық санасын жаңғыртуға бағытталған іс-шараларға қатысады. Бірлесіп іске асыру реформаларды іске асырудың нақты тетіктерін, әрбір тараптың жауапкершілік аймағын айқындау үшін консультациялар өткізуді, пікір алмасуды, Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының мақсаттарына қол жеткізуді мониторингтеу тетігін құруды көздейді. Бұл ретте Елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарының аралық және қорытынды бағалауларын жүргізу барысында халықтың және бизнестің қабылданатын шаралардың нәтижелеріне қанағаттану деңгейін айқындау үшін әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі.
4. Іске асыру тәсілдері және күтілетін нәтижелер
1-жалпыұлттық басымдық. Әділ әлеуметтік саясат
Басымдықтың мәні: халықтың өнімді жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу, отбасыларды қолдауға бағытталған әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік жәрдемақылар бойынша барлық міндеттемелерді орындау.
2025 жылға қарай Қазақстандагы түбегейлі өзгерістер:
әлеуметтік қамтамасыз ету саласындағы көптеген заңнамалық актілерден - азаматтар тиісті саладағы құқықтары мен міндеттері туралы білімдерінің бірыңғай дереккөзіне;
әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің мәлімдеме нысанынан - өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды қызметтермен қамту кеңейту үшін анықтаушы нысанға;
дәстүрлі жұмыс форматынан - еңбек қатынастарының прогрессивті нысанын енгізу арқылы жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуға;
өнімсіз жұмыстан - мемлекеттік қолдау көрсетілетін жобаларды іске асыру кезінде жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға;
мамандықтар мен кәсіптер бойынша дәстүрлі оқытудан - еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар мен құзыреттерді алуға;
жұмыспен қамтуға жэрдемдесу қызметтерін көрсетудің жалпы форматынан - халықты жұмыспен қамтудың атаулы топтамалық шараларына.
1-міндет. Өнімді жұүмыспен қамтуды дамыту
Пандемиядан кейін еңбек нарығын қалпына келтіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын жаңғырту және жаңа, оның ішінде жұмыс берушілерді ынталандыру арқылы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Жұмыс орындарын, әсіресе, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құру жобаларды іске асыруға мемлекеттік қолдау көрсету кезінде басты өлшем шартқа айналады.
Жұмыс процестерін автоматтандыруға байланысты жаңа дағдыларға қажеттілік үнемі өз бетінше білім алу және біліктілікті арттыру үшін, оның ішінде жұмыс берушілердің қолдауымен жағдайлар жасау арқылы өтелетін болады.
Сыни тұрғыдан ойлау, талдау жасау және проблемаларды шешу қабілеті, белсенді оқыту, күйзеліске төзімділік және икемділік еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі дағдыларға айналады.
Еңбек қатынастарының прогрессивті нысандарын енгізу арқылы жұмыспен қамтудың икемді нысандары дамытылатын және қалыптастырылатын болады.
Қашықтықтан және қашықтан жұмыс істеу форматын пайдалану тәжірибесін кеңейту басқа өңірлерден келетін жұмыскерлерді жалдау рәсімін едәуір жеңілдетеді және жұмыс берушілерге оңтайландырылған қаражатты қызметкерлерді оқытуға жұмсауға мүмкіндік береді.
Жұмыссыз, нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған және біліктілігі төмен жалдамалы жұмыскерлер жаңа кәсіби дағдылар мен құзыреттерге оқыту бойынша қолдау алатын болады.
Жұмыс орындарын болжамдау жүйесі және құрылатын жұмыс орындарын бағалау нәтижелері кадрларды даярлау жүйесінде ғана емес, мемлекеттік органдардың бюджет шығыстарын жоспарлау және қызметін бағалау кезінде де ескеріледі.
Жұмыс күші артық облыстардан кадрлар жетіспеушілігі байқалатын облыстарға ерікті түрде қоныс аудару кезінде еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру жалғасады. Бұл тәсіл «экономикалық өсу нүктелеріне» (агломерациялар, ірі және орташа қалалар, ірі жобалардың орналасуы, перспективалы шекара маңындағы аумақтар) негізделетін болады, олар бойынша еңбек ресурстарына сұранысқа сәйкес ішкі көшіп-қонушылар легін кейіннен саралай отырып, өңірлік квоталар белгіленетін болады.
2-міндет. Әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз ету
Әлеуметтік қамсыздандыру саласы елдің Әлеуметтік кодексімен реттелетін болады.
Экономиканың өсуіне және бюджеттік мүмкіндіктерге байланысты ең төмен әлеуметтік стандарттар кезең-кезеңімен халықаралық баламаларға жақындайды.
Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы мен құрылымы мемлекеттен төленетін барлық базалық әлеуметтік төлемдерді есептеудің негізі ретінде тұтыну себетінің нақты құнын көрсете отырып, халық үшін, оның ішінде базалық зейнетақы мен базалық жәрдемақы алушылар үшін қолайлы өмір сүру деңгейіне кепілдік бере отырып, тұрақты негізде қайта қаралатын болады.
Кәсіби тәуекелдерді бағалау және басқару әдістемесі енгізілетін болады. Тәуекелдерді бағалау әрбір нақты жұмыс орнындағы өндірістік факторлардың зиянды әсерін анықтауға және жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың туындау тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.
Еңбекті қорғау саласындағы кадрларды дамытуға оқытудың жаңа түрлері мен тәсілдерін (өзекті бағдарламалар, қашықтықтан оқыту, тренажерлар және имитациялық модельдер) енгізу есебінен қол жеткізілетін болады.
Зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша жүмыс жүргізіліп, ол жүйенің барынша тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады.
Зейнетақы жүйесі өз салымшыларының мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталатын болады, оның ішінде жинақтардың бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалануға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй мәселелерін дербес шешу үшін кірістері жеткіліксіз азаматтарға: 2-10-20, 5-10-20 бағдарламасы бойынша, өңірлерде жалға берілетін тұрғын үй қүрылысына көзделген қаражаттың бір бөлігін қайта бағдарлай отырып (кемінде 100 мың отбасын қамти отырып), «Отбасы банкі» арқылы жалдау ақысын субсидиялау тетіктерін енгізу арқылы тиімді әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады.
Еңбек шарттары жасалған жұмыскерлер үшін ауылда жалға берілетін үйлер салу кезінде жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау көзделді.
Әлеуметтік сақтандыру нәтижелі және формальды жүмыспен қамтуды ынталандыруға бағытталады. Бүл әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жұмыс істеуші мен оның отбасында бірнеше төлем көздерінің болуы арқасында қамтамасыз етілетін болады.