2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Алдын ала тыңдауда қарастырылып жатқан қылмыстық істі жаңадан келіп түскен іспен біріктірген кезде сот прокурорға жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасау үшін уақыт береді.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 5-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Егер басты сот талқылауы барысында сотталушыға неғұрлым ауыр немесе бастапқыдан ерекшеленетін айыптау тағу қажеттігі туындаса, сот істі қарауды кейінге қалдырып, прокурорға жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасау үшін уақыт береді.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Біріктірілген іс бойынша сот ісін жүргізу осы Кодекстің 7-бөлімінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады. Сот жаңа айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы жасалғанға дейін зерттеген дәлелдемелерді қайтадан зерттеу сот осындай қажеттілік бар деп таныған жағдайда жүзеге асырылады.
341-бап. Басты сот талқылауын кейiнге қалдыру және қылмыстық iстi тоқтата тұру
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Сот отырысына шақырылған тұлғалардың бiрiнiң келмеуi салдарынан немесе жаңа дәлелдемелерді талап етіп алдыру қажеттiгiне, прокурордың жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасауына және табыс етуіне немесе медиация рәсімін өткізуге, процестік келісім жасасуға байланысты iстi талқылау мүмкiн болмаған кезде сот iстi талқылауды белгілі бір мерзімге кейiнге қалдыру туралы қаулы шығарады. Сот сонымен бір мезгілде тараптарға тиісінше айыптау және қорғау куәларының, сондай-ақ өтінішхаттар бойынша сот отырысына шақырылған өзге де тұлғалардың келуін қамтамасыз етуді міндеттеуге құқылы. Қажет болған кезде сот тараптардың өздері өтінішхат мәлімдеген дәлелдемелерді алуына көмек көрсетеді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сот талқылауы жаңа айыптау актісін, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасын, айыптау хаттамасын жасау қажеттігіне байланысты кейінге қалдырылған кезде сот қорғаушы тараптың істің қосымша материалдарымен танысу құқығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды және жаңа айыптаудан қорғануға дайындалу үшін ақылға қонымды мерзім ұсынады.
Жаңа айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы сотталушыға, оның қорғаушысына (ол қатысып отырған кезде), жәбірленушіге, заңды өкілге және өкілге табыс етіледі және істің материалдарына қосып тігіледі.
3. Осы Кодекстің 45-бабының бірінші - үшінші бөліктерінде көзделген негіздер болған кезде сот осы мән-жайлар жойылғанға дейін іс бойынша іс жүргізуді бір немесе бірнеше сотталушыға қатысты тоқтаты тұрады және қалған сотталушыларға қатысты сот талқылауын жалғастырады.
4. Жасырынып жүрген сотталушыны iздестіру сот қаулысымен жарияланады.
342-бап. Бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешу
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдауға, өзгертуге, оның күшiн жоюға немесе оны ұзартуға құқылы.
2. Сотталушыны бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау мерзiмi iс сотқа келіп түскен күннен бастап және үкiм шығарылғанға дейiн алты айдан аспауға тиiс.
3. Ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн сот күзетпен ұстау мерзiмiн өзiнiң қаулысымен он екi айға дейiн ұзартуға құқылы.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін сот күзетпен ұстау мерзімін өзінің қаулысымен он сегіз айға дейін ұзартуға құқылы. Айрықша жағдайларда көрсетілген мерзім соттың уәжді қаулысы бойынша, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген күзетпен ұстау мерзiмдерi өткеннен кейiн сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе өзге де бұлтартпау шарасына ауыстыруға тиiс.
5. 2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
343-бап. Істі басты сот талқылауында тоқтату
Егер басты сот талқылауында осы Кодекстiң 35-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 3) - 12) тармақтарында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, сондай-ақ айыптаушы осы Кодекстiң 337-бабы алтыншы бөлiгiнiң қағидаларына сәйкес айыптаудан бас тартқанда, iс тоқтатылуға жатады. Iс басты сот талқылауында осы Кодекстiң 36-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша да тоқтатылуы мүмкiн.
Қылмыстық істі тоқтату туралы қаулы осы Кодекстің 288-бабында көзделген талаптар сақтала отырып, шығарылады.
344-бап. Басты сот талқылауында қаулылар шығару тәртiбi
1. Сот басты сот талқылауы кезiнде сот шешетiн барлық мәселелер бойынша қаулылар шығарады, олар сот отырысында жария етілуге жатады.
2. Iстi тоқтату туралы, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшiн жою туралы, қарсылық білдірулер туралы, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жекеше қаулылар кеңесу бөлмесiнде шығарылады және жеке құжат түрiнде жазылады.
3. Өзге қаулылар соттың қалауы бойынша не осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тәртiппен не сол орнында - сот отырысы залында қаулыны сот отырысының хаттамасына енгiзе отырып шығарылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Басты сот талқылауында дәлелдемелерді зерттеу мәселелері бойынша шығарылған қаулылар шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды. Басты сот талқылауы барысында шығарылған қаулылармен келіспеу апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына, наразылыққа енгізілуі мүмкін.
345-бап. Басты сот талқылауының тәртiптемесі
1. Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайларда өтедi. Басты сот талқылауы бейнебайланыс режимінде де өтуі мүмкін, ол туралы шешімді іс бойынша төрағалық етуші қабылдайды.
2. Соттың сот отырысы залына кiруiнiң алдында сот приставы, ол болмаған кезде сот отырысының хатшысы: «Сот келе жатыр» деп хабарлайды, сот отырысына қатысып отырғандардың бәрi орындарынан тұрады, содан соң төрағалық етушiнiң ұсынуы бойынша өз орындарына отырады.
3. Сот талқылауына қатысушылардың бәрi сотқа қарап сөйлегенде, айғақтар бергенде және мәлiмдеме жасағанда орындарынан тұрады. Бұл қағидалардан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Басты сот талқылауының барлық қатысушылары, сол сияқты сот отырысы залында қатысып отырған азаматтардың барлығы төрағалық етушiнiң сот отырысының тәртiбiн сақтау туралы өкiмдерiне бағынуға тиiс.
5. Он алты жасқа дейiнгi адамдар, егер олар тарап немесе куә болып табылмаса, сот отырысы залына жiберiлмейдi. Қажет болғанда сот приставы азаматтан оның жасын куәландыратын құжатты талап етуге құқылы. Залға сондай-ақ масаң күйдегі адамдар жiберiлмейдi.
6. Сот отырысы залында фотосуретке түсiруге, дыбыс-, бейнежазуды қолдануға және киноға түсiруге процеске қатысушылардың келісімімен және төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi. Осы әрекеттер сот талқылауының қалыпты барысына кедергі келтірмеуге тиіс.
7. Сот талқылауына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот осы Кодекстің 98-бабында көзделген ережелерге сәйкес шаралар қабылдайды және сот талқылауын жүргізеді.
8. Басты сот талқылауы басталар алдында төрағалық етуші сот талқылауының барлық қатысушыларына қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша сотқа өтініш жасау құқығы туралы түсіндіреді.
9. Тараптардың бірінің немесе сот талқылауына қатысушының қауіпсіздік шараларын қабылдау туралы өтінішхаты бойынша сот осы мәселе жөнінде қаулы шығаруға құқылы.
346-бап. Басты сот талқылауында тәртiптi қамтамасыз ету мақсатында қолданылатын шаралар
1. Адам сот отырысында тәртіп бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сол сияқты сотты құрметтемеуді анық куәландыратын өзге де әрекеттер жасаған кезде (әрекетсіздік кезінде) төрағалық етуші оны сот отырысы залынан шығарып жіберуге немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаған жағдайларда, сотты құрметтемеу фактісінің анықталғаны туралы жариялауға және кінәлі адамға осы Кодекстің 160-бабында қөзделген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы. Шығарып жіберу, айыптаушы мен қорғаушыдан басқа, процестің кез келген қатысушысына немесе өзге де адамға қатысты жүргізілуі мүмкін. Ақшалай өндіріп алуды сотталушыға және оның қорғаушы ретінде қатысатын адвокатына қолдануға болмайды.
2. Егер сот отырысы залынан сотталушы шығарылып жiберiлсе немесе ол істі сот талқылауына қатысудан бас тартса, төрағалық етуші соттың әрбір отырысының алдында одан өзі тәртіптемені сақтаған жағдайда, сот залында болғысы келетінін-келмейтінін анықтайды. Үкiм сотталушы қатысып отырғанда жариялануға, ал ол бұл ретте қатысудан бас тартқан кезде оған жарияланғаннан кейiн дереу қолхат алып хабарлануға тиiс.
3. Сот отырысы залынан процеске қатысушыны шығарып жiберу және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы сот қаулы шығарады.
4. Сот отырысы залында қатысып отырған, бiрақ процеске қатысушы болып табылмайтын адамдар тәртiп бұзған жағдайда, олар төрағалық етушiнiң өкiмi бойынша сот отырысы залынан шығарылады. Бұған қоса сот оларға ақшалай өндіріп алуды қолдануы мүмкiн.
5. Егер сот отырысындағы тәртiп бұзушының әрекеттерiнде қылмыстық құқық бұзушылық белгiлерi болса, сот материалдарды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы мәселені шешу үшiн прокурорға жібереді.
347-бап. Басты сот талқылауының хаттамасы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Басты сот талқылауы кезінде сот отырысының хатшысы хаттама жүргізеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Хаттама компьютерлік, электрондық (аудио-, бейне түсіруді қоса алғанда), машинада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер сот талқылауына аудио-, бейнежазба қолданылмаған болса, қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамада:
1) басты сот талқылауының күні мен датасы, оның басталу және аяқталу уақыты;
2) қандай іс қаралып жатқаны;
3) соттың атауы мен құрамы, хатшы, аудармашы, мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, сондай-ақ жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сот шақырған басқа да адамдар;
4) сотталушының жеке басы туралы деректер және бұлтартпау шарасы;
5) соттың жүргізілген реттегі әрекеттері;
6) іске қатысатын адамдардың арыздары, қарсылықтары және өтінішхаттары;
7) соттың кеңесу бөлмесіне бармай шығарған қаулылары;
8) қаулылардың кеңесу бөлмесінде шығарылуына нұсқаулар;
9) іске қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені;
10) айғақтардың егжей-тегжейлі мазмұны;
11) жауап алуға қатысқан адамдардың сот бөлген немесе жауап алынатын адам жауап беруден бас тартқан сұрақтары;
12) сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары;
13) сот отырысында жүргізілген қарап-тексерулердің және дәлелдемелерді зерттеу жөніндегі басқа әрекеттердің нәтижелері;
14) азаптаудың, зорлық-зомбылықтың, өзге де қатыгез немесе адами қадыр-қасиетті қорлайтын қарым-қатынастың қолданылғаны туралы арыздарды қарау нәтижелері және оларды зерттеу процесі;
15) іске қатысатын адамдар хаттамада куәландыруды өтінген фактілерді нұсқау;
16) тараптардың сот жарыссөзінде сөйлеген сөздерінің және сотталушының соңғы сөзінің негізгі мазмұны;
17) үкімнің, қаулының, жеке қаулының жарияланғаны және оған шағым жасау тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы белгі көрсетіледі.
Айғақтар бірінші жақтан және мүмкіндігінше сөзбе-сөз жазылады, сұрақтар мен оларға жауаптар жауап алу кезінде орын алған жүйелілік бойынша жазылады. Бұған қоса, хаттамада, егер сотты құрметтемеушілік орын алған болса, оны куәландыратын фактілер және тәртіп бұзушының жеке басы мен соттың тәртіп бұзушыға қатысты қолданған ықпал ету шаралары туралы да көрсетіледі.
4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейiн - бес тәулiктен, ал көп эпизодты істер және алқабилердің қатысуымен қаралған істер бойынша он тәуліктен кешiктiрiлмей жасалып, оған төрағалық етушi мен хатшы қол қоюға тиiс. Сот талқылауы барысында хаттама бөлiп-бөлiп жасалуы мүмкiн, оларға, сондай-ақ тұтас хаттамаға сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Тараптардың өтінішхаты бойынша хаттаманың дайын болған бөлігі дайын болуына қарай беріледі.
5. Сот талқылауының қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамасының дұрыс жазылуы туралы сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысының арасында келіспеушiлiк болған кезде, соңғысы өзiнiң қарсылықтарын жазбаша түрде сот отырысы барысында жасалған жазбалармен, оның ішінде, сот отырысының дыбыс-, бейнежазбаларымен бiрге хаттамаға қоса беруге құқылы.
6. Төрағалық етушi тараптарға басты сот талқылауының хаттамасы дайындалғаны туралы хабарлауға және олардың онымен және дыбыс-, бейнежазба материалдарымен танысу мүмкiндiгін қамтамасыз етуге мiндеттi.
7. Басты сот талқылауында жауап алынған адам хаттамадағы және дыбыс-, бейнежазба материалдарындағы өз айғақтарының жазбасымен таныстыру жөнiнде өтiнiшхат беруге құқылы. Мұндай мүмкiндiк өтiнiшхат мәлiмделгеннен кейiнгi күннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
8. Сот тараптардың немесе осы баптың жетінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша сот отырысының төрағалық етушісі мен хатшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы хаттаманы ұсынуға міндетті.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 9-бөлікпен толықтырылды
9. Соттарға құжаттарды электрондық құжат нысанында беру құралдарын техникалық қолдану, оларды тіркеу, өңдеу, олармен танысу қағидаларын соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган бекітеді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 347-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
347-1-бап. Басты сот талқылауын аудио-, бейне түсіру құралдарымен түсіріп алу
1. Сот отырысы барысын түсіріп алу аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады. Сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарымен түсіріп алуды сот отырысының хатшысы жүзеге асырады.
Жабдықтардың техникалық ақауы болған, жабдықтар болмаған немесе техникалық себептерге байланысты оны қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен түсіру жүзеге асырылмайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасында аудио-, бейнежазбаны пайдаланбау себептерін міндетті түрде көрсете отырып бұл туралы сотқа баяндайды.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Істі талқылауды аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану арқылы түсіріп алған жағдайда, сот отырысының хатшысы жазбаша нысанда қысқаша хаттама жасайды.
Сот отырысының қысқаша хаттамасында соттың әрекеттері олардың болған ретімен қамтылады және:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) істі қарайтын соттың атауы мен құрамы, судьялардың, сот отырысы хатшысының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) сотталушының жеке басы туралы деректер;
6) соттың аудио-, бейнежазба құралдарын қолдануы туралы мәліметтер;
7) аудио-, бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы;
8) аудармашының, айыптаушының, қорғаушының, сотталушының, сондай-ақ жәбірленушінің, азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сот шақырған басқа да адамдардың келгені туралы мәліметтер;
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 9) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9) процеске қатысушылардың және іске қатысатын өзге де адамдардың арыздары, қарсылықтары мен өтінішхаттары туралы; сот шығарған қаулылар туралы; файл нөмірі мен жауап алыну уақыты көрсетіле отырып, сотта жауап алынған адамдар туралы, соттың жазбаша құжаттарды, заттай дәлелдемелерді зерттеу уақыты туралы, іске қосымша материалдарды қоса тіркеу туралы, сот жарыссөзін жүргізудің, сотталушының соңғы сөзінің, соттың кеңесу бөлмесіне кетуінің және сот актісін жария етудің уақыты туралы мәліметтер;
10) түпкілікті нысандағы хаттаманың жасалған датасы көрсетіледі.
Сот отырысының қысқаша хаттамасына төрағалық етуші және хатшы қол қояды.
Аудио-, бейнежазбаны қамтитын материалдық жеткізгіш пен сот отырысының қысқаша хаттамасы іс материалдарына қоса тіркеледі.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Іс бойынша төрағалық етуші сот отырысының аудио-, бейнетіркеуінің толықтығы мен сапасын тексереді. Егер сот отырысының аудио-, бейнежазбасы сапасыз болып табылса, онда осы Кодекстің 347-бабының талаптарына сәйкес басты сот талқылауының хаттамасы жасалады.
3. Сот іске қатысатын адамдардың және олардың өкілдерінің өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның көшірмесін немесе сот отырысының хаттамасын ұсынады. Іс жабық сот отырысында қаралған жағдайда іске қатысатын адамдарға аудио-, бейнежазбалар және сот отырысының хаттамасы ұсынылмайды, олардың аудио-, бейнежазбамен және сот отырысының хаттамасымен сотта танысу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
4. Сот отырыстарының аудио-, бейнежазбалары сот талқылауының барысын дәл тіркеу үшін тек сот ісін жүргізу мақсаттарында, сондай-ақ азаматтық, қылмыстық сот ісін жүргізуде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді анықтау мақсаттарында пайдаланылады.
5. Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою тәртібін, сондай-ақ аудио-, бейнежазбаға қолжетімділік тәртібін соттардың қызметін ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын орган осы Кодекстің талаптарын ескере отырып айқындайды.
348-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейiн бес тәулiк iшiнде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстiң 347-бабының жетiншi бөлiгiнде көрсетiлген өзге адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға, хаттамаға жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы. Сот отырысы хаттамасының көлемі үлкен болған жағдайда, төрағалық етуші тараптардың өтінішхаты бойынша олардың танысуы және ескертулер беруі үшін неғұрлым ұзақ, қисынды мерзім белгілейді.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 348-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
348-1-бап. Басты сот талқылауының аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулер
Басты сот талқылауының қысқаша хаттамасына қағаз жеткізгіште қол қойылғаннан кейін бес тәулік ішінде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстің 347-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген өзге де адамдар сот отырысының аудио-, бейнежазбаларымен және қысқаша хаттамасымен танысуға, жазбаша нысанда немесе электрондық құжат нысанында ескертулер беруге құқылы.
Сот отырысының аудио-, бейнежазбасына және қысқаша хаттамасына ескертулерді қарау осы Кодекстің 349-бабында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
349-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертулердi қарау
1. Басты сот талқылауының қағаз жеткізгіште дайындалған хаттамасына ескертулердi төрағалық етушi, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол ескерту берген адамдарды нақтылау үшiн шақыртуға құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ескертулердi қарау нәтижелерi бойынша судья олардың дұрыстығын куәландыру не оларды қабылдамау туралы уәждi қаулы шығарады, бұл шағым жасауға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарауға, наразылық білдіруге жатпайды, мұнымен келіспеу апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына, наразылыққа енгізілуі мүмкін. Хаттамаға және судьяның қаулысына ескертулер басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
43-тарау. БАСТЫ СОТ ТАЛҚЫЛАУЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ БӨЛІГІ
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 350-бап өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 350-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
350-бап. Басты сот талқылауының ашылуы
Басты сот талқылауы үшін тағайындалған уақытта сот отырысының хатшысы немесе пристав сот отырысы залында қатысып отырғандарға: «Бәріңіздің тұруларыңызды өтінемін! Сот келе жатыр!» деп жариялайды. Содан кейін төрағалық етуші сот отырысының залына кіріп, барлық қатысып отырғандарға өз орындарына отыруын ұсынады және қандай қылмыстық iстiң және ашық немесе жабық сот отырысында қаралатынын жариялайды. Егер жабық сот отырысы туралы жарияланса, төрағалық етуші процеске қатысушылардан және сот отырысына шақырылған адамдардан басқа, барлық қатысып отырғандардың залдан шығуын ұсынады.
Сот жабық сот отырысына қатысатын адамдарға өзінің рұқсатынсыз істе бар мәліметтерді жария етуге жол берілмейтіні туралы ескертеді, бұл туралы жауаптылық жөнінде ескертуі бар қолхат алынады.
Төрағалық етуші соттың сот отырысын аудио-, бейнежазу құралдарын пайдаланатыны туралы жариялайды.
Аудио-, бейнежазу құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы сот отырысын жалғастыруды жоққа шығармайды.
Аудио-, бейнежазудың болмау себептері сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
351-бап. Басты сот талқылауына шақырылған тұлғалардың келуiн тексеру
Сот отырысының хатшысы сотқа басты сот отырысына қатысуға тиiстi тұлғалардың келгенi туралы баяндайды және келмегендердiң келмеу себептерiн хабарлайды.
352-бап. Аудармашыға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
1. Егер сот отырысына қатысу үшін аудармашы шақырылса, төрағалық етуші аудармашы ретiнде кiмнiң қатысып отырғанын хабарлайды және оған осы Кодекстiң 81-бабында көзделген құқықтарын, мiндеттерiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрінеу дұрыс аударма жасамағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы одан қолхат алынып, ол сот отырысының хаттамасына қоса тiгiледi. Аудармашыға, сондай-ақ, өз мiндеттерiн орындаудан жалтарған жағдайда оған осы Кодекстің 160-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкін екені ескертіледі.
353-бап. Аудармашыға қарсылық білдіру туралы мәселенi шешу
Төрағалық етушi келген тараптарға, куәларға, сарапшыға, маманға олардың аудармашыға қарсылық білдіруді мәлiмдеу құқығын түсiндiредi және заңда көзделген, аудармашыға қарсылық білдіруге әкеп соғатын негiздерді түсiндiредi. Сот мәлiмделген қарсылық білдіруді осы Кодекстiң 86-бабында белгiленген қағидалар бойынша шешедi. Егер аудармашыға қарсылық білдіру қанағаттандырылса, сот басқа аудармашыны шақырады, оған қатысты қарсылық білдіру туралы мәселе де осындай тәртіппен қаралады.
354-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығарып жіберу
Келген куәлар олардан жауап алу басталғанға дейiн сот отырысы залынан шығарылады. Төрағалық етушi сот жауап алмаған куәлардың жауап алынған куәлармен, сондай-ақ сот отырысы залындағы өзге де адамдармен сөйлеспеуi үшiн шара қолданады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 355-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
355-бап. Сотталушының жеке басын және айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы көшірмелерінің уақтылы табыс етілгенін анықтау
Төрағалық етуші сотталушының тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде), туған жылын, айын, күнін және туған жерін анықтай отырып, оның жеке басын анықтайды, деректерді жеке басын куәландыратын құжатымен немесе оның куәландырылған көшірмесімен салыстырады, сот ісі жүргізілетін тілді білетінін, тұрғылықты жерін, кәсібін, білімін, отбасылық жағдайын және оның жеке басына қатысты басқа да деректерді анықтайды. Содан кейін төрағалық етуші айыптау актісі, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасы, айыптау хаттамасы көшірмелерінің сотталушыға табыс етілгенін - табыс етілмегенін және нақты қашан табыс етілгенін анықтайды. Бұл ретте істі сотта талқылау, егер сотталушы бұл туралы өтінішхат бермесе, сондай-ақ осы Кодекстің 411-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, айыптау актісінің, сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасының, айыптау хаттамасының көшірмелері табыс етілген күннен бастап үш тәуліктен ерте басталмайды.