Егер тағайындалған сараптамаларды жүргізу үшін уақыт талап етілсе, сот үзіліс жариялайды және қажет болғанда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін ұзартады.
5. Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы сот үшін көзделген қағидалар бойынша істің дұрыс шешілуі үшін маңызы бар, тараптар ұсынған немесе олардың өтінішхаттары бойынша талап етіп алынған қосымша материалдарды, алынған сарапшылық қорытындыларды зерттейді, отырысқа шақырылған адамдардан жауап алады.
Егер бірінші сатыдағы сотта процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған болса, сот көрсетілген келісімдер шегінде заңдылықты тексереді. Істі апелляциялық сатыдағы сот отырысында қараған кезде бірінші сатыдағы сот үкімінің күші заңмен көзделген негіздер бойынша жойылғаннан кейін тараптар бірінші сатыдағы соттың қағидалары бойынша процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасай алады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Сот тергеуін жүргізгеннен кейін сот процеске қатысушылардың сөздерін сот жарыссөздерін жүргізу қағидалары бойынша тыңдайды, олар өз шағымдарының, прокурор өтінішхаттарының не оларға қарсылықтарының уәждері мен дәлелдерін баяндайды. Тараптар өз сөздерінде бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарға да, апелляциялық сатыда зерттелген қосымша материалдарға да сілтеме жасауға құқылы. Шағымды берген, прокурордың өтінішхатын келтірген процеске қатысушы бірінші болып сөз сөйлейді, егер олар бірнешеу болса, сот олардың пікірлерін ескере отырып, олардың сөз сөйлеу кезектілігін белгілейді. Егер шағымда, прокурордың өтінішхатында сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылса, қорғаушы тарап айыптаушы тараптың сөзі тыңдалғаннан кейін сөз сөйлейді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Апелляциялық сатыдағы сотқа қатысатын прокурор қаралып жатқан апелляциялық шағымдар бойынша пікірін айтады, прокурордың өтінішхатында көрсетілген дәлелдерді баяндайды, іс бойынша жасалған сот актілерінің заңдылығы туралы қорытынды береді, сондай-ақ қажет болған жағдайларда мемлекеттік айыптауды қолдайды.
8. Апелляциялық сатыдағы сот жаңа дәлелдемелерді зерттеген, сотталған (ақталған) адамнан, куәдан, жәбірленушіден, сарапшыдан, маманнан және басқа да адамдардан жауап алған кезде сот отырысының хаттамасы жүргізіліп, ол осы Кодекстің 347-бабының талаптарына сәйкес ресімделеді. Апелляциялық сатының отырысында жауап алынған тараптар мен адамдар сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған осы Кодекстің 348-бабында көзделген тәртіппен өздерінің ескертулерін беруге құқылы. Хаттамаға берілген ескертулер осы Кодекстің 349-бабында көзделген тәртіппен қаралады.
9. Сот отырысының тәртіптемесі және оны бұзушыларға қатысты қолданылатын шаралар осы Кодекстің 345, 346-баптарының қағидаларымен айқындалады. Кеңесу бөлмесінде шешімдер қабылдау тәртібі осы Кодекстің 389-бабының қағидаларымен айқындалады.
430-бап. Апелляциялық сатының өкілеттіктері
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық шағыммен немесе прокурордың өтінішхатымен бірге келіп түскен істі қараған кезде сот үкімнің заңдылығын тексеру және істі дұрыс шешу мақсатында тараптардың өтінішхаты бойынша:
1) сотталған адамның, жәбірленушінің және іске қатысатын басқа да адамдардың денсаулық жағдайына, отбасылық жағдайына және бұрынғы сотталғандықтары туралы деректерге байланысты құжаттарды талап етіп алдыруға, тараптардың өтінішхаты бойынша - басқа құжаттарды да талап етіп алдыруға;
2) сот-психиатриялық немесе өзге де сараптаманы тағайындауға;
3) сот отырысына қосымша куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақыруға және олардан жауап алуға, тараптар ұсынған немесе олардың өтінуі бойынша сот талап етіп алдырған жазбаша, заттай және өзге де дәлелдемелерді зерттеуге;
4) бірінші сатыдағы сот зерттеген материалдарды жарамсыз дәлелдемелер деп тануға және оларды дәлелдемелер қатарынан алып тастауға;
5) бірінші сатыдағы сот дәлелдемелер қатарынан алып тастаған материалдарды жол берілетін дәлелдемелер деп тануға және оларды зерттеуге;
6) азаматтық талап қоюға қатысты мән-жайларды зерттеуге және азаматтық талап қою бойынша шешім қабылдауға;
7) істің барлық материалдарын толық, жан-жақты және объективті түрде зерттеуді қамтамасыз ету және іс бойынша ақиқатты анықтау үшін қажетті басқа да әрекеттерді орындауға құқылы.
2. Бірінші сатыдағы сот жауап алған, сот отырысының хаттамасында жазылған сотталған (ақталған) адамның, жәбірленушілердің, куәлардың, басқа да адамдардың айғақтарында түрліше түсінуге мүмкіндік беретін түсініксіз жайлар болған кезде сот өз бастамасы немесе тараптардың өтінішхаты бойынша сот отырысында осы мән-жайлар жөнінде жауап алу арқылы олардың айғақтарын нақтылауға құқылы.
3. Бірінші сатыдағы сотта процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде апелляциялық сатыдағы сот оларды жасасудың мән-жайларын тексереді.
431-бап. Апелляциялық саты қабылдайтын шешімдер
1. Сот істі апелляциялық тәртіппен қараудың нәтижесінде мынадай:
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) бірінші сатыдағы соттың үкімін, қаулысын - өзгеріссіз, ал апелляциялық (жекеше) шағымды, прокурордың өтінішхатын қанағаттандырусыз қалдыру;
2) үкімді өзгерту;
3) үкімнің күшін жою және істі толық көлемінде немесе бір бөлігінде тоқтату;
4) айыптау үкімінің күшін жою және жаңа айыптау немесе ақтау үкімін шығару;
5) ақтау үкімінің күшін жою және жаңа ақтау немесе айыптау үкімін шығару;
6) алқабилердің қатысуымен шығарылған үкімнің күшін жою және істі жаңадан сот қарауына жіберу;
7) жаңа қаулы қабылдау арқылы қаулыны өзгерту, қаулының күшін жою;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
8) үкімнің күшін жою және істі осы Кодекстің 323-бабына сәйкес прокурорға жіберу;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
9) осы Кодекстің 436-бабы үшінші бөлігінің 2), 5) және 9) тармақтарында көзделген процестік құқық нормаларының бұзылғаны анықталған жағдайда үкімнің күшін жою және істі бірінші сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдарда, прокурордың өтінішхатында көрсетілген шектерде және негіздер бойынша ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға құқылы.
3. Осы Кодекстің 405-бабында көрсетілген мән-жайлар анықталған кезде апелляциялық сатыдағы сот жекеше қаулы шығарады.
432-бап. Апелляциялық сатының қылмыстық процесте азаматтық талап қоюды қарауы
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық сатыдағы сот істі қараған кезде, егер шағымдарда, прокурордың өтінішхатында осы туралы өтіну болса, азаматтық талап қою бөлігінде үкімнің заңдылығын, негізділігін және әділдігін де тексереді және осы Кодекстің 170-бабының талаптарын сақтай отырып, шешім қабылдайды.
2. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді азаматтық талап қою бөлігінде өзгертуге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Азаматтық талап қою бойынша сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың өтінішхатында тиісті дәлелдер болған кезде ғана жол беріледі.
433-бап. Yкiмнiң күшiн жою немесе оны өзгерту негiздері
Мыналар:
1) сот тергеуiнiң бiржақтылығы және толық еместiгi;
2) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi;
3) қылмыстық-процестік заңның елеулі түрде бұзылуы;
4) қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауы;
5) жазаның қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуi бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң күшiн жоюға не оны өзгертуге негiз болып табылады.
434-бап. Сот тергеуiнiң бiржақтылығы немесе толық еместiгi
1. Анықталған жағдайда iстiң дұрыс шешiлуi үшiн елеулi мәнi болуы мүмкiн мән-жайларды ашылмаған күйi қалдырған сот тергеуi бiржақты немесе толық емес жүргізілген болып танылады.
2. Айғақтарының iс үшiн елеулi мәнi бар адамдардан іс бойынша жауап алынбаған немесе заң бойынша жүргiзiлуi мiндеттi болып табылатын сараптама жүргiзiлмеген, сол сияқты елеулi маңызы бар құжаттар немесе заттай дәлелдемелер талап етіп алынбаған барлық жағдайда да сот тергеуi толық емес деп танылады.
3. Сот тергеуі олқылықтарының орнын толтырғаннан кейін апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 431-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін қабылдайды.
4. Осы Кодекстің талаптары сақтала отырып, қысқартылған тәртіппен немесе тараптардың өтінішхаттарына байланысты дәлелдемелерді зерттеуді шектей отырып жүргізілген сот тергеуі толық емес немесе біржақты деп қарастырыла алмайды және ол осы негіздер бойынша сот үкімінің, қаулысының күшін жоюға әкеп соқпайды.
435-бап. Соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінің iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмеуi
1. Егер:
1) соттың түйіндері сот отырысында қаралған дәлелдемелермен расталмаса;
2) сот өз түйіндеріне айтарлықтай әсер ете алатын мән-жайларды ескермесе;
3) соттың түйіндері үшiн елеулi мәнi бар қарама-қайшы дәлелдемелер болса, ал үкiмде, қаулыда соттың қандай негiздер бойынша бұл дәлелдемелердiң бiреуін қабылдап, басқаларын қабылдамай тастағаны көрсетiлмесе;
4) соттың үкiмде, қаулыда айтылған түйіндерінде елеулі қайшылықтар болып, олар iстiң шешiлуiне, оның iшiнде сотталған адамның, ақталған адамның кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi туралы мәселенi соттың шешуiне, қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығына немесе жазалау шараларын анықтауға ықпал еткен немесе ықпал етуi мүмкiн болса, үкiм, қаулы iстiң нақты мән-жайларына сәйкес келмейдi деп танылады.
2. Сот іс материалдарын, тараптар ұсынған және істі апелляциялық қарау барысында алынған дәлелдемелерді қарап шығып, оларды жаңадан бағалауға және осы Кодекстің 431-бабының бірінші бөлігінде көзделген жаңа шешімді қабылдауға құқылы.
436-бап. Қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу
1. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында немесе істі сотта қарау кезінде жол берілген осы Кодекстiң қағидаттары мен өзге де жалпы ережелерін бұзушылықтар, сондай-ақ iске қатысатын адамдарды заңда кепілдiк берiлген құқықтарынан айыру немесе олардың құқықтарына қысым көрсету, сот iсiн жүргiзу рәсiмдерін сақтамау немесе iстiң мән-жайын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге өзгедей жолмен кедергi келтірген, сот төрелігінің үкімін немесе соттың өзге де шешімдерін шығаруға ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін өзге де заң бұзушылықтар қылмыстық-процестік заңды елеулi түрде бұзу болып танылады.
2. Бірінші сатыдағы соттың міндетті түрде зерттелуге жататын дәлелдемелерді зерттемеуі салдарынан жол берген сот тергеуінің біржақтылығы немесе толық еместігі, талқылаудан жол берілетін дәлелдемелерді қателесіп алып тастаудың немесе тарапқа іс үшін маңызы болуы мүмкін дәлелдемелерді зерттеуден негізсіз бас тартудың не жарамсыз дәлелдемелерді зерттеудің нәтижесі болып табылса, үкімнің күші жойылуға немесе ол өзгертілуге жатады.
3. Егер:
1) сот осы Кодекстiң 35-бабында көзделген негiздер болған кезде қылмыстық iсті тоқтатпаса;
2) үкiмдi соттың заңсыз құрамы шығарған болса;
3) осы Кодекстiң 335-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, iс сотталушының қатысуынсыз қаралса;
4) заң бойынша қорғаушы немесе жәбірленушінің өкілі қатысуға мiндеттi болғанда, іс сотта олардың қатысуынсыз қаралса немесе сотталушының қорғалу құқығы өзгедей түрде бұзылса;
5) сотта сотталушының немесе жәбірленушінің ана тiлiн немесе өздері білетін тiлдi не аудармашының көрсететін қызметтерін пайдалану құқығы бұзылса;
6) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жарыссөз жүргізілмеген жағдайларды қоспағанда, сотталушыға сот жарыссөзiне қатысу құқығы берілмесе;
7) осы Кодекстің талаптарына сәйкес соңғы сөз сөйлеу көзделмеген жағдайларды қоспағанда, сотталушыға соңғы сөз берiлмесе;
8) үкім шығару құпиясы бұзылса;
9) үкiмге судья қол қоймаса, кез келген жағдайда үкімнің, қаулының күшi жойылуға жатады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Істе сот отырысы хаттамасының болмауы шағым жасалған (прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралған) сот актісінің күшін жою үшін негіз болып табылмайды. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот істі толық ресімдеу үшін бірінші сатыдағы сотқа жібереді.
437-бап. Қылмыстық заңды дұрыс қолданбау
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Жалпы бөлiгiнің талаптарын бұзу;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң қолданылуға жататынынан басқа бабын, бабының бөлiгiн, бабы бөлiгiнің тармағын қолдану;
3) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексi Ерекше бөлiгiнiң осы бабындағы санкцияда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза тағайындау қылмыстық заңды дұрыс қолданбау болып табылады.
438-бап. Сот тағайындаған жазаның қылмыстық құқық бұзушылық ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуі
1. Жаза тағайындаудың жалпы бастаулары есепке алынбай тағайындалған және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті бабының санкциясында көзделген шектерден шықпаса да, бірақ өзінің түрі мен мөлшері жағынан шектен тыс жеңілдігі немесе шектен тыс қатаңдығы салдарынан әділетсіз болып табылатын жаза қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына және сотталған адамның жеке басына сәйкес келмейді деп танылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Апелляциялық сатыдағы сот жазаны жеңілдетуге немесе неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға байланысты, сол сияқты сотталған адамның әрекеттерін қайта сараламастан, неғұрлым қатаң жаза тағайындау туралы шешім қабылдауға құқылы. Айыптаушы тараптың шағымдарында немесе прокурордың өтінішхатында тиісті дәлелдер болған кезде ғана және солардың шегінде ғана сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдауға жол беріледі. Неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану сотталушыға тағылған және бірінші сатыдағы сотта айыптаушы тараптан қолдау тапқан айыптау шегінен шықпауға тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Бірінші сатыдағы сот қылмыстық құқық бұзушылықты мемлекеттік және жекеше айыптаушылардың айыпты онша ауыр емес айыпқа өзгертуіне байланысты осы Кодекстің 337-бабы жетінші бөлігінің негізінде саралау туралы шешім қабылдаған жағдайларда, апелляциялық саты неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға құқылы емес, алайда ол жазаның мерзімін немесе мөлшерін шағымдардағы, прокурордың өтінішхаттарындағы дәлелдер шегінде ұлғайтуға не сотталған адамға үкімде көрсетілгеннен гөрі басқа неғұрлым қатаң жаза түрін тағайындауға құқылы.
439-бап. Істі тоқтата отырып айыптау үкімінің күшін жою
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қараған кезде осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 3) - 10) тармақтарында және 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде үкімнің күшін жояды және істі тоқтатады.
2. Іс осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 520-бабында көрсетілген мәселелерді шешеді және осы Кодекстің 521-бабына сәйкес қаулы шығарады.
3. Тараптар сотталған адамның жәбірленушімен татуласуына байланысты істі тоқтату туралы өтінішхат беруге құқылы. Мұндай жағдайларда апелляциялық сатыдағы сот өтінішхаттарда көрсетілген мән-жайлардың бар болуын және анықтығын тексереді. Іс оларға сәйкес тоқтатылуға жататын немесе тараптардың татуласуына орай тоқтатылуы мүмкін негіздер анықталған кезде, сот көрсетілген негіз бойынша үкімнің күшін жою және істі тоқтату туралы қаулы шығарады.
440-бап. Ақтау үкiмiнiң күшiн жою
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық саты тек прокурордың өтінішхаты бойынша не жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң, сондай-ақ сот арқылы ақталған, ақталу негiздерiмен келiспеген адамның шағымы бойынша ғана ақтау үкімiнiң, істі тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоя алады.
2. Егер ақталған адамның кiнәсiздiгiне, ақтау негіздеріне немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң мәнiне дау айтылмаса, осы Кодекстің 436-бабында көрсетілген қылмыстық-процестік заң елеулi түрде бұзылды деген уәжбен ақтау үкiмiнiң, iстi тоқтату туралы қаулының немесе сотталушының пайдасына шығарылған өзге де шешiмнiң күшiн жоюға болмайды.
3. Істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде мемлекеттік айыптаушының және жәбірленушілердің айыптаудан бас тартуына байланысты соттың істі тоқтату туралы қаулысының күші жойылуға жатпайды.
441-бап. Жаңа үкім шығара отырып, үкімнің күшін жою
1. Апелляциялық сатыдағы сот осы Кодекстің 46-тарауының талаптарын сақтай отырып:
1) осы Кодекстің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген негіздер болған кезде айыптау үкімінің күшін жоюға және ақтау үкімін шығаруға;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша ақтау үкімінің күшін жоюға және айыптау үкімін шығаруға;
3) айыптау үкімінің күшін жоюға және жаңа айыптау үкімін шығаруға;
4) ақтау үкімінің күшін жоюға және жаңа ақтау үкімін шығаруға құқылы.
2. Жаңа айыптау үкімін шығарған кезде апелляциялық сатыдағы сот тағылған айыптың шегінен, сондай-ақ басты сот талқылауы кезінде мемлекеттік немесе жекеше айыптаушы қолдаған айыптаудың және жаза мөлшерінің шегінен шығуға құқылы емес.
442-бап. Yкiмдi өзгерту
1. Апелляциялық сатыдағы сот үкімді былайша өзгертуге:
1) сот тағайындаған жазаны немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрiн жеңiлдетуге;
2) онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдануға және өзгертілген саралануға сәйкес жаза тағайындауға;
3) егер жаза мөлшерiн ұлғайту арифметикалық қателердi немесе алдын ала күзетпен ұстауды есептеу кезiндегi қателердi жоюға байланысты болса, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша немесе үкiмдер жиынтығы бойынша, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы кезiнде жаза тағайындауды реттейтiн қылмыстық заңның дұрыс қолданылмауын жоюға байланысты болса, жаза мөлшерiн ұлғайтуға;
4) мән-жайлар дұрыс анықталған, дәлелдемелер толық зерттелген және талданған, сотталған адамның әрекеттері дұрыс құқықтық сараланған және негізгі жаза дұрыс тағайындалған жағдайда, қосымша жаза қолдануға;
5) сотталған адамға қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің заңда көзделгенiнен неғұрлым жеңіл түрiн тағайындаудың күшiн жоюға және қылмыстық-атқару жүйесі мекемесiнiң түрiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiне сәйкес тағайындауға;
6) егер бiрiншi сатыдағы сот оны жасамаса немесе дұрыс жасамаса, қылмыстардың тиiстi қайталануының орын алғандығын тануға;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6-1) шартты түрде соттаудың не жазаны өтеуді кейінге қалдырудың күшін жоюға;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) алдыңғы үкiм бойынша шартты түрде соттаудың күшiн Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабының бесiншi бөлiгiне сәйкес жоюға не Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 69-бабының бесінші бөлігіне сәйкес алдыңғы үкім бойынша жазаны өтеуден босатудың күшін жоюға және осыған байланысты, егер бiрiншi сатыдағы сот мұны жасамаған болса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;
8) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 72-бабы жетінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көзделген жағдайларда, шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жоюға және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 60-бабының қағидалары бойынша жаза тағайындауға;
9) азаматтық талап қою бөлігінде, сондай-ақ процестік шығындарды өндіріп алу мәселелері бойынша, заттай дәлелдемелер туралы шешім бөлігінде үкімге өзгерістер енгізуге;
10) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 98-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Апелляциялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын нашарлататын шешімдерді, егер осы негiздер бойынша прокурор өтінішхат келтірсе немесе жекеше айыптаушы, жәбiрленуші, олардың өкiлдерi шағым берсе ғана қабылдауға құқылы.
443-бап. Апелляциялық үкімнің, қаулының мазмұны
1. Осы Кодекстің 431-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) 3) және 8) тармақтарында көзделген жағдайларда (бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдыру, үкімді өзгерту, істі тоқтата отырып үкімнің күшін жою, үкімнің күшін жою және істі осы Кодекстің 323-бабына сәйкес прокурорға жіберу туралы) апелляциялық қаулы шығарылады.
Апелляциялық қаулы кiрiспе, сипаттау-уәждеу және қарар бөлiктерінен тұрады.
2. Қаулының кiрiспе бөлiгiнде:
1) қаулы шығарылған уақыт пен орын;
2) қаулыны шығарған соттың атауы және соттың құрамы;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) апелляциялық шағым берген немесе прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтірген адамдар;
4) iстi апелляциялық сатыда қарауға қатысқан адамдар көрсетiлуге тиiс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде сот актісінің, берiлген шағымдардың, прокурордың келтірілген өтінішхатының, оларға қарсылықтардың дәлелдері мәнінің қысқаша мазмұндамасы, сондай-ақ шағым бермеген процеске қатысушылардың басқа да процеске қатысушының шағымына, прокурордың өтінішхатына қарсылықтармен қатар ұсынылған сот актісімен келісетіні немесе келіспейтіні туралы дәлелдері, апелляциялық сатыдағы сотқа қатысқан адамдардың пікірлері, сондай-ақ қабылданған шешiмнің уәждері қамтылуға тиiс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Жаңа дәлелдердің болмауына байланысты шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде апелляциялық қаулының сипаттау-уәждеу бөлiгiнде сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
5. Yкiмнiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген кезде қаулыда қылмыстық немесе қылмыстық-процестік заңның қай нормаларының талаптары бұзылғаны, бұл бұзушылықтардың неден тұратындығы, бiрiншi сатыдағы соттың үкiмiне олар бойынша өзгерiстер енгiзілген негiздер көрсетiлуге тиiс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Апелляциялық қаулының қарар бөлігінде апелляциялық сатыдағы соттың шағым немесе прокурордың өтінішхаты бойынша шешімі, қаулының заңды күшіне ену уақыты, оған шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдері көрсетіледі.
7. Сот осы Кодекстің 441-бабы бірінші бөлігінің 1), 2) 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларда (айыптау үкімінің күшін жою және ақтау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою және айыптау үкімін шығару туралы, айыптау үкімінің күшін жою және жаңа айыптау үкімін шығару туралы, ақтау үкімінің күшін жою және жаңа ақтау үкімін шығару туралы), бірінші сатыдағы сот үкімінің күшін жою туралы қаулы шығарады және осы Кодекстің 46-тарауының қағидалары бойынша апелляциялық үкім шығарады.