2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілгендерді қоспағанда, бірінші сатыдағы соттардың заңды күшіне енбеген қаулыларына осы тарауда көзделген тәртіппен жекеше шағым берілуі, прокурордың өтінішхаты келтірілуі мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулылардан басқа, сот талқылауы барысында шығарылған, осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген мәселелер жөніндегі, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысы залында тәртіп сақтауға қатысты қаулылар осы тараудың қағидалары бойынша қайта қарауға жатпайды. Жоғарыда көрсетілген қаулыларға қарсылықтар үкімге келтірген апелляциялық шағымдарда, прокурордың өтінішхаттарында баяндалуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 416-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
416-бап. Заңды күшіне енбеген үкімдерге, қаулыларға апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарайтын соттар
1. Аудандық және оларға теңестірілген соттардың, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысы қарайды.
2. Гарнизондардың әскери соттарының, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттардың заңды күшіне енбеген үкімдеріне, қаулыларына апелляциялық (жекеше) шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын Әскери сот қарайды.
3. Егер іс бойынша үкім және қаулы шығарылса, онда үкімге апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаттары және қаулыға жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары облыстық немесе оған теңестірілген соттың апелляциялық сатысының бір отырысында қаралады.
4. Басты сот талқылауы барысында шығарылатын, бұлтартпау шарасы және ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыларға жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары іс бойынша іс жүргізу аяқталғанға дейін апелляциялық сатыда қаралады. Көрсетілген шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын апелляциялық сатыда қарау қылмыстық істі бірінші сатыдағы сотта одан әрі қарауды үзбейді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 417-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
417-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру тәртібі
1. Үкім, қаулы шығарған сот арқылы апелляциялық (жекеше) шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтірiледi. Апелляциялық сатыға тiкелей келiп түскен апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтінішхаттары осы Кодекстiң 420-бабының және 421-бабы екiншi бөлiгiнiң талаптарын орындау үшiн үкім, қаулы шығарған сотқа жiберілуге жатады.
2. Істі қайтадан қарау кезінде шығарылған үкімге, қаулыға осындай тәртіппен шағым жасалуы, ол прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 418-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
418-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмдерi
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Үкім, қаулы жария етілген күннен бастап он бес тәулiк iшiнде апелляциялық (жекеше) шағымдар беріледі, прокурордың өтінішхаттары келтіріледі, ал күзетпен ұсталатын сотталған адам оларды өзіне үкімнің, қаулының көшiрмесi табыс етілген күннен бастап дәл сондай мерзiмде бере алады.
2. Сот актісіне шағым жасау үшiн белгiленген мерзiм iшiнде iсті бірінші сатыдағы соттан талап етiп алдыруға болмайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мерзiмдi өткізіп алып берiлген апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты үкімді, қаулыны шығарған соттың қаулысымен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат болмаған кезде осы негіз көрсетіле отырып, авторға қайтарылады. Егер шағымды, прокурордың өтінішхатын бірінші сатыдағы сот қабылдаған соң оларды беру мерзімінің өткізіп алынғаны апелляциялық сатыда анықталса, апелляциялық саты судьясы өз қаулысымен оларды қараусыз қалдырады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 419-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
419-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзiмін қалпына келтiру тәртiбi
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру мерзімі өткізіп алынған жағдайда шағымды, прокурордың өтінішхатын беруге құқығы бар адамдар үкімді, қаулыны шығарған сот алдында өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат бере алады. Апелляциялық (жекеше) шағымды, прокурордың өтінішхатын беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтінішхат жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында берілуі мүмкін. Мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхатты сот отырысында - істің басты сот талқылауы кезінде төрағалық еткен судья, ал ол ұзақ уақыт (кемінде бес тәулік) болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол өтінішхат қозғаған адамды түсініктеме беру үшін шақыртуға құқылы.
2. Судьяның өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тарту туралы қаулысына тиісті облыстық немесе оған теңестірілген сотқа шағым жасалуы, прокурордың өтінішхаты бойынша сонда қайта қаралуы мүмкін, ол өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруге және осы Кодекстің 420-бабында және 421-бабының екінші бөлігінде жазылған талаптарды сақтай отырып, шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істі қарауға құқылы. Соттың апелляциялық шағым берудің, прокурордың өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысымен келіспейтін процеске қатысушылар апелляциялық сатының отырысы басталғанға дейін немесе сонда өз дәлелдерін беруге және осы қаулының күшін жою туралы өтінішхат беруге құқылы. Мұндай өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, апелляциялық саты өз қаулысымен апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын қараусыз қалдырады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот процеске қатысушының өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мүмкіндігін шектейтін заң бұзушылық кезінде (сот отырысының хаттамасын уақтылы дайындамау, іске қатысатын, сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамға сот актісінің көшірмесін аудармасыз табыс ету, сот актісінің қарар бөлігінде шағым жасау мерзімін көрсетудегі дәлсіздіктер), сондай-ақ оның шағымды уақтылы беруіне немесе прокурордың өтінішхатын келтіруіне объективті түрде кедергі келтіретін өзге де мән-жайлар болған кезде апелляциялық (жекеше) шағым берудің, прокурордың апелляциялық өтінішхатын келтірудің өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіруге міндетті.
4. Апелляциялық саты судьясының өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулысы шағыммен, прокурордың өтінішхатымен және басқа да материалдармен бірге үкімді, қаулыны шығарған сотқа осы Кодекстің 420 және 421-баптарында көзделген әрекеттерді орындау үшін дереу жіберіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 420-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
420-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым беру, прокурордың өтінішхатын келтіру туралы хабарлама
1. Үкімді, қаулыны шығарған сот апелляциялық (жекеше) шағымның берілгені, прокурордың өтінішхатының келтірілгені туралы сотталған адамға немесе ақталған адамға, оның қорғаушысына, өкіліне, айыптаушыға, жәбірленушіге және оның өкіліне, сондай-ақ шағым, прокурордың өтінішхаты олардың мүдделерін қозғайтын болса, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкілдеріне хабар береді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарға шағымның, прокурордың өтінішхатының көшірмелері не үкімді, қаулыны шығарған соттың интернет-ресурсы арқылы олардың электрондық көшірмелерімен танысу мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл ретте тараптарға жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанын- да шағымға, прокурордың өтінішхатына қарсылықтар беру құқығы түсіндіріліп, оларды ұсыну мерзімі көрсетіледі. Тараптарға қайта қарау үшін шағым, прокурордың өтінішхаты келтірілген сот актісімен келісуі туралы өз дәлелдерін беру құқығы да түсіндіріледі. Шағымға, прокурордың өтінішхатына келіп түскен қарсылықтар, тараптардың дәлелдері іске қоса тігіліп, апелляциялық сатыда жиынтық түрде қаралуға жатады.
3. Тараптар жаңа материалдарды апелляциялық сатыға апелляциялық (жекеше) шағымға, прокурордың өтінішхатына қарсылықпен бірге немесе бөлек ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу туралы, сондай-ақ өздері көрсеткен жәбірленушілерді, куәларды, сарапшыларды, мамандарды сотқа шақырту және олардан жауап алу туралы өтінішхат беруге құқылы.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 421-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
421-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым берудің, прокурордың өтінішхатын келтірудің салдары
1. Апелляциялық (жекеше) шағым беру және прокурордың өтінішхатын келтіру, бұлтартпау шарасы туралы шешімді қоспағанда, үкімнің, қаулының заңды күшіне енуін және оларды орындауға келтіруді тоқтата тұрады.
2. Бірінші сатыдағы сот үкімге, қаулыға шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау және осы Кодекстің 420-бабының талаптарын орындау үшін белгіленген мерзім өткеннен кейін бір тәуліктен кешіктірмей, істі келіп түскен шағымдармен, прокурордың өтінішхатымен, оларға қоса берілген құжаттармен, сондай-ақ оларға қарсылықтармен бірге тиісті соттың апелляциялық сатысына жібереді.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 422-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
422-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысына шағым жасау, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қарау
1. Осы Кодекстің 344-бабының төртінші бөлігінде көрсетілген алып қоюларды қоспағанда, бірінші сатыдағы соттың қаулысына осы Кодекстің 414-бабында көрсетілген адамдар жекеше шағым, прокурордың өтінішхатын келтіре алады.
2. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулыларына жекеше шағым, прокурордың өтінішхаты жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулiк iшiнде берiледi және апелляциялық iс жүргiзу қағидалары бойынша қаралады. Үкім шығарумен аяқталған сот талқылауы кезінде шығарылған қаулыға шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген жағдайда, іс үкімге шағым жасау үшін белгіленген мерзім өткен соң ғана жоғары тұрған сот сатысына жіберіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 423-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
423-бап. Апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты
1. Апелляциялық шағымда, прокурордың өтінішхатында:
1) шағым, прокурордың өтінішхаты жолданып отырған тиісті апелляциялық сатыдағы соттың атауы;
2) шағым берген немесе прокурордың өтінішхатын келтірген адамның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе тұрған жері, онымен хабарласудың байланыс құралдарының нөмірлері көрсетіле отырып, ол туралы деректер;
3) шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген үкім немесе қаулы және осы шешімді шығарған соттың атауы;
4) үкімнің, қаулының қай бөлігінде немесе оларға толық көлемде шағым берілгенін, прокурордың өтінішхаты келтірілгенін көрсету;
5) шағым берген, прокурордың өтінішхатын келтірген адамның өз пікірі бойынша сот үкімінің, қаулысының дұрыс еместігі неде екендігі, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру немесе істі қарау кезінде заңның қандай нормаларының бұзылғаны және мұның ол бойынша шешім қабылдауға әсер еткені туралы дәлелдері және оның өтінуінің мәні;
6) шағымның, прокурор өтінішхатының авторы өз талаптарын негіздейтін, оның ішінде бірінші сатыдағы сот зерттемеген дәлелдемелер;
7) шағымға, прокурордың өтінішхатына қоса берілетін материалдардың тізбесі;
8) шағым берілген, прокурордың өтінішхаты келтірілген күн және шағым авторының, өтінішхат келтірген прокурордың қолтаңбасы қамтылуға тиіс.
2. Егер берілген шағым, прокурордың келтірілген өтінішхаты осы талаптарға сәйкес келмесе, олар берілген деп есептеледі, бірақ үкім шығарған сот оларды толық ресімдеу мерзімін көрсете отырып, кері қайтарады. Егер көрсетілген мерзім ішінде апелляциялық (жеке- ше) шағым, прокурордың өтінішхаты қайта жасалғаннан кейін сотқа ұсынылмаса, олар берілмеген деп есептеледі, бұл туралы шағым, прокурордың өтінішхаты авторына хабарланады. Апелляциялық сатыдағы сот шағымды осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес ресімдеу үшін осындай тәртіппен қайтаруға құқылы.
3. Тараптар апелляциялық (жекеше) шағымның, прокурордың өтінішхатының негіздерін растау ретінде шағыммен бірге немесе оны бергеннен кейін апелляциялық сатыдағы сотқа жаңа материалдар ұсынуға немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Апелляциялық (жекеше) шағым берген, прокурордың өтінішхатын келтірген адам сот отырысы басталғанға дейін өзінің шағымын, прокурор өтінішхатын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша өтінішхатында немесе прокурордың өтінішхатын өзгерту туралы оның арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасау мерзімі өткеннен кейін берілген қосымша шағымында, егер прокурордың бастапқы өтінішхатында немесе шағымда сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап болмаса, осындай мәселе қойыла алмайды. Сот актісіне шағым жасау мерзімі өткеннен кейін іс бойынша іс жүргізуге кіріскен қорғаушы шағымды өзгерте алады не жаңа дәлелдермен толықтыра алады, іске бұрын қатысқан қорғаушы берген шағымдағы дәлелдердің қосымша дәйектемелерін ұсына алады.
5. Үкімге, қаулыға шағым жасаған, прокурордың өтінішхатын келтірген адам апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін өз шағымын, прокурордың өтінішхатын кері қайтарып алуға құқылы. Прокурордың өтінішхатын жоғары тұрған прокурор да кері қайтарып алуы мүмкін. Қорғаушы, заңды өкіл өз шағымын сотталған адамның келісімімен ғана кері қайтарып алуға құқылы. Сотталған адам өзінің қорғаушысы, заңды өкілі берген шағымды кері қайтарып алуға құқылы, көрсетілген адамдардың шағымдарын оның кері қайтарып алуы сот үшін міндетті болып табылады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 49-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
49-тарау. АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМДАР, ПРОКУРОРДЫҢ ӨТІНІШХАТТАРЫ БОЙЫНША ІСТЕРДІ ҚАРАУ
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 424-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
424-бап. Апелляциялық қараудың нысанасы
1. Апелляциялық сатыдағы сот апелляциялық шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша істе бар және қосымша ұсынылған, апелляциялық сатының отырысында зерттелген материалдар бойынша iстiң нақты мән-жайын анықтаудың және қылмыстық заңды қолданудың дұрыстығын, іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыру кезiнде қылмыстық-процестік заң нормаларының сақталуын, бiрiншi сатыдағы сот үкiмiнiң немесе қаулысының әділдігін, заңдылығын және негiздiлiгiн осы Кодекстің 426-бабының бірінші бөлігінде белгіленген шектерде тексередi.
2. Алқабилер қатысқан соттың үкімдеріне, қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын қарау тәртібі осы Кодекстің 69-тарауының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
425-бап. Iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмдерi
Iс келiп түскен күнінен бастап бір айдан кешiктiрiлмей апелляциялық тәртiппен қаралуға тиiс. Егер сот жаңа материалдар мен дәлелдемелерді зерттеу және жаңа үкім шығару қажеттігіне негіз бар деп тапса, іс келіп түскен күнінен бастап екі айдан кешіктірілмей апелляциялық тәртіппен қаралуға тиіс. Дәлелдi себептер болған кезде, көрсетілген мерзiмдер iс жүргiзуінде іс жатқан апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы бойынша бiр айға ұзартылуы мүмкiн. Қажет болған жағдайда iстi апелляциялық сатыда қарау мерзiмiн одан әрi ұзарту тиісті облыстық және оған теңестірілген соттың алқа төрағасының қаулысы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн. Бұл ретте істі қарау мерзімінің әрбір ұзартылуы бір айдан аспауға тиіс.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 426-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
426-бап. Істі апелляциялық сатыда қараудың шектері
1. Істі апелляциялық тәртіппен қарайтын сот үкімнің, қаулының заңдылығын, негізділігін, әділдігін тек шағымға немесе прокурордың өтінішхатына қатысты бөлігінде және шағымға немесе прокурордың өтінішхатына қатысы бар сотталғандарға қатысты ғана тексереді.
2. Егер істі қараған кезде басқа сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны, бұл заңсыз үкімнің, қаулының шығарылуына әкеп соққаны анықталса, сот осы Кодексте көзделген қағидаларды сақтай отырып, оның шағым жасалмаған, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралмаған бөліктерінде де және өздері туралы шағым, прокурордың өтінішхаты берілмеген адамдарға қатысты да күшін жоюға немесе оны өзгертуге құқылы.
Үкімді өздері туралы шағым, прокурордың өтінішхаты берілмеген адамдарға қатысты өзгертуге немесе оның күшін жоюға шағым, прокурордың өтінішхаты өзіне қатысты болатын адамға қатысты үкімнің күші жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда ғана және қылмыстық құқық бұзушылықты бірлесіп жасаған басқа да сотталғандардың әрекеттерін саралауды сәйкес келтіру үшін ғана жол беріледі.
3. Сот бірінші сатыдағы соттың үкіміне апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істі қарай отырып, жекеше шағымдар, прокурордың өтінішхаттары болмаған кезде де, егер соттың жекеше және өзге де қаулылары апелляциялық сатының шағымдар, прокурордың өтінішхаттары бойынша қабылдаған шешіміне қарама-қайшы келсе немесе істің материалдарына және заңға сәйкес келмесе, олардың күшін жоюға немесе оларды өзгертуге құқылы.
4. Апелляциялық шағымды, прокурордың өтінішхатын, оларға қарсылықтарды және тараптардың дәлелдерін қарау бойынша шығарылған қаулымен (үкіммен) осы сот сатысында іс бойынша іс жүргізу аяқталады.
427-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын дайындау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер шағымдардағы, прокурордың өтінішхаттарындағы дәлелдерді тексеру үшін тиісті процестік әрекеттерді орындау қажет болса, судья іс келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде істі апелляциялық сатыда қарауға дайындау туралы қаулы шығарады, онда алқа отырысына тиісті адамдарды (сотталған адамды, ақталған адамды, жәбірленушіні, куәларды, сарапшыларды, мамандарды) шақыру және олардан жауап алу туралы, материалдарды талап етіп алдыру және істі дұрыс шешу үшін қажетті өзге де әрекеттерді жасау туралы нақты көрсетеді. Судья қаулыда дайындық әрекеттерін орындау үшін қажетті уақытты ескере отырып, істі апелляциялық сатыда қарау күнін көрсетеді. Судьяның апелляциялық сатыдағы отырысты дайындау туралы қаулысының көшірмесі шығарылған күнінен бастап үш тәулік ішінде процеске қатысушыларға жіберіледі.
2. Судья тараптардың өтінішхаты немесе өз бастамасы бойынша сотталушыға немесе сотталған адамға қатысты бұлтартпау шарасын сақтау, таңдау, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы мәселені шешеді, ол туралы қаулыда көрсетеді.
428-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдары, прокурордың өтінішхаты бар қылмыстық іс келіп түскен бойда сот отырысын тағайындайды, істі қараудың уақыты мен орны туралы тараптарға хабарлайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Күзетпен ұсталатын сотталған адамнан өзінің жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың өтінішхатын қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу туралы өтінішхат келіп түскен кезде апелляциялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.
3. Өзге жағдайларда күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот шешеді. Сот бірінші сатыдағы сотта қараудың нысанасы болып табылмаған жаңа дәлелдемелерді зерттеген кезде сотталған (ақталған) адамның апелляциялық сатыдағы отырысқа қатысуы міндетті. Мұндай жағдайларда осы Кодекстің 335-бабында көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі сотталған (ақталған) адамның қатысуынсыз қарауға жол беріледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты іс қаралған кезде не сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған, жәбірленушінің (азаматтық талапкердің), олардың өкілдерінің апелляциялық шағымы, прокурордың өтінішхаты бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыдағы сотта қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда не апелляциялық сатының жаңа дәлелдемелерді зерттеуі кезінде қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік жаңа редакцияда
5. Осы Кодекстің 414-бабына сәйкес үкімге шағым жасау құқығы берілген тұлғалар соттың апелляциялық отырысына барлық жағдайда да жіберіледі. Оларға өздерінің өтінуі бойынша, берілген шағымды немесе прокурордың келтірілген өтінішхатын не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
6. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, прокурордың апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
Апелляциялық сатыда прокурор осы Кодекстің 337-бабында көзделген өкілеттіктерге ие болады.
Қорғаушыны қоспағанда, апелляциялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген процестің басқа қатысушыларының келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
429-бап. Істі апелляциялық сатыда қарау тәртібі
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Осы Кодекстің 29-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, апелляциялық саты істерді ашық сот отырысында қарайды. Төрағалық етуші сот отырысын ашады, қандай іс қаралып жатқанын және кімнің апелляциялық (жекеше) шағымдары немесе прокурордың өтінішхаты бойынша екенін жариялайды. Содан кейін төрағалық етуші сот құрамын, іс бойынша тараптар болып табылатын, қатысып отырған адамдардың тегін, сондай-ақ аудармашылардың тегін жариялайды.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төрағалық етуші отырысқа қатысатын адамдарға олардың істі апелляциялық сатыда қараған кездегі процестік құқықтарын, оның ішінде процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу құқықтарын түсіндіреді және тараптардан қарсылық білдірулері мен өтінішхаттарының бар-жоғын сұрайды және егер олар мәлімделсе, олар бойынша процеске қатысушылардың пікірін анықтайды, содан кейін сот осы Кодекстің 344-бабында көзделген тәртіпті сақтай отырып, оларды қарау нәтижелері бойынша қаулы шығарады.
Егер процеске қатысушы бірінші сатыдағы соттың үкімге, қаулыға апелляциялық шағым жасаудың, оны прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қараудың өткізіп алынған мерзімін қалпына келтіру туралы қаулысының заңдылығын тексеру туралы өтінішхатты мәлімдесе, онда бұл өтінішхат қарсылық білдірулерді шешкен бойда тікелей қаралуға жатады. Апелляциялық саты өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру туралы қаулыны заңсыз деп таныса, оның күшін жою және мерзімі өткізіп алынып берілген шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша апелляциялық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарады. Егер өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіру дұрыс деп танылса, апелляциялық саты шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын осы бапта көзделген тәртіппен қарауды жалғастырады.
3. Сотқа қосымша материалдарды ұсынған тұлға олардың қандай жолмен алынғанын және оларды ұсыну қажеттігі неге байланысты туындағанын көрсетуге, сондай-ақ бірінші сатыдағы сот жүргізген сот тергеуін толықтыру қажеттігін негіздеуге міндетті. Қосымша материалдарды тергеу әрекеттерін жүргізу жолымен алуға болмайды.
4. Тараптар іске жаңа материалдарды қосып тігу немесе оларды талап етіп алдыру және зерттеу, сондай-ақ өздері көрсеткен куәлардан, жәбірленушілерден, сарапшылардан, мамандардан жауап алу туралы, бірінші сатыдағы сот тергеуі олқылықтарының орнын толтыруға бағытталған өзге де әрекеттер жасау туралы өтінішхаттарды мәлімдеген жағдайда, сот процеске қатысушылардың пікірін тыңдайды, содан кейін оларды қанағаттандыру немесе қабылдамау туралы қаулы шығарады. Егер апелляциялық саты сот тергеуін жүргізу туралы қаулы етсе, онда тараптардың өз бастамасы бойынша келген куәлардан жауап алу туралы өтінішхаттары қанағаттандырылуға жатады. Егер өтінішхаттарды қанағаттандыруға байланысты процестік келісім немесе медиациялық тәртіппен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу немесе басқа да әрекеттерді орындау үшін уақыт талап етілетін болса, сот үзіліс жариялайды және қажет болғанда істі апелляциялық сатыда қарау мерзімін ұзартады.