бақылау органдарының лауазымды адамдары осы Заңның 14-бабының 1-тармағында көрсетілген құжаттарды көрсетпеген жағдайларда тексеруге жібермеуге;
2) егер құжаттар мен мәліметтер тексеру нысанасына, сондай-ақ тексеруді тағайындау туралы актіде көрсетілген кезеңге жатпайтын болса, оларды ұсынбауға;
3) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыға, тексеруді тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижелері туралы актіге, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға, сондай-ақ бақылау органдарының лауазымды адамдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға;
4) бақылау органдарының немесе лауазымды адамдардың бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін шектейтін, заңға негізделмеген тыйымдарын орындамауға;
5) мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру процесін, сондай-ақ бақылау органдары лауазымды адамдарының мемлекеттік бақылау шеңберінде жасайтын жекелеген әрекеттерін бақылау органдары лауазымды адамдарының қызметіне кедергі келтірмей, аудио-, фото- және бейнетүсірілімдер көмегімен тіркеп-белгілеуге;
6) өз мүдделері мен құқықтарын білдіру, сондай-ақ үшінші тұлғалардың осы тармақтың 5) тармақшасында көзделген әрекеттерді жүзеге асыруы мақсатында мемлекеттік бақылауға қатысуға үшінші тұлғаларды тартуға құқылы.
2. Бақылау субъектілері (объектілері) не олардың уәкілетті адамдары бақылау органдары мемлекеттік бақылауды жүргізген кезде:
1) бақылау органдары лауазымды адамдарының бақылау субъектісінің (объектісінің) аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруін қамтамасыз етуге;
2) коммерциялық, салықтық не заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып, бақылау органдарының лауазымды адамдарына мемлекеттік бақылау нысанасына сәйкес қағаз және электрондық жеткізгіштердегі құжаттардың (мәліметтердің) көшірмелерін ұсынуға, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік беруге;
3) тексеруді тағайындау туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
4) мемлекеттік бақылау аяқталған күні қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының, тексеру нәтижелері туралы актінің екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
5) анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың екінші данасына алғаны туралы белгі қоюға;
6) егер осы Заңда не Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше көзделмесе, тексерілетін құжаттарға мемлекеттік бақылауды жүргізу кезеңінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне жол бермеуге;
7) мемлекеттік бақылауды жүргізу үшін бақылау объектісіне келген адамдардың зиянды және қауіпті өндірістік әсер ету факторларынан осы объект үшін белгіленген нормативтерге сәйкес қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
8) бақылау субъектісінің (объектісінің) басшысы не оның уәкілетті адамы тексеруді тағайындау туралы актіні алған жағдайда тексеру тағайындалған мерзімдерде бақылау объектісі тұрған жерде болуға міндетті.
18-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзып жүргізілген тексерулердің жарамсыздығы
1. Егер бақылау органы тексерулерді осы Заңда белгіленген, тексеруді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзып жүргізсе, олар жарамсыз деп танылады.
2. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзушылықтарға мыналар жатады:
1) тексеруді жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру мерзімдерінің сақталмауы;
4) тексеруді жүргізу кезеңділігін бұзу;
5) бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеруді тағайындау туралы актіні ұсынбау;
6) бақылау органдарының өз құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша тексеру тағайындауы.
19-бап. Жылу энергетикасы саласындағы өндірістік бақылау
1. Жылу энергетикасы саласындағы өндірістік бақылау (бұдан әрі - өндірістік бақылау) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің жылу энергетикасы объектілерінде жүзеге асырылады.
2. Өндірістік бақылаудың міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
2) жылу энергетикасының объектілерін және олардың құрамына кіретін ғимараттарды, үй-жайларды, құрылысжайларды қауіпсіз пайдалану бойынша мониторинг жүргізу;
3) жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін, жылумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
4) техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне тексеруден өткен жұмыскерлердің жұмысты жүзеге асыруы;
5) жабдықты, ғимараттар мен құрылысжайларды пайдалануға әзір күйінде күтіп-ұстау;
6) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілерді уақтылы дайындау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңде уақтылы жүзеге асыру;
7) қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауға бағытталған шараларды талдау және әзірлеу;
8) жұмыстардың жүргізілу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін бұзушылықтардың мән-жайлары мен себептерін анықтау;
9) технологиялық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру.
3. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіндегі жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер өндірістік бақылау туралы ережені әзірлейді.
Өндірістік бақылау туралы үлгілік ережені уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
4. Өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам біліктілік талаптарына, жұмыс тәжірибесі бойынша және атқаратын лауазымы құрылымдық бөлімше басшысынан төмен болмауы тұрғысынан сәйкес келуі бөлігінде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер басшысының актісімен тағайындалады және босатылады.
5. Өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам:
1) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің бөлімшелерінде өндірістік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеуге;
2) жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауына өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
3) жылу энергетикасы объектілерін пайдалану мен жұмыстар жүргізу қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуін тексеруді ұйымдастыруға және жүргізуге;
4) қауіпсіздікті қамтамасыз ету және технологиялық бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыруға;
5) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының өзгеруі туралы ақпаратты жылу өндіруші, жылу тасымалдаушы субъектілер жұмыскерлерінің назарына жеткізуге;
6) жылу өндіруші немесе жылу тасымалдаушы субъектінің басшысына немесе оны алмастыратын адамға:
қауіпсіздікті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
жұмыскерлердің өміріне, денсаулығына қатер төндіретін немесе технологиялық бұзушылықтарға алып келуі мүмкін, Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзып жүзеге асырылатын жұмыстарды тоқтата тұру;
техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидалары бойынша даярлаудан, қайта даярлаудан уақтылы өтпеген жұмыскерлерді жұмыстан шеттету жөнінде ұсыныстар енгізуге;
7) ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 10-ына дейін не сұрау салу бойынша (авариялар мен І дәрежедегі істен шығулар орын алған жағдайларда) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелеріне өндірістік бақылау міндеттеріне сәйкес есепті ұсынуға;
8) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыруға міндетті.
6. Өндірістік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның:
1) жылу энергетикасының объектілеріне және олардың құрамына кіретін ғимараттарға, үй-жайларға, құрылысжайларға тәуліктің кез келген уақытында кедергісіз кіруге;
2) қағаз және электрондық жеткізгіштерде құжаттарды (мәліметтерді) не олардың көшірмелерін, сондай-ақ автоматтандырылған дерекқорларға (ақпараттық жүйелерге) қолжетімділік алуға құқығы бар.
4-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГТЕУ
20-бап. Жылу энергетикасындағы жоспарлау
1. Жылу энергетикасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары негізінде жұмыс істейді және дамиды.
2. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жылу энергетикасына қолданылатын құжаттарын әзірлеу мен бекіту кезінде Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алуға міндетті.
20-баптың 3-тармағы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі және оларды дамыту жылумен жабдықтауды дамытудың ұзақ мерзімді және орта мерзімді схемалары негізінде жүзеге асырылады.
4. Жылумен жабдықтауды дамыту схемаларында мыналар ескерілуге тиіс:
1) жылу энергетикасының нақты көрсеткіштері;
2) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері;
3) жылу энергетикасының жоспарлы көрсеткіштері;
4) әкімшілік-аумақтық бірліктің ерекшеліктері ескеріле отырып, жылумен жабдықтаудың әртүрлі жүйелерін оңтайлы үйлестіру;
5) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке ағымдағы және перспективалық сұранысты қанағаттандыру;
6) елді мекендердің бекітілген бас жоспарлары, шағын елді мекендерді дамытудың және құрылыс салудың схемалары;
7) барлық тұтынушыны жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу мен оларға ақы төлеу деңгейінің тең жағдайлары (кемсітпеушілік тәсіл);
8) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін, қоршаған ортаға зиянды әсердің барынша аз болуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптар ескеріле отырып, жылу энергетикасын дамытудың, энергия үнемдеу және ресурс үнемдеу технологияларын дамытудың, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтудің, қаржыландыруды және өзге де факторларды қамтамасыз етудің оңтайлы шешімдері.
5. Жергілікті атқарушы органдар жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеген кезде жергілікті жағдайды ескере отырып, жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін іс-шараларды қаржыландыру мерзімдерін, көлемдерін, басымдығы мен көздерін айқындайды.
21-бап. Жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу
1. Уәкілетті орган, тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган, мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган және жергілікті атқарушы органдар облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жылу энергетикасы объектілері мен жылу желілерінің жай-күйі туралы ақпаратты жинауды, жаңартып отыруды және жариялауды қоса алғанда, жылу энергетикасының жай-күйін ұдайы мониторингтеуді жүзеге асырады.
2. Жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу жылу энергетикасының нақты және жоспарлы көрсеткіштерінің негізінде, оның ішінде жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу және тұтыну секторлары бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жергілікті атқарушы органдар жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге қол жеткізуге және оларға ақы төлеу мүмкіндігіне қатысты кемсітушілік тәсілді болғызбау мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жылу энергетикасының жай-күйін ұдайы мониторингтеуді жүзеге асырады.
Уәкілетті органның ақпараттық жүйесі енгізілгенге дейін 21-баптың 4-тармағы осы Заңның 53-баптың 2-тармағының редакциясында қолданылады
4. Орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілері жылумен жабдықтаудың сапасы мен көлемі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жабдықтың, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, энергия тиімділігін арттыру және жылу энергиясының ысырабын азайту жөніндегі шаралар, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын ендіру жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де ақпаратты уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы береді.
5. Жылу энергиясын тұрмыстық емес мұқтаждықтарға тұтынатын тұтынушылар уәкілетті орган бекіткен жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу қағидаларына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға ақпарат береді.
6. Жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу қағидаларына сәйкес орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің халыққа осы баптың 4-тармағына сәйкес ақпаратты беруін талап етуге құқылы.
5-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ТАРИФ БЕЛГІЛЕУ
22-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу
Жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
23-бап. Жылумен жабдықтау жүйелерінде тарифтерді мемлекеттік реттеуді қолдану
1. Жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және өткізуге арналған тарифтерді мемлекеттік реттеу орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жүзеге асырылады.
2. Жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және өткізуге арналған тарифтерді мемлекеттік реттеу мынадай жағдайларда:
1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жылумен жабдықтау объектілері үшінші тұлғалардың меншігінде болған;
2) жылумен жабдықтау объектілері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жатқызылған және табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға осы жүйеге қатысушы болып табылатын тұтынушылар (көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғын және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері) санының отыз пайызынан астамы жүгінген жағдайларда жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде жүзеге асырылады.
6-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІ
24-бап. Жылумен жабдықтау жүйелері
1. Жылу энергетикасында мынадай жылумен жабдықтау жүйелері жұмыс істейді:
1) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі;
2) жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі;
3) жеке жылумен жабдықтау жүйесі.
2. Жылумен жабдықтау жүйелеріне қатысушылар арасында туындайтын қатынастар осы Заңда, уәкілетті орган бекітетін жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылардың өзара іс-қимыл жасау қағидаларында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде реттеледі.
25-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі
1. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейтін жылу энергетикасы субъектілері осы жүйеге қатысушылар болып табылады.
25-баптың 2-тармағы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
2. Жылу өндіруші субъектілер жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті өзі тұтыну және (немесе) жылу тасымалдаушы субъектілерге және (немесе) тікелей тұтынушыларға, сондай-ақ бар болса, олардың қосалқы тұтынушыларына сату үшін өндіруді жүзеге асырады.
25-баптың 3-тармағы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
3. Жылу тасымалдаушы субъектілер жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті тасымалдауды, сондай-ақ жылу энергиясын тұтынушыларға өткізуді жүзеге асырады.
4. Бір мезгілде жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер болып табылатын жылумен жабдықтау субъектілері осы Заңның 30-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген шартты жасаспайды.
5. Мемлекеттік органдар өзге де тең жағдайларда (техникалық және экономикалық) шешімді:
1) құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту;
2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламаларын, жоспарларын, құжаттарын және өзге де құжаттарды әзірлеу мен бекіту;
3) жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өзге де құжаттарды әзірлеу мен бекіту;
4) өз құзыреті шеңберінде өзге де шешімдер, актілер қабылдау кезінде орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің пайдасына қабылдауға міндетті.
6. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне (оның ішінде тұтынушылардың желілеріне) өз бетінше қосылуға тыйым салынады.
26-бап. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі
1. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылардың құрамын жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінің меншік иесі айқындайды.
2. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылар осы Заңға сәйкес шарттар жасасады.
26-баптың 3-тармағы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
3. Егер құрылыс кезеңіне берілген техникалық шарттарды қоса алғанда, берілген техникалық шарттарға сәйкес тұтынушылардың жиынтық қосылған жүктемесі жиырма мегаваттан асқан жағдайда, жергілікті жылумен жабдықтау жүйесінің меншік иесі осындай асып кету кезінен бастап үш ай ішінде жылумен жабдықтау субъектілерінің тізіліміндегі жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі мәртебесін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі мәртебесіне өзгерту үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беруге міндетті.
4. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне (оның ішінде тұтынушылардың желілеріне) өз бетінше қосылуға тыйым салынады.
27-бап. Жеке жылумен жабдықтау жүйесі
1. Осы жүйеде жұмыс істейтін тұтынушылар жеке жылумен жабдықтау жүйесіне қатысушылар болып табылады.
2. Жеке жылумен жабдықтау жүйелерін ұйымдастыру және олардың жұмыс істеуі кезіндегі қызмет осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде реттеледі.
7-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР
28-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері
1. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің:
1) егер өздеріне тиесілі жылу желілеріне қосылу жылумен жабдықтау субъектісінің техникалық мүмкіндіктеріне сәйкес келмесе, уәжді техникалық негіздеме бере отырып, мұндай қосылудан бас тартуға;
2) жылумен жабдықтау жүйесіне өз бетінше қосылу фактісі анықталған жағдайда және осы Заңда белгіленген өзге де жағдайларда жылу энергиясын өткізуді шектеуге немесе тоқтатуға;
3) тұтынушыларға тиесілі жылу тұтынатын қондырғыларға, жылу желілері мен коммерциялық есепке алу аспаптарына қол жеткізуге;
4) тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғылары мен жылу желілерінің жұмысында бұзушылықтардың туындауы салдарынан технологиялық жылумен жабдықтау процесінде іркілістер пайда болған жағдайда шығындарды өтеуді талап етуге құқығы бар.
2. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілері:
1) техникалық мүмкіндік болған кезде өздеріне тиесілі жылу желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды беруге;
2) техникалық мүмкіндік болған кезде өздеріне тиесілі жылу желілеріне қосылу кезінде, көрсетілетін қызметтерге немесе тауарға тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
3) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес тиісті сапа мен көлемдегі жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті сатуға;
4) тұтынушыларға берілетін жылу энергиясының және (немесе) жылу жеткізгіштің сапасы мен көлемін есепке алу мен бақылауды жүргізуге, жылу энергиясының сапасын бұзушылықтардың алдын алу және оларды жою бойынша уақтылы шаралар қабылдауға;
5) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген жағдайлардан басқа, жылу энергиясын өндіруде үзілістерге жол бермеуге;
6) жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес қамтамасыз етуге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген жағдайларда тұтынушылардың залалдарын өтеуге;
8) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке арналған тарифтер өзгерген кезде тұтынушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасында және жасалған шарттарда көзделген мерзімдерде және тәртіппен хабардар етуге;
9) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жылумен жабдықтау субъектісінің ішкі құжаттарына сәйкес жылумен жабдықтау жүйесін, жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің ғимараттарын, құрылысжайларын, жабдығын, өзге де мүлікті тиісті күйде күтіп-ұстауға;
10) жылумен жабдықтау субъектісі мүлкінің меншік иелерін және өзге де мүдделі тұлғаларды жылу энергетикасы саласындағы қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мүлікті жөндеу, реконструкциялау, жаңғырту, ауыстыру қажеттігі туралы уақтылы хабардар етуге;
11) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында және жылумен жабдықтау субъектісінің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен меншік иелерін және өзге де мүдделі тұлғаларды авариялардың, тиісті көлем мен қуатта жылу энергиясын беруде бұзушылықтардың туындағаны, жазатайым оқиғалар туралы хабардар етуге;
12) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органды, сондай-ақ тұтынушыларды туындаған технологиялық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалар туралы хабардар етуге;
13) жылыту маусымына әзірлікті қамтамасыз етуге, белгіленген тәртіппен әзірлік паспортын алуға;
28-баптың 2-тармағының 14) тармақшасы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
14) уәкілетті органның ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу тәртібіне сәйкес уәкілетті органның ақпараттық жүйесін пайдалануға;
15) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің бірінші басшыларын, техникалық басшыларын (бас инженерді), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің (бөлімінің) басшыларын уәкілетті орган айқындаған тәртіппен білімін біліктілік тексеруден өткеннен кейін тағайындауға;
16) жылу энергиясының көздері мен жылу желілерінің энергетикалық, жылу-механикалық жабдығын пайдалану, жөндеу, баптау және монтаждау, сондай-ақ зерттеп-қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыруға жұмыскерлердің білімін біліктілік тексеруден өтуін және уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тиісті рұқсатының болуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жылумен жабдықтау субъектілерінің меншік иелері жылумен жабдықтау объектілерінің тиісінше жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті.
4. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі тұтынушылардың:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу желісіне қосылуға арналған техникалық шарттарды алуға;
2) техникалық шарттарға сәйкес жылу желілеріне жалғануды жүзеге асыруға;
3) тиісті сапа мен көлемдегі жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті алуға;
4) техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, шарттың талаптарына сәйкес жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтің көлемін дербес реттеуге;
5) жылумен жабдықтау субъектілерінен жылумен жабдықтаудың сапасы, тарифтер, ақы төлеу тәртібі, жылу энергиясын тұтыну режимдері, жылу энергиясының көздері жабдығының, жылу желілерінің және қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланылатын өзге де мүліктің жай-күйі, көрсетілген мүлікті жаңғырту, жөндеу, реконструкциялау, ауыстыру жөніндегі шаралар, жылумен жабдықтау субъектісі қабылдайтын жылу энергиясының энергия тиімділігін арттыру және оның ысырабын азайту жөніндегі шаралар туралы ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шарттарға сәйкес өзге де ақпаратты алуға;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылумен жабдықтау субъектісінің жасалған шарттардың талаптарын бұзуынан және жылумен жабдықтау сапасының нашарлауынан келтірілген шығындарды өтетуге құқығы бар.
5. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі тұтынушылар:
1) жылу желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарды орындауға;
2) жылу энергиясын өткізуді жүзеге асыратын жылу тасымалдаушы субъектімен жылумен жабдықтау шартын жасасуға;
3) өздерінің балансындағы жылумен жабдықтау жүйелері мен коммерциялық есепке алу аспаптарын тиісті күйде ұстап тұруға және оларды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;
4) жылу энергиясын тұтынудың шартта айқындалған режимдерін сақтауға;
5) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметке шарттың талаптарына және белгіленген тарифтерге сәйкес ақы төлеуге;
6) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына және жасалған шартқа сәйкес жылумен жабдықтау субъектілерінің өкілдеріне, сондай-ақ мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органның өкілдеріне тұтынушылардың балансындағы жылумен жабдықтау жүйелері мен коммерциялық есепке алу аспаптарына қолжетімділікті қамтамасыз етуге;