ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
Жылу энергетикасы туралы
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы
3-бап. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары
2-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
6-бап. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органның құзыреті
7-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
8-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
9-бап. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдарының құзыреті
3-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК БАҚЫЛАУ
10-бап. Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылау
11-бап. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау
12-бап. Қашықтан бақылау
13-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тексерулер
14-бап. Тексерулерді жүзеге асыру тәртібі
15-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тергеп-тексерулер
16-бап. Бақылау органдары лауазымды адамдарының құқықтары мен міндеттері
17-бап. Бақылау субъектісінің (объектісінің) не оның уәкілетті адамының мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі құқықтары мен міндеттері
18-бап. Осы Заңның талаптарын өрескел бұзып жүргізілген тексерулердің жарамсыздығы
19-бап. Жылу энергетикасы саласындағы өндірістік бақылау
4-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ ЖОСПАРЛАУ ЖӘНЕ МОНИТОРИНГТЕУ
20-бап. Жылу энергетикасындағы жоспарлау
21-бап. Жылу энергетикасының жай-күйін мониторингтеу
5-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ТАРИФ БЕЛГІЛЕУ
22-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу
23-бап. Жылумен жабдықтау жүйелерінде тарифтерді мемлекеттік реттеуді қолдану
6-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ ЖҮЙЕЛЕРІ
24-бап. Жылумен жабдықтау жүйелері
25-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі
26-бап. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі
27-бап. Жеке жылумен жабдықтау жүйесі
7-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАР
28-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері
29-бап. Жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылумен жабдықтау субъектілерінің және тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері
8-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУ СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН ТҰТЫНУШЫЛАР АРАСЫНДАҒЫ ШАРТТАР
30-бап. Жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылар арасындағы шарттардың түрлері
31-бап. Жылу энергиясын өндіру бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт
32-бап. Жылу энергиясын өткізу бойынша қызметтер көрсетуге арналған шарт
9-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУҒА АРНАЛҒАН ОТЫН
33-бап. Жылумен жабдықтауға арналған отынның сапасына қойылатын талаптар
34-бап. Тараптардың жылумен жабдықтауға арналған отынды беруге және пайдалануға байланысты жауапкершілігі мен міндеті
10-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ НОРМАЛАР МЕН ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ
35-бап. Жылу энергетикасы объектілерін пайдалану кезіндегі техникалық және технологиялық нормалар
36-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жалпы қауіпсіздік ережелері және жылу энергетикасы объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету
37-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жабдықты жобалау және пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптары
38-бап. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және тұтыну кезінде пайдаланылатын энергетикалық, жылу-механикалық жабдық пен материалдарға қойылатын қауіпсіздік талаптары
39-бап. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері мен жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алу
40-бап. Қосалқы тұтынушылардың жылу энергиясын есепке алу ерекшеліктері
41-бап. Технологиялық бұзушылықтар туындаған кезде жылумен жабдықтауды шектеу және тоқтату
11-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫНДАҒЫ ЭНЕРГИЯ ҮНЕМДЕУ, ЭНЕРГИЯ ТИІМДІЛІГІ ЖӘНЕ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ
42-бап. Жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу кезінде энергия үнемдеуге, энергия тиімділігін арттыруға және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануға қойылатын талаптар
43-бап. Жылу энергиясын тұтыну кезінде энергия үнемдеуге және энергия тиімділігін арттыруға қойылатын талаптар
44-бап. Жылу энергетикасында энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды және жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды мемлекеттік қолдау бағыттары
12-тарау. ЖЫЛУМЕН ЖАБДЫҚТАУДЫҢ СЕНІМДІЛІГІ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
45-бап. Жылу энергетикасы объектілерінің сенімділігі мен қауіпсіздігінің көрсеткіштері
46-бап. Жылыту маусымына әзірлікті қамтамасыз ету
47-бап. Жылу энергиясы көздерін, жылу желілерін және жылу тұтынатын қондырғыларды жөндеу және пайдаланудан шығару
13-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛАР
48-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жобалар
49-бап. Жылу энергетикасы саласындағы жобаларды әзірлеу және іске асыру
50-бап. Жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды субсидиялау
51-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
14-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
52-бап. Өтпелі ережелер
53-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң коммуналдық және өндірістік мұқтаждықтарға жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу мен тұтыну, сондай-ақ жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен оларды дамыту және жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік реттеу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әзірлік паспорты - жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін растайтын, жыл сайын берілетін құжат;
2) жеке жылумен жабдықтау жүйесі - жеке тұрғын үйді жылыту мұқтаждығы үшін орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілеріне қосылмай, бірден-бір тұтынушыны автономды жылу энергиясы көзінен жылу энергиясымен қамтамасыз ететін жылумен жабдықтау жүйесі;
3) жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі - бір жеке немесе заңды тұлғаға тиесілі не кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінің құрамына кіретін және орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінің желілері болып табылмайтын жылу желілері арқылы бір немесе бірнеше жылу энергиясы көзінен бір немесе бірнеше жылу энергиясын тұтынушы үшін жұмыс істейтін жылумен жабдықтау жүйесі;
4) жылу желісі - жылу энергиясын жылу энергиясы көздерінен жылу тұтынатын қондырғыларға дейін беру мақсатында жылу жеткізгішті тасымалдауға және оның ағынын реттеуге арналған құбыржолдар мен құрылғылар (орталық жылу пункттерін, сорғы станцияларын қоса алғанда) жүйесі;
5) жылу жеткізгіш - жылу энергиясын тасымалдау үшін пайдаланылатын сұйық немесе газ тәрізді зат (бу, ауа, су және басқа да заттар);
6) жылу қуаты - жылу энергиясының көзімен өндірілуі, жылу желілері арқылы берілуі және (немесе) жылу энергиясын тұтынушы уақыт бірлігі ішінде қабылдауы мүмкін жылу энергиясының мөлшері;
7) жылумен жабдықтау - тұтынушыларды жылу энергиясымен, жылу жеткізгішпен қамтамасыз ету, оның ішінде жылу қуатын ұстап тұру;
8) жылумен жабдықтауды дамыту схемасы - осы Заңға сәйкес әзірленетін және бекітілетін, тиісті аумақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметті ұсынуға перспективалық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жылу энергетикасын дамыту жөніндегі әрекеттер кешенін сипаттайтын және негіздейтін құжат;
9) жылумен жабдықтаудың авариялық броні - технологиялық процесі толық тоқтатылған, жылу энергиясын тұтынушының жылу тұтынатын қондырғыларының персонал мен қоршаған орта үшін қауіпсіз жай-күйін қамтамасыз ететін, ең аз тұтынылатын жылу қуаты немесе жылу энергиясының мөлшері;
10) жылумен жабдықтаудың сенімділігі - жылу энергиясын тұтынушыларды жылумен жабдықтаудың сапасы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін жылумен жабдықтау жүйесі жай-күйінің сипаттамасы;
11) жылумен жабдықтаудың технологиялық броні - уақыт ұзақтығы сағатпен есептелетін технологиялық өндіріс процесі аяқталғаннан кейін тиісті жылу тұтынатын қондырғылар ажыратылуы және жүктемесі жылумен жабдықтаудың авариялық броніне дейін төмендетілуі мүмкін осы процесті аяқтау үшін жылу энергиясын тұтынушыға қажетті ең аз тұтынылатын жылу қуаты;
12) жылумен жабдықтау жүйесі - жылу жеткізгішті өндіруге, тасымалдауға және пайдалануға арналған қондырғылар кешені;
13) жылумен жабдықтау сапасы - жылумен жабдықтау сипаттамаларының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген термодинамикалық параметрлерге сәйкес келуі;
14) жылумен жабдықтау субъектілері - жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер;
15) жылу өндіруші субъект - осы Заңға сәйкес жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
16) жылу тасымалдаушы субъект - осы Заңға сәйкес жылу энергиясын тасымалдау және (немесе) өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
17) жылу тұтынатын қондырғылар - жылу энергиясын тұтынушының мұқтаждықтары үшін жылу энергиясын, жылу жеткізгішті пайдалануға арналған құрылғылар кешені;
18) жылу энергетикасы - жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу және тұтыну саласы;
19) жылу энергетикасының жоспарлы көрсеткіштері - қысқа мерзімді перспективада қол жеткізу жоспарланатын түйінді көрсеткіштердің мәні;
20) жылу энергетикасының нақты көрсеткіштері - осы (ағымдағы) уақыт кезеңіндегі түйінді көрсеткіштердің мәндері;
21) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштері - ұзақ мерзімді (стратегиялық) перспективада қол жеткізу жоспарланатын түйінді көрсеткіштердің мәні;
22) жылу энергетикасының түйінді көрсеткіштері - жылу энергетикасының жай-күйін бағалайтын негізгі көрсеткіштер (индикаторлар);
23) жылу энергетикасы объектілері - жылу энергиясының көздері, жылу желілері және жылу тұтынатын құрылғылар;
24) жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - жылу энергетикасы саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
25) жылу энергетикасы субъектілері - жылумен жабдықтау субъектілері және жылу энергиясын тұтынушылар;
26) жылу энергиясы - тұтыну кезінде жылу жеткізгіштердің термодинамикалық параметрлері өзгеретін, тауар болып табылатын энергетикалық ресурс;
27) жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызмет - жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтердің жиынтығы;
28) жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алу - жылу энергиясының және (немесе) жылу жеткізгіштің мөлшері мен параметрлерін коммерциялық есепке алу аспаптарымен, ал олар ақаулы болған немесе жоқ болған кезде коммерциялық өзара есеп айырысуларға арналған есептеме тәсілімен анықтау;
29) жылу энергиясын тасымалдау - жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті қабылдауды және оны жылу энергиясының көзінен жылу энергиясын тұтынушыға дейін жеткізуді қамтитын жылу энергиясын беру және тарату;
30) жылу энергиясын тұтынушы (бұдан әрі - тұтынушы) - осы Заңға сәйкес жылу энергиясын өзі тұтыну және (немесе) қосалқы тұтынушыға одан әрі сату үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;
31) жылу энергиясының көзі - жылу энергиясын өндіруге арналған жылу электр орталығы, қазандықтар және басқа да құрылғылар және (немесе) қондырғылар;
32) коммерциялық есепке алу аспабы - жылу энергиясын және (немесе) жылу жеткізгішті коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;
33) қосалқы тұтынушы - жылу желілері және (немесе) жылу тұтынатын қондырғылары тұтынушының жылу желілеріне жалғанған тұтынушы;
34) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі - тұтынушылардың жиынтық қосылған жүктемесі жиырма мегаваттан асатын жылу желілері арқылы тұтынушыларға жылу жеткізгішті тасымалдай отырып, бір немесе бірнеше жылу энергиясы көзінен жылумен жабдықтайтын жүйе;
35) отын - жағу кезінде жылу энергиясын өндіру үшін шаруашылық қызметте пайдаланылатын заттар;
36) отын - энергетика кешенін басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі (бұдан әрі - уәкілетті органның ақпараттық жүйесі) - жылу энергетикасы субъектілерін мониторингтеу және олармен өзара іс-қимыл жасау бойынша уәкілетті органның ақпараттық жүйесі;
37) технологиялық бұзушылық - электр және (немесе) жылу энергиясын өндірудің, берудің, тұтынудың технологиялық процесінің бұзылуына алып келген, жылу энергиясының көздері жабдығының, жылу желілерінің істен шығуы немесе зақымдануы, оның ішінде жану немесе жарылыс, белгіленген режимдерден ауытқу, жабдықты санкцияланбаған ажырату немесе оның жұмыс қабілеттігін шектеу немесе ақауының болуы салдарынан істен шығуы немесе зақымдануы;
38) тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган - жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
39) тікелей тұтынушы - жылу желілері жылу өндіруші субъектінің жылу энергиясы көздерінің коллекторларына қосылған және (немесе) жылу өндіруші субъектінің жылу энергиясы көздерінің бу құбырына қосылған тұтынушы.
2-бап. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың осы Заңнан басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3-бап. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеудің негізгі мақсаттары, міндеттері мен қағидаттары
1. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеу Қазақстан Республикасының жылу энергетикасын елдің шаруашылық-экономикалық және әлеуметтік кешендерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ерекше маңызды жүйе ретінде басқарудың біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Жылу энергетикасы саласындағы заңнамалық реттеудің негізгі міндеттері:
1) тұтынушылар, жылумен жабдықтау субъектілері және мемлекет мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету;
2) шығындары мейлінше аз жоспарлы және бағдарламалық құжаттардың негізінде жылу энергетикасының озық, орнықты жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету;
3) техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына және осы Заңда белгіленген, жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін қамтамасыз ету;
4) төмен көміртекті дамуға көшу және экологияны жақсарту жөніндегі, оның ішінде қоршаған ортаны жылу энергетикасы объектілері қызметінің зиянды әсерінен қорғау арқылы мемлекеттің басымдықтарын іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ тиімділігі жоғары жылу энергиясы когенерациясына, энергиялық тиімді технологиялар мен жабдықты, жаңартылатын энергия көздерін және қоршаған ортаға ластаушы заттар мен парниктік газдардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беретін өзге де энергия көздерін пайдалануға негізделген орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерін дамыту және басым түрде пайдалануды қамтамасыз ету;
5) жылумен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіз және сенімді түрде пайдаланылуы үшін жылу энергетикасы субъектілерінің, оның ішінде жылу энергетикасы объектілері меншік иелерінің жауаптылығын айқындау;
6) энергия тиімділігі деңгейін арттыру және энергия үнемдеу, ресурс үнемдеу технологияларын ендіру жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін қамтамасыз ету және жылу энергетикасында әртүрлі энергия көздерінің оңтайлы үйлесімін қолдану мүмкіндігін қамтамасыз ету;
7) техникалық және экономикалық орындылығын ескере отырып, өнеркәсіптік процестерден артылған жылуды кәдеге жарату кезінде жылу энергиясын өнеркәсіптік кәсіпорындардан жылумен жабдықтау субъектілерінің басым түрде сатып алуы;
8) бағалық реттеу қолданылатын жылумен жабдықтау субъектілері үшін операциялық тиімділікті арттыруға, жылу энергиясының ысырабын азайтуға, жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыруға ынталандыруларды қамтамасыз ету;
9) ұзақ мерзімді инвестициялық бағдарлама бекітілген жағдайда бағалық реттеу қолданылатын жылумен жабдықтау субъектілері үшін реттеліп көрсетілетін қызметтерден түсетін кірістердің болжамдылығын қамтамасыз ету;
10) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік-жекешелік әріптестіктетігі арқылы жылу энергетикасына қатысуын кеңейту;
11) жылу энергетикасының инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз ету;
12) жылу энергиясының реттелетін нарығын жетілдіру;
13) жылу энергиясын ұтымды және үнемді тұтыну;
14) жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды кредиттеу мен субсидиялауды қамтамасыз ету;
15) бекітілген жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын ескере отырып, жылу энергетикасын дамыту.
3. Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының негізгі қағидаттарына мыналар жатады:
1) жылу энергетикасын дамытуды тиімді, экономикалық тұрғыдан негізделген, экологиялық және жүйелі жоспарлау;
2) жылумен жабдықтау жүйелерінің энергия тиімділігін арттыру;
3) жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;
4) жылу энергетикасы субъектілерін мониторингтеу және олардың есеп беруі;
5) сенімді, орнықты және сапалы жылумен жабдықтауға қол жеткізу үшін жылумен жабдықтау субъектілері мен орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерін тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді әділ түрде мемлекеттік реттеу;
6) жылу энергиясының тұтынушылар үшін, оның ішінде субсидиялар есебінен қолжетімді болуы;
7) орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуды мемлекеттік қолдауды, оның ішінде жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялауды және жаңғыртуды бюджет қаражаты есебінен кредиттеу және субсидиялау арқылы мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдар жылу энергиясын өндіруге және тасымалдауға немесе осы процестерді технологиялық жағынан басқаруға байланысты жылумен жабдықтау субъектілерінің өндірістік-технологиялық қызметіне араласуға құқылы емес.
2-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
4-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
4-баптың 2) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету қағидаларын бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзіне жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
5-бап. Уәкілетті органның құзыреті
Уәкілетті орган:
1) жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады және іске асырады;
2) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін, техникалық регламенттерді, нормативтік-техникалық құжаттарды әзірлейді және бекітеді;
5-баптың 3) тармақшасы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3) жылу энергиясын өндіру және тасымалдау бөлігінде жылу энергетикасының түйінді көрсеткіштерін әзірлейді;
5-баптың 4) тармақшасы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4) жылу энергиясын өндіру және тасымалдау бөлігінде жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді;
5-баптың 5) тармақшасы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
5) тиісті уәкілетті органдар әзірлеген, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер, жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, өткізу және тұтыну секторлары, сондай-ақ энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жылу энергетикасының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін бекітеді;
5-баптың 6) тармақшасы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
6) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің деректерді уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне беру қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
7) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды кредиттеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
9) жылумен жабдықтау жүйелерін салуды, реконструкциялау мен жаңғыртуды кредиттеуді және субсидиялауды жүзеге асырады;
10) жылумен жабдықтау субъектілерінің қолда бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған шығындарын субсидиялау кезінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын үйлестіруді жүзеге асырады;
11) жылумен жабдықтау субъектілерінің қолда бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге арналған шығындарын субсидиялау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
12) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелеріндегі технологиялық бұзушылықтарды есепке алуды жүргізеді;
13) орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінде жұмыс істейтін жылумен жабдықтау субъектілерінің жылу энергетикасы объектілері мен олардың құрамына кіретін ғимараттардың, үй-жайлардың, құрылысжайлар мен жабдықтың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін бағалау жөніндегі комиссияларының жұмысына қатысады;
14) жылу энергетикасын дамыту мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады;
15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
6-бап. Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті орган:
1) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді келіседі, әзірлейді және бекітеді;
6-баптың 3) тармақшасы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді және уәкілетті органға жібереді;
4) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы нормативтік-техникалық құжаттаманы өз құзыреті шегінде әзірлейді және бекітеді;
5) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласында әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады;
6) жылу энергиясын тұтыну бөлігінде жылу энергетикасы саласында ғылыми-зерттеулер жүргізуді ұйымдастырады;
7) коммерциялық есепке алу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін жылу энергиясын өткізу бойынша коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын есептеудің үлгілік қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
8) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
7-бап. Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы уәкілетті орган:
1) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысады;
2) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;
7-баптың 3) тармақшасы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3) энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру бөлігінде жылу энергетикасының түйінді және нысаналы көрсеткіштерін әзірлейді және уәкілетті органға жібереді;