7-баптың 4) тармақшасы 2026 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4) жылу энергетикасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін жылу энергетикасы объектілерінің жылуды тұтынуын азайту жөніндегі жоспарларды әзірлейді және олардың орындалуын мониторингтеуді қамтамасыз етеді;
5) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
8-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
1. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары:
8-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1) уәкілетті орган бекіткен жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеу және бекіту қағидаларының негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жылумен жабдықтауды дамытудың ұзақ мерзімді және орта мерзімді схемаларын әзірлейді және жергілікті өкілді органға бекітуге ұсынады;
2) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жылу энергетикасының жай-күйіне, оның ішінде жылу энергиясының пайдаланылу сенімділігін, технологиялық және экономикалық қолжетімділігін бағалау бөлігінде мониторингті жүзеге асырады және алынған деректердің, оның ішінде мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік органнан алынған деректердің негізінде жылыту маусымына дайындық бөлігінде өңірлер бойынша есептілікті мемлекеттік органдарға ұсынады;
8-баптың 1-тармағының 3) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
3) жылумен жабдықтауды дамыту схемаларының орындалуына мониторинг жүргізеді;
4) жылу энергетикасы объектілерінің жай-күйі туралы ақпаратты жинауды, жаңартып отыруды және жариялауды жүргізеді;
5) жылумен жабдықтау субъектілерінің тізілімін жүргізеді;
6) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес мониторинг жүргізу шеңберінде жылумен жабдықтау субъектілерінен алынған деректерді уәкілетті органға береді;
7) жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі технологиялық бұзушылықтарды есепке алуды жүргізеді;
8) жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу энергиясының көздері мен жылу желілерін жоспарлы жөндеуді келіседі;
9) жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі жылу энергиясы көздерінің, жылу желілерінің, тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларының дайындығы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жүзеге асырылуын және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеп тұруын бақылайды;
10) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзушылықтар бойынша сотқа жүгінеді және істерді сот қараған кезде қатысады;
8-баптың 1-тармағының 11) тармақшасы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
11) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды және жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды төлеу немесе өтеу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек беру тәртібін әзірлейді;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
2. Облыстардың жергілікті атқарушы органдары:
1) қажет болған кезде тиісті облыстың аудандары мен облыстық маңызы бар қалаларының жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеу мен іске асырудың қаржыландырылуын қамтамасыз етеді;
8-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) жылумен жабдықтауды дамытудың әзірленген схемаларына сәйкес облыстың жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуды жалпы үйлестіруді жүзеге асырады;
3) жылумен жабдықтау субъектілерінің облыстық тізілімін жүргізеді;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелген өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асырады.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жылу өндіруші субъектілердің жылыту маусымын іркіліссіз өткізу үшін отын сатып алуға жұмсалатын шығындарын субсидиялауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жылумен жабдықтау субъектілерінің қолда бар активтерді кеңейту, жаңғырту, реконструкциялау, жаңарту, ұстап тұру және жаңа активтерді құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығындарын субсидиялауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
9-бап. Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдарының құзыреті
Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті өкілді органдары:
9-баптың 1) тармақшасы 2027 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1) жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын бекітеді;
9-баптың 2) тармақшасы 2025 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
2) энергия үнемдеу мен энергия тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шығыстарды және жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге жұмсалатын шығыстарды төлеу немесе өтеу үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек беру тәртібін бекітеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөніндегі өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК БАҚЫЛАУ
10-бап. Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Жылу энергетикасы объектілерін пайдалану және оның техникалық жай-күйі, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер бөлігінде жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды (бұдан әрі - мемлекеттік бақылау) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар бақылау субъектілері (объектілері) қызметінің Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан осы Заңға сәйкес қашықтан бақылау және тексеру, Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі мен осы Заңға сәйкес тергеп-тексеру нысанында жүзеге асырады.
2. Жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды жергілікті атқарушы органдар тұтынушылардың Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын сақтауы тұрғысынан Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру, жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.
Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңның 11-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Жылу энергетикасы объектілері бар жеке немесе заңды тұлғалар, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер бақылау субъектілері (объектілері) болып табылады.
4. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде:
1) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын, сондай-ақ жылу энергетикасы объектілерін пайдалану кезінде техникалық және технологиялық нормалардың сақталуын;
2) жылу энергетикасы объектілерін және олардың құрамына кіретін ғимараттарды, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықты қауіпсіз пайдалану жөніндегі талаптардың сақталуын;
3) жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін, жылумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін;
4) техникалық пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік техникасы қағидаларын білуіне тексеруден өтпеген жұмыскерлердің жұмысқа жіберілмеуін немесе одан шеттетілуін;
5) жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің дайындығы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңде жүзеге асырылуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
5. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті жылумен жабдықтау жүйелерінде:
1) бақылау субъектілерінің (объектілерінің) Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын, техникалық және технологиялық нормаларды сақтауын;
2) жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын, жылумен жабдықтау жүйесінің қауіпсіздігін;
3) жылу энергиясы көздерінің, жылу желілерінің дайындығы мен жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жүзеге асырылуын және олардың, оның ішінде күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеп тұруын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады.
11-бап. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау
1. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау (объектісіне) субъектісіне бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының жылумен жабдықтау жүйелерінің қауіпсіз, сенімді және орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау жергілікті атқарушы органның сұрау салуы бойынша алынған ақпаратты талдау арқылы, өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының сақталуы мәселелері бойынша оның бұзылуы туралы ақпарат келіп түскен кезде жүргізіледі.
3. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау тұтынушыларға қатысты жүргізіледі.
4. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, жергілікті атқарушы орган бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды ресімдейді және бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жібереді.
5. Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне жеке қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - ұсынымға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - жергілікті атқарушы орган сұрау салған кезде жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісінің хатта көрсетілген электрондық мекенжайына жергілікті атқарушы орган жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
6. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде жергілікті атқарушы органға бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көзделген анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін жергілікті атқарушы органға бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалуы туралы ақпарат береді.
Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның орындалуы туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
7. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды жіберген жергілікті атқарушы органға ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды жүргізудің жартыжылдық тізіміне қосу жолымен жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.
9. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау осы баптың 2-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде жүргізіледі.
10. Жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау бір жыл ішінде екі реттен артық жүргізілмейді.
12-бап. Қашықтан бақылау
1. Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдар (бұдан әрі - бақылау органдары) қашықтан бақылауды жылу энергиясын өндірудің, берудің, өткізудің және тұтынудың қауіпсіздігіне, сенімділігі мен сапасына әсер ететін Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды анықтау тұрғысынан бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау арқылы тұрақты негізде жүргізеді.
2. Бақылау органдары қашықтан бақылауды осы баптың 1-тармағына сәйкес бұзушылықтарға жол берген бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметін талдау және ақпараттық жүйелердің, бақылау субъектілері (объектілері) ұсынған есептіліктің, ашық дереккөздердің, бұқаралық ақпарат құралдарының деректері, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтер, оның ішінде мемлекеттік органдармен ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде алынған ақпарат негізінде жүргізеді.
3. Қашықтан бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды жасалады және бақылау субъектісіне (объектісіне) бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі.
Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
4. Бақылау органдары қашықтан бақылау жүргізу шеңберінде:
1) бақылау субъектілерінен (объектілерінен) және олардың лауазымды адамдарынан жазбаша нысанда мәліметтер мен құжаттарды не олардың көшірмелерін сұратуға;
2) қашықтан бақылау нысанасына қатысты қажетті ақпаратты алу мақсатында бақылау субъектісінің басшысын не оның уәкілетті адамын шақыртуға құқылы.
5. Бақылау субъектілері (объектілері) бақылау органдарының сұрау салуында көрсетілген мәліметтер мен құжаттарды бақылау органдары белгілеген мерзімдерде ұсынуға міндетті.
6. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды екі данада жасалады. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының бір данасы бақылау субъектісіне (объектісіне) жіберіледі, екінші данасы бақылау органында қалады.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытынды мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - қорытындыға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
7. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны алған бақылау субъектісі ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде қашықтан бақылауды жүргізген бақылау органына анықталған бұзушылықтарды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.
Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген мерзімдер өткеннен кейін қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы ақпарат береді.
Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындының орындалуы туралы берілген ақпаратқа бұзушылықты жою фактісін дәлелдейтін материалдарды қоса береді.
8. Бақылау субъектісі қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, қашықтан бақылауды жүргізген және қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны жіберген бақылау органына ол табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
Бақылау субъектісі қарсылықта бақылау органына жіберілетін ескертулерді және (немесе) дәлелдерді баяндауға міндетті.
Қашықтан бақылауды жүргізген бақылау органы қарсылықты алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде ескертулерді және (немесе) дәлелдерді ескере отырып, қарсылықты қабылдау немесе уәжді негіздемемен одан бас тарту жөнінде шешім қабылдайды.
9. Қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыны белгіленген мерзімде орындамау осы Заңға сәйкес бақылау субъектісін (объектісін) жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болып табылады.
13-бап. Жылу энергетикасы саласындағы тексерулер
1. Бақылау субъектісін (объектісін) тексеру (бұдан әрі - тексеру) - бақылау органдарының осы Заңның 10-бабының 4 және 5-тармақтарында көзделген талаптарды сақтау тұрғысынан бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты қызметі.
Тексеру бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүзеге асырылады, оның нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, бақылау субъектісі (объектісі) тексеру нәтижелері туралы акт және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама жасайды.
2. Тексерулер жоспарлы және жоспардан тыс болып бөлінеді.
3. Жоспарлы тексерулер тексеруді тағайындау туралы акт негізінде жоспарлы тексеру жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейінгі мерзімде бақылау органдары бекіткен тексерулердің жылдық тізіміне сәйкес жүргізіледі.
Тексерулердің жылдық тізімі бақылау субъектілерін (объектілерін) негізгі жабдықтың тозу дәрежесіне және (немесе) технологиялық бұзушылықтардың санына қарай бөлу ескеріліп қалыптастырылады және бақылау органдарының интернет-ресурсында тексерулер жүргізілген жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірілмей орналастырылады.
Бақылау субъектілері (объектілері) негізгі жабдықтың тозу дәрежесі бойынша мыналарға бөлінеді:
1) тозуы 50 пайызға дейін болса - қауіп-қатер дәрежесі төмен;
2) тозуы 51-ден 75 пайызға дейін болса - қауіп-қатер дәрежесі орташа;
3) тозуы 75 пайыздан астам болса - қауіп-қатер дәрежесі жоғары.
Бақылау субъектілері (объектілері) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес технологиялық бұзушылықтар саны бойынша мыналарға бөлінеді:
1) II дәрежедегі істен шығулардың болуы - қауіп-қатер дәрежесі төмен;
2) І, II дәрежедегі істен шығулардың болуы - қауіп-қатер дәрежесі орташа;
3) авариялардың, І, II дәрежедегі істен шығулардың болуы - қауіп-қатер дәрежесі жоғары.
Қауіп-қатердің төмен дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілерін (объектілерін) тексеру жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, екі жылда бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Қауіп-қатердің орташа және жоғары дәрежелеріне жатқызылған бақылау субъектілерін (объектілерін) тексеру жоспардан тыс тексерулерді қоспағанда, жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.
Тексерулердің жылдық тізімі әкімшілік дереккөздердің деректері, сондай-ақ ақпараттық құралдар негізінде автоматты режимдегі ақпараттық жүйелер пайдаланыла отырып қалыптастырылады.
Бақылау органдары автоматты режимде жұмыс істейтін ақпараттық жүйе болмаған кезде тексерулердің жылдық тізімін негізгі жабдықтың тозуы және (немесе) технологиялық бұзушылықтардың саны бойынша қауіп-қатер дәрежелерін ескеріп дербес қалыптастырады.
Бақылау органдары сол бір бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулер тізімі мен жылу энергетикасы саласындағы бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізімдерін жасаған кезде тексерулерді жүргізу кезеңінің бірыңғай мерзімдері белгіленеді.
Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты тексерулердің жылдық тізімі өздеріне қатысты тексеру тағайындалған объектілер міндетті түрде көрсетіліп қалыптастырылады.
Тексерулер жүргізудің жылдық тізіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу тексерілетін бақылау субъектісі (объектісі) таратылған, қайта ұйымдастырылған, оның атауы өзгерген, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай туындаған, төтенше жағдай режимі енгізілген, эпидемия, карантиндік объектілер ошақтары және аса қауіпті зиянды организмдер, инфекциялық, паразиттік аурулар, уланулар, радиациялық авариялар және солармен байланысты шектеулер туындаған немесе олардың таралу қатері туындаған жағдайларда жүзеге асырылады.
Тексерулердің жылдық тізімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
4. Бақылау органы бақылау субъектісін (объектісін) не оның уәкілетті адамын, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы қызметін өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік органды, егер осы бапта өзгеше көзделмесе, тексеру басталардан кемінде үш жұмыс күні бұрын оның басталу күнін көрсете отырып, тексеру жүргізудің басталуы туралы жазбаша түрде хабардар етуге міндетті.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарлама мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - хабарламаға алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - бақылау органы сұрау салған кезде бақылау субъектісінің (объектісінің) хатта көрсетілген электрондық мекенжайына бақылау органы жөнелткен күннен бастап тиісті түрде табыс етілді деп есептеледі.
5. Адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатердің алдын алу және (немесе) оны жою мақсатында бақылау органы нақты бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты жоспардан тыс тексеруді тағайындауға негіз болған нақты фактілер мен мән-жайлар бойынша тағайындайтын тексеру жоспардан тыс тексеру болып табылады.
Бақылау органы осы баптың 6-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоспардан тыс тексеруді жүргізу кезінде бақылау субъектісіне (объектісіне) тексеру басталардан кемінде бір тәулік бұрын бақылау субъектісін (объектісін) тексеруді жүргізу нысанасын көрсете отырып, бақылау субъектісіне (объектісіне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің басталуы туралы хабарлауға міндетті.
6. Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) жоспардан тыс тексеру жүргізудің негіздері:
1) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес аварияларды немесе І дәрежедегі істен шығуларды тергеп-тексеру нәтижелері жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылау;
2) қашықтан бақылау нәтижелері туралы қорытындыда көрсетілген іс-шараларды орындамау, оның ішінде анықталған бұзушылықтардың жойылғаны туралы ақпарат бермеу және (немесе) бұзушылықтарды жоймау;
3) жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзу фактісін дәлелдейтін растаушы материалдар қоса берілген жолданымдары;
4) уәкілетті орган бекітетін технологиялық бұзушылықтар сыныптамасына сәйкес авариялар немесе І дәрежедегі істен шығулар туралы ресми дереккөздерден алынған ақпарат;
5) егер бақылау субъектісі (объектісі) анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты бір реттен көп бермесе және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жоймаса, жоспарлы тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалардың орындалуын бақылау;
6) адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірудің не нұқсан келтіру қатерінің нақты фактілері бойынша прокурордың талабы;
7) адам өміріне, денсаулығына, қоршаған ортаға зиян келтірудің, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтардың, сондай-ақ жойылмауы адам өміріне, денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге алып келетін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтардың нақты фактілері бойынша мемлекеттік органдардың жолданымдары;
8) қылмыстық қудалау органының Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген негіздер бойынша тапсырмасы;
9) жоғары тұрған мемлекеттік орган бірінші басшысының Қазақстан Республикасының жылу энергетикасы саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар бойынша бақылау субъектілеріне (объектілеріне) қатысты шаралар қабылдау туралы тапсырмасы.
7. Жоспардан тыс тексерулер анонимді жолданымдар болған жағдайларда жүргізілмейді.
14-бап. Тексерулерді жүзеге асыру тәртібі
1. Бақылау органының тексеру жүргізуге келген лауазымды адамдары бақылау субъектісіне (объектісіне):
1) тексеруді тағайындау туралы актіні;
2) қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын көрсетуге міндетті.
2. Тексеруді тағайындау туралы актіде мыналар көрсетіледі:
1) актінің күні мен нөмірі;
2) мемлекеттік органның атауы;
3) тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген адамдардың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және лауазымы;
4) тексеру жүргізуге тартылатын мамандар, консультанттар мен сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдардың лауазымды адамдары туралы мәліметтер (қажет болған кезде);