2. Мынадай:
1) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып;
2) бірнеше рет;
3) қылмыстық топ жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
303-бап. Есiрткi, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Есiрткi, психотроптық немесе улы заттарды өндiру, дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, есепке алу, босату, тасымалдау, әкелу, әкету, жөнелту не жою қағидаларын бұзу, егер бұл іс-әрекеттi аталған қағидаларды сақтау мiндетiне кiретiн адам жасаса, -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Есiрткi, психотроптық немесе улы заттарды жымқыруға не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
304-бап. Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді абайсызда адамдардың жаппай сырқаттануына, ауру жұқтыруына, сәулеленуіне немесе улануына әкеп соққан бұзу -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылдан он жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
305-бап. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндiретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Адамдардың өмiрiне немесе денсаулығына не қоршаған ортаға қауiп төндiретін оқиғалар, фактiлер немесе құбылыстар туралы ақпаратпен халықты қамтамасыз етуге мiндеттi адамның осындай ақпаратты жасыруы немесе бұрмалауы -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
306-бап. Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тұтынушылар өмiрiнiң немесе денсаулығының қауiпсiздiгi талаптарына сай келмейтiн тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету, сол сияқты аталған тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердiң қауiпсiздiк талаптарына сай келетiндiгiн куәландыратын ресми құжатты құқыққа сыйымсыз беру немесе пайдалану, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бір жүз алпыс айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Дәл сол іс-әрекеттер, егер олар:
1) жас балаларға арналған тауарларға, жұмыстарға немесе көрсетілетін қызметтерге қатысты жасалса;
2) абайсызда екi немесе одан да көп адамның денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер -
төрт жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
307-бап. Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Ойын мекемесiн заңсыз ашу не ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру не Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу не ойын бизнесі саласындағы қызметі лицензиясыз жүзеге асыру -
мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мынадай:
1) кәмелетке толмаған адамды пайдаланып немесе оны құмар ойындарына қатыстырып;
2) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
3) iрi мөлшерде табыс табумен;
4) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік өзгертілді
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген:
1) қылмыстық топ жасаған;
2) аса iрi мөлшерде табыс табумен жасалған;
3) мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берiлген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам өзi немесе сенiм білдірген адам арқылы заңда белгiленген тыйым салуға қарамастан жасаған іс-әрекеттер, егер бұл іс-әрекеттер мұндай қызметте жеңiлдiктер мен артықшылықтар берумен немесе өзге нысандағы жақтаушылығымен байланысты болса, -
мүлкi тәркiленiп, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда - мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыруға не алынған кіріс сомасының он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға, 3) тармақта көзделген жағдайларда белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
308-бап. Жезөкшелiкпен айналысуға тарту
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру, тәуелдi жағдайын пайдалану, бопсалау, мүлкiн жою немесе бүлдiру жолымен не алдау арқылы жезөкшелiкпен айналысуға тарту -
мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен не бiрнеше рет жасалған дәл сол іс-әрекет -
мүлкі тәркіленіп, үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
мүлкін тәркіленіп, бес жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
309-бап. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық
1. Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық -
мүлкi тәркiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен;
2) бірнеше рет жасалған;
3) кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тартумен ұштасқан дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
310-бап. Дәрiлiк немесе басқа да құралдарды пайдаланып есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Есiрткi, психотроптық заттарға, сол тектестерге жатпайтын дәрiлiк немесе басқа да құралдар мен заттарды пайдаланып есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, сол сияқты осы мақсаттар үшiн үй-жай беру -
мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Қылмыстық топ жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 311-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
311-бап. Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату
Порнографиялық материалдарды немесе заттарды тарату немесе жарнамалау мақсатында оларды заңсыз дайындау, тарату, жарнамалау, сол сияқты порнографиялық сипаттағы баспа басылымдарын, кино- немесе бейнематериалдарды, бейнелерді немесе өзге де заттарды заңсыз алып өту немесе олармен сауда жасау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
312-бап. Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелерi бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық iс-шараларына қатысу үшiн тарту
1. Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелерi бар материалдарды немесе заттарды тарату, жария көрсету немесе жарнамалау мақсатында дайындау, сақтау немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасы арқылы алып өту не тарату, жария көрсету немесе жарнамалау -
мүлкі тәркiленіп, үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Он сегіз жасқа толған адамның кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы материалдарды және (немесе) заттарды дайындауға модельдер немесе актерлер ретінде, сол сияқты порнографиялық сипаттағы ойын-сауық iс-шараларына орындаушылар ретінде қатысу үшiн тартуы -
мүлкі тәркiленіп, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, мынадай:
1) ата-ана, педагог не кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаған;
2) көрiнеу жас балаға қатысты жасалған;
3) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған;
4) бірнеше рет жасалған іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 313-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
313-бап. Қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату
Қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын кино- және бейнематериалдарды және басқа да туындыларды тарату немесе жарнамалау мақсатында заңсыз дайындау, тарату, жарнамалау, көрсету, сол сияқты қатыгездiк пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын баспа басылымдарымен, кино- немесе бейнематериалдармен заңсыз сауда жасау -
мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
314-бап. Өлген адамдардың мәйiттерiн және олар жерленген жерлердi қорлау
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Өлген адамдардың мәйiттерiн қорлау не олар жерленген жерлердi, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсiмдер өткiзуге арналған зират үйлерiн жою, бүлдiру немесе аяққа басу -
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Мынадай:
1) бірнеше рет;
2) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған;
3) ұлттық, нәсiлдiк немесе дiни өшпенділiк не араздық уәжі бойынша;
4) күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер -
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
315-бап. Адам мәйiтiнiң ағзалары мен тiндерiн заңсыз алып қою
1. Транспланттау не өзгедей пайдалану үшiн адам мәйiтiнiң ағзаларын немесе тiндерiн заңсыз алып қою, сол сияқты адам мәйiтiнiң ағзаларына немесе тiндерiне қатысты мәмiлелер жасасу -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ;
2) бірнеше рет;
3) адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекеттер -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан алты жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
316-бап. Жануарларға қатыгездiк жасау
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Жануарларға олардың өлуiне немесе мертiгуiне әкеп соққан қатыгездiк жасау, егер бұл іс-әрекет бұзақылық ниетпен немесе садистік әдiстерді қолдана отырып немесе жас балалардың көз алдында жасалса, -
бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не отыз тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған немесе бiрнеше мәрте жасалған дәл сол іс-әрекет -
екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
12-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
317-бап. Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, тиiсiнше орындамауы, егер бұл іс-әрекеттер абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге алып келсе, -
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.28.12. № 208-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-бөлік өзгертілді
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекеттер -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бір жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгінде көзделген, абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірiншi бөлiгiнде көзделген, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекеттер -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Медицина жұмыскерiнiң, сол сияқты халыққа тұрмыстық немесе өзге де қызмет көрсету ұйымы жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды тиiсiнше орындамауы, егер бұл іс-әрекет басқа адамға АИТВ жұқтыруға әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
318-бап. Клиникалық зерттеулер жүргiзу тәртiбiн және профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдану тәртiбiн бұзу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Медицина жұмыскерiнiң клиникалық зерттеулер жүргiзу және профилактиканың, диагностиканың, емдеудiң және медициналық оңалтудың жаңа әдiстерi мен құралдарын қолдану тәртiбiн бұзуы -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Лауазымды адам жасаған не ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
319-бап. Заңсыз түсік жасау
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Тиiстi бейіндегі жоғары медициналық бiлiмi жоқ адамның түсік жасауы -
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, бірнеше рет жасалған іс-әрекет -
төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тиiстi бейіндегі жоғары медициналық бiлiмi бар адамның заңсыз түсік жасауы -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, бірнеше рет жасалған іс-әрекет -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне не оның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соққан заңсыз түсік жасау -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
320-бап. Науқасқа көмек көрсетпеу
2018.12.07. № 180-VІ ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес немесе арнайы қағида бойынша науқасқа көмек көрсетуге мiндеттi адамның дәлелсіз себептермен оны көрсетпеуi, егер бұл абайсызда науқастың денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан екі жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Дәл сол іс-әрекет, егер ол абайсызда науқастың өлiміне не оның денсаулығына ауыр зиян келтiруге әкеп соқса, -
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.