8. Егер акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпания акциялары номиналды ұстауда болса, онда осы баптың ережелері акцияларды номиналды ұстаушының клиенті болып табылатын осындай акциялардың меншік иесіне қатысты қолданылады.
Ескертпе: осы баптың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:
1) бұзған акционер - осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған акционер не осы баптың 1-тармағында белгіленген шектеулерді бұзған тұлғаның тиімді бақылауындағы акционер;
2) тиімді бақылау - заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін айқындау мүмкіндігі, ол мынадай шарттардың бірі болған кезде:
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның орналастырылған (артықшылықты және заңды тұлға сатып алғандарды шегере отырып) акцияларының, қатысу үлестерінің, пайларының не үлестік қатысудың басқа да нысандарының елу пайыздан астамын тікелей және (немесе) жанама иеленгенде, пайдаланғанда және (немесе) билік еткенде;
заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы құрамының кемінде жартысын тікелей немесе жанама сайлау мүмкіндігі болғанда;
бір тұлғаның дербес не бір немесе бірнеше тұлғамен бірлесіп, заңды тұлғаның немесе заңды тұлға болып табылмайтын шетелдік ұйымның шешімдерін Қазақстан Республикасы заңнамалық актісінің, сот шешімінің негізінде, шартқа (растайтын құжаттарға) орай немесе акционерлік қоғам нысанында құрылған авиакомпанияға шетелдік қатысуды (бақылауды) шектеу жөніндегі қағидаларда көзделген жағдайларда өзгеше түрде тікелей немесе жанама айқындау мүмкіндігі болғанда туындайды.
75-бап. Халықаралық әуемен тасымалдау
1. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерiнде халықаралық әуе тасымалдары кезінде, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардан өзгеше жағдай туындамаса, әуемен тасымалдау туралы жалпы ережелер қолданылады.
2. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шартқа сәйкес тұрақты әуемен тасымалдауды жүзеге асыру үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган осы Заңның 80-бабында белгіленген тәртіппен айқындаған тасымалдаушы тағайындалған әуемен тасымалдаушы болып табылады.
3. Почта жөнелтілімдерінің халықаралық әуемен тасымалдау Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 75-1-баппен толықтырылды
75-1-бап. Формальдылықтарды оңайлату
1. Әуе тасымалдарына жәрдемдесу және оларды жылдамдату, сондай-ақ әуе кемелерінің, экипаждардың, жолаушылар мен жүктің негізсіз кешіктірілуін болғызбау мақсатында азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган басқа мемлекеттік органдармен келісу бойынша шекаралық, кедендік, санитариялық және басқа да бақылау түрлерімен байланысты формальдылықтарды оңайлатуға бағытталған бағдарламаны әзірлейді.
2. Әуе тасымалына байланысты формальдылықтарды оңайлату жөніндегі шаралар авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі шараларға залал келтіретіндей етіп жүргізілмеуге тиіс.
76-бап. Коммерциялық әуемен тасымалдау саласындағы негізгі ережелер
2011.05.07. № 452-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Коммерциялық әуе тасымалдары әуе тасымалы шартының негізінде орындалады. Әуе тасымалы шарты авиакомпания не ол уәкілеттік берген тұлғалар (агенттер) беретін тасымалдау құжаттарын ресімдеумен куәландырылады.
Жолаушылардың, багаждың және жүктердің коммерциялық әуе тасымалдары азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Әрбір жолаушыға жеке билет ресімделеді, ол:
1) жолаушының әуемен тасымалдау шартының талаптарымен танысқанын;
2) жолаушы мен авиакомпания арасында әуемен тасымалдау шартының жасалғанын растайды.
Билет жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың деректері негізінде ресімделеді.
3. Авиакомпания әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін сақтауға міндетті.
Авиакомпания және оның лауазымды адамдары әуе кемесінің бортында жолаушыларға қызмет көрсеткен кезде ұсынылатын тағам өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Тiркелген багажды тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттерi көрсетiлген багаж түбіртегi берiледi.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жүкті тасымалдаған кезде жөнелту және межелі пункттері, жүктің салмағы, оны тасымалдаудың шарттары көрсетілген жүкқұжаты берiледi. Жүкқұжат қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде жазып беріледі. Жөнелтуші мәліметтер ұсынуға және жүк берілгенге дейін Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің заңнамасында белгіленген рәсімдерді орындау үшін алушыға қажетті барлық құжаттарды жүкқұжатына қоса беруге тиіс.
Электрондық түрде жазып берілетін жүкқұжаттарды қабылдау, өңдеу, беру және сақтау авиакомпаниялар қолданатын ақпараттық жүйе мен ақпараттық технологиялар арқылы жүзеге асырылады.
Бiрыңғай тауар-көлiк жүкқұжаты (бірыңғай коносамент) бойынша әртүрлi көлiк түрлерiмен жүктердi аралас тасымалдауға қатысатын тасымалдаушылардың, сондай-ақ басқа да тұлғалардың қарым-қатынастары Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамалық актiлерiнде айқындалады.
Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді тасымалдау ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау қағидаларында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалады.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Жүк жөнелтушінің, жүкті алушының жүкті әуе тасымалдауына арналған құжаттарда көрсетілген межелі пунктке әуе тасымалдаушының уақтылы жеткізуіне және оның сақталуын қамтамасыз етуіне құқығы бар.
Жүкті, багажды немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, жүк жөнелтушінің немесе жүкті алушының тасымалдаушыдан жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмау себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасауды талап етуге құқығы бар.
Егер жүктің сапасы оның тiкелей мақсаты бойынша пайдаланылуы мүмкін болмайтындай өзгергендігі анықталған болса, жүк алушының бүлінген немесе бұзылған жүкті қабылдаудан бас тартуға және оны жоғалтқаны үшiн өтем талап етуге құқығы бар.
2015.27.10. № 363-V ҚР Заңымен 5-2-тармақпен толықтырылды
5-2. Әуе тасымалын жүзеге асыратын авиакомпания:
1) жолаушылар мен жүк жөнелтушілерден авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қағидаларды, оның ішінде қарап-тексеруді ұйымдастыру және жүргізу арқылы сақтауын талап етеді;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолаушыларға (жүкті жөнелтушілерге) тиісті үлгідегі ақаусыз әуе кемесін, білікті ұшу экипажын, тасымалдау қауіпсіздігін және өзге де көрсетілетін қызметтерді ұсынуды қамтамасыз етеді;
3) жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларында белгіленген, жолаушыларға, жүкті жөнелтушілерге, жүкті алушыларға қызмет көрсету талаптарын сақтайды;
4) жолаушының, жүкті жөнелтушінің немесе жүкті алушының талап етуі бойынша және жолаушыны, багажды, жүкті немесе пошта жөнелтілімдерін тасымалдау шарты бұзылған жағдайда, олардың бірі тасымалдау құжаттарын көрсеткен кезде жүктің, багаждың немесе пошта жөнелтілімдерінің сақталмауының себептері туралы құжаттарды (коммерциялық акт, жалпы нысандағы акт және өзге де құжаттар) жасайды.
6. Почта жөнелтілімдерін әуемен тасымалдау шарты, оның талаптары және почта жөнелтілімдерін тасымалдауға қабылдау почта жүкқұжатымен куәландырылады.
7. Тасымалдау құжаттарын ресімдеу қажетті деректерді тасымалдау құжатының электрондық немесе қағаз нысанына қолмен, автоматтандырылған немесе электрондық режимде енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Брондалғаннан кейін тасымалдау құжатын ресімдеу авиакомпания белгілеген мерзімде жүргізіледі.
8. Авиакомпания алатын және жолаушыларды, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін тасымалдау құнына кіретін алымдардың негізгі түрлері әуежай және отын алымдары болып табылады.
9. Тасымалдауға арналған тариф қолданылатын кезеңде авиациялық отынға жұмсалатын шығындардың өсуін өтеу мақсатында авиакомпания алатын, оны есептеген кезде бұл өсуді ескеру мүмкін болмаған алым отын алымы болып табылады.
10. Авиакомпания әуежай алымын жолаушыларға әуежайда қызмет көрсету жөніндегі қызметтер құнын өтеу мақсатында енгізеді және алады.
11. Әуежайларда және әуе кемелерінің бортында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсету қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылады.
Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
2013.03.07. № 121-V ҚР Заңымен 76-1-баппен толықтырылды; 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 76-1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
76-1-бап. Әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде, төтенше жағдай енгізілген кезде әуе көлігін пайдалану
Әлеуметтік, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде әуе көлігі төтенше жағдайларды және олардың зардаптарын жою бойынша шаралар қолдану үшін пайдаланылады.
Авиакомпаниялар (дипломатиялық иммунитеті бар шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдіктерінен басқа) құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өтінімдері бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органның шешімі негізінде құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың жеке құрамын оқиғалар, төтенше жағдайлар болған жерлерге тасымалдау және шұғыл медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды емдеу мекемелеріне жеткізу жөніндегі қызметтерді көрсетуге міндетті.
Осы бапта көзделген жағдайларда авиакомпанияларға көрсеткен қызметтері үшін шығыстар, сондай-ақ келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі.
77-бап. Жолаушының құқықтары мен міндеттері
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
1. Жолаушының:
жолаушылар тасымалы үшін ашық кез келген авиамаршрут бойынша билет алуға;
алынған билетіне сәйкес орын алуға;
белгіленген нормалар шегінде қол жүгі мен багажды өзімен бірге тегін алып өтуге;
тасымалдаушының кінәсінен тасымалдауда үзіліс немесе кідіріс болған, әуе кемесінің кеш келуі салдарынан рейсті ұшырмай тастаған, тасымалдау маршруты өзгертілген кезде осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген қызметтерге;
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарға ие болуға құқығы бар.
Мүгедектер мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары арасынан шыққан жолаушылардың жеке пайдалануға арналған зембілдерді және мүгедектердің кресло-арбасын өздерімен жүк ретінде тегін алып жүруге қосымша құқығы бар.
2. Жолаушы:
әуе көлігінде Жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын сақтауға және әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін іс-әрекеттерге жол бермеуге;
авиация персоналының өз қызметтік міндеттерін орындауы кезінде кедергі жасамауға;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттерді орындауға міндетті.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 78-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
78-бап. Жолаушыны әуемен тасымалдау шартын біржақты тоқтату
1. Жолаушының ұшудан бас тартуға және енгізген тасымалдау ақысын әуемен тасымалдау шартында белгiленген мөлшерде қайтарып алуға құқығы бар.
2. Әуемен тасымалдау шарты авиакомпанияның бастамасы бойынша біржақты тәртіппен мынадай:
1) жолаушы әуе кемесi ұшуының алдында осы Заңның 107-бабында белгiленген тексеруден бас тартқан;
2) жолаушы Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуемен тасымалдау қағидаларын бұзған және (немесе) жолаушы әуе кемесiнiң ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiретін iс-әрекет жасаған;
3) жолаушы өзінің денсаулығына немесе әуе кемесiнiң бортындағы адамдар мен мүлiктiң қауiпсiздiгiне қатер төндiретін, сондай-ақ басқа жолаушыларға қолайсыз жағдай туғызатын алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болған;
4) жолаушылар әуе кемесінің бортында осы Заңның 88-бабында көзделген өз міндеттерін орындамаған жағдайларда тоқтатылуы мүмкін.
Жолаушының алкогольмен, есірткімен, уытқұмарлықпен масаң күйде болуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық куәландыру арқылы расталады.
3. Жолаушыны әуемен тасымалдау шарты тоқтатылған жағдайда тасымалдау үшiн енгізілген төлем әуемен тасымалдау шартында көзделген тәртiппен қайтарылады.
79-бап. Авиамаршруттар
1. Тұрақты және тұрақты емес коммерциялық әуемен тасымалдау авиамаршруттар бойынша жүзеге асырылады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Авиамаршруттар халықаралық маршруттар және iшкi маршруттар болып бөлінеді.
Тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауды жүзеге асыруға арналған халықаралық авиамаршруттар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес айқындалады.
Авиакомпанияларды тұрақты ішкі коммерциялық әуемен тасымалдауларды орындауға рұқсат ету қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарына сай авиакомпанияларға ішкі тұрақты коммерциялық әуемен тасымалдауларды орындауға рұқсат етіледі.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды; 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 2-1-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2-1. Авиакомпанияларды тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға жіберу қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарына сәйкессіздік авиакомпанияны тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға жіберуден бас тарту үшін негіз болып табылады.
Авиакомпанияларды тұрақты ішкі коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға жіберу қағидаларында белгіленген біліктілік талаптарын авиакомпания сақтамаған кезде азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым бұрын берілген рұқсатты үш айға дейін тоқтата тұрады. Тоқтата тұру үшін негіз болған бұзушылықтар осы тармақта белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, бұрын берілген рұқсат қайтарып алынады.
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Авиамаршруттың тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті кіріс деңгейін қамтамасыз етпейтін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе ол уәкілеттік берген мемлекеттік органның шешімдері негізінде жүзеге асырылатын авиамаршруттар бойынша тұрақты тасымалдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылатын тасымалдар, сондай-ақ басымдығы бар халықаралық авиамаршруттарға жатқызылатын тасымалдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялануға жатады.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 80-бап тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 80-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
80-бап. Тұрақты әуемен тасымалдаулар үшiн халықаралық және субсидияланатын авиамаршруттарды бөлу
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Үкіметаралық келісімдерге сәйкес авиатасымалдаушылардың саны немесе рейстерді орындау жиілігі бойынша шектеу белгіленген Қазақстан Республикасының авиакомпаниялары арасында халықаралық авиамашруттарды, сондай-ақ тұрақты әуе тасымалдарын жүзеге асыруға арналған субсидияланатын авиамаршруттарды (облысішілік авиамаршруттарды қоспағанда) бөлудi азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган конкурстық негізде жүргiзедi. Жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсету үшін субсидияланатын облысішілік авиамаршруттарға конкурсты жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады. Конкурс жеңiмпаздарына авиамаршрутқа арналған куәлiктер берiледi.
Халықаралық авиамаршруттарға арналған конкурс үкіметаралық келісімдерге сәйкес авиатасымалдаушылардың саны немесе рейстерді орындау жиілігі бойынша шектеу белгіленген авиамаршруттарға:
1) жаңа авиамаршруттар ашылған;
2) үкіметаралық келісімге енгізілген өзгерістерге сәйкес қолданыстағы халықаралық авиамаршрутта қосымша жиіліктер бөлінген;
3) авиатасымалдаушы халықаралық авиамаршрутты пайдаланудан бас тартқан кезде босатылған жиіліктер бөлінген жағдайларда жүргізіледі.
Конкурсқа жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтiлімдерiн тасымалдау бойынша халықаралық авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында, сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша субсидияланатын авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келетін авиакомпаниялар жіберіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар құзыреті шегінде авиакомпания авиамаршрутты пайдалану талаптарын орындамаған жағдайда одан авиамаршрутқа арналған куәлікті қайтарып алады.
3. Мыналар:
1) ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларды және (немесе) еңсерілмейтін күштің салдарын қоспағанда, авиамаршрутты пайдаланудың басталған күнін, белгілі бір уақыт кезеңінде тұрақты рейстердің белгіленген санын орындауды және әуе кемелерінің авиамаршрутында кестеде белгіленген үлгілерді және (немесе) сыйымдылықты қолдануды қамтитын кестені авиакомпанияның сақтауы;
2) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарға сәйкестік;
3) белгіленген кестеге сәйкес тұрақты әуе тасымалдарын қамтамасыз ету үшін авиакомпанияда болжамды кірісті ескермегенде бір ай ішінде қажетті қаржы қаражатының азаймайтын резервінің болуы авиамаршрутты пайдаланудың талаптары деп түсініледі.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Авиакомпаниядан халықаралық немесе субсидияланатын авиамаршрутқа арналған куәлiктi қайтарып алған кезде куәлiк конкурстық ұсынысы жеңiмпаздан (жеңiмпаздардан) кейiн үздiк деп танылған конкурстың басқа қатысушысына берiледi.
2012.10.07. № 36-V ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Халықтың әуе қатынасына қажеттiлігiн қанағаттандыру үшiн азаматтық авиация саласындағы уәкiлеттi орган авиамаршруттарды бөлу жөнiндегi конкурстар аралығындағы кезеңде қажеттiгi туындаған авиамаршрутты пайдалану үшiн авиамаршруттарды бөлу жөнiндегi конкурсты өткiзбей-ақ авиакомпанияға халықаралық немесе субсидияланатын авиамаршрутқа арналған куәлiктi беруге құқылы.
Пайдалану қажеттiгi конкурстар аралығындағы кезеңде туындаған халықаралық немесе субсидияланатын авиамаршрутты бөлген кезде жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша халықаралық авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында, сондай-ақ жолаушыларды, багажды, жүктер мен почта жөнелтiлiмдерiн тасымалдау бойынша субсидияланатын авиамаршрутқа конкурс өткiзу және авиамаршруттарға куәлiктер беру қағидаларында көзделген бiлiктiлiк талаптарына авиакомпания сай келген жағдайда, өтiнiм берген барлық авиакомпанияларға куәлік берiледi.
81-бап. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың Қазақстан Республикасының аумағындағы қызметі
1. Шетелдiк әуемен тасымалдаушылар Қазақстан Республикасы аумағындағы өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасына (Қазақстан Республикасынан) тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды жоспарлайтын шетелдік тасымалдаушылар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органда аккредиттеуден өтуге міндетті.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Аккредиттеуді өткізу үшін шетелдік әуемен тасымалдаушы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларына сәйкес тізбе бойынша, оның ішінде:
1) коммерциялық әуе тасымалдарын орындауға шетелдік әуемен тасымалдаушыны тіркеуші мемлекет тарапынан рұқсатты;
2) тиісті шет мемлекеттен тағайындалған әуемен тасымалдаушының мәртебесін;
3) пайдаланушының авиациялық қауіпсіздік бағдарламасын;
4) Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен ресімделген және (немесе) брондалған билеттер туралы мәліметтер беруді растайтын құжаттарды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды олар келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Аккредиттеу нәтижелері бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган шетелдік әуемен тасымалдаушыға Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларында белгіленген нысан бойынша аккредиттеу туралы куәлік береді не одан уәжді түрде бас тартады.
Аккредиттеу туралы куәлікті беруден бас тарту үшін:
1) Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларына сәйкес тізбе бойынша құжаттарды ұсынбау не толық ұсынбау;
2) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға ұсынылған құжаттарда анық емес мәліметтердің не қолданылу мерзімі өтіп кеткен мәліметтердің (құжаттардың) болуы негіз болып табылады.
Аккредиттеу тәртібі, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасында шетелдік әуемен тасымалдаушыларды аккредиттеу қағидаларында айқындалады.
4. Шетелдік әуемен тасымалдаушыға қатысты тасымалдауға құқық беру шарттары Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын әуе қатынасы туралы халықаралық шарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
5. Шетелдік әуемен тасымалдаушылар экипажды және жолаушыларды Қазақстан Республикасының халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі саласындағы заңнамасына сәйкес өткізу мерзімдерін сақтай отырып, сапалы және қауіпсіз тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.
6. Шетелдік әуемен тасымалдаушылардың өкілдіктері Қазақстан Республикасының аумағында жолаушыларға ақпараттық-анықтамалық қызмет көрсетуді қазақ тілінде жүзеге асырады.
Қосымша басқа тілдерді пайдалануға жол беріледі.
82-бап. Авиациялық жұмыстарды орындау
1. Авиациялық жұмыстар азаматтық әуе кемесін пайдаланушы мен тапсырыс берушi арасындағы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Авиациялық жұмыстардың тізбесі мен оларды орындауға қойылатын талаптар Азаматтық авиация саласындағы ұшуларды жүргізу қағидаларында белгіленеді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. Азаматтық авиация ұйымының жұмыскерлері болып табылмайтын, бірақ авиациялық жұмыстарды орындау кезінде жұмысқа тартылған адамдар авиация персоналына жатпайды.
2020.25.06. № 347-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Пилотсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, авиациялық жұмыстарды орындау үшін оны пайдаланушы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидаларында айқындалған тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымнан авиациялық жұмыстарды орындауға рұқсат алуға міндетті.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 82-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
82-1-бап. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың құқықтық жағдайы
1. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың қызметі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
2. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператордың мүлкі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптастырылады.
3. Тікұшақ қызметтерін ұсыну жөніндегі бірыңғай оператор тікұшақ қызметтерін көрсету жөніндегі өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген қаржыландыру көздерін тартуға және пайдалануға құқылы.