«3) нысаналы трансферттерді бекітілген бюджеттік бағдарламаға сәйкес пайдаланбағаны, нәтижелерге, оның ішінде бюджет қаражатын толық игеру кезінде қол жеткізбегені, алынған нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген нәтижелер туралы есепті ұсынбағаны үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілерінің бірінші басшысы;»;
4) тармақшадағы «бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.» деген сөздер «бірінші басшысы;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 5) тармақшамен толықтырылсын:
«5) бюджеттік инвестицияларды нысаналы даму трансфертін аударатын жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламаларының әкімшісі айқындаған мөлшерлерден төмен мөлшерде жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырғаны үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.»;
15) 53-бапта:
1-тармақтың 12) тармақшасы мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтармен толықтырылсын:
«мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша шығыстарды өтеу;
халықаралық қаржы ұйымдарына Қазақстан Республикасының мүшелігіне қатысты төлемдер, берілмейтін борыштық міндеттемелер (вексельдер) және донорлық жарналар бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындау;
үкіметтік борышты мерзімінен бұрын өтеуге, оның ішінде шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алуға арналған шығыстар.»;
4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Басшысы мемлекеттік органдар жұмыскерлерінің санын қысқартқан кезде штат санының бекітілген лимиттеріне сәйкес есептелген, мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз етуге көзделген қаражат мөлшері мемлекеттік органдарда тиісті және кейінгі жылдарда сақталады.»;
16) 54-баптың 1-тармағының 12) тармақшасында:
алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«тиісті облыстың мәслихаты қабылдаған, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерін, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін қоса алғанда, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерін, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін орындау;»;
мынадай мазмұндағы жетінші абзацпен толықтырылсын:
«мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша шығыстарды өтеу.»;
17) 55-баптың 1-тармағының 12) тармақшасы мынадай мазмұндағы бесінші абзацпен толықтырылсын:
«мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша шығыстарды өтеу.»;
18) 56-бапта:
1-тармақтың 10) тармақшасы мынадай мазмұндағы бесінші және алтыншы абзацтармен толықтырылсын:
«тиісті облыстың мәслихаты қабылдаған, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерін, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін орындау;
мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша шығыстарды өтеу.»;
2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) осы баптың 1-тармағында көрсетілген бағыттар бойынша бюджеттік инвестициялық жобаларға, тиісті облыстың мәслихаты қабылдаған, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерін, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін орындауға;»;
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Тиісті облыстың мәслихаты қабылдаған, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерін, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелерін орындауды қоспағанда, осы бапта көрсетілген бағыттар бойынша шығыстарды бюджеттердің басқа деңгейлерінен қаржыландыруға жол берілмейді.»;
1-тармақтың 19) тармақшасының бірінші - үшінші абзацтары 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
19) 60-баптың 2-тармағы:
мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) республикалық бюджет бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік;
1-тармақтың 19) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтары 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
«2-2) облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік;»;
20) 61-бапта:
1-1-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) мемлекеттік басқарудың республикалық деңгейінде:
экономиканы дамытудың сыртқы және ішкі жағдайларын;
бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салықтық-бюджеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін;
бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салықтық-бюджеттік саясаттың негізгі бағыттары мен шараларын;
бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамын;
мемлекеттік қаржының тұрақтылығын бағалауды;
ішкі және сыртқы үкіметтік борыштың жоспарлы кезеңге арналған болжамын;
шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының, тиісті бюджеттің тапшылығы (профициті) мен мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) болжамын қамтитын, жоспарлы кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің болжамын;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының түсімдері мен шығыстарының жоспарлы кезеңге арналған болжамын;
әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын;
кезекті қаржы жылына арналған шартты түрде қаржыландырылатын шығыстардың тізбесін;»;
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік параметрлердің қосымша болжамды көрсеткіштерін енгізуі мүмкін.»;
мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің болжамы экономиканың ішкі және сыртқы даму жағдайларының өзгерістері ескеріле отырып нақтылануы мүмкін.»;
1-тармақтың 21) тармақшасының бірінші - тоғызыншы абзацтары 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
21) мынадай мазмұндағы 61-1-баппен толықтырылсын:
«61-1-бап. Болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік
1. Болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік:
1) қаржылық жағдай туралы болжамды шоғырландырылған есепті;
2) қаржылық қызметтің нәтижелері туралы болжамды шоғырландырылған есепті;
3) ақша қозғалысы туралы болжамды шоғырландырылған есепті;
4) таза активтердің/капиталдың өзгерістері туралы болжамды шоғырландырылған есепті;
5) түсіндірме жазбаны қамтиды.
2. Республикалық бюджет бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікті қалыптастыру үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ағымдағы жылдың 20 сәуіріне дейінгі мерзімде болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынады.
1-тармақтың 21) тармақшасының оныншы абзацы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікті қалыптастыру үшін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға ағымдағы жылдың 20 сәуіріне дейінгі мерзімде болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынады.
1-тармақтың 21) тармақшасының он бірінші - жиырма алтыншы абзацтары 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікте қамтылған ақпарат пен есеп-қисаптардың толықтығы мен анықтығын қамтамасыз етеді.
3. Республикалық бюджет немесе облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жасалады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілігін жасау тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.
4. Республикалық бюджет немесе облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікті қалыптастыру кезінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлердің бағалануы мен болжамының сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлерде мынадай көрсеткіштер:
операциялық қызметтің нәтижесі;
операциялық қызметтің нәтижесі (мұнайға қатысты емес);
таза кредиттеу (қарыз алу);
бюджеттің жалпы сальдосы;
бюджеттің жалпы сальдосы (мұнайға қатысты емес);
ақшаның профициті (тапшылығы);
ақшаның жалпы профицнті (тапшылығы);
ақшаның жалпы профициті (тапшылығы) (мұнайға қатысты емес);
борыш;
таза борыш ескеріле отырып, тиісті бюджеттің кірістері мен шығыстарының, қаржылық нәтижесінің болжамы қамтылады.
5. Республикалық бюджет бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік республикалық бюджет туралы заң жобасының құрамында ұсынылады.
1-тармақтың 21) тармақшасының жиырма жетінші абзацы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
Облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілік облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеті туралы мәслихат шешімі жобасының құрамында ұсынылады.»;
22) 62-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарын мемлекеттік органның басшысы мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша бекітеді.
Мемлекеттік органның стратегиялық жоспарында білім, ғылым және (немесе) денсаулық сақтау салаларымен байланысты мақсаттар болған кезде мемлекеттік органның стратегиялық жоспары білім, ғылым және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдармен келісіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын бекітуге құқылы.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы, Қазақстан Республикасының «Сырбар» Сыртқы барлау қызметі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссиялары, мәслихаттардың аппараттары және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар стратегиялық жоспарлар әзірлемейді.»;
23) 65-бап мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:
«2-1. Республикалық және жергілікті бюджеттерге және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бюджетінен (шығыстар сметасынан) ұсталатын және қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер салатын әкімшілік айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар және (немесе) бюджеттен берілген бюджеттік кредиттер (қарыздар) бойынша айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар, өндіріп алулар түріндегі салықтық емес түсімдерді болжау жүзеге асырылмайды.»;
24) 65-1-бапта:
бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдары айқындайтын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жаңа бастамаларға арналған лимиттерін қоспағанда, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді тиісінше бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар айқындайды.»;
мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
«Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттері, жаңа бастамаларға арналған лимиттер Қазақстан Республикасының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды көрсеткіштері, республикалық және жергілікті бюджеттер, бюджет қаражатын жұмсаудың басым бағыттары, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша қабылданған мемлекеттік міндеттемелер, оның ішінде мемлекеттік концессиялық міндеттемелер, жоспарлы кезеңге арналған тиісті бюджет тапшылығының мөлшері негізінде айқындалады.
Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиті құрамында мемлекеттік органдардың ағымдағы әкімшілік шығыстарының лимиті айқындалады.»;
бесінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері шығыстарының лимиттерін, жаңа бастамаларға арналған лимиттерді айқындау тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.»;
25) 66-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Стратегиялық жоспарлар әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджет шығыстарын жоспарлау үшін ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде:
мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, бюджеттік бағдарламалардың жобаларын;
бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді толық көлемде және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын, сондай-ақ стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын ұсынады.
2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарына ұсынатын аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін қоспағанда, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалардың және жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері ағымдағы қаржы жылының 15 мамырына дейінгі мерзімде тиісінше бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органға бюджеттік өтінімдерді толық көлемде және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын ұсынады.»;
26) 67-бапта:
6-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) мемлекеттік органдардың осы Кодекстің 65-1-бабының үшінші бөлігіне сәйкес лимиттері айқындалған ағымдағы әкімшілік шығыстарын қоспағанда, мәлімделген қаржыландырудың бюджеттік бағдарламалар нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуге ықпалын сипаттай отырып, бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің әрбір бюджеттік бағдарламасы бойынша шығыстардың түрлері бойынша есеп-қисаптар;»;
12-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«12-1. Бюджеттік өтінімнің негізділігі, бюджеттік өтінімге қатысты есеп-қисаптардың анықтығы, бюджеттік өтінімнің толықтығы мен уақтылы ұсынылуы үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Нысаналы салым салуға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімнің негізділігі және бюджеттік өтінімге қатысты есеп-қисаптардың анықтығы, бюджеттік өтінімнің толықтығы мен уақтылы ұсынылуы үшін дербес білім беру ұйымы мен оның ұйымының басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Нысаналы аударымға бағытталған бюджеттік бағдарламалар бойынша бюджеттік өтінімнің негізділігі және бюджеттік өтінімге қатысты есеп-қисаптардың анықтығы, бюджеттік өтінімнің толықтығы мен уақтылы ұсынылуы үшін дербес кластерлік қордың, Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, халықаралық қаржы орталығының органдары мен олардың ұйымдарының, сондай-ақ қатысушыларының қызметі үшін жағдайларды қамтамасыз ететін ұйымның басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.»;
27) мынадай мазмұндағы 67-1-баппен толықтырылсын:
«67-1-бап. Азаматтық бюджет
Республикалық және жергілікті бюджеттердің негізгі ережелерін ашатын, бұқаралық ақпарат құралдарында жұртшылыққа қолжетімді нысанда жарияланатын ақпарат азаматтық бюджет болып табылады.
Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну тәртібін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.»;
28) 68-бапта:
1-тармақтың бірінші бөлігінде:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган стратегиялық жоспарлардың мақсаттарына және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып:»;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) стратегиялық жоспарларды әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын нәтижелер көрсеткіштерін таңдаудың дұрыстығы, бюджеттік бағдарламалар нәтижелері көрсеткіштерінің стратегиялық жоспардың нысаналы индикаторларымен өзара байланысының болуы, нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізілу дәрежесі тұрғысынан қарайды.»;
2-тармақта:
бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті қаржы жылындағы бюджеттің атқарылуын талдау нәтижелерін, сондай-ақ стратегиялық жоспарлардың мақсаттарына және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалау нәтижелерін ескере отырып:»;
үшінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалардың жобалары бойынша қорытындылары мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның стратегиялық жоспарларды әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобалары және стратегиялық жоспарлардың жобалары немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобалары бойынша қорытындылары ескеріле отырып қалыптастырылады.»;
төртінші бөлік алып тасталсын;
3-тармақтың бірінші бөлігінің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган есепті қаржы жылындағы бюджеттің атқарылуын талдаудың және аумақтарды дамыту бағдарламасының мақсаттарына және бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштеріне қол жеткізу тиімділігін бағалаудың нәтижелерін ескере отырып:»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыруға арналған шығыстар қаржылық-экономикалық негіздемеде айқындалған бюджеттік инвестицияларды іске асыру мерзімдеріне сәйкес бюджет жобасына қосылады.»;
5-тармақтың үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға пысықталған стратегиялық жоспарлардың жобаларын немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулардың жобаларын, стратегиялық жоспарларды әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын ұсынады.»;
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарына ұсынатын, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттерінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін қоспағанда, стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті бюджет комиссиясының ұсыныстарына сәйкес тиісінше бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органдарға пысықталған бюджеттік бағдарламалардың жобаларын және бюджеттік өтінімдерді ұсынады.»;
29) 71-бапта:
3-тармақтың екінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«кірістердің, трансферттер түсімдерінің, шығындардың, таза бюджеттік кредиттеудің, қаржы активтерімен жасалатын операциялар бойынша сальдоның, бюджет тапшылығының (профицитінің), мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің), тапшылығын қаржыландырудың (профицитті пайдаланудың) көлемдері;»;
4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«Жоспарлы кезеңнің әрбір жылы бойынша қосымшалар бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) ақшалай мәндегі мөлшерін қамтиды;»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Республикалық бюджет туралы заң жобасының мәтінінде кезекті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің бекітілетін тапшылығының (профицитінің) және мұнайға қатысты емес тапшылығының (профицитінің) мөлшері ақшалай мәнде және жалпы ішкі өнімге пайызбен көрсетіледі.»;
30) 74-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет туралы заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламентіне ағымдағы қаржы жылының 1 қыркүйегінен кешіктірмей енгізеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі республикалық бюджет туралы заң жобасымен бір мезгілде мынадай құжаттар мен материалдарды:
1) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын;
2) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын немесе стратегиялық жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар жобаларын;
2-1) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының жобаларын;
3) есепті екі қаржы жылындағы және ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесіне борыштың түрлері бойынша мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың жай-күйі туралы деректерді;
3-1) есепті екі қаржы жылындағы және ағымдағы қаржы жылының 1 шілдесіне түрлері мен нысандары бойынша, тартылған мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар туралы деректерді;
3-2) жергілікті бюджеттік инвестициялар мен шығыстардың атауы көрсетілген төмен тұрған бюджеттер бөлінісінде есепті екі қаржы жылында республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы даму трансферттерін пайдалану туралы ақпаратты;
1-тармақтың 30) тармақшасының оныншы абзацы 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
3-3) республикалық бюджет бойынша болжамды шоғырландырылған қаржылық есептілікті;
4) республикалық бюджет жобасына енгізілген шешімдерді ашып көрсететін түсіндірме жазбаны, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бөлінісінде мыналарды:
ағымдағы жағдайдың, орын алып отырған проблемалардың қысқаша сипаттамасын;
жағдайды жақсарту және проблемаларды шешу, мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының жобасында айқындалған мақсаттар мен жоспарланған нысаналы индикаторларға қол жеткізу жолдарының сипаттамасын;
бюджеттік бағдарламалардың мақсаттары мен бюджеттік бағдарламалардың жоспарланған түпкілікті нәтижелерінің сипаттамасын;
бюджеттік бағдарламалар мен бюджеттік кіші бағдарламалар бөлінісінде бюджет қаражатын жұмсау бағыттарын, бюджеттік бағдарламалардың тікелей нәтижелерінің сипаттамасын;
есепті екі қаржы жылында бюджеттік бағдарламалардың орындалуының және қол жеткізілген нәтижелер көрсеткіштерінің сипаттамасын, сондай-ақ жоспарлы кезеңге жоспарланатын бюджет қаражаты көлемінің алдыңғы жоспарлы кезеңде республикалық бюджет туралы заңда бекітілген бюджет қаражатының көлемінен ауытқуы туралы мәліметтерді (себептерін, салдарларын);
республикалық бюджет жобасында жарғылық капиталдарын ұлғайтуға және (немесе) бюджеттік кредиттер беруге бюджет қаражаты көзделген квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті екі қаржы жылындағы қызмет нәтижелерінің көрсеткіштері туралы мәліметтерді;
алдыңғы қаржы жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен бөлінген және пайдаланылған шығыстар көрсетілген, жоспарлы кезеңге арналған бюджет жобасына енгізілген басталған (жалғасатын) бюджеттік инвестициялық жобалар туралы ақпаратты қамтитын ақпаратты ұсынады.
Түсіндірме жазбаға Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджет жобасын алдын ала бағалау шеңберінде енгізілген ұсынымдарын ескеру туралы ақпарат та енгізіледі.
Түсіндірме жазбаға бюджеттік инвестициялар бөліне отырып мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар бөлінісінде бюджеттік инвестициялар, оның ішінде бюджет жобасына кейінге қалдыру шартымен енгізілген, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға бағытталған инвестициялар тізбесі қоса беріледі.»;