2. Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес екі тарап адвокаттарының не заң консультанттары палатасының мүшелері болып табылатын адамдардың жәрдемдесуімен дауды реттеу бойынша тараптар арасында келіссөздер жүргізу арқылы өткізіледі.
182-бап. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім және оны орындау
1. Іс жүргізуінде іс жатқан судья (сот құрамы) дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімнің мазмұнын тексереді және осы Кодекстің 177-бабына сәйкес оны бекіту және іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
2. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім, келісімді бекіту туралы ұйғарым осы Кодекстің 176 және 177-баптарының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
3. Егер тараптар партисипативтік рәсім тәртібімен келісімге қол жеткізбесе немесе сот келісім шартын бекітпесе, істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі.
4. Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы сот бекіткен келісімді орындау осы Кодекстің 178-бабында белгіленген татуласу келісімін орындау қағидалары бойынша жүргізіледі.
18-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫ
183-бап. Бірінші сатыдағы соттың азаматтық iстердi қарау және шешу мерзiмдерi
1. Азаматтық істі қарау мерзімі оның іс жүзіндегі күрделілігіне және іске қатысатын адамдардың мүдделеріне сәйкес келуге тиіс.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екi айға дейiнгi мерзiмде азаматтық iстерді қарайды және шешедi.
Жұмысқа қайтадан алу туралы, әке болуды анықтау және алименттерді өндiріп алу туралы азаматтық істерді, сондай-ақ ерекше талап қою және ерекше іс жүргізу істерін сот істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап бір айға дейiнгi мерзiмде қарайды және шешедi. Ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істер талап қою сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
3. Осы Кодексте азаматтық iстердiң жекелеген санаттары үшін оларды қараудың және шешудің өзге де мерзiмдері белгiленуi мүмкiн.
4. Қарсы талап қою берілген істерді қарау және шешу мерзімінің өтуі негізгі талап қою бойынша істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап есептеледі.
Сот ақылға сыйымдылықты және жеткілілікті ескере отырып, мерзімді белгілеуге тиіс.
5. Негізгі істен бөліп алынған істі, сондай-ақ бірлесіп қарау үшін бір іске біріктірілген істерді қарау және шешу мерзімінің өтуі осы Кодекстің 167-бабының төртінші бөлігіне сәйкес есептеледі.
6. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен соттың ұйғарымына шағым жасалған кезде істі қарау және шешу мерзімінің өтуі, талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымға шағым жасау жағдайларын қоспағанда, істі жоғары сатыдағы сотқа жіберген кезден бастап ол бірінші сатыдағы соттың іс жүргізуіне түскенге дейін үзіледі.
184-бап. Сот отырысы
Сот азаматтық істі талқылауды іске қатысатын адамдарды міндетті түрде хабарландыра отырып, сот отырысында жүргізеді.
185-бап. Сот отырысында төрағалық етушi
1. Төрағалық етушiнiң мiндетiн судья атқарады. Төрағалық етушi азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес процестік әрекеттер жасаудың сабақтастықтығы мен тәртiбінiң сақталуын, процеске қатысушылардың процестік құқықтарын жүзеге асыруын және олардың процестік міндеттерді орындауын, процестің тәрбиелiк ықпалын қамтамасыз ете отырып, отырыстың барысына басшылық жасайды.
2. Іске қатысатын қандай да бір тұлғаның төрағалық етушiнiң процестік әрекеттерiне қарсылық бiлдiруі сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
3. Төрағалық етушi сот отырысында тиiстi тәртiптi қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолданады. Сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптар іске қатысатын барлық тұлғалар және олардың өкілдері, мамандар, сарапшылар, аудармашылар үшiн, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар үшiн мiндеттi.
Төрағалық етушінің сот отырысында тәртіпті сақтау жөніндегі талаптарын орындамау осы Кодекстің 119 және 120-баптарының талаптарына сәйкес заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.
186-бап. Сот талқылауының тікелей және ауызша болуы
1. Сот іс пен дауды қараған және шешкен кезде iс бойынша дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге міндетті.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қоспағанда, сот тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың түсiнiктемелерiн, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының қорытындыларын тыңдауға, құжаттармен танысуға, заттай дәлелдемелердi қарап шығуға, дыбысжазбаларды тыңдауға және бейнежазбаларды, киноматериалдарын, фотоматериалдарды көруге, ақпаратты түрлендірудің өзге де құралдарының материалдарымен танысуға мiндеттi. Қажет болған жағдайларда iс бойынша дәлелдемелердi зерттеген кезде сот маманның консультациялары мен түсiндiрмелерiн тыңдайды.
2. Сот отырысында істi талқылау ауызша жүргiзiледi. Істі қарау процесінде судья алмастырылған жағдайда талқылау басынан бастап жүргізілуге тиіс.
3. Сот іске қатысатын басқа да тұлғалар тараптарының түсініктемелерін, куәлардың айғақтарын, сарапшылардың қорытындыларын, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындыларын тыңдауды бейнеконференцбайланыс арқылы жүзеге асыра алады.
187-бап. Сот отырысындағы тәртiп
1. Судья сот отырысы залына кiрген кезде залдағы қатысып отырған адамдар орындарынан тұрады. Шешiм шығармай аяқталатын істегі сот шешiмiн немесе ұйғарымын сот отырысы залында қатысып отырғандар түрегеп тұрып тыңдайды.
2. Іске қатысатын адамдар мен сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар судьяға «Құрметті сот» деп сөйлейді.
Түсініктемелер мен айғақтарды, сұрақтар мен оларға жауаптарды процеске қатысушылар төрағалық етушінің рұқсатымен түрегеп тұрып береді. Бұл қағидадан ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол берілуі мүмкiн.
3. Іске қатысатын адамдар, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтар сот отырысы залындағы тәртіпті сақтауға міндетті.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Осы баптың қағидалары техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы, сот процесіне қатысу ерекшеліктері ескеріле отырып, қолданылады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 187-1-баппен толықтырылды
187-1-бап. Сот отырысында техникалық құралдарды пайдалану
1. Іске қатысатын адамдар, олардың өкілдері, сондай-ақ куәлар, сарапшылар, мамандар, аудармашылар осы Кодексте көзделген тәртіппен, сот талқылауы барысында материалдық және цифрлық ақпарат жеткізгіштері бар техникалық құралдарды істі қарау барысында туындаған мәселелер бойынша қажетті ақпарат алу, ақпараттық және құқықтық жүйелерге, интернет-ресурстарға қолжетімділік алу, тиісті түрде хабарланғанын және іс үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау, сондай-ақ сот отырысының барысын жазып алу үшін пайдалануға құқылы.
2. Осы Кодексте белгіленген техникалық құралдарды пайдалану тәртібін сақтамау алынған деректерді пайдалану мүмкіндігін болғызбайды және кінәлі адамды жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады.
3. Сот талқылауы барысының аудио-, бейнежазбасы, кино- және фототүсірілімі осы Кодекстің 19-бабы жетінші бөлігінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады, олардың сақталмауы кейіннен оларды пайдалану мен тарату мүмкіндігін болғызбайды және кінәлі адамды сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады.
188-бап. Сот отырысындағы тәртiпті бұзушыларға қолданылатын шаралар
1. Iстi талқылау кезiнде тәртiпті бұзған адамға төрағалық етушi соттың атынан ескерту жасайды.
2. Тәртiптi қайталап бұзған жағдайда iске қатысатын адам сот отырысының хаттамасына енгізілетін сот ұйғарымы бойынша сот талқылауының барлық уақытына немесе оның бiр бөлiгiне сот отырысы залынан шығарып жiберiлуi мүмкiн. Төрағалық етушi соңғы жағдайда сот отырысы залына қайта жiберiлген адамды ол болмаған кезде жасалған процестік әрекеттермен таныстырады. Сот отырысы залына қайта оралған адамдар олар болмаған кезде зерттелген мән-жайлар бойынша түсініктеме беруге және іске қатысатын басқа адамдарға сұрақтар қоюға құқылы.
3. Іске қатыспайтын және сот отырысы залында қатысып отырған адамдар қайталап тәртіп бұзғаны үшін төрағалық етушінің өкімімен отырыс залынан шығарып жіберіледі.
4. Iстi талқылау барысында оған қатысушылар жаппай тәртiп бұзған жағдайда сот iске қатыспайтын адамдардың барлығын сот отырысы залынан шығарып жіберуі және iстi жабық отырыста қарауы немесе iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкiн. Істі жабық сот отырысында қарау және шешу туралы ұйғарым шығарылады, ол сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
5. Процеске қатысушы тұлға тарапынан тікелей сот талқылауы барысында сотты құрметтемеу фактісі анықталған кезде сот кінәлі адамға осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы.
6. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, бұл адам осы Кодекстің 120-бабында белгіленген тәртіппен қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.
189-бап. Сот отырысын ашу
1. Төрағалық етушi сот отырысын ашады және қаралуға жататын іс туралы, сондай-ақ сот отырысында аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланылатыны туралы хабарлайды.
Жабдықтың техникалық ақауы болған, оның болмауы немесе оны техникалық себептер бойынша қолдану мүмкін болмаған жағдайларда сот отырысын аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жазып алу жүзеге асырылмайды.
2. Аудио-, бейнежазба құралдарын пайдалану мүмкіндігінің болмауы сот отырысы жалғаспайды дегенді білдірмейді.
Аудио-, бейнежазба құралдары пайдаланылмауының себептері сот отырысының хаттамасында міндетті түрде көрсетілуге тиіс.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 190-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
190-бап. Процеске қатысушылардың келуін тексеру
1. Сот отырысының хатшысы сотқа осы іс бойынша шақырылған адамдардан кімнің келгенін, олардың қайсысы техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы қатысатынын, келмеген адамдарға хабар берілгенін не берілмегенін және олардың келмеу себептері туралы қандай мәліметтердің бар екенін баяндайды.
2. Төрағалық етуші осы Кодексте белгіленген, техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы, сот процесіне қатысу ерекшеліктерін ескере отырып, келгендердің жеке басын анықтайды, сондай-ақ өкілдердің өкілеттіктерін тексереді.
191-бап. Аудармашыға оның мiндеттерiн түсiндiру
1. Төрағалық етушi аудармашыға сот ісі жүргiзiлiп отырған тiлдi бiлмейтiн адамдардың түсiндiрмелерiн, айғақтарын, мәлiмдемелерiн, ал осы адамдарға iске қатысатын тұлғалар мен куәлардың түсiндiрмелерiнiң, айғақтарының, мәлiмдемелерiнiң, жария етiлетiн және iсте бар құжаттардың, дыбысжазбалардың, сарапшылар қорытындыларының, мамандар консультацияларының, сондай-ақ судья өкiмдерiнiң, сот шығарған сот актілерінің мазмұнын аудару мiндетiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға көрiнеу қате аударма жасағаны үшiн Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жауаптылық туралы ескертедi. Аудармашының бұл туралы қолхаты сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi. Аудармашы сотқа келуден немесе өз мiндеттерiн орындаудан дәлелді себептерсіз жалтарған жағдайда, оған Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Осы баптың қағидалары сурдоаударма жасау дағдыларын меңгерген және сот процеске қатысуға тартқан адамға қолданылады.
192-бап. Куәларды сот отырысы залынан шығарып жіберу
1. Келген куәлар сот отырысы залынан шығарып жіберіледі.
2. Төрағалық етушi жауап алынған куәлардың жауап алынбаған куәлармен сөйлеспеуі үшін шаралар қолданады.
193-бап. Сот құрамын жария ету және қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiру
1. Төрағалық етушi сот құрамын жариялайды, прокурор, сарапшы, маман, сот отырысының хатшысы ретiнде кiмдердiң қатысып отырғанын хабарлайды және iске қатысатын тұлғаларға олардың қарсылық бiлдiру құқығын түсiндiредi.
2. Қарсылықтар бiлдiру үшiн негiздер, мәлiмделген қарсылықты шешу тәртiбi және осындай мәлiмдеулердi қанағаттандырудың салдары осы Кодекстiң 38, 39, 40, 41 және 42-баптарында айқындалады.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 194-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
194-бап. Iске қатысатын тұлғаларға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етуші іске қатысатын адамдардың процестік құқықтарымен және міндеттерімен танысқандығына көз жеткізеді, ал таныспаған жағдайда оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, сондай-ақ процестік міндеттерді орындамағаны үшін заңдарда белгіленген жауаптылығы және осы Кодексте көзделген процестік салдарлардың басталуы туралы ескертеді.
Төрағалық етуші тараптарға дауды татуласу келісімімен, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісіммен, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісіммен шешу немесе дауды заңда белгіленген басқа тәсілмен реттеу не дауды шешу үшін төрелікке, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотына жүгіну құқығын және олардың құқықтық салдарын түсіндіреді.
195-бап. Соттың iске қатысатын тұлғалардың өтiнiшхаттарын шешуi
Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң iстi талқылауға байланысты мәселелер бойынша өтiнiшхаттары iске қатысатын тұлғалардың пiкiрлерi тыңдалғаннан кейін шешіледі, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда соттың ұйғарымы шығарылады.
196-бап. Iске қатысатын тұлғалардың және өкiлдердiң сот отырысына келмеуінің салдары
2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Iске қатысатын тұлғалар сот отырысына келмеу себептерi туралы сотқа алдын ала хабарлауға және күтпеген және (немесе) төтенше жағдайларға байланысты осы себептердiң дәлелдi екендiгiне дәлелдемелердi ұсынуға мiндеттi.
2. Iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрі сот отырысына келмеген жағдайда, олардың тиiстi түрде хабарландырылғаны туралы мәлiметтер жоқ болса, iстi талқылау кейiнге қалдырылады.
3. Егер iске қатысатын тұлғалар сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылса, олардың келмеу себептерi тек дәлелдi деп танылған жағдайда ғана сот iстi талқылауды кейiнге қалдырады.
4. Сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылған iске қатысатын тұлғалардың қайсыбiрi келмеген жағдайда, егер олардың келмеу себептерi дәлелсiз деп танылса, сот iстi қарауға құқылы.
5. 2021.20.12. № 84-VII ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
6. Тараптар соттан iстi олардың қатысуынсыз қарау және оларға шешiмнiң көшiрмелерiн жiберу туралы жазбаша нысанда өтiнуге құқылы.
7. Сот отырысының уақыты мен орны туралы хабарландырылған iске қатысатын тұлға өкiлiнiң келмеуi iстi қарауға кедергi болмайды. Талап қоюшының, жауапкердің не үшінші тұлғаның өтінішхаты бойынша оның өкiлiнің сот отырысына дәлелдi себеппен келмеуiне байланысты сот iстi талқылауды кейiнге қалдыруы мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 8-бөлікпен толықтырылды
8. Егер, техникалық байланыс құралдарын пайдалана отырып, істі қарауға қатысу туралы өтінішхатты мәлімдеген адам өзінің қатысуын қамтамасыз етпесе, онда сот оның келмеу себептерін дәлелсіз деп тануға құқылы.
197-бап. Сот отырысына куәның, сарапшының, маманның, аудармашының келмеуінің салдары
1. Сот отырысына куә, сарапшы немесе маман келмеген жағдайда сот iске қатысатын тұлғалардың iстi олар жоқта қарау мүмкiндiгi туралы пiкiрiн тыңдайды және сот талқылауын жалғастыру немесе оны кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
2. Сот отырысына аудармашы келмеген жағдайда, егер аудармашыны алмастыру мүмкiн болмаса, сот iстi талқылауды кейiнге қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
3. Егер куә, сарапшы, маман немесе аудармашы сот отырысына сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша келмесе, олар сотты құрметтемегені үшін осы Кодекстің 119 және 120-баптарында көзделген тәртіппен әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 198-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
198-бап. Iстi талқылауды кейiнге қалдыру, сот отырысындағы үзіліс
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.29.06. № 352-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік жаңа редакцияда
1. Істі қарауды кейінге қалдыруға:
1) егер сот осы Кодекстің 196 және 197-баптарында көзделген тәртіппен - процеске қатысушылардың біреуінің келмеуі салдарынан істі осы сот отырысында қарау мүмкін емес деп таныған;
2) осы Кодекстің 188-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіп қолданылатын істі талқылау кезінде қатысушылар тәртіпті жаппай бұзған;
3) осы Кодекстің 153-бабының екінші бөлігінде көзделген тәртіппен - қарсы талап қойылған;
4) осы Кодекстің 73-бабында көзделген тәртіппен қосымша дәлелдемелерді ұсыну немесе талап ету қажет болған;
5) қатысушылардың сот отырысына келуіне кедергі келтіретін не оған мүмкіндік бермейтін күтпеген және төтенше мән-жайлар туындаған жағдайларда жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт бойынша міндеттемелерін орындауын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының уәкілетті органынан оның баланы Қазақстан Республикасына заңсыз алып өткендігі немесе баланың Қазақстан Республикасында ұсталып отырғандығы туралы арыз алғаны туралы жазбаша хабарлама келіп түскен жағдайда сот осы бала туралы дауға байланысты істі талқылауды отыз күнге кейінге қалдыруға міндетті. Егер бала көрсетілген халықаралық шарт осы балаға қатысты қолданылуға жатпайтын жасқа толмаса, хабарламаға арыздың көшірмесі қоса берілуге тиіс.
3. Iс кейiнге қалдырылған кезде iстiң жаңа сот отырысында қаралуын және шешiлуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн уақыт ескерiле отырып, жаңа сот отырысының күнi белгiленедi, бұл туралы келген адамдарға қол қойдыру арқылы хабарланады. Келмеген және процеске қатысуға жаңадан тартылған тұлғаларға жаңа сот отырысының уақыты мен орны туралы шақыру қағазы (хабар) жiберiледi.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 4-бөлікпен толықтырылды
4. Істі талқылау кейінге қалдырылғаннан кейін іс басынан қайта қаралады. Егер тараптар процеске барлық қатысушының түсініктемелерін қайталауды талап етпесе, сот оларды толықтыруға және қосымша сұрақтар қоюға мүмкіндік бере отырып, бұрын тыңдалған түсініктемелерді қайталамастан, оларды растаумен шектелуге құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 5-бөлікпен толықтырылды
5. Сот іске қатысатын адамдардың пікірін ескере отырып, істі қарауды жалғастыруға және (немесе) жұмыстан тыс уақытта шешім шығаруға құқылы.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 6-бөлікпен толықтырылды
6. Сот отырысында үзіліс жариялануы мүмкін, оның ұзақтығы іске қатысатын адамдардың пікірі ескеріле отырып, айқындалады.
199-бап. Iстi талқылау кейiнге қалдырылған кезде куәлардан жауап алу
Істі талқылау кейінге қалдырылған кезде, егер тараптар сот отырысында қатысып отырса, сот келген куәлардан жауап алуға құқылы. Осы куәларды қажет болған жағдайда ғана жаңа сот отырысына екінші рет шақыруға жол беріледі.
200-бап. Сарапшы мен маманға оның құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру
Төрағалық етушi сарапшыға оның процестік құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, сарапшыға көрiнеу жалған қорытынды бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi, ол туралы сарапшыдан қолхат алынады. Қолхат сот отырысының хаттамасына қоса тiркеледi.
Маманға оның қажетті процестік әрекеттерді орындауда сотқа жәрдем көрсетудің процестік құқықтары мен міндеттері түсіндіріледі.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 201-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
201-бап. Істі мәні бойынша қараудың басталуы
1. Істі мәні бойынша қарау төрағалық етушінің талап қоюшының өзінің талаптарын қолдайтыны не қолдамайтыны, талап қоюшының талаптарын жауапкердің мойындайтыны не мойындамайтыны және тараптардың істі татуласу келісімімен аяқтауды немесе істі төреліктің, «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының қарауына беруді не дауды (жанжалды) медиация немесе партисипативтік рәсім тәртібімен немесе заңда белгіленген басқа тәсілмен шешуді қалайтыны не қаламайтыны туралы мәселелерді анықтауынан басталады.
2. Осыдан кейін судья:
1) талап қоюшының талаптарын;
2) жауапкердің қарсылықтарын;
3) тараптар дау айтпайтын және олар дау айтатын фактілерді, сондай-ақ тараптар ұсынған, іске қоса тіркелген дәлелдемелерді баяндайды.
Судья одан кейін тараптардың қандай да бір толықтырулар және (немесе) нақтылаулар енгізуді қалайтынын не қаламайтынын анықтайды.
202-бап. Iске қатысатын тұлғалардың түсiнiктемелерi және дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілеу
1. Сот талап қоюшының және оның тарапынан қатысатын үшiншi тұлғаның, олардың өкілдерінің, сондай-ақ жауапкердiң және оның тарапынан қатысатын үшiншi тұлғаның, олардың өкілдерінің түсiнiктемелерiн тыңдайды.
Осы Кодекстің 54-бабының үшінші бөлігіне және 55-бабына сәйкес талап қоюшының мүдделері үшін талап қойған тұлғалар істің мән-жайлары бойынша түсініктемелер береді және дәлелдемелерді бірінші болып ұсынады.
Іске қатысатын адамдар төрағалық етуші белгілейтін тәртіппен және кезектілікпен бір-біріне сұрақтар қоюға құқылы. Қойылатын сұрақтардың санына шектеу болмайды, бірақ төрағалық етуші талап қоюшының талаптары мен жауапкердің қарсылығы негізделген даудың нысанасы мен мән-жайларға қатысы жоқ сұрақтарды алып тастауға құқылы.
2. Іске қатысатын, дәлелді себептермен сот отырысына келмеген тұлғалардың жазбаша түсініктемелерін, сондай-ақ осы Кодекстің 69, 71, 74, 75-баптарында көзделген тәртіппен алынған дәлелдемелерді төрағалық етуші жария етеді және олар сот отырысында зерттеледі.
2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен 2-1-бөлікпен толықтырылды
2-1. Сот іске қатысатын адамдарға тараптардың талаптары мен қарсылықтарын негіздеу фактілері туралы мәліметтер алу, сондай-ақ істің толық және уақтылы шешілуі үшін маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау үшін сұрақтар қоюға құқылы.
3. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін тыңдап, олардың пікірлерін ескере отырып, өзге де дәлелдемелерді зерттеу тәртібін белгілейді.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Сот іске қатысатын адамдардың түсініктемелерін техникалық байланыс құралдарының көмегімен алуы, ал дәлелдемелерді зерттеуі мүмкін.
Сот тапсырмасы бойынша дәлелдемелерді зерттеуді осы адамдардың немесе дәлелдемелердің тұрған жері бойынша сот жүзеге асырады.
5. 2020.10.06. № 342-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
203-бап. Айғақтар беруден бас тартқаны және көрінеу жалған айғақтар бергені үшін куәға жауаптылық туралы ескерту
1. Куәдан жауап алынғанға дейiн төрағалық етушi куәның жеке басын анықтайды, оның мiндеттерi мен құқықтарын түсiндiредi және оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертедi. Куәға, оның ішінде он алты жасқа толмаған куәға өзіне, өзінің жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қарсы айғақтар беруден, сондай-ақ діни қызметшіге - тәубаға келіп, өзіне сырын ашқандарға қарсы айғақтар беруден бас тарту құқығы түсіндіріледі.
2. Он алты жасқа толмаған куәға судья оған iс бойынша белгілі болғанның бәрiн шынайы түрде айтып беру мiндетiн түсiндiредi, бiрақ оған айғақтар беруден бас тартқаны үшiн және көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылық туралы ескертiлмейдi.
204-бап. Куәдан жауап алу тәртiбi
1. Әрбiр куәдан жауап жеке-жеке алынады. Әлi айғақтар бермеген куәлар iстi талқылау кезiнде сот отырысы залында қала алмайды.
2. Төрағалық етушi куәның iске қатысатын тұлғаларға қатысын анықтайды және куәға iс бойынша жеке өзiне белгілінiң бәрiн сотқа хабарлауды ұсынады.
3. Ерікті нысанда айғақтар бергеннен кейiн куәға сұрақтар қойылуы мүмкiн. Бiрiншi болып өзінің арызы бойынша куәны шақырған тұлға мен оның өкiлi, содан соң iске қатысатын басқа тұлғалар мен олардың өкiлдері сұрақ қояды. Судья куәдан жауап алудың кез келген сәтiнде оған сұрақ қоюға құқылы.
4. Қажет болған жағдайда сот нақ сол немесе келесi отырыста куәдан екiншi рет жауап ала алады, сондай-ақ олардың айғақтарындағы қайшылықтарды анықтау үшiн куәлар арасында беттестiру жүргiзе алады.
5. Егер сот ертерек кетуге рұқсат бермесе, жауап алынған куә iстi талқылау аяқталғанға дейiн сот отырысы залында қалады.
205-бап. Куәның жазбаша материалдарды пайдалануы
1. Айғақтар қандай да бір цифрлармен немесе басқа деректермен байланысты болған кезде куә айғақтар беру кезiнде жазбаша материалдарды пайдалана алады. Куә осы құжаттарды сотқа және iске қатысатын тұлғаларға ұсынады және ол iске қоса тiркелуi мүмкiн, бұл туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.