2) қылмыстық топ жасаған;
3) аса ірі мөлшерде жасалған іс-әрекеттер -
мүлкі тәркіленіп, ал осы бөліктің 1) тармағында көзделген жағдайларда - белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескертпелер.
1. Осы бапта көзделген әрекеттердің дайындалып жатқаны не олардың жасалғаны туралы өз еркімен мәлімдеген адам, егер оның әрекеттерінде осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген қылмыстардың немесе өзге де қылмыстың құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
2. Осы бапта «активтер» деп Қазақстан Республикасындағы немесе оның шегінен тысқары жердегі мүліктік игіліктер немесе құқықтар (мүлік), оған қоса осы мүліктен алынған (алынатын) немесе осы мүліктің есебінен иемденілген кез келген мүліктік игіліктер немесе құқықтар түсініледі.»;
8) 235-бап алып тасталсын;
5-тармақтың 9) тармақшасы 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
9) мынадай мазмұндағы 235-1-баппен толықтырылсын:
«235-1-бап. Валюталық құндылықтарды Қазақстан Республикасынан заңсыз әкету, жөнелту және аудару
1. Валюталық құндылықтарды тиісті мәмілелердің және ақы төлеудің өзге де қарсы міндеттемелерінің шынайы құнынан (бағасынан) асатын көлемде (мөлшерде), оның ішінде жалған құжаттарды пайдалану, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың құнын (бағасын) жасанды түрде арттыру арқылы Қазақстан Республикасынан әкету, жөнелту немесе аудару -
валюталық құндылықтардың заңсыз әкетілген, жөнелтілген немесе аударылған сомасының елу еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Тараптардың жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету, тауарларды беру туралы тиісті міндеттемелерді және ақы төлеудің өзге де қарсы міндеттемелерін орындау ниеті болмаған кезде валюталық құндылықтарды жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге, тауарларға және өзге де өтеулі шарттар бойынша ақы төлеу есебіне, оның ішінде жалған құжаттарды пайдалану, түр көрсету үшін мәмілелер және (немесе) әрекеттер жасау (нақты құқықтық салдарлар жасау ниетінсіз) арқылы ірі мөлшерде Қазақстан Республикасынан әкету, жөнелту және аудару -
жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар аса ірі мөлшерде жасалса, -
жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.»;
5-тармақтың 10) тармақшасы 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
10) 367-бапта:
бірінші бөліктің екінші абзацындағы «немесе онсыз» деген сөздер алып тасталсын;
екінші бөліктің екінші абзацындағы «немесе онсыз» деген сөздер алып тасталсын;
5-тармақтың 11) тармақшасы 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
11) 368-баптың бірінші бөлігінің екінші абзацындағы «немесе онсыз» деген сөздер алып тасталсын;
12) 373 және 374-баптар алып тасталсын;
5-тармақтың 13) тармақшасы 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
13) 430-бап мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
«4. Сот актілерін орындаудан жалтару мақсатында жасалған, заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтаруға байланысты істер бойынша сот шешімімен немесе үкімімен (қаулысымен) тәркіленген мүлікті, сол сияқты мемлекет кірісіне айналдырылған мүлікті не тыйым салу қолданылған мүлікті заңсыз иеліктен шығару, ауыртпалық салу -
алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.».
6. 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне:
1) 36-баптың бірінші бөлігіндегі «67-баптарында» деген сөздер «67, 67-1-баптарында» деген сөздермен ауыстырылсын;
2) 58-баптың бірінші бөлігі «Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары, орынбасарлары, олардың аға көмекшілері мен көмекшілері,» деген сөздерден кейін «прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосының бірінші басшысы, оның орынбасарлары,» деген сөздермен толықтырылсын;
6-тармақтың 3) тармақшасы 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
3) 136-баптың үшінші бөлігі «218,» деген цифрлардан кейін «218-1,» деген цифрлармен толықтырылсын;
4) 187-бапта:
бірінші бөліктегі «373, 374,» деген цифрлар алып тасталсын;
6-тармақтың 4) тармақшасының үшінші - алтыншы абзацтары 2023 ж. 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді
үшінші бөлік «218 (үшінші бөлігінің 1) тармағында),» деген сөздерден кейін «218-1 (төртінші бөлігінің 1) тармағында),» деген сөздермен толықтырылсын;
3-1-бөліктегі «235,» деген цифрлар «235-1,» деген цифрлармен ауыстырылсын;
4-1-бөліктің бірінші абзацындағы «195 (үшінші және төртінші бөліктерінде),» деген сөздер «195 (үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде),» деген сөздермен ауыстырылсын;
алтыншы бөлік «218 (бірінші және екінші бөліктерінде, үшінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында),» деген сөздерден кейін «218-1 (бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде, төртінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында),» деген сөздермен толықтырылсын;
5) 192-баптың екінші бөлігінің бірінші абзацы «туралы мәміле» деген сөздерден кейін «немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле» деген сөздермен толықтырылсын;
6) 201-баптың үшінші бөлігі 2) тармағындағы «беру сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету болып табылмайды.» деген сөздер «беру;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақпен толықтырылсын:
«3) активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органға қылмыстық іс жүргізу барысында алынған активтерді заңсыз иемденуге және шығаруға байланысты мәліметтерді ұсыну сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету болып табылмайды.»;
7) 291-баптың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімнің шарттары орындалмаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы шығарған сот прокурордың өтінішхаты бойынша осындай қаулының күшін жояды.».
8) 565-бап мынадай мазмұндағы төртінші және бесінші бөліктермен толықтырылсын:
«4. Тәркілеу нысанында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) Қазақстан Республикасының аумағындағы және тәркіленуге жататын мүлік туралы мәліметтер, сондай-ақ осы мүліктің меншік иесінің, иесінің туған күні мен жері, азаматтығы, айналысатын ісі, тұрғылықты жері немесе болатын жері туралы деректерді қоса алғанда, олар туралы деректер, ал заңды тұлғалар үшін олардың атауы және тұрған жері қосымша көрсетіледі.
Тәркілеу нысанында құқықтық көмек туралы сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта), егер құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) дұрыс және уақтылы қарау үшін қажет болса, өзге мәліметтер де, оның ішінде телефондардың, факстардың нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары көрсетілуі мүмкін.
5. Тәркілеу нысанында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген құжаттар қоса беріледі, ал егер бұл Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделмесе, мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) шет мемлекет сотының Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті тәркілеу көзделген үкімінің, қаулысының немесе өзге де шешімінің шетелдік сот куәландырған көшірмесі, сондай-ақ олардың заңды күшіне енгені туралы дәлелдемелер;
2) тәркіленуге жататын мүліктің Қазақстан Республикасының аумағында тұрғанын растайтын дәлелдемелер;
3) осы бөліктің 1) және 2) тармақтарында көрсетілген құжаттардың қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасы.»;
9) 577-бап мынадай мазмұндағы жетінші және сегізінші бөліктермен толықтырылсын:
«7. Қазақстан Республикасының құзыретті органдары сұрау салушы тараптың сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген өзге процестік шараларды да қабылдауы мүмкін.
8. Сот осы бапта көзделген сұрау салуларды мүлкіне қатысты шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен тәркілеу туралы шешім қабылданған тұлғаның Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жері немесе тұрған жері бойынша, ал егер бұл тұлғаның Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері немесе тұрған жері болмаса не оның тұрған жері белгісіз болса, оның тәркіленуге жататын мүлкінің Қазақстан Республикасында тұрған жері бойынша қарайды.»;
10) 608-бап мынадай мазмұндағы 1-1, 2-1, 7-1 және 7-2-бөліктермен толықтырылсын:
«1-1. Тәркілеу нысанында құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) қарау мүлкіне қатысты шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен тәркілеу туралы шешім қабылданған тұлғаны, меншігінде, иелігінде, пайдалануында немесе билік етуінде тәркіленуге жататын мүлік бар басқа да мүдделі тұлғаларды және (немесе) олардың өкілдерін не қорғаушыларын, шет мемлекеттің құзыретті органын және прокурорды сұрау салудың қаралатын орны, күні мен уақыты туралы хабардар ете отырып, сот отырысында жүзеге асырылады.
Осы бөліктің бірінші абзацында аталған, Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе жүрген тұлғалар сот отырысының орны, күні мен уақыты туралы сот отырысы өтетін күнге дейін отыз тәуліктен кешіктірілмей хабардар етілуге тиіс. Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде тұратын немесе жүрген тұлғаларға және шет мемлекеттің құзыретті органына хабархаттар Қазақстан Республикасының халықаралық шартында және заңнамасында көзделген тәртіппен сот отырысы өтетін күнге дейін алты айдан кешіктірілмей жіберіледі.
Сот отырысына қатысуын сот міндетті деп таныған тұлғаларды қоспағанда, сот отырысының орны, күні мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген адамдардың келмеуі шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуын қарауға кедергі келтірмейді.»;
«2-1. Соттың мүлікті толық немесе ішінара тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындау және мәжбүрлеп орындату туралы қаулысында мыналар көрсетіледі:
1) шет мемлекет сотының атауы, тәркілеу туралы үкімнің, қаулының немесе өзге де шешімнің шығарылған уақыты мен орны;
2) шет мемлекеттің соты соттаған тұлғаның Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жері, жұмыс орны және айналысатын ісі туралы мәліметтер;
3) жасағаны үшін сотталған тұлға кінәлі деп танылған қылмыстың сипаттамасы және оны соттауға және мүлікті тәркілеу туралы шешім қабылдауға негіз болған шет мемлекеттің қылмыстық заңы;
4) сотталған тұлға жасаған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бабы;
5) Қазақстан Республикасының аумағындағы және тәркіленуге жататын мүлік туралы мәліметтер;
6) қаулыға шағым жасау тәртібі.
Соттың мүлікті тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындаудан және мәжбүрлеп орындатудан бас тарту туралы қаулысында мұндай бас тартудың негіздері көрсетілуге тиіс.»;
«7-1. Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге шешімін мойындаудан және мәжбүрлеп орындатудан осы Кодекстің 569-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ мынадай:
1) шет мемлекет сотының мүлікті тәркілеуді көздейтін үкімі, қаулысы немесе өзге де шешімі заңды күшіне енбеген;
2) тәркіленуге жататын мүлік Қазақстан Республикасының юрисдикциясы қолданылмайтын аумақта орналасқан;
3) шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен мүлікті тәркілеу көзделген іс-әрекет Қазақстан Республикасының аумағында жасалған және (немесе) бұл іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайтын;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында шет мемлекет сотының үкімімен, қаулысымен немесе өзге де шешімімен тәркілеу тағайындалған іс-әрекетке ұқсас іс-әрекет үшін мүлікті тәркілеу көзделмеген;
5) шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуында аталған тұлғаға қатысты дәл сол іс-әрекет үшін үкім заңды күшіне енген, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған, сол сияқты алдын ала тергеп-тексеру органының қылмыстық істі тоқтату туралы немесе қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы күші жойылмаған шешімі болған;
6) шет мемлекет сотының мүлікті тәркілеуді көздейтін үкімі, қаулысы немесе өзге де шешімі Қазақстан Республикасының халықаралық шартында немесе заңнамасында көзделген негіздер бойынша орындалмайтын;
7) Қазақстан Республикасында сол бір іс-әрекетке байланысты мүлкін тәркілеу туралы шет мемлекеттің құзыретті органының сұрау салуы жіберілген тұлғаны қылмыстық қудалау жүзеге асырылып жатқан;
8) шет мемлекеттің құзыретті органының тәркілеу туралы сұрау салуы келіп түскен мүлікке қылмыстық, азаматтық істер немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша Қазақстан Республикасы сотының үкімімен, шешімімен немесе қаулысымен өндіріп алу қолданылған;
9) шет мемлекет сотының үкімінде, қаулысында немесе өзге де шешімінде көрсетілген мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тәркіленуге жатпайтын жағдайларда бас тартылады.
7-2. Соттың Қазақстан Республикасының аумағындағы мүлікті тәркілеу бөлігінде шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындау және мәжбүрлеп орындату туралы заңды күшіне енген қаулысының негізінде сот шет мемлекет соты үкімінің, қаулысының немесе өзге де шешімінің қарар бөлігі, сондай-ақ соттың шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындау және толық немесе ішінара мәжбүрлеп орындату туралы қаулысының қарар бөлігі көрсетілуге тиіс атқарушылық парақ береді.
Атқарушылық парақ шет мемлекет соты үкімінің, қаулысының немесе өзге де шешімінің көшірмелерімен және соттың шет мемлекет сотының үкімін, қаулысын немесе өзге де шешімін мойындау және мәжбүрлеп орындату туралы қаулысының көшірмесімен бірге Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес орындауға жіберіледі.»;
11) 612-баптың бірінші бөлігі 2) тармағындағы «ынтымақтастық туралы келісім нысанында жүргізіледі.» деген сөздер «- ынтымақтастық туралы келісім нысанында;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақпен толықтырылсын:
«3) Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көзделген онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы келісім нысанында жүргізіледі.»;
12) мынадай мазмұндағы 617-1, 617-2, 617-3, 617-4 және 617-5-баптармен толықтырылсын:
«617-1-бап. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасуға арналған шарттар
1. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім мынадай шарттар болған:
1) күдікті, айыпталушы, сотталушы процестік келісім жасасуға ерікті түрде тілек білдірген;
2) күдікті, айыпталушы, сотталушы келтірілген күдікке, айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанының қолда бар дәлелдемелеріне, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпаған кезде жасалуы мүмкін.
2. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім, егер қылмыстардың ең болмағанда біреуі осы бапта және осы Кодекстің 612-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе, қылмыстардың жиынтығына қатысты жасалмайды.
617-2-бап. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасаудың салдары
1. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасудың салдары мыналар болып табылады:
1) осы Кодекстің 192-бабында белгіленген мерзімдерде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталуы;
2) осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігіне және 64-тарауына сәйкес істің сот талқылауының жүргізілуі.
2. Тұлғаның кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы жасалған процестік келісімнің шарттарын орындамауы тоқтатылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді немесе қылмыстық қудалауды осы Кодекстің 291-бабында көзделген тәртіппен қайта бастауға алып келеді.
3. Сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімнен бас тартуға құқығы бар.
4. Тараптардың кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасудан бас тартуы оны қайтадан жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге кедергі келтірмейді.
617-3-бап. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты қарау тәртібі
1. Күдікті, айыпталушы, сотталушы қылмыстық іс бойынша іс жүргізудің кез келген сәтінде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы. Процестік келісім прокурордың бастамасы бойынша жасалуы мүмкін.
2. Тергеп-тексеруді жүзеге асыратын орган күдіктіден, айыпталушыдан, сотталушыдан не қорғаушыдан кінәні мойын дау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында іс жүргізу туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты алып, осы Кодекстің 613-бабында көзделген негіздерді ескере отырып, процестік келісім жасасу туралы мәселені шешу үшін келіп түскен өтінішхатты қылмыстық іс материалдарымен бірге үш тәулік ішінде прокурорға жібереді.
Прокурор тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органнан істі талап етіп алдырады, осы баптың үшінші және төртінші бөліктерінде көзделген әрекеттерді орындайды, істе процестік келісім жасасу мүмкіндігі барын көріп, қорғаушы тарапқа оны жасасу туралы мәселені талқылауды ұсынады не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы жазбаша хабарлайды.
3. Прокурор процестік келісім жасасу мүмкіндігі туралы мәселені қарау кезінде:
1) тұлғаның жасаған іс-әрекетінің кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында іс жүргізу туралы процестік келісім аясына жататын не жатпайтынын;
2) процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты тұлғаның ерікті түрде мәлімдегенін және оны жасасудың салдары туралы білетінін;
3) тұлғаның жиналған дәлелдемелерге және іс-әрекеттің саралануына дауласпайтынын;
4) тұлғаның өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне және азаматтық талап қоюға келісетінін;
5) істе қылмыстық қудалауды тоқтатуға алып келетін мән-жайлардың жоқ екенін тексеруге міндетті.
Көрсетілген мән-жайларды анықтау үшін прокурор күдіктіні, айыпталушыны, сотталушыны (күзетпен ұсталып отырғанды жеткізуді талап етеді), оның қорғаушысын және жәбірленушіні шақырады, олардың процестік келісім жасасу мүмкіндігі туралы пікірін анықтайды. Прокурор өтінішхатты берген тұлғаға процестік келісім жасасудың салдарын, оны жасасудан бас тарту құқығын түсіндіреді.
4. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасуға жәбірленушінің келісімін алу талап етілмейді.
Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат жөніндегі шешім қылмыстық іс прокуратураға келіп түскен кезден бастап он тәулік ішінде қабылданады.
Прокурордың процестік келісім жасасудан бас тартуы шағым жасалуға жатпайды, алайда бұл кейіннен процестік келісім жасасуға кедергі келтірмейді.
617-4-бап. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу тәртібі
1. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімде:
1) оның жасалған күні мен орны;
2) прокуратура органының процестік келісімді жасасушы лауазымды адамы;
3) процестік келісім жасасушы күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні мен жері, тұрғылықты жері және айналысатын ісі, оның қорғаушысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) қылмысты оның жасалған уақытын, орнын, сондай-ақ осы Кодекстің ережелеріне сәйкес дәлелденуге жататын басқа да мән-жайларды көрсете отырып сипаттау;
5) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы қылмыс үшін жауаптылық көзделетін бабы, бөлігі, тармағы;
6) күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының қылмыс жасаудағы өзінің кінәсін мойындауы және заңсыз иемденілген, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтерін өз еркімен қайтару міндеті;
7) қайтарылуға жататын заңсыз иемденілген активтердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жердегі активтердің тізбесі мен сипаттамасы, олардың тұрған жері;
8) процестік келісімде көрсетілген шарттарды сақтаған және міндеттемелерді орындаған кезде күдіктіге, айыпталушыға немесе сотталушыға қатысты қолданылуы мүмкін, қылмыстық жауаптылықты, жазалауды жеңілдететін мән-жайлар және қылмыстық заңнаманың нормалары;
9) прокурор өтінішхат беретін, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің ережелеріне сәйкес тұлғаны қылмыстық жауаптылықтан босату мәселелері;
10) процестік келісім жасасқаннан кейін күдікті, айыпталушы немесе сотталушы жасауға міндеттенетін әрекеттер;
11) заңсыз иемденілген активтерді Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға немесе басқарушы компанияға аудару (аударым жасау) немесе беру мерзімдері мен тәсілдері;
12) күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының қылмыстық тергеп-тексеру мәселелері және заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша прокурормен өзара іс-қимыл жасау және ынтымақтасу жөніндегі міндеті;
13) процестік келісім жасасудың салдары және кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасалғаннан кейін прокурордың қылмыстық іс бойынша әрекеті;
14) күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімнің шарттарын орындамауының салдары;
15) кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімде тараптар келіскен басқа да шарттар мен міндеттер көрсетіледі.
2. Процестік келісімнің шарттарында тұлға кәсіпкерлік қызметті жүргізудің, оның ішінде заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген бәсекелестік емес қолайлы жағдайларына байланысты, сол сияқты тиісті тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер нарығында экономикалық ресурстарды, оның ішінде тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие болатын және (немесе) ие болған нарық субъектілерінің акцияларын (жарғылық капиталдарға қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама иелену жолымен іс жүзінде шоғырландыру нәтижесінде үстеме кірістерді алған жағдайларда, тұлға активтерді иеленген жалпы кезеңде алған осындай үстеме кірістердің сомаларын қайтару көзделуге тиіс.
3. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жазбаша түрде жасалады және оған прокурор, күдікті, айыпталушы немесе сотталушы, сондай-ақ оның қорғаушысы қол қояды.
Процестік келісімге қол қойылғанға дейін күдіктінің, айыпталушының немесе сотталушының өз қорғаушысымен бірге оның ережелерін оңаша және құпия талқылауға құқығы бар.
617-5-бап. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасқаннан кейін прокурордың, тергеушінің қылмыстық іс бойынша әрекеттері
1. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісімге қол қойылғаннан кейін прокурор күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды. Іс бойынша тергеу әрекеттерін және процестік әрекеттерді жүргізу қажет болған жағдайда прокурор істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жібереді.
2. Тергеуші күдіктінің, айыпталушының кінәсін растауға жеткілікті көлемде дәлелдемелер жинауды жүзеге асырады.
3. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыс жасаудың процестік келісімде көзделмеген өзге мән-жайлары анықталған жағдайда, осы келісім осы Кодекстің 617-3 және 617-4-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайта қаралуға жатады не өзінің қолданысын тоқтатады.
4. Кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалғаннан кейін тергеу әрекеттерін және процестік әрекеттерді жүргізу қажеттігі болмаған жағдайда, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды деп есептеледі және прокурор оны айыптау актісінсіз дереу сотқа жібереді, бұл туралы жәбірленушіні және оның өкілін (ол болған кезде) хабардар етеді.»;
13) 622-бап 2) тармағындағы «жасалса, істі келісімдік іс жүргізуде шешеді.» деген сөздер «жасалса;» деген сөзбен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 3) тармақпен толықтырылсын: