271-бап. Кен іздеушілікті жүргізу тәртібі
1. Кен іздеушілікке арналған лицензияны иеленуші жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 263-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген тізбе бойынша бағалы металдар мен асыл тастардың кез келген түрлеріне кен іздеушілік өндіруді жүргізуге құқылы.
2. Кен іздеушілікті жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы:
1) су ресурстары кен іздеушілік мақсатында пайдаланылатын су айдындары мен өзендер жағалауларының табиғи рельефі мен түбінің бүлінуін болғызбауға;
2) кен іздеушілік барысында бүлінген жерді рекультивациялауға;
3) лицензия шарттарында көзделген механикаландыру құралдарын пайдалану бойынша шектеулерді сақтауға міндетті.
3. Егер осы тарау, экологиялық немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарынан өзгеше туындамаса, берілген жер қойнауы учаскесі шегінде кен іздеушілік барысында ауыстырылатын топырақ пен жыныс көлемі шектелмейді.
4. Жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілікті жүргізу кезінде су ресурстарын арнайы рұқсаттар немесе лицензиялар алу қажеттігінсіз еркін пайдалануға құқылы.
Су ресурстарын пайдаланған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы су қорғау іс-шараларын орындауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының су және экология заңнамасында белгіленген су объектілерін қорғау жөніндегі өзге де талаптарды сақтауға міндетті.
Су қоры жерінде және су объектілерінде кен іздеушілік қол тәсілімен ғана жүзеге асырылады.
272-бап. Кен іздеушілікті жүргізу кезіндегі жер қойнауын пайдаланушының есептілігі
1. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өндірілген бағалы металдар мен асыл тастар туралы кезеңдік есепті кен іздеушілікке арналған лицензияны берген облыстың жергілікті атқарушы органына ұсынуға міндетті.
2. Есептер алдыңғы күнтізбелік жыл үшін әр жылдың отызыншы қаңтарынан кешіктірілмей жыл сайын ұсынылады.
Толық емес күнтізбелік жыл үшін есептер жер қойнауын пайдаланудың нақты кезеңі үшін ұсынылады.
Жер қойнауы учаскесін пайдалану кезеңінің соңғы толық емес күнтізбелік жылы үшін есептер көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей ұсынылады.
273-бап. Кен іздеушілік жоспары
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Механикаландыру құралдарын пайдаланатын жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілік жоспары болған кезде ғана кен іздеушілік жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы. Өзен арналарында немесе су қоры жерлерінде механикаландыру құралдарын пайдалана отырып көзделетін кен іздеушілік Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес әсер етуді скринингтеуге жатады.
2. Кен іздеушілік жоспарын жер қойнауын пайдаланушы әзірлейді және бекітеді.
Кен іздеушілік жоспарында кен іздеушілік жөніндегі жұмыс түрлері, әдістері мен тәсілдері, жұмыстардың шамамен алғандағы көлемдері және оларды жүргізу мерзімдері сипатталады.
Кен іздеушілік жоспарын жасау жөніндегі нұсқаулықты пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Кен іздеушілік жоспарының мазмұнын жер қойнауын пайдаланушы экологиялық қауіпсіздік талаптарын ескере отырып, дербес айқындайды.
3. Кен іздеушілік жоспары мемлекеттік экологиялық сараптамаға жатады. Жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілік жоспарына мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алған жағдайда ғана механикаландыру құралдарын пайдалана отырып, кен іздеушілік жөніндегі операцияларды жүргізуге құқылы.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен 273-1-баппен толықтырылды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
273-1-бап. Кен іздеушілік салдарын жою
1. Кен іздеушілік салдарын жою бүлінген жерлерді Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес рекультивациялау арқылы жүргізіледі.
2. Кен іздеушілік учаскесінде жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға кен іздеушілікке арналған лицензияның қолданылуы тоқтатылғаннан кейін алты айдан кешіктірмей мұндай учаскеде кен іздеушілік салдарын жоюды аяқтауға міндетті.
Аталған тұлғаның өтініші бойынша облыстың жергілікті атқарушы органы, егер жоюды жүргізу ауа райына және (немесе) табиғи-климаттық жағдайларға байланысты мүмкін болмаған немесе айтарлықтай қиындық туғызған болса, кен іздеушілік салдарын жою мерзімін осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім өткен күннен бастап төрт айға дейінгі кезеңге ұзартады.
3. Кен іздеушілік учаскесінің жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 275-бабына сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензияның қолданылу мерзімі өткенге дейін бас тартқан бір бөлігінде кен іздеушілік салдарын жою осындай бас тартуға дейін жүргізіледі.
4. Егер жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілікті жер қойнауын пайдаланушы бас тартқан кен іздеушілік учаскесінде (оның бір бөлігінде) жүзеге асырмаса, мұндай кен іздеушілік учаскесінде (оның бір бөлігінде) жою жұмыстарын жүргізу талап етілмейді.
Бұл жағдайда жою жұмыстарын жүргізудің қажет еместігін растайтын кен іздеушілік учаскесін (оның бір бөлігін) зерттеп-қарау актісі жасалады, оған осы баптың 5-тармағында аталған тұлғалар қол қояды.
5. Жою актісіне қол қойылғаннан кейін кен іздеушілік учаскесінде (оның бір бөлігінде) операциялардың салдарын жою аяқталды деп есептеледі. Жою актісіне облыстың тиісті жергілікті атқарушы органы өз өкілдері мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның өкілдерінен құратын комиссия және жер қойнауын пайдаланушы (жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылған тұлға, ол болған кезде) қол қояды. Егер жою жеке меншіктегі, тұрақты немесе ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдаланудағы жер учаскесінде жүзеге асырылса, жою актісіне жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы да қол қояды.
6. Кен іздеушілік салдарын жою актісіне қол қою кен іздеушілік жүргізу үшін жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға кейіннен беру мақсатында мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрына тиісті мәліметтерді енгізуге негіз болып табылады.
274-бап. Кен іздеушіліктің салдарын жоюды қамтамасыз ету
Кен іздеушіліктің салдарын жою бойынша жер қойнауын пайдаланушы міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету банктік салым кепілі немесе екінші деңгейдегі банк берген кепілдік түрінде беріледі.
Қамтамасыз етудің жалпы сомасы кен іздеушілік учаскесінің аумағын құрайтын гектар санының және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген және кен іздеушілікке арналған лицензияны беруге өтініш берілген жылы қолданыста болған айлық есептік көрсеткіш негізінде есептеледі. Бір гектар үшін қамтамасыз етудің мөлшерін облыстың жергілікті атқарушы органы айқындайды.
Қамтамасыз етудің сомасын жер қойнауын пайдаланушы мемлекетке қайтарылған кен іздеушілік учаскесі аумағының бір бөлігіне сәйкес келетін гектарлардың санына мөлшерлес азайтуы мүмкін.
275-бап. Кен іздеушілік учаскесінен бас тарту
Кен іздеушілікке арналған лицензияның қолданылу мерзімі өткенге дейін кез келген уақытта жер қойнауын пайдаланушы кен іздеушілік учаскесінің кез келген бөлігінен бас тартуға құқылы.
Кен іздеушілік учаскесінен толық немесе бір бөлігінен мерзімінен бұрын бас тарту тиісінше кен іздеушілікке арналған лицензияның қолданылуын тоқтатуға немесе оны қайта ресімдеуге алып келеді.
276-бап. Кен іздеушілікке арналған лицензия бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін жауаптылық және оны қайтарып алу
1. Кен іздеушілікке арналған лицензияның талаптарын бұзушылық жер қойнауын пайдаланушының тұрақсыздық айыбы немесе лицензиясын қайтарып алу түріндегі жауаптылығына алып келеді.
2. Тұрақсыздық айыбы кен іздеушілікке арналған лицензияның алтын өндіруді шектеу туралы талаптарын бұзғаны үшін өндіріп алынады.
Тұрақсыздық айыбы белгіленген шектеуден артық өндірілген алтынның нарықтық құнының жүз пайызы мөлшерінде өндіріп алынады.
3. Кен іздеушілікке арналған лицензия мынадай негіздердің бірі болған кезде жергілікті атқарушы органның қайтарып алуына жатады:
1) экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы салдарынан жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметке тыйым салу туралы сот шешімінің күшіне енуі;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде қол қою бонусы төленбеген жағдайда;
3) кен іздеушілік салдарын жою бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді бермей кен іздеушілік жөніндегі жұмыстарды жүргізу;
4) кен іздеушілікке арналған лицензияның кен іздеушілік бойынша жұмыстар жүргізуді, механикаландыру құралдарын пайдалануды шектеу, химиялық реагенттерді, жарылғыш заттарды пайдалануға, күрделі құрылысжайлар тұрғызуға, топырақ пен тау-кен массасын кен іздеушілік учаскесінің шегінен тыс жерге шығаруға тыйым салу туралы шарттарын бұзу;
5) кен іздеушілік жоспарының болуы осы тараудың ережелеріне сәйкес талап етілетін жағдайда онсыз кен іздеушілік жөніндегі жұмыстарды жүргізу.
4. Осы баптың 3-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, облыстың жергілікті атқарушы органы жер қойнауын пайдаланушыны жол берілген бұзушылық туралы жазбаша хабардар етеді.
Жер қойнауын пайдаланушы бұзушылық туралы хабарламаны алған күннен бастап бір ай ішінде бұзушылықты жоюға және бұзушылықтың жойылғанын растайтын құжаттарды қоса бере отырып, облыстың жергілікті атқарушы органына бұл туралы жазбаша хабарлауға міндетті.
Көрсетілген мерзімде бұзушылық жойылмаған жағдайда, облыстың жергілікті атқарушы органы осы баптың 3-тармағына сәйкес кен іздеушілікке арналған лицензияны қайтарып алады.
5. Облыстың жергілікті атқарушы органы кен іздеушілікке арналған лицензияны қайтарып алуды жер қойнауын пайдаланушыға кен іздеушілікке арналған лицензияны қайтарып алу туралы жазбаша хабарлама жіберу арқылы жүргізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап бір айдан кейін лицензияның қолданылуы, егер көрсетілген күнге дейін оның қолданылу мерзімі өтпесе, тоқтатылады.
6. Жер қойнауын пайдаланушы лицензияны қайтарып алу туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні өткеннен кейін қайтарылып алынатын лицензия бойынша жұмыстарды тоқтатуға және осы тарауда көзделген тәртіппен жою жөніндегі жұмыстарға кірісуге міндетті.
7. Жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап екі ай ішінде лицензияны қайтарып алудың заңдылығын сотта даулауға құқылы. Жер қойнауын пайдаланушы сотқа жүгінген жағдайда осы баптың 5-тармағында көрсетілген мерзім соттың шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
8. Егер лицензияны қайтарып алу үшін негіз болған міндеттерді орындамауға немесе тиісінше орындамауға еңсерілмейтін күштің, яғни осы жағдайлардағы төтенше және ырық бермейтін мән-жайлардың әсері (дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар және тағы сол сияқты) себеп болса, лицензияны қайтарып алуға жол берілмейді. Мұндай мән-жайларға жер қойнауын пайдаланушының техникалық құралдарының және (немесе) қаржы қаражатының болмауы не нарықта қажетті тауарлардың, жұмыстардың немесе көрсетілетін қызметтердің болмауы жатпайды.
35-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
277-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 278-баптың 4-тармағының үшінші бөлігін;
2) 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 144-баптың 5 және 6-тармақтарын;
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 2-1) тармақшамен толықтырылды
2-1) 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін мазмұнындағы 98-баптың тақырыбын, 94-баптың 3-тармағын, 95-баптың 5 және 6-тармақтарын, 98-баптың тақырыбын, 1, 2, 5 және 6-тармақтарын, 99-бапты;
3) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 153-баптың 2-тармағын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы тарауда көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекс ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған жер қойнауын пайдалану бойынша қатынастарға қолданылады деп белгіленсін.
2021.02.01. № 401-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2021.09.03. № 14-VІІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 12 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген және жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар, лицензиялар және келісімшарттар бойынша қатынастарға осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап:
1-тарауда;
осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар бойынша кен орындарын ірі кен орындары санатына жатқызған кезде, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін мемлекеттік пайдалы қазбалар балансына енгізілген қорлар саны ескерілетінін ескере отырып, 2-тарауда;
17-баптың 3-тармағын, 19-баптың 2 және 3-тармақтарын, 20-баптың 1-тармағын, 22-бапты, 24-бапты, 25-бапты, 28-баптың 2-тармағының бірінші бөлігін қоспағанда, 3-тарауда;
38-бапта;
облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарымен жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын ауыстыруға рұқсат беруді және осындай жер қойнауын пайдалану құқығының кепілін тіркеуді көрсетілген жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратынын ескере отырып, 5-тарауда;
6-тарауда;
7-тарауда;
54-бапта, 55-баптың 1, 2, 3, 5 және 6-тармақтарында (осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған (берілген) көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттарға, лицензияларға және келісімшарттарға қатысты);
9-тарауда;
10-тарауда;
77-бапты қоспағанда, 11-тарауда;
80-баптың 1-тармағының күші, уранды қоспағанда, осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған пайдалы қатты қазбалар және кең таралған пайдалы қазбалар бойынша келісімшарттарға қолданылмайтынын ескере отырып, 12-тарауда;
13-тарауда;
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өнімдерді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қатысты 106-баптың 2-тармағын қоспағанда, 15-тараудың 3-параграфында;
113 және 114-баптарда;
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өнімді бөлу туралы келісімдер (келісімшарттар) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қатынастарды қоспағанда, 120-бапта көзделген тиісті қатынастарды реттейтін оның ережелері қолданылады. Аталған келісімдердің (келісімшарттардың) және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімі тараптардың уағдаластығы бойынша қосымша ұзартылуы мүмкін;
121 - 125-баптарда;
мыналарды:
осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар мен лицензиялар бойынша, сондай-ақ жасалған көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша қатынастарға осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз алты ай өткеннен кейін мынадай редакцияда қолданылатын 6-тармағын:
«6. Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелерді орындауды жер қойнауын пайдаланушы белгіленген тәртіппен іс жүзінде қалыптастырған, жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органның рұқсатымен пайдаланатын тарату қоры қамтамасыз етеді.
Қалыптастырылған тарату қоры болмаған немесе көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операциялардың салдарын жою жұмыстарының нарықтық құнының сомасы нақты қалыптастырылған тарату қоры қаражатының сомасынан асып кеткен жағдайда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемені жетіспейтін бөлігінде орындауды осы баптың 7 немесе 8-тармақтарына сәйкес қалыптастырылатын банктік салым кепілімен және (немесе) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдалану салдарын жою аяқталғанға дейінгі мерзімге берілетін толық, шартсыз және қайтарылмайтын кепілдікпен:
1) дауыс беретін акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталындағы қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты - ұлттық басқарушы холдинг, көмірсутектер саласындағы ұлттық компания, көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияның еншілес ұйымдары және (немесе) көмірсутектер саласындағы ұлттық компания серіктестері немесе жер қойнауын пайдаланушылардың акциялар пакетін (жарғылық капиталындағы қатысу үлесін) иеленуші оның еншілес ұйымдары қамтамасыз етеді.
Ұлттық басқарушы холдингті, көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияны қоспағанда, осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген кепілдік берушілердің Standard and Poor’s шкаласы бойынша «ВВ-» деңгейінен немесе Moody’s, FitchRatings рейтингтік агенттіктерінің шкалалары бойынша ұқсас деңгейден төмен емес шетелдік валютада жыл сайын расталатын ең төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі болуы тиіс;
2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген жер қойнауын пайдаланушыларға қатысты - Standard and Poor’s шкаласы бойынша «ВВ-» деңгейінен немесе Moody’s, FitchRatings рейтингтік агенттіктерінің шкалалары бойынша ұқсас деңгейден төмен емес шетелдік валютада жыл сайын расталатын ең төмен ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі бар өзге ұйым қамтамасыз етеді;
Осы тармаққа сәйкес талап етілетін деңгейде және мерзімдерде кепілдік берушінің кредиттік рейтингісі расталмаған, кепілдік берушінің кредиттік рейтингі осы тармаққа сәйкес жол берілетін ең төмен деңгейден төмендеген немесе кепіл беруші осы тармақта көрсетілген кредиттік рейтингін жоғалтқан жағдайда, осы кепіл беруші кепілдік берген жер қойнауын пайдаланушы күнтізбелік бір жыл ішінде осы бапқа сәйкес осындай қамтамасыз етуді айырбастауға не осы тармақта көзделген қамтамасыз ету қалпына келтірілгенге дейін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұруға міндетті.
Осы тармаққа сәйкес берілетін кепілдіктің мазмұны мен шарттарына, сондай-ақ осындай кепілдікке байланысты туындайтын қатынастарға қолданылатын құқық Қазақстан Республикасының заңнамасы болып табылады. Осы бөліктің ережелері Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға) не Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген кепілдіктерге қатысты қолданылмайды.»;
осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін берілген және жасалған, көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған рұқсаттар, лицензиялар мен келісімшарттар бойынша қатынастарға осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз алты ай өткен соң қолданылатын 7 және 8-тармақтарын қоспағанда, 126-бапта;
127, 128-баптарда;
130-бапта (иеліктен шығарылатын сұйытылған мұнай газын және (немесе) жеңіл көмірсутектердің үлкен фракциясын сатып алуға мемлекеттің басым құқығы туралы ережелер белгіленген, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға) және Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа қатысты 2 және 3-тармақтарды қоспағанда), 131-бапта (осы Кодекстің 278-бабының 30-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда), 132, 133-баптарда;
143-бапты қоспағанда, бекітілген жобалау құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда 19-тарауда;
144 - 152-баптарда;
153-бапты қоспағанда, 21-тарауда;
22-тараудың 2-параграфында;
173, 174-баптарда, 176-баптың 7 және 8-тармақтарында, 178 - 181-баптарда;
182-баптың 7-тармағында;
194-баптың 2, 3 және 6-тармақтарында, 3-тармақтың екінші және үшінші бөліктерін қоспағанда, 195-бапта және 197-бапта;
213-бапта, 1-тармақты қоспағанда 214-бапта, 3-тармақтың екінші және үшінші бөліктерін қоспағанда, 215-бапта және 218-бапта;
236-бапта;
258, 259-баптарда, 260-баптың 1 - 6-тармақтарында көзделген тиісті қатынастарды реттейтін оның ережелері қолданылады деп белгіленсін.
2019.26.12. № 284-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды (2018 ж. 29 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді)
3-1. Осы Кодекстің пайдалы қатты қазбаларды және кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бөлігінде 25-бабы 2-тармағының, 186-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының, 203-бабы 2-тармағы 1) тармақшасының қолданылуы 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын.
2019.30.12. № 297-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Осы Кодекстің 99-бабы 2020 жылғы 1 қыркүйекке дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«99-бап. Аукцион өткізу
1. Егер осы Кодекстің 95-бабында көрсетілген мерзімдерде аукционға қатысуға бірде-бір өтініш берілмеген және (немесе) егер өтініштерді қарау қорытындылары бойынша аукционға қатысуға бірде-бір өтініш иесі (аукцион өткізуге өтініш берген тұлғадан басқа) жіберілмеген жағдайларда, аукциондар өткізу жөніндегі комиссия аукционға қатысуға өтініштерді беру үшін берілген мерзім аяқталған күннен бастап не аукционға қатысуға өтініштерді қарау мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аукционды өткізбеу туралы шешім қабылдайды. Бұл жағдайда аукцион өткізуге өтініш берген тұлға қол қою бонусының бастапқы мөлшерін төлеген кезде аукцион жеңімпазымен келісімшарт жасасу үшін осы Кодекстің 100-бабында белгіленген тәртіппен осындай тұлғамен жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасалады.
Аукционды өткізбеу туралы ақпарат комиссия тиісті шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде құзыретті органның интернет-ресурсында орналастырылуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспасөз басылымында жариялануға тиіс.
2. Аукционға қатысуға жіберілген және аукционға қатысушылар ретінде тіркелген өтініш иелері аукционға қатысады.
3. Аукцион аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген күнге сәйкес күні өткізіледі.
4. Құзыретті орган аукцион өткізілетін күнге дейін кемінде он жұмыс күні бұрын, аукционға қатысуға жіберілген өтініш иелеріне аукционның өткізілетін күні, уақыты мен орны туралы хабарлайды.
5. Аукционға қатысуға жіберілген өтініш иелерінің өкілдерін тіркеу аукцион өткізу басталардан бір сағат бұрын басталады және бес минут бұрын аяқталады.
6. Аукционның тіркелген қатысушылары өткізілетін аукционның аудио- және бейнетіркеуін жүргізуге құқылы.
7. Аукцион аукционға қатысушылардың аукцион қадамына аукционды өткізу туралы хабарламада көрсетілген қол қою бонусының бастапқы мөлшерінен бастап, қол қою бонусы мөлшерінің шамасы бойынша өз ұсыныстарын жариялауы арқылы ашық нысанда өткізіледі.
Аукцион қадамының шамасы қол қою бонусының бастапқы мөлшерінің бестен елуге дейінгі пайызын құрайды.
8. Аукционды тікелей өткізу комиссия тартатын не комиссия құрамынан сайланған аукционшыға тапсырылуы мүмкін.
9. Аукционға қатысушыларға тіркеу нөмірлері бар тақтайшалар беріледі, егер олар қол қою бонусы мөлшерінің кезекті шамасы жарияланғаннан кейін сол соманы мәлімдеуге дайын болса, олар тақтайшаларды көтереді.
10. Аукцион аукционға қатысушылардың санын, жер қойнауы учаскесі, оның негізгі сипаттамалары туралы мәліметтерді, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану құқығын беру шарттарын, аукцион өткізу тәртібін, қол қою бонусының бастапқы мөлшерін және аукцион қадамын жариялаудан басталады.
11. Аукцион өткізу кезінде аукционға қатысушылар қол қою бонусының мөлшері туралы ағымдағы ең төмен ұсынысты аукцион қадамының шамасына арттыруды көздейтін қол қою бонусының мөлшері туралы ұсыныстар береді.
12. Аукционшы қол қою бонусы мөлшерінің аукцион қадамының шамасына ұлғайтылған оның бастапқы мөлшеріне тең алғашқы мәнін жариялайды.
13. Егер қол қою бонусы мөлшерінің алғашқы мәні жарияланғаннан және сол мән үш рет қайталанғаннан кейін аукционға қатысушылардың ешқайсысы өзінің тіркеу нөмірі бар тақтайшасын көтермесе, аукцион тоқтатылады және өтпеді деп танылады.
14. Ағымдағы ең төмен ұсыныс болмаған жағдайда, аукционға қатысушы аукцион қадамының шамасына қарамастан, қол қою бонусының бастапқы мөлшерінен жоғары қол қою бонусының мөлшері туралы ұсыныс беруге құқылы.
15. Бір тақтайша көтерілген жағдайда, аукционшы өз тақтайшасын көтерген аукционға қатысушының тіркеу нөмірін атайды. Бірнеше тақтайша көтерілген жағдайда, аукционшы өз тақтайшасын бірінші болып көтерген аукционға қатысушының тіркеу нөмірін атайды.
16. Аукцион қадамдарының өту ведомосына аукционшы атаған аукционға қатысушының нөмірі ғана енгізіледі.
17. Қол қою бонусы мөлшерінің әрбір кейінгі мәнін аукционшы ағымдағы мәнді аукцион қадамының шамасына ұлғайту арқылы белгілейді.».
5. Осы Кодекстің 140-бабының 5 және 6-тармақтары 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5. Орталық комиссия базалық жобалау құжатын немесе әзірлеуді талдауды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды тәуелсіз сараптама жүргізу үшін өзі айқындайтын сарапшыға (сарапшыларға) жібереді.».
6. 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін:
осы Кодекстің 141-бабының 3, 4 және 5-тармақтары мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«3. Геологиялық қорларды есептеу (жедел есептеу) жөніндегі есеп жер қойнауын зерттеу саласындағы уәкілетті орган бекітетін нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес жасалады.
4. Жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын Қазақстан Республикасының көмірсутек қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия (қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссия) геология және жер қойнауын пайдалану саласында арнайы білімдері бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.