ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ЗАҢЫ
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы»
Қазақстан Республикасының Кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі № 74-ө өкімін қараңыз
1-бап. 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2017 ж., № 23-ІV, 112-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 19, 62-құжат; 2019 ж., № 7, 37-құжат; № 23, 103-құжат; № 24-ІІ, 124-құжат; 2020 ж., № 12, 61-құжат; № 13, 67-құжат; № 24-ІІ, 116-құжат; 2021 жылғы 5 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 2 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2021 жылғы 6 қаңтарда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кедендік реттеу және кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 5 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2021 жылғы 24 ақпанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 23 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) мазмұны мынадай мазмұндағы 182-1 және 183-1-баптардың тақырыптарымен толықтырылсын:
«182-1-бап. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы»;
«183-1-бап. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама»;
2) 173-бапта:
4-тармақта:
1) тармақша алып тасталсын;
2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған, өндіру кезеңін ұзартудың сұралып отырған мерзімі ішінде кен орнын әзірлеуді көздейтін уран кен орнын әзірлеу жобасы қоса беріледі.»;
мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:
«4-1. Егер уран кен орны қорлары өсімінің көлемдері геологиялық қорларды есептеу жөніндегі есепке сәйкес бастапқы қорлардан отыз және одан да көп пайыздан асса, мұндай кен орнына қатысты уран өндіруге арналған келісімшарттың ережелерінде жер қойнауын пайдаланушының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаны іске асыру жөніндегі қосымша міндеттемелері қамтылуға тиіс.»;
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Өтініш құзыретті органға келіп түскен күнінен бастап екі ай ішінде қаралуға жатады.»;
мынадай мазмұндағы 5-1, 5-2 және 5-3-тармақтармен толықтырылсын:
«5-1. Құзыретті орган өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:
1) осы баптың 4-1-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, өндіру кезеңін ұзарту туралы;
2) осы баптың 4-1-тармағында көзделген жағдайда - осы бапта көзделген мерзімдерде және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізу туралы;
3) өндіру кезеңін ұзартудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
5-2. Осы баптың 5-1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган осындай шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде жер қойнауын пайдаланушымен осы баптың 4-1-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді.
5-3. Келіссөздердің нәтижелері бойынша құзыретті орган бес жұмыс күні ішінде мынадай:
1) өндіру кезеңін ұзарту туралы, сондай-ақ осы баптың 4-1-тармағында көзделген міндеттемені орындау шарттары мен тәртібі туралы;
2) өндіру кезеңін ұзартудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды және ол туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді.»;
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Егер келісімшарт өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініш берілген күні құзыретті орган бекітетін, өтініш берілген күнге қолданыста болатын уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартқан кезде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде уран өндіруге арналған келісімшартқа өндіру кезеңін ұзартуды көздейтін толықтыру жасалады.
8. Егер келісімшарт өндіру кезеңін ұзарту туралы өтініш берілген күні құзыретті орган бекітетін, өтініш берілген күнге қолданыста болатын уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келмеген жағдайда, өндіру кезеңін ұзартқан кезде жер қойнауын пайдаланушы мен құзыретті орган арасында ұзарту туралы шешім қабылданған күннен бастап екі ай ішінде уран өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген, жаңа редакциядағы уран өндіруге арналған келісімшарт жасалады.»;
3) 176-бап мынадай мазмұндағы 7 және 8-тармақтармен толықтырылсын:
«7. Уран өндіру кезеңінде уран кен орнының геологиялық құрылымы мен қорларын нақтылау мақсатында өндіру учаскесіне жете зерттеу (жете барлау) жүргізуге жол беріледі.
8. Жете барлау жөніндегі жұмыстар кен орнын әзірлеу жобасына сәйкес жүргізіледі.
Егер жете зерттеу ішінде жер қойнауын пайдаланушы өндіру учаскесінде жаңа кенжатынды (кенжатындар жиынтығын) тапқан жағдайда, оны бағалау кен орнын әзірлеу жобасына толықтыруға сәйкес жүргізіледі.»;
4) 182-бапта:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мыналар уран өндіру саласындағы жобалау құжаттары болып табылады:
1) уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы;
2) уран кен орнын әзірлеу жобасы;
3) уран өндіру салдарын жою жобасы.
2. Уран өндіру саласындағы жобалау құжаттарын жер қойнауын пайдаланушы шарт негізінде тартатын, тиісті қызмет түріне лицензиясы бар жобалау ұйымы жасайды.»;
3 және 5-тармақтар алып тасталсын;
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Егер бекітілген жобаларда айқындалған өндіру көлемдері жыл сайын уран кен орнын әзірлеудің тау-кен-геологиялық және технологиялық шарттары өзгертілместен бір жылда бекітілген көрсеткіштерден физикалық тұрғыда жиырмадан аз пайызға өзгерсе, бекітілген жобаларға өзгерістердің және (немесе) толықтырулардың жобалары жасалмайды.
Жобалау құжаттары жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларға сәйкес жасалады.»;
5) мынадай мазмұндағы 182-1 және 183-1-баптармен толықтырылсын:
«182-1-бап. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы
1. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы осы Кодексте көзделген талаптарға сәйкес жасалады.
2. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасы тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің бүкіл кезеңіне әзірленеді.
3. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жөніндегі жұмыстардың түрлері, әдістері мен тәсілдері, болжамды көлемдері мен оларды жүргізу мерзімдері, сондай-ақ пайдаланылатын технологиялық шешімдер сипатталады.
4. Уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобаларының мазмұнына қойылатын талаптар жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленеді.
5. Жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасында көрсетілмеген, сондай-ақ осындай жоба болмаған кезде уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жөніндегі жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады.»;
«183-1-бап. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама
1. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес уран кен орындарын әзірлеу кезінде жер қойнауын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүргізіледі.
2. Жобалау құжаттарына және әзірлеуді талдауларға мемлекеттік сараптаманы Қазақстан Республикасының уран кен орындарын әзірлеу жөніндегі орталық комиссиясы (бұдан әрі - орталық комиссия) геология және әзірлеу саласында арнаулы білімі бар және сараптама нәтижелеріне мүдделі емес тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып жүзеге асырады.
3. Орталық комиссияның қызметін ұйымдастыру, оның құрамы, жұмыс регламенті және іс қағаздарын жүргізу уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін орталық комиссия туралы ережеде айқындалады.
4. Уран кен орнының жобалау құжаттарына және әзірленуін талдауларға мемлекеттік сараптама екі ай ішінде жүргізіледі.
Мемлекеттік сараптама жүргізу мерзімі орталық комиссияның шешімі бойынша ұлғайтылуы мүмкін, бірақ ол үш айдан аспайды.
5. Жобалау құжатына немесе әзірлеуді талдауға мемлекеттік сараптама жүргізу нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол оң немесе теріс болуы мүмкін. Сараптамалық қорытындының көшірмесі оған қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жер қойнауын пайдаланушыға жіберіледі.
6. Теріс сараптамалық қорытындыны шығаруға мыналар:
1) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, оның ішінде мазмұны, құрылымы және ресімделуі бойынша жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленген талаптарға және (немесе) келісімшарт ережелеріне сәйкес келмеуі;
2) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың жер қойнауын пайдаланудың оң практикасына сәйкес келмеуі;
3) жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың уран ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепке сәйкес келмеуі;
4) жобалау құжатында немесе әзірлеуді талдауда ұсынылған жобалау шешімдерінің техникалық және (немесе) экономикалық негіздемесінің жеткіліксіздігі негіз болып табылады.
7. Жобалау құжатының немесе әзірлеуді талдаудың мемлекеттік сараптамасының теріс қорытындысында оны шығару негіздемесі және жобалау құжатын немесе әзірлеуді талдауды пысықтау жөніндегі ұсынымдар келтіріледі.»;
6) 184-бапта:
1-тармақ алып тасталсын;
2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«2. Жер қойнауын пайдаланушының кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру және әзірлеу жобаларын орындауына мониторинг үш жылда кемінде бір рет орындалатын уран кен орнын әзірлеуге талдау жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
3. Уран кен орнын әзірлеуге талдау жүргізуге қойылатын талаптар уран өндіру саласындағы уәкілетті орган бекітетін жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда белгіленеді.»;
4 және 5-тармақтар алып тасталсын;
6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«6. Жер қойнауын ұтымды және кешенді пайдалану жөніндегі бірыңғай қағидаларда әзірлеуді талдау шеңберінде жобалау құжаттарының жекелеген көрсеткіштерін болмашы (жиырма пайыздан аз) түзету мүмкін болатын жағдайлар белгіленеді.
7. Кен орнын әзірлеуді талдау әзірлеу процесінде геологиялық, геофизикалық, гидродинамикалық және басқа да зерттеулер нәтижелерін кен орнын әзірлеу жүйесін жетілдіру қажеттілігін анықтау тұрғысынан кешенді зерттеуді білдіреді. Кен орнын әзірлеуді талдау жобалау құжаттарының мемлекеттік сараптамасына жатады.»;
7) 277-баптың 3-тармағында:
отыз төртінші абзацтағы «178 - 181-баптарда» деген сөздер «22-тараудың 2-параграфында» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы отыз бесінші және отыз алтыншы абзацтармен толықтырылсын:
«174-бапта, 176-баптың 7 және 8-тармақтарында, 178 - 181-баптарда;
182-баптың 7-тармағында;»;
8) 278-бап мынадай мазмұндағы 14-1 және 22-1-тармақтармен толықтырылсын:
«14-1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшартқа оның қолданылу мерзімін ұзарту мақсатында өзгерістер енгізуге уранның кен орны табылған жағдайда, осындай табуды бағалау үшін жол беріледі.
Уран бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың мерзімін ұзарту туралы өтінішке, осы баптың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген мәліметтерден басқа, ұзарту кезеңіндегі жұмыстар жүргізудің және оларға арналған шығыстардың жазбаша негіздемесі қоса беріледі.
Табылған уран кен орнын бағалау үшін уранды барлауға арналған келісімшарт бойынша барлау кезеңін ұзарту туралы өтінішке осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттардан басқа, уран кен орнының табылғанын растайтын мәліметтер (жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның бағалауды талап ететін уран кен орнының табылғаны туралы қорытындысы) және табылған кен орнын бағалауды жүзеге асыру болжанатын жер қойнауы учаскесінің географиялық координаттары қоса беріледі.
Уран өндіру саласындағы уәкілетті орган осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша құзыретті орган болып айқындалады.»;
«22-1. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылар уранды тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіруді жүзеге асыруға құқылы.
Тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру жобасын жер қойнауын пайдаланушы бекітеді және ол осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардан өтуге жатады. Бұл ретте мұндай сараптамаларды жүргізу үшін пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есептің болуы талап етілмейді.
Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған уранды барлауға арналған келісімшарттарға тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірудің жүргізілуіне байланысты өзгерістер енгізу осы баптың 14-1-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.».
2-бап. Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 9 наурыз
№ 14-VІІ ҚРЗ