2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, тіркеу мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.
4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Осы Кодекстiң 255-бабы үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшiншi және он төртiншi бөлiктерiнде, 252-бабында, 254-бабының төртінші бөлігінде, 255-бабында көзделген тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде куәгерлердi тарту мiндеттi болады.
Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде олардың барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.
Ғылыми-техникалық тіркеу құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.
Әрекеттердің барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 198-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
198-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінде шығарылатын шешімдер
1. Осы Кодексте осы адамның процестік әрекет хаттамасында шешімді көрсете отырып, жеке қаулы шығармай шешім қабылдау мүмкіндігі тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесінде осы Кодекске сәйкес қандай да бір процестік шешімді қабылдау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, осы адамның тегі және лауазымы, қабылданатын шешімнің мәні мен негіздері, осы Кодекстің қаулы шығаруға негіз болған баптары көрсетіледі.
2. Анықтау органының бастығы, тергеу бөлімінің бастығы, прокурор, тергеу судьясы шығаратын шешімдер, осы Кодекстің нормаларында аталған адамдардың қаулы шығару қажеттігі тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қарармен ресімделуі мүмкін.
199-бап. Тергеу әрекетінің хаттамасы
1. Тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинкамен не компьютермен басу тәсілі арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс- және бейнежазба материалдары немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қосып тігіледі және iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiнгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетiледi.
Хаттамада процестік әрекеттер олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу кезінде анықталған iс үшiн елеулі мән-жайлар, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Осы Кодекстің 97-бабы қолданылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекетінің хаттамасында жәбірленушінің, оның өкілінің, сондай-ақ куәлардың (куәгерлердің) жеке басы туралы деректерді келтірмейді, қорғалатын адам өзі қатысатын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында таңдайтын адамның бүркеншік аты мен қоятын қолын қолданады.
5. Егер тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылса не iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері әзірленсе, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада сондай-ақ оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану талаптары мен тәртiбi, осы құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған басқа ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi аталуға тиiс.
6. Хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге жататын ескертулер жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер келісілуге және осы адамдардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
7. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық өзге де адамдар қол қояды. Тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда, бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 123-бабының жетіншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Хаттамаға тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, өзге ақпарат жеткізгіштер, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері қоса тiркеледi.
9. Егер тергеу әрекетін жүргiзу барысында маман өз зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, осы құжат хаттамаға қоса тiркеледi, бұл туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
200-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыну
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.
2. Ұсынулар қолданылған шаралар туралы міндетті түрде хабардар етіле отырып бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
201-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады.
2021.09.06. № 49-VІІ ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды
3. Мыналар:
1) осы Кодексте көзделген тәртіппен процеске қатысушылардан шығатын сұрау салуларда, өтінішхаттарда, арыздарда, шағымдарда және өзге де процестік құжаттарда баяндалған қылмыстық іс бойынша мәліметтерді беру;
2) қылмыстық іс бойынша мәліметтерді оған қорғаушы, жәбірленушінің өкілі, шарттық негізде сарапшы, маман ретінде қатысуға тартылатын адамға, ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 423-бабы бойынша жауаптылықпен таныстырылған және тиісті қолхат ресімделе отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның не прокурордың келісуінсіз көрсетілген мәліметтерді жария етпеу туралы жазбаша міндеттемені берген жағдайда, беру сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария ету болып табылмайды.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 25-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
25-тарау. АДАМДЫ КҮДІКТІ ДЕП ТАНУ ЖӘНЕ КҮДІКТІНІҢ ІС-ӘРЕКЕТІН САРАЛАУДЫ, ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫ САРАЛАУДЫ АЙҚЫНДАУ
202-бап. Адамды күдікті деп тану туралы жариялау
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Адамның қылмыс жасағанын көрсететін, оның ішінде осы Кодекстің 128-бабы екінші бөлігінің 1) - 4) тармақтарында көзделген деректер болған кезде, егер бұл ретте оған процестік ұстап алуды қолданудың қажеттігі болмаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы адамды күдікті деп тану туралы қаулы шығарады, ол соның негізділігін растайтын қылмыстық іс материалдарымен бірге дереу прокурорға келісу үшін жіберіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Прокурор адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісу туралы дереу шешім қабылдайды не уәжді қаулымен оны келісуден бас тартады.
2021.27.12. № 88-VIІ ҚР Заңымен 1-2-бөлікпен толықтырылды
1-2. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісу үшін дереу прокурорға жібере отырып, адамды күдікті деп тану туралы қаулы шығаруға және осы Кодекстің 209 және 216-баптарында көзделген қағидалар бойынша одан жауап алуға құқылы.
Қаулыға қылмыстық іс материалдары және адамнан күдікті ретінде жауап алу хаттамасы қоса беріледі.
Прокурор қылмыстық іс материалдарын және адамнан күдікті ретінде жауап алу хаттамасын зерделеп шығып, дереу:
1) адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келіседі;
2) жүргізілген жауап алуды дәлелдеме ретінде қолдануға жол берілмейді деп тани отырып, адамды күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады және қылмыстық іс материалдарын сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, қажет болған кезде белгілі бір тергеу әрекеттерін және (немесе) процестік әрекеттерді жүргізуін көрсете отырып қайтарады. Прокурор осы қаулыны келісуден бас тартқан кезде адамның күдікті жағдайында болуы тоқтатылады.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурор қабылдаған шешім туралы күдіктіні немесе өзіне қатысты прокурор күдікті деп тану туралы қаулыны келісуден бас тартқан адамды хабардар етеді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Адамды күдікті деп тану туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кімнің жасағаны; күдікті деп танылатын адамның тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оның туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) адамға қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.
Кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде адвокатты, прокурорды, тергеушіні, анықтаушыны, тергеу бөлімінің бастығын, анықтау органының бастығын күдікті деп тану туралы қаулы прокуратура органының басшысымен келісіледі.
Адамды күдікті деп тану туралы қаулы сол адамға жарияланады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адамға күдіктінің құқықтарын түсіндіруге, бұл туралы қаулыда белгі жасауға және оған сол қаулының көшірмесін табыс етуге міндетті.
3. 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
203-бап. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануын айқындау
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Адамның қылмыс жасағаны туралы күдікті растайтын оған қатысты жеткілікті дәлелдемелер болған кезде прокурор, Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы уәжді қаулы шығарады. Іс-әрекетті саралау туралы қаулы қисынды мерзімде шығарылуға тиіс.
Адвокат, прокурор, тергеуші, анықтаушы, тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде, олардың іс-әрекетін саралау туралы қаулы прокуратура органының басшысымен келісіледі.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, осы баптың 1-3-бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғаннан кейін оны дереу прокурорға келісу үшін жібереді.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-2-бөлікпен толықтырылды
1-2. Прокурор күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны келісу туралы дереу шешім қабылдайды не уәжді қаулымен оны келісуден бас тартады.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-3-бөлікпен толықтырылды
1-3. Осы Кодекстің 128-бабының тәртібімен ұстап алынған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылған жағдайда, қаулының заңдылығын тексеруді және оны келісуді прокурор күзетпен ұстауды немесе үйқамақты санкциялау туралы өтінішхатты келісу туралы мәселені шешумен бір мезгілде жүзеге асырады.
2. Прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланатын күн туралы хабарлайды және сонымен бір мезгілде оған қорғаушы шақыру не оның қатысуын қамтамасыз ету туралы өтіну құқығын түсіндіреді.
3. Осы Кодекстің қағидаларына сәйкес қорғаушының қатысуы міндетті болатын істер бойынша прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, егер қорғаушыны күдіктінің өзі, оның заңды өкілі не оның тапсырмасы немесе оның келісімі бойынша басқа адамдар шақырмаған болса, оның келуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады.
4. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануын айқындаған кезде іс материалдарына, егер ол бұрын жасалмаған болса, жеке басты куәландыратын құжаттың прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
5. Күдіктінің, айыпталушының жеке басын куәландыратын құжаты болмаған не жоғалған, оны жоғалтқан жағдайда, оны құжаттауды уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен келісу бойынша белгіленген тәртіппен жүргізеді.
204-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы
1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны; хаттаманы кімнің жасағаны; күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) қылмыстың жасалған уақыты, орны, сондай-ақ осы Кодекстің 113-бабына сәйкес дәлелденуге жататын өзге де мән-жайларды көрсете отырып, осы адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстың сипаттамасы;
3) адамға оны жасады деп күдік келтіріліп отырған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетілуге тиіс.
2. Бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген кезде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда қылмыстық заң баптарының (бөліктерінің, тармақтарының) әрқайсысы бойынша адамның нақты қандай әрекеттер (әрекетсіздік) жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.
3. 2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
205-бап. Күдіктінің келу мiндеттiлiгi
1. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалмаған күдікті жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат және өзге де байланыс құралдары арқылы да берiлуi мүмкiн.
2. Шақыру қағазында кiмнің, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күні мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс.
3. Шақыру қағазы күдіктіге одан қолхат ала отырып табыс етіледі, ал ол уақытша болмаған жағдайда, күдіктіге беру үшiн отбасының кәмелетке толған мүшесiне табыс етіледі немесе тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе тұрғылықты жерi бойынша әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке берiледi, олар жауап алуға шақырылып отырған күдіктіге шақыру қағазын беруге мiндетті. Күдікті басқа байланыс құралдарын пайдалану арқылы да шақырылуы мүмкін. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтарған жағдайларда, хабарлама республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде, ал оның тұрып жатқан жері белгілі болған жағдайда, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
4. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалмаған күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндетті.
5. Күдікті белгіленген мерзімде келмеу себептері және дәлелді себептері бар екендігі туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамды хабардар етуге міндетті.
6. Дәлелді себептерсіз келмеген жағдайларда, күдікті күштеп әкелінуі мүмкін.
7. Қамаудағы күдікті күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
206-бап. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жария ету тәртібі
1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша міндетті болса немесе бұл туралы күдікті өтінішхат берсе, қорғаушының қатысуымен және қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жария етіледі. Күдікті немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда, қаулы жиырма төрт сағат өткеннен кейін де жариялануы мүмкін.
2. Күштеп әкелінген күдіктіге қаулы ол күштеп әкелiнген күнi жарияланады. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің жеке басына және қорғаушының қорғауды жүргiзу туралы тапсырмасына көз жеткізгеннен кейiн күдіктіге және оның қорғаушысына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялайды.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге күдік келтірудің мәнiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген әрекеттердi орындау күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау күнi мен сағаты көрсетіле отырып, осы қаулыға күдіктінің, қорғаушының және тергеушiнiң қойылған қолдарымен куәландырылады.
6. Күдікті қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам және егер ол күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қатысқан болса қорғаушы күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда күдіктіге қаулы мәтінінің жария етілгенін куәландырады.
7. Күдіктіге күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының көшiрмесi табыс етіледі.
8. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және қылмыстық қудалау органдарына келуден жалтарған жағдайда - сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, ал қорғаушы келген жағдайда - қорғаушы да, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуына және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтаруына байланысты күдікті деп жариялау мүмкін еместігін куәландырады.
Егер күдіктінің тұрып жатқан жері белгілі болса, қаулының көшірмесі оған байланыс құралдарын пайдалану, оның ішінде пошта арқылы да жіберіледі. Қажет болған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы хабарламаны жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 207-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
207-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралауды, қылмыстық құқық бұзушылықты саралауды өзгерту немесе толықтыру
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде күдіктінің іс-әрекетін саралауды, қылмыстық құқық бұзушылықты саралауды өзгерту немесе толықтыру үшін негіздер туындаса, прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 204-бабының талаптарын сақтай отырып, күдікті адамға қатысты, ал егер күдікті адам анықталмаған болса - осы баптың 1-1-бөлігін сақтай отырып, прокурормен келісуге жататын тиісінше күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы жаңа қаулы не қылмыстық құқық бұзушылықты саралау туралы жаңа қаулы жасауға міндетті.
Күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту немесе толықтыру туралы қаулы күдіктіге осы Кодекстің 205, 206-баптарында белгіленген тәртіппен жарияланады.
Күдіктінің іс-әрекетін түпкілікті саралау және қылмыстық құқық бұзушылықты саралау соңғы қаулының шығарылған күні бойынша айқындалады.
2020.19.12. № 384-VI ҚР Заңымен 1-1-бөлікпен толықтырылды
1-1. Қылмыстық құқық бұзушылықты саралауды өзгерту немесе толықтыру туралы қаулыда: оның жасалған орны мен уақыты; қаулыны кімнің жасағаны; анықталмаған адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған уақыты мен орны, сондай-ақ осы Кодекстің 113-бабына сәйкес дәлелдеуге жататын өзге де мән-жайлар көрсетіле отырып, оның сипаттамасы; жасалған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетілуге тиіс.
2. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жария етілген күдік қандай да бір бөлігінде расталмаса, тергеуші өзінің қаулысымен осы бөлікте қылмыстық қудалауды тоқтатады, бұл туралы қабылданған шешімнің көшірмесін табыс ете отырып, күдіктіні және процестің басқа да қатысушыларын хабардар етеді.
26-тарау. ЖАУАП АЛУ ЖӘНЕ БЕТТЕСТІРУ
208-бап. Жауап алуға шақыру тәртiбi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәны, жәбiрленушiні, күдіктiні жауап алуға шақыру қағазы арқылы шақырады.
Шақыру қағазында жауап алуға шақырылатын адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), адамды шақырып отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, жауап алуға келетін мекенжай мен уақыты (күні, сағаты), адвокат шақыру құқығы, сондай-ақ дәлелді себептерсіз келмеудiң салдары көрсетiледi.
Шақыру қағазы жауап алуға шақырылатын адамға одан қолхат ала отырып табыс етіледі не байланыс құралдарының көмегімен беріледі. Жауап алуға шақырылатын адам уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазы оның отбасының кәмелетке толған мүшесiне немесе тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тапсырмасы бойынша өзге адамдар мен ұйымдарға табыс етіледі, олар шақыру қағазын жауап алуға шақырылатын адамға беруге міндетті.
Жауап алынатын адам өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып шақырылуы мүмкiн.
Күзетпен ұсталып отырған күдіктi жауап алуға күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
2. Жауап алуға шақырылатын адам белгіленген мерзімде келуге не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамды келмеу себептері туралы алдын ала хабардар етуге міндетті. Жауап алуға шақырылатын адам дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда күштеп әкелінуі мүмкін не оған осы Кодексте көзделген өзге де процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.
3. Он сегіз жасқа толмаған адам жауап алуға оның заңды өкілдері арқылы, ал олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы орган арқылы не оның жұмыс немесе оқу орны бойынша әкімшілігі арқылы шақырылады.
4. Әскери қызметші жауап алуға әскери бөлім қолбасшылығы арқылы шақырылады.
209-бап. Жауап алу орны, уақыты мен ұзақтығы
1. Жауап алу сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жерде жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, егер оны қажет деп тапса, жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.
2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, күндiзгi уақытта жүргiзiледi.
3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол беріледі, бұл ретте жауап алудың бiр күн iшiндегi жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.
2019.27.12. № 292-VІ ҚР Заңымен 3-1-бөлікпен толықтырылды
3-1. Мыналардан:
1) жүкті әйелден не асырауында жас баласы бар әйелден;
2) елу сегіз және одан үлкен жастағы әйелдерден;
3) алпыс үш және одан үлкен жастағы ер адамдардан үздіксіз жауап алу - үш сағаттан, ал жауап алудың жалпы ұзақтығы бес сағаттан аспауға тиіс.