1. Әке болуды анықтау кезінде баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар:
1) ата-анасының әке болуды анықтау туралы бірлескен өтініші;
2) анасы қайтыс болған, анасы қайтыс болды деп жарияланған, анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылған, анасы әрекетке қабілетсіз деп танылған, анасы ата-ана құқықтарынан айырылған не оның ата-ана құқықтары шектелген, анасының тұрғылықты жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайларда әкесінің өтініші;
3) соттың әке болуды анықтау, сондай-ақ әке болуды тану фактісін және әке болу фактісін анықтау туралы шешімі негізінде енгізіледі.
2. Егер сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам, сондай-ақ осы әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы өтініш беруші болып табылса, баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасына өзгерістер, толықтырулар енгізуден бас тартылады.
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 193-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
193-бап. Бала ата-анасының қай ұлтқа жататынын жазу тәртібі
Егер тууды тіркеу кезінде өтініш беруші ата-анасының қай ұлтқа жататынын көрсетуге тілек білдірсе, онда баланың туу туралы акт жазбасында ата-анасының - Қазақстан Республикасы азаматтарының ұлты Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген ұлтына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдік болып табылатын ата-ананың қай ұлтқа жататыны туралы мәлімет оның шетелдік паспортына сәйкес көрсетіледі.
Шетелдіктің шетелдік паспортында ұлты туралы мәлімет болмаған кезде оның ұлты өзі азаматы болып табылатын шет мемлекеттің құзыретті органы берген құжатқа сәйкес айқындалуы мүмкін.
194-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу кезінде оған тегін, атын, әкесінің атын беру тәртібі
1. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде баланың тегі ата-аналарының тегімен айқындалады. Ата-аналарының тегі әртүрлі болған кезде балаға ата-анасының келісімі бойынша әкесінің немесе анасының тегі беріледі. Ата-аналарының тілегі бойынша баланың тегі ұлттық дәстүрлер ескеріле отырып, баланың әкесінің немесе атасының атымен жазылады. Баланың тегіне қатысты ата-аналарының арасында туындаған келіспеушіліктер сот тәртібімен шешіледі.
2. Азаматтардың тілегі бойынша ұлты қазақ адамдардың тегі мен әкесінің атын жазуда қазақ тіліне тән емес: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ины, -на, - овна, - евна, - ович, - евич аффикстері алып тасталады, ал олардың орнына әкесінің атына: - ұлы, - қызы деген сөздер қосылып бірге жазылады.
Жеке адамның тегіне «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» деген және басқа да сөздерді қосып жазуға жол берілмейді.
3. Ұлты қазақ адамдардың әкесінің аты тегін ауыстырған кезде оның міндетті түрде бірінші болып тұруына, одан кейін атының жазылуына жол беріледі, ал әкесінің аты жазылмайды.
4. Басқа ұлт адамдарының тілегі бойынша олардың тегін, атын және әкесінің атын жазу олардың ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес жүргізілуі мүмкін.
195-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде туған баланың тууын мемлекеттік тіркеу келген елдің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде не басқа елде қызметін қоса атқаратын Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде жүргізіледі.
196-бап. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууын мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Тауып алынған, тастанды (бас тартылған) баланың тууы ішкі істер органдарының, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның, білім беру ұйымдары әкімшілігінің немесе бала орналастырылған медициналық ұйымның өтініші бойынша тауып алынған, бас тартылған немесе қалдырылған күннен бастап жеті тәуліктен кешіктірілмей тіркелуге тиіс.
Өтінішке бала тауып алынған кездегі уақыт, орын және мән-жайлар көрсетіле отырып, ішкі істер органы немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган жасаған хаттама немесе акт; тауып алынған баланың жасы мен жынысын растайтын медициналық ұйым берген құжат және басқа да бала туралы дербес мәліметтер қоса тіркеледі.
2. Медициналық ұйымда баладан бас тартылған жағдайда, осы ұйымның әкімшілігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нысан бойынша анасының жазбаша өтінішін ресімдеу жөнінде шаралар қолданады.
3. Баланы белгісіз ана қалдырып кеткен жағдайда медициналық ұйымның әкімшілігі екі куәгердің қатысуымен хаттама жасайды. Тууды мемлекеттік тіркеу кезінде хаттамалар тастанды (ата-анасы бас тартқан) баланы тіркеу туралы медициналық ұйымның лауазымды адамының өтінішіне қоса беріледі.
197-бап. Өлі туған немесе өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу
1. Өлі туған баланы және өмірінің алғашқы аптасында шетінеген баланы мемлекеттік тіркеу тіркеуші органда бала туған немесе шетінеген кезден бастап бес тәуліктен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Баланың өлі тууы медициналық ұйым немесе жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгер берген перинатальдық қайтыс болуы туралы медициналық куәліктің негізінде тіркеледі.
Өлі туған баланың туу туралы куәлігі берілмейді. Ата-анасының өтініші бойынша өлі туған баланы мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
3. Бала өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болған жағдайда оның тууын мемлекеттік тіркеу - туу туралы медициналық анықтаманың негізінде, ал қайтыс болған жағдайда перинатальдық қайтыс болуы туралы куәліктің негізінде жүргізіледі.
Туу және қайтыс болу туралы жасалған актілер жазбаларының негізінде тек қайтыс болуы туралы куәлік қана беріледі. Ата-анасының өтініші бойынша баланың тууын мемлекеттік тіркеу фактісін растайтын құжат беріледі.
Одан әрі қайтыс болу туралы куәлік қана қайтадан беріледі.
4. Тіркеуші органға баланың өлі тууы туралы немесе баланың тууы және өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болғандығы туралы мәлімдеу міндеті:
1) бала туылған немесе бала шетінеген медициналық ұйымның басшысына;
2) дәрігері баланың өлі тууы, баланың өмірінің алғашқы аптасында қайтыс болуы фактісін анықтаған медициналық ұйымның басшысына;
3) медициналық ұйымнан тыс жерде туған жағдайда жеке дәрігерлік практикамен айналысатын дәрiгерге жүктеледі.
198-бап. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Бір жасқа толған және одан үлкен баланың тууын мемлекеттік тіркеу осы Кодекстің 187-бабында көрсетілген тууды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер болған кезде ата-аналарының немесе өзге де мүдделі адамдардың жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала кәмелетке толғаннан кейін тууын мемлекеттік тіркеу оның жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бір жасқа толған және одан асқан баланың тууын мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органның қорытындысы негізінде ауданның, қаланың тіркеуші органы жүргізеді.
199-бап. Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу
Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты немесе уақытша тұратын шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу Қазақстанның аумағында орналасқан тиісті шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде не, егер Қазақстан Республикасында мұндай жоқ болса, қызметін қоса атқаратын шетелдегі мекемелерде жүргізіледі.
Шетелдіктердің балаларының тууын мемлекеттік тіркеу ол жөнінде Жеке адамдар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізілместен және балаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілместен, олардың тілегі бойынша өздерінің тұрақты немесе уақытша тұратын жеріндегі тіркеуші органдарда жүргізіледі.
200-бап. Баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Ата-аналардың тілегі бойынша тіркеуші орган баланың тууын салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеуді өз үй-жайында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында қамтамасыз етеді.
201-бап. Баланың туу туралы жазбалар кітабына енгізілетін мәліметтер
Баланың туу туралы акт жазбасына мынадай деректер:
1) баланың тууын мемлекеттік тіркеу күні;
2) балаға берілген жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) баланың туу туралы акт жазбасының нөмірі;
4) тегі, аты, қалауы бойынша - әкесінің аты, баланың жынысы, туған күні, айы, жылы, туған жері;
5) туған балалардың саны (біреу, егіз немесе одан да көп бала);
6) баланың тірі туғандығы туралы немесе баланың өлі туғандығы туралы белгі;
7) баланың туу фактісін растайтын құжат туралы мәліметтер;
8) 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) ата-аналарының тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы, жасы, тұрақты тұрғылықты жері, заңды мекенжайы, азаматтығы, табыс көзі немесе жұмыс орны, білімі және, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, олардың ұлты;
10) соның негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер енгізілген құжат туралы мәліметтер;
11) өтініш беруші туралы мәліметтер;
12) берілген туу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
202-бап. Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы куәлік беру
Баланың тууын мемлекеттік тіркеу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі туу туралы куәлік беріледі.
Туу туралы куәлік жаңа туған баланың ата-аналарына, басқа уәкілетті адамдарға немесе бала тұратын ұйымның өкілдеріне беріледі.
Екі немесе одан да көп бала туған жағдайда туу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
203-бап. Баланың туу туралы куәлігі
Баланың туу туралы куәлігі мынадай мәліметтерді:
1) баланың тегін, атын, әкесінің атын (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
2) акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
3) жеке сәйкестендіру нөмірін;
4) ата-аналарының тектерін, аттарын, әкелерінің аттарын (егер бар болса), егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілген болса, ұлтын;
5) ата-аналарының азаматтығын;
6) мемлекеттік тіркеу орнын (тіркеуші органның атауын);
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
7) туу туралы куәліктің берілген күнін;
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 8) тармақшамен толықтырылды
8) құжат берген тіркеуші органның атауын қамтиды.
26-тарау. 2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
27-тарау. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
220-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Тіркеуші органдар неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініштің негізінде жүргізеді.
221-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың тілегі бойынша Қазақстан Республикасының аумағындағы кез келген тіркеуші органда жүргізіледі.
222-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру мерзімі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімі
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегенге дейін бір ай бұрын беріледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеуді некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң тіркеуші орган жүргізеді.
Мерзімнің өтуі өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен басталады және келесі айдың тиісті күні бітеді. Егер осы күн жұмыс күні болмаса, онда одан кейінгі жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып есептеледі.
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу уақытын тіркеуші орган некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адамдардың келісімі бойынша тағайындайды. Мемлекеттік тiркеу уақыты сол үй-жайда қайтыс болуды және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тiркеген уақытпен сәйкес келмейтiндей есеппен тағайындалуға тиіс.
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Егер неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген кезде некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуінің бірдей тіркеуші органда болуы мүмкін болмаса немесе оған қатысуы тым қиын болса (бір-бірінен алыста тұруы, ауыр науқастануы, жүріп-тұру қиындығымен байланысты мүгедектігі, әскери қызмет өткеруі және басқалары), белгіленген нысан бойынша толтырылған және некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың екеуі бірдей қол қойған неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішті олардың біреуі бере алады.
Жоқ адамның қолтаңбасын тіркеуші органның бастығы куәландыруы және азаматтың тұрған жері бойынша тіркеуші органның, нотариустың немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес нотариаттық іс-әрекеттер жасауға құқық берілген өзге де лауазымды адамның мөрімен бекітілуі мүмкін, сондай-ақ мынадай тәртіппен:
1) әскери қызметшілерді - тиісті әскери бөлімнің командирі;
2) жүзу уақытында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туымен жүретін теңіз кемелерінде немесе ішкі жүзу кемелерінде болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын - осы кемелердің капитандары;
3) экспедицияларда болатын адамдарды - осы экспедициялардың бастықтары;
4) стационарлық медициналық ұйымдарда болатын адамдарды - осы ұйымдардың бас дәрігерлері;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара); 2017.18.04. № 58-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) қамауға алу және бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны орындайтын мекемелерде отырған адамдарды - тиісті мекемелердің бастықтары;
2015.03.12. № 433-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
6) жүріп-тұруы қиын мүгедектерді дәрігерлік-консультативтік комиссияның төрағасы куәландыруы мүмкін.
223-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу мерзімдерін қысқарту және ұзарту
1. Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың бірлескен өтініші бойынша тиісті құжаттармен расталған (дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы, денсаулық жағдайы туралы анықтама, басқа да ерекше мән-жайларды растайтын анықтамалар) дәлелді себептер (жүктілік, баланың тууы, тараптардың бірінің өміріне тікелей қатер төнуі және басқа да ерекше мән-жайлар) болған кезде тіркеуші органның бастығы неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу орны бойынша бiр ай өткенге дейін некенi қиюға (ерлі-зайыпты болуға) рұқсат етеді не бұл мерзiмдi ұзартады, бірақ ол бір айдан аспауға тиіс.
Мерзiмдi қысқарту уақыты әрбiр жеке жағдайда нақты мән-жайларға байланысты айқындалады.
2. Жекелеген жағдайларда неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi күту мерзiмi неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуге кедергi келтіретін мән-жайлар болған кезде ғана тіркеуші органның бастамасы бойынша ұзартылуы мүмкiн. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы жазба жасалғанға дейiн лауазымды адам жазбаны тоқтата тұруға және өтініш берушiден бiр айдан асыруға болмайтын белгiленген мерзiмде тиiстi деректі айғақтар беруді талап етуге міндеттi.
Тіркеуші орган мүдделi адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамасымен қажеттi тексеруді жүргiзеді. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеудi кейінге қалдыру туралы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берген адамдар хабардар етіледі. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) заңды кедергiлер болған кезде тіркеуші орган оны мемлекеттік тiркеуден бас тартады.
Егер мұндай кедергiлер туралы мәлiметтер расталмаған болса, некенi (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тiркеу жалпы негiздерде жүргiзiледi. Аталған мән-жайларды тексеру бiр ай мерзiмде аяқталуға тиiс.
Айлық мерзiмді қысқарту немесе ұзарту туралы рұқсатты тіркеуші органның бастығы, ал ол болмаған кезде оның мiндетiн атқарушы адам некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтінішке қарар түрінде бередi.
Егер некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек бiлдiрушiлер дәлелдi себептер бойынша белгiленген күнi тіркеуші органға келе алмайтын болса, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеу мерзiмi олардың өтініші бойынша басқа уақытқа ауыстырылады.
224-бап. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш
1. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш жазбаша түрде жасалуға тиiс. Белгіленген үлгідегі өтініш нысаны болмаған жағдайда, өтініштің мәтінінде көзделген мәліметтердің бәрі еркін түрде қамтылуға тиіс.
Өтініш нысанында қамтылған барлық сұрақтарға толық әрі дәл жауаптар берілуге тиіс.
2. Некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш беру кезінде:
2013.29.01. № 74-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын немесе шетелде уақытша болатын Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлiгiн не паспортын; шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы - оның шетелде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматы ретiнде есепке алынғаны туралы шетелдегi консулдық мекеменiң белгiсi бар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдік, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға арналған ықтиярхатын ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік Қазақстан Республикасының iшкi iстер органы берген Қазақстан Республикасында уақытша тұруға рұқсат ететін құжатын ұсынады; Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адам тұрғылықты жерi бойынша тiркелгендiгi туралы Қазақстан Республикасы iшкi iстер органдарының белгiсi бар азаматтығы жоқ адамның куәлiгiн ұсынады. Қазақстан Республикасында уақытша болатын азаматтығы жоқ адам оның жеке басын куәландыратын, өзі тұратын елдiң құзыреттi органдары берген және Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында белгiленген тәртiппен тiркелген құжатын ұсынады.
Басқа мемлекеттің аумағында тұрақты тұратын шетелдiк, азаматтығы жоқ адам жеке басын куәландыратын құжаттарды ұсынумен қатар олардың мәтiнiнiң нотариатта куәландырылған қазақ тiлiндегi немесе орыс тiлiндегi аудармасын беруге тиiс.
Шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттардың мәтіні аудармасының дұрыстығы шетелдік азаматы болып табылатын мемлекеттiң немесе азаматтығы жоқ адам тұрақты тұратын мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде не сыртқы саясат ведомствосында куәландырылуы мүмкiн;
2) осы Кодекстің 10-бабында көрсетілген белгiленген неке жасын азайту қажеттігін растайтын құжаттарды;
3) бұрынғы некелері (ерлі-зайыптылықтары) туралы мәліметтерді;
4) балалары бар екендiгi туралы мәлiметтерді;
5) бір-бірінің денсаулық жағдайы және материалдық жағдайы туралы, сондай-ақ некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) кедергінің жоқтығы туралы хабардар екендігі туралы қолхатты ұсыну қажет.
225-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде ерлі-зайыптылардың тектерін жазу тәртібі
1. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегін екінші жұбайының тегіне өзгертуге тілек білдірген жұбайға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында ортақ тек ретінде таңдап алынған тегі көрсетіледі.
2. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасын жасаған кезде бұрынғы тектерінде қалуға тілек білдірген ерлі-зайыптылардың тектері өзгертілмейді.
3. Өзінің некеге дейінгі тегіне екінші жұбайының тегін қосып жазуға тілек білдірген жұбайға неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасында қосылатын тегі некеге дейінгі тегінен кейін сызықша арқылы жазылады.
4. Ерлі-зайыптылардың тектерін таңдауы некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы бірлескен жазбаша өтініште көрсетіледі.
226-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу тәртібі
1. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуді тіркеуші органдар осы Кодексте белгіленген тәртіппен жүргізеді.
2. Егер некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдар (адамдардың біреуі) ауыр науқастануы салдарынан немесе басқа да дәлелді себеп бойынша тіркеуші органға келе алмайтын жағдайда, неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу оның үйінде, медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қатысуымен жүргізіледі.
3. Тіркеуші органның лауазымды адамы:
1) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдіргені туралы берілген өтініштерді жария етеді;
2) некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдарға болашақ жұбайлардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді;
3) некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) келісімді және жұбайлардың таңдаған тегі туралы шешімді анықтайды;
4) неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергінің жоқ екендігін анықтайды;
5) мемлекет атынан неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы белгіленген үлгідегі куәлікті тапсырады.
4. Неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу кітабына некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың қолы қойылған және тіркеуші орган бастығының қолтаңбасымен және елтаңбалы мөрімен бекітілген неке (ерлі-зайыптылық) туралы жазба енгізіледі.
5. Егер неке қиюға (ерлі-зайыпты болуға) кедергі келтіретін мән-жайлардың бар екенін растайтын айғақтары болса, тіркеуші орган неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартады.
2020.29.06. № 351-VI ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (2021 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Тіркеуші органның неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеуден бас тартуына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
227-бап. Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу
Неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) салтанатты жағдайда мемлекеттік тіркеу некеге отыратындардың (ерлі-зайыпты болатындардың) тілегі бойынша тіркеуші органдардың арнайы жабдықталынған үй-жайларында не арнайы осыған арналған мемлекеттік неке сарайларында жүргізіледі.
228-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын (ерлі-зайыпты болуын) мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен неке қиюын (ерлі-зайыпты болуын) мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының тіркеуші органдарында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде не некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) тілек білдірген адам азаматы болып табылатын шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде, консулдық мекемесiнде жүргізіледі.
2020.13.05. № 327-VІ Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 2 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Шетелдікпен некеге отыру (ерлі-зайыпты болу) туралы өтініш берумен бір мезгілде шетелдік өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің құзыретті органынан некеге отыруға (ерлі-зайыпты болуға) рұқсатты, егер мұндай рұқсат алу шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес талап етілсе, ұсынуға тиіс.
Мұндай рұқсат болмаған кезде тіркеуші орган өтінішті қабылдау кезiнде некеге отырушыларға (ерлі-зайыпты болушыларға) және бірінші кезекте Қазақстан Республикасының азаматына (азаматшасына), олардың некесi (ерлі-зайыптылығы) ол некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адам азаматы болып табылатын елде жарамсыз болып танылуы мүмкiн екендiгiн түсiндiруге тиiс.
Егер мұндай түсiндiрулерге қарамастан, өтініш берушiлер неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеуді талап етіп сұраса, бұл неке (ерлі-зайыптылық) тiркеледi.
Қазақстан Республикасы азаматтарының қандастармен некесін қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жалпы негіздерде жүргiзiледi.
3. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтығы жоқ адаммен неке қию (ерлі-зайыпты болу) шарттары, егер ол адамның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса, Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
229-бап. Қазақстан Республикасының шетелдiк мекемелерiнде, дипломатиялық өкілдіктерінде және шет мемлекеттердің шетелдік мекемелерінде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу
2019.25.11. № 272-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары арасындағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматы мен шетелдік, азаматтығы жоқ адам арасындағы неке (ерлі-зайыптылық) Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінде қиылуы мүмкін.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының аумағында шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінде немесе консулдық мекемелерінде шетелдіктер арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық) Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
230-бап. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некені (ерлі-зайыптылықты) тану
1. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында және Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктердің немесе азаматтығы жоқ адамдардың арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық), ол аумағында неке қиылған мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып жасалса, осы Кодекстің 10 және 11-баптарында көзделген жағдайлардан басқа, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
2. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде шетелдіктер арасында қиылған неке (ерлі-зайыптылық), ол аумағында жасалған мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып қиылса, егер ол Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
231-бап. Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы
Қазақстан Республикасында немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде қиылған некенің (ерлі-зайыптылықтың) жарамсыздығы неке қию (ерлі-зайыпты болу) кезінде қолданылған Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
232-бап. Некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтамалар беру тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтама Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын не бұрын тұрған азаматтарға беріледі.