3. Жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады.
4. Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарларын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап көтереді.
130-бап. Дәлелдеу ерекшеліктері
1. Сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті.
2. Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды.
Әкімшілік процеске қатысушылар сотқа әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдем көрсетуге міндетті.
Сот тараптардың түпкілікті шешім шығару кезінде рұқсат етілетін дәлелдемелердің жарамдылығы туралы арызымен байланысты емес.
3. Әкімшілік процеске қатысушылар сот талап еткен құжаттарды, сондай-ақ қажетті мәліметтерді беруге міндетті. Сот бұл құжаттарды белгілі бір мерзімге талап ете алады.
Әкімшілік процеске қатысушылар осы құжаттарға өздері сілтеме жасайтын электрондық құжаттарды, құжаттарды не олардан үзінді-көшірмелерді қоса беруге міндетті.
4. Әкімшілік іске қатысатын адамдар қандай да бір дәлелдемені жоюға немесе жасыруға не дәлелдемелерді алуға мүмкіндік тудырмай немесе оны қиындата отырып, оны зерттеу мен бағалауға өзге тәсілмен кедергі келтіруге құқылы емес. Мұндай жағдайда сот дәлелдеу ауыртпалығын осы Кодекстің 129-бабының екінші бөлігінде белгіленген қағидаларға қарамастан, кедергі келтіруші тарапқа жүктеуі мүмкін.
5. Сот өзі белгілеген мерзімде дәлелдемелерді ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабардар етілмеген, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот талап еткен дәлелдемені ұсыну міндеті орындалмаған жағдайда, сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
6. Егер осы құжаттар немесе актілер мазмұнының ашылуы заңмен қорғалатын мүдделерге нұқсан келтірілуі мүмкін болса не олар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қамтитын болса, сот осы құжаттарды немесе актілерді, сондай-ақ мәліметтерді жабық сот отырысында зерттеу туралы ұйғарым шығарады.
20-тарау. ӘКІМШІЛІК ТАЛАП ҚОЮ, ОНЫҢ НЫСАНЫ, МАЗМҰНЫ ЖӘНЕ ТҮРЛЕРІ
131-бап. Әкімшілік талап қою, оның нысаны мен мазмұны
1. Әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады.
Осы Кодекстің мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген сотқа өзге де жолданымдар да талап қоюлар деп түсініледі.
Мыналар сотқа берілетін талап қоюлар болып табылады:
1) дау айту туралы талап қою;
2) мәжбүрлеу туралы талап қою;
3) әрекет жасау туралы талап қою;
4) тану туралы талап қою.
2. Талап қою сотқа жазбаша нысанда не талап қоюшының және (немесе) оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі.
Талап қоюда мыналар көрсетілуге тиіс:
1) талап қою берілетін соттың атауы;
2) егер талап қоюшы жеке тұлға болса, талап қоюшының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), оның тұрғылықты жері, оның туған күні мен жері, егер талап қоюды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы; талап қоюшының, оның өкілінің телефон нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайлары;
егер талап қоюшы заңды тұлға немесе өзге ұйым болса, талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері;
3) жауапкердің атауы, орналасқан жері, банктік деректемелері (егер олар талап қоюшыға мәлім болса) және бизнес-сәйкестендіру нөмірі (егер ол талап қоюшыға мәлім болса). Егер олар талап қоюшыға мәлім болса, талап қоюда жауапкердің телефондарының нөмірлері мен электрондық мекенжайы көрсетілуге тиіс;
4) талап қою талаптарының мазмұны (талап қою нысанасы) және талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды баяндау (талап қою негіздері), талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәні. Талап қою бірнеше жауапкерге берілген жағдайда, жауапкерлердің әрқайсысына қатысты талап қою талаптарының мазмұны;
5) егер бұл заңда белгіленген болса, жауапкерге сотқа дейін жүгіну тәртібінің сақталуы туралы мәліметтер;
6) құжаттардың және басқа да қоса берілетін материалдардың тізбесі (болған кезде).
3. Талап қоюда, әдетте, мыналар да көрсетіледі:
1) талап қоюшының жауапкердің оның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзғаны туралы, оларды жүзеге асыруға кедергілердің белгіленгені туралы не өзіне қандай да бір міндеттің заңсыз қолданылғаны туралы негізделген пікірі;
2) қажет болған жағдайда - мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру, оны бөліп төлеу, төлеуден босату туралы; сот сараптамасын тағайындау туралы; дәлелдемелерді талап ету туралы; куәларды шақыру туралы; талап қоюды қамтамасыз ету туралы жазбаша өтінішхат және басқа да өтінішхаттар.
4. Талап қою талаптары негізделетін мән-жайларды растау үшін талап қоюшы дәлелдемелерді ұсынады, ал мүмкін болмаған жағдайда тиісті себептерді көрсете отырып, өзі дербес бере алмайтын дәлелдемелерді көрсетеді.
5. Талап қоюға талап қоюшы немесе оған қол қоюға өкілеттігі болған жағдайда оның өкілі қол қояды. Егер талап қоюды өкіл берсе, онда өкілдің аты, оның пошталық мекенжайы, сондай-ақ егер ондайлар бар болса, телефондарының нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайы көрсетіледі.
6. Прокурор азаматтың мүддесінде жүгінген жағдайда, талап қоюда адамның талап қоюды өзінің бере алмау себептерінің негіздемесі қамтылуға тиіс.
7. Талап қоюға қоса берілетін құжаттар, әдетте, төлнұсқаларда ұсынылады. Құжаттарды төлнұсқаларда ұсыну мүмкін болмаған кезде олар заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған көшірмелерде ұсынылуы мүмкін. Егер төлнұсқаның болмауы себебінен құжаттың көшірмесін куәландыру мүмкін болмаса, талап қоюда мұндай әрекеттерді жасаудың мүмкін болмау себебі жазылуға тиіс.
8. Талап қоюға мыналар қоса беріледі:
1) әкімшілік процеске қатысушылардың саны бойынша талап қоюдың және оған қоса берілген құжаттардың көшірмелері;
2) мемлекеттік баждың төленгенін растайтын құжат;
3) сенімхат немесе өкілдің өкілеттігін куәландыратын өзге де құжат;
4) талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды растайтын құжаттар;
5) егер бұл тәртіп заңда белгіленсе, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібінің сақталуын растайтын құжаттар;
6) егер талап қоюды заңды тұлға берсе, жарғының, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің немесе анықтаманың көшірмелері және басқа да құжаттар;
7) егер талап қою осы Кодекстің 102-бабы үшінші бөлігінің тәртібімен берілсе, инвестор мен уәкілетті мемлекеттік орган арасында жасалған инвестициялық келісімшарттың көшірмелері, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметін растайтын құжаттар.
132-бап. Дау айту туралы талап қою
Ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіде талап қоюшының құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда, ол әкімшілік актінің толық немесе оның қандай да бір бөлігінің күшін жою талабымен дау айту туралы талап қою беруге құқылы.
133-бап. Мәжбүрлеу туралы талап қою
1. Мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша талап қоюшы қабылдануынан бас тартылған не әкімшілік органның, лауазымды адамның әрекетсіздігі себебінен қабылданбаған қолайлы әкімшілік актінің қабылдануын талап етуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда бас тартуға дау айту туралы жеке талап ету қажет етілмейді.
2. Мәжбүрлеу туралы талап қою жауапкердің ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдамау міндеті туралы талапты қамтуы мүмкін.
134-бап. Әрекет жасау туралы талап қою
1. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы белгілі бір әрекеттер жасауды немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерден қалыс қалуды талап етуі мүмкін.
2. Әрекет жасау туралы талап қою бойынша талап қоюшы заңда белгіленген мерзімде әкімшілік актінің қабылданбауы салдарынан әкімшілік акт қабылданды деп танылған жағдайда заңда көзделген сол нысана бойынша тиісті құжатты беруді де талап етуі мүмкін.
135-бап. Тану туралы талап қою
1. Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы, егер ол осы Кодекстің 132, 133 және 134-баптарына сәйкес талап қоюды бере алмаса, қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап етуі мүмкін.
2. Тану туралы талап қою бойынша талап қоюшы бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тануды талап етуі де мүмкін.
3. Талап қоюшы осы қатынастарды қысқа мерзімдерде орнатуға жеткілікті дәрежеде мүдделі болған жағдайда тану туралы талап қою берілуі мүмкін. Талап қоюшының құқықтық қатынастарды орнатуға мүдделілігінің құқықтық, моральдық немесе материалдық сипаты болуы мүмкін.
136-бап. Талап қоюды беруге арналған мерзім
1. Дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
2. Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
3. Тану туралы талап қою сотқа тиісті құқықтық қатынас туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі.
Бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тану туралы талап адамға осы акт арқылы оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы мәлім болған күннен бастап үш ай ішінде мәлімделуі мүмкін.
4. Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
5. Құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.
6. Шағымды қарайтын органға шағым берген адам шағым бойынша шешім табыс етілген кезден бастап бір ай ішінде не шағымды қарау мерзімі өткен соң, егер шағым бойынша шешім қабылданбаса, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
7. Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.
8. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады.
21-тарау. КЕЛІП ТҮСКЕН ІС БОЙЫНША СОТТЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛА ТЫҢДАУ
137-бап. Талап қоюды беру
Іс талап қоюды беру арқылы іс жүргізуге қабылданады.
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 138-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
138-бап. Келіп түскен іс бойынша соттың (судьяның) әрекеттері
1. Сот талқылауы басталғанға дейін судья дауды мүмкіндігінше бір сот отырысы барысында шешу үшін қажетті барлық әрекеттерді, өкімдерді жүргізеді.
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Сот (судья) мынадай негіздер бойынша талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады:
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібін сақтамаса және бұл тәртіпті қолдану мүмкіндігі жойылмаса;
2) талап қою осы Кодекстің 131-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмесе және алдын ала тыңдағанға дейін кемшіліктерді жоюдың мүмкін еместігі анықталса;
3) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
4) арызға оған қол қоюға немесе оны ұсынуға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;
5) осы немесе басқа соттың іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша іс болса;
6) талап қоюшы берген талап қоюды кері қайтарып алса;
7) соттың талаптарына қарамастан, істі оның қатысуынсыз талқылау туралы сұрамаған талап қоюшы сотқа екінші шақыру бойынша келмесе;
8) мүддесі үшін іс қозғалған тұлға мәлімделген талапты қолдамаса;
9) тараптар татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе;
10) Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгіленген тәртіппен мемлекеттік баж төленбесе немесе толық төленбесе;
11) іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;
12) сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі немесе татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы болса;
13) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе;
14) іс бойынша тарап болатын ұйым оның қызметін тоқтатумен және құқық мирасқорларының болмауынан таратылса;
15) сот талап қоюды беруге өткізіп алынған мерзімді қалпына келтіруден бас тартса;
16) егер заңда өзгеше көзделмесе, тараптар арасында заңға сәйкес осы дауды төреліктің шешуіне беру туралы келісім жасалса;
17) іс осы соттың соттылығына жатпаса.
3. Талап қоюды қайтару, осы баптың екінші бөлігінің 3), 5), 9), 11), 12), 13), 14), 15) және 17) тармақшаларын қоспағанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
4. Әкімшілік істі алдын ала тыңдауға дайындау мақсатында судья:
1) талап қоюшыға талап қоюдың жоюға болатын кемшіліктерін көрсетеді және оларды түзету үшін, әдетте, мұндай талап табыс етілген күннен бастап он жұмыс күнінен аспайтын мерзімді, оған соттың талаптарын орындамаудың процестік салдарларын түсіндіре отырып белгілейді;
2) әкімшілік істі дұрыс және уақтылы қарау мен шешу үшін қажетті, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген процестік әрекеттерді жүргізеді.
2023.27.03. № 216-VІІ ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2023 ж. 8 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Судья жауапкерді Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің талаптарына сәйкес дайындалған және ресімделген жазбаша пікірді және жоғары тұрған әкімшілік орган басшысының, лауазымды адамның уәжді ұстанымын он жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әкімшілік іспен бірге (бар болса) беруге міндеттейді.
Талап қоюшы алдын ала тыңдау сатысында пікірмен және ұстаныммен танысады.
Оларды судья белгілеген мерзімде ұсынбау ақшалай өндіріп алуды қолдануға негіз болып табылуы мүмкін және әкімшілік істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.
6. Судья осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, ақылға қонымды мерзімде алдын ала тыңдау жүргізеді.
139-бап. Талап қоюды қамтамасыз ету
1. Талап қоюды қамтамасыз ету негіздері, шаралары, оларды ауыстыру және олардың күшін жою, талап қоюды қамтамасыз ету тәртібі, осы бапта көзделген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
2. Талап қоюмен бір мезгілде келіп түскен талап қоюды қамтамасыз ету туралы арызды судья талап қою келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды.
Осы бес күндік мерзім өткен соң талап қоюды қамтамасыз ету туралы арыз келіп түскен кезде арызды судья ол сотқа келіп түскеннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шешеді.
140-бап. Әкімшілік актінің қолданысын тоқтата тұрудың күшін жою
Жауапкер осы Кодекстің 96-бабына сәйкес дау айтылатын әкімшілік актіні дереу қолданысқа енгізу қажеттігі туралы уәжді өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
Мұндай өтінішхат әкімшілік процестің кез келген сатысында мәлімделуі мүмкін және судья оны талап қоюды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы қағидаларға сәйкес қарайды.
Дау айту туралы талап қоюды қабылдамау туралы шешім шығарылған кезде, сондай-ақ шешім заңды күшіне енгенге дейін кез келген уақытта сот әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша дау айтылған әкімшілік актінің қолданысын тоқтата тұрудың немесе орындалуының күшін жояды.
141-бап. Құжаттарды ұсыну тәртібі
1. Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық нысандағы) өтінішхаттарды, қарсылықтарды, түсіндірмелерді және оларға байланысты құжаттарды ұсыну үшін судья тараптарға қажетті мерзімдерді белгілейді.
Сот белгілеген мерзім өткеннен кейін сотқа келіп түскен көрсетілген құжаттар, егер тарап оларды сот белгілеген мерзімде ұсынудың мүмкін еместігін негіздесе және олар сот шешім шығарғанға дейін келіп түссе, қабылданады.
2. Өтінішхаттарға, қарсылықтарға, түсіндірмелерге олар сілтеме жасайтын құжаттардың толық түпнұсқалары немесе олардың белгіленген тәртіппен расталған көшірмелері не олардан үзінді-көшірмелер қоса берілуге тиіс.
3. Сот тараптардың келіп түскен құжаттармен танысуын қамтамасыз етеді.
142-бап. Талап қоюды өзгерту және кері қайтарып алу. Талап қоюды тану
1. Сот шешім шығару үшін кеткенге дейін жазбаша арыз беру арқылы талап қоюшы - талап қоюды толық немесе бір бөлігінде кері қайтарып алуға, ал жауапкер талап қоюды толық немесе бір бөлігінде тануға құқылы.
Талап қоюшы сот шешім шығару үшін кеткенге дейін жазбаша арыз беру арқылы талап қоюдың негізін және нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін арттыруға немесе азайтуға құқылы. Әкімшілік істі қарау мерзімінің өтуі бастапқы талап қойылған күннен бастап есептеледі.
Сот талап қою нысанасы өзгерген кезде осы Кодекстің 138-бабының екінші және төртінші бөліктерінде көзделген мәселелерді қарайды, сондай-ақ жауапкерге жаңа жазбаша пікір дайындауға уақыт береді.
Тараптар мұндай әрекеттерді өз бастамасы бойынша да, сол сияқты судьяның алдын ала пікірін білдіру қорытындылары бойынша да жасауға құқылы.
Сот өз бастамасы бойынша талап қоюдың нысанасын өзгертуге құқылы емес.
2. Талап қоюшының талап қоюды сот отырысында немесе алдын ала тыңдауда толықтай кері қайтарып алу туралы арызы келіп түскен жағдайда, сот талап қоюды кері қайтарып алудың салдарын түсіндіреді. Өзге жағдайларда судья әкімшілік процеске қатысушыларды шақырмай мемлекеттік бажды қайтара отырып, талап қоюды қайтарады.
3. Жауапкердің талап қоюды тануы қабылданғанға дейін сот тараптарға процестік салдарды түсіндіреді. Жауапкердің талап қоюды тануы сотты дәлелдемелерді зерттеу міндетінен босатады.
Талап қою ішінара танылған жағдайда дәлелдемелерді зерттеу жауапкер талап қоюды танымаған бөлігінде ғана жүргізіледі және даудың мәні бойынша шешім шығарылған кезде шешіледі.
4. Сот талап қоюдың өзгертілуін немесе оны кері қайтарып алуды, жауапкердің талап қоюды тануын, егер бұл әрекеттер заңға қайшы келсе не біреудің құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін бұзса, сондай-ақ апелляциялық және кассациялық қайта қарауда қабылдамайды. Бұл жағдайда әкімшілік істі қарау жалпы тәртіппен жалғасады.
143-бап. Алдын ала тыңдау
2021.20.12. № 83-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Алдын ала тыңдауда сот:
1) әкімшілік процеске қатысушылардың құрамы туралы мәселені шешеді;
2) мерзімді өткізіп алу себептерін анықтайды және өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы мәселені шешеді. Өткізіп алған мерзімді қалпына келтіруден бас тартылған жағдайда талап қоюды қайтарады;
3) татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімдер жасасу мүмкіндігін талқылайды;
4) тараптар келіскен кезде оларға әкімшілік істі жазбаша іс жүргізу тәртібімен қарау мүмкіндігі туралы түсіндіреді;
5) әкімшілік іске қатыспайтын адамдарды сотқа қажетті материалдар мен құжаттарды ұсынуға міндеттейді;
6) әкімшілік істі шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді жасайды.
Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына, сондай-ақ сот орындаушыларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізіледі.
Осы Кодекстің 102-бабының үшінші бөлігінде көзделген даулар бойынша әкімшілік істерді алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап бір айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс.
2. Алдын ала тыңдауда нақты деректерді зерттеместен толық ашу қамтамасыз етіледі.
3. Алдын ала тыңдаудың нәтижелері бойынша сот қайталама алдын ала тыңдауды тағайындауға құқылы.
144-бап. Әкімшілік іс материалдарына қол жеткізу
Әкімшілік істің құжаттары мен материалдарын соттың электрондық сервистерінде орналастыру құжаттарды әкімшілік іске қатысатын адамдарға жіберумен теңестіріледі.
Соттарда электрондық құжат нысанындағы әкімшілік іс құжаттарымен және материалдарымен танысу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалады.
145-бап. Сот талқылауын тағайындау
Судья әкімшілік істі дайындалған деп танып, тараптарға және әкімшілік процестің басқа да қатысушыларына әкімшілік істің қаралатын орны мен уақыты туралы хабарлайды.
22-тарау. СОТ ТАЛҚЫЛАУЫ
146-бап. Сот талқылауының мерзімдері
1. Әкімшілік іс ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімдерде қаралады және шешіледі.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
Сот талқылауының мерзімін ұзарту туралы ұйғарым прокурордың өтінішхаты бойынша шағым жасауға, қайта қарауға жатпайды.
2. Уәкілетті органның мемлекеттік сатып алуды өткізуді тексеру қорытындылары бойынша шешімдеріне, қорытындыларына, нұсқамаларына және сот орындаушысының әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер оған сот отырысында талқылау тағайындалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қаралады және шешіледі.
3. Әкімшілік іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
147-бап. Сот талқылауын жүргізудің тәртібі мен ерекшеліктері
1. Сот талқылауы, сот отырысын өткізу тәртібін, төрағалық етушінің өкілеттіктерін, хаттама, оның ішінде қысқаша хаттама жасау, сот отырысын тіркеп-бекіту, соттың өтінішхаттарды шешу және дәлелдемелерді зерттеу тәртібін қоса алғанда, осы бапта белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша жүзеге асырылады.
Бұл ретте қысқаша хаттама мәтінді автоматты түрде тану жолымен алынған аудиожазбаның мәтінін ашып жазумен бірге жүруге тиіс.
2. Әкімшілік іс бойынша сот жарыссөздерінен кейін сот шешім шығаруға кетеді. Сот шешімнің қарар бөлігін сот отырысының залында жария етеді. Сот шешімінің қарар бөлігі жария етілгеннен кейін төрағалық етуші оны қабылдаудың құқықтық негіздері мен салдарын, шешімге шағым жасаудың тәртібі мен мерзімдерін түсіндіреді, шешімнің түпкілікті нысанда жасалған және әкімшілік іске қатысушы адамдар оның көшірмесін ала алатын күн туралы хабарлайды.
3. Әкімшілік іске қатысушы адамдар келмеген жағдайда шешімді сот отырысында жариялану жүргізілмейді.
4. Егер шешімнің қарар бөлігін жария ету тікелей сот отырысы аяқталғаннан кейін жүргізілмесе, онда төрағалық етуші сот отырысы залындағы адамдарға жария ету күні мен уақытын хабарлауға міндетті.
5. Осы бапта көзделген жариялау тәртібі іс бойынша іс жүргізу аяқталатын өзге де сот актілеріне қолданылады.
23-тарау. ЖАЗБАША ІС ЖҮРГІЗУ
148-бап. Жазбаша талқылау
2022.05.11. № 157-VII ҚР Заңымен 1-бөлік өзгертілді (2022 ж. 18 қарашадан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Сот тараптардың келісімімен әкімшілік істі жазбаша талқылауда ақылға қонымды, бірақ талап қойылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзімде қарауға құқылы.
Аса күрделі әкімшілік істер бойынша бұл мерзім соттың уәжді ұйғарымымен ақылға қонымды, бірақ үш айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.